Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Мая 2013 в 16:08, реферат
Краткое описание
"Шұғаның белгісі" хиқаяты. Өзінің проза жанрындағы тұңғыш туындысы—"Шұғаның белгісі" хикаятын Б. Майлин жасы жиырмаға толар-толмаста "Садақ" атты қолжазба журналда жариялайды. Соған қарамастан, бұл шығарма күні бүгінге дейін қазақ прозасының айтулы үлгілерінің бірі болып қалып отыр. Егер ол кез — 1914—1915 жылдары — қазақ прозасының жаңа ғана бой көтере бастаған балаң шағы екенін ескерсек, онда мұндай ғажайып туындыны қолына жаңа қалам ұстаған шәкірт талапкердің дүниеге әкелуі танымдық тұрғыдан да ерекше қызық кұбылыс. Хикаятта ескі қазақ қоғамындағы кезекті мәселе — әйел теңсіздігі, бірін-бірі сүйген жастардың махаббат бостандығы әңгіме болады. Әлеуметтік теңсіздік кедергі болып, армандарына жете алмаған байдың қызы — аяулы Шұға сұлу мен кедейден шыққан мақтаулы, оқыған жігіт Әбдірахманның қайғылы тағдыры суреттелген.
Скачать полностью (15.45 Кб) Сколько стоит заказать работу?
аға оқытушы, филология магистрі
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Қазақстан, Қостанай қ.
Б.МАЙЛИННІҢ «ШҰҒАНЫҢ БЕЛГІСІ» ПОВЕСІНДЕГІ МІНЕЗДЕУ
«Шұғаның белгісіндегі» сюжеттік даму (ситуация) тек адамдар тағдырына негізделген. Әрбір тарауда ситуация, қат-қабат конфликт арқылы өсіп-өніп жатқан әр алуан тип пен характер, олардың өзара қарым-қатынастары аса шыншыл, дәлелді, сондықтан да нанымды суреттейтіні сондай – жан жүрегін толқымай оқу мүмкін емес.
Повестегі бас кейіпкер – Шұғаның бейнесі әр түрлі іс-әрекеттің даму барысында айқындалады. Кейіпкер арқылы тағдырына ата-анасын да емес, бауырларын да емес, өзін қоршаған әлеуметті де емес, тек қана ата салтын кінәлап, шарасыздыққа, өлімге барып тірелген қыз тағдырының өкініші, арманы көрсетіледі. Суреткер қайғылы Шұғаға бейтарап қарамайды, оған аяушылық сезім білдіреді. Қиянат көрген, өмірден түңілген қаһарманына жаны ашиды. Ал басқа кейіпкерлерге пайда болған тұсында мінездеме беріп кетеді (Әбдірахман, Зайкүл, Айнабай).
Автор Шұға бейнесін ең алғаш рет оны өз заманының қыздарымен салыстыру арқылы мінездегені көрінеді.
«Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін... Бұл күнде ондай қыз қайда. Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайды ма, білмейсің, ешкіге құсап шошаңдап жүргені. Заман бұзылған ғой...ия... Осы күнгілердің бір тапқаны, қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда, құдай сана берсін десейші...» [1, 54 б].
Жазушы Шұғаның ажарлығымен қоса мінезінің салмақты, ұстамды, ақылды екенін көрсетеді. Өз заманының қыздарымен салыстыру арқылы Шұғаны биікке көтереді. Әрине, бұл көпке күйе жағу емес. Ал «Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді» деу арқылы Шұғаның зеректігінен, білімпаздығынан хабар бергісі келіп тұрғандай. Сонымен қатар Шұғаның бозбалалар хатына жауап қайырмауы, Әбдірахманмен алғаш рет алтыбақанда кездесіп, шешіле сөйлеспей жеңіл сөйлесуі оның мінезінің салмақтылығын тағы бір дәлелдеп өткендей. Шұғаның Әбдірахманға жазған хатында «Құрметлу мырза Әбдірахманға сәлем соңында айтарымыз: хатыңызды алдық, қазір пәлендей жауап бере алмаймыз, айыпқа бұйырмаңыз» дегенінен, оның сыпайылығын көреміз.
Махаббат – адамның жан тазалығын, сабырлылығын, төзімділігін, ақылдылығын, шыдамдылығын көрсететін сезім десек, сол махаббат Шұғаны өз жетегіне ерткендей. Осылай махаббаттың ең биік сатысының бірі ғашықтық, одан кейін жақсы көру, ұнату сатыларынан өтіп, құмарту сезіміне жеткен секілді. Сезім әсерінен және де ата-баба салтын кінәлаған өкінішпен Әбдірахманнан айрылған Шұғаның ауыруы оның пәктігін, адалдығын көрсетеді.
Повесте Шұғаның ғашығы Әбдірахман Есембектің жайлауға көшіп келген тұсында пайда болады. Автор Әбдірахманның өмірі мен қызметі жайлы өмірбаяндық экскурс жасап, мінездеудің өмірбаяндық элементтері арқылы кейіпкер мінезінің қалай қалыптасқанынан қысқа да жинақы хабар береді. Осы бір таныстырудан Әбдірахманның бойында қайсарлық, білімге құштарлық, адалдық қасиеттерінің барлығын байқауға болады. Оның тілмаш, песір болмауы параға, беделге сатылмағандығын көрсетеді.
Ал Әбдірахманның бай киізін сатқанда, оған жағымпазданбай тілін алатын адамдарға «Әзір асығып екі бағасына алғанша, астықтарыңды жиып алған соң шалқайып отырып, жарты бағасына аласыңдар» деуінен елдің пайда қылуы, Әбдірахманның ел қамын ойлайтын көпшіл екендігінен хабар бергендей.
Повестегі бәле іздеуші бәлеқор – Айнабай бейнесі. Айнабайдың екіжүзділігі, мақтанқұмарлығы мына тұста анық көрінеді: «Ағайын арасында аз үйлі керей болғанымен Айнабай деген бірді-бірге соғып, екі елдің арасына от салып тұтандырып жүретін бір қызыл көзді бәле. Ел ішінде Айнабайдың істемеген бұзықтығы жоқ. Анау-мынау адамдар өзінен сескенетін де еді...» [1, 62 б].
Ендігі бір тоқтала кететін кейіпкер Шұғаның ең кіші жеңгесі – Зәйкүл. Зәйкүл де өзінің ата-анасы атастырып қосқан жарын сүймейді. Бірақ айтқан сөзінен табылып, көңіліндегі мүддесін орнына келтіретін жарынан кете алмайды. Ал оның күйеуінің момындығын пайдаланып оңды-солды жүруі мінезінің жеңілдігінің дәлелі.
Б.Майлиннің өз кейіпкерлерінің бойындағы табиғи өзіндік психологиялық қасиеттерін, мәселен, Шұғаның адалдығы мен пәктігін, Әбдірахманның қарапайымдылығы мен төзімділігін, Айнабайдың екіжүздігі мен бәлеқорлығын т.б даралап, шеберлікпен көрсете біледі. Әрине, шындап келгенде Шұғаның басына түскен тауқымет төркіні әлеуметтік жағдайда жатыр. Өйткені, өз қыздарын атастырғанына беретін қазақ салтының жойылмауы, қазақ қыздарының өз құқығын қорғай алатын дәрежеге жете алмауы дәлел бола алады.
Б.Майлин «Шұғаның белгісі» повесін жазуда қаһармандар мінезін сомдау үшін мінездеу тәсілдерін еркін меңгергені байқалады. Повестегі тағдыры сан алуан кейіпкерлер қазақ әдебиетін жаңа образдармен толықтырды. Оның кейіпкерлері әлеуметтік ортаның үстемдігі мен табиғи жаратылысының құдіретті ортасына бағынатын шыншыл бейнелер болды.
Достарыңызбен бөлісу: |