ПОӘК 042-18-18.1.31/03-2013
|
№ 1 басылым 18.09.2013
|
86 беттің беті
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ
СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
|
3 деңгейлі СМЖ құжаты
|
ПОӘК
|
ПОӘК
042-18-18.1.31/03-2013
|
«Қазақ хандығының құрыулы және дамуы» пәнінің оқу-әдістемелік кешені
|
№1 басылым
18.09.2013
|
«ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ
ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ДАМУЫ»
ПӘНІНІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІНІҢ
ОҚУ - ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛЫ
5В020300 «Тарих» мамандығы үшін
СЕМЕЙ -2013
1 ҚҰРАСТЫРЫЛДЫ
5В020300 «тарих» мамандығы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік стандарты арнайы пәннің типтік бағдарламасының негізінде жасалған. Құрастырушы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы П.Санкайбаева
«__03__» __09__ 2013 ж.
2 ҚАРАЛДЫ
-
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің
« Қазақстан тарихы» кафедрасының отырысында қаралды
Хаттама №_1__ « 03_»_09_ 2013 жыл
Кафедра меңгерушісі ____________ Н.Мухаметжанова
2.2 ГЗФ оқу-әдістемелік бюросының отырысында талқыланды
Хаттама №_1__ «_05_»__09_ 2013 жыл
ОӘБ төрағасы_________ Ш.Кеңесбаева
3 БЕКІТІЛДІ
3.1 Университеттің оқу-әдістемелік кеңесінің отырысында мақұлданды және баспаға ұсынылды
Хаттама №_1___ «_18_»__09__2013 жыл
ОӘК төрағасы_________ Г.Искакова
4 АЛҒАШ ЕНГІЗІЛДІ (немесе № 4 «_13_» 09._ 2012_ ж. баспа ОРНЫНА)
Мазмұны
-
Глоссарий
-
Дәрістер
-
Практикалық сабақтар
-
Студенттердің өздік жұмысы
І. Глоссарий:
1. Аридтік аймақ- ауа райы құрғақ аймақ.
2. Гоминид- адамның арғы ата-бабалары.
3. Матриархат- аналық рулық қауым.
4. Патриархат – аталық рулық қауым.
5. Тұрақ-ежелгі адамдар мекені.
6. миф-аңыз,ертегі.
7. Методология- зерттеу әдістерінің жиынтығы.
8. Шежіре- төтенше маңызды жазба дерек.
9. Руналық- ежелгі түркі жазуы.
10. Шаньюй- ғұндар көсемі, ханы.
11 Түркі- «төркін», «әскери ақсүйек».
12. Қаған- ең жоғарғы әскери лауазым, хан, тек.
13. Эфталиттер- ақ ғұндар.
14. Половецтер- қыпшақ тайпалары.
15. Протогород- үлкен, қала тектес қоныстар.
16. Вассал- біреуге бағынышты, тәуелді.
17. Моңғол империясы- Шыңғыс хан және мұрагерлері құрған мемлекет.
18. Тархан- ақсүйектерге берілетін әскери лауазым.
19. Ұлыс бектері- тарханнан төмендеу билік иесі.
20. Қараша бектер- қара сүйектен шыққан билеуші.
21. «Яссы» (Жасақ)- Шыңғыс ханның заңдар жинағы.
22 Тамға-ерекшелік белгісі, таңба.
23. Құл- ешқандай құқы жоқ, басыбайлы адам.
24. Тарихнама- шежіре, ауызша және жазбаша естелік.
25. Әз, Әз Жәнібек, Әз Тәуке- әділ билік жүргізген ел басыларына айтылатын билік сөзі.
26. «Қасым ханның қасқа жолы» - Қасым хан кезіндегі мемлекеттік құқықтың негізін реформалау үлгісі.
27. «Жеті Жарғы»- Әз Тәукенің билік және заң қағидалары.
28. «Қазақтардың алтын ғасыры»- Тәуке хан билік құрған жылдар.
29. «Жоңғар» - батыс-моңғол тайпалары, «сол қол » деген ұғымды білдіреді.
30. «Ойрат» - төрт тайпа одағы деген ұғым.
31. «Қоңтайшы»- Жоңғар билеушісі.
32. Торғауыттар- еділ бойы қалмақтары.
33. Бодандық- өз еркімен бағыну, бой ұсыну.
34. Елші-бір елдің өкілі, дипломат.
35. Төре, қожа- жоғарғы діни қабаттың өкілдері.
36. төлеңгіт- төрелерге қызмет етуші әлеуметтік топ.
37. Сұлтан- ақсүйек, Шыңғыс хан ұрпағы.
38. рулық одақ- «Ата балалары» , біріккен тарихи топ.
39. Тайпа- біріккен бірнеше рулық одақ.
40. Жырау- философиялық толғау- өлең шығаратын халық әдебиет өкілі.
41. Би- шешен, халық мойындаған ру-жүз, мемлекет қайраткері.
42. Отар- бір елді екінші бір үлкен елдің күшпен немесе саяси әдіспен жаулап алуы.
43. Зекет, харадж- алым-салық түрлері.
44. болыс- 8-15 ауылдан тұрды (19-ғасыр)
45. Автономия- жеке билеу құқығы бар мемлекет.
46. Федерация- бір мүдделі бірнеше мемлекеттер одағы.
47. Репрессия- жазықсыз жазалау, қудалау шаралары.
48. «Жылымық жылдар»- 1953-1964 жылдар аралығындағы Н.С. Хрущевтік кезең.
49. Қайта құру – 1985ж. КСРО басшысы М.Горбагевтың саясаты.
50. Егемендік туралы декларация – 1990ж. 25- қазандағы Қазақ КСР-нің тәуелсіздігі туралы құжат.
51. Мемлекеттік рәміздер – ту, елтаңба, әнұран.
52. Конституция – Ата заң, мемлекеттің негізгі заңы. .
53. Сенат- Парламенттің Жоғарғы палатасы
54. Үкімет – мемлекеттің атқарушы органы
55. Президент – Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша ең жоғарғы мемлекеттік лауазымы
2. Дәрістер :
Дәріс сабағының құрылымы
Тақырып 1. Қазақ хандығының құрылу тарихы
1.Қазақ хандығының пайда болуы мен дамуы
2.Қазақ тарихының саяси тарихы
1-сұрақ: Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы (15-17 ғғ.) Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде 14-15 ғғ. болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдайы 15 ғ. 2 жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.
Әсіресе Әбілхайыр (1428-1468) Жошы-Шайбан- Дәулет-Шайх оғланның ұлы хандығы өте нашар еді. Территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты.Бір орталықа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. 30 жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандады. Сыр бойындағы далада Жошы әулетінің Махмұтханы мен Ахметханын(Тоқа Темір тұқымы) жеңді. 1446 жылы Әбілхайыр Темір ұрпақтары мен Ақ Орда хандары ұрпақтарынан Сыр бойы мен Қаратау баурайындағы - Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты қалаларды басып алады. 1457 ж. Үз-Темір тайшы бастапан ойраттардан (жайылым жер іздеген) Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Масқара ауыр шарт жасасып, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілхайыр өз ұлысында, қатал тәртіп шараларын орнатуға кіріседі. Бұл халық бұқарасының оған деге өшпенділігін күшейтті. Нәтижесінде халықтың жартысы Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп барулары еді. Оны Жәнібек пен Керей басқарды.
2-сұрақ: Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі бұқара феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстарға наразылық ретінде , хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударды. Сөйтіп, 15 ғ. 50-70 жж, яғни 1459ж. Әбілхайыр хандығынан Жетісудың батысына Есенбұға хан иелігіне Шу мен Талас өзендерінің жазықтығына көшіп келді. Олардың қоныс аударуының бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өз ықпалын тигізді. Жетісу рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталыпына айналды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Моголстан ханы Есенбұға өзінің солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланғысы келді. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы . Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы табиғи құбылыс. Мырза Мұхамед хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465-1466 жж.) жатқызады.
Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Бұлардың тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайтуға үлес қосты. Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинапан және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей , Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 ж. Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері- оның ұлы Шайх -хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды.
Сыр өңірі мен Қаратау - қазақ хандарының Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандар сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз құқықтарын орнатуға тырысты. Сондай-ақ Сырдың төменгі және орталық сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді.
70-жылдары Сауран, Созақ түбінде, үлкен шайқастар болды. Асыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Осындай шайқастардың бірінде көрнекті қолбасшы Керейдің ұлы Мұрындық болды. Ол 1480 жылдан бастап хан болды. Соның нәтижесінде 15 ғ. 70-ж-да қазақ хандығының шекарасы кеңейе берді. Оңтүстік қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да толастамады. Батыс Жетісудағы иеліктеріне оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің орнығуы, Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға кетуге мәжбүр етті. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды.
Сонымен қазақ хандығының құрылуына ұйтқы болған себептер - саяси және этникалық процестер болды. Оның басты этапы - Керей мен Жәнібектің қол астындағылармен бірге көшпелі өзбектердің басшысы Әбілхайырдан кетіп, Моғолстанның батысына қоныс аударуы. Мұндағы маңызды оқиға - Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың өзбек-қазақтар, кейін тек қазақтар деп аталуы. Әбілхайырдың өлімінен кейін Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына келіп, үкімет билігін басып алуы. Жаңа мемлекеттік бірлестік Қазақстан атана бастады.
Тақырып 2 . Қазақ хандығының өрлеуі
1.Қасым хан саясаты
2.Қасым хан ұстанған саясат және оның заңы
1-сұрақ: Жәнібекұлы Қасым хан (1445-1518) – қазақтың ұлы хандарының бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның ортаншы баласы. Шешесі Жаған бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңлісі.
Қасым әуелгі кезінде Бұрындық ханның атты әскерін басқарады. Ол осылай жүріп, қан майдандағы ерлігімен, ел басқаруға қосар ақылымен, көрші елмен байланыста қиыннан жол табар саясаткерлігімен, жұртты соңынан ертіп әкетер шешендігімен ел көзіне ерте түссе де, жеке билікке ұмтылмай, ел бірлігіне жарықшақ түсірмей, Бұрындық ханның дегеніне көніп, оған қалтқысыз бағынады. Сол кездің куәгері, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Ол (Қасым) әкесінің үлгісі бойынша барлық жағдайда Бұрындыққа бағынды, соған тәуелді болды» деп жазады. Бірақ Қасымның тәуелділігі Бұрындықтың ел басқарудағы қабілетсіздігіне араша түсе алмайды. Ақыры ол хандығын тастап, Самарқандағы қызына кетуге мәжбүр болады. Сонда қаза табады. Осыдан кейін барып, Қасым билікті өз қолына алады.
Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы өзінің дәуірлеу биігіне көтеріледі. Ол қауіпті көршісі Мұхаммед Шайбаниді талқандап, оның мемлекетінің құлауына себепші болады. Моғолстанның ханы Сұлтан Саид ханмен достық қатынас орнатады. Сондай ақ ол таяу көршілерімен ғана емес, сырт елдермен, мысалы, Мәскеу мемлекетімен терезесі тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнатып, орыстың сол кездегі кінәзі ІІІ Василиймен байланыста болған.
Қасым ханның ел басқарудағы кемеңгерлігіне, қол астындағы халқының қамын ойлар даналығына тәніт болған көрші елдердің тынымсыз қақтығыстан мезі болған ру-тайпа көсемдері әр кезеңде ақырын жылысып, мұның қарамағына еніп жатқан. «Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағы халықтың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен халықтың махаббатына бөленді. Осы бейбітшілік сүйгіштігімен Қасым хан халықтар араснда ерекше әйгілі болды» деп жазады Әлихан Бөкейханов.
Керей хан мен Жәнібек хан тарихта Қазақ хандығының іргесін қалап, шаңырағын көтеруімен ерекшеленсе, Қасым хан сол хандықты нығайтып, халқын көбейтіп, жерін кеңейтіп, даңқын алысқа жаюымен, «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен халық жадында сақталған қазақтың тұңғыш конституциялық құжатының негізін жасауымен әйгілі болған ұлы хан.
Ол қартайып барып, Сарайшық қаласында өз ажалынан 1518 жыл (кей деректе 1523/24 ж.) қайтыс болады. Тарихшы А.П.Чулошников Қасымханның Сарайшықтағы мазарының ХVII ғасырдың басында құламай аман тұрғанын жазады.
Шамамен 1445 жылы дүниеге келген, 1518 жылы қайтыс болған Қасым хан мен Қазақ хандығының негізін салған Әз Жәнібектің ұлы. Анасы Жағанбегім – Мұхаммед Шайбани ханның кенже інісі Махмұд сұлтанның апасы.
Қасым ханның мемлекетті басқару әдістері, ішкі және сыртқы саясаты туралы мәліметтер өте аз. Қасым хан есімі бірінші рет Мұхаммед Шайбани жөніндегі жазбаларда аталады. Ол мәліметтерде Қасым ханды «атақты сұлтандар мен батырлардың бірі», «Бұрындық ханның атты әскерінің басшысы» деп атайды. Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, жат елде қаза болған соң, Қасым хан билікті өз қолына алды.
Қасым хан билік құрған кезеңде де қазақтар мен Шайбани әулеті арасындағы Сырдарияға жақын қалалар үшін қақтығыстар мен шайқастар болып жатты. 1510 жылы қыста Шайбани ханның әскерлері Ұлытау баурайындағы Қасым хан ұлысына шабуыл жасайды. Қасым хан олардың бетін қайтара алмайтынын түсініп, шегінеді, біраз уақыттан соң күтпеген жерден шабуыл жасап, өз қарсыласын жеңеді.
1511 жылы Қасым хан билікке қол жеткізгеннен кейін, Қазақ хандығы Қасым хандығы деп атала бастады. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды. Қасым хандығының аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қалаларына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылып жатты. Кейбір мәліметтер бойынша, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының шекарасы солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш өзенінің жағалауын қаитып, ал солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін жететін.
2-сұрақ: Қасым тұсында Қазақ хандығы халқының саны бір миллионнан асатын. Сондықтан да ол халықаралық саясаттан тыс қала алмайтын. Қасым хан заманында Қазақ хандығы еуропалық аренада әйгілілік пен саяси қуаттылыққа қол жеткізген еді. Қазақ хандығымен алғашқы дипломатиялық байланыс орнатқан көршілес Москва мемлекеті болды. Бұл князь Василий ІІІ билік құрған жылдары (1505-1533) жүзеге асты. Қазақ хандығының тағы бір ерекшелігі – бұл кезеңде қазақтар Батыс Еуропада жеке этникалық қауымдастық ретінде таныла бастады. Австриялық дипломат Зигмунд Герберштейн Еуропа оқымыстыларының арасында алғашқылардың бірі болып қазақтар туралы өзінің «Москвалық жазуларында» айтып өтеді. Тарихта бұл ұлы тұлғаның ұстанған бағыты «Қасым салған қасқа жол» атанып қалды.
Сыртқы саясатта Қасым хан Сырдария бойындағы қалалар үшін Шайбани әулетімен күрес жүргізіп отырды. Осыған байланысты қазақ басшыларының маңғыттар және моңғолдармен одақтық байланысы қалыптасты. Қасым хан өзінің билік құрған кезеңінің басында Сайрам қамалын алды, Мауреннахр қамалын басып алуға біраз әрекет жасады.
1513 жылы Қасым хан Қараталда болған кезде, Сайрам басшысы Қаттабек қаланы оған беріп, Қасым ханды өзбектерге шабуыл жасауға үгіттейді. Қасым хан қазақтар мен маңғыттардан үлкен қол жинап, Ташкентке жорыққа аттанады. Өзбек ханы Сүйеніш қожаның әскерімен болған Ташкент түбіндегі шайқаста Қасым хан жараланып, шегінеді. Бұдан кейін шамамен сол жылы Қасым хан Шу өзенінің жағасындағы ордасында Ташкент басшысы Сүйеніш ханға қарсы Моғолстан ханы Саидпен одақтас болады. Екі басшы бірігіп, Ташкентке жорық жасауға келіседі.
Алайда қыстың таяп қалғандығына байланысты, келісімді жүзеге асыру кейінге қалдырылады. 1516-1517 жылдардың қысында Шайбанид әулетінің сұлтандары бірігіп, қазақтарға қарсы жорықты бастайды. Ортаазиялық өзбектердің қыпшақ жеріне жасаған жорығының мерзімі Қасым хан билік еткен кезеңге сәйкес келеді.
Мұхаммед Хайдардың жазбаларына қарағанда, Қасым хан 1518 жылы қайтыс болған. Ал Тахир Мұхаммед өзінің «Раузат-ат Тарихирин» атты еңбегінде Қасым ханның өлген уақыты 1523-1524 жылдар деп көрсетеді. Қадырғали Қасымұлы Жалайырдың сөзі бойынша, Қасым хан Сарайшық қаласында қаза болған. Қасым хан өлгеннен кейін, өзара қырқысулардың өрши түсуіне байланысты, Қазақ хандығы біраз әлсіреді, ал моғолдар мен қазақтардың арақатынасы өзгерді.
XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатты. «Қасым ханның қасқа жолы» - осының куәсі.
«Қасқа жол» - деп аталатын заң, қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған. Оның жасалуына себеп болған жағдайлар мыналар:
1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді;
2. Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді;
3. Хандық билік этникалық территорияға толық тарап, рөлі артты;
4. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейді.
Міне, осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі. Бұл заңның жазбаша мәтіні болмаса да қазақ есінде заң атының жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз.
Әдебиеттер:
-
Қазақ хандығының және қазақ халқының құрылуы: Қасым хан туралы // Жолдасбайұлы с. Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан.- Алматы, 1995.- Б.151-154
-
Қазақ хандығының күшейуі және кеңеюі. Қасым ханның тұсында // Қазақтың көне тарихы.- Алматы, 1993.- Б.240-244
-
Қазақстанның Россияға қосылуының тарихи алғы шарттары: Қасым хан туралы // Сабырханов А. Ұлы бетбұрыс.- Алматы, 1981.- Б.11-12
-
Қасым хан // Алтын Орданың құрылуынан құлауына дейін.- Алматы, 1998.- Б.116-119
-
Қасым хан // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б. 66-68
-
Қасым ханның тұсындағы қазақ хандығы // Қазақ ССР тарихы.- Алматы, 1957.- Т.1. – Б.157-159
-
Кәріпбаев Б. Аты аңызға айналған хан // Қазақ тарихы.- 1996.- №1.- б.37-42; №2.- Б.26-29
-
Кәрібаев Б. Қасым хан // Егемен Қазақстан.- 1996.- 24 желтоқ.
9.Қаратаев Т. Тарихтағы аттас тұлғалар: Қасым хан
// Қазақ тарихы.- 1998.- № 4-5.- Б.54-55
Тақырып 3: Қазақ хандығы ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда
1.Хақназар хан және оның заманы
2.Тәуекел хан және Есім хандар: оның заманы кезеңіндегі қазақ хандарының саси тарихы
1-Сұрақ: Қасым ханның баласы Хақназар (Ақназар) хан тұсында қазақ хандығы қайта бірігіп дами түсті. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол ел басқару, қиын-қыстау, әскери-саяси істері жағында қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екендігін көрсетті.
Хақназар хан таққа отырған соң хандық үкіметтің билігін нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тапир хан және Бұйдаш хан тұсында бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. 1523-1524 жылдары жарыққа шыққан қазақ-қырғыз одағын үздіксіз нығайтты, тіпті сол заманның тарихи деректерінде Хақназар хан "қазақтар мен қырғыздардың патшасы" деп аталды. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді.
Хақназар хандық құрған дәуірде қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар туды. Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай ірге кеңейтіп 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахань хандығын Россияға бағындырды. Осы жағдайға байланысты, Еділ мен Жайық арасында ұлан-байтақ өңірді мекендеген Ноғай ордасы ыдырай бастады. Ноғай ордасын билеген маңғыт мырзаларының арасында үкімет билігіне таласқан феодалдық қырқыс үдей түсті, бұл қырқыстар халық бұқарасын қатты күйзелтіп, жаппай наразылық тудырды, Ноғай одағы құлдырап, ауыр дағдарысқа тап болды. Хақназар хан тұсында Қазақ хандығының күшеюі және халық өмірінің оңалуы, Ноғай ордасына қарасты қазақ тайпаларын қызықтырып өзіне тартты. Ноғай одағына қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлігі қаңлылар, қыпшақтар тағы басқалар Қазақ хандығына келіп қосылып жатты.
Оларды Хақназар хан қарсы алып отырды. Ноғай ордасы н билеушілерінің бірі Ысмағыл мырза ішкі феодалдық қырқыста өз ағасы Жүсіп мырзаны өлтірді. Жүсіп мырзаның балалары Ысмағыл мырзамен соғысты. Ноғай ордасында өзара қырқысқан екі топ пайда болды. Ысмағыл мырзаның тобы Москва княздығына қосылуды жақтады, оған қарсы топ Қазақ хандығына қосылуға бой ұрды. Бұл жағдайды пайдаланған қазақ ханы Хақназар Ноғай ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың кіші жүзі алшын одағына енген тайпалар) өзіне қосып алды. 1557 жылы Ноғай мырзасы Ысмағыл орыс патшасы Иван IV ке: «Менің туыстарым қазір Жайықтың арғы жағында, бізден қалып қойып, қазақ патшасына қосылып кетті» деп арыз айтты. Хақназар хан Ноғай ордасының ыдырауын пайдаланып Жайық жағалауындағы көшпелі тайпаларды қазақ хандығына қосып алумен ғана тынбады, Ысмағыл мырза бастап, батысқа қарай ауған ноғайларға қуалай шабуыл жасап, оларды одан әрмен ығыстырып, ірге кеңейту әрекетін жасады. Орыс патшасы Иван IV-нің ноғай арасына жіберген елшісі Семен Мальцев 1569-жылы орыс патшасына: «Хақназар патшаның, Шығай ханзаданың, Шалым ханзаданың қазақ ордалары, ал олармен қоса 20 ханзада ноғайға келіп, ұрыс болды» деп хабарлаған.
Кейбір зерттеушілердің айтуына қарағанда, жоғарыдағы шабуылдар батысқа қарай ауған ноғай тайпаларының Еділ мен Жайық өңірін тастап, Дон сахараларына қарай кетуіне себеп болған көрінеді. Бұл жөнінде тарихшы Ахмет Заки Уәлиди: «1969-жылы Шығай, Хақназар, Шалым сұлтандар бірлесіп, Ысмағылдың баласы Орыс сұлтанға шабуыл жасады, осыдан соң ұзақ тұрмай ноғай мырзалары ақырындап елдерін Жайық пен Еділдің батыс жағына, Дон сахараларына көшіруге, башқұрт елдерін тастауға мәжбүр болды» дейді. Бұл жеңіс Қазақ хандығының жерін кеңейтіп, күш-қуаты мен беделін арттырды, тарихи деректемелерде қазақ ханы Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған.
XVI ғасырдың ортасында ауыр дағдарысқа ұшыраған Ноғай одағы ішкі феодалдық қайшылықтар мен қырқыстардың және халық бұқарасының феодалдық үстемдікпен қанауға қарсы күрестерінің нәтижесінде бордай тозып, 1569-жылдан соң мемлекет ретінде өмір сүруден қалды. Бұрын Ноғай одағына қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай одағының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да қазаақ хандығына өттіі. Бұл қазақ хандығының, қазақ тайпаларының және қазақтаардың этникалық территориясыын біріктіру жолында жасаған жеңісті қадамдарының бірі болды. Сонымен қатар ноғайлы дәуірінде жасалған немесе жаңғыртылып жырланған қыруар жырлар, «Қырық батыр жыры» сынды алып эпос қазақ мәдениетінің қазынасына қосылды.
Ноғай ордасының ыдырауы, оған қарасты қазақ тайпалары мен олардың мекендеген жерлерінің қазақ хандығына қосылуы хандықтың батыс,солтүстік және оңтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай одағының ыдырауы, оның бір бөлігінің қазақ хандығына қосылып, енді бір бөлігінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын қазақ хандығына жақындата түсті. 1563-жылы Сібір хандығының билігін тартып алған Көшім хан ендігі жерде қазақ хандығына дұшпандық позиция ұстады. Оның үстіне моңғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып отырды.
Осындай күрделі жағдайлармен есептескен Хақназар хан Қазаақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауараннахрдағы Шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Орта Азияның ең ірі қалаларының бірі Ташкентті басып алуға бағытталған әскери қимылдарын тоқтатты. Сөйтіп, шайбани әулетінен шыққан Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен қазақ ханы Хақназар «қастаспай дос болып, өзара көмектесу» жөнінде «анттастық шарт» жасасты. Хақназар ханның бұл дипломатиялық шарасы оңды болды.
XVI ғасырдың 60-жылдарының соңы мен 70-жылдарының басында соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы одан әрі өрістеді. Мұның өзі қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, халқының шаруашылық өмірінің оңалуына тиімді болды. Сонымен қатар қазақ хандығын да нығайта түсті.
Бұхара ханы Абдолла ІІ (1557-1598) тұсында Ташкент маңын Норозахмет (Барақ) ханның баласы Баба сұлтан биледі. Ол Бұхараға бағынбай өз алдына тұрды. Үнемі Абдолла ханмен соғысты. Сөйтіп, Баба сұлтан Бұхара хандығынан бөлініп шығуға әрекет етті. Қазақ ханы Хақназар өзбек хандарының өзара қырқысына араласып, біресе Абдолла ханды, біресе Баба сұлтанды қолдап екеуін де әлсіретуге, осы арқылы өздеріне үлкен пайда түсіруге тырысып бақты. 1579-жылы Абдолла хан екінші шеру тартып Баба сұлтанға қарсы жорық жасады. Қазақ ханы Хақназар оның Баба сұлтанға қарсы күресін қолдады. Қазақ хандығы осының бодауына Абдолла ханнан Түркістан аймағындағы бірнеше қаланы қайтарып алды. Бұдан кейін Ташкент билеушісі Баба сұлтан қазақ хандығына Түркістан, Сауран қалаларын бергенде, қазақ сұлтандары бір мезгіл Баба сұлтанды қолдады.
1579-жылдың екінші жартысында қазақ сұлтандары әскерлерімен Ташкентке келді. Олар қайтадан Абдолла жаққа шықпақ болып, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы астыртын әрекет істеді. Бірақ бұл астыртын әрекетті сезген Баба сұлтан қазақ сұлтаны Жалымды, оның екі ұлын, Хақназар ханның екі ұлын өлтірді. Іле-шала оның астыртын жіберген адамы 1580-жылы Хақназар ханды өлтірді.
Достарыңызбен бөлісу: |