ҚР Конституциясының бүгіні мен болашағы
Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясына – 19 жыл. Тәуелсіздіктің жарқын жолына түскен біздің еліміз әр жыл сайын тамыз айының соңында мемлекеттік мәртебесі зор, айтулы мереке –Конституция күнін атап өтеді. Осы күн қазақстандықтардың санасында ерекше орын алып, шынайы мереке болып танылған. Әсіресе, Кеңестер Одағы ыдырап, ол келмес тарихқа кеткен соң Қазақстан саяси-экономикалық құрылымы, ұлттық ұстанымы жағынан да елеулі өзгерістерді бастан кешіп, мүлдем жаңа мемлекетке айналғаны баршаға мәлім.
Конституциямыздың дамуы барысына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының атқарған рөлі зор, ол Конституциямыздың әруақытта да заман талаптарына сай болуы үшін үнемі бақылауда ұстап отырды. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына жолдауында «Біз ел Конституциясында негізгі құқықтар мен бостандықтарды бекіттік. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық азаматтары тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие» деп атап өткен болатын. Яғни, Конституцияда қоғам өміріне қажетті
Еліміздің өткенгі және бүгінгі даму барысына көз жіберген адам Елбасымыздың бұл тұжырымдарының өте байсалды, ғылыми негізі бар екеніне көз жеткізеді. Өйткені, жаңа мемлекетті құрудың эволюциялық жолын таңдауымыз керек болды. Неге өзгерістер көп, неге қажетті құқықтық нормаларды бірден жазып көрсете салмадық, мұндай реформа жасау еліміздің саяси өміріндегі қандай қажеттіліктерге негізделіп жасалды деген сұрақтардың болуы табиғи нәрсе. Мұндай сұрақтарға нақтылы жауап табу үшін Қазақстан мемлекетінің қалыптасу, даму барысындағы тарихымызға тереңірек үңіліп қарасақ, тәуелсіздік алып, өркениеттің сара жолына түскелі көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ осы уақыттың ішінде біз Қазақстанды табиғи байлығы мол, өзіндік даму жолын таңдаған мемлекет екенін әлемдік өркениетке танытып қана қоймай, оның беделінің жылдан-жылға артып келе жатқанын байқап отырмыз. Ал өркениеттің мұндай сатысына жету ата-бабамыздың тарихи өмірінде бұрын-соңды болмаған жаңа кезең, жаңа қоғам деуге толық негіз бар.
Осы орайда әңгімеміздің басты бағытын қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясына бұрып, мемлекет құрылымының негізі болып табылатын Ата заңның кейбір баптары мен нормаларына тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Конституция – бұл күрделі құқықтық акті. Оның жүйесіне түрлі құқықтық актілер топтастырылған. Конституция – бұл декларативтік және нормативтік қағидалардың ғана жиынтығы емес, ол құқықтық қарым-қатынастың басты ережесі, олар құқықтық тәртіпті үздіксіз қалыптастыру және дамыту процесінде ұдайы қолданылуы және нақтылануы тиіс.
“Қазақстан Республкиасының Конституциясы - (constitutio – құрылғы, жарғы заң) – Қазақстан халқының егемендік құқығына сай 1995 жылығы 30 тамызда өткен республикалық референдумда қабылданып, оның нәтижесі ресми жарияланған осы жылдың 5 қыркүйегінен бастап күшіне енген Қазақстан мемлекетінің Ата Заңы. Оның жоғары заңдық күші бар және еліміздегі барлық іс-қимыл мен қалыптасушы жүйелердің нормативті базасы болып табылады, әрі Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Бейнелей айтсақ, бұл Конституция -мемлекетке қоғамның құқықтық сенімі және халықтың берген төлқұжаты деуге болады. Қазақстан Республикасының Конституциясы республикалық құрылыстың негізін, мемлекеттік билік жүйесін және Қазақстан мемлекеті мен оның азаматының қатынасын белгілейді. Адам және оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын Конституция мемлекетінің ең қымбат қазынасы деп сол үшін қызмет етуі тиістігін атап көрсетеді (1-баптың 1-тармағы).
ҚР бұрынғы 1993 жылғы Конституциясымен салыстарғанда, жаңа Конституция барынша жетілдірілген ішкі біртұтастығымен және қазіргі заманғы либералдық-демократиялық құндылықты толық баянды етумен барабар, еліміздің даму тенденцияларымен, мемлекет биліктерінің шегін белгілеп, беруімен ерешеленеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымындағы соңғы он тоғыз жылда болып өткен сапалы өзгерістер оларға жаңаша ғылыми көзқарас тұрғысында баға беруді қажет етеді. Кез келген мемлекет үшін Негізгі Заңның маңызы зор. Ал, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, дербес, зайырлы жаңа қоғамдық құрылыстың негізін қалай бастаған жас Қазақстан мемлекеті үшін Негізгі Заңның қай бағытта, қандай мазмұнда жазылып, іске асырылуы тіпті де аса қажеттілік екені белгілі. Осындай қажеттіліктерді игеру мақсатында қолданыстағы Негізгі Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы конституциялық реформаның жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі.
Ол үшін Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаның жүргізілу мен дамуын сатыға бөле отырып, оларды 5 кезеңге бөліп қарастыру қажет деп ұйғардық.
1-кезең (1990-1993 жж.) - Республиканың тәуелсіздік алуына байланысты – қайта құрудан тәуелсіз мемлекет құру жолы, яғни реформаның дайындық сатысы.
2-кезең (1993-1995 жж.) - 1993 жылғы Конституцияның қабылдануы.
3-кезең (1995 - 1998 жж.) Қазақстанның қазіргі даму бағдарын құру процесінің басталуы және 1995 жылғы Конституцияның қабылдануы.
4-кезең (1998-2007 жж.) сот саласын демократиялық жетілдіру - Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 1998 жылғы 7-қазандағы Заңның қабылдануы.
5-кезең 2007-2011 жылдардан басталған президенттік-парламенттік республика құру бағдарына өту кезеңі мен Қазақстан Республикасы Президентін тұңғыш рет кезектен тыс сайлау туралы және қазіргі кезеңге дейінгі аралықтар болып табылады.
Әрине, заң ең алдымен қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды реттеуші механизм ретінде пайда болып, қоғамдық тұрақтылықты сақтаушы міндетін атқарады. Әсіресе, қоғамдық қатынастарды демократияландыру арқылы құқықтық мемлекет құруға бет алған Қазақстан халқы үшін заңның маңызы күннен күнге арта бермек. Сондықтан да, қоғам мүшелері үшін заңды білудің және заңдылықты сақтаудың маңызы өте үлкен. Әр бір қазақ үшін, өзін Қазақстандықпын деп есептейтін әр бір азамат үшін жалпы заңды, әсіресе Конституцияны білудің, оның талаптарын орындаудың қаншалықты маңызды екендігі туралы тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев, ХҮІІІ ғасырдың аса ірі мемлекет қайраткерлері Төле биді, Қазыбек биді және Әйтеке биді еске алуға арналып, 1993 жылғы мамырдың 28-інде Ордабасыда өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздік туын қолда берік ұстау-әрбір қазақтың, Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты. Құқықтық мемлекетке, демократиялық қоғамға тән заңдылық қағидсын қатаң сақтай алсақ қана, ол борышты адал ақтап, ол мақсатқа қапысыз жете аламыз.
Конституцияны білу, заңдылықты сақтау-құқықтық мемлекет құрудың бірінші шарты. Әз Тәукенің тұсындағы қазақ қауымының дәуірлеуі ең алдымен осы заңға жүгінуге байланысты болғанын ұмытпағанымыз жөн. Заңды жетік білмейінше, оны сыйламайынша, берік ұстанбайынша, біз өмірдің қай саласында да қиыншылықтан арыла алмаймыз»,-деді.
Дегенмен, заң, тек құқықтық мемлекет құрудың құралы ғана емес, сонымен қатар, сол құқықтық мемлекет құру тарихының дерек көзі міндетін де атқарады. Өйткені, біздегі құқықтық мемлекет құру тарихы, ең алдымен, сол заңдарда бейнеленген. Бұл ретте біз тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихына қатысты заң актілерінің пайда болу алғышарттарының бұрынғы КСРО қойнауында пісіп жетілгендігін ерекше айтуымыз керек. Өйткені, КСРО сияқты алып империяның күйреп, басқа да бұрынғы Одақтас республикалар сияқты Қазақстанның да өз тәуелсіздігін алуына мүмкіндік берген заңдық негіздер, сол КСРО-ның кезінде дүниеге келген болатын. КОКП-ның 1985 жылғы сәуір пленумынан кейін басталған қайта құру, жариялылық және елді демократияландыру процестері барысында қабылданған «КСРО Конституциясына (Негізгі заңға) өзгерістер мен қосымшалар енгізу» және «КСРО халық депутаттарын сайлау туралы» заңдар КОКП-ның да, КСРО-ның да күйреуінің басы болды.
Конституция жобасы 1995 жылдың шілде айында негізінен дайын болып, бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Ресми мәліметтерге қарағанда екінші Ата заңның жобасын талқылау шын мәнінде бүкілхалықтық сипат алған. Ол туралы Елбасы: «Күн сайын жобаға байланысты ұсыныстардың тізбесін ұсынылып отырған. Күніне әлгідей мұқият қаралған ұсыныстардың бірнеше папкасы келіп түседі. Ал баспасөз бетінде жарияланып жатқан ұсыныстар өз алдына!..
Республикада 33 мың ұжымдық талқылау өткізілді. Оған үш миллионнан астам азамат қатысты. Олар 30 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертпелер енгізді. Жобаның жартысынан астамына, дәлірек айтқанда, 55 бапқа 1100 түзету мен қосымша енгізілді»,-деп жазды.
1995 жылдың 30-шы тамызында бүкілхалықтық референдум өтті. Ресми мәліметтер бойынша референдумға 8212773 адам, яғни ел халқының 89,14 пайызы қатысты. Референдумға қатысқан 800839 азамат қарсы дауыс берді, яғни бұл барлық қатысушылардың 9,9 пайызы. 78130 бюллетень жарамсыз деп табылды. Референдумның барысын қолдарына бақылаушы куәлігі берілген 928 тұлға қадағалады.
Осылай, Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы өмірге келді. Уақыт оның өміршеңдігін толығымен дәлелдеді деп айтуға болады. Оның ең басты себебі, біріншіден, Ата заңның Қазақстан халқының басым бөлігінің қолдауына ие болуында еді. 2000-шы жылдың тамызында, яғни жаңа Конституцияның қабылдануының 5 жылдығына орай сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев Конституцияның халақтық сипаты туралы: «Референдумға қатысқан адамдардың 90 пайызға жуығы, ал бұл оған қатысуға құқы бар жеті миллионнан астам азамат деген сөз, жаңа Негізгі Заңымызды қабылдауды жақтады. Сайып келгенде, оның авторы күллі Қазақстан халқы деп айтуға толық негізіміз бар»,-деді. Екіншіден, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясында Республиксының мемлекеттік құрылысының негізін құрайтын принциптер қарастырылып, мемлекеттің негізгі институттары мен органдары, олардың өзара қатынас принциптері анықталды. Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттің қоғамдық өмірінің негізгі мәселелерін заңды жолдармен шешуге мүмкіндік берді.
Достарыңызбен бөлісу: |