Пәннің мақсаты және міндеттері: «Қазақ жазуының тарихы» пәні- жазу таңбасы мен дыбыс жазудың шығуы, даму тарихы туралы түсінік береді. Руникалық жазу, көне түркі алфавитінің шығу тегі жөніндегі болжамдар мен зерттеулерге талдау жасайды. Көне түркі алфавиті мен жазуының шығу тегі мен басқа тілдермен байланысын ашып көрсету.
Пәннің мақсаты: Түркі этнографиясындағы жетістікті, көне түркі руникалық жазуының тарихын, қазақ жазуының тарихы мендамуын меңгерту.
Пәннің міндеттері: - Көне замандардан келе жатқан түркі тілдерінің тарихын оқып, білу;
- Қазақ тілінің жазу жүйесінің қалыптасу тарихын меңгеру;
- Түркі этнографиясы саласының қалыптасуы мен дамуымен танысу.
Білімге, икемділікке және дағды-машықтарға қойылатын талаптар:
Студенттер білуі тиіс: - Пиктографиялық, идеографиялық,сурет жазуларын, олардың қазіргі таңда қолданыста қалған белгілерін;
- Руникалық көне түркі руникасын;
- Көне түркі графикасының өзге түрлерін;
- Араб графикасын;
- Латын графикасын.
Студенттер істей білуі тиіс: - Түркі тілдерінің классификациясына талдай жасай алу;
- Көне және қазіргі түркі әдеби тілдерінің графикалық жүйелерін білу;
- Сөз тіркестерін жіктей алу;
- Жазба мәтіндерді оқып, талдай алу.
Дәріс. Жазудың негiзгi категориялары
Л.В.Щерба жазу теориясы дыбыстық таңбалар мен грамматикалық таңбаларға және ұғымдық таңбаларға ажырайды деген. Мұндағы дыбыстық таңбалар әрiптер болса, грамматикалық таңбалар пунктуациялық белгiлерге, ұғымдық таңбалар сөздердiң бөлек, бiрге, дефис арқылы берiлуi, бас әрiп, кiшi әрiп сияқты элементтерге саяды. Осы негiзде жазудың негiзгi категориялары шығады. Ол – алфавит, графика, орфография және пунктуация. Алфавит арқылы белгілі бір жазба мәтінде әріптерді фонемаларға таңып, мәтін мазмұнын оқимыз. Графика жазу түрлерін, қаріп түрлерін пайдалану деген сияқты жазба мәтіннің бүкіл тұрпатын ұйымдастырады. Ал кейбір жазуларда алфавиттегі әріп таңбалары жетпеген фонемаларды белгілеуді ұйымдастырады. Орфография жазба мәтіннің белгілі бір стандарт құрылыммен ұйымдасуына, ортақ жазу тәртібін құруға, сөздерді дифференциялауға көмектеседі (сөздерді бірге/бөлек/ дефис арқылы жазу, кіші/бас әріп). Пунктуация бүкіл мәтіннің, мәнмәтіннің оқырманға дәл, анық жетуін қарастырады.
Жазу категорияларын ең алғаш қарастырған Бодуэн де Куртенэ графиканы көру-жазу элементі мен айту-есту элементі арасындағы байланыс деп түсінді. Ол байланыс үшін морфологиялық, семасиологиялық жайлардың қатысы болмады. Яғни сөз қалай дыбысталса, алфавитте бар сәйкес әріппен солай белгіленеді деді. Ал орфографияны ғалым жазу-көру элементі айту-есту элементіне де және морфологиялық, семасиологиялық элементтерге де қатысты деп түсіндірді. Бодуэн де Куртенэ кот және год сөздерiнiң жазылуында графика да, орфография да қатар көрiнiс табады дедi. ЛФМ графика мен орфография арасына бірде шек қойса, бірде екеуін біреу етіп түсіндіреді. Ал Л. В.Щерба кот сөзi графиканың, год сөзi орфографияның ережелерiне бағынып жазылады деген. Сөйтiп, графика ережелерi деген ұғым бола қалса, ол қалай естiлсе, солай жазылады дегендi бiлдiредi, ал орфография қалай естiлсе, солай жазылмаған кезден бастап қана шықты дейдi ғалым.
Л.В.Щерба, А.Н.Гвоздев бірде орфография графика мүмкіндіктерінен аса алмайды десе, бірде орфографияның графика ережелеріне қайшы келетін тұстары көп дейді. Жазу ережелерінің графика мен орфографияға бөлінуі жазудың екі кезеңнен тұратынын белгілейді деді.
Ал МФМ өкілдері тіліміздегі сөзформалардың жартысынан астамы алғашқы кезеңде-ақ (графикада) дұрыс жазылады да, орфографияның үлесіне тек күрделі түрі қалады деді. Орфография мен графика тек әріпті таңдағандағы екі түрлі жағдай деп түсіну керек. Былайша айтқанда, бұлар фонологиялық және морфологиялық жағдайлар: егер әріпті жазарда біз морфемаға қатыссыз тек басқа фонемаларға, екпін, сөз басы, соңына қатысты алып отырсақ, бұл фонологиялық болады; ал әріпті морфема аясында қарасақ, онда морфологиялық болады деді.
Алфавит пен графика арасында нендей айырмашылық бар дегенге әлi бiржақты жауап жоқ. Л.В.Щерба графика мен алфавиттi бiр деп қараса, Б. де Куртенэ графика мен орфографияның арасын ажырата қоймады. Л.В.Щерба мәселенi екiге бөлiп қарастыруды жөн көрдi (орыс графикасы немесе орыс әлiпбиiнiң теориясы және орыс орфографиясы). Мәселенi шешуде Л.В.Зиндер: “Бұл жерде әңгiме әрiп (графема), дыбыс (фонема) арасындағы қатынас жайлы болып отыр, тек әр тұғырдан қараудан келiп шығады. Егер, мысалы, әрiптi алып, ол қандай фонеманы белгiлейдi десек, алфавитті, ал егер фонема немесе басқа да дыбыстық бiрлiктердi, мысалға буындарды алып, олар қандай графемалардың, болмаса олардың тiркесi арқылы берiлдi десек, бұл – графика” деп анықтады. Бiрақ, Л.В.Зиндер айтқандай, графика иероглифтiк жазуға да тән болса, онда жеке бiрлiктердiң дыбыстық екенiн анықтаудың қажетi жоқ. Сөйтiп, алфавит графиканың нәтижесi, соңғы қорытындысы ретiнде пайда болған код таңбалары сияқты. Алғашында графика, соңынан алфавит шыққандай болады. Оқулық, оқу құралдарын айтпағанның өзiнде жазуға қатысты теориялық еңбектерде графика мен орфография немесе әлiпби мен графика арасы айқындала қоймайды. Оның өзi жоғарыдағы жазу теориясының iрi өкiлдерi Бодуэн де Куртенэ, Л.В.Щерба, Л.В.Зиндер зерттеулерiнен басы ашыла қоймағанға байланысты. Л.В.Зиндер алдыңғы екi ғалымға қарағанда графика мен орфографияның өзара айырмашылықтарын саралап бергенмен, түбiнде жазуды графика мен орфографияға бөлуге қарсы болды. Бірақ орфографиялық ережелердің фонемадан әріпке дейінгі толық жинағын беру үшін жазу теориясында графика мен орфография арақатынасын ашу керек болды. Міне, графика, емле ұғымдарының пайда болу уәжі негізінен осында. Дұрыс жазу екі категориялы – графикалық және орфографиялық – ережелер арқылы жүзеге асуы тиіс.
С.М.Кузьмина жазуды графика мен орфографияға бөлудің қажеті жоқ деді. Себебі жазу процесінің өзі бір-ақ этаптан тұрады. Жазғанда біз алдымен графикалық, соңынан орфографиялық жазумен жазып, екі рет жұмыс істемейміз және графикалық жазуды жүзеге асыратын жалған әріптер жазарманның санасында болмайды деді.
Жалпы, графика бiр фонеманы екi, не үш әрiп тiркесi арқылы таңбалайтын ағылшын, немiс, орыс сияқты жазулардың сипатына байланысты шықты. Мысалы, француз тiлiнде -нің ашық, жабық, жартылай ашық түрлерін беретін әріп алфавитте жоқ, бірақ графикасында бар. Сол сияқты -ны беретін графикалық таңбалар жиі қолданылады. Немiс тiлiнде сh, sch деген диграмма, триграммалар бар. Орыс тiлiнде жiңiшке дауыссыздарды беру үшiн я, ю, ь, ъ әрiптерi қоса таңбаланады. Ал қазақ тiлiнде графика жаңа әлiпбидi қабылдағанда, жазудың алғашқы тәжiрибелерiнде, алғаш сауат ашу iсiнде көрiнедi. Сонда графика дегенiмiз әлiпбидегi әрiптердiң белгiлi бiр фонемаларды таңбалауын ұйымдастыру болып шығады. Л.В.Щерба, Л.В.Зиндер де орфографияны тек жазудың дыбыстық жағына қатыстырған. Л.В.Щерба, мысалы, сөздердiң бөлек, бiрге, дефис арқылы жазылуын пунктуация аясында қарастыруды жөн деп санаған. Ал Л.В.Зиндер по видимому деген сөздi бiрге, бөлек, дефис арқылының қайсысымен жазсақ та, орфография жағынан бiркелкi, себебi олардың барлығында да бiр ғана фонемалар тiзбегi айтылады. Ал егер павидимому, повидимому т.б. варианттарының қайсысымен жазамыз деген мәселе қойылса, бұл орфографияның шаруасы дедi. Бүгiнде жағдай басқаша. Орфография ережелерi бас әрiп, кiшi әрiптi де, бiрге, бөлек, дефис арқылы жазылуды да қамтиды. Ал графика – әлiпби мен оның теориясына тiкелей қатысы бар, әлiпбидiң жасалуы, өзгерiстерi, қайта жетiлдiрiлуi, сондай-ақ эстетикалық, оптикалық, экономикалық жағынан сапасын анықтауға көмектесетiн сала. Графика сондай-ақ жазу таңбасы деген ұғымда да қолданылады. Графика жазу ұғымының бір мағынасына сәйкес. Қазақ тіл білімінде “араб жазуын өзгертті”, “латын жазуын қабылдау”, “орыс жазуына көшу” деген сияқты тіркестер бар. Өйткені алдымен сол жазудың графикасы қабылданады, сосын барып оған ыңғайластырып, сол графика (жазу) негізінде әліпби түзіледі. Жалпы тіл білімінде графика әліпбидегі әріп тіркесі арқылы таңба белгілеу, таңбалар тіркесіне әріп қызметін үстеу дегенді білдіреді.
Графикаға лигатуралар, диакритикалық таңбалар (дәйекші, екпін, созылыңқылықты білдіретін белгі) кіреді.
Дұрыс жазу мен орфография – синонимдес сөздер. “Орфография 1) дұрыс жазу нормасы; 2) әріптік таңбалардың емлесі; 3) белгілі бір тілдегі нақты бір сөздердің жазылу ережелерін қамтитын тілдегі фонемалардың қалай жазылатынын емес, сөздердің қалай жазылатынына жауап беретін сала” мағынасында жұмсалады.
Жазба тіл екі жақты межеде өмір сүреді. Оның дыбыстық деңгейдегі мазмұн межесі графема, тұрпат межесі – әріп, бас әріп, кіші әріп, әріптің кіші баспа түрі, үлкен баспа түрі, жазба түрі болады. Ауызша тілдің ең кіші мағыналық бірлігі – фонема – абстракті, санада ғана өмір сүретін единица болса, жазба тілдің кіші единицасы абстракті бірлік – графема санада өмір сүріп, әріптің түрлі формалары арқылы таңбаланады. Сөйтіп, графеманың реализацияланған әріп тұрпаттары белгілі бір тәртіппен орналасқан, белгілі саны бар жиынтық ретінде жазба тілдің код жүйесі – әліпбиге ұйымдасады. Ол жазба тілді оқудың немесе керісінше ауызша тілді жазуға айналдыратын кодашқыш (Н.Уәлиұлы термині) болып табылады. Коммуникация теориясы тұрғысынан әліпбидегі әріптер санының аздығы жазудың код болуына жарайды.
Жазу факторларының ішінде әліпби көбіне әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғыдан белгілі бір кезеңде ғана практикалық ізденістің нысанына айналады да, әліпби ауыстыру, өзгерту науқаны аяқталған соң дыбыстардың қасаң таңбалар жиынтығы болып қалады. Жазу қабылданарда алдымен графика (әріп таңбаларының тұрпаты, жазу тұрпаты деген мағынада) түрі таңдала ма, әлде әліпби түрі таңдалына ма деген сауалға жауап іздеп, жазу тарихына көз жіберсек, экстралингвистикалық себептерге байланысты екі түрлі жолдың да таңдалғанын, ал жазба тіліне саналы түрде қарай бастаған кезеңде қай әліпби сол тілдің дыбыстық құрамын дәл берсе//жуықтаса сол әліпби түрін қабылдағанына куә боламыз.
Жазу кеңістігінде әліпби түрі санаулы болғанмен, жазу түрлері едәуір. Яғни жазба тілі жетілген ұлт тілдерінің кейбіреуінде (армян, грузин т.б.) ғана болмаса, көбінде жазу кеңістігіне белгілі ашық әліпби түрлері өзгертіліп, жетілдіріліп қолданылып келеді. Бұл неше мың тілде сөйлейтін халықтардың белгілі әліпби түрімен коммуникация жасауын жеңілдетті. Мысалы, біз жүйесі бөлек герман тілдерін қытай тіліне қарағанда тез әрі оңай меңгереміз. Өйткені алдыңғысы ашық әліпби түрі – латынмен, соңғысы жабық әліпби – қытай иероглифін пайдаланады. Қазіргі әлемдік коммуникация жазба тілдің әліпби, графика факторларымен өлшенеді. Әліпби белгілі графика мен әліпбиге негізделген тілдегі фонемалардың жазба тілдегі реализациясы әріптердің реттік жиынтығы болып табылады. Әліпби сол тілдің дыбыстық құрамына сәйкеседі/мүмкіндігінше сәйкеседі. Әліпби белгілі бір тілде жазылған таңбаларды оқудың кілті болып табылады. Әліпбиде әріп саны; реті; кескіні; әріп атауы айқындалады. Әліпби тәртібі экстралингвистикалық жағдайларда қызмет атқарады: цифр қызметін атқаруы, сөздік, анықтағыш, энциклопедияларда сөздің орналасуын жүйелеуі, қысқартылған сөздерді атауы т.с.с.
Жалпы, әліпби жасау, өзгерту – әлеуметтік, саяси мәселе. Сондықтан оған қойылатын фонологиялық талаптан бөтен психологиялық талап (жазу-оқу ісінде әріптерді қабылдау рационалды болу керек дегенді білдіреді), педагогикалық талап (сауат ашуда уақыт пен еңбекті үнемдеу дегенге саяды), типографиялық талап (сол кездің экономикасы мен өндірістік жағдайларына сәйкес келуді құрайды) түрлері болады. Әліпби жасау проблемасы тілдік те, тілдік емес те факторларды қамтиды. Сөйтіп, қандай да бір графиканы қабылдайтыны саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан орайластырып шешілген соң, сол тілдің фонемалар жүйесіне қарай әліпби құрамы белгіленеді. Жазу өзгерту, жазу қабылдау деген ұғым белгілі бір әліпби түрін таңдау дегенге саяды. Әліпби таңдау алынған алфавитті өзгертпей қолдану//тілдің дыбыстық құрамына сәйкес өзгертіп қолдану деген проблеманы тудырады. Сонда соңғысы әліпбидің өзін емес, графикасын ғана пайдаланды дегенді білдіреді. Әліпби теориясында әліпбидегі әріп саны тілдегі фонеманың санына тең болуы керек, не аз болу керек делінеді. Бірақ әлем жазуларында мұндай сипат аз. Өйткені ашық әліпби түрлері генетикалық жағынан туыс емес тілдерді де, дыбыстық құрамы әліпбидегі әріптерге сәйкес келмейтін тілдерді де ортақ жазба коммуникацияға таңып қояды.
Зерттеушілер әліпбидегі әріп саны тілдегі фонема санымен қандай қатынаста болу керек; әріп саны фонемамен тең әліпби жетілген бе, әлде әріп саны фонема санынан аз әліпби жетілген бе деген сауал айналасында пікір таласып келеді. Бұл жазуды ауызша тілдің дәл көшірмесі, тіл өмір сүруінің бір формасы деп немесе жазуды өз алдына дербес жүйе деп қарау тұрғысынан екіге айырылады. Әліпбидегі әріп саны фонема санынан аз болып келетін ағылшын, француз, неміс әліпбилері жазуды дербес жүйе бағытында айқындайтын сияқты. Ал фонема мен әріп саны тепе-тең дәрежедегі жазу жазба тілді ауызша тілдің көшірмесі дейтін бағытқа тіреледі. Жазу мен емле принципі бір арнаға сайып кететін фонетикалық жазу мен фонематикалық жазу деген категориялар да осы тұста шыққан. Фонетикалық жазуда 1 фонема: 1әріп үстіне фонема реңкіне де әріп арналады. Фонематикалық жазуда әріп тек тілдегі фонеманы белгілейді.
Осы арада алғашқы әріптік жазу фонетикалық болды ма, әлде фонематикалық болды ма деген заңды сауал туады. Яғни әліпбиді ойлап табушылар жазуға жоғарыдағы көзқарастың қайсысымен қарады? Бұл сұраққа орфография, жазу тарихы мәселелерімен шұғылданушы ғалымдар көбінесе алғашқы жазу фонематикалық болды деп жауап береді. Әліпби құрастырушылар интуитивті түрде фонемалардың санын анықтап, әрбіреуін бір әріппен белгіледі. Ендеше, әріптік, вокалды жазуды ойлап тапқан б.э.д. І мыңжылдықтағы финикиялықтар мен гректер өз тілінің фонемалық құрамына ғана әріп арнады. Практикалық жазудың жүйесі тілде бар фонемаларды ғана белгіледі. Сондықтан латын, араб жазуын қабылдаған барлық жазу түрлері фонема мен әріп қатынасындағы алшақтыққа тап болды.
Жазудың жетілуі әліпбидегі әріп санының қысқарып, әріптің дыбыс түрленімдерін емес, фонеманы белгілеуімен өлшенеді. Ашық әліпби түрін қабылдау қашан да таңбаларын толық қабылдау/қабылдамау, әріптердің мәнін сақтау/сақтамау деген проблемаларға тіреледі. Жалпы, стандарт әліпбиді өзгертіп қабылдаудың да, сол қалпы қабылдаудың да жағымсыз әсері бар екенін жазу тарихы көрсетіп келеді. Жазуды тілдің табиғатына бағындырамын деген бағыттағы әліпби түрлері мен стандарт алфавит айырмашылығы үлкен. Ал жазуды дыбыстық тілдің дәл көшірмесі емес деген тілдерде стандарт әліпби құрылымынан ауытқу, мәнін ауыстырып пайдалану сирек.
Әлемге кең тараған әріптік жазу түрлеріне латын, араб, кириллица әліпбилері жатады. Бірақ мұнда әліпби деп, жазу түрі, не графика деп айтудың қайсысы қонымды екенін аңғару қиын. Өйткені аталған алфавиттерді қабылдаған тіл оны өзгертпестен ала алмайды. Бірақ ағылшын, француз, неміс тілдері сияқты халықаралық тілдердің алфавитіндегі бір ерекшелік латын әліпбиінің 26 әрпінің толық қолданылуында. Тек ағылшын жазуында артық таңбалар пайдаланылмайды (бірақ фонема саны 46). Неміс, француз, итальян жазуларында қосымша диакритикалық таңбалар алынады. 26 әрпі бар стандарт әліпбиді қолданатын ағылшын жазуы ғылыми-техникалық прогресс нәтижесін, жазба коммуникация құралдарын шығынсыз пайдаланып отырған ашық кеңістіктегі ең жиі жазу түрі болып саналады. Алайда жазба тіл мен ауызша тілдің арасында әріптікдыбыстық айырмашылығы үлкен, жазба тілін меңгеру қиындық тудыратын, идеографиялық жазуға айналып бара жатқан жазу қатарына осы аталған жазу түрлері жатады. Әріп-фонема жүйесіндегі айырма алдымен ағылшын жазуында, сосын француз жазба тілінде үлкен. Мысалы, француз жазуында әліпби тілдегі 36 фонеманы таңбалау үшін 26 латын әрпінің үстіне est, et, ai, ei, eu, au, oeu, am, on, em, en, in, aux, eou, ain, aim, ein, ien, oi, gn, ss, ph, ch, ill, il, т.б. әріптер тіркесін және в, к, и, й, ы, ф, з, о, п диакритикалық таңбалы қосымша әріптерді пайдаланады.
Сол сияқты неміс тілінде фонема саны 39, әріп – 26. Сондықтан әліпбиде жоқ, бірақ жазба тілінде пайдаланатын β , д , ц , ь таңбалары және sch , ch , ng , ck әріп тіркестері, ch , ei [ай], eu [ой], eh [ей], ig [их], gu [кв], ie [й] маркерлі әріп таңбалары tsch , tz , ph , sh сияқты шеттілдік сөздерді жазатын таңбалары бар.
Сонымен, латын жазуын пайдаланатын ағылшын, француз, неміс сияқты тілдердің жазуы әліпби құрамының үстіне қосымша таңба алған және әріп тіркесін жасаған, жазу экономиясы төмен жазба тілдер болып табылады. Мұндағы жазу үнемсіздігі, бір жағынан, жазба дәстүрі күшті сақталған тіл болуынан да шығады. Екінші, шеттілдік сөздер мен ономастикалық атауларды таңбалау әдісіне де байланысты.
Біздің ойымызша, кең тараған жазу түрлерін қабылдаған кез келген жазба тілде әріп саны мен фонема санында алшақтық орын алады. Өйткені ашық әліпби жүйесі техникалық құралдардың билігіне бағынышты келеді.
Ашық жазу жүйесінің бірі – араб әліпбиін қабылдаған парсы жазуында (ІV-V ғ.) 32 әріп бар. Мұның 29-ы консонанттарды, 3-і вокалдар жүйесін таңбалайды.
Парсы әліпбиі араб әліпбиінің үстіне тілдің өзіне тән 4 фонемасын (хойе, иә, вав, гәф) беретін әріп таңбасын енгізіп, а, у, и дауыстысынан басқа е, ә, ө фонемалары харакаттар арқылы берілетін, әріп саны фонема санына жуық әліпби: 32 әріп – 35 фонема.
Жабық жазу түрлерінің ішінде корей алфавитінің ерекшелігі бар. Корей әліпбиінде (1443 ж.) 41 әріп бар. 41 әріптің 10-ы (а, я, о (еріндік), е (еріндік), о, е (езулік), у, ю, ы, и) дауысты фонеманы, 12-сі дифтонгоид дауыстыны (э, е, ие, ие, оа, уе, уе, ои, уо, уе, уи, ыи), 11-і дауыссыз фонеманы (к, н, т, р, м, п, с, ң, ж, ч, х), 8-і дауыссыз дифтонгоидты (кхы, тхы, пхы, кк, тт, пп, сс, джж) таңбалайды. Бір әріп екі фонеманы (мысалы, бір әріппен к-г, тд, л-р, п-б дыбыстары таңбаланады) беретін фонемографиялық жазу әдісі де орын алады. Корей жазуы XVғ. дейін қытай иероглифін пайдаланғандықтан көне әдеби тілдегі сөздерді иероглифпен жазатын аралас жазу типіне жатады.
Сөйтіп, корей жазуы тілдегі фонема саны әріп санына жуық (41:45), жазба тіл парадигмасының ұзақтығы жазба сөз синтагмасының үнемділігін жасайтын жазу болып табылады.
Сол сияқты әріп саны көп, бірақ жазу процесі үнемді әліпбиқатарына жапон алфавиті жатады. Жапон жазуы б.э.д. VIғ. қытай иероглифтерінің негізінде жасалды. Жазба тілінде екі әліпби түрі бар: хирагана, катакана. Мұндағы катакана алфавиті тек шеттілдік сөздер мен шеттілдік адам, жер-су аттарын жазу үшін пайдаланылады. Жапон жазуы буын жазуы мен иероглиф жазу бірге қолданылатын аралас жазу типіне жатады. Әліпбиде 5 дауысты (а, и, у, э, о) фонема дауыссыз фонемамен (к, с, т, н, б, ћ, м, й, р, w, ң, п) буын құраған 51 әріп бар, мысалы, ка, ки, ку, кэ, ко, са, ши, су, сэ, со т.б. буындарының жеке-жеке таңбалары болады. Сонда төрт буыннан, 8 фонемадан тұратын хирагана сөзін 4 таңбамен береді.
Сөйтіп, ашық, жабық әліпби түрлерін салыстыра келе, ашық жазу түрі әріп саны фонема санынан әлдеқайда кем, жазу-оқу процесі біршама қиындық тудыратын, жазу экономиясы нашар әліпби жасайды деген ойға тоқталамыз. Ал жабық жазу түрлері тілдің дыбыстық негізінен шығатын, ауызша тіл жүйесіне жақын, әліпбидегі әріп саны тілдегі фонема санына сәйкес келетін немесе алдыңғысы сәл кем болатын жазу болып табылады дейміз.
Қазақ жазуының тарихына көз жіберсек, А.Байтұрсынұлы түзген тұңғыш қазақ әліпбиі тілдегі фонема санынан әріп саны екі есе аз фонематикалық жазу болды. Әліпбидегі әріп санының аз болуы, тілдегі сингармонизм заңының тұрақтылығынан шықты. Бұл әліпбидегі әріп санын қысқартуға көмегін тигізді. Көне түркі жазуында дауыссыз әріп таңбасы дауыссыз фонема санынан артық болды, дауыссыз вариациялары арқылы дауысты дыбыс реңкі белгіленді. Ғалымдар бұдан әліпбидегі әріп үнемділігі тілде өзара бір белгімен айырылатын жұптас дауыссыздардың және ол дауыссыздармен тіркесетін шағын дауыстылардың болуына байланысты деген теориялық тұжырымдар шығарды. Латын жазуында дауысты фонемаға бір әріп, дауыссыз фонемаға бір әріп телінді. Сөйтіп, әліпбиде 1 фонема: 1 әріп қатынасы болу керек деген түсінікті қалыптастырды. Алайда қолданыстағы жазу тұрғысынан сөз етсек, мысалы, қазақ әліпбиіндегі әріп фонеманы да белгілейді, әріп дыбыс реңкін де белгілейді. Мысалы, и – [ый], [ій], [ұй], [үй]; у – [ұу], [үу]; я – [йа], [иә], [а], [ә]; ю – [йұу], [йүу] дыбыс, дыбыс тіркесін де береді.
Жалпы, әліпбидегі әріп таңбасын қысқартудың мынадай жолдары болды: 1) дәйекше арқылы дауысты дыбысты таңбалауды үнемдеу; 2) дауысты таңбасын көбейтіп, дауыссыз таңбасын азайту; 3) дауыстыны таңбалауды азайтып, дауыссыздар таңбасын екі есе көбейту. Соңғы тәсіл орхон жазуында, біріншісі А.Байтұрсынұлының төте жазуында қолданылды.
Сонымен, қазақ әліпбиі саясаттың және басқа себептерден сингарможазудан (төте жазу) → акцентті-фонологиялық жазуға (латын, орыс графикасы) көшіп, орыс әліпбиінің 33 әрпін қабылдап, 9 жеке фонемасының таңбасымен бірге 42 әрпі бар әліпбиге айналып отыр.
Әліпбидегі я, ю, ё әріптері орыс әліпбиіндегі сөзді жіңішкертетін белгісінен айрылып, қазақ сөздері үшін тек й+а, й+ұ+у, й+ү+у, й+о дыбыс тіркесін беретін болды. э – әрпі тек кірме сөздерде, ал у, и таңбалары ый, ій, ұу, үу – дыбыс тіркестерін белгіледі. Щ әрпі қос ш-ны таңбалады.
Сонымен, қазіргі әліпбиіміздегі әріптер 1әріп:1фонема, дыбыс тіркесі: 1 әріп қатынасына құрылған дейміз. Және соңғы қатынасты көре отырып, әріп саны фонема санынан артық шыққан әліпби қолданып отырғанымызды көреміз: 9 дауысты фонема: 9 әріп, 17 дауыссыз фонема: 21 әріп, 3 дыбыс тіркесі: 3 әріп, сонда 26 фонема: 33 әріп (Мұнда цитаталық принцип үшін алынған орыс жазуының әріптері есепке алынған жоқ).
Бүгінде, қазақ жазуының латын графикасын қабылдау қарсаңында алдымен әліпбидегі әріп саны мен тілдегі фонема қатынасы ғалымдар назарын аударып отыр. Өйткені қолданыстағы әліпбиде 42 әріп, латын әліпбиінде 26 әріп бар. Жалпы жазу теориясында әріп саны фонема санынан кем әліпби – жетілген, әріп саны фонема санына тең әліпби – жетілдіруге болатын, әріп саны фонема санынан көп әліпби – жетілмеген, жетілдірілуі тиіс алфавит болып саналады. Біздіңше, бұл – жазу дәстүрі қалыптанған, жазу графикасы тұрақты ағылшын, француз, неміс жазулары тарапынан шығарылған теория. Сондықтан жазу үнемділігін жасаған қазіргі әліпбидегі таңбалар туралы ойлану керек. Мысалы, и, у, ю (и әрпінен басқа тіркесімде), я (и әрпінен басқа тіркесімде) таңбалары қазақ графикасына жазу үнемділігін әкелді. Тек й, ы, і әріптері бола тұрып, осы дыбыстардың тіркесін беретін и әрпінің алынуы, у әрпінің [ұу], [үу] тіркесінде, [у] дауыссыз фонемасын беруіне сәйкес емес. Яғни и-мен [й], [ый], [ій], у-мен [у], [ұу], [үу] дыбыстарын таңбалау орынды болар еді. Сөйтіп, әліпбиден бір әріп қысқарар еді.
Ал һ дыбысы, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов негіздеуі бойынша, төл сөздерде болмаса да, одағайларда кездесетін дыбыс. Н.Уәлиұлының айтуы бойынша, һ әрпі – кірме сөздердегі бейүндес буынның жігін жымдастыру қызметінде жұмсалатын маркерлі әріп. Мысалы, Ахмет, жићаз т.б. сөздерде буындардың жіңішке/жуан айтылуына сілтеп тұрады. Х әрпі сөз тұлғаларының мағынасын графикалық тұрғыда ажыратуға көмектеседі, кірме сөздерде жазылады. Проф. З.Базарбаева тілдің фонологиялық құрамының кеңеюі, дыбыс вариацияларының фонемаға айналу процесі, өзге тілдердің әсері барлық тілге тән универсалды құбылыс деген. Біздіңше, әліпби сол тілдің фонологиялық құрамын дәл, нақты көрсетіп тұруы керек. Мысалы, 55 әріптен тұратын кабардин жазуы өзгелердің сол тілді үйренуін тездеткені тарихтан белгілі. Әлде И.Бальдауф айқандай, “Әліпби тиімді болған сайын оның жетілдіретін тұстары көріне бере ме?”.