Педагогика тарихы



бет3/113
Дата23.12.2023
өлшемі2.03 Mb.
#487680
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   113
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Диалектиканың негізгі заңдары: қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне және кері айналуы, терістеуді терістеу.
Диалектиканың ұғымдары: кеңістік пен уақыт, жекелік және жалпылық, себеп пен салдар, мазмұн мен форма, мән мен құбылыс, қажеттілік пен кездейсоқтық, мүмкіндік пен шындық.
Зерттеушінің тиімді нәтижелерге жетуі үшін, қандай ғылымның болса да, белгілі бір ізденісті қалай, қандай мақсаттар үшін жүргізетіні туралы нақты, мүлтіксіз түсінігі болуы керек. Мұның өзі таным қызметін ұйымдастыруға, танымның белгілі бір “әдістер жүйесін” таңдап алуға көмектеседі.
Педагогика тарихында қолданылатын философиялық диалектикалық әдіс педагогикалық құбылыстардың өтетін орны мен нақты жағдайларын, қоғамдық өмірдің басқа құбылыстарымен байланысын өзара әрекеттестікте қарастыруды талап етеді. Әр құбылыс өзінің даму барысында зерттелуі тиіс. Зерттеуші осы құбылысқа қандай жаңалық енгізетінін әрқашан анықтап алуы керек.
Диалектикалық әдіс құбылыстарға тек жалпы қарауды анықтайды. Осы негізде әр ғылымға әдіснама жасалады, зерттеліп отырған құбылыстар мен фактілерге сай келетін зерттеудің нақтылы, лайықты жұмыс тәсілдері іріктеліп алынады. Зерттеу құбылыстарының ішкі қайшылықтарына бойлай еніп, қанығып, жаңа мен ескі сапалардың арасындағы қайшылықтардағы жетекші негізгі күшті анықтай отырып жүргізіледі. Педагогика ғылымының да өзіне тән әдістері болады.
Зерттеуші педагогикалық құбылыстарды зерттеу барысында ғылыми ізденістің екі бағытына сай әдістерді қолданады. Біріншісі - педагогика мен оған іргелес ғылымдар саласының мүмкіншіліктерін қолданады, негізгі әдебиеттерден керекті тұжырымдар талданып алынады. Ғылыми-педагогикалық ізденістің екінші бағыты – оқыту мен тәрбиенің нақтылы үдерісін ғылыми түсініктермен сипаттау, яғни бұған сай келетін зерттеу әдістерінің ерекшеліктерін анықтап алу. Сонымен бірге, мұғалімнің шығармашылық еңбегі, шеберлігі, педагогикалық жетістіктері, жаңалықтары мен баспасөз бетіндегі еңбектерін педагогикалық теория тұрғысынан ой елегінен өткізу де маңызды болып табылады.
Педагогика тарихын ғылыми зерттеп, анықтауда диалектикалық философия басшылыққа алынады. Осыған орай, П.В.Плеханов әдіснамалық мынадай қағидаларды ұсынады:

  1. Идеялардың (ой-пікірдің) жалпы қоғамның әлеуметтік даму үдерісіне тәуелді екендігін айқындау.

  2. Ғылымның, әлеуметтік психологияның, әдебиеттің, өнердің даму тарихын қоғамның дамуымен ұштастыра қарастыру.

3. Тарихтың әр кезеңінде ғылымның даму барысы біркелкі болмайтынын және әр елдің саяси, экономикалық, кәсіби, мәдени, психологиялық өзіндік ерекшелігінің бар екенін ескеру.
Түйіндей келе, педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізіне философиялық тұрғыдан тарихи, әлеуметтік, рухани-адамгершілік, психологиялық, педагогикалық және басқа да оқушыны қалыптастыратын құрылымдар алынады. Оқыту мен тәрбиенің мәні, құрылымы, қағидаларының теориялық жақтары ескеріледі. Тарихи танымал, педагогика саласына зор үлес қосқан тұлғалардың жаңашыл идеялары мен қызметіне, қоғамдағы орнына, ұлттық мәдениеттің дамуына, қоғамдық жағдайларды қарастыратын тұжырымдар мен диалектикалық заңдылықтарға, тарихи жағдайдың өзгергеніне, бүгінгі таңда қандай деңгейге келгеніне тарихи талдау жасалады.
Ғылым әр уақытта жаңа дәйектермен толықтырылып отырғанда ғана дамиды. Ғылыми деректер жинақталып қалған кезде оларды ғылыми-зерттеу әдiстерi арқылы талдау және теориялық ұстанымдарға негiздеп зерделеу ғылымда әдiснама деп аталады.
Философиялық энциклопедиялық сөздiкте әдiснамаға “теориялық және практикалық iс-әрекеттердi құру мен ұйымдастырудағы ұстанымдар мен құрылымдар жүйесi” деген анықтама берiледi.
Әдiснама деген ұғым – ғылыми-танымдық iс-әрекеттердi құрудың ұстанымдары, формалары мен амалдары туралы iлiм.
Әдiснамалық бiлiмдер құрылымын Э.Г.Юдин төрт деңгейге: философиялық, жалпы ғылыми, нақты ғылыми, технологиялық деп бөледi. Бiрiншiсi, философиялық әдiснаманың деңгейлiк мазмұны, таным ұстанымы мен ғылымның категориялық аппаратын құраса, сонымен бiрге философиялық бiлiм жүйесi әдiснамалық қызмет атқарады. Екiншi деңгейде жалпы ғылыми-әдiснама теориялық тұжырымдаманы құрып, көптеген ғылыми пәндерге бағыт-бағдар бередi. ¶шiншi деңгей – нақты ғылыми әдiснама, бұл арнайы ғылыми пәннiң әдiстерiн айқындап, зерттеудiң ұстанымдары мен ұйымдастыру жолдарын белгiлейдi. Төртiншi деңгей – технологиялық әдiснама, зерттеудiң әдiстемесi мен техникасын құрайды. Мысалы, тәжiрибелiк-эксперимент материалдарын жинақтау, оларды алғашқы талдау, қорытындылау, ұсыныстар беру, т.б. жатады. Сонымен, әдiснаманың барлық деңгейлерi бiр-бiрiн толықтырып тұратын жүйенi құрастырады.
Ал, педагогика тарихы мәселесiне байланысты алғанда жалпы бiлiмдер әдiснамасы (педагогика), жеке бiлiмге (педагогика тарихы) қатысты әдiснамалық бағдар ұсынады. Жалпы қағидалар (теория, ұстанымдар) жеке қағидаларды түсiндiрiп, бағалап, олардың бағыт-бағдарын, жолдарын айқындап бередi (Ж.Әбдiлдин, Б.Гершунский, Н.Никандров). Түптеп келгенде, нақты-ғылыми әдiснама ретiнде педагогиканың заңдары, заңдылықтар мен ұстанымдары педагогика тарихына негiз болады.
Әдiснамалық белгiлерiне қарай педагогика тарихының әдiснамасы жеке ғылымилық тұрғыда педагогика ғылымына жатады; ал пәндiк мазмұны жағынан педагогика тарихының бiлiмдерiн жинақтайды, педагогикалық пәндер жүйесiнде педагогика тарихы (пәнi, оның мiндеттерi, ерекшелiктерi) сипатына қарай танымдық құралдар мен практикалық әдiс-тәсiлдерiн, қазақ педагогика тарихының ұғымдық құрылымын анықтаумен қатар басқа ғылымдардың (этнология, этнопсихология, фольклор, мәдениет теориялары, т.б.) жетiстiктерiн, тәжірибесін зерттеу жұмыстарын да пайдаланады.
Педагогика тарихының әдiснамалық негiзi философиялық диалектика, ол ғылыми әдiснама ретiнде жеке тұлға және таным теорияларының қалыптасып дамуына негiз болып, шындықты бейнелеудiң басты жолдарын анықтайды. Яғни, жеке тұлғаның үйлесімді қалыптасуында, оған сан-салалы әлеуметтiк байланыстар жиынтығының ықпалды әсер етуiнен, бiр жағынан, әрбiр адам қоғамдық қарым-қатынастардың жемiсi болса, екiншi жағынан, қоғамды дамытуда өзiндiк үлес қосатын жеке тұлға болып қалыптасады.
Қоғамның тарихи, әлеуметтiк-мәдени дамуында жеке тұлғаны қалыптастырудың басты философиялық қағидалары бар: бүкiл адамзат қоғамының даму тарихында ғылыми-зерттеу жұмыстары дәлелдегендей, адам және оны тәрбиелеудiң мәселелерiнiң өзектiлiгiмен (Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, Д.Б.Эльконин, С.М.Жақыпов, т.б.) анықталады;

  • философиялық, тарихи, әлеуметтiк, психологиялық және педагогикалық ғылыми зерттеулердi ретроспективтi талдау нәтижесiнде адамның тұлғалық құрылымында ерекше орын алатын басты қасиет- адамның өзiн-өзi тануы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы және олармен рухани-адамгершiлiктi байланыстар жасауы (Ж.Әбдiлдин, В.Г.Афанасьев, Ә.Нысанбаев т.б.) екені анықталды;

  • әрбiр тарихи әлеуметтiк-мәдени орта жағдайында адамның мораль тұрғысынан қалыптасуына өзi өмiр сүрiп отырған қоғамның және әлеуметтiк ортаның, шағын ортаның (отбасы, мектеп, жолдастары, т.б.) тәрбиелiк ықпалы зор (Б.Г.Ананьев, В.Н.Мясищев, Б.Ф.Ломов, М.Мұқанов, т.б.).

Сонымен, ғылымның әдiснамасы – бұл қағидалар, қорытындылар, ұстанымдар, танымдық әдiстер арқылы әр жақты жағдайлар тоғысында шындықты бейнелеу ақиқатын зерделеп түсiндiретiн iлiм.
Педагогика тарихының әдiснамасы әр тарихи дәуiрдегi педагогикалық бiлiм мен тәрбиенi, ойлар мен идеяларды талдап жүйелеу, оларды ұғындыру, тұжырымдар жасау арқылы педагогикалық үдеріске өзгерiстер енгiзу немесе жетiлдiру мақсатын іске асыратын педагогика ғылымының бiр саласы.
Педагогика тарихының әдiснамасы төмендегiдей жүйелi құрылымнан тұрады:

  • тарихи-педагогикалық бiлiм құрылымы мен қызметтерi;

  • педагогикалық идеялар, ой-пiкiрлер, iс-тәжiрибелер, үлгiлер, негiзгi педагогикалық қағидалар (идея, болжам, тұжырымдама, теория);

- тарихи-педагогикалық бiлiм мен тәрбиенi өңдеп жетiлдiрiп, педагогикалық үдеріске ендiру.
Осындай үлгi тарихи-педагогикалық, психологиялық және педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарында жалпы ғылыми ұстанымдарға негiзделе жүргiзiледi. Ғылыми зерттеу ұстанымдары мен оларға қойылатын талаптар әдiснамалық бiлiмде ерекше орын алады. Өйткенi, олар тарихи-педагогикалық бiлiмдi, теория мен практиканы бiрiктiрiп, бiлiм беру мекемелерiне ғылыми негiзделген бағдар бередi. Қандай бiр ғылыми жұмыстар болсын, олардың тiрек ұстанымдар қатарына жататын ең басты, негiзгi әдiснамалық ұстанымы – жүйелiлiк. Сондықтан жүйелілiк жалпы ғылыми-әдiснамалық зерттеудiң бiр құралы ретiнде оқу-тәрбие үдеріске және бiр-бiрiмен байланысты құбылыстарды жүйелi зерттеуге өзiндiк сапалылығымен сипатталатын ғылыми тұғыр болып табылады. Жүйелiліктiң мәнi төменде көрсетiлген қағидалар бойынша айқындалып, жүйелi объектiлердiң сапасын және оны жетiлдiру жолдарын анықтауға көмектеседi. Олар:
- сыртқы ортаға байланысты жүйенiң тұтастығы және оны ортамен бiрлiкте зерттеу. Мысалы, бiлiм берудiң мәселесiн жүйелiлік тұғыры арқылы зерттегенде бұл тақырыпты елiмiздегi әлеуметтiк және экономикалық даму үдерісіне байланыстыра және қоғамның сұранысына ұштастыра зерттеу;
- тұтас педагогикалық үдеріс бөлшектелiп, элементтерге бөлiнiп құрылуға тиiс, өйткенi элементтердiң сапалық қасиеттерiнiң өзi де белгiлi бiр жүйеге байланысты болады. Ал жүйенiң сапалық қасиетi, оның элементтерiнiң өзара байланысындағы нәтижелерi кейде бiр-бiрiмен ұштаспай жатуы мүмкiн;
- жүйенiң барлық элементтерi бiр-бiрiмен өзара байланыста болғанымен, олардың iшiнен ең басты анықтаушы, жүйе құрушы элементiн iрiктеп алу керек;
- элементтер жиынтығынан объект жүйесiнiң құрылымы мен ұйымдастыру технологиясы жайлы түсiнiктер беру;
- жүйе элементтерiнiң бiр-бiрiмен байланыстарын арнайы реттеу және олардың өзгерiстерiн басқару (мақсат қою, құралдарды таңдау, бақылау және түзету, қорытындысын талдау).
Тарихи-педагогикалық зерттеулерге қойылатын маңызды әдіснамалық талаптардың бірі деректердің барлық түрін кешенді пайдалану, сол арқылы бір-бірін тексеру, толықтыру, барлық деректерді салыстыра отырып жинақтау, оларды зерттеуде шектес ғылымдардың зерттеу әдістері жиынтығын кешенді түрде пайдалану, сөйтіп, педагогикалық тұрғыда түсіндіру қажет.
Педагогика тарихының ғылыми-зерттеу ұстанымдары тарихи білім, педагогикалық теория мен тәжірибені біріктіріп, білім беру ұйымдарына ғылыми негізделген бағдар береді.
Педагогика тарихының негізгі әдіснамалық ұстанымы – ақиқаттылық, ол зерттеу объектісі жайлы шынайы білім алу үшін, зерттеу барысында оның әрбір құбылысына ықпал ететін, дамытатын жағдайларды, шарттарды ескеріп, зерттеу құралдары мен тәсілдерін дұрыс қолданып, жинаған дәйектерді бағалап, қорытындысын шығаруда ақиқатты ұғымдар мен түсініктер жасауға мүмкіндіктер береді.
Ақиқаттылықты тану ұстанымы зерттеу жұмысының алғашқы болжамына, қисынына және оның қорытындысына дәлелді талап қоятындықтан, дәйектерді іріктеу, оларды талдау нәтижесінде жасайтын тұжырымы ғылыми айналымға түсетіндіктен шындық тұрғысынан қарастырылуы тиіс.
Ғылыми ізденістердің объектісін баламалық ұстаным тұрғысынан қарастырғанда және оған дәлелді талап қойғанда, тарихи-педагогикалық материалдарды немесе көзқарастарды талдағанда, күрделі педагогикалық үдерістердің шешімін табу үшін әр түрлі көзқарастар айтылады. Ондай көзқарастардың шынайы болуы немесе оған қарсы пікірлер айтылуы мүмкін. Бұндай жағдайдағы баламалық ұстанымның мәні – мәселенің шешімін іздестіргенде және объектінің жұмысын ұтымды ұйымдастырғанда алға қоятын мақсаттың нәтижелі орындалып, соның негізіндегі нақты жетістіктердің ауқымын анықтайды.
Баламалық ұстанымға жақын әдіснамалық ұстанымның бірі – мәндік талдау ұстанымы. Әрбір қарастырылатын құбылыстардың жалпылығы, ерекшелігі және бірегейлігін анықтап, объектінің ішкі құрылымына, атқаратын қызметі мен даму заңдылықтарына, шарттары мен даму жағдайларына талдау жүргізіп, олардың мақсатты түрде өзгерістерге ұшырау мүмкіндіктері талданады. Бұл ұстаным зерттеу қисынын нақты жазудан бастап, жан-жақты түсіндіруге, одан педагогикалық құбылыс пен үдерістің, болжамның дәлелденуі дейінгі кезеңді қарастырады. Сондықтан педагогикалық жүйені тұтас қарастырғанда оның зерттелетін даму элементтерінің үздіксіз өзгеріске түсіп тұруын есепке алу - қойылатын талаптың бірі. Себебі, көптеген элементтердің қызметі жүйенің даму үдерісне өзгеріске түссе, кейбір элементтері қарама-қайшы күйге түседі.
Тарихи-педагогикалық және психологиялық-педагогикалық зерттеулерде генетикалық ұстанымды қолдану керектігін тәжірибе көрсетуде. Тарихи-генетикалық ұстанымның мәні – педагогикалық дәйектерді немесе құбылыстарды зерттегенде, олардың пайда болуын, онан кейінгі дамуын түрлі саяси-экономикалық жағдайлардағы білім беру үрдісінің бір сапалық деңгейден екінші сапалық деңгейге ауысуы жан-жақты қарастырылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   113




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет