Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Ел тарихын ұмыттырмаған ән



бет1/2
Дата24.02.2016
өлшемі430.52 Kb.
#16026
түріРеферат
  1   2

Ел тарихын ұмыттырмаған ән

“Қожаберген жыраудың шығармаларын сұрыптап, толықтырылған жинағын баспаға дайындап жатыр едiк, соған сiз алғы соз жазсаңыз”- деп, Қызылжардан телефон шалғанда уәдемдi берiп қалып едiм. Өзiң атқарар iстi бiреу жарқыратып атқарып жатса, құдайдың бергенi емес пе? Осыған орай, алдымен әдебиеттiң, өнердiң жанашыры, облыс әкiмiнiң орынбасары Қуат Есiмханұлы бастаған Қызылжардың бiр топ азаматтарының игiлiктi iсiне ризашылығымды бiлдiрем, сәттiлiк тiлеймiн.

Шындығын айтсақ, Қожаберген мұрасын, өмiр жолын ғылыми зерттеу жұмысының жүйелi түрде қолға алынуы елiмiздiң тәуел-сiздiгiне қол жеткен кезден басталды. Осы тұста әдебиетшi - ғалым Төлеш Сүлейменовтiң, атыраулық Нәбиден Әбутәлиевтiң “Сегiз серi”(1991), “Ордабасы Қожа-берген”(1995) жинақтарын айрықша еске алу керек. “Елiм-ай”жинағын шығарған Мәдина Дастанованың “Жырлары қазақ жұртын елжiреткен”деген еңбегi де құнды зерттеулердiң бiрi. Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетiнiң “Қазақ әдебиетiнiң тарихы мен сыны”кафедрасы жанындағы “Қазақ фольклоры және әдебиет тарихы”деп аталатын ғылыми зерттеу тобы 1991 жылдан осы тақырыпта тұрақты жұмыс iстеп келедi.

“Қазақ әдебиетiнiң қысқаша тарихы”деп аталатын еңбектiң бiрiншi томында, “Қожаберген жырау (1663-1763 ж.ж.)”атты арнайы тарау берiлiп, Қазақ әдебиетi тарихында тұңғыш рет “Елiм-ай” әнiнiң авторы жөнiнде бiрқыдыру мәлiмет берiлген.
“Қаратаудың басынан көш келедi,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...”


- деп басталатын әнінің алғашқы нұсқасы 16 жол көлемiнде 1875 ж. “Записки Оренбургского отдела Императорского русского географического обществаның 3 кiтабының 253 бе-тiнде жарияланған болатын. Екiншi рет, 1932 ж. “Билер дәуiрiнiң әдебиетi”деген атпен Сәкен Сейфуллин өзiнiң атақты оқулық-хрестоматиясында “Елiм-ай”ға орын берген, 20 жол. (“Қазақ әдебиетi”I-бөлiм, 1932 ж.).

Қожаберген жырау туралы Ыбырай Алтынсаринның, Мәшһүр Жүсiп Копеевтiң, Сұлтанмахмұттың мұраларында да айтылған болатын. Ыбырай 1879 жылы өзiнiң қазақ хрестоматиясында 1896 ж. “Махтубатында”керей Қожаберген жыраудың атын атап, өлеңнен үзiндi келтiрген. Мәшһүр Жүсiп:


“Елiм-ай”әнi менен жыры тағы,

Шығарған Қожаберген бабаңды сүй, - деп жазған.


Сұлтанмахмұттың:
Керейде Қожаберген, Сегiз өткен

Қазақтың шежiресiн жыр ғып шерткен,


- дегенiне ұзақ уақыт мән берiлмей, Қожабергеннiң кiм екенi анықталмай келген болатын. Осы халықтық ән болып кеткен керемет дүниенiң авторы 1981 жылы Г.Тұрсыновтың “Мәдениет және тұрмыс”журналының 6-санында жарияланып, 1983 ж. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған “Ерте дәуiрдегi қазақ әдебиетi”(ХУ-ХУIII ғ.ғ.) деген зерттеулер жинағында “бiр халық өлеңi хақында”деген атпен хабарлама берiлдi: “Қаратаудың басынан көш келедi” өлеңiн шығарушы, таратушы кiм деген сұраққа содан кейiн ғана жауап берiле бастады.

М.Әуезов “тарихи өлеңдердiң авторы, көбiнесе сол уақиғалар-ды көзiмен көрген тұстастары”деп ескертедi. Ғалымның бұл пiкiрiн растай түсетiн айқын, ашығырақ айтылған деректер де жоқ емес. Ол - Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы сақтаулы С.Шақшақов (1818-1854) қалдырған “Керей шежiресi”. Бұл қолжазбаны халық әдебиетi қазынасын жинаушы Қаратай Биғожин (1936 ж. туған) тапсырған.

Ал, “Елiм-ай”дастаны алғаш ауызша туып, кейiн оны Қожабергеннiң өзi хатқа түсiрген. Жазба күйде сақтаушы Толыбай сыншы ұрпағы - Шақшақ батыр Көшекұлы. Шақшақтан немересi Се-гiз жазып алған. Оның қолжазбасын сақтаушы Тәштит Тәбеиұлы Барлыбаев. Тәштитен Сегiздiң үлкен баласы Мұстафа көшiрiп алған. Мұстафадан 1879 жылы Дәрiбай Малыбайұлы деген жас шежiрешi жiгiт жаттап үйренедi. Дәрiбайдан оның баласы жазып алып жаттайды. Ол 1891 жылы туып, 1978 жылы 87 жасында қай-тыс болған Қожахмет деген кiсi. 1936 жылы Б.Майлин, I.Жансүгiров, Ғ.Мүсiрепов Қожаберген ұрпақтары туралы материал жи-науға жыраудың елiне келген. Бiрақ, 1937 ж. ойраны олардың еңбегiнiң нәтижесiн жойды.

1936 жылы Сәкен Сейфуллин Сегiз серi мен оның бабасы Қожаберген жәйлi жазбақ болған. Осы материалдардың бәрiне айрықша назар аударсақ Қ.Биғожиннiң берген деректерi аспаннан алынбағанын көрсетедi. Әр кезең, әр дәуiр өзiнiң қоспасын жасамай қоймайды. Ауыздан-ауызға көшiп жүргенде, әр айтушы әлеуметтiк жағдайға қарай, тiптi тыңдаушылардың әуселесiне қарай өз жанынан қосып, қиыстырып жiберетiнiн жоққа шығаруға болмайды. Неше ғасыр бойында ел есiнде сақталып, ауызша айтылып келген өлең-жырларға нақты құжат iздеп әлек болудың қажетi жоқ.

Қожаберген жыраудың мұраларының зерттелуi туралы сөз бол-ғанда, Сейтқали Қарамендин мен Қожаберген қорының төрағасы Шаймұрат Смағұловтың зерттеу еңбектерiн ерекше атаған жөн.

Жыраудың ән ұранына айналған дастанынан басқа айтқан жаз-ған дүниелерi ел есiнде толық сақталмаса да, халық арасында бiзге белгiсiз өлең-жырлары әлi де кездесетiн сияқты. 2001 жылы Айым-жан ауылында жас ақын Дәулеткерей Кәпұлы, доцент Күләш Ахмет - үшеумiз зиялы қауымның өкiлдерiмен кездесiп, Сегiз серiнiң шөпшегiнiң әнiн тыңдағанымыз бар. Сонда Қожаберген жыраудың сөздерi өзiнен-өзi әңгiмемiздi тұздықтап, ажарын кiргiзгенiн Дәулет-керей қағазға да, магнитафонға да жазып алған-ды.

Мен бұл деректердi Қожаберген жыраудың жаңа жинағы бұрынғыдан да гөрi толысып шығатынына қуанғандықтан, жазып отырмын. Ендi ешкiмге жалтақтамай, кiм не дер екен деп, елеңдемей жоғалғанымызды iздеуге, жоғымызды табуға, барымыздың қадiрiне жетуге тиiспiз. Сөйтiп, қазақ халқының рухани байлығын шашып-төкпей, жұлмаламай, өзiне қайтаруға мiндеттiмiз. Елдiң рухын аспандатып, тарихын дәрiптеудiң айқын жолын iздей берейiк, ағайын.
ТҰРСЫНБЕК КӘКIШҰЛЫ,

филиология ғылымының

докторы, профессор.


Батыр-жырау Қожаберген
Қазақ халқының ХVII ғасырдың екiншi жартысы мен ХVIII ғасырдың бiрiншi жартысында өмiр сүрген ақын-жырлауларының, әншi, күйшi - сазгерлерiнiң және халық батырларының бiрi - Қожаберген жырау Толыбай сыншыұлы (1663-1763 жж.) екендiгi баршаға аян. Толыбайсыншыұлы ақын тек жай ғана батыр емес, кезiнде қазақ халқының әскерiн басқарған қолбасшы, әйгiлi ғұла-ма, шежiрешiсi. Оған оның өз шығармасы “Елiм-ай” жыр-даста-нының бiрiншi бөлiмiндегi мына шумақтар да айғақ бола алады:
Өнерге жас шағымнан құштар болғам,

Самарқанд, Бұхарадан бiлiм алғам.

Атанып үздiк шәкiрт қатарында,

Ең үлкен медересесiн тамамдағам.


Ерлiкпен мағылұм болдым алыс-жатқа,

Ән шырқап, қобыз тарттық көңiл шатта.

Бiтiрiп медересенi шыққаннан соң,

Имам боп он жетiмде мiндiм атқа.


Он сегiзде әйгiлi балуан болып,

Он тоғызда iлiндiм батыр атқа.

Жиырмада имам болмай, ақын болып,

Симайтын iс жасадым шариғатқа.


Тiлiне араб, парсы болдым жетiк,

Оны да қолданбадым өнер етiп.

Шамамша қол бастаған сардар болып,

Мен жүрдiм мұсылманға қызмет етiп.


Сонымен қатар, Қожабергеннiң ғұлама ордабасы, әскер басы-батыр екендiгiне оның шәкiртi Бұқар жыраудың “Ұстазым” атты дастанындағы мына шұмақтардың өзi-ақ дәлел бола алады:
Қожаберген ұстазым,

Бұхара барып оқыған.

Төрт-бес тiлдi үйренiп,

Көкейге берiк тоқыған.


Жалаулы найза, қобызды,

Домбырасын қолға алған.

Қамалға шабар алдында,

Шығарып өлең толғаған.


Жырын сүйген баршасы,

Болмаса кейбiр оңбаған.

Алла, аруақ жебеу боп,

Жорықта жолын оңдаған.

Қиын-қыстау кезеңде,

Намысын қозғап өлеңмен.

Батыр-ақын ұстазым,

Қолың қолға дем берген.


Қожаберген 1663 жылы наурыз айының басында қазiргi Сол-түстiк Қазақстан облысының (бұрынғыша Қызылжар аймағының) Жамбыл ауданындағы Благовещенка селосы орналасқан жерде бұрын болған Толыбайсыншы қарағайы деген орманның қой-науында дүниеге келiп, сол туған жерiнде 1763 жылы қазан айын-да жүз бiр жасқа қарағанда ауырып қайтыс болыпты, оның сүйегiн сол төңiректегi “Бүркiт қонған” деген орманның маңындағы әкесiнiң есiмiмен аталатын Толыбай сыншы бейiтiне елi жерлептi. Ақынның әкесi Толыбайсыншы Дәуленұлы (1603-1680 жж.) заманында Қазақ, Ноғай (Қараағаш, Маңғыт рулары), Қарақалпақ, Сiбiр татары (Ескер, Барабы, Құралаш рулары, Шалабай естектерiнiң (Челябинск башқұрт-тарының) бiрiккен әскерiнiң ордабасысы болыпты. Барабы, Ескер, Құралаш руларының, Шалабай башқұрттарының жасағының қазақ әскерiнiң құрамында болуына оларға қазақ хандығының ықпалы басым болуы себепкер болған екен. Қожабергеннiң өз әкесi - Толыбайсыншы да, атасы - Дәулен батыр да, бабасы - Таузар сардар да өз замандарында Үш жүздiң әскербасылары және Орта жүз қазақтарының ардақты ел билеушiлерi болыпты. Оларды өздерiмен тұстас ақын-жыраулар өлең-дерiне қосып, ерлiктерiн жырларына арқау етiптi (шежiре деректерi бойынша).

Жыраудың анасы - Ақбiлек Баянауыл өңiрiн мекендейтiн Орта жүз Сүйiндiк Арғын Айдабол бидiң қызы екен. Ол кiсi де өнерi асқан сынықшы, тоқымашы, тiгiншi болыпты. Ол жайында Қожаберген өзiнiң “Елiм-ай” жырының бiрiншi бөлiмiнде былай дейдi:


Орта үз Арғындағы асыл тектен,

Анамның шыққан заты Сүйiндiктен.

Жиырма ұлдың көкжал туған ең кiшi ем,

Тұңғыш қыз Айдаболдың Ақбiлектен.


Толыбай сыншының өз анасы Жамал кезiнде Самарқанд шаһарын және оған қоса Самарқанд уәлаятын билеп-төстеген, сол шаһарда үлкен ғимараттар салуға үлес қосқан, медересе ашқан. Кiшi жүз iшiнде Әлiм ұлының Төрт қара руынан шыққан әйгiлi Жалаңтөс Баһадұр Сейтқұлұлының (1576-1656 жж.) туған апасы екен. Сол себептi Толыбайсыншы қолбасшы өзiнiң Майлы би, Өтежан, Өтегелдi, Өтеген, Өтепберген, Өтеулi, Өтемiс, Қарабас, Әмiр, Өмiр, Темiр, Батыр, Бабыр, Бадыр, Өтебай, Өтеғұл, Едiл, Жайық, Қожаберген есiмдi ұлдарын нағашылары:

Ақша би, Жалаңтөс баһадұрдың Самарқанд, Үргенiш, Бұхара шаһарларындағы жоғары дәрежелi дiни бiлiм беретiн медереселерде ұстаздық қызмет атқаратын өнерлi, бiлiмпаз ұлдарына ертiп апарып, солардың үйлерiне қойып, сол бiлiм ордаларында оқытады. Дәулен ұлы сыншының жиырма төрт баласының он тоғызы аталмыш қалалар-дағы медереседе оқып, хадимше сауаттарын жетiлдiрiп, дiни бiлiм-дерiн толықтырып, көне түрiк, араб, парсы, өзбек тiлдерiн жақсы үйренiп, сол оқу орындарын өте жақсы тамамдап шығыпты.

Қожабергеннiң әкесi Толыбайсыншы ел қорғаны - батыр болумен қатар, ұста-зергер, балташы, өрiмшi, етiкшi, дихан, аңшы, құсбегi, мерген, балуан, емшi, атбегi, сөзге шешен, ақындық қабiлетi бар әрi көреген кiсi болыпты. Ел iшiнде Толыбайсыншы-ұлы айтты деген нақыл қанатты сөздерде кездеседi.

Адамдыда, аттардыда, басқа жануарларды, гауһар, меруерт, маржан тастарды, қару-жарақты, құсты, иттi сынап бiлгенi үшiн Толыбайға сыншы деген атақты Қазақ, Башқұрт, Қарақпалпақ, Қырғыз, Татар, Ноғай халықтары берген екен. Оның Қарабас есiмдi баласы сыншылық өнерiнiң арқасында тұтқын болған кездерiнде үш рет құтылып, аман қалған екен. Ол турасында ел аузында сақталған аңыздар бар. Сол аңыздардың бiрi әрiде көп жыл бойы алтыншы класқа арналған Әдебиеттiк оқу кiтабының бетiнен орын алған едi.

Қожаберген өзiне дейнгi қазақтың ақын-жырауларының өлең жырларын, медереселерде оқып жүргенде шығыстың жетi жұлды-зы атанған Жәми, Низами, Науаи, Фузули, Фирдауси, Сағди, Рудаки шығармаларын оқып-жаттап, солардан нәр алыпты. Сонымен бiрге ол ертеде өткен Рашид ад-Дин, Мырза Хайдар Дулати, Қа-дырғали Жалаири және өзiнен аз бұрын өткен Әбiлғазы баһадұр хан сияқты бiлiмпаздардың жазып қалдырған шежiре-лерiмен таныс болыпты. Сондай-ақ, ол тастағы ескi жазуларды да оқи алады екен әрi оған көп мән берiптi. Бұл айтылғандарына оның “Ата тек”, “Баба тiл” дастандары толық дәлел бола алады.

Өзiнiң “Ата тек” дастанында Толыбайсыншыұлы жырау қазақ халқын оғыз түрiктерiнен шығарады:


Түрiктен тараған ел тоғыз дейдi,

Тартатың күй аспабы-қобыз дейдi.

Башқұрт пен қазақ, ноғай, қарақалпақ -

Төртеуiн шежiрешiлер Өгiз дейдi.


Сондай-ақ, Қожаберген ақын сол “Ата тек” дастанында қазаққа жататын тайпаларды Алаштан шығарады:
Аннас тархан бабамыз,

Ер Алаштың бұтағы.

Бiздiң қазақ бабамыз,

Сол Аннастың ұрпағы.

Алаштан әрi Өгiз бар,

Өгiзден әрi Тұран бар.

Кiм десеңдер тегiмiз,

Арғы атамыз осылар.

........................

Өгiз түрiк iшiнде,

Аннастан қазақ жаралған.

Бiздiң Үш жүз елiнiң,

Алаштан бәрi таралған.
Толыбайсыншыұлының шежiрешi-жырау екендiгiн ХХ ғасыр басында өмiр сүрген классик-ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров өзiнiң “Құрбыма” деген өлеңiнде былайша жырлайды:
Толыбайсыншы баласы Қожаберген,

Тарихынан Оғыз түрiк хабар берген.

Үмбетей, Бұхар жырау, Тәтiқара,

Үшеуi Қожаекеңнен үлгi көрген.

.......................

Керейде Қожаберген, Сегiз өткен,

Үш жүздiң шежiресiн жыр қып шерткен.

(С.Торайғыров ақынның бұрын жариаланбаған өлеңдерi “Орталық қазақстан” газетi 7 тамыз 1988 ж.).

Қожаберген жыраудың шежiрешi болғандығы тұралы және оның “Елiм-ай” әнiн, “Елiм-ай” күйiн, “Елiм-ай” жырын шығар-ғандығы жайында қазақ халқының ХIХ-ғасырдың екiншi жартысы мен ХХ-ғасыр басында өмiр сүрген белгiлi философ-ақыны Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы (1858-1931 жж.) өзiнiң “Даналарға” атты өлеңiнде былай деп жырға қосады:
Өнерге құлаш ұрып бала жастан,

Тарихын бұл үш жүздiң етiп дастан.

Баласы Толыбайсыншы Қожаберген,

Бой ұрған ерлiк iске әуел бастан.

Ұрпағы оның батыр Сегiз өттi,

Нияздай асыл ердi қасына ерттi.

Қолына қобыз алып өр шабытпен,

Мұра ғып шежiре-жыр тастап кеттi.

Қолбасы ақын-жырау һәм елшi-би,

Шығарған “Елiм-айдай” тамаша күй.

“Елiм-ай” әнi менен жырын тағы,

Шығарған Қожаберген бабаңды сүй.


Қожабергенге ақындық аруақ оның жетi жасында қоныпты. Жырау ақындықта өзiнiң әкесiмен бiрге туған ақын Аулабайдан өз ағалары:

Майлы шешен мен Қарабас тарханнан үлгi-өнеге алыпты. Батырлыққа Қожабергендi ағалары Өтежан мен Өтегелi баулыпты.

Дiни медереселердi өте жақсы тәмәм етсе де, Қожаберген жырау мен оның ағалары дiнбасысы бола алмайды. Себебi, Қазақ, Ноғай, Қарақалпақ, Шалабай Естектерi, Сiбiр Татары халықтарына ХУII-ғасырдың бiрiншi ширегiнен бастап Ноғай даласын мекен еткен Қалмақтар Едiл өзенiнiң батысынан шабуыл жасаса, шығыс-тан Жоңғар. Қалмақ басқыншылары ұздiксiз шабуылдап, екi жақтан қыспаққа түскен мұсылмандар-дың әдiлеттi, яғни азаттық жо-лындағы соғыстары ұзақ жылдарға созылуы салдарынан Толыбайсыншы қолбасшының балалары-ның имам, ишан, софы, молда болуларына еш мүмтiгi болмайды. Себебi Толыбайсыншының ержүрек жиырма төрт ұлы (жиырмасы Ақбiлектен, төртеуi әмең-герлiк-пен қосылған жары - Халимаштан туған екен) жоғарыда аталған мұсылман жұрттарының сыртқы басқыншы жаулардың екi жақты шабуылдарына қарсы бағытталған ұлт-азаттық әрi қорғану соғыс-тарына белсендi түрде қатысып, олардың көбiсi әскер басқарыпты. Ел-жұртын шапқыншылардан қорғау жолында әдiлеттi со-ғыста Толыбайсыншы тарханның ұлдары мен немелерi асқан ерлiктiң үлгiсiн көрсетiп, олардың бiрталайы көппен бiрге майданда қаза тапқандығы шежiреден, сол кездегi ерлiк жырлардан елге мәлiм.

Қожаберген жырау 1683-1688 жылдары Әз Тәуке ханның елшi-лiк қызметiнде бес жыл басшылық етiптi. Сонан кейiн немерелес туысы Бөгенбай Маянбайұлы Ордабасы ауыр жараланған соң, соның орнына Әз Тәукенiң ұсынысы бойынша құрылтайда Толыбай сыншыұлы батыр-ақынды (боз биенiң сүтiне шомылдырып, үстiне ақ киiм кигiзiп, ақ кигiзге отырғызып көтерiп) халық 1688 жылы ордабасы сайлайды. Сол күннен бастап, Қожаберген жырау өзiнiң немере ағасы Бөгенбай баһадұрдың қызметiн ақсатпай, әрi қарай жалғастырып, Үш жүздiң жасағына Бас қолбасшы болыпты. Ол қазақ әскерiне қоса Ноғайдың Маңғыт, Қараағаш руларының, Сiбiр татарына жататын Ескер, Барабы, Құралаш тайпаларының, Шалабай Естектерiнiң (Челябинск башқұрттарының), Қарақалпақ хал-қының жасақтарына да ордабасы болған екен.

Толыбайсыншыұлы ақын әндi домбыраға қосып, күйдi сыбызғыға қосып, жырды әнмен айтып, қобызға қосып орындаған екен (шежiре деректерi мен ерлiк жырлар бойынша). Толыбайсыншыұлы сардар 1688-1710 жылдар бойында Қазақ, Ноғай (Қараағаш, Маңғыт тайпаларының), Қарақалпақ халықтарының бiрiккен қолына әскербасы болып, екi жақты қалмақ шап-қыншылығына қарсы ұзақ жылдарға созылған соғыстарда талай рет үлкен-үлкен жеңiстерге жетiп, ордабасы, тархан атағын алған үлкен баһадұр, әскери қайраткер. Оның жиырма үш жыл әскер басқарғанына өзiнiң “Үш би” атты өлеңiндегi мына шумақ та дәлел бола алады:
Басқарып Үш жүз қолын жиырма үш жыл,

Орнымды Бөгенбайға бердiм биыл.

Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды,

Кезiнде ұзақ соғыс күндер қиын.


Жырау 1710 жылы жаздың аяғында өз шәкiрттерiнiң бiрi жас батыр Қанжығалы Арғын Бөгенбай Ақшаұлына ерекше ықыласы түсiп, өзiнiң орта жасқа таяп қалғанын, ұзақ жылдарға созылған ауыр соғыстарға үздiксiз қатысып, қалжырап-шаршағанын мойындап, Әз Тәуке ханға өзiн ордабасы қызметiнен босату туралы өтiнiшiн айтады. Әз Тәуке әуелi келiсiм бермесе де, өз орнына қоятын кiсi барын айтқан соң, хандықтың астанасы - Түркiстан шаһарына Үш жүздiң шораларын, бектерiн, билерiн, батырларын арнайы түрде хат жазып, кiсiлер жiберiп шақыртып алып, ордабасы сайлау үшiн Құрылтай өткiзедi. Онда уәзiрлер, шоралар, билер, бектер, батырлар Толыбай сыншыұлының ордабасылықтан кетуiн қаламайды. Ақыры олар Әз Тәукеге зорға дегенде, келiсiм бередi. Сонда Қожаберген баһадұр ақ батасын берiп, ұсыныс жасап, өз орнына Бөгенбай батыр Ақшаұлын Қазақ, Ноғай, Қарақалпақ жұрттарының бiрiккен әскерiн басқаратын Бас қолбасшы етiп сайлатады. Ол жайында өз ұстазы Толыбайсыншыұлы батыр-ақынға арнап шығарған “Ғадыл ер” деген өлеңiнде әйгiлi Бұқар жырау былай дейдi:
Қожаберген ғадыл ер,

Қадырын бiлген қалың ел.

Бөгенбайдай батырға,

Билiгiн берген ардагер.

Қожа-екеме Бөгенбай

Шәкiрт болған жан едi.

Сайлатқан он ұстазым,

Қарадан шыққан хан едi.


1710 жылдың жазының аяғында өз еркiмен ордабасылық қызметтен босаған Қожаберген батырды кезiнде өзiн тәрбиелеп-өсiр-ген ағасы Қарабас тархан жасы ұлғайғанын айтып, өз орнына Орта жүз Керей-Уақ елдерiне шора сайлатады. Сөйтiп, Толыбайсыншы-ұлы жырау өз ағасының орнына шора болып, 1710-1723 жылдар аралығында өз жұрты - Керей-Уаққа басшы болыпты. Ол 1723 жылы көктемде Сыр бойында мекен еткен Кiшi жүздегi қайын жұртына қонаққа аттанарда, ел-жұртының игi жақсыларын жиып, мәжiлiс өткiзiп, өзi ақ батасын берiп, ұсыныс жасап, өз орнына аға-сы Қарабас тарханның үлкен баласы Асқап сардарды Керей-Уақ елдерiне шора сайлатады.

Толыбайсыншыұлы жырау 1723 жылғы “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған iрi апатты өз басынан өткерiп, көзiмен көрген, қырғынның жуан ортасында болған қарт баһадұр. Сол аса қатерлi сапарда ол Науан, Әсет есiмдi екi батыр баласынан, өзiне әрi өкiл бала, әрi атқосшы саналған Айбек, Ермек атты екi батыр азаматтан айырылып, бәiбiшесi екеуi әрең дегенде көппен бiрге жау қоршауын бұзып өтiп, аман құтылады.

“Елiм-ай” әнiн, “Елiм-ай” күйiн, “Елiм-ай” жырының бiрiншi бөлiмiн Қожаберген ақын сол қоршауда тұрған кезiнде шығарып-ты. “Елiм-ай” атты өлең де, жыр да, ән де әр кезеңде дүниеге келген. Соның iшiнде 1723 жылғы “Елiм-ай” әнiн, дастанын шығарған Толыбайсыншыұлы жырау. Мысалы:

“Елiм-ай” атты өлең Мiржақып Дулатовта да бар. Ал, “Елiм- ай” деген дастанды халық ақыны, әдебиетшi-ғалым белгiлi әншi Тұрсынхан Әбдiрахманова да жазған. Әдебиетте бiр-бiрiмен аттас әндер, күйлер, жырлар жиi кездеседi. Бiрақ оларды бiр-бiрiмен шатастыруға әсте болмайды.

Ақындықта Қожаберген жырауға Дәстем сал, Бұқар, Ақтам-бердi, Үмбетей, Тәтiқара, Жанкiсi (Көшебе керей) жыраулар шә-кiрт болып,одан үлгi-өнеге алса, батырлықта Бақсары, Бөгенбай, Жәнiбек (Кiшi Арғын) үшеуiнен бастап, Бөкенбай Мергенұлына (1717-1758ж.ж.) дейiнгi батыр атаулы сол Толыбай сыншыұлы ордабасыға шәкiрт болып,одан тәлiм-тәрбие алыпты.

Қожабергеннiң бар айыбы сол, оның өмiрi мен қоғамдық қыз-метiнiң, шығармаларының дер кезiнде жиналмай-зерттелмей қал-ғандығы, iздеушiсi болмағандығы. Қожаберген шығарма-ларының кейбiреуi қазақ халқының ХIХ ғасырда өмiр сүрген педагог жазушысы, ағартушы-демократы Ыбырай Алтынсарин құрастырып, 1879 жылы Орынбор баспасында жарық көрген “Қазақ хрестоматиясынан” (жинақ) және оның 1896 жылы Қазанда жарық көрген “Мәктубат” деген кiтабынан орын алған, ол жинақтарда ақынның бiрнеше өлеңдерiнен үзiндiлер берiлген. Соңғы жиырма бес жылда Толыбайсыншыұлы ақынның өмiрi мен шығармашылығы бiр шама зерттелiп, ол 1983 жылы “Ғылым” баспасынан жарық көрген. “Ерте дәуiрдегi қазақ әдебиетi” атты жинаққа ендi және онда Қожа-берген жыраудың “Елiм-ай” әнi мен күйiн, жыр-дастанын шығар-ғандығы айтылып,сол зерттеуде талданып жазылды.

Қожаберген ақынның өмiрi мен қоғамдық қызметi туралы деректер және оның “Елiм-ай” әнiн, “Елiм-ай” күйiн, “Елiм-ай” тарихи жырын шығарғандығы туралы республикалық газет-журнал-дарда, облыстық, аудандық газеттерде бiрталай зерттеу мақала-лары жарияланды. Атап айтқанда, филология ғылымынын канди-даты М.Жармұхаммедов “Қазақ әдебиетi” газетiнде 1981 жылы 15 мамырда ““Елiм-ай” жыр-дастаны” атты, ғылыми қызметкер Г.Тұрсынова “Мәдениет және тұрмыс” журналының 1981 жылғы 6-санында “Қаратаудың басынан көш келедi” деген, белгiлi драматург-жазушы Н.Әбутәлиев “Жұлдыз” журналының 1984 жылғы 3-санында Қожаберген жырау атты, осы жолдардың авторларының бiрi “Мәдениет және тұрмыс” журналының 1988 жылғы 6-санында “Елiм-ай” деген, 1988 жылы 27 қыркүйекте жазушы Н.Әбуталиев пен әдебиетшi-ғалым М.Жармұхамедов “Алматы ақшамы” газетiнде ““Елiм-айдың” аторы кiм?” атты, шежiрешi М.Болатов “Жезқазған туы” газетiнiң 1982 жылғы 22 қантардағы санында ““Елiм-ай” жыр-дастанының авторы Қожаберген жырау хақында” деген, белгiлi әдебиетшi-ғалым Т.Сүлейменов “Еңбек таңы” журналының 1989 жылғы 2-санында “Қазақ есiмi хақында” атты, шежiрешi, қарт мұғалiм Е.Қалданов “Қызыл ту” газетiнiң 1990 жылғы 23-24 қазандағы сандарында “Елiм-ай” атты деректi де көлемдi мақалаларын жариялатқан едi. Бұлардан басқа да Қожа-берген жырау туралы бiрнеше автордың 1982-2001 жылдар аралы-ғында газет-журналдарда отызға тарта зерттеу мақалалары жарық көрдi және сол Толыбайсыншыұлы ақынның есiмiн атап оның шығармаларынан үзiндiлер келтiрiлген бiрнеше автордың жиырма шақты мақалалары 1988-2001 жж. Аралығында республикалық газет-журналдарда, облыстық, аудандық газеттерде жарияланды. Олардан басқа Ш.Смағұлов, Қ.Омаров, Қ.Биғожин, Қ.Мұқанов, Ғ.Қадрәлi, С.Жұмабаев сияқты жергiлiктi зерттеушiлердiң ғылыми мақалалары және жергiлiктi жазушы Ожан Қалиевтiң Қожаберген-ге арнаған дастаны жарық көрдi. Сондай-ақ, Қожаберген жырау филология ғылымдарының кандидаты Т.Сүлейменовтiң 1991 жылы “Өнер” баспасынан жарық көрген “Сегiз серi” атты монографиялық еңбегiнен орын алды онда автор Қожаберген жырау - Сегiз серiнiң арғы бабаларының бiрi екендiгiн әрi оның iрi тарихи тұлға, үлкен ақын екендiгiн айтыпты.

Сонымен қатар, жазушы Н.Әбуталиев өзiнiң 1991 жылы “Жалын” баспасынан шыққан “Сегiз серi” атты зерттеу еңбегiнiң бүтiндей бiр бөлiгiн Қожаберген жырауға арнағанын айтуға мiн-деттiмiз. Осы аталған автор Толыбайсыншыұлы (1663-1763 жж.) ақынға арнап, “Ордабасы Қожаберген” атты монографиялық еңбек жазып, ол 1995 ж. “Жетi жарғы” баспасынан жарық көрдi. Сол Н.Әбуталиевтiң 1998 жылы баспа бетiн көрген “Шоқ жұлдыз” де-ген зерттеу еңбегiнен де Қожаберген жырау орын алды. Осы сөз зергерiнiң 1986 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген “Өттiң дүние” повесiнде Қожаберген жырау тұлғасының сомдала түскенi байқалды.

Қожаберген жырау да, оның жолын қуушы мұрагерлерiнiң бiрi - Сегiз серi Баһрамұлы да 1989 жылы жарық көрген Қазақ кеңес энциклопедиясының қысқаша төрт томдығының төртiншi томынан орын алды. Онда да “Елiм-ай” әнiн, “Елiм-ай” күйiн, “Елiм-ай” жырын 1723 жылғы қазақ халқына келген iрi апат кезiнде шығар-ғандығы айтылған. Сонымен қатар, “Елiм-ай” жыр-дастанының бiрiншi бөлiмi толығынан және екiншi бөлiмiнiң бас жағы “Дала дидары”, “Ауыл” газеттерiнiң беттерiнде 1991-1992-1993 жж. жарық көруi де ақтаңдақ орнын ретiмен жаба түскендей.

Солтүстiк Қазақстан облысының (Қызылжар аймағының) топырағында бұрынғы - соңды дүниеге келген ақын-жыраулардың (Кеңес дәуiрiне дейiнгi) өмiрлерi мен қоғамдық қызметтер туралы деректер мен шағармаларының дер кезiнде жиналмай - зерттелмей қалуына, бiрiншiден, облысымызға 1936 жылға дейiнде, одан кейiн де әдеби-тарихи экспедицияның сапарларға шықпауы себеп болды. 1936 жылы жазда жазушылар:

Iлияс Жансүгiров, Бейiмбет Майлин, Ғабит Мүсiрепов - үшеуi бастаған бiр топ әдебиетшiлер мен тарихшылар экспедиция жасаған. Олар облысымыздан Қожа-берген жыраудан бастап, Бiржан Берденұлы ақынға дейнгi ақын-жыраулардың өмiрлерi мен қоғамдық қызметтерi туралы деректер мен олардың шығармаларын жинапты. Алайда аталмыш экспедициялық топтың жинаған мұралары 1937 жылғы зобалаңда құрып кетiптi. Екiншiден, облысымыздан не әдебиет зерттеушiсi, не тарих зерттеушiсi, не ән-күй зерттеушiсi шықпауы да ақын-жырау, шешен бабаларымыздың еңбектерiнiң зерттелмей қалуына тағы себепкер болды. Қожаберген жырау шығармалары, әсiресе, “Елiм-ай” тарихи жырының бiрiншi бөлiмi және екiншi, үшiншi бөлiмдерiнiң үзiндi-лерi, “Баба тiл” дастаны және басқа өлеңдерi туған республика-мыздың әр облысында тұратын жекелеген азаматтардың абдыра-сының түбiнде сақталып, бiздiң кезеңге жеткен. Ел iшiнде “Ата тек”, “Қойлыбай әулие”, “Қызылжар” дастандарының үзiндiлерi, “Үш би”, “Үш Тәуке”, “Үш құрдас”, “Күлдiрмамай”, “Едiге биге”, “Жетi жарғы” және басқа өлеңдерi ұшырасып қалып жүрдi.

Толыбайсыншыұлы ақын “Бағылан баба”, “Фархад баһадұр”, “Ғадыл Танаш”, “Едiге баба”, “Балға-Балта батырлар”, “Ер Аббас”, “Ер Көшебе”, “Ата тек”, “Баба тiл”, “Алтай батыр”, “Елiм-ай” және басқа көптеген дастан, “Қойлыбай әулие”, “Бiлерсiң”, “Күлдiрмамай”, “Жетi жарғы”, “Үш би”, “Қайран, жастық”, “Едi-ге биге”, “Жастық”, “Ақсауыт”, және басқа бiрталай өлеңдер, “Бүркiт қонған”, “Көк Есiл”, “Айша”, “Қызылжар”, “Қайран, Арқа”, “Елiм-ай”, “Қалмақ қырылған”, “Ел айырылған” және бiраз күйлер шығарса да, оның толып жатқан шығармаларының ба-сым көпшiлiгi бiздiң кезеңге келiп жетпедi. Қожабергеннiң әндерi мен күйлерiнiң соңғы орындаушысы Iргебай Қоржынкөлұлы (1891-1966 жж.) осыдан отыз жетi жыл бұрын Ресейге қарасты Қорған облысының Макушин ауданындағы Күмiскөл (Қожаберген жыраудың Күмiс көлi атанған көл ғой) деген селода ауырып қайтыс болды.

Бұл күнде “Елiм-ай” әнiн Алматы қаласының тұрғыны, сәулет өнерi ғылымының кандидаты Төлеубек Сейiтқалиұлы Қараменде-тегi Орындап жүр.

Сонымен қатар, 1723 жылғы аса iрi апаттың халық ұғымында қалған атауы “Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама” деген сөз тiркестерi де Қожабергеннiң “Елiм-ай” жыр-дастанының бiрiншi бөлiмiнiң аяқ жығында келетiн мына шұмақта әдемi зерленген:


Атсыз қап жұрт жүрiсi шабан болды,

Халқыма аштық, соғыс жаман болды.

Басталып ел сұлауы Алакөлден,

Ақтабан шұбырынды заман болды.


Алакөлдi кейiн бiреулер жаңылысып Алқакөл деп керi ұғынған сияқты. Өйткенi, Алқакөл деген атақты үлкен көл қазақ даласында арғы-бергiде болған емес. Баба жырау бәйбiшесi Айшаны ертiп, сол 1723 жылдың қараша айында (бас кезiнде) өз елiне келе жатып, орталық Сарыарқадағы Қорғалжын көлi аймағында ағайын-туғандарымен, ұлдарымен, қызымен аман табысады. Өйткенi, Қожабергеннiң елi Керей-Уақ та, оған көшiп келiп паналаған Барабы, Барын, Ескер атты Сiбiр татарының рулары да, Шалабай Башқұрттары да 1723 жылы ала жаздай жоңғар қалмақ басқыншыларымен соғысып, ақыры жеңiлген соң, көше қашып, сол жылы жаздың аяғында Қорғалжын аймағына келiп қоныстаныпты. Оны Толыбайсыншыұлы батыр-ақын “Елiм-ай” жырының екiншi бөлiмiнiң басында айқын суреттеп кеткен.

Қожабергеннiң бәйбiшесiнiң есiмi - Айша, ол Кiшi жүз iшiнде Он екi ата Байұлыға жататын Есентемiр елiнiң басшысы Қабылан бидiң қызы екен. Толыбай сыншыұлы жыраудың Айшадан туған Әди, Әли, Әсет, Есет, Әбет, Науан, Мәди, Нәби, Ақыл, Бағдат, Мамай, Ноғай, Сағади, Тоқтамыс, Бектемiс, Бекет, Балқан есiмдi он жетi ұлы, Зейнеп есiмдi жалғыз қызы болыпты. Ақынның аттары аталған он жетi баласының жетеуi және ер жеткен он бiр немересi ұзақ жылға созылған ұлт-азаттық соғыста жау қолынан мерт болған екен.

Қожаберген жырау өмiр сүрген заманда Керей-Уақ бытырамаған, қалың ауылды, адам саны көп ел болыпты. 1723-1759 жылдары аралығында болған қанды айқастарда көп жауынгерлерiнен айырылса да, Орта жүз Керей-Уақ 1795 жылдың наурыз айына дейiн ара жiгi ажырамаған, ауыз бiрлiктi жұрт болыпты.

Орталық Сарыарқадағы Қорғалжын аймағында (қазiргi Ақмола облысының Қорғалжын, Вишневский аудандары мен Қарағанды облысына қарасты Теңiз ауданы жерлерi) Орта жүздiң Керей-Уақ елi сол Орта жүзге жататын басқа жұрттармен, Башқұрт, Ноғай, Сiбiр татары халықтарының бiраз руларымен, Кiшi жүздiң кейбiр тайпаларымен бiрге тұрмыстың қиыншылықтарын бiрдей көрiп, өздерiне нандық, атқа жемдiк егiп салып, аң, құс, балық аулап, 1723-1745 жылдар арасында сол өлкеде тiршiлiк еткен. Құрамында Шалабай Естектерi, Сiбiр Татары елдерi сарбаздары, Орта жүздiң Атығай, Қарауыл деген екi жасаң руының жiгiттерi бар Керей-Уақ жасағы қарт сардар Қожаберген жырау мен оның iнiсi Асқап ордабасының басшылығымен Шортанды мен Түмен арасындағы, Аманқарағай мен Үшбұлақ (қазiргi Омбi облысы мен Новосибирский облысының шектесектiң жерiндегi қоныс, ХIХ ғасырда осы ата мекенiнiң атымен аталған Үшбұлақ дуаны құрылған) аралығындағы орманды, көлдi, өзендi, қыратты қоныстарды жауға үстi-үстiне бас көтерместей, күйрете соққылар бере отырып, басқыншылардан 1745 жылдың жазының бас кезiнде толық тазартады. Сөйтiп, Керей-Уақ жұрты өздерiнiң ата мекендерiне қайта-дан көшiп барын орналасады. Оларға бұрын Ұлытау өңiрiн мекен-деген, 1724 жылы жазда қоныстарынан айырылған Атығай-Қа-рауыл руларыда iлесе көшедi. 1723 жылы жазда жоңғар қалмақ басқыншыларымен соғыста қырылып, артында ұрпақ қалмаған Керейдiң бес руының босап қалған жерiне Асқап ордабасының рұқсатымен Атығай-Қарауыл және Шалабай Естектерiнiң бiр топ елi көшiп барып қоныстаныпты.

Қожаберген мен оның iнiсi Асқап шора қоныстарын жаудан тазартқан соң, Керей-Уақтың билерi мен бектерiне, батырларына бұрынғыша төрт ауылға ортақ бiр медересе, бiр мешiт ашу туралы бұйрық бередi. Содан сол жарлық бойынша әрбiр төрт ауыл бiр медересе, бiр шағын мешiт ашу үшiн үйлер салуға кiрiседi, молдалар дайындау үшiн жас өспiрiмдер мен жас жiгiттердi арнаулы кiсiлерге ертiп, Бұхар хандығы қалаларына аттандырыпты. “Елiм-ай” жыр-дастанын Толыбайсыншыұлы жырау қолжазба арқылы елден-елге таратуды өз мирасхорларына өсиет етiптi. Баба өсиетiн орындауда жыраудың өз балалары мен немерелерi, шөберелерi және ақынның туған ағасы Қарабас тарханның ұрпақтары ерекше еңбек етiп, Толыбайсыншыұлы ғұламаның осы қолжазбаның 12-13 - беттерiнде аталған хисса-дастандарын, өлеңдерiн елден-елге қолжазбалар арқылы, әншiлер арқылы таратыпты.

Қожаберген жыраудың “Елiм-ай” эпопеялық жыры қазақ халқының сыртқы жауларға қарсы бағытталған жарты ғасырлық әрi әдiлеттi, әрi азаттық соғысын суреттеуге арналған маңызы кесек тарихи шығарма. Жырдың бiрiншi бөлiмi де, жыр мен аттас келетiн Толыбайсыншыұлы өнерпаздың “Елiм-ай” әнi мен “Елiм-ай” күйi де 1723 жылғы күзде болған орасан қырғынды ел басына келген ауыртпалықты көпке сол күйiнде жеткiзуге бағышталған. Сонымен қатар “Елiм-айдың” бiрiншi бөлiмiн жартылай өмiбаян-дық дастан десек, ешбiр қателеспеймiз. Өйткенi, осы жырда Қожа-берген сазгер өз өмiрiнен бiрталай мағылұмат берген.

Толыбайсыншыұлы жыраудың “Елiм-ай” дастаны - бiр нұсқа-лы жыр. Оның кейбiр сөздерi ауыздан-ауызға көше жүрiп, өзгерiс-ке ұшырағанына қарамай, әркiмдердiң қолында жүрген үзiндiлерiн сол дастанның өзге нұсқалары деп терiс түсiнуден аулақ болайық. Егер сол үзiндiлердi бөлек нұсқа деп керiсiнше ұғынып жүрген адамдар әркiмдердiң қолында жүрген үзiндiлердi жинап әкеп, “Елiм-ай” жырының бiрiншi бөлiмiнiң толық нұсқасымен салыстырса, олардың “Елiм-ай” дастанының бiрiншi бөлiмiнiң ел iшiн-де шашырап жүрген үзiндiлерi екенiн анық аңғарар едi. “Елiм-ай” жырын оқуға жұртшылық неге антық? Себебi:

Қо-жаберген шығарған “Елiм-ай” дастанының тарихи жағынан құн-дылығы өте зор! Қожаберген бабаның өмiр жолы да, оның тарихи шығармасы “Елiм-ай” да жастарды, жас өспiрiмдердi, жас бал-дырған шәкiртердi-отаншылдыққа, адалдыққа, бауырмалдыққа, турашылдыққа, әдiлдiкке, татулыққа, ұйымшылдыққа, көпшiлдiкке, жауынгерлiкке, достыққа тәрбиелеуге үндейдi.

Сонымен қатар, Толыбайсыншыұлы сардар “Елiм-ай” жырында 1723 жылғы үлкен апат тек өзiнiң туған халқы Қазаққа ғана емес, туысқан да көршi Ноғай, Қарақалпақ, Қырғыз, Шалабай Башқұрттары, Сiбiр Татары халықтарына да кенеттен келген зор iндет екенiн ашық та дәлелдi түрде баяндап өтедi. Әрине, бұл жағдайды екiнiң бiрi бiле бермеуi де мүмкiн.

Ақын “Елiм-ай” хиссасының бiрiншi бөлiмiнде тек қана соғыс-тарды баяндап қоймай, туған халқымыздың жер-суларының бұ-рынғы кездегi атауларын, тұрмыс-салтын, кәсiбiн, елдiң iшкi-сыртқы саяси жағдайларын, көршiлес мемлекеттермен қандай қарым-қатынаста болғанын, түрiк тектес елдердi, Сiбiр татарына жататын руларды, қалмақтың шыққан тегiн, оның түрiк халқына жатпайтынын, қалмаққа жататын тайпаларды дұрыс, айқын түрде көрсетiп берген. Мұның кейiнгi ұрпақтар үшiн маңызы аса зор екенiне ешбiр дау жоқ. Қожаберген ақынның “Елiм-ай” дастанын дұрыс та жоғары бағалаған көрнектi бiлгiр адамдардың бiрi - халқымызды әскери қайраткерi, бiлiмпаз да аса дарынды, қадырлы жазушысы, атақты батыры, есiмi әлемге әйгiлi Бауыржан Момышұлы атаң:

Керей Қожаберген жыраудай бұрынғы-соңды өмiр сүрген қазақ ақында-рының бiрде-бiреуi қазақ жұрты жерiнiң көлемiн, шекарасын айқындап берген емес. Ол кiсiнiң “Елiм-ай” жыры - әскери дастан! Жас бала кезiмде оны әншiлердiң аузынан талай рет естiп едiм. Шiркiн, сол әскери дастан қайда бар екен? - деген болатын бiрде. Ал, қазақ халқының аса көрнектi ғылым қайраткерлерiнiң бiрi, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов: атаң “Көшебе керей Қожаберген ақын Толыбайсыншыұлының “Елiм-ай” дастаны - тарихи эпопеялық жыр. Әрi сол “Елiм-ай” ерлiк хиссасының бiрiншi бөлiмi - 1723 жылғы “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған iрi апаттың суретiн ел көзiне елестеткен бiрден-бiр тарихи құжат!” - деп тұжырып едi. Осы мазмұндас ба-ғаны академик-жазушы Ғабит Мүсiрепов, академик Әлкей Мар-ғұлан, академик Ақай Нүсiпбеков, тарих ғылымының докторлары:

Бек Сүлейменов пен Төлтай Балақаев ағаларың да кезiнде шегелеп айтқан едi. Қожаберген жыраудың бiздiң кезеңге жеткен екi дастанының бiрi - “Елiм-ай” болса, екiншiсi - “Баба тiл”. Бұл дастанды қазақ ауыз әдебиетiндегi бiзге жазбаша түрде жеткен тұңғыш көне шы-ғармалардың бiрi емес, бiрегейi деу керек. Дастан мазмұнын екiге бөлуге болады. Бiрiншi бөлiмде жырау қазақ шежiресi туралы, қазақ халқының қалыптасуы, құрамы жайында өз пайымдауларын жазса, екiншi бөлiмде баба тiлi - қазақ тiлi туралы, қазақ тiлiнiң тарихы, жазба тiлiне және көне тiл, бай тiл екендiгiне, ғылыми талдау жасайды. “Баба тiлдi қастерлеу - Азамат ерге лайық”, - деп, туған тiлдi қадiрлеуге, құрметтеуге, жетiк бiлуге шақырады. “Елiм-ай” дастанынан және лирикалық өлеңдерiнен Қожабер-геннiң қол бастаған батыр, сардар, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, топ жарған ақын-жырау екенiн бiлсек, “Баба тiл” даста-нынан оны басқа қырынан шежiрешi, тiл блiмiнiң маманы, ғалым екенiн аңғарамыз.

“Баба тiл” дастанының мазмұны Әбiлғазы баһадұр хан (1603-1663 жж.) мен оның “Түрiк шежiресi” деген атақты да көлемдi ең-бегiн сынаудан басталады. Бұл еңбектi кезiнде хандардың хронологиялық тiзбесi ғана”, - деп, “Қазақ шежiресi деген еңбегiнде Шоқан Уәлиханов та, “Түрiк, қырғыз, қазақ һәм хандар шежiрешi” деген еңбегiнде Шәкерiм Құдайбердiұлы да сынаған болатын. Ал, олардан бұрын Толыбайсыншыұлы жырау былайша сынайды:
Бiле тұра ол сұлтан,

Еске алмапты Үш жүздi.

Соның үшiн, жарандар,

Айтпақ болдым бұл сөздi.

Айналайын, Үш жүзiм,

Әбiлғазыға налыма.

Шежiресi бар елiмнiң,

Қоймаспыз жатқа жалына.


Қожаберген жырау “Қазақ” және Үш жүз жеген ұғымдар бiр жұрттың екi атауы болып, бiрдей шыққан сөздер деген пiкiр айтады:
Қазақ деген атауға,

Iлескен Үш жүз есiмi.

Бiр жұрттың екi аты боп,

Тағдыры ерте шешiлдi.

Шыңғыс ханнан көп бұрын,

Қазақ пен Үш жүз бар атау.

Сөзiме нан, жәмиғат,

Болмасын көңiл еш жадау.


Сөйтiп, батыр-жырау “Қазақ” пен “Үш жүз” атауларының Шыңғыс ханға дейiн пайда болғанын үзiлдi-кесiлдi айтады. Сонымен қатар, “Баба тiл” дастаны ауыздан-ауызға көше жүрiп, оның сөздерi өзгерiске ұшырағанын байқадық. Мысалы:

Оны Керей, Жәнiбек дегеннiң орнына Әз Жәнiбек деген сөздiң қолданылуынан аңғарамыз. Шыңғыс хан жорығының алдында ғана халық боп қалыптаса бастаған қазаққа Хорезм мемлекетiнiң құрамында хандық болуы мүмкiндiгi туса да, Шыңғыс ханның шабуылына тап боп халық болу дәрежесiнен айырылып, Хандық та бола алмай, тоқырау кезеңi басталып, екi жарым ғасырдан кейiн қайта қалып-тасып, Керей, Жәнiбек хандардың тұсында қайта хандық болып, қазақша жазба қайта қалыптасқан екен.

Көлемi 325 шумақ “Баба тiл” дастанының бiзге жартысынан көбi жеттi. Алайда Жейхұндария, Сейхұндария, Едiл-Жайық өзен-дерiнiң бойларын, Кердерi, Атырау теңiздерi жағалаларын, Орал тауы мен оның батыс, шығысын, Батыс және Шығыс Сiбiр аймақ-тарын, Алтай тауын, Тәншан тауын мекендеген түрiк жұрттарында Х-ХI ғасырда, яғни Хорезм шахы Мұхаммедтен әлдеқайда бұрын сонау Алаша ханның тұсында Есiләм дiнiнiң толық орнығып, салтанат құрғанын, араб әрпiнiң негiзiнде Түрiк ғарпы пайда бо-лып қалыптасқанын баяндаған “Баба тiл” дастаны шумақтарының түсiп қалғаны, яғни естен ұмытылғаны кiмдi де болса, қынжылтарлық жайт.
Керей ханның кезiнен,

Екiншi рет таңба iске асқан.

Арабтың ғарпын кегiзге ап,

Қазақша жазу құрасқан.

Таза қазақ тiлiнде,

“Жетi жарғы” жазылған.

Әз Тәукедей ханымыз,

Жоқ едi елдi аздырған.


Өткенде дейiн Әз Тәуке,

Қолданды ел қазақ таңбасын.

Осы күнде сұлтандар,

Қолға алды Татар жазбасын.

Үш жүз жылдан аса уақыт

Қазақша жазды ел жазуын.

Сөйте тұра көрдiң бе,

Бектердiң бүгiн азуын,


- дейдi де “Сұлтандарға ермеңдер, қазақша жазуларыңды тастамаңдар”, - дейдi.

Дастанның бiр топ шумақтары баба тiлдi - ана тiлдi қадiрлеуге, құрметтеуге, пайдалануға, тазалығын сақтау туралы насихатқа арналған. Жыраудың бұл насихат сөздерiн өзiнен артық сөзбен жеткiзу қиын, сондықтан үзiндi келтiрейiк:


Баба тiлдi сақта деп,

Айтып тұрмын жалрыға.

Ақындардың жырларын

Салып көр деп талқыға.

Кезiң жеттi Үш жүзiм,

Ашатын анық көзiңдi.

Түрiктiң басқа ұлынан,

Кем санама өзiңдi.


* * *

Осы тiлдi жек көрген,

Дүниеден қалар құр.

Бағаласаң шынымен,

Баба тiлiң асыл - дұр.

Пайдалан қазақ сөзiңдi,

Жазғанда өз қалпында.

Туған тiлдi құрметте,

Кiр жұқтырмай салтыңа.
Бұдан әрi жырау қазақ тiлiнiң қалыптасу тарихына тоқталады. Қазiргi қазақ тiлiнiң байлығы бiр ғасырдың ғана жемiсi емес, мың жылдан артық уақыттың жемiсi дей келе, түрiк тектес халықтар тiлдерiнiң iшiндегi ең сөзге бай, дамыған тiл дейдi. Ақынның бұған дәлелi: тiлiмiздiң оралымдылығын, бiрнеше мағына беретiн сөдерiң көптiгi және көптеген сөздердiң бiр мәнде келетiнi яғни қазіргіше айтқанда, синонимдiк қатардың көптiгi.

“Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi бар”, - дегендей, қорыта келгенде, Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлының Қазақ тарихынан да, Қазақ әдебиетi тарихынан да өз орнын алатын уақыты жеттi.

“Иә, өлмейтiн жан жоқ. Абай баба айтқан “Өлдi деуге болама, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған”, - дегендей, қазақ халқының үш ғасырлық жүрек жарды жыры “Елiм-айдың” авторы Қожаберген жырау өз халқымен мәңгi бiрге жасайды. Қожаберген есiмi Әз Тәуке хан, Абылай хан, Әбiлхайыр хан, Бұқар жырау, Әйтеке би, Төле би, Қызыбек би сияқты ұлтымыз-дың ұлыларының қатарында Отан тарихында хатталады”. (М.Қ. Қозыбаев, ұлттық ғылым академиясының Академигi, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы тарих және этнология институтының директоры. Дауылпаз баба - Қожаберген (Қожа-бергентану проблемалары хақында)).
ШАЙМҰРАТ СМАҒҰЛОВ, экономика ғылыдарының докторы, Солтүстiк Қазақстан университетiнiң профессоры. Россия академиясының корреспондент мүшесi.

ҚАРАТАЙ БИҒОЖАҰЛЫ, Ауыз әдебиетiн зерттеушi.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет