«Болашақ» университеті
Реферат
Тақырыбы: Қазіргі қазақ балалар драматургиясы
Группа: ПМНО-22/2
Орындаған: Абдіғаниева М.Е
Қызылорда, 2022
Жоспар
Кіріспе
1 Ұлттық драматургияның қалыптасу тарихы
1.1Қазақ драматургиясының жанрлық толысуы мен зерттелу
2 Қазақ балалар драмасының туу, даму жолдары
2.1 Балалар драматургиясының алғашқы бастаулары
2.2 Қазақ балалар драмасының шағын түрлері
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Қазақ балалар драматургиясының бастау көздерін іздегенде қазақ ауыз әдебиеті үлгілеріне тірелеміз. Балаларға арналған сұрамақ, қаламақ, айтыс ойындар, мақал-мәтелдер, ертегілер мен аңыз әңгімелердің қазіргі қазақ балалар драматургиясының тууы мен қалыптасуына ықпал етті деуге негіз бар. Жаңа үрдіс бір күнде тумайды, ол ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрмен және ұрпақтан ұрпаққа берілетін рухани игіліктің негізінде дамиды. Ұлттық әдебиетіміздің рухани уызы – ауыз әдебиеті балалар драматургиясының да бастау көзі екені белгілі.
Балалар драматургиясы қазақ әдебиеттану ғылымында аз зерттелген. Балаларға арналған драмалық шығармалардың зертеуші ғалымдардың назарынан тыс қалуы балалар драматургиясының кенжелеп дамуымен байланысты деуге де болады. Әйтсе де, қазақ балалар әдебиетіне қазақ балалар драматургиясына арналған бірен-саран зерттеулер мерзімді баспасөз беттерінен орын алды. Ең алдымен балалар әдебиетіне көңіл бөліп, балалар әдебиеті мәселесіне мақала арнаған І.Жансүгіров болды. Осы орайда балаларға арналған алғашқы пьесаның («Мектеп» пьесасы) авторы да І.Жансүгіров екенін еске алған орынды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Балалар драмасын зерттеуде орыс әдебиеттану ғылымында бірқатар маңызды еңбектер жазылды. Бұл ретте ең алдымен: В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, М.Горький, К.Чуковскийдің т.б. балалар әдебиетіне арналған еңбектерін атаған жөн .
Қазақ балалар әдебиетінің зерттелу тарихына көз салсақ, белгілі ақын, жазушы, ғалымдар: І.Жансүгіров, Ш.Ахметов, С.Қирабаев, Ә.Тәжібаев, А.Нұрқатов, Б.Ыбырайым, Қ.Ергөбеков, т.б. еңбектері де назар аударарлық. Тікелей қазақ балалар драмасына арналмаса да жалпы қазақ драмасы туралы зерттеулер: М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиев, Р.Рүстембекова, М.Дүйсенов, С.Ордалиев еңбектері бұл салаға бастау боларлық, бағыт боларлық үлгілер.
Ал, қазақ балалар драматургиясы жөнінде арнайы монографиялық зерттеулер жазыла қоймаса да, әр кезде, әр дәрежеде жекелеген ізденістер, пікір айтулар баршылық. Ерекше атап өтерлік мәселе, қазақ балалар драматургиясы туралы 2003 жылы зерттеуші А. Ақтанова «Қазіргі қазақ балалар драматургиясы» [5] деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.
Балаларға арналған драмалық шығармалар оқулықтар мен хрестоматияға арнайы түрде кіргізілмесе де мектеп, балабақшаларда ертеңгіліктер мен мерекелерде жас жеткіншектерге жол тауып жатты. Әсіресе, балаларға арналған «Ұлан» («Қазақстан пионері»), «Ақ желкен» («Пионер»), «Балдырған» сияқты газет-журналдар арқылы шағын пьесалар, мерекелік қойылымдар балаларға жетіп отырды. Балаларға арналған пьесалардың арнайы жинақ болып шығуы да балалар драматургиясының дамып, қалыптасуына өз үлесін тигізді. Алғашқы балалар жинағының бірі ретінде 1959 жылы жарық көрген Б.Ысқақовтың «Кішкене театр» кітабын атауға болады. Зерттеуші Ш.Ахметов өз еңбегінде қаламгер шығармашылығына былайша баға береді: «Б.Ысқақов – қазақ балалар драматургиясын жасауға және оны дамытуға ат салысып келе жатқан қаламгерлердің бірі. Оның мектеп сахнасына арналған «Екі оқушы», «Түймедейден түйедей», «Ағалық ақыл», «Жаңа жыл кешінде», «Бейбітшілік жеңеді» атты пьесалары мен инсценировкалары «Пионер» журналы мен «Қазақстан пионері» газеттерінде жарық көрді. Ал 1959 жылы оның мектеп сахнасына арналған пьесалары «Кішкене театр» деген атпен өз алдына жеке кітап болып шықты. Автордың бұл пьесаларының қайсысы болса да қызықты сюжет, тартымды оқиғаларға құрылған. Оларда балалар бойында зеректік, тәртіптілік, еңбек сүйгіштік, адалдық, адамгершілік, ұйымшылдық сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі, ал кейбір балалардың бойында кездесетін тентектік, өтірікшілік, жалқаулық, дөрекілік, мақтаншақтық сияқты жағымсыз қылықтар әшкереленеді» . Ш.Ахметовтың аталған еңбегі балалар әдебиетіне арналған алғашқы зерттеу еңбек болуымен ерекше.
ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ДРАМАСЫНЫҢ ТУУ, ДАМУ ЖОЛДАРЫ
Қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір саласы – қазақ балалар драматургиясы. Қазақ әдебиеті ғылымында аз зерттелген сала қазақ балалар әдебиеті екені белгілі. Ал, сол аз қарастырылған ішінде мүлде назар аударылмай келген бір сала бар. Ол – қазіргі қазақ
балалар драматургиясы. Қазақ әдебиетінің: эпос, лирика салаларына қарағанда драма,
оның ішінде балалар драмасының кенжелеп тууы да бұл сала зерттелуінің кешеңдеп қалуына әсер етті. Қазақ драматургиясының алғашқы қадамын 1914 жылы Семей қаласында Абайға арналған кеште қойылған «Біржан мен Сара» айтысының инсценировкасы дер едік. 1917 жылы Семей облысында Әйгерім үйінде қойылған
М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қазақ драматургиясының басы деуге негіз болады.
Қазақ балалар драматургиясының тууын, қалыптасуын зерттеуші Ш.Ахметов 1946 жылы қазақ балалар театры ашылып, сонда алғаш қойылған М.Ақынжановтың «Алтын сақа» пьесасын қазақ балалар драмасының басы ретінде таниды. Расында да, балаларға арналған драмалық шығармалардың көбейе түсуі балалар театрының ашылуымен тығыз байланысты еді. Әйтсе де бұған дейін І.Жансүгіровтің 1934 жылы балаларға арнап жазған «Мектеп» атты пьесасының болғанын ұмытпау керек. І.Жансүгіровтің «Мектеп»
пьесасы балаларды оқуға, білімге шақыру тақырыбына арналған. Балалар өмірін бейнелеген шығармаларды саралау үшін алдымен сол туындыларды баланың жас ерекшелігіне байланысты жіктеген жөн дегіміз келеді. М.Горький өзінің “Балалар әдебиеті
туралы” мақаласында белгілі ортаға арналмаған «адрессіз» шығармалардың үлкенге де, балаға да қажетсіз болып қалатыны туралы айтқан. Демек, балаларға арналған драмалық шығармаларды олардың жас ерекшелігіне байланысты жіктеп, саралау қажет. Қазақ халқы баланың өсу, есею сәттерін сатылап бөліп, оның әр қайсысын өзінше атаған.
Бұл жіктеу баланың жас ерекшелігімен сәйкес: нәресте, сәби, бөбек, бүлдіршін, ұлан, жеткіншек, жасөспірім деп аталған. Ал, қазіргі кезде балалар әдебиетін мектептегі сыныпқа бөлуді басшылыққа алып: 1) мектеп жасына дейінгі әдебиет; 2) бастауыш
сыныптарға арналған әдебиет; 3) орта сыныптарға арналған; 4)жоғарғы сыныптарға арналған туындылар деп жіктеу орын алған.
Осы жіктеулерді басшылыққа ала отырып қазақ балалар драматургиясын-дағы шығармаларды екі үлкен топқа бөлдік:
1) бүлдіршіндерге арналған драмалық шығармалар,
2) мектеп оқушыларына арналған драмалық туындылар.
Әдебиет жанрларының ішіндегі ең күрделісі де, қиыны да –драматургия жанры. Себебі, сөйлеу тілімен ғана жасалатын туындының өз шарттары мол. Қазақ драматургиясының дамуын талдай келе зерттеуші Р.Нұрғалиев драмалық шығармалардың
ерекшеліктері туралы былай дейді: «Әдебиеттің ерекше түрі – драматургия театрды нысана етеді, сахнаға қойылу үшін жазылады. Танымдық-тәрбиелік мәні бар, идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер драматургия тағдырлар тоғысуы, характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп аса қатал композиция талаптарын ескере
отырып, ерекше көркемдік құрал-диалогтар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылысына баға береді, билік айтады».
Олай болса, балаға арнап шығарма жазғандар алдымен қандай шарттарды орындауы керек? Ең бірінші – баланың жас ерекшелігіне сәйкес оның психологиясын ескеру қажет. Бала қашанда айналасындағы өтіп жатқан құбылысты білуге тырысып, тылсым
дүниенің сырын ашуға асыға ұмтылады. Жас ерекшелігі ескерілмей жазылған шығармалардың баланың психологиясын бұзып, оны ерте есейтетіні туралы В.Г.Белинский былай деген: “Барлық мәселе оларға (балаларға) арналған кітапты дұрыс таңдауда. Дұрыс ұсынылмаған кітаптың зияны кітап оқымағаннан да асып түседі. Бала рухының мезгілсіз, ерте жетілуі аса зиянды, әрі қауіпті. Бала бозбала да емес, ересек те емес, бала болып қалуы керек».Балаларға арналған драмалық шығармаларды жіктеу, сараптау, кезінде ол туындылардың осындай ерекше белгілерін де басшылыққа аламыз. Баланың дүниетанымы әрі қарапайым, әрі күрделі. Бұл талаптар балалар өмірін жазу үшін В.Г.Белинский айтқандай: «балалар жазушы болып туу керек»,- деген пікірге әкеледі. Балаларға арналған шығармалардың тағы бір ерекшелігі оның тілі. Осы орайда белгілі ғалым З.Қабдоловтың драма тілі туралы: «Демек, драмадағы ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе тіл. Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде; пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жеріне дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, санаға мықтап дарығандай мағыналы, мәнді болып келуге тиіс. Драма тілі тұжырымды, қысқа, түйінді болады. Өйткені романда, бір бетте суреттелетін шындықты бір ауыз сөзбен беру қажет. Ал әр сөз, әр сөйлем шындықты ғана емес, сол сөзді айтқан кейіпкердің мінезін аңғартуы керек, әр адамның сөзі өзін танытуы шарт»,- деп айтқан
пікірін басшылыққа ала отырып балалар драматургиясын- дағы пьесалардың тілдік, көркемдік жағынан саралап, талдауға мүмкіндік бар.
Балаларға арналған пьесалар көпсөзділіктен аулақ, тілі нақтылы, түсінікті, көркем және бала психологиясына, ұғымына сай болуы керек. Сонымен бірге шығарма тілі жалаң үгітшілдіктен, құрғақ уағыз айтудан аулақ болуы шарт. Драмалық шығармалардың бір
қиындығы осы тіл мәселесіне тіреледі. Жазушы үнемі шығарманың тілін баланың жас ерекшелігін ескеруге бағындырып отыруы керек. Сондай-ақ, зерттеуші С.Ордалиев айтқандай: «драмалық шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқын, бойындағы бүкіл
қасиеттерін, ішкі дүниесін, характерін ашатын оның тілі екенін де естен шығармау абзал».
Драмалық шығармалардың негізгі шарттарының бірі – тез туып, жедел өрістейтін тартыстың болуы. Тартыссыз жазылған пьесаларда әрі бала өмірі көмескі тартады, әрі олар тартымсыз болады. М.Әуезов «Драма заңы туралы кейбір ойлар» деген мақаласында пьесадағы конфликт мәселесі драматургия-ның шешуші элементінің бірі екенін
айтып кеткен. Жалпы балаларға арналған әдеби шығармалар сияқты драмалық шығармалардың да бір сипаты оның тәрбиелік мақсатты көздейтінінде. Қазақ халқы ертеден баланы елдің болашағы санап, оның тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп отырған: “Қызға қырық үйден тыю» деп бала тәрбиесін тек ата-ана, туған-туысқан емес, бүкіл
қауымға жүктелген міндет сияқты саналған. Әдебиеттің тәрбиелік мәні дегенде, белгілі қоғамдық ортада қалыптасқан адамның рухани өсуін, көркемдік дүниені қабылдау ерекшелігін ескереміз. Олай болса, әдеби шығармалар арқылы бала сезіміне әсер етіп, алдымен елін, жерін, адам баласын сүюге, ұлттық мұрағаттарды қастерлеуге тәрбиелеу, басшылыққа алынады. К.Чуковский: «Ертекшінің мақсаты– басқа. Ол қандай да болсын жолмен баланы адамгершілікке тәрбиелеу. Адамның бойындағы осынау біреудің тағдырына араша түсіп, біреудің қуанышы мен қайғысын бөлісуге ұмтылатын, біреудің тағдырын өз тағдырындай көретін асыл қасиетті дарыту»- дейді.
Балалар әдебиетінің толассыз дамуы оның жалпы балалар өмірінің энциклопедиясы бола алуына байланысты. Сондықтан да балалар үшін жазылған шығармалар баланың жанұяда, мектепте, достарының ортасында, үлкендермен қарым-қатынасы кезіндегі мінезін, әрекетін қамтиды. Барлық адамдар белгілі бір қоғамда өмір сүреді. Сондықтан да әр түрлі қоғамдық-тарихи өзгерістер адамдар өміріне тікелей әсер етеді. Кеңестік кезеңде қалыптасқандықтан, сол әміршілдік кезеңдегі социалистік реализм, әдебиеттің партиялығы т.с. сияқты шектеу, бұйрық-қарарлардан қазақ балалар драматургиясы шетте қалған жоқ. Кеңестік дәуірде октябряттар, пионерлер, комсомолдар қатарындағы жеткіншектерді жалған марапаттайтын, идеялық бағытын алдын ала кесіп-пішіп көрсетуге негізделген схемалық үлгідегі көркемдігі солғын шығармалар дүниеге келді. Бұл туралы Ғ.Мүсірепов былай дейді: «Қазақ совет драматургтерінің өндірістен, ауылшаруашылығынан, мәдениет майданынан таңдап алып жасаған образдарының бірде-бірі сахнаға бекіп қала алған жоқ. Үйткені, олар жасанды, бір схемамен жасалған салқын образдар болғандықтан, совет халқының көңіліне қона алмады. Тілек те бар, талап та бар, бірақ көркемдік шындыққа жете бермейді». Балаларға арналған шығармалардың тақырыптары әр алуан болады. Әдебиетте белгілі бір тақырыптың тууына қоғамдағы өзгерістер, адамдардың мақсат-мүдделері себеп болады. Сондай-ақ адамзат дамуымен бірге келе жатқан мәңгілік сөз болатын тақырыптар да болады. Адамгершілік, ізгілік, жақсылық, еңбек, достық, махаббат сияқты тақырыптар қай дәуір, қай кезең болса да қайталана беретін тақырыптар. Ал, белгілі кезең тудыратын тақырыптар ретінде кеңестік әдебиет тұсында туған коммунистік рухтағы патриоттық, партияға шексіз берілгендік сияқты идеяларды ту еткен тақырыптарды атауға болады. Қалай десек те балаларға арнап жазылған шығармаларда тақырыптық шектеу болмайды. Қай тақырыпта жазылса да, шығарма үнемі баланың жас ерекшелігін ескеріп отыруы керек. Балаға арналған шығармаға «не туралы» жазу емес, «қалай жазуға» болады деген талап, өлшем үстемдік етеді. Қазақ балалар драматургиясындағы негізгі тақырыптарды шартты түрде былай бөлуге болады:
1. Кеңестік идеологияға негізделген тақырыптар
2. Ертегілік, қиял-ғажайып тақырыптар.
3. Халық бастан кешірген тарихи тақырыптарға арналған туындылар.
4. Табиғат туралы
5. Бейбітшілік тақырыбы
6. Жалпы ынтымақ, бірлік, еңбек, білім, ерлік, мейірім, ізгілік туралы
7. Мектеп өмірі, мектептегі балалар әрекеті.
Заман жаңарған сайын әдебиетке де жаңа тақырыптар келеді.
1960 жылы адамзат баласының ғарышқа көтерілуі қазақ балалар драматургиясына да тың тақырыптар әкелді. А.Сатаевтың «Айға сапар» пьесасынан ғарышқа ұшуды армандаған бүлдіршіндерді көрсек, Ә.Табылдиевтың «Армандастар» пьесасынан ғарышқа ұшуды армандап қана қоймай сол сапарға дайындалып жүрген жеткіншектерді кездестіреміз. 1990 жылдарда тәуелсіз әдебиет аясында дүниеге келген негізгі тақырыптардың бірі наурыз мерекесіне байланысты еді. Күн мен түннің теңескен Ұлыстың ұлы мейрамы қаншама жылдардан кейін халқымен қайта табысты. Қариялар жадынан, ескі кітаптардан алынған наурыз мейрамының тарихын баспасөз айтып, жазып та жатты. Ал, балалар үшін мектептерде ертеңгіліктер, шағын инсценировкалар, қойылымдар, шағын пьесалар дүниеге келді. Наурыз тақырыбына жазылған К.Оразбекұлының «Ұлыс оң болсын», Б.Тайжанның «Тосыннан тойланған той» пьесалары дүниеге осы кезде келген еді. Ынтымақ, бірлік, татулық тақырыбын арқау еткен Е.Елубаевтың «Асар», С.Әуелбаеваның «Оюхан мен Жоюхан», Ә.Ақпанбетұлының «Қайырымды қасқыр», «Ақсақ көжек» т.б. көптеген пьесалары туды. 1970-80 жылдары көп назар аударылған тақырыптардың бірі – мектеп өмірі, яғни оқушы баланың үйдегі, мектептегі әрекеті олардың әр түрлі ізгілікті бастамаларын суреттейтін шығармалар болды. Ә.Табылдиевтың «Бүлдірген мен Күлдірген» интермедиялары, Е.Елубаевтың «Өжет», «Саған күшік керек пе?», «Бір уыс бидай», С.Омаровтың «Портрет», М.Гумеровтің «Базарлық», Н.Ғабдуллинның «Аулада» т.б. көптеген драмалық шығармалар тікелей балалар өміріне арналды.
Қазақ балалар драматургиясының туу барысын дәйектесек балаларға арналған драмалық шығармалардың тақырыптары әр алуан екенін көреміз. Жылдарға бөліп жіктеу арқылы қай кезеңде қандай тақырыптағы пьесалар көбірек жазылғанын және сол кезде еліміздің басынан өткеріп отырған тарихи-әлеуметтік өзгерістердің әдебиетке түрліше ықпал жасағанын байқауға болады. Жазба әдебиетінің діңгегі болған ауыз әдебиеті қазіргі балалар драматургиясының да қалыптасуына негіз болды деп айта аламыз. Зерттеушілер М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиевтардың зерттеу еңбектерінде айтылған ой-тұжырымдар осыны дәлелдейді. Балалар фольклорындағы бесік жырынан бастап, әр түрлі тақырыптағы ертегілер, сұрамақ, санамақ, айтыстар, шешендік сөздер, өтірік өлең, ойын өлеңдері қазақ балалар драматургиясының тез қалыптасып кетуіне өз ықпалын тигізді дейміз. Аталған шығарма түрлерінің ауызша айтылуы, айтушының дауыс мәнері, бет мимикасының құбылуы барлығы да драма элементтері. Ауызша айтылған әдеби туындылардағы дауыс мәнері, түйдекті тіркестер, метафоралық оралымдар, монолог пен диалогтар, эмоциональды- экспрессивті сөздердің барлығы да бала жан дүниесінің жетілуіне, ой- санасының өсуіне, психологиялық жағынан дамуына, өзін қоршаған дүниені танып-білуіне әсер етері даусыз. Сондықтан да, қазіргі қазақ балалар драматургиясының бастауы ауыз әдебиетінде дейміз. Ә.Тәжібаевтың: «Сөйте тұра біз қазақтың драмалық поэзиясын (драматургиясын) тереңдей қарауға, оның ұлттық, халықтық тегін сырттан емес іштен іздеуге, яғни халықтың бай поэзиясының өзінен, халық өнерінің ұлан-асыр бай дәстүрлерінің жалғасы және дамуы ретінде іздеуге тиістіміз. Онсыз даму заңдылығын дұрыс таппаған болар едік»,- деп айтқан сөздерін басшылыққа ала отырып қазақ балалар драматургиясының бүгінгі қалыптасуын ауыз әдебиетіме байланыстырамыз.
«Шынында, халқының мыңдаған жылдар бойы туғызған батырлар жыры, лиро-эпостары, ертегілері мен тамаша аңыз, айтыстарынсыз, біз бүгінгі өркен жайған ұлттық әдебиетіміздің дамуын көз алдымызға елестете алмас та едік»,- деген Ә.Әзиевтің пікіріне сүйене отырып балалар драматургиясының бастауына айналған ауыз әдебиеті үлгілеріндегі драма элементтеріне назар аударғымыз келеді. Халықтан ұлы ұстаз жоқ, халық ауыз әдебиетіндегі мол мұра бүгінгі балалар драматургиясының қалыптасуының негізі деп баса айта аламыз. Зерттеуші Ә.Тәжібаев диалог пен монологтардың драмалық шығармалардың негізгі элементі екенін айтып кеткен. Ал белгілі ғалым М.Базарбаевтың: «Тіл көркемдігінің бір байқалар тұсы диалог пен монолог құруда. Мұнда шеберлік керек-ақ. Өйткені диалог адам мінездерін, қимыл-әрекеттерін ашуға бірден-бір қолайлы форма. Монологқа келсек, бұл талап онан да арта түседі»,- деген пікіріне сүйене отырып ауыз әдебиетіндегі балаларға арналған шығармаларда кездесетін диалогтар мен монологтарға назар аудартқымыз келеді. Қазіргі қазақ балалар драматургиясының асыл үлгілері саналатын монологтар мен диалогтардың негізі халықтық мұралармен астасып жататынын төменде берілген мысалдар дәлелдей түспек. Осы орайда М.Әуезовтың: «Eшбір өнерді құрғақ тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та сән-салтанатпен, ырғалып, жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене ұрықтан жайлы топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағынып, қағылған уақытта ғана бой жасап өсіп-өнген»- дегенін айта кеткен орынды болар дегіміз келеді. Әдебиеттің бай мұрасы халық ауыз әдебиеті тұнып тұрған диалогтар мен монологтар. Шешендік сөздердегі әр түрлі тартыс, қақтығыс, көңіл-күй қалыптарын көрсететін диалогтар мен монологтар шағын қойылымдарға ұқсас келіп жатады. Жиренше, Алдар, Сырым, Бала би т.б. шешен-билердің өткірлік-тапқырлық сайысына құрылған қақтығысулары дайын тұрған драма жанрының сөздері. Мысалы, Жиренше шешеннің айтқандары деген шешендік сөздерді алайық.
- Бұл дүниеде кім жетім - деген сұрақ қойыпты хан Жиреншеге.
- Ата қонысынан ауған ел жетім,
- Серіксіз ер жетім
Жаңбырсыз жер жетім,- деп жауап қайырыпты Жиренше.
- Бұл жалған дүниеде кімнің төрт құбыласы тең болады?- деп
Жәнібек Жиреншеден сұрайды. Сонда ол:
- Түзу мылтық, қыран құс, жүйрік аты бар, мінез-құлқы мінсіз
қатыны бар ердің төрт құбыласы тең болады. Жауы үйде, досы түзде аннан қайғылы кім бар,- деп жауап беріпті шешен.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Жансүгіров І. Шығармалар жинағы. Т. 5. –Алматы: Жазушы, 1988. -241 б.
2. Горький М. Әдебиет туралы. –Алматы: жазушы, 1984. -212 б.
3. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. –Алматы: Мектеп, 1965, -187 б.
4. Тәжібаев Ә. Бес томдық шығармалар жинағы. 5 т. –Алматы: Жазушы, 1981. -672 б.
5. Ыбырайымов Б. Ой мен сөз. – Алматы: Жазушы, 1985. -181 б.
6. Сөзстан. 6-кітап. –Алматы: Қаламгер, 1988. -245 б.
7. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. – Алматы: ҚМКӘБ, 1962. -413 б.
8. Нұрғали Р. Өнердің эстетикалық нысанасы. –Алматы: Аруна, 2001. -279 б.
9. Дүйсенов М. Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі. Алматы: Жазушы, 1971. -191 б.
10. Сейфуллин С. «Манап»драмасы туралы /Кітапта: 5-томдық шығармалар жинағы, 5-том. –Алматы: Жазушы, -1988. -296 б.
11. Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. –Алматы: Дайк пресс, 1995. -362 б.
12. Бағыбек Қ. Театр туралы толғаныстар. –Алматы: Өнер, 2006. – 181 б.
13. Тәжібаев Ә.Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы.Алматы:Жазушы,1971. 581 б.
14. Мүсірепов Ғ. Бес томдыќ шыѓармалар жинаѓы. Т.4. –Алматы: Жазушы, 1975. -412 б.
15. Н±рѓалиев Р. Трагедия табиѓаты. –Алматы: Жазушы, 1968. – 213 б.
16. Дүйсенов М. Ќазаќ драматургиясыныњ жанр, стиль мєселесі. –Алматы:Ѓылым,1977. -179 б.
Достарыңызбен бөлісу: |