Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы № 5 (84) 2011
Р. ТҰРЫСБЕК
ӘДЕБИ СЫН: МҰРАТ ПЕН МІНДЕТ
The article deals with the Kazakh literary critics, its history, methodology and research. The author touches upon the research of the Kazakh literary critics, its main directions, artistic heritage, the problems of the language and style, analyses and makes comparisons.
Әдеби сын – сөз өнерінің құрамдас бөліктерінің бірі.
Әдеби сын, әсіресе әдебиет тарихы мен теориясы сынды ұлттық сөз өнерінің байырғы һәм іргелі салаларымен тығыз байланысты.
Әдеби сын – ұлттық сөз өнерінің арғы-бергі тарихын танып-таразылайтын, ондағы әдеби-тарихи, мәдени-рухани һәм көркемдік-эстетикалық принциптерді байыпты бағалайтын, көркем шығарманың мазмұн-құрылымын, кейіпкерлер жүйесі мен оқиғалар желісін, ой-сөз үйлесімі мен тіл-стиль сипаттарын кең көлемде қарастырып, артық-кем тұстарын тамыршыдай тап басып көрсететін әдебиеттің бірден-бір жетекші саласы болып табылады.
Әдеби сын - әдебиеттану ғылымының арналы салаларының бірі ретінде көркем туынды табиғатын анықтайтын шығармашылық еңбектердің қатарына жатады. Қазақ әдебиеттану ғылымында әдеби сын, оның көркемдік-эстетикалық деңгейі, зерттеу нысаны мен бағыт-бағдары жан-жақты айқындалған. Көне кезеңнен қазіргі дәуірге дейінгі аралықтағы әдеби үдерістің тууы мен қалыптасу, даму жолдары да сын мұратынан, зерттеу жүйесі мен көзқарас эволюциясынан жан-жақты көрініс тапты. Қысқасы, әдеби сын – ұлттық сөз өнерінің іргелі саласы ретінде көркемөнердің, әсіресе әдебиет дамуының тыныс-тамырын анық айқындап, көркемдік құпиясына еркін енетін, тақырыптық-жанрлық ерекшеліктерді жіті зерделеп, ой-сөз жүйесін байыпты барлап, нақтылы бағыт-бағдар беретін рухани әлем, адастырмас компос.
«Әдебиеттану» терминдерінің сөздігінде: «Әдеби сын – көркем шығармаларды талдап, баға беріп, олардың идеялық-көркемдік мәнін, әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы. Сын - әдебиеттің тарихымен және теориясымен тығыз байланысты. Айталық, әдебиет тарихы мен ә.с-ны бір-бірімен жалғас, бірін-бірі толықтырып тұрады. Әдеби теориясы әдеби процестің заңдылықтарын, шығармаларды идеялық, стильдік ерекшеліктері тұрғысынан талдау принциптерін анықтау болса, әдеби сынның негізгі міндеті шығарманы нақты тексеріп, жетістік-кемшіліктерін саралап, эстетикалық баға беру. Ә.с. сөз өнерінің бүгінгі таңдағы даму жолдарын анықтауға ат салысады. Әдеби шығармаларға пайымдаулар жасап, түйінді пікірлер айтады. ... Ә.с-ның тарихы ертеден басталады. Көркем шығармалар дүнниеге келіп, халықтың кәдесіне асуының өзі-ақ оларды сын көзбен қарап, бағалаудың қажеттігін туғызатыны анық. Бірақ, сол бағалаудың өзі, әдеби туындының құны мен мәнін анықтап пікір қорыту әр кезде, әр жағдайда әр түрлі болды. Ауыз әдебиеті жағдайында өлең-жырды, дастанды, ертегі-аңыз, хикаяны тыңдаушылардың бағалауы, ауызша пікір білдіруі болашақ әдеби сынның тек алғашқы адымдары деуге болады. Жазба әдебиет қалыптасып, баспасөз, газет-журналдар пайда болған кезде нағыз толық мағынадағы әдеби сын өрбіп, өркендей бастайды» деп жазылған [1, 70]. Бұдан басқа: «Көркем әдеби сын - әдебиеттану ғылымының бір саласы, көркем шығарманы бүгінгі әдеби процесс аясында талдап, бағыт сілтеп отыратын әдеби-публицистикалық, ғылыми-эстетикалық шығармашылық түрі. Ә.с. әдебиет теориясы, әдебиеттің тарихы жеткен жетістіктерге негізделеді. Әдеби сын жазба әдебиеттің, ғылымның дамуымен тікелей байланысты» деп көрсетілген [2,73].
Бұл айтылғандардан, сөз жоқ, әдеби сын - әдебиеттану ғылымының арналы саласы, зерттеу жүйесінің басым бағыттарының бірі. Әдеби үдерістің бағыт-бағдарын, жаңалық-жетістіктерін, көркемдік-эстетикалық құндылықтарын айқындайтын сөз өнерінің қуатты һәм қозғаушы күші. Демек, «Сынның әдебиет жанрының бірі екені, ал сыншының да жазушы екені әдебиетте еш дау тудырмайды» [3, 355]. Ал, А.С.Пушкиннің: «Сын-ғылым» деген қағидалы көзқарастары тұрғысынан келсек, сөз жоқ: «.. сын - әдебиет туралы ғылымның бір түрі» [4,7] . Әдеби сынның теориялық мәселелері – В.А.Жуковский, В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, Г.В.Плеханов, Д.И.Писарев, А.В.Луначарский, В.М.Литвинов, Б.Бурсов, Ю.Борев, К.М.Долгов, В.Иванов, В.М.Литвинов, П.Г.Якименко т.б. қарастырса, ғылыми қырлары – Д.С.Лихачев, М.Б.Храпченко, Ю.А.Андреев, А.С.Бушмин, Г.А.Абрамович, Н.Анастасьев, В.Воробьев, Б.Егоров, А.И.Иезуитов, Ф.Кузнецов, М.Кузмин, В.Е.Хализев, Х.Баранов, А.Бочаров, А.Вись, М.Коган, К.Кожинов, А.Михайлов, Л.Новиченко, В.Сахаров, Ю.Суровцев т.б. еңбектерінен көрініс тапты. Басты бағыттары айқындалып, қыр-сырлары ашылды. Әдебиет қозғалысын айқындап, даму арналарын жіті саралап, көркемдік пен шынайылықты таразы-безбен етіп, ақиқат жайттарға ғана табан тірейтіні мың сан мысал, деректер негізінде беріледі. Әсіресе, жазушы А.Н.Толстой: «Сын-қаламгер мен оқырман мәдениетін көтереді» десе [5, 99], профессор Ю.Б.Борев эстетика теориясы мен сынның әдіснамасы туралы айта келіп: «Сын - көпшілікке, қаламгерге, өнерге, шындыққа әсер етеді», - деп жазады [6, 338;341]. Сын сырын айқара ашады. Тақырып табиғатын, жанр жауапкершілігін, көркемдік мұратты баса көрсетеді. Сын мен сыншы сипаты арнаулы оқу құралы мен зерттеулерден кең орын алды. Айталық, академик З.Қабдолов: «Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның творчестволық өсуіне тікелей қолғабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ – ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ, бұл аз. Сыншы-қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой-пікірдің озғын өкілі...
Әдеби сында көркем шығарманы бағалаудың жолдары, тәсілдері, шарттары бар... Көркемдік критерий ең алдымен әдеби шығарманың бағалы жағын көре білу. Сынның ең қиын міндетінің өзі – осы. Кез келген шығармада болатын үлкенді-кішілі кемшілікті табу бәрінен оңай. Ал шығарма несімен жақсы екенін белгілеу, оның нағыз поэтикалық сұлулығы мен сырлылығы неде екенін анықтау бәрінен қиын. Бұл сыншының берік принципін, зор мәдениетін, нәзік түсінігін, өрелі ойын, терең білімін, биік талғамын керек етеді» десе [7,48-49], профессор Р.Нұрғали: «Әдебиет сыны өз тұсындағы әдебиет мәселелеріне араласады. Сыншы - күнделікті әдеби құбылыстарды талдаушы, талғаушы адам. Ол - шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, формасын талдаушы емес, ең алдымен туындыға негіз болған өмірлік материалды саралаушы, ойшыл, көркемдік, сұлулықты ашушы. Бұл тұрғыдан әдебиет сынының эстетикалық міндеті мен социологиялық мақсаты қатар жүреді. Сыншы - жазушы мен оқырман арасын жалғастыратын көпір, көп нәрсені ажыратып, тиянақтап түсіндіретін әділқазы, арда би. Әрқашанда әдебиет сыны жеке шығармалардың, жеке авторлардың төңірегінде тұйықталып қала алмайды. Ол бір жазушының көлеңкесі емес. Сын пікірлердің артық- кем айтылуы, бір шығармалардың уақытша асыра бағалануы, бір туындылардың қалтарыста қалуы- қайталанатын құбылыс», - деп жазады [8,46-47].
Ал: «Сын сөзінің төркіні грек тілінде «талдау, талқылау» деген мағына беретін «kritike» деген сөзінен шығады...
Алғашқы сын үлгілері елге сыйлы,білімді жандардың ой-пікірі ретінде көрінген. Антикалық дәуірде әдеби жұмыстың бір саласы ретінде бөлініп шыққан әдебиет сыны ұзақ уақыт бойына шығармаға жалпылама баға беру, оны оқырмандарға таныстыру, оқуға кеңес беру,шығарма авторын дәріптеу немесе сынау сияқты қарапайым ғана міндеттер атқарып келді. Әдебиеттің дамуына байланысты әдебиет сынының да мақсаты мен сипаты күрделене түсіп, оған қойылатын талаптар да, жауапкершілік те күшейді. Соған сәйкес, әдебиет сынының теориялық анықтамасы да тарихи тұрғыдан нақтылана түсті» [9,22]. Мұның бәрінен,сөз жоқ сын мен сыншының мақсат-мұраттары айқын көрініс береді.Туынды табиғаты мен тақырыпты тануда, көркемдік құндылықтарды, өмір шындығын, кейіпкерлер жүйесін зерттеп-зерделеуде, баяндау мен бағалау тұстарында - сын мұраты айқын аңғарылады.
Ұлттық әдеби сынның өзіндік бағыты, бастау-арналары бар. Кешеден бүгінге жеткен тарихы мен тағылымы да мол. Әдеби сынның арғы-бергі кезеңдерін, қалыптасуы мен даму бағыттарын әдебиеттанушы-ғалым, профессор Т.Кәкішев төмендегіше атап көрсетеді: «Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқаймыз. Бірінші кезең – қазақ әдебиет сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең – қазақ әдебиет сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл процесс 1917-1937 жылдардың арасын қамтыды. Үшінші кезең – қазақ әдебиет сынының өсіп-өркендеу және қалыптасу дәуірі – 1938-1985 жылдар аралығы.
... Халық болған жерде өнер бар, оған деген көзқарас, эстетикалық талғам бар. Халық ауыз әдебиетінен тартылған жайлар жазба әдебиеті туындыларына ұласып, өзінше бір көркемдік әлем жасағаны даусыз. Қазіргі қазақ әдебиеті сыны мен әдебиеттану ғылымымен дүниеге келген әрбір көркем туындының идеясын, айтар ойын, эстетикалық өреге қол созғанын, қандай әлеуметтік мәселені көтергенін, нені насихаттайтынын саралап алуға міндетті. Әдеби сынның туу, қалыптасу проблемалары тек творчестволық қана емес, саяси-әлеуметтік мәселелермен де тікелей байланысты болғандықтан әдебиет сыны тарихында оны орағытып өту мүмкін емес. Сынның социологиялық және эстетикалық дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігіне тәуелді.
Әдебиет сыны көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келеді. Көркемдік даму мен эстетикалық талап-талғамның өркендеу процесі уақыт жағынан бір-бірінің ілгері-кейінділігіне қарамастан, өзара байланысты болады» [10,3-4]. Әдеби сынның табиғаты мен көркемдік-жанрлық қырларын профессор Д.Ысқақұлы төмендегіше айқындайды: «Сын көркем әдебиетпен бірге пайда болып, бірге дамиды. Әдебиет бар жерде, оның сыны да бар. ...әдеби сын дегеніміз – көркем әдебиет, оның ғылымы мен журналистиканың тоғысқан түйінінде пайда болып, күнделікті әдеби өмірді зерттейтін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, баға беретін, оқырманның дұрыс түсінуіне көмектесетін, рухани әлем аясында қызмет атқаратын, әдеби, ғылыми, публицистикалық сипатты қоғамдық сананың күрделі бір саласы, шығармашылық түрі.
Әдеби сынның басты мақсаты - әдеби өмірде болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде бағалап, оқырмандарға түсіндіріп отыру, субъектісі – сыншы; объектісі –шығарма жазумен әдеби өмір; әдіснамасы мен әдістері – диалектикалық материализм, қоғамдық ғылымдар, оның ішінде әдебиеттанудың зерттеу әдістері; сынның мазмұны - әдеби процестің өзекті, зәру мәселелері; құралдары - әдебиттану ғылымының категориялары, терминдері; өмір сүру арнасы - баспасөз; жанрлары – хабар, аннотация, рецензия, шолу, шығармашылық портрет. Мақала, фельетон, эпиграмма, пародия, эссе: бағыты – оқырман қауым, қаламгер; принциптері-халықтығы, идеялылығы, шыншылдығы, тарихшылдығы, ғылымилығы, жауынгерлігі, өмірмен байланыстылығы; атқаратын қызметі – үгітшілік, насихатшылық, танымдық, бағалаушылық, талдаушылық, тәрбиелік, ұйымдастырушылық» [11,18,22].
Қазақ әдеби сыны, оның басты бағыт-арналары, ұнамды үлгі-өрнектері халық әдебиетінде де, жазба мұрамызда да көптеп кездеседі. Атап айтқанда, ежелгі әдебиет мұраларында, би-шешендердің даналық-ділмар сөздерінде, ұлт руханиятының мақтаныштары – Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың әдеби-ғылыми еңбектерінде, «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Айқап», «Қазақ» сынды баспасөз беттеріндегі мақалаларда әдеби сынның мақсат- мұраттары, орын-үлестері айқын аңғарылады. Ал, Алаштың қайраткер-қаламгерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Тоғжанов, Н.Төреқұлов, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, Қ.Кемеңгеров, С.Садуақасұлы, Р.Жаманқұлов, Х.Жүсіпбеков, Ә.Байділдін, А.Байтасов, Е.Бекен ов,І.Қабылов, Ы.Мұстамбаев, Д.Ысқақов т.б. әр алуан жанрдағы шығармаларында әдеби сынға зор маңыз берді. Ұлт руханиятындағы, әдебиет дамуындағы жетекші орнын жоғары бағалады. Сондай-ақ, әдебиеттану мен сынның көрнекті өкілдері Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, М.Қаратаев, Т.Нұртазин, А.Нұрқатов, Р.Бердібаев, М.Базарбаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Н.Ғабдуллин, Ә.Нарымбетов, Р.Нұрғали, Ә.Нағыметов, Б.Сахариев, С.Әшімбаев, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, С.Жұмабек, Ж.Дәдебаев, А.Егеубаев, Қ.Ергөбек, Б.Майтанов, Б.Сарбалаев, Д.Ысқақұлы, Ә.Бөпежанова, Т.Шапай т.б. ізденіс іздері мен көзқарас-қолтаңбаларында әдеби сынның көкейкесті мәселелері кең орын алды.
Сондай-ақ, М.Қаратаевтың «Асулар алда» (1973), Р.Нұрғалидің «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» (1988), З.Серикқалиевтің «Алтын жамбы» (2002) атты әдеби сын, зерттеу еңбектеріне - Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ал, С.Әшімбаев «Сын мұраты» (1976), А.Егеубаев «Сыр мен сымбат», «Құс жолы» (1984), Т.Шапай «Ой түбінде жатқан сөз» (1990) еңбектері үшін Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаттары атанды.
Асылы, әдебиеттің іргелі саласы: - сын мұратынан-әдебиет әлемінің арғы-бергі тарихы мен оның даму бағыт-бағдарлары, басты тұлғалар мен негізгі еңбектер туралы айқын көзқарас пен қолтаңба, жүйелі ізденіс пен түрлі салыстырулар, нақты талдаулар мен байыпты барлау жіті танылуы қажет: - сын сипатынан: ақиқатты ту еткен, дәлел-дерекке табан тіреген, һәм әдеби-теориялық тұрғыдан қуатты, сондай-ақ таным мен талғам тоғысқан, қанатты ой мен серпінді сөз, тіл мен стиль сипаттары табиғи үйлесім тапқан шынайы шындық самаладай жарқырап, айқын да нақты көрініс табуы тиіс: - сын - сөз өнерінің қозғаушы күші, қуатты қару.
Ақиқатын айту керек, қазіргі кезеңде әдеби сынның байыпты бағдарламасы мен оқулығы бар (мысалы, Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. –Алматы: Санат, 1994. – 448 бет). Әдеби сынның тақырып табиғаты мен құрылымдық сипаттарына, жанрлық жүйесі мен теориялық мәселелеріне арналған зерттеу еңбектері мен жинақтар бар (мысалы, Әдеби мұра және оны зерттеу.-1961; Нарымбетов Ә. Қазақ әдебиеті: әдебиеттану, сын мен өнердің библиографиялық көрсеткіші.
-1956, 1960, 1997; Ысқақұлы Д. Сын жанрлары. -1991; Сын өнері – 2001; Уақыт және қаламгер. -1-14 кітап. -1973-1989; Беталыс. – 1984; Сөзстан. – 1-7 кітап. -1980 – 1986; Жастар жастар туралы.- 1981; Өнер алды – қызыл тіл.-1986 т.т.).
Ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен даму тарихын қарастырған ізденіс, зерттеулер де кездеседі (мысалы, Смағұлов Ж. Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихы. -1999; Ұлттық әдебиеттану әлемі. -2005; Жұмағұлов С.Б. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымы. -2008, т.б.).
Осы реттен келгенде, Ж.Аймауытұлының «Әдебиет – сынмен көркейеді», С.Садуақасовтың «Жазушының қайрағы – сыншы» деген қағидалы көзқарастарының қазір де мәні зор. Мұның мысал-деректерін қазақ әдебиеті тарихынан, жекелеген ақын-жазушылардың ізденіс, мұраттарынан көптеп кездестіреміз. Арыдағы арналарды айтпағанның өзінде «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (Р.Нұрғали) аталған – ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы әдеби айтыстар мен «Ашық хат» үлгілері, Абай мен Мағжан мұралары төңірегіндегі сыншыл ой сипаттарында тағылымды тұстар мол. Сондай-ақ, қазақ қаламгерлерінің, атап айтқанда: А.Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны», Ж.Аймауытұлының «Мағжанның ақындығы туралы», М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», С.Садуақасовтың «Қазақ әдебиеті», С.Сейфуллиннің «Әдебиет және оның ағымдары», С.Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!», Ғ.Мүсіреповтің «Авгейдің атқорасынан бастайық», М.Қаратаевтың «Қазақ поэзиясының құлагері», З.Қабдоловтың «Әуезовтің әсемдік әлемі», С.Қирабаевтың «Сәкен туралы сөз», Т.Кәкішевтің «Сәбит-Мағжан-Сәкен», Р.Бердібайдың «Кемеңгерлік келбеті», Ш.Елеукеновтің «Сағындырған жыр», Р.Нұрғалидың «Бір мақала хақында», З.Серікқалиұлының «Алтын жамбы», С.Жұмабектің «Талант тектоникасы» т.т. мақала, зерттеулерде қазақ әдебиетінің жалпы мәселелерімен бірге сын мұраты, оның табиғаты мен тағылымы, түйінді тұстары кең көлемде қарастырылады. Аталған еңбектердің бәрі-баршасынан: ұлттық әдебиеттің жүріп өткен жолы, «тар жол, тайғақ кешулер» тағылымы, сөз өнерінің өзіне тән мақсат-міндеттері, әдеби сынның асыл мұраттары, руханият ісінің тарихи негіздері, әдеби-мәдени һәм эстетикалық құндылықтары, көркемдік әлемнің мың сан иірімдері жан-жақты танылады.
Бұдан басқа, қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынын әр алуан бағытта қарастырған – М.Базарбаевтың «Көрікті ойдан – көркем сөз» (1994), «Казахская поэзия: художественное искания» (1995), Р.Бердібаевтың «Эпос мұраты» (1997), «Жұлдыздар жарығы» (2000), Т.Бейісқұловтың «Бейімбетті атқан кім?» (2000), Х.Әдібаевтің «Абай патшалығы» (2009), Т.Кәкішев пен А.Садыққызының «Сәбит Мұқанов» (2009), К.Ахметтің «Сәбит Мұқанов – ғұлама ғалым» (2010), Қ.Салғараның «Түрік әлемі» (2000), И.Жеменейдің «Хафиз және қазақ әдебиеті» (2000), Б.Қожабекұлының «М.Х.Дулати» (2000), Ш.Елеукеновтің «Мағжан» (1995), «Кітаптану негіздері» (1997), М.Мамажановтың «Асыл мұра» (1993), А.Машановтың «Әл-Фараби және Абай» (1994), М.Мағауиннің «Ғасырлар бедері» (1991), «Қазақ тарихының әліппесі» (1994), Т.Қожакеевтің «Көк сеңгірлер» (1992), «Қым-қуыт іздер» (1999), А.Қасымжановтың «Ұлы даланың зиялылары» (1996), А.Қыраубаеваның «Ежелгі әдебиет» (1996, 1999), «Шығыстық қисса-дастандар» (1997), Ө.Күмісбаевтың «Проблемы арабо-персидских и казахских литературных связей» (1996), А.Мархабаевтың «Қазақ фантастикалық әдебиеті» (1998), З.Серікқалиұлының «Алтын жамбы» ( 2001), Ж.Дәдебаевтың «Өмір шындығы және көркемдік шешім» (1991), «Әулие ата» (1998), Т.Жұртбайдың «Бейуақ» (1990), «Талқы» (1997), « Ұраным- Алаш» (2008), С.Ашимханованың «Мир Габита Мусрепова» (1999), С.Жұмабектің «Сын пернесі» (1990), «Сын әуені» (2001), Ө.Әбдімановтың «Қазақ газеті» (1993), Қ.Алпысбаевтың «Тарихи шығарма: таным және көркемдік» (1999), З.Бисенғалидың «ХХ ғ.б. қазақ романы» (1997), Б.Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), Ә.Бөпежанованың « Дүние- имани құбылыс» (2001), А.Егеубайдың «Құлабыз» (2001), Б.Кәрібаеваның «Қара өлең және лирика» (2001), Қ.Құдаймендінің «Ел мен жер тағдыры» (2000), Қ.Мәшһүр Жүсіптің «Көркем сөздің құдіреті» (2000), Б.Жетпісбаеваның «Символ в движении литературы» (1999), А.Исмакованың «Казахская проза: поэтика, стиль, жанр» (1998), Д.Ысқақұлының «Сын жанрлары» (1999), Қ.Мәдібайдың «Зар заман ағымы» (1997), Р.Тұрысбектің «Сөз сарасы» (1996), «Жүсіпбек» (1997), «Ар айнасы» (2000), «Парыз бен парасат» (2003), «Асыл сөз» (2006), « Ұлт мұраты және руханият» (2008), «Тарих.Таным.Тағылым» (2008), М.Тәжімұратұлының «Шеңгерей» (1998), Б.Сапаралының «Құнанбай қажы» (1995), М.Серғалиевтің «Ой өрнегі» (1995), З.Сейітжанұлының «Шыңжан қазақ әдебиеті» (1999), Н.Омашұлының «Белестер» (1999), Б.Кәрібозовтың «Сырлы сөз сипаты» (1997), Т.Сыдықовтың «Мұрат пен міндет» (1987), Ж.Ысмағұловтың «Абай: ақындық тағылымы» (1994), А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» (2002), «Қазақтың ауызша тарихы» (2008), З.Жұмағалидің «Бел-белесте» (2005), А.Еспембетовтің «Уақыт өрнегі» (2005), С.Құлбарақтың «Т.Ахтановтың жазушылық шеберлігі» (2006), Г.Пірәлиеваның «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері» (2003), С.Тапанованың «Қазақ романдарындағы ғашықтық сарын» (2007), С.Сүтжанның «Алаш және түркі руханияты» (2008), Е.Сыдықовтың «Шәкәрім және Алашорда» (2008), Б.Ысқақовтың «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» (2007), Ж.Аймұхамбетованың «Мифтің поэтикадағы қызметі» (2010), Қ.Асановтың «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» (2010), А.Әлтайдың «Қазақ балалар поэзиясы» (2009), Қ.Байтанасованың «Орыс қаламгерлері шығармашылығының эмигранттық кезеңі» (2008), С.Дүйсенғазиннің «Халық поэзиясы және Ғабдиман Игенсартов мұрасы» (2007), «Шетел әдебиетінің тарихы» (2010), Б.Дуанинаның «Қазақ-неміс әдеби байланысы» (2010), А.Қалиевтің «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» (2008), М.Үмбетаевтың «Ақындық өнер өрісі» (2003), Б.Омарұлының «Мұрат Мөңкеұлы» (1993), «Зар заман поэзиясы» (2000), Э.Пертаеваның «Дулаттың ақындығы» (2000), А.Шәріптің «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» (2000), А.Ісімақованың «Алаш әдебиеттануы» (2009), «А.Мырзабековтың «Ақ жауын» (2001), Қ.Кемеңгердің «Олжабай Нұралыұлы» (2010), М.Оразбектің «Автор және шығармашылық процесс» (2006) т.с.с. зерттеу, еңбектері жарық көріп, онда ұлттық сөз өнерінің әр кезеңдегі өсу-есею жолдары, жекелеген ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы алыс-жақын елдердегі қандастарымыздың тағдыр-талайы, әдеби мұра мен оны зерттеп-зерделеудің өзекті тұстары, көркемдік мұраттар тағылымы, мәдени-рухани һәм эстетикалық құндылықтар қазіргі кезеңнің талап-тілектері тұрғысынан таразыланады.
Еліміздің жер-жерінде, алыс-жақын шет елдерде халқымызға ерлігімен – қалқан, таным-іліктерімен - мәшһүр болған елбасылар мен би-шешендердің, батыр бабалармыздың, ақын-жазушылардың мерей-тойлары мен даталы күндер тұсында ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференциялардың материалы – «Абайтану: тарихы, теориясы және даму бағыттары» (1995), «Жамбылтану: тарихы, теориясы және даму бағыттары» (1996), «Қазақ шешендік өнері және Бөлтірік шешеннің әдеби мұрасы» (1996), «Өтеген батыр өмірі, өнегесі және көркем бейнесі» (1999), «М.Х.Дулати: тарихшы, жазушы, қолбасшы» (1999), «С.Мұқановтың әдеби-мәдени мұрасы және қазіргі заман» (2000), «Түркі өркениеті: тарихы, бүгінгі жағдайы және болашағы» (1998), «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» (1997-2000), «Сәбит Мұқанов және қазақ әдебиеті» (2000), «Қазыбек бек Тауасарұлы: тарихи тұлға, ғалым, ақын» (2000), «Қазақстан-Иран: ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі өзара тарихи байланыстары» (2000), «Қазақстан және әлемдік өркениет: тарих және қазіргі кезең» (2001), «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу жыры» -1500 жыл (2001), «Ғ.Мүсіреповтің көркемдік әлемі» (2002), « Ғ.Мүсірепов және әлемдік көркемдік процесс» (2002), «З.Ахметов және әлемдік руханият мәселелері» (2003), «Шапырашты Наурызбай: тарихы мен тағлымы» (2003), «Қазақ әдебиеттануының тарихы: методология және теория» (2004), «Алыптар тобының асылдары» (2005), «Абай және ұлттық идея» (2005), «Рухани мұра және қазіргі мәдениет текстологиясы, игеру, зерттеу» (2005), «Қазіргі әдебиеттану мен фольклористиканың өзекті мәселелері» (2005), «Көкейкесті әдебиеттану» (1-10 кітап), «Алаш және Әуезов» (2007), «Алаш қозғалысы» (2008), «Шәкәрім әлемі: таным мен тағылым» (2008), «Ә.Кекілбаев әлемі және қазіргі заман» (2009), «Тіл және руханият: өзекті мәселелер» (2010) т.т. дерек-дәйектерімен, жаңа уақыт талаптары тұрғысындағы ізденіс, көзқарастарымен назар аударады. Қалың көптің мақсат-мұратын көздеген мұндай ғылыми жиын, жүздесу-қауышулар ел бірлігі мен тұтастығын, Ұлт құндылықтарын, Руханияттың түйінді тұстары мен ортақ мәселелерін қозғап, бірлесе шешім қабылдауымен де маңызды болып табылады.
Бұдан басқа – әдебиет сыншыларының Халықаралық ассосациясының ІХ конгресінде (Алматы,1985, 26-28 қараша), әдеби-ғылыми ұжымдық еңбектерде - «Әдебиеттану мен әдебиет сыны» (Қазақ әдебиетінің тарихы, 9 том. - Алматы, 2005.- 298-329 беттер), «Әдеби-көркем сын» (Қазақ әдебиетінің тарихы, 10 том.- Алматы, 2006.- 389-407 беттер), Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. (-Алматы, 2009, 2 том. - 542-645 беттер), Әдеби өмір шежіресі. (- Алматы, 2005. - 488 бет) т.т. кең орын беріледі. Сондай-ақ, Т.Кәкішевтің «Сын мен қисын сардары» («Ақиқат»,1994, №2), С.Қирабаевтың «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: дәуірлеу мен жаңаша пайымдау» («Егемен Қазақстан»,1999, 16 шілде), «Алашорда және қазақ әдебиеті» («Егемен Қазақстан», 2007, 7 қараша), Ш.Елеукеновтің «Сын мен сыншы» («Ақиқат», 1998, №4), С.Жұмабектің «Сын симфониясы» (2005), А.Исмақованың «Әдебиетте тоқырау болды ма?» («Жалын», 1989, №2), Б.Кәрібаеваның «Шын әдебиет енді туады» («Қазақ әдебиеті», 1999, 19 қараша), С.Шүкірұлының «Әдебиеттану белестері» («Таң Шолпан», 2005, №6) т.с.с. әдеби сын, мақалаларда кеңінен көрініс тапты. Бірсыпыра дөңгелек үстел материалдарына да арқау болды. Сын жанры жойылып бара жатқан жоқ па? («Қазақ әдебиеті»,11.07.2008), Әдебиет – әдептілік әлемі («Қазақ әдебиеті», 17.04.2009). Бұдан байқалатыны:
- сөз өнерінің сырлы сипаттары
- сын жанрының табиғаты мен тағылымы
- әдеби сынның өзіндік өзгешеліктері
- сын мен сыншының өз ара байланысы
- сынның өрісі мен өресі т.с.с. кең көлемде, жан-жақты сөз етіледі.
Демек, сын мұраты - әдеби қозғалыстың бағыт-бағдарын айқындап, сол кезең, уақыттағы өмір мен өнердегі, тұтас руханият арнасындағы ақиқат жайттарды, шындық сырларын қаз-қалпында көрсетеді.
Ақын-жазушылардың көзқарасы мен қолтаңбасын байыпты бағалау арқылы ізденіс арналарына, тақырыптық-көркемдік мұраттарына ден қою. Шағын жанрдан-көлемді туынды аралығындағы өсу- есею жолдарын бағдарлап, маңызды тұстарына -өмір оқиғасын суреттеу сырларына, адам әлемін ашу қырларына, тіл-стиль сипаттарына назар аудару. Нәтижесінде, ұлттық сөз өнерінің қалыптасу һәм даму кезеңдерін, өсу-есею бел-белестерін тамыршыдай тап басып, осының негізінде адам өмірі мен еңбегін, мәдени-рухани һәм дәстүр өнегелерін, тұрмыс-тіршілігін арқау еткен тақырыптық ерекшеліктерді, жанрлар жүйесін, көркемдік-эстетикалық құндылықтарды, танымдық-тағылымдық тұстарды, тілдік мұрат пен стильдік өзгешеліктерді уақыт тынысына сай танып-талдап, жіті зерделеу. Әдебиет пен өнердің асыл мұраты-адам өмірі мен еңбегін аялау мен бағалау бағытындағы мәдени-рухани һәм көркемдік-эстетикалық қызметін қалың көпшілікке шындыққа сиымды қалыпта сенімді түрде жеткізу болып табылады. Осы реттен келгенде, сынның міндеті – әдеби үдерістің бағыт-бағдарын айқындаудан бастап, ақын-қаламгер мұратын, туынды табиғатындағы даму мен дағдарысты, қоғамның басты байлығы- адам әлемінің қуанышты-күйінішті, қалтарысты-көлеңкелі жайттарды, бәрі-баршасын бүге-шегесіне дейін танып-талдап, жүйелі саралап,ақиқатқа мықтап табан тіреу.
Алайда, сын мен сыншыға қатысты қазіргі кезеңде көзқарастардың төмендігі, мемлекеттік қолдаудың жоқтығы, арнайы басылым мен дәстүрлі мектептің, қауымдастықтың болмауы, сөз жоқ осы бағытта тұрақты кадрлардың шоғырланбауына, әдеби сын еңбектерінің (кітап, жинақ т.т.) жүйелі жарық көрмеуіне әкеліп тіреді.
Дегенмен, жазушы-драматург Ә.Тарази айтқандай: «... сыншылар бар, жеткілікті, бірақ, көреген сын, мерген сын, прозаның алдын шолып отыратын сезімтал сын қайда? Өмір құбылысы мен әдеби құбылысты қатар зерттеп, ұштастырып отыратын дана сын қайда?» [12,269].
Ақиқатын айту керек, асылы: «Сын - қоғамдық сананың бір көрінісі. Әдебиетті « өнер»,өнердің ішіндегі «сөз өнері» дейміз. Бар нәрсені жоқ деп айтуға болмайды. Әдебиет те, әдебиеттің сыны да бар. Дәл қазіргі кездегі әдебиеттің даму жағдайы қалай дегенге келсек, екі жағына да сын айтуға болады. Сынның дамуына да, көркем әдебиеттің дамуына да. Әдебиетке қажетті көңіл бөлінбегеннен кейін, дәстүр сақталмағаннан кейін жастарымыздың ол ортаға барғысы келмейді. Кейде әдебиет туралы ескі ұғыммен жүрген шығармыз деген ойда қаламын. Көркем әдебиет деген қандай еді, жалпы ол туралы ұғым қандай еді, оқырманның жазушы, ақын туралы түсінігі қандай еді, не болмаса қаламгердің қоғамдағы орны қандай еді? Егер осының бәрін бүгінгі қоғам дамуының беталысымен, деңгейімен өлшесек, қаламгердің қызметіне көпшіліктің көңілі толмайтыны рас. Әдебиет ілгеріректе идеология құралы болды. Соған сәйкес оның әдісі болды, түрлі қағидалар қалыптасты. ЛИТО өмір сүрді. Қырық үйден тыйым көретін қыздың күйін кешті. Осы бұғаудың бәрінен босап еді, әдебиеттің ар-ожданына кіреуке түсті. Қазір жекелеген адам ғана әдебиетке талап қоятын болды. Мемлекеттік деңгейде ондай нақты талап жоқ. Қыл аяғы көркемдік кеңес те жоқ. Жазылып,ақшасы төленген кітаптың бәрі шығып жатыр» [13.204].
Сөз өнерінің арналы Һәм саралы саласы – әдеби сын: көркем шығарманың өмірмен байланысын, қоғамдық-әлеуметтік даму бағыттарын,адам өмірі мен оның еңбегін, әдеби-мәдени,рухани әлемдегі артық-кем тұстарды,ұнамды құбылыс пен келеңсіз көріністерді кең көлемде ашып көрсетеді.
Алдымен айтарымыз, кеңестік кезең тұсындағы зерттеу мен зерделеу бағытындағы еңбектерде (оқу құралы мен оқулықтар, әдеби-ғылыми зерттеулер, жеке авторлар шығармашылығы т.с.с.) әдеби сын орын алды. Көркеөнердің даму үдерістері мен замана шындығы, уақыт тынысы сөз етілді. Бұдан басқа, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан шығатын – «Сын» журналы, облыс орталықтарынан тарайтын – «Абай», «Жамбыл», «Мағжан», «Мұқағали» сынды әдеби-көркем, ғылыми-көпшілік басылымдар ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге үлес қосып келеді.
Әдеби сынның тынысын кеңейтіп, кең өріс берудің мүмкіндіктері бар ма?! Сын мен сыншы мерейін өсірудің тиімді жолдары қандай?!
Ұлттық мұрат тұрғысынан келсек, жаңа жол, ұтымды да тиімді тұстардың бары анық. Біздіңше, ол жайлар төмендегіше түзіліс құрар еді:
- сөз өнерін – басты байлық, қымбат қазына санап, ұлт руханиятының адастырмас компос, барометрі биігіне көтеру керек;
- сынға - әдебиеттің құрамдас бөлігі ретінде қарап, әдеби басылым беттерінде жаңа кітаптармен бірге солардың артық-кем тұстарын тамыршыдай тап басып, көркемдік көкжиегіне мәдени-рухани һәм эстетикалық құндылықтарды кеңінен көрсететін – сындарлы сынға кең орын берілуі қажет;
- әдеби жыл қорытындысында, мерейтойлар мен арнаулы байқауларда сын мен сыншы мұратын айқындайтын: байыпты бағдарлама, құнарлы ой, терең талдауларға негізделген салмақты баяндама, іргелі ізденіс, ұтымды ойларды арқау еткен-зерттеу мен зерделеулер аса қажет болып табылады;
- алыс-жақын елдер мен аймақтық әдебиет өкілдері, ондағы сыншыл ойды серік еткен жаңа есім, еңбектер де негізгі назарда болғаны жөн:
- жоғары оқу орындарында, әдеби бірлестіктерде сын мен сыншы сипаттарына кең орын берілсе, нұр үстіне нұр.
Бұдан шығатын түйін:
- сын мұраты айқын, ол - әдеби үдерістің күретамыры, бағыт-бағдар беретін, алысқа арна тартқан алтын бастау, сырлы да соны соқпақ;
- сыншы міндеті сындарлы, ол - әдеби дамуды айқын аңғарып, батыл барлау мен терең талдауларға табан тірейтін сергек сезімнің, серпінді де тегеурінді, талантты топ өкілі, басты тұлға. Тұтастай алғанда,әдеби сынның табиғаты мен тағылымынан:
- сөз өнерінің даму арналары;
- әдебиет қозғалысының бағыт-бағдарлары;
- ақын-қаламгерлердің қолтаңбалары мен көзқарастары;
- әдеби шығарманың жазылуы мен жариялануы;
- туындының тақырыптық ерекшеліктері, жанрлар жүйесі, көркемдік мұраттар, кейіпкер әлемі,өмір шындығы, уақыт тынысы, тіл-стиль сипаттары;
- әдебиеттің ұлттық сипаты,көркемдік қырлары, эстетикалық мәселелері, психологиялық үдерістер, танымдық-тәрбиелік мәні т.т. терең танылады.
Ал, сыншы мұраты - жазушы еңбегі мен шығармашылық үдерісті, ұлттық рух пен сананы, көркемдік құндылықтарды, талант пен танымды, ой мен сезім сырларын танып-талдап, жүйелі жеткізуінде жатыр. Мұның өзі ұлт мақтанышы, руханият тамыршысы А.Байтұрсынұлы сөзімен айтар болсақ:
«Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек» [14].
Демек, сын мен сыншы сипаттарынан - әдеби үдерістің бағыт-бағдары, даму арналары, көркемдік көкжиектері кемел де келісті жүйе құрайды.
Сын мен сыншы – әдеби қозғалыстың барометрі, шығармашылық иесінің қозғаушы күші, туынды табиғатының басты тұғыры.
Сын мен сыншы – жазушы еңбегі мен көркемдік құпиясының ақиқат жайттарын тамыршыдай тап басып, руханият әлемінің өріс-өресін айқындап, білім-біліктің деңгейін танып, шындық шырағын жағады.
Сын мен сыншы табиғаты, оның басты мұраттарының кең өріс, ағысты арна алар сәттері осы тұста болса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |