Тақырып №2.2.5. Қазақстанның орта ғасырдағы ел билеген тұлғалар мен ұлы қолбасшылардың тарихта алатын орны -2 сағат
-
Шыңғыс хан - Азияда біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері.
-
Сұлтан Бейбарыс - түркі әулеті Бахриден шыққан мамлюктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны.
-
Әмір Темір - Орталық Азия. жаһангері.
1.Шыңғыс хан, Тэмуджин, Темучин (1155 ж. ш., Онон өзені бойындағы Делиун-Болдак шатқалы – 25.8.1227, Сися мемлекетінің жері) – Азияда біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері. Ежелгі ру басшысы Есугей батырдың отбасында туылған. 12–13 ғасырдың басында монғол тайпасының өкілі Тэмуджин Орта Азия тайпаларын біріктірді, сөйтіп ол Орта Азия даласындағы ең құдыретті жаулап алушыға айналды. Өзінің әскери дарынының арқасында және дұшпандарының әлсіздігі мен бытыраңқылығын пайдаланып, 1183 – 1204 жылы өкімет билігі үшін күресте негізгі жауларын (Меркіт тайпасының көсемі Тохтадан бастап, Найман тайпасының басшысы Таян (Даян) ханға дейін) талқандады да, кең-байтақ территорияны басып алды, сөйтіп онда мекендейтін көптеген ру тайпалық одақтардың бірден-бір билеушісі болды. Осы жеңістері және тайпа көсемдерін өз маңына топтастыруға бағытталған бірсыпыра әлеуметтік шараларды жүзеге асыру нәтижесінде Тэмуджин дала ақсүйектері құрылтайының шешімімен 1206 жылы барлық тайпалардың ұлы ханы болып жарияланды да, "Шыңғыс хан” (түрікше "теңіз, мұхит” деген сөзден шыққан) лауазымын алады. Ішкі саясатта Шыңғыс хан мемлекетті басқару ісін бір орталыққа бағындыруға күш салды, түркі-моңғол тайпаларын "мыңдық” деп аталатын әскери-әкімшілік бөліктерге бөлді (өйткені хан талабы бойынша, бұл бөліктердің әрқайсысы 1000 атты әскер беруге тиісті болды). Шыңғыс хан бұларды жайылым жерлерімен қоса өз туыстары мен нояндарға еншіге бөліп берді. Империя әскері үш бөлікке бөлінді: оң қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар), орта қанат (гол). Мемлекет ішіндегі наразылықты басу үшін 10 мың адамдық жеке гвардия (кэшиг) құрды. Әскерде өте қатаң тәртіп орнатты: сәл кінәлі немесе қорқақтық көрсеткен әскери адамдар өлім жазасына кесілді, Шыңғыс хан әскери стратегия мен тактикада мұқият барлау, жауды жекелеп талқандау, тұтқиылдан шабуыл жасау, дұшпанды алдау үшін арнаулы топтардан тосқауыл қою, қыруар атты әскермен маневр жасау, т. б. әдістерді қолданды. Ұлы хан жазбаша іс жүргізуді ұйымдастырды. 1206 жылы ол әдеттегі құқық (яса) ережелерін бекітті. 1207 – 11 жылы Шыңғыс хан Сібір мен Шығыс Түркістанды (буряттарды, якуттарды, ойраттарды, қырғыздарды, ұйғырларды) бағындырды. 1211 жылы Цзинь мемлекетiне жорық жасады. 1215 жылы Пекинді алды. 1217 жылы Солтүстік Қытай түгел Шыңғыс ханның билігіне көшті. 1219 жылы Корея патшалығы Шыңғыс хан әскерлерінен тізе бүкті. Моңғол әскерінің Солтүстік Қытай мен Корея патшалығына жорықтарын ірі қолбасшы, әмір Мұқылай Гауин Жалаири басқарды. Қытайға қарсы шабуылдан кейін Шыңғыс хан әскерінің бір тобы 1218 – 19 жылы Жетісуды, 1219 – 21 жылы Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алды. Басып алған жерлерді Шыңғыс хан ұлыстарға бөлді де, ұлдарын үлестіріп берді. Кіші ұлы Төлеге Моңғолияның өзі, үшінші ұлы Үгедейге батыс Моңғолия, жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағы, екінші ұлы Шағатайға шығыс Түркістан, Жетісу мен Мауераннахрдың көп бөлігі, үлкен ұлы Жошыға Ертістен батысқа қарай Жетісудың солтүстік бөлігін және төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ бағындырылды. Қазақстан аумағы Шыңғыс хан империясының үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі – Жошы ұлысына, оңтүстік және оңтүстік-шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына кірді. Шыңғыс ханның тірі кезінде ұлдарын бөліп берген жерлер олар үшін тек қана пайда көзі болды, бірақ империя басшысына бағынышты болып қала берді. Шыңғыс хан өлген соң басшылық жорықтарын оның мирасқоры, Шыңғыс әулетінің хандары азды-көпті үзілістермен үсті-үстіне жүргізе берді. Бірақ күшпен, зорлық-зомбылықтың арқасында құрылған бұл ұлыстардың арасында ешбір саяси, экономикалық, этникалық байланыс болмады. Шыңғыс хан ұрпақтарын өз әулеттерін толығымен дербес етіп алуға, ал ұлыстарды тәуелсіз иеліктерге айналдыруға тырысуынан империя бірнеше мемлекетке ыдырады (Ақ Орда, Алтын Орда, Шағатай ұлысы).
2.Жамақұлы Бейбарыс (1223–1277) – түркі әулеті Бахриден шыққан мамлюктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс, Бибарыс деп те атайды. Оның шыққан тегі – қыпшақ. Бірақ қай жердің қыпшағы дегенге келгенде әр түрлі деректер айтылып, бірі – Хорезм, Дербент қыпшақтарынан десе, екіншілері маңғыстаулық еді дегенді айтады. Соңғы зерттеулер бұл дүдәмалдықтың түйінін шешіп, Бейбарыстың қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан атақты әулеттің тұқымы екені анықтауға мүмкіндік берді. Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен. Бейбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде сөйлеген, алдыңғы Азиядағы араб тілдес халықтармен тілмәш арқылы түсініскен.
Бейбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қожайыны Айдакин Бундукдаридің атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болды. Кейін Бейбарыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нажумиддин оны өзінің жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп ол енді жаңа әміршісінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді және қабылдайды. Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египет әскеріне қолбасшылық етеді.
Египеттің жаңа сұлтаны Муиззәддин Айбек Айюби әулетінің соңғы бастаған кезде, Бейбарыс бас сауғалап, Сирияға қашып кетеді. Содан мамлюктер Айбекті өлтіргеннен кейін ғана ол Каирға қайта оралады. Мұнда таққа жаңа отырған Мұзаффар Сайфуддин Құтұз сұлтан оны әскеріне басшы етіп, Сирия жеріне ішкерлей кірген моңғолдарға қарсы күреске аттанады. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста мамлюк қолы моңғолдардың тас-талқанын шығарады. Осы соғыста Бейбарыс ер жүректілігімен айрықша көзге түседі. Бірақ Құтұз, неге екені белгісіз, басқаларға сый-сияпат жасап, Бейбарысты елеусіз қалдырады. Осыған өкпелеген Бейбарыс өзіне ниеттес адамдармен келісіп, Каирға қайтар жолда Құтұзды өлтіреді. Жақтастары Бейбарысты Египеттің сұлтаны деп жариялайды. Сөйтіп ол әд- Мәлік әз-Заһир Руки-әд-Дүние вә-д-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әл-Салихи деген есіммен Египеттің тағына отырады. Билік басына келісімен Бейбарыс бар күш-жігерін крест жорығына қарсы шабуылға жұмсайды. Негізгі шабуыл 1265 жылы басталып, крест тағушы франктердің қамалдары бірінен кейін бірі алынады. Бұдан кейін Кіші армения патшалығына (1267 ж.) Кіші Азия селжұқтарына қарсы жорықтар жасап, берберлерді бағындырады.
Бейбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Бейбарыс мешіті» деп аталады.
Бейбарыс Хулагу әулетіне қарсы күресу мақсатымен Алтын Орда ханы Беркеге елші жібереді. Осыдан бастап Египет пен Алтын Орда арасында тұрақты дипломатиялық қатынас орнап, екі ел арасындағы одақтастық қашан Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталады. Өйткені бұл байланыстың осыншалық ұзақ уақытқа ұласып, берік сақталуының негізінде египет елін билеген Бейбарыс сұлтанның бір кезде тағдырдың қатал кесімімен қол үзіп қалған туған жеріне, ата бабасының еліне жақындауды мақсат тұтқан арман тілегі жатқан еді. Бұл, сайып келгенде, Мысыр елін «Қыпшақ Египеті» атандырған мамлюк-қыпшақтардың ортақ мүддесі болатын. Сондықтан олар Бейбарыстан кейін де, қашан мамлюк қыпшақ әулетінен күш кеткенше «Алтын Орда» атанған қыпшақ елінен, өздерінің ата мекенінен қол үзбеуге ұмтылады. Қатал тағдыр тағы да олардың жолын кесті. Египетте мамлюк-қыпшақтар билік басынан қуылды, Қыпшақ даласында Алытн Орда ыдырап кетті. Кезінде жат елге құл болып сатылып барса да, тектілігін танытып, қажымас қайраттың, мұқалмас жігердің үлгісін көрсетіп, билік басына көтерілген мамлюк қыпшақтардың рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана барып, Бейбарыс есімі арқылы ата мекеніне оралды. Қазір өзінің кіндік қаны тамған жерінде – Жайық өзенінің атырауында биік тұғырға орныққан Бейбарыстың ескерткішке айналған алып тұлғасы тәуелсіз елдің арайлы таңын жерлестерімен бірге қарсы алып, өшпес айғағындай болып асқақ тұр.
1277 жылы Бейбарысты уәзірі қыпшақ Қалауын у беріп өлтірді. Оның сүйегі Дамаскідегі Баб-әл-Барид зиратына қойылды. Осылайша Бейбарыс сұлтан мәмлүктер мемлекетін ірі державаға айналдырып, Мысыр мен Сирияны «крестілер жорығы», моңғол шапқыншылығынан қорғап қалды.
3.Әмір Темір (Темір бін-Тарағай Барлас, парсыша: تیمور لنگ — Тимур-е Ләнг, Ақсақ Темір, Темірлаң) (1336—1405 жж.) — Орталық Азия жаһангері. Әмір Темірдің (Темуридтер) империясының негізін қалаған. Барлас руынан шыққан, Кеште туған. Қазір бұл ӨзбекстанныңҚащқадәрия облысының Шахрисабыз қаласы. Барлас руы түркі тілдес тайпаларына жатқан, қазір ұрпақтары өзбек халқының ішіне кіреді. Барластар Шыңғысханның жаулануы кезінде, қазіргі Моңғолия жерлерінен Орта Азияға көшкен. Әмір Темірдің арғы атасы Қаражер бек еді, оның баласы Ижил бек еді, оның баласы Әйлеңгір бек еді, оның баласы Беркел бек еді, оның баласы Мұхаммед Тарағай еді, оның баласы Әмір Темір. Темір барластарның бір бөлігінің бекі, жетекшісі еді. Кейін өзіне басқа бектерін қаратты, Шағатай ұлысының хандары - Моғолстанның билеушілеріне қарсы көтеріліс бастаған. Темір басқарған жігіттері керуендеріне шабуыл жасаған, соңдықтан оны жасында баспашы болды дейді. Бектердің бекі болып, Шағатай ұрпақтарынан тәуелсіз мемлекет құрған. Бірақ Шыңғысханның тікелей ұрпағы болмағандықтан, өзінің лауазымы "хан" емес, "әмір" еді.Әмір Темір Тоқтамыс ханмен көп жылдар бойы соғыс жүргізеді.
Әмір Темір, Құтбуддин Темір Гүркап, Саїиб Қыран Ағзам Жанат Макан (9. 4. 1336, Қожа-Илгар Кеш, Түркістанда өмірге келген — 18. 2. 1405, Самарқан қаласында дүние салды) — қолбасшы, мемлекет қайраткері. Барлас тайпасының биі Тарағай бектің баласы. Әмір Темір алғашында Қашқадария уәлаятының билеушісі болды (1361). Осы кезден бастап ол Моғолстан ханы Тоғлұқ-Темірмен, оның ұлы Қлияс Қожа және Балх пен Самарқан әмірі Хұсейнмен билік үшін күрес жүргізіп, 1370 жылы Мауераннахрды өзінің қолына алды. Жас кезінде Түркістан маңындағы бір шайқаста аяғынан жарақаттанған. 14 ғасырдың 70-жылдары оның қолбасшылық дарыны толық ашылып, атақ-даңқы жер жүзіне тарады. Осман империясы мен Орталық Азия аймағында ол “Aksak Tіmur” (Ақсақ Темір), ирандықтарға Тимурленг, еуропалықтарға Тамерлан есімімен белгілі болды.Әмір Темірдің әскерлерінің тегеурінді шабуылдары арқасында Хорезм мемлекеті (1372 — 88), Шығыс Түркістан (1376), Герат (1381), Хорасан (1381), Қандағар (1383), Сұлтания (Оңтүстік Әзербайжан, 1384), Тебриз (1384), Иран және Ауғанстан толық бағындырылды. Бірнеше дүркін жойқын жорықтан соң Алтын Орданы күйретті. Әмір Темір 1370 — 90 жылдары Тоқтамыс хан мен Едіге әмірдің арасындағы алауыздықты шебер пайдалана отырып, Дешті Қыпшақ, Ақ Орда мен Моғолстанға 10-нан астам жойқын соғыс жорығын жасады. Әмір Темірдің Алтын Орданы талқандауы Ресейдің тәуелсіздік алуына оң жағдай жасады. 90-жылдары Әзербайжан, Дағыстан, Гүржістан (Грузия), Ирак Әмір Темір мемлекетінінің құрамына енді. 1398 жылы Үндістан басып алынды. Сирия мен Лубнан (Палестина) мәмлүктері бағындырылды. Алдыңғы Азияның басқа мемлекеттері де Әмір Темірдің билігін мойындады. 1402 жылы жазда Әмір Темір Анкара шайқасында Осман империясының негізгі әскери күшін талқандап, түрік сұлтаны Илдырым Баязидті (Баязид) тұтқындады. Әмір Темірдің үздіксіз соғыстарының нәтижесінде алып империя — Темір мемлекеті құрылды. Оның жалпы аумағы 14 млн км2-ге жетті. Әмір Темір 1405 жылы Қытайға жорыққа шыққанда жолай Отырарда қайтыс болды. Ол 68 жас, 10 ай, 9 күн өмір сүрді. Сүйегі Самарқандағы Гүр-Әмір кесенесіне жерленді. Әмір Темірдің 4 ұлы болды: Жиїангер (1356 — 1376), Әмір Шейї (1356 — 1394), Мираншах (1366 — 1408), Шаїрух (1377 — 1447). Темір әулетінен ұлы ғалым Ұлықбек (1394 — 1449), Моғол империясын құрушы Бабыр (1483 — 1530) сынды атақты адамдар шықты. Әмір Темір өлгеннен кейін мирасқорларының билікке таласуынан Темір мемлекеті ыдырап кетті. Ол әлемдік тарихта талантты қолбасшы, тегеурінді саясаткер ретінде қалған. Орталық Азиядағы бірқатар сәулетті ғимараттардың пайда болуы, қалалардың өркендеуі, шөл даладағы жер суландыру құрылыстарының салынуы, қолөнер мен сауданың дамуы Әмір Темір есімімен тығыз байланысты. Тарихи деректер оның қол астындағы аймақтардағы түркі, парсы, араб мәдениеті мен өнерінің өкілдері, ғалым-ойшылдары Әмір Темірдің тарапынан үлкен қолдау тапқандығын растайды.[2] Әмір Темір қазақ жерінде мәңгілік өшпес ескерткіш — қасиетті Қожа Ахмет Иасауи кесенесін салып қалдырды. Сонымен қатар жаулап алынған елдердегі Әмір Темірдің шектен тыс қатыгездігі оны күрделі тарихи тұлға ретінде танытады.
Тақырып № 2.2.6. Орта ғасырдағы өнер жұлдыздарының мәдениетке қосқан үлесі -2 сағат
-
Әбілқасым Фирдауси — шығыс ақыны.
-
Омар Хайям - парсы математигі, астрономы, ақын, философы
-
Донато ди Николло ди Бетто Барди - атақты мүсінші
1.Әбілқасым Фирдауси (940-1020) — шығыс ақыны. “Шаһнама” дастанын (ақын Дажини бастаған) 35 жыл бойы жазған, ол 55 мың бәйіттен (қостағаннан) тұрады. 1-нұсқасы 994 ж., 2-нұсқасы 1010 ж. біткен, тұңғыш рет 1829 ж. Үндістанда жарық көрді. Дастан 3 бөлімнен құрылған:
мифологиялық аңыздар,
батырлық жырлар,
тарихи шежірелер.
Сонымен қатар романтикалық, драмалық сарындағы бірнеше поэмалар, дидактикалық және филос. толғаулар енгізілген. Негізгі сюжет иран және тұран халықтарының басынан кешкен 4 мың жылдық тарихи оқиғаға байланысты өріледі. Жүсіп Баласағұни “Құтадғу білік” дастанында (1069) “Шаһнаманың” түркі тайпаларына жақсы мәлім екенін айтады. Қазақ халқы “Шаһнамамен” ертеден таныс. Поэма қаһармандары қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездеседі (мысалы, “Атымтай мен Наушаруан” ертегісі, “Иранғайып шаһ Ғаббас” дастаны т.б.). “Шаһнаманы” қазақ тіліне аудару ісі 19 ғасырдың 30-жылдарынан бастап қолға алынды. 1856—1870 ж. Ораз Молда “Шаһнаманың” үш аудармасын жасады, 1888 ж. Сердәлі ақын бір тарауын, 1914—1915 ж. Мұқамеджан Сералин (1872—1929) “Рүстем және Зораб” деген бөлімін аударды. “Шаһнаманы” тәржімалауда Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882—1939) көп еңбек сіңірді. Оның аудармасы 40 мың жолдық 3 бөлімнен тұрады (“Жәмшиднама”, “Рүстем-дастан”, “Дарап-нама”). Осылардың ішінен “Рүстем-дастан” 1961 ж. жарық көрді. Ақын Б. Алдамжаров “Мәнушеһір” тарауын аударды (1972). Абай Құнанбаев Әбілқасым Фирдауси ұстаз тұтты. Сондай-ақ “Шаһнама” дастаны Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев сияқты халық ақындарының шығармашылығына біршама ықпал етті. Әбілқасым Фирдаусиге қазақ ақындары С.Мұқанов, Қ.Бекхожин, Қ.Жармағамбетов, Ө.Күмісбаев т.б. жыр жолдарын арнаған.
2.Омар Хайям - көрнекті парсы-тәжік ақыны,парсы математигі, астрономы, философы (толық аты — Абу-ль-Фатх Омар ибн Ибрахим аль-Хайям) шамамен 1048 жылы Хорасанның Нишапур қаласында дүниеге келген, әрі сонда қайтыс болған. Жас кезінде жақсы отбасының тәрбиесінде болған, әрі өлеңге құмартып өскен, оның кейбір өлеңдері осы күнге дейін жеткен. Нишапурда жүмыс атқарған кезінде, сол кездегі оқымыстылармен бірлесіп сол замандағы күнтізбеге өзгерістер енгізген.
Әкесі Ибраһим лашық үй жасаумен шұғылданған, “һайям” – осы кәсіпке байланысты туған атау. Ғұмыры Балх, Самарқанд, Мерв, Исфаһан, т.б. қалаларда өткен. Әйгілі ғұламалардан дәріс алып, Аристотель мен ибн Синаның философиялық көзқарастарын қолдаған. Араб, парсы тілдерін қатар меңгерген ол “Болмыс және борыш туралы трактат” (1080), “Үш сауалға жауап”, “Жалпы ғылыми пән туралы ақылдың нұры”, “Өмір сүру туралы трактат” (1980 – 91), “Наурызнама” (1095 – 98), “Өмір сүрудің жалпылық қасиеті туралы трактат” (1105 – 10), т.б. философиялық еңбектер жазды. Салжұқ сұлтанының тапсыруымен күнтізбеге реформа жасады. Бұл күнтізбе бойынша әрбір 33 жылда 8 кібісе 7 рет 4 жыл сайын, 1 рет 5 жылдан кейін болады. Мұндағы уақыт айырмасы 5000 жылда 1 тәулікке теңеледі. Оның жыл санауы Григорий күнтізбесінен анағұрлым дәл. Омар Һайям еңбектерінің басым бөлігі математика ғылымының үлесінде. “Алгебра және әлмұқабала мәселелерін дәлелдеу туралы” трактатында математикалық тарихында тұңғыш рет үшінші дәрежелі теңдеулерді саралап, оларды шешудің жүйесін жасауға талпынды, куб теңдеулердің әр түрінің (барлығы 19) түбірін геометриялық тәсілмен шешуді ұсынды. Үш кітаптан тұратын “Евклид еңбектеріндегі қиын тұжырымдарға түсініктеме” зерттеуінің “Параллель түзулердің шын мәні туралы” деп аталатын бірінші кітабында Евклид ұғымына дәл келетін параллель түзулердің жаңа теориясы баяндалған. “Қатынастар, пропорциялар және олардың нақтылы мәні туралы” атты екінші кітабында Евклидтің қатынастар теориясын жетілдіріп, сандар мен шамаларға ортақ теория жасауға күш салды. “Қатынастарды құру және оларды зерттеу” туралы кітабында шамалардың рационал және иррационал қатынастарына сандық өрнек табу жөніндегі Әбу Наср әл-Фараби идеясын дамытып, сан ұғымын оң нақты сан ұғымына дейін кеңейту қажеттігін дәлелдеді. Омар Һайям еңбектеріндегі жаңалықтарды Әбу Жафар ат-Туси, т.б. математиктер дамытты. “Дене құрамындағы алтын мен күмістің мөлшерін анықтау тәсілі туралы” трактатында Архимед шешкен физикалық есептерді жетілдірді. Омар Һайям медицина, музыкалық теориясымен де шұғылданды.
Омар Һайям әлемге аян төрт тағандардың (рубай) авторы. Өлеңдерін парсы тілінде жазды, оның ақындығын алғаш таныған (1176) ғалым Байхаки еді. Ақын өмір мен өлім, жақсы мен жаман, жұмақ пен тозақ, қанағат пен обырлық, жастық пен кәрілік, махаббат пен зұлымдық, құштарлық пен тақуалық парқын төрт жолдан тұратын өлеңге сыйғызды. Оның рубайлары адамгершілік ұстанымдарға негізделген, ол әділетсіздікке қарсылық білдірді, қоршаған ортаға сын көзімен қарап, озық ойларын батыл айта білді. Өз ойын жеткізу үшін белгілі дәрежеде бейнелеу тәсілдерін қолданды. Мысалы, құмыра, пияла, дүкен, шеберхананы жырлау арқылы жаратушы мен әлемнің, адамның арақатынасын сипаттаса, адам мүрдесі топыраққа айналған жерден өсіп шыққан гүлді өмір мен материяның мәңгілік құбылысы ретінде бейнеледі. Ақын өлеңдерінде махаббатты жырлау арқылы метафоралық терең ой тұжырымдалды. Оның өлеңдерінен ақиқатқа талпыныс, тіршіліктің мәнін парықтау мен енжарлықты, екіжүзділікті әжуәлау сарыны байқалады. Омар Һайям өлеңдері аз сөзбен келелі ой айтуымен, қарапайым сөздердің өзара жарасымды үйлесім тауып, әуезді болып келуімен ерекшеленді. 19 ғасырда Э.Фицджеральд ақын өлеңдерін ағылшын тіліне аударды (1859). Бұл аударманы ғалым Теннисон “жаңадан ашылған планетаға” теңесе, кей ғалымдар тақырып әуендерін өзінше өзгертіп, кейде қосымшалар енгізіп жіберген деген пікір айтады (Идрис Шах “Суфизм”, М., 1994, 193 – 201-б.). Омар Һайям рубайларының І.Шаңғытбаев аударған нұсқасы (325 рубай) 1965 жылы жеке кітап болып шықты. Ө.Күмісбаев “Иранбақтың бұлбұлдары” атты жинағында бірнеше шығыс ақындарымен қатар Омар Һайям өлеңдерін аударды (2004). Омар Һайямның кесенесі Нишапур қаласында орналасқан.
3.Донато ди Николло ди Бетто Барди - атақты мүсінші Донателлоның толық аты. Отаны – Флоренция. 1386 жылы дүниеге келген. Ауқатты отбасынан шықса да, әкесінен ертерек айырылып, жетімдік пен жоқшылықтың азабын басынан өткереді. Ешқайда ұзап шыға алмай, өмірінің көбін өзінің туған қаласында өткізді. Еңбек жолы сол кездегі әйгілі мүсінші Лоренцо Гиберти шеберханасында басталды. Донателло қажымай-талмай ізденді, өткен заманнан келіп жеткен өнер ескерткіштерін үлкен ықыласпен зерттеді. Әсіресе антикалық мәдениет үлгілеріне ден қойып, өзінің творчетвосына нәр іздейді.
Бұл кезде Флоренция қаласында атақты Санта Мария дель Фьеро ғибадатханасының құрылысы қызу жүріп жатқан еді. Оның тезірек бітуіне қала әкімдері орасан зор маңыз береді. Ғибаданхананы салуға белгілі сәулет өнерінің маманы, архитектор Филиппо Брунелелески басшылық етеді. Ол сол кезеде жаңа таныла бастаған Донателлоны қызметке шақырып, собордың ішкі жағын әшекейлеуді жүктейді. Жас шебер орасан көп еңбек сіңіріп, өзінің болашағынан зор үміт күттірген мүсінші екенін көрсетеді.
XV ғасырдағы Флоренция ірі өнеркәсіп, мәдениет орталығы еді. Онда неше алуан цехтар жұмыс істейтін. Және олардың әрқайсысының дербес туы, гербі, қамқор әулиесі болды. Сондай қолөнер цехтарының бірі қару-жарақ шығаратын-ды. Оған Георгий әулие қамқорлық етті. Міне, осының барлығы сол кездегі өнердің басты тақырыбына айналды. Бұған дейін де, бұдан кейін де творчествоға өзек болды. Мәселен, суретшілер, мүсіншілер Георгийді алуан қырынан алып бейнелеген еді. Көбіне ақбоз ат мінгізіп сері ретінде көрсететін. Ұзын сапты өткір найзамен алпауыт айдаһарды өлтірген батырдың тұлғасын тек бір қырынан беруге бейім еді. Мысалы, мүсіншілер ауыздығымен алысқан атты, сосын азу тісті алты қарыс айдаһарды мүсіндеумен шектелді. Ал, басты кейіпкер – Георгий ішкі дүниесін тереңірек ашып, кесек тұлғасын жасауға онша мән бермейтін.
Осылай ғасырлар бойы қалыптасқан трафареттен бас тартқан Донателло әулие Георгий образын бүтіндей басқаша бейнеледі. Ол батыр образын мейлінше шынайы етіп көрсетуге тырысты. Георгий мүсінші кескіндеуінде сұңғақ бойлы, талдырмаш жас жігіт. Ол сауыт-сайман асынбай, жеңіл киінген. Жүзінде сабырлылық пен өжеттілік бар. Болат қалқанға сәл ғана сүйеніп, әлденеге ойланған қалыпта. Жанары өткір. Тұлабойын бұла күш кернеген жас батыр қандай да болсын сыннан сүрінбей өтетініне кәміл сеніммен қарайды. «Флоренция республикасына төнген қауіпті жеңу үшін дәл осындай арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жауынгер, ел қамқоршысы болар азаматтар керек» деген ой туғызады. Донателло бұл туындысы арқылы ердің Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін, қаһармандық бейнесін көрсетпек болды. Мүсінші еңбегінің осы қырын кезіндегі Флоренция әкімі Козимо Медичи және өнер сыншылары жоғары бағалаған еді.
1431 жылы Донателло Римге саяхат жасады. «Мәңгі қаладағы» көптеген айнтикалық ескерткіштерді түгелдей көріп, оларды зерттеді. Тіпті соған орай арнайы альбом жасап, оны суретке толтырды. Олардың көбі мүсінші қиялының қағазға түскен алғашқы бедерлері еді. Кейін қолға алмақ шығармаларының сұлбасы еді. Ол әулие Георгийден кейін өз творчествосының бағыт-бағдарын біржола анықтап алады. Артынан өшпейтіндей із қалдырған ерлердің ерлігі, адамзат баласы асқан ұстар адамгершілік қасиеттері оның өзекті де өміршең тақырыбана айналды. Соны ең басты мақсат етіп қойды. Соның бір айғағы, талай ұйқысыз түндерден кейін туған қоладан жасалған Давид мүсіні. Бұл тақырып ежелгі еврейлердің қасиетті кітабы – библиядан алынған. Иуда патшалығы мен филистимлян әскерін көзсіз батыр адам басқарады. Ол – екі иығына екі кісі мінгендей алып тұлғалы, айбынынан арыстан именгендей аса сұсты Голиаф еді. Оның аты аталған кезде сен тұр мен атайын дейтін дұшпанның тізесі қалтырап, төбе шашы тік тұратын болған. Еңіреп отырған бала жылауын қояды екен. Сондай айдарынан жел ескен қаскөй батырға қарсы келетін ел ішінен еркек кіндікті бір адам табылмай қояды. Қырық күн бойы қырғын салған ол халықты қанға бөктіреді. Ел басына нәубет төніп тұрған осындай қиын-қыстауда Саул патшаның шатырына бақташы бала Давид кіреді. Иіліп сәлем беріп болған соң: «Қатерлі жауға мен шабамын!» - деп Давид өз тілегін білдіреді. Баланың батылдығына таңқалсада бақай есептілер басындырғысы келмейді. Өзеуреп отырған жұрт оның бұл тілегіне ду күліп, мысқыл сөзбен шығарып салады.
Бірақ бала тілегін қабыл алмасқа да шара қалмайды. Ақыры дүлей күштің тәңірісіндей Голифқа бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған Давидті қарсы шығарады. Бала қолына бар-жоғы таяқ пен сақпан ұстайды. Мына келемежге күйінген Голиаф долдана ұмтылған сәтте тас салған сақпанды жас батыр айналдырып-айналдырып келіп, жауға қарсы тартып жібереді. Өткір тас сарт етіп Голиафтың маңдайына тиеді. Жай тимейді, маңдай сүйегін парша қылып тесіп өтеді.
Донателло шығармасына арқау болған осы аңыздағы Давид ерлігі шынайы қалпында мүсінделген. Сіз Голиафтың басын алған өр тұлғалы батыр баланың семсерді жерге қадап, сол аяғымен жауының басын басып тұрған сәтін көргенде, осындай жұмбақ сырға тап боласыз. Давидтің кәрленген жүзінен жауыздыққа деген өшпенділік табын, қан жұтқан халқының өшпес кегін көргендей әсерде қаласыз.
Ғасырлар бойы көрген адамның көңілін өсірген осынау таңғажайып туындыны терең ашып беру үшін мүсіншіге асқан шеберлікпен қатар, сөз жоқ творчестволық батылдық керек болды. Олай дейтініміз, адам сымбатын жалаңаш мүсін арқылы бейнелеу Қайта өрлеу дәуіріндегі өнердің айрықша жаңалықтарының бірі еді. Бұл дәстүрді бір ғасыр өткен соң атықты мүсінші әрі суретші Микеланджело одан әрі дамытты.
Өнер өлкесіне шалқар шабытпен бірге шынайы халық сүйіспеншілігін қатар ала келген Донателло осыдан кейінгі (1443-1453 ж.ж) он жылын Падуя қаласында өткізген. Осы жылдар ішінде қажырлы еңбек, талмас ізденіс «Гаттамелата» сынды кесек дүниені өмірге әкеледі.
Падуя қаласының орталық алаңындағы Базилика дель Санто ғибадатханасының алдында ауыздығымен алысқан ат үстінде қолбасшы (кондотьер) Эрамзо Нарни Гаттамелата отыр. Барлық саналы өмірін түн қатып, күн кешкен жорықтарда, қан төгіс соғыстарда өткізген қарт жауынгердің жүзінен батырға тән айбынды аңғарасыз. Тосыннан тиер жауға айбат шеккендей, тіпті қымсыздану қыр көрсеткендей қалып танытады. Тұла бойын сарқылмас күш, жігер мен қайрат кернеп алғандай көзге шалынады. Батырдың сырт тұлғасы арқылы ішкі тылсым иірімдері осылай астасып, осылай көрініс табады. Автордың бұл статуясынан антикалық ескерткіштерге тән кейбір элементтерді де байқауға болады. Ол, сірә, Донателлоның тарихи мұралардан көп үйренгендігін көрсетеді. Және бір айта кететін жайт, Гаттамелата статуясы Қайта өрлеу дәуірі кезінде жасалған салт аттының тұңғыш мүсіні. Осы себептен Гаттамелата ескерткіші ғасырлар бойы көптеген мүсіншілер мен суретшілердің үлгі тұтар өнегесі болып келді.
1453 жылы 63 жастағы Донателло туған қаласы Флоренцияға қайта оралды. Күш-қайраты сарқылмаған кәрі тарлан творчестволық ізденуді тоқтатпады. Көптен бері көңілінде жүрген бір тамаша ойды жүзеге асыруға кірісті. Бұл - өжет қыз Юдифь ерлігі. Миф бойынша Юдифь деген қыздың туған қаласы бір жыл бойы жау қоршауында қалады. Халық жүдеп-жадап, еңсесі түскен кезде әлі бұғанасы қатпаған жас қыз Юдифь көзсіз ерлікті көрсетеді. Түнде қаладан шығып, жау жатағына барады. Арақ пен шарапқа мас болып отырған дұшпан елінің әскер бастығы Олофернді өз қылышымен басын кесіп, елін жаудан аман алып қалады.
Осындай аңызға айналып, ұрпақтан –ұрпаққа хикая болып жеткен тамаша ерлік , жан сүйсінер батырлық талай шеберлердің тіліне тиек, ойына өрнек болған еді. Осы ерлікті көрсету үшін кәрі шебер іске шабыттана кіріседі. Донателло шеберлігінің тағы да бір қырын баяндайтын Юдифь мүсіні біздің заманымызға дейін жетіп, Флоренциядағы Палаццо Векко алаңында қойылды.
Ұлы мүсінші Донателло 1466 жылы 13 желтоқсан күні қайтыс болады.
Достарыңызбен бөлісу: |