Ресми іскерлік құжаттардағы терминологияның кейбір мәселелері



Дата25.02.2016
өлшемі84 Kb.
#21634

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы № 1 (61) 2008

С.М. Рысбекова

Ресми - іскерлік құжаттардағы терминологияның кейбір мәселелері


Ресми -іскерлік стиль-басым көпшілігінде құжаттар стилі. Қызмет ететін негізгі саласы-халықаралық, мемлекеттік, қызметтік құжаттар. Бұл стиль қоғамның мемлекеттік, қоғамдық, саяси өміріндегі әр түрлі акттерде құжаттаудағы сұранысын, адамдар мен заңды тұлғалар арасындағы әкімшілік, іскерлік қарым-қатынастарды қанағаттандырады.

Ресми-іскерлік стильдің маңызды бір белгісі-дәлдік.

Орыс ғалымы Л.В.Щерба пікірімен айтсақ, "В речи деловой точность - это не допущение инотолкования" [1, 81], "для деловой речи первичными стилевыми чертами окажутся предписующе-долженствующий характер речи, ее неличный характер и точность (не допускающая инотолкования)" [1, 83]. "Основным требованием к содержанию документа является его максимальная точность и понятность (ясность). Точность изложения предполагает однозначность понимания содержания, изложенного в документе". "Точность и понятность документа достигаются с помощью самых различных лингвистических средств" [2, 222]. Для оформления деловой речи характерно стремление к предельной точности выражения недопустимости инотолкования и терминированности. [1, 115].

Тілдегі дәлдік - термин сөздер қолданумен жүзеге асады. "Іскерлік тілдің стильдік белгісі - басқаша талдауға болмайтындай дәлдік - арнаулы терминология қолдану арқылы жүзеге асады", "іскерлік тілдің өзіне тән ерекшелігі - бір сөздердің, әсіресе терминдердің қайталана беруі". Терминдер орыс тілші ғалымы Г.О. Винокур айтқандай "ерекше сөздер емес, ерекше міндет атқаратын сөздер" болғандықтан, ресми-іскерлік стиль саласында да ерекше қызмет атқарады.

Ресми-іскерлік саладағы термин, терминология мәселелеріне тоқталмастан бұрын, жалпы тіл білімінде термин, терминология, терминдердің сипаты, қоғамның басқа салаларындағы қызметі жөніндегі ғалымдар еңбектері, зерттеулеріне шолу жасау қажет. Бұл әрекет қоғамның басқа салаларында термин жасау, қолданудағы кемшіліктер, қиындықтардың - ресми-іскерлік салаға да қаншалықты қатысты екендігін анықтауға мүмкіншілік береді.

Жалпы термин, терминология, олардың тарихы, ерекшеліктері, сипаты, принциптері, даму кезеңдері, тағы басқа терминге қатысты маңызды мәселелер туралы жазылған ғалымдар еңбектері, зерттеулері өте көп. Қазақ терминолог ғалымы Ш.Құрманбайұлының пікірінше "бұл сала әсіресе орыс тіл білімінде Ресейде 30-жылдардан бастап-ақ жақсы зерттеліп, бүгінде біздегіге қарағанда едәуір мән беріліп, үздіксіз зерттеліп келе жатыр". Д.С. Лотте, Г.О. Винокур, А.А. Реформатский, В.П.Даниленко, Т.Л. Канделаки, Л.И.Скворцов, А.В. Суперанская, В.А. Татаринов, Ю.Н. Марчук т.б. көптеген орыс тіл білімін зерттеуші ғалымдары қоғам дамуының әр кезеңінде терминология мәселелеріне көп үлестерін қосты.

Қазақ тіл білімінде терминология саласының қалыптасуында қазақ оқығандарының арасында А.Байтұрсынұлының алатын орны ерекше. "Ол жүздеген тіл, әдебиет және жалпы мәдениетке қатысты терминдерді жасап, оларды қолданысқа енгізе отырып, өз замандастарына ана тілінде термин жасаудың жарқын үлгісін көрсете білді" [3, 13]. Сонымен қатар бұл мәселелерді алғашқы рет көтерген қазақ зиялылары М.Әуезов, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұловтар. Кейінгі жылдарда термин, терминология төңірегінде тілші ғалымдар К.Мұсаев, Ә.Қайдаров, Ө.Айтбаев, Б.Қалиев, А.Әбдірахманов сияқты тіл мамандарының зерттеу еңбектері жарық көрді. Сонымен қатар бұл мәселе жөнінде Ш.Құрманбайұлының еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Ғалымдар термин, терминология мәселелері жөнінде қазақ тіл білімінде, тіпті орыс лингвистикасында да белгілі бір пікір қалыптаспағанын айтады. Белгілі терминолог ғалым Ө.Айтбаев "совет тіл білімпаздарының сонау 20-30 жылдардың өзінде-ақ ой толғап, оның мәні, мазмұны, ғылыми білім игеруге жасайтын септігі жайында еңбектер жазған. Термин жайында бүкіл түркология, оның ішінде қазақ тіл білімінде, сондай-ақ орыс лингвистерінің өзінде де осыған тоқтайық дейтін бәтуәлі пікір, ақиқат тұжырым тізгінін ұстаудың өзі қиын"-дейді [4, 7].

Ғалымдардың еңбектерін саралап, олардың термин, терминология ұғымы, атқаратын қызметі, өзіне тән сипаты, ерекшеліктеріне қандай анықтама беретініне тоқталсақ.

Терминдердің негізгі сипаты-дәлдік және бір ғана мағыналық жүк арқалайтыны белгілі. Бұл жөнінде "термин-бұл белгілі мағынасы бар сөз... Термин бір мағыналылыққа ұмтылады", "термин-бір мағыналы, бейтарап сөздер: термин сөздер бір мағыналыққа ұмтылумен ғана емес, көңіл-күйді білдіретін реңкінің жоқтығымен де ерекшеленеді", "мағыналық шекараның дәлдігімен сипатталады" [5, 37]. "Термин дегеніміз, негізінен, арнайы ұғымдар, түсініктер атауы. Ол қандай ұғым, қандай мағына арқаласа да бір мәнді болуы тиіс. Олардың қатарында кездесетін көпмағыналық, синонимдік нышандар мәтінде (тексте), сөйлеуде кездесіп қалғанмен, бұл қасиет оның негізгі табиғатына тән емес [3, 200].

Терминді таным табиғатымен байланыстырып, жаңаны айқындау үшін қолданылатыны жайлы "термин-зерттеулердің ең маңызды бөлігі болып табылады, ол тек ғылыми түсінікті барынша дәл көрсету үшін ғана емес, танымның ерекше бір қаруы ретінде қызмет етуі қажет, өзі қызмет ететін ғылыми саласында жаңаны айқындау үшін қажет" [5, 28], жаңа терминдерге "сөздің ішкі құрылысы ешқандай қосымша, қоспасыз, таза атаулық жүк арқалауға тиіс" [4, 151], "термин ғалым үшін жұмыс құралы да, жай жұрт үшін - таным құралы" [6, 104], "терминнің танымдық табиғаты - ғылыми ұғым сол тілге, тіл арқылы ұлт өкілдеріне түсінікті болғанда ғана қоғам өміріне ықпал ете алмақ. Термин тілі арқылы-ақ ғылым-білімді көпшілікке жақындататындай, ел игілігіне айналдыратындай етіп жасалуы тиіс [6, 106], "термин - қоғам үшін бейтаныс, жаңа ұғымдарды атап, тіркеп қана қоймай, аталушы нәрсенің тіл арқылы таным жүйесінде орнығып, өзіндік бейнесі қалыптасуын қамтамасыз етуші сөз тобы десек болады" [6, 105] деген анықтамалар беріледі.

Терминдердің арнаулы бір салаға қатыстығы және салалық ұғымдар сипаты жөнінде "термин -слово или устойчивое словосочетание, которому приписано определенное понятие, употребляемое в науке, технике и искусстве и других областях специальной деятельности", "термин дегеніміз - белгілі бір арнаулы салаға тән сөз, ал терминологияның сол арнаулы ұғымдар атауларының жиынтығы екендігі мәлім" [4, 200], "термин арнайы сала ұғымын білдірсін, бірақ оның аз адамға ғана түсінікті болып, басқаға белгісіз болуы шарт емес" [6, 105], термины используемые в управленческой документации,-это, во-первых, отраслевая терминология, отражающая содержание той предметной области, которой посвящен документ; во-вторых, это специальные слова и выражения сложившиеся в сфере административного управления" [1, 85].

Терминология және терминология қарастыратын мәселелер жөнінде "тілдің арнайы лексикасының даму заңдылықтарын тексеретін ғылым, сонымен бірге ол ғылым мен техниканың жеке салалары терминдерінің жиынтығы және терминология ғылымы шеңберінде көптеген пікірлер ағынына қарағанда мынадай мәселелер қарастырылып шешім табуға тиісті:

1. Ғылыми-техникалық ұғымдардың классификациясы, ұғымдар мен ұғымдар жүйесінің арасындағы байланысты анықтау;

2. Ұғымдар анықтамасын құру;

3. Терминдерді талдап, іріктеп түзу;

4. Терминдер жүйесін жасау" [4, 14 ].

Келтірілген пікірлерден терминологияның - терминдер атауларының жиынтығы, ал терминнің - жаңа арнайы ұғым, түсініктердің атауы және терминнің атауларды бір ғана мағынамен, бейтарап, жалпыға түсінікті түрде беруі шарт екендігін тұжырымдауға болады.

Ресми - іскерлік құжаттарда қолданылатын терминдердің де осы шарттарға сай болуы тиіс екендігін орыс ғалымдары Л.В. Рахманин, Н.М. Лозинаның бұл мәселе жөніндегі еңбектерін қарастыру барысында көз жеткізуге болады. Бұл ғалымдардың пікірі бойынша, іскерлік құжаттардағы терминдердің мағынасы да баршаға түсінікті болуы шарт. "Употребление терминов в строго фиксированном значении обеспечивает однозначность понимания текста, что очень важно в деловом общении", "точность, однозначность и необходимость машинной обработки официального документа предполагает использование в нем слов только в одном из значений, принятых в официально-деловой письменной речи. Необходимо также, чтобы каждому понятию сответствовал только один термин" [2, 227].

Орыс тілші ғалымдары ресми-іскерлік құжаттарда қолданылатын терминдерді бірнеше топқа бөледі.

1. Тек кеңсе тіліне тән арнаулы лексика. Бұл ресми-іскерлік стильдің басқару саласында ғасырлар бойы қалыптасқан сөздер: мысалы, надлежащий, завизировать, должный т.б. Бұл топтағы сөздердің кейбірі ескіріп, жаңа нұсқалармен айырбасталады.

2. Ресми-іскерлік стильдің арнаулы термин сөздері басым көпшілігінде етістіктен жасалған зат есімдермен белгіленеді: исполнение (орындау), решение (шешу), нахождение (табу) т.б.

3. Арнаулы салалық лексика. Бұл құжаттар тілінде белгілі бір саладан келген терминдер. Олар ғылымда ғана емес, құжаттар тілінде де қолдануға ыңғайлы. Бұл құжаттарда заңнамалық, финанстық, дипломатиялық терминдер қолданылады: келісім, лицензия, кодекс т.б, финанстық құжат құрастыру үшін-осы саладан қаржы, кредит, бартер, крилинг, лизинг т.б. сөздерді пайдаланады.

4. Адамдарды қызметі, лауазымы, іс-әрекетіне қарай атайтын атаулар: куәгер, қызметкер, доцент, заказ беруші т.б. [2, 227]. Мысалы, адам деген сөз ресми құжаттарда - азамат, жолдас, телефон станциясында - абонент, ательеде - заказ беруші, шаштаразда - клиент, ауруханада - науқас, санаторийде - демалушы, танығушы, транспортта - жолаушы т.б. болып айтылады [7, 105].

Ресми - іскерлік құжаттардағы терминдерді қолдануда орыс тілші ғалымдарын да, отандық тілші ғалымдарды да толғандыратын мәселелердің ортақ екендігін байқауға болады. Қоғамның дамуына байланысты, жаңа сұранысқа жауап бере алатын жаңа ұғым, түсініктерді атайтын жаңа атаулар, құжаттардың жаңа түрлері пайда болды және компьютерлік технология мен жаңа идеяларды көрсететін шетел сөздері қолданысқа көптеп енді. Ресей үшін бұл өзгерістер кезеңі ХХ ғасырдың 90 жылдары болса, отандық ресми-іскерлік саладағы түбегейлі өзгерістерді еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған кезеңнен бастауға болады.

Қазақ тілінің сөздік қоры бұрыштама / виза/, екінші нұсқа /дубликат/ сияқты тіліміздің қорында бар сөздер негізінде жасалған соны терминдермен және хаттама /протокол/, төлқұжат /паспорт/, парақша /листок/, сауалнама /анкета/, жарғы /устав/, мадақтама /грамота/, алғысхат - благодарственное письмо, анықтама - справка, ашықхат - открытка, лездеме - летучка, өтінім - заявка, адресат-қабылдаушы, адресант-жолдаушы, биография-өмірбаян, компетенция-құзіреттілік, реквизит-деректеме, рекомендация-ұсыныс т.т, тікелей орыс тіліндегідей атаулармен қолданылып келген терминдердің жаңаша нұсқасымен толығып, тіл байлығын арттырды. Бұл сәтімен табылған сөздер, аудармалары да көпшіліктің көңілінен шығады, қазақ тілінде сәтті орын тапты деп айтуға болады. Өйткені бұл сөздердің қай-қайсын алсақ та қазақша нұсқалары құлаққа жағымды, айтуға жеңіл, ең бастысы - орысша мағынаны дәлме - дәл жеткізе алған.

Терминге қойылатын талапқа жауап бере алмайтын сәтсіз жасалған терминдер бар. "Шошқамойын (паротит), ыңқылап (революция), мүдір (директор), құлтемір (робот), құлақілдірік (наушник) сияқты сөздермен терминдер қатарын көбейткеннен келер пайда шамалы. Керісінше, жағымсыз пікірлердің туындап, терминологиядағы жүйеліктің бұзылуына себеп болады [3, 29].

Құжаттардың жаңа түрлері пайда болды. Кепіл хат, баяндау хат, талап хат, ұсыныс хат, іліспе хат, қызметтік хат, жедел хат т.б.

Іскерлік қатынастардың халықаралық стандартқа сай болуды көздейтін жаңа жағдайы - терминдердің де халықаралық стандартқа лайық болуын талап етті. Орыс ресми-іскерлік тіліне де, қазақ ресми-іскерлік тіліне де шет тілдік сөздер белсенді түрде енді. Оферта /ұсыныс/, прайс-лист - тауарлар тізбесі, презентация - жарнамалық мәтін түрі және т.б. Жаңа түсінікті атайтын (презентация, резюме), бұрыннан бар түсініктерді атайтын контракт - келісімшарт, оферта - коммерциялық ұсыныс т.б. деген сөздер. Кей жағдайларда тілімізде баламасы болса да аударылмай сол қалпында еніп, ана тіліндегі терминдерді ығыстырып жіберетін жағдайлар да бар.

Іскерлік тілге шетел сөздерінің жиі енуі де орыс тілшілерін қатты алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі.

Терминдік жүйеде өзгерістер үнемі жүретіндіктен, бар түсініктердің мазмұны өзгереді, кейбір түсініктер ескіреді, жаңалары пайда болады. Мысалы, құжатта қай сөзді пайдаланған дұрыс: бұрынғы "управление" немесе жаңа келген менеджмент пе? Ғалымдар бұл мәселені шешуде екі нәрсені ескеру қажеттігін айтады: бұл түсініктің жазбаша тілде бекітілу деңгейі, құжат мәтіні үшін сөздің бір ғана мағынасын қолдану [2, 252].

Бір түсінікті белгілейтін атау бекітілсе де, орыс тілді нұсқасы бола тұра, шет тілдік нұсқасы қолданылатындығы - тағы бір мәселе. Мысалы, консультирование-консалтинг, эксклюзивный - исключительный және т.б. Бұл мәселерді шешуде ғалымдар алдымен шетел сөзінің дәл мағынасын білуді ұсынады. Және жаңа түсінікті белгілей алатын орыс тілді термин болса, шетелдік сөзді қолданудың мәні жоқ. Құжаттар тілінде шетел сөздерін тілшілер үш жағдайда пайдалануға болатынын айтады: сөз қолданудың қажеттілігі, орындылығы және дәлдігі. Егер зат пен түсінікті атауда орыс нұсқасы болса, шет тілі сөзін құжатта қолдану орынсыз [2, 253].

Ешқандай өзгеріссіз, орыс тілінде қалай айтылса, жазылса қазақ тілінде сол қалпында қолданылып жүрген халықаралық терминдер кездеседі: телефакс, факс, телефон, дипломат, реферат, шаблон, акт, статегия, ресурс, операция, кадр, кодекс, фирма, бланк, директор, формат, гриф, кабинет, менеджер, клиент т.б.

Орыс іскерлік құжаттарында қолданылатын синонимдік терминдер де ғалымдар үшін үлкен бір мәселе. Мұнда қолданылатын сөздер мәтініне қарай ерекшеленеді. Құжаттың түріне қарай орнымен қолдану өте маңызды. Орынсыз қолданылған термин-синонимдер құжаттың мазмұнын бұзады. Мысалы, контракт, договор, соглашение сияқты синоним - терминдер мағынасы мен қолданылу саласына қарай ерекшеленеді: еңбек заңнамасында контракт немесе еңбек келісімшарты (трудовой договор); азаматтық заңнамада келісім, сыртқы сауда келісімі - контракт, ғылыми - техникалық келісім - ынтымақтастық (сотрудничество). Осы сөздердің қазақ тіліндегі аудармасында "договор" да-шарт, келісім, "соглашение" де-шарт, келісім, "контракт" та-шарт, келісім, "дубликат" пен "выписка" да-көшірме, копия мен ксерокопия" да-көшірме; "устав" та-жарғы, жарлық, "манифест" те-жарғы; "модель" де қалып, "норма" да-қалып деп аударылып жүр. Мұндай мысалдар өте көп [8, 122].

Бір сөздің бірнеше мағынасы болуы терминологияда жарыспалылық деп аталатын үлкен мәселе. Жарыспалылық - бір ғылыми ұғымның бірнеше сөзбен аталуы. Мысалы: протокол - хаттама, мәжілісхат, дубликат - копия, көшірме, устав - жарғы, жарлық, резюме - резюме, түйіндеме т.т. Егер "стремление к точности ограничивает возможности синонимических замен", "термины однозначны, им обычно не свойственна синонимия. Это приводит к ограничению использования синонимов и даже отказу от них в официально - деловой сфере" [1, 115], деген ғалымдар пікірімен терминнің бір мағыналық, дәлдік сипатын ескерсек, жарыспалылықтың болуы - терминге қойылатын талапқа қайшы келеді. Бірақ ғалымдар жарыспалылықтың дамушы тілдің бәрінің басында ылғи болатын құбылыс және ақырында мұның бірінің ғана терминдік сипатқа көшетінін айтады. Бұл мәселені шешуде қазақ тілші ғалымдардың пікірлері бір арнаға тоғыспайды. Бұл пікірлерді Ш.Құрманбайұлы екі топқа бөліп қарауды ұсынады.

"Біріншісі -ана тілінің өз мүмкіндігін пайдаланып термин жасау, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда шет тілдерінің терминдерін қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау қажет деген пікір. Екіншісі - термин шығармашылығында пуризм етек алып отыр, сондықтан оған жол бермей, осыған дейінгі қалыптасқан терминдерді бұрынғысынша қалдырып, шет тілдерінен термин қабылдауға шек қоймау деген пікір" [3, 28].

Ұлттық тілдің негізінде термин жасаудың жолын ұстанатын ғалымдар "қандай бір тілде болсын жаңа термин жасау, оның терминологиялық қорын толықтыратын сол тілдің ұлттық лексикасы болып саналады. Яғни терминдер де байырғы сөздер секілді тілде бұрыннан бар сөздер мен түбірлер негізінде жасалады. Терминжасам сәтінде "түпнұсқа терминдердің мағыналық мазмұнын терең түсініп, оған қазақ тілінен әр алуан варианттар іздеп, соның ең дөп түсетін - терминдік өзегін аршып танып, таңдап пайдалануға тура келеді" - дейді.

Және бұл мәселені шешуде жүздеген тіл, әдебиет және жалпы мәдениетке қатысты терминдер жасап, ана тілінде термин жасаудың жарқын үлгісін көрсеткен А. Байтұрсынұлының терминологиялық лексиканы жалпыхалықтық тіл негізінде жасауға бағытталған сөзжасамның түрлі тәсілдерін пайдаланған принципін, термин мәселесіне айрықша мән берген қазақ зиялыларының бірі Х. Досмұхамедұлының "Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ" - деп шет ел тілдерінен енген сөздерді тіліміздің фоно-морфологиялық заңдылықтарынан бағындырып қабылдауды және "... қолдан келгенше терминдерді нағыз қазақ сөзінен алдық", дей отырып, ұлт тілінің өз мүмкіндігін барынша пайдалану принципін, Н. Қаймекеұлының 1. Мүмкін болғанша қазақтың көпшілігіне мәлім, құлаққа таныс сөзден алу.

1. Тілге жеңіл, айтуға сыпайы болу.

2. Орыстың сөзін сол күйінше аудара салумен қанағаттанбай табылса, неғұрлым түркі мағынасына сәйкес сөз іздеу" деген принциптерін ұсынады.

Халықаралық терминдерді аудармай немесе аударып пайдалану мәселесі жөнінде әңгіме "халықаралық терминдерді жаппай аудару туралы болып отырған жоқ, әңгіме терминнің айтылу, жазылуы тіліміздің төл табиғатына сай болуында ғана" [6, 128] және "өзге тілде қолданылып жүрген және терминдердің бәрін бірдей талғамсыз қабылдай беру қандай ретсіз болса, әмбеге ортақ лексикаға айналған халықаралық терминдерді қалайда аударып алуға тырысу тіпті қисынсыз [3, 145]". деген пікірлер айтылады. Кірме сөздерді қазақ тілінің табиғатына лайық қолдануға болатынына көптеген мысалдар келтіруге болады. Ресей, Мәскеу, тауар, жәрмеңке, Еуразия т.б.

Әрине орыс терминологы Лоттенің пікірі бойынша, "өзге тілдерден дайын терминдерді шектен тыс көп қабылдау зиян", бірақ бұл өзге тілдерден термин қабылдауға болмайды деген пікірді білдірмеуге тиіс. Өйткені тілімізге ертерек, тіпті ХV-ХVIII, ХІХ ғасырларда араб, парсы, орыс тілінен енген сөздер төл лексиканың ажырамас бір бөлігіне айналып, тіл игілігіне қызмет етуде. Әдеби тілдің маңызды ресми-іскерлік саласында бүгінгі күні қолданылатын біршама сөздердің кейбірі тіпті өте ертеде терминге айналып, қолданысқа енген. Мысалы, араб - парсы тілдерінен енген айып, ақпар, алқа, арыз, жаза, кепіл, хат, шарт т.б. сөздері түсініктілігі, дыбысталуы жағынан да қазақтың төл сөзіндей болып кеткен.

Қазіргі кезде ресми құжаттарда пайдаланылып жүрген заң терминдерінің 19 ғасырдың ІІ жартысында қалыптасқандары да бар. "Бұл кезеңдегі ресми іс қағаздар стилінің ерекшелігі қазақ сөздерінен жасалған терминдердің қалыптаса бастауы" [7, 45]. Олар: дау, бітім, билік, кеңес (заседание), айғақ құн", ресми-іскерлік салада қалыптасқан терминдердің ішінде "бұрыннан келе жатқан араб-парсы сөздері де, жаңадан еніп, едәуір тұрақталып үлгерген орыс сөздері де бар. Олар: куә (һ), куә (һ) лік, күнә, сот, закон, статья, қызмет (служба), түрме" [9, 38].

Қазіргі кезде де қазақ тіліне орыс тілі арқылы латын, грек, ағылшын, француз, неміс, итальян, араб, парсы, т.б. тілдерден көптеген терминдер енген. Латын тілінен: деректемелер - реквизиты (reguisit), тұжырымдама - концепция т.б. Грек тілінен: домалақ арыз - анонимка (anonymos), іс жүзінде - практический (praktikas), рақымшыл - амнистия (amnistia) т.б.

Неміс тілінен: мәжіліс - парламент (parlament) т.б. Француз тілінен: дипломат - дипломат (diplomate), баянат - рапорт (rapport), төрелік сот - арбитражный суд (arbitrage), түйіндеме - резюме (resume), төлқұжат - паспорт (passeport).

Тілімізге енген бұл сөздер өзіміздің төл сөзіміздей болып кетті.

"Қазақ, орыс, шет тілдерінің сөз материалдары арқылы жасалған терминдер біздің халқымыздың ұлттық байлығына қосылған мол үлес болып табылады" [2, 154].

Бүгінгі күні тілші - мамандарды, тіл жанашырларын толғандырып жүрген ресми - іскерлік тілдегі терминология мәселелеріне тілдегі ала-құлалыққа апаратын құбылыс ретінде емес, тіліміздің байлығын арттырып, дамуына ықпал ететін оң шешімге апаратын жол есебінде қарауымыз қажет сияқты.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Кожина М.Н. Стилистика русского языка. -М.; Просвещение, 1983.

2. Лозина Н.М. Делопроизводство в системе государственного управления. -М., 1982.

3. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты. Елорда. -Астана - 2002.

4. Айтбаев Ө. Қазақ терминологиясы. Алматы, Ғылым, 1988.

5. Сборник Терминология и культура речи. -М.; Изд. Наука. 1981

6. Қазақ ономастикасы мен терминологиясының өзекті мәселелері. "Информ - А". -Алматы - 2005. Ы. Ақайұлы. Терминнің қолданыс аясы.

7. Дүйсембекова Л. Іс қағаздарын қазақша жүргізу. -Алматы. Ана тілі. 2000.

8. Есімболова М. Мемлекеттік тіл және жаңа әдістемелер.

9. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. -Алматы: Ана тілі, 1993.



Редакцияға 27.03.2008 қабылданды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет