Тақырып 1 ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ОБЪЕКТІСІ, ПӘНІ ЖӘНЕ КАТЕГОРИЯЛАРЫ 2, 47-69
Объект және пән;Әлеуметтану категориялары;Әлеуметтанудың функциялары;Әлеуметтанудың құрылымы;Әлеуметтану заңдары.
Егер әлеуметтануды дербес ғылым ретінде қарасақ, онда оның объектісімен пәні бар «Әлеуметтану» термині екі сөзден құралған: латынның socіetas – қоғам және гректің logos – сөз, түсінік, ілім деген сөздерінен. Әлеуметтану “қоғам туралы ғылым” немесе “қоғам туралы ілім” дегенді білдіреді.
Әлеуметтанудың қоғамды зерттейтін басқа ғылым дардан айырмашылығы оның пәнінде.
Әлеуметтану қоғамның әлеуметтік құрылымын, әлеуметтік таптардың және топтардың байланыстарын зерттейді. Тарихқа жүгінсек, социологтардың бәрідерлік осы ғылымның пәнін анықтауға тырысқан.
Алғаш рет Огюст Конт «әлеуметтік» сөзін 1839 жылы «Позитивті философия курсысының» (IV том) 47-дәрісінде қолданады. Конт бойынша, дербес әлеуметтік ғылым жасаудағы басты шарт – басқа ешбір ғылымдарда зерттелмеген ерекше шындықты айқындау. Осы шындықты көрсету үшін ол түрлі терминдер қолданады: «қоғам», «әлеуметтік организм», «әлеуметтік жүйе», «әлеуметтік құбылыс», «әлеуметтік тіршілік». О. Конт әлеуметтану пәнін жалпыға ортақ келісім негізін құрайтын тұтас алынған қоғам деп түсінді.
Герберт Спенсер әлеуметтануды әлеуметтік институттардың табиғи эволюциясы нәтижесінде ондағы жіктелу тұтасумен ұштасатын әлеуметтік организм ретіндегі қоғам туралы ғылым деп білді. Ф. Теннис әлеуметтанудың өзі жасаған тұжырымдамасы шеңберінде теориялық және қолданбалы әлеуметтанумен қатар салыстырмалы оқу пәні ретінде эмпирикалық әлеуметтануды бөліп қарайды.
Эмиль Дюркгейм үшін дербес және ерекшеленген ғылым ретіндегі әлеуметтанудың пәні әлеуметтік фактілерді зерделеу болды, оларды “заттар ретінде”, қоғамдық тұтастықты нығайтатын наным, ұжымдық сана жүйесіне қатысты функционалдылық көзқарасы тұрғысынан түсіндірілуге тиіс нәрсе ретінде қарастыру қажет. Макс Вебердің көзқарасы бойынша, әлеуметтану пәнін анықтау әлеуметтік мінез-құлықты түсінумен тығыз байланысты.
Питирим Сорокин барлық ғылымдарды үш топқа бөледі: объективті нақты өмірдің органикалық бөлігін зерделеумен шұғылданатын ғылымдарға, органикалық емес бөлігі және “органика үстілік” немесе әлеуметтік мәдени бөлігін зерделейтін ғылымдарға бөледі. Бұл салаға тіл, ғылым мен техника, дін, философия, өнер, құқық, этика, адамдардың әдет-ғұрыптары мен мінез-құлықтары жатады. Әлеуметтану ғылымдардың үшінші тобына кіреді және органикалықтан тыс феномендер үшін ортақ нәрселерді зерделейді. Талкотт Парсонс әлеуметтануды мінез-құлықтардың өзара іс-әрекеттері мен атқаратын рөлдерінен – құндылықтардың жалпы иерархиясына бағытталған өзара іс-қимылдардан тұратын, мәдени үлгілер, ережелер мен мәртебелердің институциялануына негізделетін құрылымдарға сүйенетін, әлеуметтік жүйелерді зерделейтін ғылым деп біледі. Джордж Герберт Мид әлеуметтану жануарлардың мінез-құлқынан принципті түрде өзгеше болатын адам мінез-құлқының механизмін түсінуге тырысуы тиіс деп есептейді. Альфред Шюцтің пайымдауы бойынша, әлеуметтану пәні жеке адамдар бірін-бірі қалай түсінетіндігінің, дүние туралы жалпы қабылдау мен жалпы түсінік қалай қалыптасатындығының проблемасы болып табылады.
Қазіргі заманғы ресейлік әлеуметтанушы-ғалымдар қалыптасқан дәстүрге сәйкес әлеуметтанушылық білім пәнін анықтаған кезде қандай да бір әлеуметтік құбылысты шешуші нәрсе ретінде бөліп қарайды. Ондай құбылыстардың қатарына топтық өзара әрекет, әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік ұйымдар, әлеуметтік әрекет жүйелері, әлеуметтік мінез-құлық, әлеуметтік топтар, адамзат қауымдасты-ғының нысандары, әлеуметтік процестер, әлеуметтік өмір, қоғам, әлеуметтік құрылымдар жатады.
Көрсетілген анықтамаларға жасалған қысқаша шолу барлық көзқарастардың макро не микроәлеуметтанушылық парадигмалармен арақатынаста болатынын көрсетеді. Макро-теоретиктер қоғамның ғаламдық заңдарын ашып көрсетуге талпына отырып қоғамның, мәдениеттің, әлеуметтік институттардың, әлеуметтік жүйелер мен құрылымдардың, ғаламдық әлеуметтік процестердің ұғымдарын пайдаланады. Микротеоретиктер қоғам туралы философияшыл болудан бас тарта отырып, жалпы жеке адамдардың түрлі әлеуметтік жағдайлардағы мінез-құлқын, олардың әрекеттерінің себеп-салдарын, жеке тұлғалар арасындағы өзара әрекет механизмдерін және басқа да нақты мәселелерді зерделеумен шұғылданады.
Макроәлеуметтанудың дамуы қазіргі заманғы теориялық әлеуметтанудың қалыптасуына, ал микроәлеуметтанудың дамуы эмпирикалық (қолданбалы) әлеуметтанудың қалыптасуына алып келді деген түсінік бар. Мұндай баға негізсіз емес, бірақ оны толық мәніндегі ақиқат нәрсе деп мойындауға болмайды. Макроәлеуметтануда да, микроәлеуметтануда да теориялық және эмпирикалық деңгей бар. Макроәлеуметтанушылар (Э. Дюркгейм, М. Вебер, Ф. Теннис, П. Сорокин, т.б.) эмпирикалық әлеуметанушылық зерттеулермен белсене айналысқан, ал микроәлеуметтанушылар (мысалы, американ әлеуметтану мектебінің өкілдері) маңызды әлеуметтанушылық теориялардың негізін қалаған.
Қазіргі микро және макроәлеуметтанудың жақындасуы оның объектісі мен пәнін қазіргі заман тұрғысынан түсіну үшін аса маңызды. Бұл жақындасу макротеоретиктер де, микротеоретиктер де материяның әлеуметтік нысанының алғашқы “клеткасы” болатынын және қоғамды да, нақты адамдардың мінез-құлқын да әлеуметтанушылық талдау ісін содан бастау қажеттігін мойындауда бір-бірімен үндес екендігінен көрінеді.
Әлеуметтану барлық гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдармен тығыз байланыста. Әлеуметтану әлеуметтік философиямен, қоғамның өмір сүруінің мәні мен мақсатының, оның дамуының, тағдыры мен перспективаларының, бағыттылығының, қозғаушы күштерінің және оның дамуының проблемаларын талдаумен байланысты. Әлеуметтануға жақын ғылым тарих қоғамды хронологиялық жүйемен нақты. Әлеуметтану қоғамның мемлекетке ықпалың қоғамға тигізетін әсерін қарайды.
Сондықтанда әлеуметтану пәні мен саясаттану арасында өзара тығыз байланыс бар. Яғни:әлеуметтік қауымдастықтар, әлеуметтік ұйымдар мен институттар саясаттың маңызды субъектілері және объектілері болып табылады;саяси қызмет жеке тұлғаның және олардың қауымдастығының өмірлік қызметінің қоғамдағы өзгерістерге тікелей ықпал ететін негізгі нысандарының бірі болып табылады;саясат өте кең ауқымды, күрделі және көп қырлы құбылыс ретінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында көрініс табады және көбіне қоғамның жалпы дамуын айқындайды.
Егер әлеуметтанупәні ретінде тұтас қоғамды зерттеуге және оның неғұрлым жалпыға ортақ заңдарын ашуға тырысатын болса, психология психикалық құбылыстарды, яғни мінез-құлықтың белгілі бір түрі тудыратын ішкі субъективті күйзелісті зерделейді. Психологияның пәні болып табылатындар – адамның мінез-құлқының ішкі қырлары, оның субъективті күйзелістері. Әлеуметтануға жақын ғылым экономика ғылымы өз күш-жігерін материалдық өндірісті, адамдардың экономикалық қызметін зерттеуге шоғырландырады, экономикалық өзгерістер әлеуметтік процестерге әсерін тигізеді.
Сондықтан әлеуметтану экономикалық теорияға сүйенбей, онымен өзара әрекетке бармай тұра алмайды. Екінші жағынан алғанда, өмір көрсетіп отырғанындай, экономикалық процестердің өзі өндірісте, бөлуде, алмасуда және тұтынуда әлеуметтік шарттар мен факторлардың және оларды пайдаланудың ықпалына барған сайын тәуелді бола түседі.
Әлеуметтанудың ғылым ретінде айтарлықтай күрделі, көп деңгейлі құрылымы бар. Кез келген ғылымдағыдай оның негізгі құрамдас бөліктерін атауға болады
Бірінші құрамдас бөлігі – білім – өзіне әдістемелік және дүниетанымдық принциптерді; жалпы, арнайы және салалық теорияларды, іргелі және қолданбалы теорияларды; әлеуметтану пәні туралы ілімді, әлеуметтанулық әдістер, оларды жасау және қолдану туралы білімді; әлеуметтану білімінің нысандары, тұрпаттары мен деңгейлері туралы ілімді, арнайы түзілген жіктелімдерді немесе типологияларды; тұжырымдамалық үлгілер мен болжамдарды қамтиды.
Екінші құрамдас бөлігі – білім алу құралдары – бұл жеке әдістер мен әлеуметтану зерттеулерінің өзі.
Білімнің деңгейіне қарай әлеуметтану теориялық және эмпирикалық болып бөлінеді.
Теориялық білім – теориялық білімнің әлеуметтанушылық теориялары, болжамдары, типологиялары және т.б. нысандары .
Эмпирикалық білім – эмпирикалық білімнің статистикалық мәліметтері, фактілері, жіктелуі және басқа да нысандары .
Әрбір ғылымның атқаратын қызметі қоғамның күнделікті өмірімен өзара әрекеті және байланыстарының сан қырлылығын көрсетеді. Мұнда қоғамның сол ғылымның нақты танымдық немесе түрлендіруші әрекеттеріне деген сұранысы қамтылады. Әлеуметтанудың қоғам өмірімен байланысының алуан түрлілігі, қоғамдық мақсаты бірінші кезекте оның ерекше әлеуметтік ғылым ретінде атқаратын қызметімен айқындалады. Осынған байланысты әлеуметтанудың бірнеше функциялары бар.
Танымдық функция, ең алдымен, әлеуметтік даму заңдылықтарын зерттеумен, әр түрлі әлеуметтік құбылыстар мен процестердің өзгеру үрдістерімен байланысты.
Теориялық-танымдық функцияны жүзеге асыру әлеуметтануға қоғамның мәні, оның құрылымы, заңдылықтары, негізгі бағыттары мен үрдістері, жолдары, оның қызмет атқаруының және дамуының нысандары мен тетіктері туралы білімді кеңейтуге және нақтылауға мүмкіндік береді.
Тәжірибелік функция әлеуметтанудың әр түрлі әлеуметтік процестерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибелік ұсынымдар мен ұсыныстар жасауға ат салысуымен айқындалады.
Әлеуметтанудың тәжірибелік функциясы оның танымдық функциясымен тығыз байланысты. Әлеуметтанулық зерттеулер қоғамның түрлі салаларының даму заңдылықтарын ашып көрсете отырып, әлеуметтік процестерге пәрменді әлеуметтік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті нақты ақпарат береді.
Әлеуметтік жобалау – болашақ объектінің өлшем жүйесін немесе бар объектінің сапалық жаңа күйін ғылыми негіздеп құрастыру. Әлеуметтік жобалау жаңа әлеуметтік проблемаларды шешудің әр түрлі нұсқалары жасалынған кезде мақсатты көздей отырып, қызмет етудің құрамдас бөліктерінің бірі ретінде пайдаланылады және басқарудың маңызды элементі ретіндегі нысаны болады. Әлеуметтанудың басқару функциясы – нақты қоғамдық проблемаларды шешу жөнінде ұсыныстар жасау.
Басқа ғылымдар сияқты, әлеуметтанудың да өзінің категориялары бар. Категорияларда ғылымның маңызымен мазмұны бар. Категорияларды білген адам пәнді игере алады.
Әлеуметтану категорияларының қатарында жалпы ғылыми, жалпы ұлттық және арнайы категориялар бар. Жалпы ғылыми категориялар (құрылым, функциялар, процесс, механизм, элемент, байланыс, орнықтылық, құбылмалылық, заңдылықтар, даму және т.с.с.) жалпы әдістеме тілінен алынған. Басқа гуманитарлық ғылымдарда пайдаланылатын жалпы әлеуметтік категорияларды әлеуметтану осылардан алған. Ол, мысалы, философияның (қоғамдық сана, қоғамдық қатынастар, қоғам), әлеуметтік психологияның (ұжым, тұлға, мінез-құлық, уәждеу, сәйкестендіру, бейімделу, конформизм, өзара әрекет) және бірқатар басқа да ғылымдардың категорияларын пайдаланады. Әлеуметтанудың ерекшелік категориялары – оның ішінде пайда болған және қоғамды зерделеудің тек өзіне тән көзқарастары мен тәсілдерін көрсететін категориялар.
Әлеуметтанудың категориялары мазмұны жағынан былай бөлінеді:жалпыға ортақ категориялар (ғалам, ноосфера, қоғам, әлем), бұларды әлеуметтік ғылымдардың бірде-бірі, соның ішінде әлеуметтану да айналып өте алмайды;сапа категориялары (өркениет, формация, мәдениет, тұрақты даму), олар дүниені игерудің дәрежесі мен деңгейін, олардың қызмет атқаруының және қоғамдық, топтық және жеке өмірді оңтайлы ұйымдастырудың тиімділігін көрсетеді;объективтік категориялары (әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік даму, әлеуметтік процестер, әлеуметтік құбылыстар мен институттар), бұлар адам өмір сүретін және тіршілік ететін тарихи кезеңнің маңызы мен мазмұнын нақтылайды;субъективтік категориялары (сана, жеке тұлға, таптар, страттар), бұлар қоғам өміріндегі белсенді, шығармашылық, мүдделі бастаманы сипаттайды;өзгеріс категориялары (басқару, реттеу, әлеуметтендіру, жаңарту, қақтығыс), бұлар түрлендірулердің механизмін, бағыттылығын, жүзеге асыру тәсілдері мен әдістерін сипаттайды. Сөйтіп, әлеуметтану категориялары – қоғамдық өмір, әлеуметтік шынайылық туралы негізгі түсініктерді ұғыну мен жалпыландыру деңгейін сипаттайтын барынша әмбебап, іргелі ұғымдар, олардың априорлық маңызы бар және тәжірибелік білімді жүйелеуге және ұйымдастыруға көмектеседі.
Категориядан бөлек ұғым деген бар. Әрбір категория сонымен бірге ұғым да болып табылады, бірақ ұғым байланыстың жалпылама, әмбебап, іргелі нысандары, пікірдегі субъект пен объект арасындағы байланыс түрлері болып табылатын категориялардан туатындығына байланысты әрбір ұғым категория бола алмайды.
Ұғым – дүниені әлемнің оңтайлы, қисынды сатыларында бейнелеудің негізгі нысандарының бірі. Ұғым объектілерді жалпы және ерекшелік белгілерін көрсете отырып, кейбір пәндік саладан бөліп алып саралайды.
Ұғымдар көлемінің арақатынасы негізінде әмбебап және әмбебап емес болып бөлінеді. Әмбебап ұғымдар (мысалы, адам, қоғам, мәдениет) категориялармен сәйкес келеді, бұл олардың арасында белгілі бір қисындық байланыс орнатады.
Ұғымдар элементтерінің құрылымы бойынша көлемінің элементтері жеке алған объекті (мысалы, 1950 жылы туған адам) болып табылатынжинақталмайтын ұғымдар және көлемінің элементтері біртұтас түрдегі объектілер жиынтығы (мысалы, мұраттастар тобы, саяси партия) болып табылатын жинақталатын ұғымдар деп бөлінеді.
Тұжырымдалатын объектілердің табиғаты бойынша ұғымдар нақты және абстрактілі болып бөлінеді. Нақты ұғымдарда қандай да бір қасиет, белгі, сипаттама (мысалы, уәж) немесе жиын (мысалы, мүдделер) тұжырымдалады.
Мазмұны тұрғысынан ұғымдар салыстырмалы емес (объект өз-өзінен сипатталады, мысалы, ұстаным) және салыстырмалы (объект басқа объектілерге қатынасы арқылы сипатталады, мысалы “білікті жұмысшы”) ретінде қарастырылуы мүмкін.
Ұғымдардағы объектілерді жалпылауға көмектесетін белгілердің көлемі мен мазмұнына қарай олар қарапайым (олардың мазмұны қандай да бір жеке қасиеттің бар екенін көрсетеді (мысалы, “әлеуметтік бағдар” немесе “туылғандар саны”) және күрделі (олардың мазмұны қасиеттердің немесе оның элементтері арасындағы байланысты белгілейді, мысалы, “қала” немесе “кәсіпорын” түсініктері көптеген қасиеттермен және қарапайым әрі күрделі құрамдас бөліктердің елеулі санымен көрінетін күрделі экономикалық, әлеуметтік және ұйымдық механизм) болып бөлінеді.
Әлеуметтік таным тетігі тұрғысынан ұғымдар әдіснамалық рөл атқарушы (зерттеу бағдарламаларын жасау принциптері, болжамдар, т.с.с.) және әдістемелік (құралдық) рөл атқарушы (іріктеу, сұхбат, сауалнама, контент-талдау, т.с.с.) болып бөлінуі мүмкін.
Олар, сол сияқты тұжырымдаушы (қажеттіліктер, көшіп-қонушылар) және айқындаушы (ереуіл, нақты оқиға туралы пікір) ұғымдар ретінде қарастырылуы мүмкін, оларда белгіленген мақсаттары көрсетіледі және модалдылық белгілерін (мүмкіндік, қажеттілік, қол жетушілік, тиімділік) қамтиды.
Енді осы категорияларға нақтырақ тоқталсақ. «Қоғам» ұғымы, әлеуметтанудың басты категорияларының бірі болып табылады. Қоғамның анықтамасын бермес бұрын «табиғат» пен «қоғам» сияқты кең ұғымдарды шектеу, олардың ара жігін айқындап алу қажет. Бұл әлеуметтік-философиялық проблеманың дұрыс шешілуінің әлеуметтану үшін басты, әдістемелік маңызы бар.
Әлеуметтану қоғам туралы ғылым болғандықтан, қоғам – белді категория. Қоғам – адамдар арасында тарихи қалыптасқан саяси-әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың тұрақты жүйесі. Қоғам белгілі бір өмірлік, қажеттіліктер мен мүдделерді қанағаттандыру үшін бірігіп еңбек ететін адамдардан құралады. Философия және әлеуметтану тарихынеда адамның қоғамда өмір сүретіндігі туралы ой-пікірлер ұзақ тарихи даму барысында қалыптасты. Антикалық заманда адам бомысы қоғаммен емес, мемлекетпен теңестірілді. Платон қоғам туралы ілімін идея теориясымен тығыз байланыстырып, адамдар теңсіздігін, әділетсіздіктің себебін қоғамдық өмірдің ұйымдастырылуынан іздеді. Аристотель қоғамды «әлеуметтік түйсіктерді» қанағаттандыру үшін біріккен адам индивидтерінің жиынтығы деп есептеді. Жаңа заман философиясында қоғам туралы түсінік «қоғамдық шарт» теориясы шеңберінде қалыптасты. Оған сәйкес адамның табиғи күйден қоғамдық күйге өтуі мемлекеттің пайда болуымен байланыстырылды. Алайда, кейбір ойшылдар (мыс, Дидро) адамдардың өмірі әрқашан қоғамдық сипатта болды деген пікір айтқан. Француз философтары Сен-Симон, Ш. Фурье, британдық ойшыл Р. Оуэн болашақтағы әділетті қоғам туралы тұжырымдар айтып, социалистік қоғам идеясын ұсынды. О. Конт қоғамды отбасы, әлеуметтік топтар мен мемлекеттен құралатын және еңбек бөлінісі мен ынтымақтастыққа негізделген жүйе деп түсінді. Кейін қоғам ұғымы Конт ілімінің негізінде қалыптасқан социология ғылымының негізгі зерттеу нысанына айналды. Қоғам бір-бірімен байланысты, ықпалдас әлеуметтік құбылыстар мен процестер жиынтығынан тұратын әлеуметтік жүйе. Оның құрамдас бөліктеріне индивидтер, әлеуметтік институттар мен ұйымдар, топтар мен қауымдар, байланыстар мен әрекеттер, нормалар мен құндылықтар, өзара қарым-қатынастар т.б. жатады. Қоғам өмірінде экономика, саяси, идеология, күнделікті тұрмыстық және басқа алуан түрлі қатынастар өзара күрделі байланыста өтіп жатады. Қоғам мақсаттылық, мүдделілік, бірыңғай бағыт ұстау негізінде адамдардың ерікті түрде бірігіп өмір сүруін сипаттайтын орта.
Қоғам – адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің тарихи қалыптасқан нысандарымен біріккен әрі тұрақтылығымен және тұтастығымен, өзін-өзі байытуымен, жеткілікті болуымен, реттеп отыруымен және өздігінен дамуымен, мәдени дамуының өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің негізін құрайтын ерекше әлеуметтік нормалар мен құндылықтар көрініс табатын деңгейімен сипатталатын жиынтық.
Қоғам – өзінің жүйесін құраушы элементтері мен ерекше интегралдық қасиеттері бар сапасы жағынан әр түрлі әлеуметтік ішкі жүйелер жиынын қамтитын төтенше күрделі құрылым. Олардың негізгілері әлеуметтік қарым-қатынастар негізін құрайтын әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар, институционалдық және ұйымдық байланыстарды құрайтын әлеуметтік институттар, әлеуметтік бақылау негізін құрайтын әлеуметтік нормалар мен құндылықтар болып табылады.
Қоғамды адамдардың неғұрлым жалпылама жиынтығы ретінде қарастыра отырып, бұл тұжырымдаманың авторлары «қоғам» ұғымын «адамзат» ұғымымен теңестіреді.
«Қоғам» категориясының анықтамалар тобы әлеуметтік институттар мен ұйымдар жүйесін білдіреді. Қоғам – тұтас бір институттар мен ұйымдар шегінде бірлесе отырып, әлеуметтік өмір құрайтын адамдардың үлкен тобы.
Функционалдық тұжырымдама қоғамды іс-әрекеттердің өзін-өзі қамтамасыз етуші жүйесін білдіретін адамдар тобы ретінде сипаттайды.
Әр түрлі тұжырымдамалық анықтамалар негізінде әлеуметтануда, сондай-ақ, ішкі ұйымдастырылуымен, аумақтығымен, мәдени алуандығымен және табиғи өсуімен сипатталатын салыстырмалы дербес немесе өзін-өзі қамтамасыз ететін халық ретінде талдамалық анықтама қалыптасқан.
Қоғамды жүйелілік тұрғысынан талдайтын болсақ, ол – қосынды емес, тұтас жүйе. Жүйе – өзара байланыстар мен қарым-қатынастарда болатын, бірыңғай тұтастықты білдіретін және тіршілік етуінің сыртқы жағдайларына қарай құрылымын өзгерте алатын элементтердің сапалық анықталған жиынтығынан тұратын пән, құбылыс немесе процесс.
Кез келген жүйенің маңызды сипаты оның тұтастығы мен бүтіндігі болып табылады. Қоғам деңгейінде жеке әрекеттер, байланыстар және қарым-қатынастар жаңа жүйелі сапаны – элементтердің қарапайым қосындысы деп қарауға болмайтын ерекше сапалық күйді білдіреді. Қоғам өзіне кіретін элементтердің, жеке алғанда, ешқайсысында жоқ сапалардың тұтас жүйесі болып табылады. Өзінің интегралдық сапаларының салдарынан әлеуметтану жүйесі оны құрайтын элементтерге қарағанда белгілі бір дербестікке, өз дамуының салыстырмалы дербес тәсіліне ие болады.
Қоғам тұтас жүйе ретінде мынадай ішкі жүйелерден тұрады: экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық. Бұлардың әрқайсысын өз кезегінде жүйе ретінде қарастыруға болады. Бұл ішкі жүйелерді әлеуметтік жүйенің өзінен ажыратып қарау үшін оларды социетальдық деп атайды.
Бұл жүйелер арасындағы өзара қарым-қатынаста себеп-салдар байланыстары басты рөл атқарады.
Еліміздің ХХІ ғасырдағы экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруының басты бағыттары көрсетілген «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жолдарын қарастырып отырмыз. Стратегияны жүзеге асырудың маңызды индикаторы әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына кіру болып табылады. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін барша қазақстандықтардан зор жауапкершілік күтіледі, барша зияткерлік ресурстардың ұтқырлығы талап етіледі.
Стратегия – Қазақстанның және қазақстандықтардың ХХІ ғасырға жаңа бірыңғай көзқарасы. Бұл – біздің ортақ болашағымыздың форсайт-жобасы. Ол экономиканы ауқымды жаңғыртудың барлық міндеттерін және қазақстандықтардың әлеуметтік өмірінің барлық қырларын қисынды түрде біріктіреді. «2050 Стратегиясы» Қазақстанның ықпалдастық үдерістеріне, ең алдымен еуразиялық ықпалдастыққа қатысуының маңыздылығын да көрсетеді.
2050 Стратегиясындағы ең басты мақсат – ХХІ ғасырдың орта тұсында әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіру. Ол үшін біздің қазіргі шынайы мүмкіндіктеріміз есептелген.
Қазіргі жағдайда экономиканы, әлеуметтік кеңістікті жаңғыртуға және мемлекеттік институттарды дамытуға байланысты жасалатын барлық саяси қадамдар біздің жол картамыз болады деп есептеймін.
Қоғам мен мемлекет өмірінің барлық саласында қарқынды және тиімді даму қамтамасыз етілді. Бұған мыналар дәлел болады:жалпы ішкі өнім көлемінің екі есе артуы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісінің, сондай-ақ экономиканың басқа секторларының өсуі, энергетика және көлік инфрақұрылымының дамуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы, даму институттарының құрылуы, Ұлттық қордың қалыптасуы, қажетті резервтердің жинақталуы;кәсіпкерліктің дамуы, шағын және орта бизнес субъектілері санының өсуі, салық заңнамасының жетілуі;еліміздің бас қаласы – Астананың қарыштап дамуы, оның халқы 10 жыл ішінде 1,8 еседен астам өсті, елдің басқа да өңірлерінің дамуы;денсаулық сақтау және білім беру салаларын қаржыландыру көлемінің ұлғаюы, әлеуметтік маңызы бар жаңа объектілер құрылысы: он жыл ішінде 652 мектеп, 463 денсаулық сақтау объектісі пайдалануға берілді;ауылда өмір сүрудің тұрақты тұрде жақсаруы: «Ауыз су» бағдарламасын іске асыру аясында 13 мың километр су құбыры желісі салынды, бұл 3,4 мыңнан астам ауылдық елді мекенді сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік берді; ауыл халқын байланыспен қамтамасыз ету 3 есе артты;халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз жіктерін қолдау саясатын дәйектілікпен іске асыру: тағайындалған зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа айлық мөлшері 3 есе ұлғайды;халықтың, оның ішінде бюджет саласы: білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер табысының тұрақты өсуі, олардың орташа айлық жалақысы 5 есе өсті;күтілетін өмір сүру ұзақтығының кемінде 3 есе артуы, демографиялық дамудың оң өсу қарқынына қол жеткізу;көлік инфрақұрылымының дамуы: 2001-2010 жылдар кезеңінде республикалық автомобиль жолдар желісінің 70%-ы және жергілікті жолдар желісінің 55%-ы жақсартылды;тұрғын үй құрылысы: 10 жыл ішінде көлемі 40 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды;мемлекеттік басқару жүйесі тиімділігінің артуы, жеке секторға әкімшілік қысым көрсетудің кемуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жергілікті өзін-өзі басқару органдары рөлінің күшеюі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жақсаруы және оның тізбесінің кеңеюі;азаматтық қоғам институттары ықпалының өсуі, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың дамуы, партияаралық диалогтың дамуы, этносаралық келісім жүйесінің одан әрі жетілуі, Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер рөлінің күшеюі, мемлекеттік тілдің дамуы, «Үштұғырлы тіл» бағдарламасының іске асырылуы;этникалық қазақтардың отанына оралуы жөніндегі көші-қон саясатының табысты іске асырылуы: тәуелсіздік жылдарында 806 мыңнан астам адам тарихи отанына оралды;отандық мәдениеттің дамуы, «Мәдени мұра» бағдарламасының іске асырылуы: өткен 10 жыл ішінде жүзге жуық жаңа мәдениет объектісі ашылды, 50-ден астам тарихи және мәдени объект қалпына келтірілді».
Ашық қоғам мемлекеттің ішкі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жүйелерінің деңгейін білдіретін ұғым. «Ашық» және «жабық» қоғам деген ұғымдарды кезінде ағылшын философы Карл Поппер енгізген. Ол мұны әр түрлі қоғамдардың тарихи-мәдени және саяси жүйелеріне сипаттама беру үшін қолданған. «Жабық» қоғам догматты түрде жеке басқа табынушылықты, сондай-ақ дамудың ерте кезеңдеріне тән сипаттармен, жаңару, жаңғыруларсыз, ілгері қозғалыссыз тұрып қалу мәнін білдірсе, «ашық» қоғам бұған қарама-қарсы ұғымда айтылады. Ол сыртқы жағдайларға тез икемделіп, жылдам ыңғайланатын, өзара сынға ерік бере білетін демократияшыл қоғам. Поппер өркениет тарихында қоғамдық даму қашанда «жабық» жүйеден «ашық» жүйеге өту арқылы жүзеге асып отырғанын көрсетеді. «Жабық» жүйелерге өзінің әлеуметтік және саяси құрылымдары жөнінен әрқилы елдердегі (Спарта, Пруссия, патшалық Ресей, нацистік Германия) өміршіл-әкімшіл қоғамдар, «ашық» қоғам үлгісі ретінде көне дәуірдегі халық кеңесі басқарған Афина мен жаңа замандағы демократиялық мемлекеттер мысал бола алады.
Қоғам, жалпы мағынасында, мәдениеті ортақ, белгілі бір аумақта тұратын және өздерін біртұтас, өзгеше бірлестік деп білетін адамдар тобы, бірақ қоғамның әлеуметтанулық тұжырымдамалары толып жатыр.
Күнделікті өмірде қоғам ұғымы жеке бір пәннен «тыс» тұрған бірдеңе жөнінде оңай ұғынылатын түрде қолданылады: біз «француз қоғамы», «капиталистік қоғам» және «қоғам» деп, парықталып әлеуметтік объект ретінде ұғымның қолданылуы үшін жауапкершілік аламыз. Бірақ біз ойлансақ, бұлай қолданудың өзіндік қиындықтары бар екені анық көрінеді: мысалы, Британ қоғамы бертекті бірлестік пе немесе уэльс, шотланд, солтүстік ирланд қоғамы деуге бола ма? Немесе тіпті Англия шегінде солтүстік пен оңтүстік арасында айырмашылық жоқ па? Капиталистік қоғам жалғыз ба, әлде олар көп пе? Қоғам ұғымы ұлттық мемлекет деген ұғыммен бірдей емес пе? Бұрынғы Югославия бірнеше қоғамды: хорват, словен, серб және т.б. қоғамдарды қамтығаны белгілі.
Көптеген әлеуметтанушылар бұл терминді прагматикалық мағынада қолданса, енді біреулер оның бұлай қолданылуына күмән келтіреді. Мысалы, кейбір символдық интеракционистер қоғам секілді пән бар екенінің өзіне дау айтады: бұл жай ғана пайдалы, көлегейлейтін термин, оның тақырыптарын біз білмейсіз немесе толық түсінбейміз.
Кейбір әлеуметтанушылар қоғам ұғымын алмастыру үшін неғұрлым анығырақ тұжырымдама әзірлеуге тырысты. Мысалы, марксизм теоретигі Луи Альтюссер әлеуметтік формация терминін ұсынды: бұл өзара қатынастың өз араларында өзгеріп отыратын байланысы болуы мүмкін үш деңгейінің экономикалық, идеологиялық және саяси комбинациясы. Энтони Гидденс қоғамды ұлттық мемлекетпен ұқсастыруға қарсы дәлелдер келтіріп, ұлттық шекарамен шектеле алатын немесе шектелмейтін әлеуметтік жүйелер мен институттар туралы айтқан.
Азаматтық қоғам идеясы ежелгі дәуірде пайда болған. Аристотель азаматтық қоғамды меншіктің рөлі туралы: кімде-кім меншікке ие болса, сол ізгіліктің, адамгершіліктің иесі болады деп жазады. Кейінірек бұл мәселге Т. Гоббс, Ш.Л. Монтескье, Ж.Ж. Руссо, Т. Пейн т.б. ойшылдар елеулі үлес қосты. Азаматтық қоғам 18 ғасырдан бастап кең ауқымда – қоғамдық, тар ұғымда – мүліктік қарым-қатынастарды білдіретін термин ретінде қолданыла бастады. Ағылшын, француз философтары азаматтық қоғамды адамның табиғи қасиеттері, саяси міндеттер, басқару және құқық формалары, т.б. арқылы қалыптасады деп білді. Азаматтық қоғам жалпы индивдтен тыс, олардың іс-әрекеті өріс табатын «орта» ретінде қарастырылды. Гегель азаматтық қоғамды жеке меншікке, мүліктік, топтық және құқықтық қатынастарға, т.б. негізделген «қажеттіліктер жүйесі» ретінде тани отырып, қоғамдық дамудың бірқатар заңдылықтарын болжай алды. Марксшілдер азаматтық қоғам терминінің мәні «айқын емес» деп біліп, ғылыми ұғымдар жүйесіндегі «қоғамның экономикалық құрылымы» «экономикалық базис», «өндіріс тәсілі» т.с.с терминдер ауыстырды.
Азаматтық қоғам – еркін және жауапты азаматтар одағы. Азаматтық қоғам белсенділігінің арта түсуі, оның маңызы мен рөлі, сондай-ақ оның институттарының нығаюы Қазақстанның адам құқықтары мен бостандықтарын, өмір сапасының жоғары әлеуметтік стандарттары мен тұлғаның өзін-өзі толыққанды көрсете алу жағдайларын қамтамасыз етуге қабілетті демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуының басты шарты болып табылады (3).
Азаматтық қоғамды үкіметтік емес ұйымдардың жиынтығы ретінде қабылдайтын үйреншікті көзқарастан арылу керек. Азаматтық қоғам – бұл ең алдымен, әділетті бәсекеге қабілегті нарықтық қатынастар және демократиялық құқықтық мемлекет жағдайында өмір суретін еркін әрі жауапты азаматтардың әр алуан, мемлекеттен тыс қарым-қатынастары. БАҚ, кәсіподақтар саяси партиялар үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ отбасы, этномәдени орталықтар, кәсіпкерлер қауымдастықтары және тіпті пәтер иелерінің бірлестіктерін қоса алғанда, басқа да институттар – азаматтық қоғамның өзін-өзі ұйымдастыруының тетіктері мен нысандары. Дәл осы институттардың көмегімен азаматтардың бір-бірінің алдындағы ортақ жауапкершілігі қалыптасады.
Азаматтық қоғамның толыққанды дамуының шарттары мыналар болмақ:дамудың ұлттық стратегиясын іске асыру аясында мемлекет пен қоғам аса маңызды жалпы мемлекеттік мәселелер бойынша бірлескен шешім қабылдайтын жалпыұлттық диалогты одан әрі дамыту;азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оның ішінде геңдерлік теңдікке қол жеткізу бойынша тетіктерді, осы саладағы азаматтық бақылауды жетілдіру; тұлғаның бостандықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік басқарудың барлық элементтерінің толыққанды жұмыс істеуі;азаматтық қоғамның басты элементі және оны қалыптастырудың негізгі тетігі ретінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту: негізін мәслихаттар құрайтын жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қажетті нормативтік құқықтық базасын құру;барлық деңгейдегі билік пен азаматтық қоғам институттарының өзара қарым-қатынастарын жетілдіру;үкіметтік емес сектордың институционалдық дамуын одан әрі мемлекеттік қолдау;ақпараттық кеңістікті жүйелі дамыту, баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарын, сонымен қатар интернет-ресурстар мен цифрлық технологияларды ынталандыру және қолдау;еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде кәсіподақтардың ұстанымын күшейту;көлбеу байланыстарды қамтамасыз етудің және мемлекеттің қызметін азаматтық қоғам институттары тарапынан қоғамдық бақылау жүйесінің тиімді әрі пәрмеңді тетіктерінің жұмыс істеуі.
Азаматтық қоғамның мемлекетпен әріптестік негізінде дамуы әлеуметтік прогреске және реформалар үшін қолайлы жағдай туғызуға жәрдемдеседі. Бұл – елді жаңғыртудың, демократиялық дамудың және экономикалық өсудің, мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырудың маңызды шарты.
Кеңес дәуірінде сөз жүзінде адамдардың еркіндігі мен құқын айқайлай жариялағанымен, тоталитарлық қоғам өз табиғатында қоғамда шынайы демократия орнатуға дәрменсіздігін танытты. Сондықтан да елдің қожасы деп жарияланған еңбекшілер, іс жүзінде, партиялық-мемлекеттік машинаның елеусіз тегіршегіне айналып, өнімді еңбекке деген ынта-ықыласы жойылды. Адам қоғамдағы иделогиялық диктат пен өмір ағысын қатаң реттеу жағдайынды өзіндік таңдау құқығынан мүлде айрылды. Бұл жағдай ең алдымен, тұлғаның демократиялық, құқығы мен еркіндігін жоққа шығарған тоталитарлық саяси режим басқаруының салдарынан болды.
Құқықтық мемлекет құру мен қоғамды демократияландыру – қайшылықты, ұзақ та күрделі процесс.
Азаматтық қоғамда адамдардың экономикалық, саяси және рухани өмірінің түрін еркін таңдауына және жүзеге асыруына заң жүзінде бостандық беріледі. Олар мемлекет тарапынан қатаң тәртіптің орнатылуынан сенімді түрде қорғалады. Адамның жалпы құқықтары сақталады, бұзылмайды. Азаматтық қоғам экономикасының негізі – әр түрлі меншіктегі көп укладты шаруашылық. Яғни, қоғамның әрбір мүшесінің нақтылы меншігі болады және оны өз қалауына орай пайдалана алады. Сондықтан, мұнда белсенді іскерлікке тапқырлыққа, жемісті еңбек етуге кең жол ашылады.
Ағылшын социологы Карл Поппер Раймундтың (1902-1994) іліміне сай білімнің эмпирикалық және теориялық деңгейлері бір-бірімен тығыз байланыста болады. Кез-келген ғылыми білімге болжамдық сипат, қателесушілік тән. Ол ғылымда кез-келген тұжырымды теріске шығаруды білдіретін «фальсификация» (жалған деп тану) ұғымын енгізеді. Ғылыми білімнің дамуы батыл гипотезаларды ұсынып және оларды жоққа шығаруды жүзеге асырудан тұрады, сол арқылы ғылыми мәселелер шешіледі. Әлеуметтік философия саласында Поппер марксизмді сынға алады, ол қоғамдық дамудың объективті заңдылықтарын және әлеуметтік болжам мүмкіндіктерін теріске шығарады. Поппердің идеалы – «ашық қоғам». «Ашық қоғам және оның жаулары» (1945) атты еңбегінде ол ашық және жабық қоғамдарды қарастырды. Алғашқы қоғам типіне – батыс демократиясын, ал екіншісіне социалистік мемлекеттерді жатқызады. Соңғыларына тоталитарлық, қоғамның индивидтен жоғары тұруы, жеке жауапкершіліксіз, идеялық догматизм тән. Оның пікірінше, бұл «трайболистік», яғни өзінің құрылымы жағынан алғашқы қауымдық құрылыстық тайпа тәрізді, өзін басқаларға қарама-қарсы қоятын қоғам. «Ашық қоғам» мүшелеріне рационалистік бағдар, әлеуметтік дамуды мақсатқа сай, саналы басқару, мемлекеттік институттарды азаматтардың қажеттілігіне сай біртіндеп қалыптастыру тән. Алайда, Батыс демократиясында оларды «ашық қоғам» деп санауға кедергі келтіретін кемшіліктері бар. Оның пікірінше, «қоғамның өз еркі мен даму идеясы – қоғам физикалық зат сияқты белгіді бағытта, белгіленген жолмен дамиды деу – таза холистік адасушылық».
Постиндустриалдық қоғам – экономикалық дамыған елдердің «индустриялықтан», «индустриялықтан кейінгі» қоғам типіне өтумен сипатталатын қазіргі жағдайын білдіретін ұғым. Бұл терминді аталмыш қоғамның қызмет көрсету экономикасын қалыптастыру, ғылыми-техникалық мамандардың басымдылығы, жаңа «интеллектуалды» техниканы жасау сияқты негізгі белгілерін қалыптастырған және ұсынған Д. Белл еді. Қоғам бір-бірімен тығыз байланыстағы факторлардың, техниканың, әлеуметтік құрылымның, саясаттын, рухани құндылықтардың жүйесі ретінде көрінеді.
Американ философы және әлеуметтанушысы,Белл Даниэл (1919) «постиндустриалдық қоғам» теориясын негіздеушінің бірі, футуролог. Өзі қалыптастырған «постиндустриалдық қоғам» концепциясының арқасында Белл Батыстағы әлеуметтік болжамның жетекші өкіліне айналды және АҚШ-тың инлеттектуалдық өмірі мен қоғамдық пікірінде үлкен беделге ие болды. Қазіргі капиталистік қоғамдағы дағдарыстық құбылыстарды ол капиталистік экономиканың «рационалдық» принциптері мен гуманистік бағыттағы мәдениеттің арасындағы ажыратушылықпен түсіндіреді. Белл батыстық мәдениеттің дағдарысы туралы «діни орталықтық» ұстанымды дамытады және дағдарыстан шығу жолы ретінде діни жаңғыруды ұсынады. Беллдің негізгі еңбектері: «Идеологияның ақыры» (1960); «Келе жатқан постиндуатриалдық қоғам» (1973); «Капиталзмнің мәдени қайшылықтары» (1976).
1945 ж. жапон ғалымы Енедзи Масуда ақпараттық қоғам терминін енгізген. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамыған елдердегі капитализм бұрынғы индустриалдық капитализмнен бөлек екендігі айқындала түсті.
1960-1970 жж. Батыс ғалымдары (Д. Белл, Р. Арон, З. Бзежинский, О. Тоффлер, Рим клубы өкілдері, т.б.) принципті жаңа қоғам, технотронды, телекоммуникациялық, ақпараттық қоғам 1990 ж. шыққан Д. Нэсбит пен П. Эбурдемнің «Мегатенденциялар. 200 ж.» еңбегінде жаңадан қалыптасып келе жатқан өркениеттің төмендегідей басым бағыттары аталып өтті:1) жаңа жоғары технологиялар;2) социализмнің кейбір элементтерін еркін нарықтық қатынастармен үйлестіру;3) әмбебапты өмір салты және мәдени ұлтшылдық;4) жеке және мемлекеттік дәулеттіліктің ұштасуы;5) өнер мен көркем мәдениеттің өркендеуі;6) діни жаңғыру;7) тұлға марапаты.
ХХ ғ. 60-жылдары батыс қоғамының қоғамдық-экономикалық дамуы деңгейінің өсуімен ол қоғамдағы көптеген процестер әлдеуметтік теориялар тұрғысынан баламалы түсіндіре алмады. Функционалды талдау көптеген даму үстіндегі елдерге қарағанда тұрақты түрдегі қоғамдарды зерттеуге қолайлы болды. Функционалдық теория үшін неғұрлым үлкен қиындықтар қазіргі заманғы қоғамдарда жүріп жатқан әлеуметтік өзгерістерді талдаумен байланысты туды. Әлеуметтік өзгеріс ұғымының өзі, негізгі күш-қуатын жүйенің тепе-теңдік сақтауын зерттеуге жұмсайтын функционализмнің теориялық жүйесіне сыйымсыз болды. Осы себептен, батыс әлеуметтануының дамуында бірнеше даму бағыттары пайда болады – таза негативизм және дәстүрлі теорияларға табан тіреу; жаңа жағдайға лайықтап, дәстүрлі теорияның түрін өзгерту талпынысы; батыс әлеуметтаныынң дағдарысын түсініп, осы негізде жаңа әлеуметтануды құру сияқты ізденіске талпынғандардың бірі француз әлеуметтанушысы Ален Турен.
Индустрияландырудың бастапқы кезеңінде әлеуметтік талдау экономикалық жүйе тепе-теңдігінің шарттарын анықтаумен айланысты.
Индустриалдық қоғамның келесі даму сатысында әлеуметтік ғылымдардың талдауы мейлінше кеңіп, ондағы орталық орынды әлеуметтік жүйе түсінігі алды. Осыдан кейін бұл функционалдық көзқарас ой-пікірдің белгілі бір эволюционалдық түрімен толықтырылды. Бұған дейінгі өзгерістер бейберекет модификациялар жүйесі ретінде түсіндіріліп келген еді.
Туреннің пікірінше, жаңа уақыт талабы жаңа әлеуметтануды талап етеді. Біріншіден, әлеуметтану эволюциясын және әлеуметтану қозғалыстарын талдау да әлеуметтану бола алады. Капиталистік индустрияландыру кезіндегі талдау екі бағытта топтастырылды: капитализм дамуының экономикалық механизмдерін тану және тарихты тану.
«Қоғам» экономика арқылы анықталғандықтан, бірде-бір нақтылы әлеуметтану талдауы мүмкін болмады. Турен бойынша әлеуметтану әлеуметтік факторлардың санаттарынан гөрі әлеуметтік қатынастың санаттарына көбірек жүгінуі керек. «Әлеуметтік қатынастар құрайтын нәрсеге материалдық шындықты қарама-қарсы қоюдың мәні жоқ».
Акционалистік көзқарастың жаңалығы мынады: Турен қазіргі батыс қоғамында экономикалық қатынастар өзінің орталық орнынан айрылып, оның орнын мәдени және әлеуметтік факторлар басқанын атап көрсетеді.
«Қоғам», Турен бойынша – әрекет жүйесінің құрылымы күрделі, деңгейлермен бөлінген, әртүрлі әлеуметтік қатынастар типтерінен тұратын ерекше жүйе. Туреннің пікірінше, үш деңгей немесе әрекет жүйесі бар: тарихи, институционалдық және ұжымдастыру жүйелері. Тарихи қоғамның әлеуметтік және мәдени бағытын айқындайды, интитуционалдық жүйе әрбір нақты қоғам құрылымының және оның қоршаған ортасының жүйесін айқындайды, ұйымдастыру жүйесі нормативтік аппараттың көмегімен қоғамның ішкі және сыртқы тепе-теңдігін көздеген мақсатқа сәйкестендіріп отыруды қамтамасыз етеді. Турен индустриалды қоғамның негізгі ұйымдарын: таптарды, тартысты және әлеуметтік қозғалысты ұсынады. Сонымен қатар, Турен таптар жайлы баяндаудан гөрі олардың байланыстарына көбірек назар аударады. Таптық саралаудың негізі – жинақталған қор. Туреннің түсінігінде жинақталған қор – таптардың болуының басты және қажетті шарты. Ол өндірушілер мен өнімді игерушілер арасындағы бөлініске негіз болады.
«Әлеуметтік мәртебе» деген категория адамның топтағы немесе қоғамдағы ұстанымын, жағдайын көрсетеді. Әлеуметтік мәртебе жеке адамның жан-жақты және сонымен бірге жалпылама сипаттамасын: кәсібін, біліктілігін, атқаратын жұмысының сипатын, лауазымын, материалдық жағдайын, саяси ықпалын, іскерлік байланыстарын, ұлтын, дінін, жасын, отбасылық жағдайын, туыстық байланыстарын және т.б. қамтиды.
«Мәртебе» ұғымы стратификацияны талдауда шешуші мәнге ие болады. Ол страталардың өмір сүруінде бағалау факторлары: адамның қандай да бір жағдайдағы мінез-құлқының желісі, оның өзін және айналасындағыларды дәрежелеуге көмектесетін белгілерге негізделген бір нәрсеге, ұстанымдарға көзқарасы үлкен рөл атқаратынын көрсетеді.
«Әлеуметтік стратификация » категориясы теңсіздіктер мен әлеуметтік стратификация проблемасы іс жүзінде әлеуметтік және философиялық теориялардың барлығының да басты назарында болады. Стратификация ұғымының қазіргі заманғы ғылыми ойлаудың санаттық аппаратындағы орнының маңызы зор.
Әлеуметтік қауымдастықтар теңсіздігі жүйесін сипаттау үшін әлеуметтануда “әлеуметтік стратификация” ұғымы пайдаланылады. “Стратификация” терминінің өзі әлеуметтануға геологиядан келген. Ағылшын тілінде “strata” немесе “stratum” сөзі алғашында геологиялық қабат деген, ал “stratіfісatіon” сөзі қабатталу, қатталу деген ұғымды білдірген. Әлеуметтанушылар әлеуметтік теңсіздікті белсенді түрде зерттей бастаған кезде осы терминді алған, сөйтіп ол жаңа мағынаға, қоғамды белгілі бір топтарға бөлу мағынасына ие болған. Қоғамда әртүрлі құрылым болатындықтан, ондағы адамдар түрлі негіздер бойынша жіктеліп отыратын болған.
«Әлеуметтік икемділік» деген категория – бұл әлеуметтік мәртебелер жүйесінде адамның жағдайының өзгеруіне байланысты әлеуметтік стратификациялар механизмі.
Санасы, мінез-құлқы мен мәртебесі түйісіп отыратын, аралық жағдайда және көбіне қандай да бір себептермен өзара әрекеттес әлеуметтік топтардың біріне ұзақ уақыт бойы бейімделе алмайтын немесе бейімделгісі келмейтін адамдардың, қандай да бір әлеуметтік топтар өкілдерінің жиынтығы маргиналдар деп аталады (ол латынның margіnalіs – шетте тұрған деген сөзінен шыққан).
Маңызды категориялардың бірі әлеуметтік тап – әлеуметтік стратификация теориясындағы ірі таксонометриялық талдау бірлігі. Бұл ұғым стратификация теориясынан көп бұрын пайда болған. Әлеуметтік құрылымды талдаудың маңызды принципі таптық көзқарас болып табылады. Оның негізінде әлеуметтік қарым-қатынастар мен материалдық өмірдің әр түрлі шарттарының себеп-салдарын түсіндіру жатыр.
«Әлеуметтік топтар» мен «әлеуметтік қауымдастықтар» деген категориялар қоғамның әлеуметтік құрылымының маңызды элементтері болып табылады.
«Әлеуметтік топтар» өзінің шамасы, саны бойынша шағын (екіден он бес адамға дейін) және үлкен болып бөлінеді. Шағын әлеуметтік топты ажырату белгілері:1) құрам санының аздығы;2) мүшелерінің кеңістіктегі жақындығы;3) өмір сүру ұзақтығы;4) топтық құндылықтардың, нормалардың және мінез-құлық үлгілерінің ортақтығы;5) топқа кірудің еріктілігі;6) адамның мінез-құлқын бақылаудың бейресмилігі болып табылады.
Шағын топтарды қандай түрлерге және типтерге бөлуге болады? Зерттеу мақсаттарына қарай бір емес, бірнеше тұрпаттама болуы мүмкін. Егер де бізді топ мүшелерінің тұлғааралық қарым-қатынастарының тереңдік дәрежесі қызықтыратын болса, онда топтарды ресми және бейресми топтарға бөлеміз.
Олардың алғашқысы – мынадай негізгі ерекшеліктері болатын ресми ұйымдардың түрлері:ол ұтымды, яғни оның негізінде орынды, белгілі мақсатқа қарай саналы түрде қозғалу принциптері жатыр;ол принципті түрде тұлғасыз, яғни жасалған бағдарлама бойынша араларында жетілген қарым-қатынастар орнайтын абстрактілі жеке адамдарға арналып есептелген.
Бейресми топқа келер болсақ, ол мүшелерінің бір-біріне тұлғалық, эмоционалдық икемделу қатынасының нәтижесі ретінде құрылады; ол оны құрайтын жеке адамдардың бастамасы бойынша аяқ астынан (өздігінен) жасақталады. Шағын топтардың қызметінде ұйымдардың барлық белгілері айқын көрініс табатын болғандықтан, бейресми топтар да ресмиден тыс (ресми топтардың шеңберінде қалыптасатын) және әлеуметтік-психологиялық (кез келген жерде пайда болатын) болып бөлінуі мүмкін.
Шағын топтарды бастапқы және екінші деп бөлу тұрпаттаманың маңызды түрі болып табылады.
«Әлеуметтік қауымдастық» – салыстырмалы тұтастығымен ерекшеленетін және әлеуметтік іс-әрекеттің дербес субъектісі болып табылатын өмірде бар, эмпирикалық белгіленетін жеке адамдардың жиынтығы. Әлеуметтік қауымдастықтарды зерделегенде бірқатар сәттерді ескерген жөн:
Біріншіден, әлеуметтік қауымдастықтар ғалымдар жіктеп бөлетін ойша құрылған абстракциялар емес. Олардың өмір сүруін эмпирикалық тіркеуге және тексеруге болады.
Екіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар – жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың немесе өзге де әлеуметтік құралымдардың жиыны емес, тұтас жүйелік сипаттамалары бар тұтастық.
Үшіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар әлеуметтік қарым-қатынастар объектілері болып табылады.
Белгілерінің күрделі жиынтығы барлық қауымдастықтарды неғұрлым кең ауқымды екі ішкі тапқа, бұқаралық және топтық қауымдастықтарға бөлуге мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік топ» – қоғамдағы немесе әлеуметтік жүйедегі мүдделері мен құндылықтары ортақ, мақсаттас адамдардың біршама тұрақты қауымдары мен бірлестіктері. Әлеуметтік топ оны құраушылардың ортақ этникалық белгілері бойынша (ұлттар, халықтар, диаспоралар), материалдық жағдайларына қарай (ауқаттылар, орташа ауқаттылар, кедейлер). Кәсіби мен рухани жетілу деңгейіне қарай (зиялылар, кәсіпкерлер, жұмысшылар т.б.), тұрғылықты жері мен аймағына байланысты (қала, кент, ауыл тұрғындары), жыныс немесе жас мөлшеріндегі айырмашылықтар негізінде (ерлер, әйелдер, жастар, кәрілер) бөлінеді.
«Әлеуметтік институттар» алғашқы қауымдық қоғамнан қазіргі заманға дейінгі кез келген қоғамда болған. Оларсыз қоғам өзін құрайтын адамдарға қатысты өзінің негізгі функцияларын – біріктіру, қорғау, қамтамасыз ету, тұлғаны әлеуметтендіру, рухани және мәдени даму, т.б. орындай алмас еді.
Әлеуметтанушылар “институт” ұғымын құқықтанушылардан алып, оны терең әлеуметтік мазмұнмен толықтырған. Ол базалық әлеуметтану ұғымдарының бірі болып табылады, теориялық тұжырымдамаларды құру мен шынайы қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды талдауда оны айналып өту мүмкін емес. Ағылшын әлеуметтанушысы Г. Спенсер “әлеуметтік институт” терминін алғаш ұсынған адам. Кез келген мекеме (әлеуметтік институт) әлеуметтік әрекеттердің орнықты құрылымы ретінде қалыптасады. Ол институттар қоғам өмірін реттеу мен жайластыру және адамдардың мінез-құлқына ықпал ету ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен. Ол әлеуметтік институттардың алты түрін сипаттап, талдаған: өнеркәсіптік, кәсіподақтық, саяси, әдет-ғұрыптық, шіркеулік, үйішілік. Латын тілінен іnstіtutum – орнату, жайластыру деп тәржімаланады. “Институция” термині орнату, қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрып, тәртіп дегенді білдіреді. “Институт” ұғымы әдет-ғұрыптар мен тәртіптердің заң немесе мекеме түрінде бекітілуін білдіреді. Әлеуметтік институт әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қоғамдық байланыстар мен қатынастардың кез келген тәртіптелуі, ресмиленуі дегенді білдіреді.
«Әлеуметтік институт» деп көбінесе адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан орнықты нысандарын айтады. Институттардың негізгі мақсаты – жеке адамдардың, топтардың және жалпы қоғамның іргелі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Олардың сәтті қызмет атқаруы адамдар қауымдастығының өмірін сақтауға мүмкіндік береді, оларды топтар мен қоғамға біріктіреді, олардың өмірін тұрақты етеді.
«Әлеуметтік үдеріс» – деп қоғамдық жүйе мен оның жеке құрамдас бөліктерінің тіршілік етуі мен дамуының жағдайлары мен қозғалыстары, адамдардың күнделікті қайталанып отыратын өмір салты айтылады. Әрбір адам және әлеуметтік топ бір жағынан әлеуметтік процесті құраса, екінші жағынан соны атқарушылар әлеуметтік процестің құрамдас бөліктері, жағдайлары сол процестің сақтаушысы, жүзеге асырушысы және өзгертушісі. Сондықтан әлеуметтік процесті нақтылы зерттегенде оның осы құрамдас бөліктерінің мазмұны мен формаларын, ішкі және сыртқы жағдайларын, өзара байланыстарын, тіршілік ету әрекеттері мен қамтамасыз ету шарттарын, олардың тұрақтылығы мен өзгерісін, өзгерту бағыттарын, кезектерін, сапалық сипаттарын т.б. анықтайды. Әлеуметтік процесс жалпыға бірдей немесе адамдардың үлкен топтарына қатысты құбылыс. Әлеуметтік процесс адамдардың іс-әрекеттерінің сыртқы көріністері ғана емес, сонымен бірге сол істерді атқарушы адамның ішкі дүниесінің іске қатысатын, соған байланысты өзгеретін жақтары да жатады.
«Қоғамның әлеуметтік құрылымын» талдау барысында социология ғылымында әлеуметтік стратификация теориясы негізінде атанып жүр, онда әлеуметтік топтарды қоғамдағы рөліне, біртектілік, ұқсастық, тұтастық белгілерін сәйкес топ ішіндегі адамдардың өзара қарым-қатынасына сай объективті және субъективті, үлкен және шағын, ықпалды және ықпалсыз, формалды және формалды емес әлеуметтік топ деп те жіктейді. Социологтар әлеуметтік топтарды оны құраушылардың материалдық жағдайына, саны мен әлеуметтік белсенділігіне, біліміне, мамандығына, табысы мен тұрмыс жағдайларына байланысты жіктеп, жеке және кешенді зерттеу жүргізеді. Оларға отбасы, мектеп оқушылары, студенттер, еңбек ұжымдары, спорт командалары, мұғалімдер, әскерилер, шығармашылық бірлестіктер, саяси партиялар, кәсіподақтар, патриоттық экологиялық қозғалыстар, діни ұйымдар, зейнеткерлер, босқындар, жұмыссыздар және көптеген т.б. әлеуметтік топтар жатады. Аталған құрылымдар әлеуметтік байланыстарына сәйкес мақсатты түрде ұйымдастырылған әлеуметтік институттар ретінде қаралады. Әрбір әлеуметтік топ өз ішінде әртүрлі сипатымен дараланатын бірнеше әлеуметтік жіктерге бөлінеді.
Өркениетті қоғамда адамдардың бір әлеуметтік топтан екіншісіне ауысу мүмкіндігі бірталай артады. Орташа дәулет иелері әлеуметтік топты қалыптастырып, оның республика халқының басым көпшілігін құрауы қоғамның орнықты дамуының кепілі болып табылады.
«Әлеуметтік ұстаным»:1) индивидтің немесе әлеуметтік топтың әлеуметтік құрылымдағы орны, жағдайы және мәртебесі;2) жеке тұлғаның әлеуметтік болмысы.
Өз тіршілік әрекетіне байланысты көзқарасы, мақсаты. Осыған сәйкес қоғамдағы жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың әлеуметтік ұстанымдарын бағалауға болады. Социология ғылымында мұндай баға «әлеуметтік белсенділік», «әлеуметтік енжарлық», «әлеуметтік көнбістік» ұғымдарына ажыратылады.
Әлеуметтік факті сырттан көрінуі, мәжбүрлеу және болмай қоймайтындығы секілді қасиеттері бар күрделі ұғым. Оны Эмиль Дюркгеймнің ұжымдық ар-ұят пен ұжымдық өкілдік жөніндегі тұжырымдамаларының аясында түсіну керек. Әлеуметтік фактілер ұжым болып жасалған, сондықтан діни де, заманауи да ресми нормалардан, максимумдер мен практикалардан туындайтын қимыл тәсілдері. Нормалар мен мекемелер – қатаң пошымдағы әлеуметтік фактілердің мысалдары. Олар топ ұжым болып қабылдаған, орныққан, сондықтан адамға таңылып, сіңірілетін тәртіптер.
Әлеуметтану үшін қызықты проблема – мінсіз өкілдік пен материалдық қоғамдық ұйымдардың және олардың құрамдас әрекеттерінің арасындағы айырмашылық, мысалы, ұжым болып мақұлдаған нормалар мен шын практика арасындағы айырмашылық.
Қарастырылған категориялардың «әлеуметтік ұйымдармен» тығыз байланысты. Н. Смелзер ұйымды қысқаша былай анықтайды: бұл белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу үшін жасақталған үлкен топ. Формула қысқа әрі нұсқа, бірақ түпкілікті емес. Себебі «ұйым» деген сөздің өзінің әр түрлі мағынасы болады:
Біріншіден, қоғамда белгілі бір орын алатын және азды-көпті айқын белгіленген функцияларды орындауға арналған институционалдық сипаттағы жасанды бірлестікті ұйым деп атауға болады. Бұл мағынасында ұйым белгілі мәртебесі бар әлеуметтік институт болып табылады және автономды объект ретінде қарастырылады. Мұндай мәнінде «ұйым» деген сөзбен, мысалы, кәсіпорынды, билік органын, ерікті одақты және т.с.с. атауға болады.
Екіншіден, «ұйым» термині функциялар бөлінісін, орнықты байланыстар орнатуды, үйлестіруді және т.б. қамтитын ұйымдастыру жөніндегі белгілі бір қызметті білдіре алады. Бұл жерде ұйым объектіге мақсатты ықпал етумен байланысты процесс ретінде, демек ұйымдастырушы мен ұйымдасатындар контингенті қатысатын процесс ретінде көрінеді. Бұл мағынасында «ұйым» ұғымы «басқару» ұғымын түгел қамтымағанымен соған парапар келеді.
Үшіншіден, «ұйым» дегенде қандай да бір объектіні ретке келтіру дәрежесінің сипаты ойға келуі мүмкін. Онда бұл терминмен белгілі бір құрылымды, құрылысты және объектінің әр түрі үшін ерекше болатын бөліктерді біртұтастыққа біріктіру тәсілі ретіндегі байланыс түрлерін белгілейді. Бұл мағынасында объектіні ұйымдастыру – объектінің қасиеті, бір белгісі. Термин мұндай мазмұнымен, мысалы, ұйымдасқан және ұйымдаспаған жүйелер, қоғамның саяси ұйымы, тиімді және тиімсіз ұйым және т.б. туралы сөз болғанда қолданылады. «Ресми» және «бейресми» ұйым ұғымдарында дәл осы мәні алынады.
Әлеуметтік ұйымның бірқатар өзіне тән белгілері бар:1. Оның табиғатына мақсат қою тән, өйткені ол белгілі бір мақсаттарды іске асыру үшін құрылып, сол мақсатқа қол жеткізуі арқылы бағаланады;2. Мақсатқа қол жеткізу жолында ұйымның мүшелері рөлдері мен мәртебелері бойынша бөлінуге мәжбүр болады. Демек, әлеуметтік ұйым оған кіретін мүшелерінің әлеуметтік позициялары мен атқаратын рөлдерінің күрделі өзара байланысқан жүйесін білдіреді;3. Ұйым еңбек бөлінісінің және оның функционалдық белгілері бойынша мамандандырылуының негізінде пайда болады. Сондықтан жекелеген ұйымдарда әр түрлі көлденең құрылымдар орын алады;4. Басқарушы ішкі жүйелер ұйымның қызметін реттеудің және бақылаудың өзіндік ерекше құралдарын жасайды. Бұл құралдардың ішінде институционалдық, немесе ұйымішілік деп аталатын нормалар, яғни ерекше өкілеттіктері бар ерекше институттардың қызметімен жасалатын нормалар елеулі рөл атқарады;5. Әлеуметтік ұйымдар тұтас бір әлеуметтік жүйені білдіреді. Ал тұтас жүйе, жоғарыда атап өтілгеніндей, өзі бөліктерінен үлкен болады.
Қоғамды зерттей отырып, әлеуметтану ғылымы әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастарды заң және заңдылық деңгейінде зерттейді. Әлеуметтану заңдарында біреудің екінші біреумен, қандай да бір қауымдастықтың қоғаммен, жеке тұлғаның қоғаммен, әлеуметтік жүйелердің, процестердің, институттардың бір-бірімен және қоғаммен байланыстары туралы сөз болады. Әлеуметтану заңдарын қоғам тудырады және ол заңдар сол қоғамда қолданылады.
Әлеуметтану заңдарының неғұрлым елеулі белгілеріне тоқталсақ, бірінші маңызды белгісі – қоғамның әлеуметтік жүйелерінің, оның қауымдастықтарының, институттарының, ұйымдарының жасампаздық күшін көрсететіндігі. Солар арқылы қоғамның және оның құрамдас бөліктерінің оң және теріс қызметі, әлеуметтік белсенділігі көрсетіледі. Кез-келген әлеуметтік объект осындай іс-әрекет арқылы қоғамдағы қайшылықтарды, ескі ұғымдарды жеңіп, жаңаны нығайта отырып, болашаққа жол ашады.
Екінші белгісі – әлеуметтану заңдарының бір-бірімен өзара байланыстылығы, тәуелділігі. Қоғамдар арасында немесе қоғамның ішінде қандай деңгейде, қоғамның қандай бөлігінде қолданыста болатындығына қарамастан, әлеуметтану заңдары бірін-бірі өмірге келтіреді, бірін-бірі толықтырады, олардың қолданылу және көріну механизмдерін жасайды.
Үшінші белгісі – жеке әлеуметтану заңдары арасындағы тұрақты өзара шарттылық пен бір-бірін толықтырып отыру. Олардың бірде-бірі екіншісінен оқшау бола алмайды. Қоғамның барлық құрамдас бөліктері, әсіресе әлеуметтік ішкі жүйелер, процестер, қауымдастықтар, институттар, ұйымдар өзара байланыста, өзара шарттылықпен дамиды. Бұл олардың мән-мағыналы байланыстарының бір-біріне тәуелділігін айқындайды, олардың барлық қарым-қатынастарына жағдай туғызады. Қандай да бір әлеуметтану заңын басқаларынан оқшау қарастыруға тырысу тұтас әлеуметтік ағзаны біржақты қарауға әкеп соғады.
Төртінші белгісі – әлеуметтану заңдарының әлеуметтік табиғаты. Ол – әлеуметтік организмнің қозғаушы күші, ол қоғамдағы байланыстардың әлеуметтік ерекше сипатын көрсетеді. Бұл оларға басқа ғылымдардың заңы бола алмайтын ерекшелік береді. Оларды тарихшылар, экономистер, заңгерлер өз ғылымдарының заңдарын зерттеу үшін әдістемелік алғышарттар ретінде пайдалана алады, бірақ өздерінің заң жүйесіне қоса алмайды. Әлеуметтану заңдары – әлеуметтану ғылымының теориялық негізі.
Бесінші белгісі – бұл әлеуметтану заңдарының субъективті жағы. Әлеуметтану заңдары субъективті жағдайды оларды саналы тіршілік иесі ашып, танып, қалыптастыратын болғандықтан ғана емес, сонымен бірге өздерінің табиғаты адамзаттың, адамның қызметі нәтижесінде туындап, дамитын болғандықтан да иеленеді.
Әлеуметтану заңдары жалпы әлеуметтану және жеке әлеуметтану болып бөлінеді.
Бөлу өлшемдері ретінде заңдармен бейнеленетін объектінің көлемі алынады: қоғам тұтас жүйе немесе қоғамның ішкі жүйесі, оның құрамдас бөлігі ретінде бейнеленеді, пәрмені шағын топтарға, белгілі бір әлеуметтік стратаға, әлеуметтік топқа немесе тапқа және тұтас қоғамға қолданылатын заңдар бар. Жалпы әлеуметтану заңдары – өздігінен дамитын әлеуметтік жүйе ретінде бүкіл қоғамның маңызды байланыстарын көрсететін заңдар. Жеке әлеуметтану заңдары қоғамның құрамдас бөліктерінің маңызды байланыстарын, олардың ішкі дамуы мен қызмет атқаруын, сондай-ақ тұтас әлеуметтік ағза ретінде қоғаммен байланысын көрсететін заңдар болып табылады (4, 5-7).
Бұдан басқа, әлеуметтануда әлеуметтік заңдар бес топқа бөлінеді, олар:әлеуметтік құбылыстардың қатар өмір сүруін көрсететін заңдар;әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланысты белгілейтін заңдар;даму үрдістерін белгілейтін заңдар;әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланыс себебін белгілейтін заңдар;әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланыстардың мүмкіндігін немесе ықтималдығын бекітетін заңдар.
Әлеуметтік заңдардың қоғамдық құбылыстарды зерттеуде, әлеуметтік процестерді басқаруда маңызы зор. Әлеуметтік заңдардың болуы және пәрменді болуы әлеуметтануда ғылыми тәсілді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |