РЕФАРАТ
“АУЫЛЫМ-АЛТЫН БЕСІГІМ”ЖОБАСЫ
Орындаган: Иманалиева.Н
Тексерген:Пердебайкызы.Г
2023ЖЫЛ
АУЫЛЫМ-АЛТЫН БЕСІГІМ
©Нұрғиса Елеубеков (фото)
Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.
Ауыл идеологиясы ұлт пен мемлекеттің идеологиясының мәйегі, күретамыры және өркендеу түбірі болып келді. Сонау кеңестік дәуірдегі және бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның саяси элита тарихына көз жүгіртсек, республиканың жоғары басшылық қызметкерлерінің 80 пайызы ауылда еңбек еткендер екен. Елбасымыздан бастап барлық басшылар тобының басым бөлігі ауылдан түлеп ұшқан. Бір сөзбен айтқанда, біздің саяси элитаның жарқын өкілдері ауылдан шыққандығы көп жағдайды аңғартатыны сөзсіз.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап жаңа формациялық қалыпқа өту үдерісі ауылға да түбегейлі өзгерістер әкелді. Бүгінгі жаһандануға бет бұрған әлемде біз төл руханиятымызды дамытып, ауылды сақтау ел мен жерді сақтаудың ата-бабаларымыз көрсеткен дана жолы деп қабылдауымыз керек. Уақыт соны көрсетуде. Ес жиып, жоғымызды түгендегеннен кейін бұл мәселеге бүкіл қоғам болып қайта оралуымыз да қазіргі заман талабынан туындап отыр. Әсіресе, халқымыздың бас көтерер сарқылмас қорын түзген ауыл зиялыларының жағдайы бүгінгі күні қалай деген сауалға қатысты нақты жауап беретін кез келді. Ақсақалдан балаға дейінгі ұрпақаралық байланысты қамтамасыз еткен тарихи тамырлар басқаша сипат ала бастады.
Қазіргі кезде қарқын ала бастаған жаһандық урбанизация ауылға да жетті. Ауылдан қалаға халықтың жаппай көшу салдарынан буынаралық байланыстар үзіле бастады. Ауыл тұрғындарының қатары әртүрлі себептерге байланысты қатты сейілді. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан ауыл зиялылығын құрған әлеуметтік топ түрлі факторлар себебі нәтижесінде біртіндеп азайды. Дегенмен, заман түзеліп, ауыл тұрғындарының құрамы сырттан көшіп келген қандастарымыз арқылы қайта түзілуде. Түрлі елдерден немесе ішкі миграция үдерісі арқылы қайта түлей бастаған ауылдың зиялы ортасының қалыптасуы едәуір уақытты қажет ететін үдеріс. Қоғамдық жандандыру институттары ауылдың әлеуметтік мәселелерін жан-жақты зерттеулері керек. Сол себепті ауылға жаңа серпін, тың тыныс беретін кез келді. Ауылды көтеру ісі – әр қазақты қадірлеу деген ұлттық ұстанымды көрсетеді.
Әрбір қазақ өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына игі қадамдар жасауды атамекенге деген перзенттік парызы іспетті іс санаған. Бұл біздің халықта ежелден келе жатқан жақсы дәстүр. Ол дәстүр халқымызда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жаңа мазмұнға ие болды. Қазақ ауылдарындағы беделді әрі бай-қуатты адамдар өз қаржыларына дарынды балаларды оқытып, ұлттық элитаның түзілуіне ерекше қызмет етті. Міне, осындай ауыл үшін игілікті істі ұлт болып бірлесе атқаруға үн тастайық. Әсіресе, ауылдан шыққан ауқаттыларды ауыл балаларының арнаулы және жоғары оқу орындарынан ауылына қажет мамандықтар бойынша білім алуына жағдай жасауға жұмылдыру қажет деп санаймын. Қазақтың мәрт меценаттары әр заманда болған және бола да береді деген сенім зор.
Шетелдерде ауылдық елді мекендерге қамқорлық көрсетудің озық тәжірибесі қалыптасқан. Мәселен, Беларусьте әр ауылдың азаматтары біріге қаржы жинап, өз ауылына қажет мамандарды даярлап алуда. Ал, көршілес Қытай елінде ауылға қажет мамандарды тарту мақсатында арзан баспана салу, жеңілдікпен несие беру және оңтайлы салық жүйесі жақсы жолға қойылған. Үлгі алатын өнегелі дүние.
Жаңа заманның жаңа талаптарына бейімделіп, кез келген өзгерісті қабылдау үшін ең алдымен ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтай отырып, терең білім мен зерделі ғылымды дамыту шарт. Бұл ретте еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен тәуелсіз Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағытта үлкен бағдарламалар қолға алынып, көптеген игі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта, әсіресе, ауылды дамытуға қатысты тың бастамалардың оң нәтиже бере бастауы көңіл қуантады.
Елбасының ауылды көтеруге байланысты көтерген бастамаларын қоғамның барлық деңгейінде жаңғыртып, халықтың санасына жеткізу парыз. Бүкіл қазақстандықтарды ауыл проблемасына көңіл аударту арқылы мемлекеттік беріктігімізді де күшейте түсеміз. Ол үшін «ауылдың өркендеуі – мемлекеттің өркендеуі» деген егіз ұғым екенін естен шығармағанымыз абзал. Ғалым ретінде айтар болсам, біз елдің азық-түлік қауіпсіздігінің төркіні ауылда екенін ұғынуға тиіспіз. Бұл ретте ауылдың жаһандық экономикалық үдеріске енгенін ескеруді бүгінгі әлемдік экономикалық жағдай анық байқатты.
Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін білім мен ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ауылдың темірқазығына айналуы тиіс. Біз бұл істі бастап та қойдық. Елбасы тарапынан республика жастарына ауылдық квота мен ауылға қажет түрлі мамандықтарға оқу гранттарының көптеп берілуі – «Дипломмен – ауылға!» жобасын нақты қолдаудың қайталанбас үлгісі деп қабылдаймыз. Өйткені, республика жастарына мектепте білім ала жүріп өзінің болашақ мамандық алатын оқу орны мен ауылда қызмет істейтін мекемесіне дейін білуі қамтылады. Президенттің бұл бастамасы қоғамдағы жастардың ерте жастан әлеуметтенуін еліміз бойынша алғашқы жүзеге асырушы жаңа үдеріске негіз болды.
Өз тәжірибемізге келсек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті мемлекеттік саясат ұстанымдарына сүйене отырып, Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. Биыл 85 жылдық белесіне жеткен отандық аграрлық білім мен ғылымының қара шаңырағы, ауыл шаруашылығының ең басты ғылыми даму тарихының негізін салушы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміз негізінен ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін білікті кадрлар даярлайды. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялыларының қатарын қалыптастыруға негіз бола жүріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып, елге қызмет етуде.
Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру. Біз ауыл зиялыларын қалыптастыру ісі – ел іргесінің тірегін нығайту үшін жасалып келе жатқан қадам екеніне айрықша назар салудамыз.
Мемлекеттің, ұлттың болашағы мен тірегі болатын білімді жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі Елбасы назарында болуы көп жағдайды аңғартады. Ешбір елде жоқ «Дипломмен – ауылға!» атты жоба Қазақ елінің алтын қазығы болған ауыл үшін де, жастар үшін де тарихи ұсыныс болғаны анық. Елбасы қолдауымен 2009 жылдан бастау алған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 30 мыңнан астам жас маман ауылды жерде өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасыпты. Олардың қатарында біздің университет түлектері да бар. Бұл бағдарламаның дер уақытта өмір сұранысына сай пайда болғанын көрсетеді. Бес жылдан астам уақыт ішінде осынша жас азаматтардың ауылға әртүрлі қызметке баруы соның ерекше дәлелі.
«Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша қаланың ұл-қызын да ауылға жұмысқа тарту мәселесі бүгінгі күннің талабы. Кеше қалада өсіп, білім алған жастардың бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігімен, ондағы халықтың мінез-құлқымен де таныс болғаны абзал. Өйткені, бұл сол жастардың болашақтағы атқаратын қызметтері барысында ескерулері тиіс маңызды мәселелердің бірі болмақ. Ауыл халқымен етене жақын араласқан азаматтардың бойында біршама қазақы мінез-құлық қалыптасып, қазаққа тән қасиеттер пайда бола бастайды. Ал ана тілін үйрену үшін ауыл таптырмас мектеп.
Бүгін әлемді жаппай жұмыссыздық дағдарысы жайлап отыр. Мәселен, статистикалық мәліметтер Еуропаның Англиядан басқа барлық өңірлерінде 18 бен 35 жас аралығындағы жұмыс істеуге қабілетті жастарының талайы жұмыссыз дегенді көрсетуде. Қазақстан осы дағдарыстың салдарын қаншама сәтті еңсере алды десек те, қауіптің ауылы алыстап кетті деуге әлі ерте. Осындай жағдайда кеше ғана оқу орнын бітіріп, білім мен тәжірибенің оң-солын енді ғана ажырата бастаған «тәжірибесіз мамандарды» қалалық ұйым, мекемелердің бірден қызметке алуы ө?? ?????.
те сирек.
Студент жастарға оқуын бітірген соң, дипломын ала сала бұрынғыдай қаладағы ұйым, мекемелерге жүгіре жөнелудің реті жоқ. Тіпті, солай бола қалған күннің өзінде де жастарға қалада тұрақтап қалу немесе тұрғын үй мәселесін шешу оңайға соқпайды. Ал ауылдық аймақтар білімі жоғары, көзқарасы кең, білікті мамандарға зәру. Бұл әсіресе, білім мен ауыл шаруашылығы саласына көбірек қатысты. Мектептер жас мұғалімдермен біршама қамтылды. Ендігі кезекте білікті аграршы мамандардың, іскер фермерлердің, озық технологияны игерген жастардың ауылға тартылуын мемлекет көмегімен оңтайландыра түсу керек. Мамандар тапшылығын көріп отырған ауылдарға еліміздің жоғары оқу орындарында білім алған жастар барып қызмет етіп, орнығатын болса ел еңсесі бұдан да көтеріле түсетіні сөзсіз.
Ауылға барған жас маман тек кадр мәселесінің шешілуіне ғана ықпал етіп қоймай, ондағы өзге де салаларға серпін береді. Қашанда жаңалыққа жаны құмар жастардың өзі қызмет еткен салада да жаңа тың серпілістер жасайтынына сенім мол. Бұдан жастар қызметке келген ұйым, мекемелердегі жұмыс сапасы да арта түсетіні сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, жастардың ауылдың тіршілігімен, ондағы халықтың өмірімен таныс болғаны дұрыс. Бүгінгі ауылда қызмет етіп жүрген жас ертең елге қызмет ететін басшы болады. Ол болашақ тірегі – зиялы қауым өкілі болып толысады. Жастардың ауылға деген көзқарасын өзгерту шараларын батыл іске асырсақ мәні зор үлкен іс болмақ. Жастарды осы бағытта тәрбиелеуіміз ел үшін, қоғам үшін кезек күттірмейтін керекті шаруа. Қазіргі қоғам осы бағытта не істеді және алдағы уақытта қандай деңгейдегі шаралар атқара алады? Қоғам болашақ зиялы орта үшін жауапкершілікті өзі алып, оны абыроймен атқаруға жауапты.
Бүгінде біз әлемге өзімізді демократиялық жолмен дамып келе жатқан ашық, жариялы қоғам деп мәлімдеп отырмыз. Ауылда мемлекет жүргізіп отырған аграрлық сала, кәсіпкерлікті дамыту, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы реформалардың жемісін көруге болады. Ал азаматтық қоғам, адам құқықтары жөніндегі мәселелер ауылда әлі де болса қолдауды қажет ететінін ешкім де жоққа шығара қоймас. Осыған орай жоғары білім алған көзқарасы кең, көзі ашық азаматтар ауылға барса, ондағы демократиялық құндылықтардың қалыптасуына біршама ықпал етеді.
Жаһанданған әлемнен өзінің айшықты орнын табу үшін мемлекетімізде заманауи идеялар мен озық технологияларға баса мән берілуде. Осы орайда ауылдың да технологиялық жүйедегі өндірісті қалыптастыру дүниесін игере алатынына көз жеткізудеміз. Әсіресе, еліміздің ірі қалаларына қатысты агломерациялық мәселесін шешуде және оны мықтап қалыптастыруда инновациялық технологияларды батыл енгізу нәтижесінде өркендеген ауыл шаруашылығы ауылдық елді мекендерді қуаттандыра түсетіні сөзсіз. Экономикалық әртараптандыру мәселесі де ауылға жат дүние емес. Оның аграрлық секторға да қатыстылығын және ауыл үшін де тиімді жақтары бар екенін ескеруіміз керек.
Елбасы Қазақстанды жаңартудың түпкілікті мақсаты – барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының, мәдениетінің, білімінің, ғылымның, денсаулығының жақсаруы екендігін үнемі бірінші кезекке қойып келеді. Әсіресе, ауылдың елдің жас буын өкілдерінің озық біліммен сусындап, жаңа технологияларды игере алуына аса мән берілуде. Осы халықтық саясат арқасында елдің әл-ауқаты көп өзгерді. Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстанды бүгінгі Қазақстанмен мүлдем салыстыра алмаймыз. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған кезде әлем мемлекеттерінің арасына 140-орынды иеленсе, қазір бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына орнықты. Ендігі меже – ең дамыған 30 елдің санатына қосылу.
Қазақ халқының алтын тамыры – атамекен ауыл екенін әрбір қазақстандық жас жете түсінетін уақыт келді. Ауылдағы жастарға, қаладан келетін жастарға және ауылға қайта көшіп баратындарға ұзақ мерзімді жаңаша экономикалық жағдай жасау бағдарламасын қоғам болып ұсынуымыз керек. Ол үшін білімін күшейтіп, мәдениетті қалыптастырып, көркіне көрік қосып және азаматтарына рух беру маңызды. Қазіргі ауылдың әл-ауқатын көтеру, оны нағыз іспен қолдайтын, нақты көмек қолын созатын мемлекеттік іс – ол тың көзқарастағы жаңаша түзіліп, қабылданатын«Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы болады деген сенімдемін.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей ауылды көркейту бір ғана ынтамен шешілмейді, осы салада жұмыс істейтін әрбір адамнан ғылым жетістіктерін, оны өндірісте пайдалану тәжірибесін игеруді талап етеді. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген халық нақылы қалтқысыз. Бүгінде Қазақстан халқының 43 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың ішіндегі жартысына жуығы жастар. Осы орайда мемлекет беріп отырған оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауыл жастары заманға сай озық білім алып, жинақтаған мол тәжірибелерін егемен еліміздің іргесін мықтауға, экономикамызға серпін беру ісін жандандыра түсуіміз қажет.
Елбасының көрегендікпен ауыл проблемасын шешу жолдарын тікелей қолдауы және үнемі бақылауда ұстауы мемлекетіміздің стратегиялық даму бағыттарының бірегей екенін байқатты. Жақсының жақсылығын көріп, барды бағалай білсек, біз алмайтын белес жоқ. Қоғамымыздың өрелік көрсетер өрісі де осы болашақ «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы деген пікірдемін.
Ауыл – алтын тамыр. Алтын тамырымыздан қол үзбейік, ардақты жас достарым
Достарыңызбен бөлісу: |