„Ұраным алаш!



бет1/11
Дата04.07.2016
өлшемі0.84 Mb.
#178381
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
„Қыр баласы”

„ҰРАНЫМ – АЛАШ!..”

(түрме толғауы)

Астана
2006


АЛҒЫСӨЗ


Қасиетті қазақ топырағының ақыл-ой тамырын отап, тектік ұйытқысын ірітіп, ұлттық тағдырының ұясын бұзған, қатігез жазалау науқанының алғашқы тергеу ісі 1927 жылы желтоқсанда басталып, үкім алпыс жылдан кейін күшін жойды. Түрме – құпия мекеме, түрмеге түскендердің тергеу хаттамасы мен жаза үкімі сақталған құжаттар құпияның құпиясы. Саяси қылмыскерлерге қатысты, оның ішінде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеулеріне екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Тіпті тєуелсіздік тұсында да ол деректер жалпыѓа жария етілмейді. Бұл кез-келген мемлекеттегі қауіпсіздік мекемесіне тән заңдылық. Сондықтан да “Алаш ісіне” қатысты құжаттарды кітаптың құрылымы мен тартымды оқылуына нұқсан келтіретіндігін сезіне отырып, тергеу барысындағы санкциялар мен хаттамаларды, сұрақ-жауаптар мен қосымша деректерді, жеке адамдардан тәркіленген хаттар мен олардың үстінен жазылған “домалақ арыздарды”, жауапқа тартылушылардың түрме ішінде өзара жазысқан хаттарын толық келтіруді жөн көрдік.

Әрине, олардың барлығы, әсіресе айыптау үкімдері мен жекелеген адамдардың жауаптары нақты өмірлік шындыққа сәйкес келе бермейтіні түсінікті, өйткені тергеу жұмысы жауапқа тартылғандарға қалайда саяси айып тағып, оларды қылмысты етіп көрсетуге бағытталса, айыпталушылар қалайда бір-біріне зиянын тигізбей, араша түсу мақсатын ұстанған. Сондықтан да тергеу ісінде бір-біріне қарама-қайшы жауаптар да кездеседі. Мысалы, қазақ ұлтының көсемі Ахаң – Ахмет Байтұрсынов: Мағжан ақын. Ал менің ақындарда жұмысым жоқ. Рысқұлов қызыл комиссар. Сондықтан да ол мені жақтырмайды. Ал Қожанов мені Рысқұловпен жақсы деп ойлайды. Екеуі де мені кеңес өкіметінің жауы деп есептейді. Мен де оларға жоламаймын – деп жауап берген. Бұған қарап бұл үш тұлғаны өзара жау етіп көрсеткен және оны дәлелдеуге тырысқан ұшқары жарияланымдардың жарық көруі өкінішті, ұлтымыздың ұйытқысы үшін мұның кесірінен басқа пайдасы жоқ, күмәнсізге күдік қана тудырады. Шындығына келсек, патша өкіметі мен кеңестік тергеушілердің арандату тәсілін әбден меңгерген Ахаң – Ахмет Байтұрсынов осы жауабы арқылы Рысқұловты да, Қожановты да қылмысты іске тартылудан аулақтатып, қорғап отыр және солай болды да.

Осындай „түсініксіздіктерге” қарамастан сұрақ-жауаптарды жарияланымға ұсынуымыздың басты себебі: онда өмірі түрме мен аңдудың арасында өткен арыстарымыздың азапты ғұмыры туралы қолға түсе бермейтін мәліметтер, олардың өмір жолы мен көзқарастарынан хабардар ететін деректер кездеседі. Сондай-ақ кеңестік қысым тұсындағы жазалау саясатының ішкі құрылымынан да мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Мұныњ барлығы алаш арыстарының өмірімен ғана емес, сол бір зауалды заманға тарихи тұрғыдан баға бергісі келген немес оқып, білгісі келген зиялы қауым үшін де түпнұсқалық қызмет атқаратынын, кеңітіп пікір қорытуға да мүмкіндік жасайтындығын ескердік. Әр жауаптың ақиқатын өмірлік дерекпен салыстыра отырып анықтау - осы іске тартылған арыстардың өмірін жеке-жеке зерттеу арқылы жүзеге асатын, дара-дара зерделеу мен уақытты қажет ететін шара. Сондықтан да біз тергеудің барысынан жалпылама мағлұмат беріп, таныстыру мақсатында әр құжатқа қысқаша ғана түсініктеме берумен шектелдік. Ескерте кетеріміз, бұл мәліметтерді пайдаланғанда авторға міндетті түрде сілтеме жасау – ғылыми әдептіліктің ғана нышаны болып табылмайды, сонымен қатар сіздің сүйенген дерегіңіздің дәйектілігіне де кепілдік береді. Бұл авторлық құқықты жанкешітілікпен қорғау емес, керісінше көпшіліктің пайдалануына еркіндік беру деп есептейміз. Өйткені: бұл мағлұматтар “өте құпия” деген белгімен таңбаланып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ерекше мұрағатында сақталған, ашық танысып, жариялануға рұқсат етілмеген. Сондықтан да авторға сілтеме жасау арқылы ғана пікіріңіздің дәйектілігіне сендіре алатындығыңызды ескерту.

Тергеу ісімен танысудың қысқаша тарихы мынадай: 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында. 2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында. 3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында Праволық комиссия құруды тапсырды. Ақпан айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі орынбасары генерал-майор Әбдірахманов бастатқан 7 полковник жазушылар одағына келіп, осы үш мәселе төңірегінде мағлұматтар берді.

1988 жылы қаңтарда Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтың сұрау салу бойынша бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов „Алашорда” қайраткерлерінің үстінен жүргізілген тергеудің заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. 1988 жылы 4 қарашада Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi коллегиялық мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан „Алашорда” қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралды. Оған Қазақ ССР Жоғары сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ ССР прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Қазақ ССР қылмыс және праволық Кодекстiң 375 статьясын жетекшiлiкке ала отырып, төмендегiдей шешiм шығарды:

Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің (Төтенше Мемлекеттік Саяси басқармасының – автор) ІҮ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мир-Якуб, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлев Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Софы, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайреддин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын.



Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын.

Қазақ ССР-нiң Жоғары соты - Т.К.Аймұхамбетов.

Коллегия мүшелерi – Е. Л. Грабарник, К.Т.Кенжебаев».
Осы шешімнің негізінде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы О.Сүлейменов Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбиннің атына “Алаш” қайраткерлерін ақтау туралы ұсыныс жолдады. Қазақстан Орталық комитетінің иедеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековтің араласуымен арнайы комиссия құрылды, сол комиссияның шешімі бойынша Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты. 1989 жылы сәуір айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіне рұқсат берілді. 1991-1992 және 1997 жылдары құпия архивтегі тергеу ісімен тиянақты түрде танысуға мүмкіндік алынды. Деректердің біразы толық, біразының үзінділері ғана тиісті түсініктемелермен жарияланды. Алайда өмірі мен қайраткерлігі беймәлім арыстардың түрмедегі жауаптары мен хаттамаларындағы кейбір көрсетінділер мен айыптаулар ел арасындағы қатардағы оқырмадарға түсінбестік тудырмас үшін 15 жылдан бері жабық сақтауға мәжбүрлік етті. Қазір олардың өмірі мен қызметтері, жазған еңбектері туралы зерттеулер жарияланып, жалпы қауымның тарихи және өмірлік шындықты, жалған айыптаулар мен жаланы ажырата алатындай мүмкіндігі туған сәтте оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жиынтығы 14 томнан тұратын әрқайсысы бір-бірімен сабақтас 3 тергеу ісінің сұрақ-жауап құжаттары сот хаттамасындағы тіркелген реті бойынша берілді. Сол арқылы тергеу ісі қашан және қалай басталды, кімге қандай айып тағылып, қай күні ұсталды, сұрақ-жауаптар қалай жүргізілді және 72 адамның (бір адам қашып кетіп, мерт болған) айыбы бір-бірімен қалай байланыстырылды, тергеу барысында кім өзін-өзі қалай ұстады немесе алдыңғы жауаптарына қарама-қайшы қандай көрсетінді жасады, қандай арандатулар мен қысым жүргізілді, жалған үкім қалай шығарылды – деген сияқты көптеген ашық та астарлы шетін сұрақтарға жауап беруді, жазалау саясатына негізделген кеңестік сот жүйесінің ішкі құрылымымен таныстыра отырып сот барысын толық ашуды мақсат етіп ұстандық. Тағылған айыптардың жалғандығы, тергеу барысы мен шығарылған үкімнің заңсыздығы туралы пайымдауларға Қазақ ССР Жоғары сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы шешімі басты негіз етіп алынды.

Өкiнiшке орай, ақиқаттың ақ жолы соншама тауқыметке толы болды.

Осы алпыс жылдың iшiнде олардың шаңырағы ортасына түсiп, ошағының оты өшiп тынды. Барлығының әйелдерi азапты жылдардың тауқыметiне төзе алмай – жүйке дертiне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың құрбандығына айналды. Басым көпшілігінің соңынан ұрпақ қалмады.

Ең үлкен қиянат та осы.

Сонымен тергеуі қашан басталды және қалай аяқталды? Жазаға тартылғандар кімдер еді? Олардың қылмыстары қандай? Мұның бәрі де орынды сауал. Ал оған бір сөзбен, бір тергеудің дерегіне сүйеніп, толық жауап бере алмайсың. Қысқа қайырып, тұтамдай тұжырғанның өзінде де, әлқиссаны әріден бастауға тура келеді.

БІРІНШІ БӨЛІМ: ТЕРГЕУ ТАРИХЫ


І.
Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт. Өйткенi тарихтағы ұлы сiлкiнiстер – ұлы тебiренiстен туады. Ал ұлы тебiренiстер – ұлылардың ой толғанысы мен таным талқысынан күш алады. Қоғамдағы күйзелiстер мен буырқаныстардың тұсында тұлғалардың ақыл-ойы, рухани қуат-қайраты, қайраткерлiк қабiлетi мен характерi шешушi, шағымды мiндет атқарады. Ұлттың келешектегi даму бағыты мен танымдық рухын, құрмет тұтар қадiр-қасиетiн, бақыты мен сорын сол сiлкiнiс пен тебiренiстердiң шарпысқан шағындағы ұлылардың адамға, ұлтқа, қоғамға деген тарихи көзқарасы, азаматтық тұлғасы, рух тазалығы анықтап бередi. Рухы күштi, «ұлы өзегi таза», «арабсқан алақұйын заманаларда» өзiн – өзi қорғауға қабiлеттi ұлт – келешекке қол созған ұлт. Сондай талантты, қайсар, дүниедегi өз орыны үшiн күресе бiлетiн, елдігiн есiнде ұстаған ақыл-санасының, iшкi қайратының ең қасиеттi мүмкiндiгiн көрсететiн, сыртқы және iшкi ықпалға көнбейтiн, тәуелсiз ой қорытып, шешiм қабылдайтын қайраткер тәрбиелеп шығаруы заңды әрi тарихи қажеттiлiк... «Iргелi жақсыға жарымаған ел» - бақытсыз (Абай). Ондай жұрттың нәсiл, ұлыс, халық ретiнде өмiр сүруiнiң өзi қауiптi әрi ұлттық қорлық. Өйткенi «қол қайраты мықты» (Абай), қандай «күштi үкiмет» (Шәкәрiм) болса да ол:

«Халықты тәрбиелей де алмайды, аздыру да қолынан келмейдi: үкiмет халықты сүйiндiредi не күйiндiредi. Ал халықты тәрбиелеу – ел иесi мен оқымысты зиялылар тобының (тұлғалардың) мiндетi». (В. О. Ключевский).
Қадым замандардан бергi табиғатпен тел өмiр сүрген барлық қасиетiн: бiтiм – болмысын, ойлау қабiлетiн, жан сергектiгiн, салт-дәстүр, әдетiн, жандүниесiн, еркiн рухын, елдiк сезiмiн, адал рухын бойына сiңiрiп, ХХ ғасырға сол қалпында алып келген қазақ ұлты да өзiнiң ел ағалары мен тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, елдiк намысы мен тағдырын соған сенiп тапсырды.

Қазақ елiнiң рухын тәуелсiз ұлт дәрежесiне жеткiзу жолына бүкiл арман – мұратын, қайратын талантын тағдыр талайына салған тұлғалар сол «астан – кестен заманда» өмiр сүруiмен де Бостандық рухының қасиеттi бейнелерiне айналды. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халел, Жаханша, Мұхамеджан, Мағжан, Жүсiпбек, Елдос, Халел Ғаббасов, Телжан, Әлiмхан, Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс есiмдерi ұлттың тәрбиешi зиялылары ретiнде танылып, исi алашқа мойындалды.

Арандатуды, арбауды, қасақана мекiрелiктi, тергеудi, түрменi, басынуды, қорлықты, аярлықты, бопсаны да көре жүрiп ұлтын «Өлiп таусылу қаупiнен», рухын «жем болудан» сақтандырды. Бүкiл қоғам – рухы еркiн, дербес ойлау жүйесi мен харакет - қабiлетке ие, ешқандай аяр идеологияға бас имейтiн, тәуелсiз шешiм қабылдай алатын жан дүниесi, мәдениетi жоғары тұлғаларға қарсы күрестi. Себебi, империяның мемлекеттiк басқару билiгiнде жалғыз ғана (!) жоғары бiлiмдi адамы (Молотов) бар шiркеу тақуасы Сталин үшiн тұлға, зиялы (интеллигент) деген сөздiң өзi жеккөрiнiштi едi. Төбе шашы тiк тұрып, мұрты едiрейiп, алдына келген оқымыстыларды бишара күйге түсiрiп, қорлаудан масаттана ләззәт алатын мизаяны (паранойктi) көргенде Әлихан Бөкейханов:

«Сауатсыз, өзi бiлмейтiн, бiлгеннiң тiлiн алмайтынның» нағыз өзi екен. Қазақты былай қойғанда, Ресейдiң соры ендi қайнайтын болды», - дептi Әлiмхан Ермековке.

Оның бұл айтқан пiкiрi расқа шықты.

Сталин, тiптi, кеңес үкiметi мүшелерiнiң барлығы патшаның жазалау және отарлау саясатын, түрменiң iшкi – сыртқы арандату мен аярлық әрекеттерiн өте жақсы бiлетiн тiсқаққан ысқаяқтар едi. Монархиялық диктатура пролетариат диктатурасымен алмасты. Идеологиялық саясат пен оның үгiт-насихаттық тәсiлi өзгергенмен де, мемлекеттiк құрылым мен мойынсындыру әдiстерi сол күйiнде қалды. Сот, прокуратура, тергеу мекемелерiнiң жазалау құралына айналды. Пролетариат диктатурасының идеологиясына негiзделген заң тек қана кеңес үкiметiнiң мүддесiн қорғап, адамды, оның iшiнде тұлғаларды жаншып, қысым көрсетiп, жазалауға бағытталды.

Жазалау саясатын адамдардың рухын жаныштап, еңсесiн езуге бағыттай отырып, Ленин мен Сталин бұл екi «амалдың» басын қосып, қысым құралының құрсауын бұрынғыдан беттер күшейттi. Мысалы: 1. Жаңа экономикалық саясатты қауырт жүзеге асырды да, iле еңсесiн көтерiп үлгергендердi тап жауы, кулак ретiнде тәркiлеп, тоз-тозын шығарды. 2. 1922 – 1924 жылдардың аралығында ұлт мәселесi мен коллективтендiру туралы «партиялық диспут» ұйымдастырды да, iле бұл науқанда белсендiлiк көрсетiп, батыл пiкiр айтқандарды ұлтшыл, байшыл, буржуазия мүддесiн қорғағандардың қатарына қосып, тазалау науханын жүргiздi. 3. «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне бүкiлодақтық Орталық Атқару комитетiнiң 1919 жылғы 4 көкектегi және 1920 жылдағы 15 көкектегi Лениннiң өзi қол қойған қарармен кешiрiм жасалса да, екi жыл өткен соң оларды жаппай қудалау басталды. Ақыры көздерiн жойып тынды. 4. 1937 жылы «халық жауын әшкерелеу» басталды. «Жазалау әрекетi» шегiне жеткенде, 1938 жылы «асыра сiлтеушiлiк» туралы қаулы қабылданып, ендi «әшкерелеушiлердiң» өзi әшкереленiп, адал азаматты әдейi арандатқандар есебiнде түрмеге қамалды. Сөйтiп, тiрi куәләр жойылды. 5. Патша ауысса – сарай дәбiрлерi де қоса ауысатын. Алдыңғылар мiндеттi түрде басқару жүйесiнен шеттетiлетiн. Бұл «тәсiл де» әккiлiкпен қолданылды. Кадр мәселесiн жазалау арқылы шешiп, қылмыстың куәләрiн дер кезiнде тазалап отырды. 6. Басшы ауысқан сайын жазалаудың тактикасы мен стратегиясы да өзгердi.

Қазақ ұлты мен тұлғаларының шегер қасиетi мен көрер көрешегiне орай, халық «Қужақ» атап кеткен азаматтық аты – Шая Ицкович, бүркеншiк есiмi – Филип Исаевич Голощекин Қазақстанға келе салысымен өзiнiң «сыпыра сыпыру», «жағалата жаппай жазалау», «қарғыстың қамытын кигiзiп», әшкерелеу әрекетiне көштi. Ол өзiнiң «таққа тағайындалу» құрметiне орай 1925 жылы 1 желтоқсан күнi өткен Бүкiлқазақстандық бесiншi конференцияда:

«Шындығын айтсам, ауылда кеңес өкiметi жоқ, байлардың үстемдiгi, рулардың үстемдiгi ғана бар», - деп мәлiмдеме жасады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет