2.1.1 Кейбір жылқы атауларының этимологиялық табиғаты. Жұмыста Ә.Қайдаров, С.Исаев, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Р.Сыздықова, А.Салқынбай, С.Шүкірұлы сынды ғалымдардың ой-пікірлері басшылыққа алынды. Жылқының жиі қолданылатын атаулары ат, айғыр, құлын, тай, жұнт, жылқы, жорға, сәйгүлік, жүйрік, ту бие, шал құйрық, ереуіл ат т.б. сөздерінің шығу тегі жөніндегі ғалымдардың пайымдауы берілді.
2.2 Жылқы малына қатысты атаулардың рухани мәдениеттегі орны.
Қазақта нәресте дүниеге келгенде ұл баланың кіндігін “ат құлағында ойнасын” деген тілекпен, аттың жалына байлап қоятын дағды бар. Баланы бесікке саларда “Тақымынан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз болсын” деген тілек айтады. Бала ес біліп, етек жия бастаған кезінен-ақ нағашылары жиендерін баулып, үйірлі жылқының ішінен таңдап жүріп, тай мінгізеді. Ол жиеннің бәсіресі, бәсіре тай немесе “жиенқұрық” деп аталады. Көшпенділердің өмірінде жылқыға байланысты сан қилы қуаныштар кездесіп, оған ел-жұртын ортақтастырып жатады. Атап айтсақ, атқа (ашамайға) мінгізу тойы, ашамайдан шығып үзеңгілі ерге міну, жайдақ тайға міну, бәйгеде тайға, құнанға, атқа мініп шабу, тоқымқағар, сайысқа түсу, асау үйрету. Бұл дәстүрлер баланы азамат болып, атқа мініп, ел қорғауға қамдандыру мақсатын көздейді. Бұлардан басқа биебайлар (қымызмұрындық), сіргежияр (сіргемөлдіретер) сияқты салт-дәстүрлер халқымызда көптеп саналады.
Қазақ біреуге ат мінгізгенде я сатқанда, ноқта-жүген бермейді. Малдың құты, бағы басында, жылқының басына пайдаланған ноқта мен жүгенде де құттың демі бар, бұлар атпен қоса берілсе – үйдің байлығы, бағы еріп кетеді деп ырымдалады. Үйірлі жылқысынан мал бергенде сол жылқының жалынан бір тал қылды жұлып алып, ырыс бірге кетпесін деп қылға оның сілекейін жағып, қалтаға салып сақтап қояды. Бұл – “сілекей сірне” деп аталады.
Қазақтар жылқыны ұрып-соғу былай тұрсын, киесі атады деп, желіден, жылқышы ұстайтын құрықтан, бақанның үстінен аттап өтпейді. “Бақан аттаған байымайды, балта аттаған жарымайды” деген сенім бар. Сүрінген атты да ұрмайды. Сайтан аттың көзін басып тұрса, қашып кетсін деп, көзін оң қолымен сүртіп, тазалайды. Жолаушы келе жатып, атының сауырынан ұрмайды. Жапанда жалғыз келе жатқан жолаушыны қолдап, жебейтін Қызыр пайғамбар аттың сауырында отырады деп жорылады.
Сондай-ақ, халқымыз түске сенгіш. Жақсы түс көрсе балаша қуанып, жаман түс көрсе, мән бермеуге тырысса да, көрген түсін жоруға шебер-ақ! Түсіңде ақ боз ат көрсең, ісің оңалады, қара ат көрсең сәтсіздікке ұрынасың, жылқы сатып алып жүрсең, жаңа хабар аласың, жылқы мініп жүрсең, қуаныш деп жориды. Шығармада Бұқар жырау Абылай ханның түсін былайша жориды: Жалынқұйрыққа мінгенің – хан тағына мінгенің [5,182 б.]. Жалынқұйрық – Абылай ханның жорыққа мінетін аты.
Қазақ халқы біреуге алғысын білдіруде де алдына жан салмайды. Мысалы, Жайлауың байсалды болсын, Айғырың байталды болсын! Атыңның басы ойнақты болсын, қораңның іші торпақты болсын! Құлынды желіге алғаш байларда Желі тартарың көбейсін! – дейді. Қарғыс мәнді фразалар да кездесіп қалады: Атың арып, тулақ болсын, ерің арып, аруақ болсын! Ат қадірін білмесең, Жаяушылық берсін сазаңды!
Көшпенді халықтың өмірінде жылқының маңызы зор болғандықтан, жылқыға байланысты салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдары өте көп. Олар шығармадан да орын алған. Рухани мәдениетіміздің қайталанбас, қайтып келмес асылы жылқы бағу дәстүрі сипатталады [3,231 б.].
2.3 Романдағы жылқыға қатысты халықтық өлшем атаулары. Халықтық өлшем атаулары халықтың күнделікті өмірімен, күн көрісімен, шаруашылығымен байланысты пайда болады. Олардың көпшілігі көшпенді халық үшін зор маңызы бар – жылқы шаруашылығымен байланысты.
Жылқыға қатысты уақыт өлшемдері: бие байлар кезде, биенің бас сауымында, бие ағытарда, бие сауым уақыт. Шығармада автор бие сауымы өлшемін асқан шеберлікпен, сан құбылта пайдаланады.
Жылқының дене мүшелері қатысқан өлшем бірліктері де баршылық. Мысалы, қазақтар ертеде қыстыңгүні жауған қардың қалыңдығын: шашадан қар кешу, аттың қара тұяғынан келу, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан, аттың қабырғалығынан келу (биіктік, қалыңдық өлшемі) деген сөз орамдарымен жеткізсе, су тереңдігін ат бойымен өлшеген. Мәселен, аттың шашасынан, толарсақтан, тілерсектен, үзеңгіден, қабырғалықтан, ат кекілінен (құлағынан, бауырынан, бойынан) асады (келеді) деп мөлшерлеген. Шығармада автор шаштың ұзындығын: Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр, - деп суреттейді [5,42 б.]. Шөптің биіктігі былайша бейнеленеді: Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана: - Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, - деді Ожар [5,16 б.]. Бір шеті мен бір шеті ат шаптырым күміс толқынды Ақкөлдің кең алқап жазира даласы ат бауырынан келген көк шалғынға бөленген [3,46 б.]. Ал құмның көлемін төмендегі сөйлеммен береді: Бұрынғы тақыр дала енді аттың шашасына дейін көмілген құмға айналып, жайылысқа үйренген жүйріктер жүдеп-жадап, сегізінші күн дегенде Сырдың теріскей тұсына Ақмешіттен бір күндік жерге кеп тоқтады [3,356 б.].
Қашықтық өлшемінің атаулары: ат тұяғы жетер жер, ат (құнан, тай) шаптырым жер, ат жетер (ат жетпес) жер, бие бауындай жер, бие сауым жер, желі (тұсау, құрық) бойы. Дарияның сол жағында ат шаптырымдай жерде Ақсақ Темір уақытында салынған Қаңғыт руының дихасы – Маңғыт, одан әрі бір күндік жерде Үргеніш шаһары жатқан [3,153 б.]. Шығармада жазушы ат жетер жер, ат тұяғы жетер жер өлшемдерін түрлендіріп, былайша қолданады: Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп қорқасың ба? [3,204 б.]. Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен [3,317 б.].
Қазақ халқының бұрынғы өмір тұрмысында затты салмақпен өлшемеген, көбіне затты көлеміне қарап ажыратқан. Өлшем әр заттың ерекшелігіне қарай әр қилы қалыптасқан [11,137 б.]. Салмақ, көлем өлшемінің атауларына ат төбеліндей, бес биенің сабасындай, ат басындай т.б. жатады. Жылқының көлемін мына сөздермен өлшеген: бір үйір, бір қос (жылқы), бір желі (құлын), бас-аяғына оқ шырқаса жетпейтін (желі). Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады [3,592 б.]. Бұл атаулар қайталама қос сөздер құрамында келсе, көптік ұғым пайда болады. Мысалы, үйір-үйір, қос-қос жылқы, желі-желі құлын. Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды [3,21 б.]. Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды [3,472 б.].
Қорыта келгенде, жылқыға қатысты халықтық өлшем атаулары – қазақ тілінің сөздік қорында өзіндік орны бар тілдік қазына. Ата-бабаларымыздың негізгі кәсібі – жылқы шаруашылығы негізінде қалыптасып, халық жадында сақталған атаулар тіл тарихы мен халық мәдениетінің сырларын танытады. Қаламгер шығармада осы халықтық қолданыстарды барынша көрсете білген.
2.4 Жылқы атауымен байланысты фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық мәні. Қазақ халқының сан ғасырлық өмір тарихы, қиын да күрделі тағдыры, аса бай мәдени мұралары тұтастай фразеологиялық қордан көрініс тапқан. Тұрақты сөз тіркестерінің көпшілігіне төрт түлік мал, соның ішінде жылқы атаулары ұйытқы болған.
Тілдік қолданыста ат сөзінің қолданылу жиілігі жоғары болғандықтан ат сөзі ұйытқы болған тіркестер де өте көп. Шығармадағы ат лексемасына байланысты фразеологизмдер екі топқа бөлініп қарастырылды: тек жылқыға қатысты қолданылатын және адамға қатысты қолданылатын фразеологизмдер.
Тек жылқыға қатысты қолданылатын фразеологизмдер жылқыны бағуға, баптауға, бәйге аттарының дене мүшелерін, сынын, бабын сипаттауға байланысты пайда болған. Мәселен, ат жемді көп жегендіктен, т.б. себептен аяғы ақсап қалады. Мұны атқа жем түсті/аяғына жем түсті дейді. ...Рабиу-Сұлтан-Бегім: - үш күрең бәйгеден келсе бірге келеді, қалса бірге қалады... Бірақ бұ жолы бәйгеге салудың реті қалай болар екен, ортаншысының аяғына жем түсіп, ақсап жүр [3,85 б.]. Жылқыны жанындай көріп, қастерлеген қазақ жол жүргенде зорықтырмай, аттан түсіп, біраз шөп жегізіп, әлдендіріп, тынықтырып, аялдататын болған. Мұны – ат шалдыру дейді. Ұлытаудан бері асып, күнгей беттегі тал түбекті құла су Жанғабыл өзенінің бойындағы “Орда тіккен” деп аталатын, бір кезде Жошы аулы қонған жерде ат шалдырып жатқандарында, қасында он жасауылы бар, Көксеңгірін ойнақтатып Қобыланды батыр үстеріне сау ете қалған [3,99 б.].
Тек жылқыға қатысты қолданылатын фразеологизмдер көлемі адамға қатысты қолданылатын тіркестерден әлдеқайда аз. Ал ат лексемасына байланысты пайда болып, алғашында тура мағынаны білдіріп, мағына дамуының барысында адамның мінез-құлқын, түрлі әрекеттерін білдіру қызметіне ауысқан фразеологизмдер өте көп. Шығармада да жиі қолданылады. Мәселен, ат басын бұрды тіркесі бір жаққа қарай бағыт алды, беттеді деген мағынаны береді. Жазушы қолданысында автор мақсатына сай кейде арасына сөз қосылып, кейде етістіктің формасы өзгертіліп беріледі. Ат басы Абылай сұлтанның аулына қарай бұрылысымен-ақ, бұған жолай төре тұқымынан қиянат көрген басқа рудың кедей топтары да қосыла берген [3,492 б.]. Ана екеуі оған жауап қайтармаған, үн-түнсіз аттарының басын бұрып, келе жатқан адамдарға қарсы аяңдаған [3,23 б.].
Фразеологизмдер – ойды бейнелеп жеткізудің таптырмас құралы. Мысалы, тынықты, сергіп қалды деудің орнына құр атқа мінгендей болды деген, асығыста, жөпелдемеде деп жай айта салмай, аттың жалы, түйенің қомында деген әлдеқайда әсерлірек шығады. Ал ат құйрығына байланды фразеологизмі атқа сүйретті, жазалады, қорлады деген мағынаны береді. Шығармада қолданылу жиілігі жоғары. Өйткені көшпенділер өмірінде бұл жазаға адамдар жиі тартылған. Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге көнбейтін кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де барған жоқ па [3,227 б.]. Ат қойды тіркесі де жиі қолданысқа түседі. Бұл тіркес тура мағынасында тұра шапты, шаба жөнелді дегенді білдірсе, бапкерлер тілінде баптап жүрген жүйрікті жайлап келдім деген мағынасы бар. Шығармада тұра шапты деген мәнде жұмсалады. Сөйткенше болған жоқ, жыралы ойпаттан екі жүз әскер жүйріктерін ойната шығып “Табын! Табын!", “Тіленші! Тіленші!" деп ұрандай ат қойды [5,48 б.].
Ал жалпы жылқыға байланысты фразеологизмдерге келсек, тек жылқыға қатысты қолданылатын тұрақты сөз тіркестері жылқының дене бітімін, жасын, жынысын, мінезін, бабын, сынын, түсін түрлі қасиеттерін білдіреді. Қазақ қоңды, сауыры тұтас жылқы туралы сөз еткенде жаңбырлығы жабық тіркесін қолданады. Таңдаулы саңлақ, сайысқа сай тұлпарды жау басар жүйрік дейді. Ер азаматтары жау басар жүйріктерінің ер-тоқымын алмай түнде қос маңайында оттатып отыр [5,28 б.].
Жылқы атаулары ұйытқы болған фразеологизмдер жылқы туралы болғанмен, олар адамның іс-әрекеттерін, мінез-құлқын, жағымды-жағымсыз қасиеттерін сипаттайды. Мысалы, Мұндай жағдайда, Иран ханы Смайылдың да бас көтеріп, Ақсақ Темір балаларының тізгінін үзіп кетпек боп тұрған кезде, ел билігін мықты ұстау қажет [3,190 б.] деген сөйлемдегі тізгінін үзіп кетпек фразеологизмі бөлініп кетпек, азаттық алмақ деген мағынаны берсе, - Әбілқайыр ханның кезінде Үйсіннің аты қуғанына жете алмайтын арық еді, енді хан Жәнібектің тұсында жал бітейін дегені ғой [3,206 б.] деген сөйлемдегі жал бітейін дегені ғой тіркесі Үйсіндердің жағдайы жақсарған екен деген мағынаны береді.
Қазақ тілінде жылқыға қатысты мақал-мәтелдер өте көп. Шығармада да кездеседі: Андыз барда ат өлмес, қолымызда күш тұрғанда бізге бос жатуға болмайды [3,238 б.]. Ат қазығынан кетпейді, саған да өз үйіріңнен кетпе дейміз [3,111 б.]. Соңғы мақал ауыспалы мәнде, қазақтың жаужүрек батыры Қобыландыға қаратып айтылып тұр. Мұндағы үйір сөзі ауыспалы мәнде. Шығармада үйір лексемасына қатысты мынадай мақал бар: - Жақсы. Ал өз бауырларыңа қарсы садақ безеген ана екі ағаңды қайтеміз? - Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң... [3,564 б.]. Мұнда да үйір сөзі ауыспалы мағынада қолданылып тұр.
Шығармада байталға қатысты мақалды жазушы Чжао Хой әскерін сипаттауда қолданады: Қазақ қолдарын қумақ түгіл, “байтал түгіл бас қайғының” кебіне ұшырап, көтерілісті басу үшін, Чжао Хой әскері кейін шегінген [3,545 б.]. Құрамында жүйрік сөзі бар төмендегідей мақал-мәтелдер ауыспалы мәнде пайдаланылады: Жүйрік ат шаппаса да қырындайды деген [5,223 б.]. - Иә, жоққа жүйрік жете ме, - деп шал ауыр күрсінді... [5,232 б.].
Жылқының түр-түсіне байланысты мақал-мәтелдер де кездеседі. Қаламгер шығармада төмендегі мақалды адамның бәрі бірдей емес деген мағынада бірнеше рет қолданады: Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмыртқа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары [5,83 б.].
ҚОРЫТЫНДЫ
Жұмыста І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атаулары тілдік және этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырылып, төмендегідей мәселелер айқындалды:
- тарихи трилогияда жылқы атауларының мол қамтылуы, біріншіден, оның жанрымен байланысты болса, екіншіден, қазақ тілінің сөздік қорында жылқы атауларының өзіндік орны, үлес салмағы бар екендігін көрсетеді;
- І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи романындағы жылқыға қатысты этномәдени лексиканың молдығы қаламгердің тілдік тұлғасына тән ой-танымының, қайталанбас даралығының көрінісі;
- романдағы жылқыға байланысты тіл деректері, этномәдени лексика қазақ халқының сан ғасырлық тарихи-мәдени өмір-тәжірибесінен хабардар етеді әрі шығарманың танымдық маңызын арттыруға ықпал жасайды;
- аталмыш шығармада киелі жылқы түлігіне байланысты салт-дәстүрлердегі, табу мен эвфемизмдердегі, жылқыға қатысты халықтық өлшем атауларындағы ұлттың дүниетанымының жүйесі айшықты сипатталған;
- қазақ халқының жылқыға қатысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері жүйесін зерттеу көшпенділердің рухани және материалдық мәдениетін сараптап, зерделеуге, осы арқылы көшпенділердің дүниетанымдық бітімін айқындауға мүмкіндік туғызады;
- жылқының түр-түсіне байланысты сөздер сөздік қордағы ең байырғы, көне сөздер қатарынан саналады. Жылқының түр-түсіне қатысты атаулардың заттану процесіне бейім келетіндігі, сонымен қатар олардың тек жылқыны түстеп тану үшін емес, мінез-құлықтарын, сын-сипатын, жасын, түрлі қасиеттерін анықтауда маңызды екендігі анықталды;
- тіліміздегі аттың сынын білдіретін, тұлғасын, бабын сипаттайтын сөз тіркестері қазақ халқының сан ғасырлық өмір тәжірибесінің, ұжымдық танымның нәтижесінде пайда болған, олар тек қазақ халқына ғана тән ерекшеліктер, сонымен қатар олар тілдің кумулятивтік қызметінің нәтижесінде атадан балаға мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді;
- тек жылқыға қатысты қолданылатын фразеологизмдер жылқының дене мүшелерінің атауларын, мінезін, бабын, күйін т.б. қасиеттерін сипаттаса, адамға қатысты ауыспалы мәнде қолданылатын фразеологизмдер адамның жағымды-жағымсыз мінез-құлықтарын бейнелейді;
- жылқы атаулары сөзжасамында біріктіру, қосарлау, тіркестіру тәсілдері белсенді қызмет атқарады. Жылқы атаулары сөзжасамындағы ең өнімді тәсіл – аналитикалық тәсіл екендігі анықталды;
- шығармадағы жылқыға қатысты теңеулер – қазақ халқының дүниетанымының, ұлттық ерекшеліктерінің, көркем ойлау мәнерінің көрсеткіші.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. –Москва: Прогресс, 1984. -398-с.
2 Оразов М. Семантика казахского глагола. Дисс.докт.фил.наук. 10.02.06. –Алматы, 1983. -415-б.
3 Есенберлин І. Көшпенділер. Тарихи трилогия. –Алматы: Жазушы, 1986. Он томдық шығармалар жинағы. 6 том. 1 - 2 кітап. -600-б.
4 Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. –Алматы: Ғылым, 1969, -172-б.
5 Есенберлин І. Көшпенділер. Тарихи трилогия. –Алматы: Жазушы, 1986. Он томдық шығармалар жинағы. 7 том. 3 кітап. -328-б.
6 Қайдаров Ә., Ахтамбердиева З., Өмірбеков Б. Түр-түстердің тілдегі көрінісі. –Алматы: Ана тілі, 1992. -160-б.
7 Шота Қ.Н. Дыбыстық еліктеуіш етістіктердің этнолингвистикалық негіздері. Фил.ғыл.канд.дисс. 10.02.02. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 2004. – 166-б.
8 Қаирбаева Қ.Т. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні. Фил.ғыл.канд.дисс.автореф. 10.02.20. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 1997. -30-б.
9 Тоқтабай А., Сейтқұлова Ж. Төрт түліктің қасиеті. –Алматы, 2005. -192-б.
10 Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. – Алматы: Мектеп, 1978. – 192-б.
11 Болғанбаев Ә. Өлшем ұғымын білдіретін сөздер мен сөз тіркестері // Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасау тәжірибелері. –Алматы: Ғылым, 1989. -176-б.
Диссертацияның мазмұны төмендегі басылымдарда жарияланды:
1 Студенттердің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырудағы арнайы курстың орны // “Жоғары кәсіби білім: оқытудың тиімді стратегиялары трансфері” атты республикалық ғылыми-практикалық конферецияның материалдары. -Семей, 2002. -223-226-б.
2 “Ат” лексемасына байланысты тұрақты сөз тіркестері // Современные проблемы филологии /сборник научных трудов/. – Өскемен: ШҚМУ баспасы, 2002. –12-18-б.
3 Абайдың “Аттың сыны” өлеңіндегі жылқы малына байланысты сөз орамдары // “Абай шығармашылығының әлеуметтік-философиялық, ұждандық және саяси әлеуеті мен қазіргі заман” атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. -Өскемен, 2002. – 160-164-б.
4 Жылқы малына байланысты өлшем атаулары // Тілтаным, 2002. -№3. -111-113-б.
5 Жылқы малына байланысты сөздер мен сөз тіркестерінің тақырыптық топтары // Тілтаным. 2002. -№4. -108-115-б.
6 Этномәдени лексиканы қолдану арқылы болашақ мамандардың коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру // Управление университетским образованием: проблемы и перспективы”. Материалы междунар.науч.-практ.конф. –Усть-Каменогорск, 2002. -66-70-б.
7 Жылқы малына байланысты мақал-мәтелдердің семантика-грамматикалық құрылысы // “Қазақстандағы мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы мен даму болашағы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. -Өскемен, 2003. -95-99-б. (А.Ш.Жылқыбаевамен қосалқы авторлықта).
8 Жылқы малына байланысты синтетикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер // “С.Аманжолов оқулары-2004” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. -Өскемен, 2004. -26-29-б.
9 Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған жылқы малына байланысты сөздер // Ізденіс. -2004. -№4. -101-104-б.
10 Жылқы малына байланысты пайда болған ырым-тыйымдардың этнолингвистикалық сипаты // “С.Аманжолов оқулары-2005” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. -Өскемен, 2005. -174-179-б.
11 Жылқы малына байланысты фразалық единицалардың жасалу жолдары // Ізеніс. -2005. -№3 (2). -90-96-б.
12 Жылқының дене мүшелерінің атаулары, сыны және бәйге аттың бабы // Ұлт тағылымы. -2005. -№1. -214-218-б.
13 Жылқы малына байланысты лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер // Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің хабаршысы. Филология хабаршысы. -2006. -№2 (92). -17-19-б.
14 Жылқы малына байланысты тілдік единицаларды “ғаламның тілдік бейнесі” теориясы тұрғысынан зерттеу // “Орта Азия және Қазақстан: Түркі өркениетінің бастауы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. –Тараз, 2006. -131-134-б.
15 Жылқы малының түсіне байланысты жалаң атаулар табиғаты // “Мемлекеттік тілдің ахуалы, проблемалары және оны шешу жолдары” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. -Өскемен, -2006. – 228-238-б.
16 І.Есенберлиннің шығармаларындағы жылқының түр-түсіне қатысты лексика (“Көшпенділер” тарихи трилогиясы бойынша) // Ұлт тағылымы. -2007. -№4. -324-329-б.
17 І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқыға қатысты кәсіби лексика // ҚР ҰҒА Хабарлары. Филология сериясы. -2007. -№6. -72-76-б.
18 І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқыға қатысты теңеулердің лексика-семантикалық топтары // ҚР ҰҒА Хабарлары. Филология сериясы. -2008. -№1. 45-48-б.
Резюме
Амангелди Айнур Амангелдикызы
Этнолингвистическое значение наименований лошадей в романе И.Есенберлина "Кочевники"
10.02.02 - казахский язык
Актуальность исследования. В связи с приобретением нашей страной независимости и изменением статуса казахского языка в обществе стали расширяться горизонты исторического сознания и национального познания, что обусловливает необходимость переоценки значения национального духовно-культурного наследия. Национальный дух и издревле складывающаяся система миропознания любого этноса находит свое отражение в первую очередь в его языке.
Особые слова в языке, значение которых в прошлом было обусловлено особенностями самобытной культуры и традиций этноса, сегодня выполняют еще и информативную функцию языковых знаков, заключающих в себе культурно-исторические сведения. Необходимость всестороннего исследования таких языковых знаков обусловило тот факт, что в последнее время в казахском языкознании активно и плодотворно развиваются такие направления, как лингвокультурология, когнитивная лингвистика и др. В поле интересов данных научных отраслей лежит исследование наименований четырех видов домашнего скота (верблюдов, лошадей, коров и овец или коз), занимающих важное место не только в традиционном хозяйстве, но и в материальной и духовной культуре нашего народа. Знаковый смысл этих наименований и, прежде всего, наименований лошадей, обусловлен прямой зависимостью жизни, благосостояния и экономических перспектив людей в прошлом от наличия и количества этих домашних животных.
В общественно-социальной жизни казахского народа лошадь имела очень большое значение. Лошадь для казахов была не только средством передвижения, но и формой и условием жизни и деятельности. Поэтому в казахском языке встречается много слов, словосочетаний, фразеологизмов, пословиц и поговорок, связанных с лошадьми. Сбор, систематизация и научный анализ данных языковых единиц позволяет раскрыть и понять новые грани словарного богатства родного языка.
В исторической трилогии И.Есенберлина, представляющей собой эпопею жизни казахского народа на протяжении пяти веков, единицы языка, значение которых имеет отношение к лошадям, занимают особое место. Этнолингвистический анализ наименований лошадей в тексте данного произведения, благодаря которому весь мир узнал историческую правду о жизни казахских кочевников и создании казахской государственности, раскрывает возможность, с одной стороны, в ярком свете представить национальное бытие и познание, национальный дух и менталитет, с другой – познакомиться с языковой личностью писателя. Кроме того, это способствует воссозданию на основе наименований лошадей национальной языковой картины мира и распознанию идиостиля автора. Вышесказанное обусловливает актуальность избранной темы.
Объектом исследования является изучение наименований лошадей в трилогии И.Есенберлина «Кочевники» в этнокультурном аспекте.
Достарыңызбен бөлісу: |