ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУҒА ДЕГЕН ЫНТАСЫН АРТТЫРУ МАҚСАТЫНДАҒЫ БАҒАЛАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Бекмұратова Дина Кеңесбайқызы
БҚО Орал қаласы №5 орта жалпы білім беретін мектеп, I санатты, I деңгей бойынша сертификатталған бастауыш сынып мұғалімі
Оқуды тиімді бағалау білім беру үдерісіндегі жаңа тәсілдердің барлығымен байланысты.
Оценивание в процессе образования тесно связано с навыми подходами в образовании.
Evaluation in the process of education connected with the new approachers in education.
Жаңарту және инновациялық даму 21 ғасырдың әлемінде Қазақстанның бәсекеге қабілетті ел болуына мүмкіншілік туғызатын бірден-бір жол, әлемдік бәсекелестікке қосылу, ол бүкіл Қазақстандық азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету деген сөз. Мектеп бұл үрдісте стратегиялық маңызды элемент болып табылады. Өзгерістер–бұл қашанда қарсылыққа және түсінбеушілікке тірелетін, шарықтауы мен құлдырауды басынан кешіретін, жаңа идеяларды, ал оның артынан жаңа мәселелерді туындататын ұзақ үрдіс. Қоғамдық өмірде кейінгі болып жатқан өзгерістер жеке тұлғаның, оның ішінде баланың жеке тұлғалық құқықтарын және еркіндігін құрметтеудің өсуімен сипатталады. Білім беру жүйесінің артықшылығы балаға еркін таңдауды және өзін- өзі ашу мүмкіндігін беру болып табылады. Бұл дағдылар балалық шақтан бастау алады.
Оқытудың қандай түрін қолдансақ та қарастырылатын екі көзқарас бар. Біріншіден, оқушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі. Екіншіден, oқытудың oқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас нәтижесі ретінде қарастырылуы. Cындарлы оқытуға негізделген сабақтарда оқушылар өз білімдері мен ұстанымдары туралы ойланады, белгілі бір тақырыпты оқу үстінде көзқарастарын өзгертеді, өз болжамдарына сыни көзқараспен қарауға үйренеді. Cол арқылы өз түсініктерін тереңдетіп, кеңейтеді. Oқушылардың білім білік дағдыларын қалыптастыратын әдіс тәсілдер көп болғанымен оның ішінен тиімдісін таңдап алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Инновацияны енгізген уақытта «нені енгізу қажет?» дегеннен емес, «неліктен өзгерту керек?» дегеннен бастау керек. Содан кейін «қалай өзгертеміз?», содан кейін ғана «не істеу керекпіз?» деген бағытта жұмыстануымыз керек. Өзгеріс бір күнде немесе бір айда жүзеге асатын жұмыс емес, ол-үздіксіз үдеріс.
Осыған байланысты мектептегі ұстаздардың да ролі өзгерді. Мемлекет ұстаздың кәсіби деңгейіне жоғары талаптар қояды, мұндағы мақсат айқын болашақтың негізін қалау үшін, еліміздегі жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету. Заманауи ұстаз қазіргі заманның ақпараттық құралдарын жетік меңгерген, оқу әдістерінің түрлі тәсілдерін игеріп және қолдана алатын өз мамандығының кәсіби шебері болуы қажет. Ұстаздар өз уақыттарын тиімді пайдалана отырып, оқушылардың білімдерін дамытып қана қоймай, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өзіндік түйсікті меңгеруіне, қалай оқуға болады? деген сұрақты негізге ала отырып, ықпал етуі тиіс. Мұндай тапсырмаларды шешу тек ұдайы өз кәсіби шеберлігін арттырып отыратын ұстаздың құзырында. Дәл осы оқу үрдісі жөнінде Н.Ә.Назарбаев Еуразия университетіндегі баяндамасында да «Қазіргі уақытта білімнің және жаңашылдықтың «тіршілік циклі» тым қысқа. Қазіргі білім үздіксіз білімді және ұдайы кәсіби жетілдіруді қажет етеді»- деген болатын. Яғни, қазіргі кезде, өмір бойы кәсіби маман болу үшін, бір уақытта оқыған біліммен шектелуге болмайды. Педагогтардың сапалы кәсіби дамуына және өз білімдерін жетілдіру жүйесіне арналған педагог мамандар үшін жаңа жүйелік бағдарлама енгізілді.
Білім жүйесіне енгізілген жаңашылдық біздің мектебімізде де көрініс алды. Біздің мектебіміздің мұғалімдері белсенділікті дамыту және оқушыларды ынталандыру мақсатында жұмыстанады. Біздің мектебімізде тек белсенді және жаңашыл ұстаздардың дамуына ықпал етіп қана қоймай, оқушыларды да назардан тыс қалдырмайды.
Сондықтан біздің мектебіміз «Педагогикалық менеджмент арқылы дамыған ұстаздар мен оқушылардың үздік жұмыстарын ұйымдастыру» атты әдістемелік тақырыптың негізінде жұмыстанады. Бұл тақырып біздің педагогтарымызға ең бірінші өзінің жеке бағытымен және «ұстаз - оқушы» жүйесіндегі өзара шынайы ықпал негізінде құрылғанымен әсерлі. Педагогикалық менеджменттің негізгі қағидаларының бірі серіктестік қағидасы болып табылады. Бұл қағида монологтық басқарудың диалогтық негізге алмасуы, коммуникациялық қарым – қатынасқа алмасуы, субьективті – обьективті қарым–қатынастан субьекті–субьектілі қатынасқа көшуін қалыптастырады.
Ынтымақтастықта оқыта отырып, оқушылардың білімдерін бағалауда да жаңашылдық бағыттар іске асырылды. Оқытудағы осы тәсілдерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған бағалау формативті немесе оқыту үшін бағалау болып табылады. «Оқыту үшін бағалау» дербес тұжырымдама ретінде 1999 жылғы зерттеу нәтижелері туралы мұғалімдерді және әдістеме жасаушыларды ақпараттандыру мақсатымен 1989 жылдан бастап жұмыс жүргізген Ұлыбритания академиктерінен құралған Бағалау Реформасының Тобы жарияланғаннан кейін белгілі болды.
Бағалау - одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин. Әлемнің 8 еліндегі: Англия, АҚШ, Финляндия, Канада, Сингапур, Австралияда қолданылатын мектептік бағалау моделінің талдауы олардың арасындағы айырмашылықты, жалпы түсінікті анықтауға және іс-жүзіне асыру жолдарын табуға мүмкіндік берді. Әр мемлекетте қабылданған мектептік бағалаудың анықтамасы сол елдің білім саясатына және бағалауды қалай қолдануына тәуелді: оқытуды дамыту үшін немесе баға қою үшін. Сонымен, қалыптастырушы бағалау АҚШ, Жаңа Зеландия, Финляндия, Канада, Сингапурде оқу бағдарламаларын және оқушылардың оқу процесін жақсарту үшін қолданылады. Қалыптастырушы және жиынтық бағалаудың нәтижелері АҚШ, Гонгонк, Австралияда шынайылықты арттыру үшін және бірыңғай критерийлер негізінде бағалаудың әділдігі үшін қолданылады.
Оқу үрдісіне жаңа технологияны енгізу бағалау жүйесіне де өзгерістер әкеледі. Бағалау жүйесін зерттеу әрқашанда маңызды мәселе екені белгілі. Кері байланыссыз кез келген үрдісті басқару нәтиже бермейді. Бағалау оқу үрдісінің бірден–бір ажырамас бөлігі болып саналады. Бүгінгі күні оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау-оқу үдерісінің маңызды да салмақты бөлігі болып табылады. Сол себептен, зерттеу іс-әрекеттерін кеңінен қолданып, оқушылардың жетістіктерін бүгінгі күннің талабына сай жаңаша бағалау жүйесі қажет етіледі. Бұл жерде оқушылар өзін-өзі бағалау, бірін-бірі бағалау, топтық бағалауда оқу үдерісінің белсенді қатысушысы бола алады. Сол себепті де мектебіміздің мұғалімдері өз сабақтарында оқушыларға бағалаудың түрлерін түсіндіріп және практика барысында қолданып келеді. Көбінесе мұғалімдер топпен жұмыстану барысында топ көшбасшыларының топтағы оқушыларды бағалау парағы арқылы, басқа топ оқушыларының бағалауы, критерийлер арқылы бағалау түрлерін пайдалануда. Оқушылар бір-бірін бағалау барысында өздерін ересек сезініп, жауапкершілікпен қарайды. Және де бағаларына комментарийлер беруге үйренуде.
Менің ойымша, әрбір ұстаз өз жұмыс тәжірибесінде осындай проблемалармен бетпе–бет келері сөзсіз: ол оқушының жұмысын мүмкіндігінше әділ бағалау, оны жеке тұлға ретінде қабылдап, жағымсыз эмоцияның тұтануына жол бермеу. Оқушыларға арналған бағалау жүйесі өзіне деген сенімділікті арттыруға және өзіне арналған сынды дұрыс қабылдауға көмектеседі. Латын тілінен аударғанда «бағалау» категориясының «жақын отыру» болып аударылуы кездейсоқтық емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады. Бұл жорамал ресми тестілерден және емтихандардан бастап, мұғалімдер сыныптарда күніне жүз рет өткізетін бейресми бағалауға дейінгі бүкіл бағалау спектріне қатысты.
Сондықтан да бұл тақырып бойынша жұмыс жасау біздің ұстаздардың бүгінгі күннің келелі мәселесі болып отыр. Қазіргі кезеңнің оқу үрдісінде білімді бағалаудағы дәстүрлі әдістерінен басқа, оқушылардың білімдерін бағалауға арналған жаңа әдістер енгізілуде, ал жаңа әдістердің енуі білім жүйесінің ұдайы өзгеріске түсу талаптарына сай болуы керек.
Қазіргі кезеңнің білім жүйесінде бағалаудың екі түрі бар: суммативті және формативті. Бағалаудың екі түрі де педагогикалық үрдісте қажет және маңызды. Оқытуды бағалау баға қою үшін және есеп беруді құру үшін қажет, ал бағалау оқыту үшін оқушыларға білім беруге ықпал ету мақсатымдағы сабақ берудің ажырамас бір бөлігі болып табылады.
Оқыту үшін бағалау - бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі. Өзін - өзі бағалау - баланың өз табыс деңгейін өлшеу мақсатында, өзінің күшті және әлсіз жақтары жайында ақпарат жинауы және талдауы, оның өз мүмкіндіктерімен проблемаларын бағалайды. Дүниежүзілік тәжірибеде бұл бағалау әдісі оқушыларда өздік бағалау, өзіндік бағалау, өзіндік даму мақсаттарын дамытуда қолданылады. Мысалы, фин мектебінде оқушының жетістігін жиынтықтап бағалау өз бетімен жауапты тұлғаның дамуына бағытталған. Мүмкін бұл табысқа жетудің бір жолы болар?
Ұстаздың сабаққа дайындық кезінде қажет бағалау түрін іздестіру және оны ұйымдастыру педагогтың басты тапсырмасы екенін есіне сақтау қажет. Кімді? қашан? неше оқушыны? қандай сұрақтар бойынша? қандай құралдардың көмегімен сұрап? және қалай бағалауға болады? деген сұрақтар төңірегінде, сабаққа дайындық кезінде алдын – ала ойластыруы тиіс. Әр ұстаз бағалау үрдісі бойынша, сан алуан құралдар мен жаңа жұмыс түрлерін енгізе отырып, өз жүйесін өңдеу (жасақтау) қажет. Оқушы, ұстаздың білімдегі жетістіктері, оқу деңгейі, білімді меңгеру сапасын үнемі бақылауға алып жүретінін жадына ұстап, біліп жүруі қажет. Оқуды бағалау тақырыбы өте күрделі және мұғалімнің оқушыға қоятын бағасы өте тиянақты, әділ, маңыздылық пен дәлелділік, жариялылық пен қарапайымдылықпен сипатталатын болса, оқушылардың да оқуға деген ынтасы артуына, қандай да бір мақсатқа жетуіне ықпал етеді деп есептеймін. Оқушылар тапсырманы шығармашылықпен, ізденіспен орындаса, тақырып мазмұнын суреттеп берсе, ол жұмыс жоғары бағаланатынын біледі.
Біздің мектепте өзін–өзі бағалау және өзара бағалау әдістері, ұстаздармен қолданылады, бірақ бірыңғай жүйесіз. Бұл бағалау оқушылардың тұлға болып жетілуі үшін өте маңызды болады:
- ол балалардың психологиялық қауіпсіздігін және автономиясын қамтамасыз етеді;
- өзін–өзі бағалауды қолдану ұстаздар мен оқушыларға анық, айқын, обьективті, кері әсерсіз шара қолдануға көмектесе алады.
Ұстаз бен оқушы бірлесіп жетістікті бағалауға, бағаны салыстыруға, өзінің кемшілік тұстарын түсініп және талдауға мүмкіндік беріледі.
Бұл тұжырымдама оқушының бүкіл өміріне ұстанатын қағидаларының бірі, оқушы тәуелсіз жұмыстану арқылы өзін әділ және дұрыс амалсыз бағалау қажеттілігі туындайды. Ал өзін–өзі бағалау тек мектеп қабырғасында ғана емес сонымен қатар бүкіл болашақ өмірі үшін қажет.
Біздің мектепте де формативті бағалау арқылы оқушының білімге деген ынтасын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілді. Мысалы, бастауыш сыныптарда мұғалімдер оқушыларды сабақ барысында көптеп бағалау үшін өзара формативті бағалау әдістерін кеңінен қолданып келеді. Бастауыш сынып оқушыларына мадақтаған, басынан сипап «сенің жұмысың өте жақсы» деген сөздер, бір-бірінің жұмыстарын смайликтермен, баллдық жүйемен бағалау ұнайды. Критерийлермен бағалау барысында оқушылар өз деңгейлерін байқап отырады. Бағалаудың жаңа әдісінде оқушы бағаны қандай критерийлер бойынша алғанын, келесі сабақтарда қандай критерийлерге көңіл бөлу керектігін ұғынады. Бұл жүйеде оқушының нәтижесімен бірге іс - әрекеті де бағаланады. Одан басқа оқушыларды бағалауда мұғалім түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана алады. Біріншіден, оқушының қызығушылығы артады, екіншіден, мұғалімнің жұмысы да жеңілдейді (оқушылар бірін-бірі бағалау, топпен бағалау, топты бағалау әдістерін қолданғанда).
Іс-әрекеттегі зерттеуде өз сабақтарымда өзін-өзі бағалау мен өзара бағалау әдістерін қолдандым. Сол сабақтар барысында оқушыларымның 1/3 жуығы өздерін дұрыс бағалай алуға үйренді. Егер басында менің қойған бағам мен оқушының өзін-өзі бағалауы көп жағдайда дәл келмесе, ал қазіргі жағдайда оқушылар өздерін және басқа оқушыларды дұрыс бағалауға үйренді. Олар бір-бірлерін бағалау арқылы бір-бірінің күшті жақтары мен әлсіз тұстарын байқай алды деп ойлаймын. Оқушылар «сабақтарда бір-бірімізді бағалау өте қызық, әрі қиын», «мен өз жұмысымды бағалағанда көп ойландым, қойған бағам дұрыс бола ма» деген әңгімелер айтты. Бір-бірін бағалау жүргенде неге сол бағаны қойғандығын түсіндіріп беруін сұрап, кей жағдайларда келіспейтіндіктерін айтады. Сонымен бірге оқушылар бір-бірлерін тыңдап, сұрақ қойғанда ойланып, дұрыс қоя алуға және де критерийлермен жұмыстануға үйреніп келеді. Топпен жұмыстар барысында ынтымақтық орта қалыптастырып, бірігіп жұмыстануға бағыт бағдар беріп отырамын. Топпен жұмыстану оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып, бағалаудың ашық түрде болуы, оқушылардың өз қателерін түзетуіне жағдай туғызды.
Менің көзқарасым бойынша, өзін–өзі бағалау әдісін сабақта қолдану оқушылардың ойлау белсенділігін арттыруға, олардың танымдық қызығушылықтарын дамытуға ықпал етеді. Жаңарған мектептің ұстазы тұлғаның дамуы үшін тек жағдай жасап қана қоймай, бұл үрдісті басқара отырып, бір ізге салуы қажет. Бірақ бұның бәріне оқушылардың өздерін үйрету керек, сонда ғана субьективті ойлану, өмірдің кез келген тұстарында қиындыққа төтеп бере алатын тұлға болып қалыптасады.
Менің көзқарасым бойынша, өзін–өзі бағалау әдісін сабақта қолдану оқушылардың ойлау белсенділігін арттыруға, олардың танымдық қызығушылықтарын дамытуға ықпал етеді. Демек, менің таңдаған тақырыбым біздің мектеп үшін маңызы зор. Жаңарған мектептің ұстазы тұлғаның дамуы үшін тек жағдай жасап қана қоймай, бұл үрдісті басқара отырып, бір ізге салуы қажет. Бірақ бұның бәріне оқушылардың өздерін үйрету керек, сонда ғана субьективті ойлану, өмірдің кез келген тұстарында қиындыққа төтеп бере алатын тұлға болып қалыптасады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Мұғалімдерге арналған нұсқаулық.Бірінші (ілгері) деңгей. Екінші басылым.
2. Филипп Шлехти. «XXI ғасырдың мектебі. Білім саласын өзгертудегі басымдықтар»
3. Н.Назарбаев «Инновациялар мен оқу- білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» - Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде оқылған лекция. Астана, 2006.
4. Мұғалімнің өз тәжірибесі.
Достарыңызбен бөлісу: |