Құрметті ауылдастар және жиынға қатысушылар!



Дата23.02.2016
өлшемі73.9 Kb.
#3890
Құрметті ауылдастар және жиынға қатысушылар!

Елбасының нұсқауымен дәстүрге айналған әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы уақытқа қойылатын міндеттерді тұрғындармен бірлесе отырып шешу жолдарын қарастыратын үлкен маңызы бар кездесу.

Өткен 2014 жыл егін шаруашылығына өте қолайлы болмаса да, шаруашылықтар күзгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізіп, қысқы мал азығы жем-шөпті толық қамтамсыз етіп, 2014-2015 жылдың қысқы мерзіміне толық дайындықпен кірді деп айтуға болады. Округіміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты дамып, мал басының орташа саны сақталып, тұрғындардың да әл-ауқаты жақсара түсуде. Округте бүгінгі күнге 29 шаруа қожалығы, 1 ЖШС қызмет жасап отыр.

Білім беру. Қазіргі заманның жан-жақты дамыған азаматы болу үшін ең басты талаптарының бірі сапалы білім алу.

І.Жансүгіров атындағы орта мектепте биылғы оқу жылында 81 оқушы білім алуда, оның ішінде 13-і Мелитополь ауылынан күнделікті тасымалданады. Шәкірттерге 23 ұстаз білім беруде. Алайда, бүгінгі күнде мектебімізде ең негізгі математика, физика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Білім алумен қатар, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуі, салауатты өмір салтын ұстануы үшін мектепте барлығы 9 спорттық секция және 2 үйірме жұмыс істеп келеді. Бірақ, мектепте арнайы музыка пәнінің мұғалімінің болмауы және материалдық-техникалық жабдықталуы жағынан әлі де болса толық қамтылмауы себебті дарынды, өнерпаз балалармен шығармашылық жұмыстар жүргізуде кемшіліктер де жоқ емес. Мектептегі жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесі де оң жолға қойылған. Округ бойынша қиын балалар ретінде ішкі істер бөліміне тіркеуде тұрғандар жоқ. Мектеп мұғалімдері, ерікті жасақшылар тобы учаскелік полиция қызметкерімен бірге көше тәртібіне үнемі бақылау жасап отырады.

Биылғы жылы мектепті 10 түлек аяқтағалы отыр. Оның 6-уы ҰБТ-ға қатысуға дайындалуда. Өткен жылғы нәтижеміз жақсы болды, Мукатаева Ақбота «Алтын белгісін» қорғап шығып, жалпы көрсеткіш 87 балл болып аудандағы орта мектептердің ішінде екінші орынды иеленген болатынбыз. Енді, биылғы жылы да барлық күш-жігерімізді салып сол көрсеткішті сақтап қалуға тиіспіз.

Мектепте балабақша, шағын орталық, даярлық тобы жұмыс істейді. Биылғы жылы балабақша толық күн жұмысына көшіп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Жалпы, биылғы оқу жылында мектепке 13 адам жұмысқа орналасты. Мұның өзі округтегі жұмыссыздар санының азаюына жақсы әсер етті. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмысы да реттелген. Бүгінгі күнге барлық оқушының 54-і тегін, қалғандары ақылы ыстық тамақпен қамтылған. Буфеттік қызмет түрі де көрсетіледі.

2014 жылы аудан әкімінің қолдауымен мектептің спорт залы мен төбесін күрделі жөндеуге 8 млн 17 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыс сапалы әрі мерзімінде атқарылды.

Денсаулық сақтау. Округта екі медициналық пункт тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр. Медицина қызметкерлері барлық профилактикалық жұмыстарын мерзімінде атқарып, скринингтік тексерулерге халықты жаппай ұйымдастыруда. 2014 жылы флюрографиялық тексеруден барлығы 294 адам, қатерлі ісік ауруларының алдын алу тексерулерінен 108 адам, жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алудан 105 адам тексеруден өтті. Ал мектеп оқушылары толығымен медициналық тексеруден өткізілді. 2014 жылы туберкулез ауруына жаңадан шалдыққан науқас тіркелген жоқ. Үйдегі қарт адамдарға, мүгедектерге үнемі тиісті тексерулер жүргізіліп, қажетті көмектер жасалады. Жыл бойында 7 бала дүниеге келіп, 7 адам қайтыс болды.

Мәдениет және спорт. Шұғылбай ауылындағы клуб үйінің жағдайы мен оның материалдық-техникалық жабдықталуы, кәсіби маманның жоқтығы бұл саланың жұмысын жоққа шығарып отыр. Бұл мәселе бойынша құзырлы мекемелерге талай қызметтік хаттар жіберілді, қаржы бөлуді сұрадық. Алайда, сол қаржы тапшылығы, халық санының аздығы көлденең тартылып мәселе шешімін таппай келеді. Дегенмен, осы саланың қызметкерлері барлық ұлттық, мемлекеттік мерекелерді және басқа да спорттық іс-шараларды атаусыз қалдырмай мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып өткізіп жүр. Өткен жылы жерлесіміз Марат Мухамедовты еске алуға арналған волейболдан үлкен турнир ұйымдастырылды. Турнирдің өтуіне ауылдағы шаруа қожалықтары, әріптестері және туыстары демеушілік жасады. Сонымен қатар, ҰОС ардагері «Ленин» орденінің иегері ұлағатты ұстаз Ж.Байжұмановтың туғанына 100 жыл толуына оның ұрпақтарының ұйымдастыруымен еске алуға арналған патриоттық тақырыптағы кездесуі қарттар күнімен орайластырылып өткізілді.

Енді, алдағы жылы алдымызда үлкен төрт айтулы датаны атап өту белгіленіп отыр. Олар ҰОС-ғы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығы, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдық мерейтойлары. Біздің тарихымызда бұлардың әрқайсының өзіндік орыны бар болғандықтан, оларды арнайы іс-шаралар жоспарымен тәрбиелік маңызын аша отырып өткізуге тиіспіз. Негізгі ұйымдастыру жұмыстарын әкімдік және мектеп ұжымы бірлесе отырып жүргізеді. Ал, материалдық жағынан қолдауды бүкіл ауыл болып, әсіресе шаруа қожалықтарының көмегімен атқаратын боламыз.



Қоғамдық қауіпсіздік. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша округте алдап-арбау бойынша 1 қылмыстық іс және әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 25 факті тіркелді. Құқық бұзушы барлық азаматтарға айыппұлдар салынып, жауапкершілікке тартылды. Ал, бүгінгі ұсақ құқық бұзушылықтың арты ертең қылмысқа айналмасына кім кепіл бола алады. Оны әкімдіктің немесе полиция қызметкерінің жеке жұмысы деп қарамау керек. Бұл бүкіл қоғамның ісі. Сіздер біздің атқаратын міндеттерімізге қолдау көрсетіп отырсаңыздар жұмыс әруақытта оң нәтиже береді. Яғни, Елбасының үнемі айтып отыратын ауызбіршілікте, береке-бірлікте болайық дейтін сөздерінің түп-төркіні осында жатыр. Жалпы алғанда, округтегі қоғамдық- саяси ахуал тұрақты. Жат діни ағымдар, экстремистік бағыттағы ұйымдар, нашақорлар жоқ. Барлық жағдай үнемі бақылауда ұсталады.

Ауыл шаруашылығы. Округте халықтың негізгі тыныс-тіршілігі мал және егін шаруашылығы қатар дамыған. 2014 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша округте 2282 бас ірі қара малы болса, 2015 жылдың 1 қаңтарындағы санақта 2428 бас тіркелді, 2014 жылы тіркелген 2524 бас ұсақ малы 2015 жылы керісінше 2277 басқа кеміді, оның себебі кейінгі жылдары бруцеллез ауруы шыққаннан кейін көптеген шаруашылықтар бірыңғай ірі қара мен жылқы малын ұстауға көшкен болатын, жылқы малы 2014 жылғы 740 бастан 2015 жылы 764 басқа көтерілді. Мал шаруашылығын кеңейтуге «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 2013 жылы 2 адам несие алса, 2014 жылы 4 адам несие алды. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша ақшалай келісімді көмек алып отырған аз қамтылған отбасылар да мал сатып алып жеке қосалқы шаруашылықтарын жүргізе бастады және әрбір отбасында кемінде 1 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Округқа жыл басынан бері барлығы 73 млн теңгенің инвестициясы тартылды. Оған «Мейірбек», «Қажы-мұқан», «Самур», «Берік», «Қалима» «Оян-бірлік» шаруа қожалықтары жаңа ауыл шаруашылық техникаларын және асыл тұқымды малдар сатып алды. Осының барлығы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге ұзақ мерзімге несие беріп, олардың өсіп-өркендеуіне қолдау көрсетуінің арқасында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар.

Мал шаруашылығына қатысты ветеринарлық жұмыстардың барлығы да жоспар бойынша жүргізілді. Сондай–ақ, бюджет қаражаты есебінен 450,0 мың теңгеге раскол салынып, пайдалануға берілді.

Округтағы ауыл шаруашылығының тағы бір саласы егін шаруашылығы. Ағымдағы жылы егін-дала жұмыстарына 21 шаруа қожалығы қатысып, 1110 га жерге бидай, 1420га жерге арпа, 100 га сұлы, 3243 га жерге күнбағыс егілген болатын. Күзгі дала жұмыстары мерзімінде жүргізіліп қамбаға 1435 тонна бидай, 1150 тонна арпа, 40 тонна сұлы, 1815 тонна күнбағыс өнімі түсті. Күзгі дала жұмыстары бойынша 2000 гектардай егістік алқабы жыртылды.



Инфрақұрылым Адамдардың қалыпты өмір сүруі үшін ең маңызды нысандар - жолдар, байланыс және электр энергиясы. Байланыс пен электр қуаты үздіксіз беріліп отыр. Авариялық жағдайлар туындаған кездері жөндеу жұмыстары жедел жүргізіледі. Ал, жол мәселесі бүгінгі күнге ең күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Жазғы маусымда грейдермен қырылып, жол жиегіндегі шөптер шабылды. Қысқы уақытта жолдар жабылып, мүлдем қатынас тоқтаған кездер болған жоқ. Ішкі жолдарды меморандум бойынша шаруа қожалықтары тазалайды.

Көшелерді жарықтандыру бойынша Ш.Уалиханов көшесіне 2014 жылы 7 баған орнатылды.



Қызмет көрсету. Бүгінгі күнде округ тұрғындарын күнделікті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Округте 5 жеке кәсіпкер халықты күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Нанмен қамтамсыз ету мәселесі де шешілді. Жеке кәсіпкер Ерботина Ақбота «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 3 млн теңге несие алып, наубайхана ашты. Нанның бағасы тұрақты сауда орындарына салмағы 700 грамдық нан 53 теңгеден жеткізіледі де, 55 теңгеден сатылады. Ауыл тұрғындары күнделікті ыстық нанмен қамтылып, нанның сапасына да дән риза болып отыр. Алдағы уақытта олар тоқаш, кондитер өнімдерін де шығаруды мақсат етуде.

Халыққа мемлекеттік қызмет көрсетіп отырған селолық округ әкімдігінің жұмысы да өткен жылы аудан әкімі тарапынан жоғары бағаланды. 9 айдың қорытындысы бойынша біздің округ әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша бірінші орыннан көрінді. Мемлекеттік қызмет түрлері мерзімінде, сапалы орындалады. Жыл бойында азаматтардан 8 өтініш түсіп, барлығы да қанағаттандырылды.

Округтегі көші-қон жағдайы да тұрақты, жыл басынан бері 21 адам кетіп, керісінше 27 адам келді. Жазғы маусымда көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізілді, тазалық сенбіліктері ұйымдастырылды. Қоқыс төгетін орын тегістетіліп, қаңғыбас иттер ауланды. Мемлекеттік кіріс басқармасының берген жоспарындағы салықтың барлық түрлері мерзімінде бюджетке түсірілді, 2014 жылдың екі жартыжылдығында да баспа басылымдарына жазылу науқаны толыққанды жүргізілді. Округтегі шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер өздерінің бизнестегі жауапкершілігін де ұмытқан емес. Кез-келген уақытта техникасымен, жұмысшыларымен, қаржылай да көмек көрсетуге әзір. Енді, келген 2015 жылы да осы азаматтардың көмегінің арқасында алдыға қойған мақсаттарымызға жетіп, жүктелген міндеттерді орындап шығамыз деген ойдамын.

Құрметті ауылдастар, өздеріңіз білесіздер Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауын биылғы жылы әдеттегіден ертерек, жылдың соңында жариялады. «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» деген атпен жарияланған Жолдау, бүкіл қазақстандықтардың қызу қолдауына ие болды. Жолдаудың негізгі түйіні Қазақстанның барлық тараптарын бір-бірімен байланыстыратын үлкен магистральдардың салынуы, шын мәнінде ұлттық экономиканың дамуына қан жібертін күре тамыр іспетті болмақ. Дүние жүзін шарпыған экономикалық дағдарыс, халықтар, мемлекеттер арасындағы қырғи қабақ соғыстар жүріп жатқан кезде осындай ауқымды жобаларды жүзеге асыру аса оңай шаруа емес. Мұндай жобаны Елбасымыз еліне сенгендіктен, оны жүзеге асыруға барлық алғышарттардың бар екендігін ескере келе ұсынып отыр. Ендеше, теңізге құйған тамшыдай болып біз де өзіміздің еселі еңбегімізбен елге қызмет жасайық.



Шұғылбай селолық округінің әкімдігі 2015 жылы алдына төмендегі міндеттерді алады:

  • Мал шаруашылығы саласы бойынша асыл тұқымды малдардың санын арттыру және жазғы маусымда малдарды жайлауға шығару;

  • І.Жансүгіров орта мектебінің директорымен бірлесе отырып негізгі пәндер бойынша қажетті мұғалімдерді 2015 жылдың басынан бастап іздестіру, мамандар жәрмеңкесіне қатысып мәселені толық шешу;

  • Меморандум бойынша Шұғылбай ауылында орналасқан Ардагерлер белгісін жаңарту, абаттандыру;

  • Шұғылбай ауылының Маметова көшесін жарықтандыру;


.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет