Құрметті жерлестер!



Дата24.02.2016
өлшемі213.2 Kb.
#15886

Құрметті жерлестер!

Көкбайрағы желбіреген Тәуелсіздіктің үшінші он жылдығына қадам басқан биылғы жылы Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дәстүрлі кезекті Жолдауын жариялап, дамудың жаңа кезеңіне бағытталған елімізді биік белестерге көтеру мақсатындағы міндеттерді нақтылап берді. «Әлеуметтік- экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын тарихи құжатта әлеуметтік –экономикалық дамудың ауқымды бағдарламасы арқылы өмірлік маңызды мәселелер қамтылған.

Табиғи байлығы, көз тартар келбеті бар қойнауына құт дарыған Зайсан ауданының тұрғындары да осынау тарихи құжатты ыстық ықыласпен қуаттады. Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы тойланған өткен 2011 жылды ауданымыз елеулі жетістіктермен қорытындылады. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Зайсан ауданы облыстағы қалалар мен аудандардың арасында көш бастап, бірінші орынды еншіледі.
Ауданның демографиялық ахуалы
Қала және сегіз ауылдық округтің аумағын қамтыған аудандағы 34 елдімекенде 38,2 мың адам тұрады. 2011 жылы 1498 адам көшіп келсе, 1657 көшіп кеткен. Бір жылдың ішінде 730 сәби дүние есігін ашқан, табиғи өсім – 297 адам.

Біздің өңірге өзге жақтан келіп қоныс аударушылар қатары жыл сайын оралман ағайындармен толығып келеді.


Өнеркәсіп
Түгін тартсаң май шығатын біздің аудан Қазақстан бойынша «Алтын адам» табылған киелі аймақтың бірі. 2011 жылы ауданда өнеркәсіп өнімдерінің табиғи көлем индексі 97,9 пайызды құраса, бұл салада жалпы өнім көлемі 2983,1 миллион теңге болды. Немесе өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 54,9 пайызға артты. А.Дудник басқаратын «Сайхан» ЖШС-і көмір өндіру ісін жүйелі жолға қойған. Былтырғы жылы 59,7 мың тонна көмір өндірілді. 2010 жылмен салыстырғанда көмір өндіру ісі 20,9 пайызға артық.

Соңғы жылдары ауданымыз еліміздегі мұнайлы аймақтың қатарына қосылды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні өңіріміздегі мұнай саласына жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып, жиыны 490 адам еңбек етуде. Өткен 2011 жылы алғаш рет 5,6 миллион теңгенің 200 тонна шикі мұнайы өндірілді. Бұрын соңды Шығыста мұнай өндірісі болмағандықтан кәсіби мамандар Қазақстанның мұнайлы аймақтарынан келіп аусымдық тәсілмен жұмыс істеуде. Алдағы уақытта Зайсан қаласынан мұнай саласына қажетті мамандықтар бойынша кәсіби мамандар даярлау ісі жолға қойылады. Сол мақсатта колледж ашу мәселесі бойынша қазір жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселе болашақта түбегейлі шешімін табады.

Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстанды экономикалық-әлеуметтік дамытудың он басым бағыттарын белгілеп берді. Соның алғашқысы халықты жұмыспен қамту мәселесіне арналды. Кәсібі бар адамның ертеңге деген сенімі берік болатыны белгілі. Аудан бойынша осы уақытқа дейін жұмыссыз жүрген адамдарды тиімді шаруаға тартуға байланысты нақтылы жұмыстар жүргізіліп келеді. Кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында қаладағы кәсіптік-лицей базасында арнайы курстар ұйымдастырылып, жұмысшы кадрларының құрамын нығайту бағытында жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 39500,0 мың теңге бөлініп, 4 кредит беру серіктестігі құрылды. Соның нәтижесінде 14 адам мал өсіру, автокөліктерді техникалық жөндеу, наубайхана, көкөніс сақтау, жарнамалық қалқандар жасау секілді кәсіп түрлерімен жаңа жұмыс орындарын ашты. Сондай-ақ осы бағдарлама бойынша «Жастар іс-тәжірибесі» арқылы 18 жас маман, әлеуметтік жұмыс орындарына 16 адам жұмысқа жіберілді. Бұл мақсаттарға барлығы 17836,0 мың теңге жұмсалды. Биылғы жылы осындай тиімді істі екі есеге ұлғайту жоспарлануда. Әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін мүмкін кәсіп түрлерін дамытуға жан-жақты мүмкіндіктер ойластырылуда.

2011 жылы аудан бойынша жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны – 625 болса, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 626 болған. Биылғы 1 қаңтарға жұмыссыздар саны 160 адамды құрады. Былтыр 179 жұмыс орны ашылып, 769 адам жұмысқа орналастырылды.


Шағын және орта кәсіпкерлік
Ел басы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударып, көңіл бөліп келеді. Өйткені бұл саланың халықты жұмыспен қамтуда маңызы зор. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік бойынша тіркелген заңды тұлғалар саны – 66, Белсенді жұмыс істеп тұрғаны – 32. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда (31 кәсіпорын) 103,2 пайыз. Өңірде кәсіпкерлік ісін нығайтып, өзіне де өзгеге де тиімді іспен шұғылданып, жарқын бастамаларға ұйтқы болып жүрген іскер азаматтар қатары көбейіп келеді.

Биылғы жылдың 1 қаңтарына барлық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жергілікті бюджетке түскен салық 351191 мың теңгені құрады. Бұл 2010 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 14,3 пайызға артық. Биылғы 1 қаңтарда аудан халқына шағын бизнес саласынан 6 базар 159 сауда үйлері мен дүкендері, 4 тойхана, 22 дәмхана, 8 асхана, 12 шаштараз, 6 аяқ киім жөндеу, 8 тігін шеберханасы, 7 қонақ үй, 3 көпшілік монша, 4 фотосалон, 4 косметикалық қызмет көрсету салоны, 1 аудио-видео жөндеу шеберханасы, 2 ұялы телефондар жөндеу, 4 компьютерлік қызмет көрсету орындары, 3 тіс емдеу кабинеті, 8 жанар-жағармай құю станциялары, 1 пима басу шағын цехы, 12 май сығу цехы, 24 наубайхана, 2 техникалық қызмет көрсету орталығы, 8 автокөлік жөндеу шеберханасы, 17 дәріхана, 2 ветеринариялық дәріханалар халыққа қызмет көрсетуде.

Зайсан қаласында 2011 жылы «Икеп» шаруа қожалығы ұн зауытын іске қосты, жеке кәсіпкер А.Барысов сүт өнімдерін шығаратын зауытты іске қосты. Жеке кәсіпкерлер Ш.Келгенбаев, М.Әділбаева жаңадан «Рахат» қонақ үйін, «Замана» дүкенін салып, пайдалануға берді. Сол секілді Б.Ынтықбаева «Марал» кулинария цехы мен дүкенін қайтадан салса, жеке кәсіпкер Ахметжанова «Рахат» кондитер цехының ғимаратын ұлғайтып, іске қосты. Ауданда 1 шаштараз, 2 дүкен пайдалануға берілді.

Елімізде индустриялық –инновациялық жобалар бүгінде айрықша маңызға ие болып отыр, бұл бағытта іске асырылатын шаруа ауқымды.

Қазақстан Республикасының индустриялық картасына ауданымыз-
дан белгілі кәсіпкер Қуат Абжанов басқаратын «СМУ-Шығыс» ЖШС-не қарасты темір-бетон зауытын ұлғайту және құны 631,3 миллион теңге тұратын жаңалау жобасы енгізілді. Соның ішінде кәсіпорынға мемлекет тарапынан 210 миллион теңге жеңілдетілген несие, инфрақұрылымдар мен инженерлік жүйелер салуға 270 миллион теңге берілген. Кәсіпорнынның өз қаржысы – 151,3 миллион теңге, осы уақытқа дейін игерілгені 486 миллион теңге.

Аудандағы сауда орындарында халық тұтынатын заттардың, азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақты ұстау ерекше назардағы істің бірі. Құнсыздану үрдістеріне бақылау жасау жөнінде құрылған аудандық штаб жоспарлы жұмыс атқаруда. Сауда орындарындағы, жанар-жағар май станцияларындағы бағаларға күнделікті мониторинг жүргізіледі, үстеме бағаны 10 пайыздан асырмай саудалау жөнінде жасалған меморандумдардың орындалуы қадағалауға алынған. Өткен жылдың қазан айында аудандағы наубайхана қожайындарымен бір жыл мерзімге бір бөлке нанның бағасын 43 теңгеден асырмай сату туралы келісім жасалған. Бүгінде ауданда нан өнімдерінің бағасы тұрақты. Ауданда кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға қажетті жер учаскелері ешқандай кедергісіз беріледі. Былтырғы жылы осы мақсатқа жалпы көлемі 3,2 гектар 13 кәсіпкер жер учаскелерімен қамтылды. Облыстық деңгейде өткізілетін конкурстарда аудан кәсіпкерлері жүлделі орындардан көрініп жүр. Зайсан ЖШС 2011 жылдың 11 маусымында өткен «Қазақстанның үздік тауарлары – 2011» облыстық көрмесінде облыс әкімі Б.Сапарбаевтың алғыс хатымен марапатталды.

2011 жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жоспарлы жұмыстар өз жалғасын тапты. «Сайқан», «СМУ-Шығыс», «Зайсан-Құрылыс» компаниясы, «Нұр-Сервис» ЖСШ-і басшыларымен өзара көмек және өзара әрекет ету туралы меморандумдарға қол қойылды. Аудан бойынша 2011 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатына жасалған меморандумдар саны 173. Соның нәтижесінде 108,769 млн. теңгенің жұмысы игерілді. Соның ішінде ауданның дамуына 22 меморандум, демеушілік материалдық көмекке 151 меморандум жасалды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудан кәсіпкерлері көптеген игілікті істі ұйымдастырып, жарқын бастамалардың жаршысы болуда. Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың бастамасымен Шығыстан бастау алған «Туған жерге тағзым» акциясына нақтылы іспен қолдау білдірген жерлестеріміз ауданымыздың көркейіп, дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді. Кәсіпкер азаматтардың жомарттығымен ауданда үш мешіт жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Дайыр, Жамбыл ауылдарында саябақтар, Зайсан қаласында «Қазақ елі» монументі бүгінде көз тартатын әдемі орынның біріне айналған. Жеке кәсіпкерлер өз қалталарынан қаржы шығарып аудандағы елдімекендерді абаттандыру, көгалдандырып, көркейту ісіне де үлестерін қосуда. Зайсан қаласында, Қаратал, Көкжыра ауылдарында демеушілердің көмегімен көрнекілік қақпалары орнатылса, «СМУ-Шығыс», «Зайсан-Құрылыс», «Зайсан-Тазалық» ЖШС-і Жарсу, Жамбыл, Қуаныш ауылдарының көшелеріне, ондағы жолдарға 16, 4 млн. теңгенің талапқа сай жөндеу жұмыстарын жүргізіп, халықтың талап тілегінің орындалуына көмек көрсетті. Аудандағы іргелі кәсіпорынның бірі «СМУ-Шығыс» ЖШС-і Зайсан қаласындағы ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақтың жолын асфальттады.

2012 жылы кәсіпкерлік саласы бойынша жоспарланған мақсатты істер мен міндеттер ауқымды. Өнеркәсіпті 7 пайызға, тау-кен өндірісін –5 пайызға, өңдеу өнеркәсібін – 7 пайызға ұлғайту көзделіп отыр. Сол секілді республикалық және аймақтық индустрияландыру картасына енгізілетін жобалар санын көбейту, инновациялық белсенді кәсіпорындар санын арттыру секілді көптеген міндеттер орындалуға тиіс.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары
Аудан көлемінде жалпы ұзындығы 460 шақырым автомобиль жолдары пайдаланылса соның 168 шақырымы республикалық, 81 шақырымы облыстық, 211 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары. 211 шақырым жергілікті жолдың 29 шақырымына асфальт, 158 шақырымына құм-тас төселген. 2011 жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын маусымдық ұстауға жергілікті бюджеттен 8,0 млн. теңге қаралып толығымен игерілді. Аудандық маңыздағы 16 шақырымдық «Омбы-Майқапшағай-Жамбыл-Дайыр-Көкжыра», 12 шақырымдық «Біржан-Ақарал», 22 шақырым «Зайсан-Жаңатұрмыс-Шүршітсу» көлік жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 27,0 млн. теңге бөлініп, бұл жұмысты «Зайсан-Тазалық» мекемесі атқарды. Жергілікті бюджеттен техникалық құжаттар жасауға 1600,0 мың теңге қарастырылып, жылжымайтын мүлік орталығы арқылы «Омбы-Майқапшағай- Жамбыл - Дайыр-Көкжыра» 16 шақырым, «Зайсан-Жаңатұрмыс-Шүршітсу» 22 шақырым, 12 шақырым Сарытерек ауылына кіреберіс автокөлік жолдарына төл құжаттар жасалды.

Зайсан қаласындағы 11 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстарына 10,0 млн. теңге бөлініп, жоспарланған шаруалар толық атқарылды. Соңғы бірер жылдың ішінде аудандағы барлық елдімекендерді көркейтіп, абаттандыру, көгалдандыру мақсатында қомақты шаруалар атқарылды. Зайсан қаласындағы Жанкелдин мен Баиытов, Шегір мен Керімбаев көшелерінің қиылысына 3300,0 теңге қаржы қарастырылып, бағдаршамдар орнатылып, іске қосылды. Жолаушы қауымға қызмет көрсететін қалаішілік автобусқа жергілікті бюджеттен 7,0 миллион теңге субсидия бөлініп, қаражат толық игерілді. Аудандағы 12 елдімекенде 249 шақырым ауыз су құбыры, 9 су қоймасы, 11 су мұнарасы болса, соның ішінде 140 шақырым ауыз су құбыры Зайсан қаласында. Бүгінгі күнге қала ауыз сумен толық қамтылған. Сумен жабдықтау және су бөлу жүйесінің қызмет етуін қамтамасыз ету үшін 10400,0 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді. «Зайсан ККМК» кәсіпорнына су құбырларын қалыпты жағдайда ұстауға және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 6000,0 мың теңге қаржы бөлініп, игерілді. «Топаз» ЖШС-і арқылы Зайсан қаласының жер асты суларының мониторингісін жүргізуге 4400,0 мың теңге бөлінді. Өткен жылы мерекеленген Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне қарай өткізілген акцияға байланысты көктем, күз айларында аудан бойынша 55500 түп ағаш көшеттері мен әр түрлі гүлдер егіліп, өсірілді. Жанкелдин көшесінің бойына «Қазақстан Республикасының 20 жылдығы алаңы» салынып, 7 мың шаршы метр жерге абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жеке кәсіпкер М.Абижановтың қаржыландыруымен салынған «Қазақ елі» монументінің жанынан «Бейбітшілік» саябағы қоршалып, жөндеу жұмыстарын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттары жасалды.

Тазалық, көркейту, когалдандыру бағытында аудан бойынша атқарылған жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін көрсетті. Әсіресе, Зайсан қаласында орналасқан мекеме, кәсіпорындар, мектептер, тапсырылған істі жауапкершілікпен атқарып, көшелердің жасыл желекпен көмкеріліп, гүлдердің жайқалып өсуіне ұйымшылдықпен атсалысты. Бұл іске аудан әкімінің дербес бөлімдері де белсене араласты. Қорытындысында Зайсан қаласы шағын қалалар арасында ұйымдастырылған сайыста облыста көш бастап «Үздік қала номинациясы» бойынша бірінші орынды иеленіп, 8819,0 ақшалай марапаттың иесі атанды. Бұл қаржы қаланы аббаттандыруға жұмсалады.

Биылғы жылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатына 7,2 млн. теңге бөлініп Зайсан қаласындағы Кондюрин – Спамбетов, Желтоқсан –Спамбетов, Головченко – Торайғыров, Астана – Кондюрин көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату жұмысы атқарылады. Сондай-ақ аудандағы жергілікті жолдарды маусымдық ұстауға жиыны 30,0 млн. теңге қаражат қарастырылды.

Зайсан қаласында көшеаралық автобустарын жүруін қамтамсыз етуге жергілікті бюджеттен 10,0 млн. теңге, Тасбастау ауылындағы 34 үйге төл құжат жасатуға 527 мың теңге, су жүйелерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге 10200,0 мың теңге, 60 пәтерлі тұрғын үйді қалыпты жағдайда ұстау үшін 1590,0 мың теңге жоспарланып отыр.

Аудандық бюджеттен мөлтек аудандағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын талапқа сай абаттандыру жұмыстарына 8,5 млн. теңге, Ұлы Отан соғысы ардагерлері алаңы құрылысына 24,226 млн. теңге, «Бейбітшілік» паркіне 23,776 млн. теңге, Ақбасов көшесінің электр желілерін жөндеуге 2,550 млн. теңге, Зайсан қаласындағы Жанкелдин, Мәукенұлы, Баитов, Шегіров көшелерін жарықтандыруға 11,311 млн. теңге, Победа, Баитов, Мәукенұлы, Абай көшелерін жөндеу жұмыстарына барлығы 100,0 млн. теңге қаражат қарастырылды. Қ.Рысқұлбековке арналған жаңадан салынатын саябақтың жобалық-сметалық құжаттарын жасауға 0,5 млн. теңге бөлінді. Кеңсай ауылынан биыл құны 9,669 млн. теңге тұратын стадион құрылысы басталады.


Құрылыс саласы
Ауданда құрылыс саласында атқарылған жұмыстар өз нәтижесін көрсетіп келеді. «Тұрғын үй» бағдарламасының орындалуы өткен жылы 2986 шаршы метр болды. Ауданның сәулет саласында жаңа құрылыстардың алатын орыны ерекше. 2011 жылы 3 млрд. 741,5 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Бұл 2010 жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда 4,3 есеге артық. Былтырғы ауқымды құрылыс-
тардың бірі – Сарытерек ауылдық округінің аумағынан басталған спорттық сауықтыру базасының ғимараты. Былтыр бұл құрылысқа 75 млн. теңге бөлініп, «Зайсан-Құрылыс» компаниясы жоспарлы жұмысты бастаған. Биылғы жылы маусым айында пайдалануға беріледі. Зайсан қаласында ластанған суды әкету және тазалау ғимаратының құрылысының жобалық-сметалық құжаттарына 20,0 млн.теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Айнабұлақ, Дайыр ауылдарын ауызсу мен қамтамасыз етуге байланысты жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан өтті. Зайсан қаласында «Бәйтерек» мұнарасын, қақпалар орнату, жарықтандыру, көшелерді ағымдағы жөндеуден өткізу, Жанкелдин көшесінің бойына, әуежайға апаратын жолдардағы саябақтарға сумен қамту жүйесін орнатуға жергілікті бюджеттен 63 млн. 914 мың теңге қаржы бөлінді. Сол секілді Шалқар, Ақарал, Көкжыра, Айнабұлақ, Үлкен Қаратал, Зайсан қаласындағы Абай, Желтоқсан, Жанкелдин көшелері жарықтандырылды. Желтоқсан, Жанкелдин көшелерін абаттандыруға 35 млн. Зайсан қаласының көшелерін жөндеуге 10 млн. теңге бөлініп, қаржы толығымен игерілді.

Қатты қалдықтар полигонының құрылысына – 81,2 млн. теңге, Біржан ауылының су құбыры желілерінің құрылысына 115,05 млн. теңге, спорттық модуль құрылысына 186 млн. теңге бөлініп, жоспарлы жұмыстар толық аяқталды. Республикалық бюджеттен бөлінген 108 млн. теңгеге ветеринариялық зертхана ғимаратының құрылысы, 90 млн. теңгеге аудандық прокуратура ғимаратының құрылыстары жаңадан салынды. Зайсан қаласындағы су құбырлары желілерін қайта жаңғыртуға 280 млн. теңге жұмсалды. 140 орындық балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.

Елбасының биылғы Жолдауында халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі міндеттелді. Онда қолжетімді баспанамен қамтудың бірнеше жолдары атап көрсетілді. Бұл бағытта аудан бойынша атқарылатын шаруа ауқымды. Ауылдық жерлерден бюджет есебінен 2 пәтерлі тұрғын үйлер салу мәселесі ойластырылып, шешімін табуға тиіс.

Биыл Зайсан қаласынан 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспардағы істің бірі. Бұған облыстық бюджеттен 172,0 млн. теңге қаражат қарастырылды. Сол секілді Заречный мөлтек ауданындағы бұрынғы әскери казарманың бос қалған ғимаратын шағын отбасылық жатақханаға айналдыру ісі қолға алынбақ.

Құрылыс саласында биылғы жылға жоспарланған жұмыстың ауқымы үлкен. Қаратал ауылында ауылдық округ әкімшілігінің ғимаратының құрылысы басталады. Оның жобалық-сметалық құжатына аудандық бюджеттен 3,0 млн. теңге бөлінді.

Биылғы жылы Айнабұлақ, Біржан, Қуаныш, Мұқашы, Қарабұлақ, Қаратал, Жарсу, Дайыр, Сарытерек, Көгедай, Шілікті, Жалши ауылдарын жарықтандыруға аудандық бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Сол секілді Айнабұлақ, Қарабұлақ, Үлкен Қаратал ауылдарын абаттандыру жұмыстары да жүзеге асырылады. Бұған қажетті қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылған.


Ауылшаруашылығы саласы
Өңіріміздегі негізгі саланың бірі –ауылшаруашылығы. Ата кәсіп – мал шаруашылығы мен егіншілікті дамыту ісі соңғы жылдары алға басып, қарқынды дамып келеді. Ауданымызда биылғы бірінші қаңтарға 60744 бас ірі қара, 130207 бас қой-ешкі, 12932 бас жылқы бар. Былтыр ауыл шаруашылығы малдарын жұқпалы аурулардың алдын алу іс-шаралар жоспары 100 пайызға орындалды. Сарып ауруына 52230 бас ірі қара, 122048 бас қой-ешкі алғаш рет, 31422 бас ірі қара, 81052 бас қой-ешкі қайталап тексерілді. Нәтижесінде 868 бас ірі қара, 793 бас қой-ешкі сарып ауруына оң таңба беріп, етке өткізілді. 50 мың бас ірі қара бірдейлендіріліп компьютерлік базаға енгізілді. Ауданда 1 мал сою пункті, 7 мал сою алаңы жұмыс атқарып тұр. 1 мал сою алаңының құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттары тіркеуге өткізілді. 3 мал дәрігерлік аптека халыққа қызмет көрсетуде.

Өткен жылы мал бордақылап, 185 тонна сапалы ірі қара етін өндіргені үшін «Нұр» шаруа қожалығына 22,2 млн. теңге мал азығына кеткен шығынды арзандатуға мемлекеттен субсидия берілді. Қазіргі уақытта аталған шаруа қожалығының бордақылау алаңында 850 бас өгізшелер семіртілуде. «Жасұлан» шаруа қожалығы 8 тонна қымыз өндіріп, сатқаны үшін литріне 60 теңгеден 480 мың теңге субсидия алды. 50 бастан артық аналық ірі қара малдары бар аудандағы 20 шаруа қожалығының аналық малының әр басына ірі сабақты мал азығының шығынын арзандатуға 4500 теңгеден жиыны 7 млн. 762 мың теңге субсидия берілді. Ауылдық жерлерде өзін өзі еңбекпен қамтып отырғандардың басым бөлігі төрт түлік өсіріп, жер-ана қойнауын баптаумен айналысып табыс көзін тауып келді. Ауданымызда 9 шаруа қожалығы бүгінгі күні 512 бас асыл тұқымды ірі қара малды сатып алуға ниет білдіруде.

Аудан бойынша өткен жылы ауылшаруашылығынан өндірілген өнімнің көлемі 9 млрд. 157,8 миллион теңгені құрады. Ауылшаруашылық өнімдерінің нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 109,1 пайызға артық. Былтырғы жылғы көктем айында егіс алқаптарын кеңейту шараларына байланысты нақтылы жұмыстар жүргізілді, қосымша пайдаланылмай келген бос жерлер айналымға қосылды. Соның нәтижесінде егістіктік алқаптағы ауылшаруашылығы дақылдарының көлемі 14107 гектарға жетіп, 9,3 пайызға өсті. Аудан бойынша егін алқаптарына 5800 тонна органикалық, 65 тонна минералды тыңайтқыштар пайдаланылса, 2500 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары ылғал сақтау технологиясы бойынша егілді. Былтырғы жылы 4090 гектарға бидай, 665 гектарға арпа, 286 гектарға тары, 3504 гектарға майлы дақылдар, 2254 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілді. Нәтижесінде аудан бойынша дәнді дақылдың әр гектарынан 17,3 центнерден, көкөністің әр гектарынан 145 центнерден, картоптан 135 центнерден, бақша дақылдарынан 160 центнерден өнім жиналды. Қала және ауылдық округ әкімдері өз аумақтарында тұратын шаруа қожалықтарымен меморандумдар жасасып, мектеп асханаларын тұрақты түрде көкөніс түрлерімен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапса, өндірген өнімдерін қыс, көктем айларында аудандағы тұтынушы қауымға базар бағасынан арзан саудалауға келісім-шарттар жасалды. Бүгінгі күні аудандағы қоймаларда жиыны 890 тонна картоп, 125 тонна қырыққабат, 72 тонна көкөніс сақталып, қазіргі күні саудалануда.

Ауылшаруашылығы еңбеккерлерін қолдау бағытында жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалардан аудандағы еңбеккер қауым қалыс қалған жоқ. Өрісті төрт түлікке толтырып, мал басын асылдандыру ісімен айналысқан, мал бордақылап, ет өнімін өндірген ауылшаруашылық құрылымдары, шаруа қожалықтарына жиыны 32,8 миллион теңгенің субсидиясы төленді.

2011 жылы үш шаруа қожалығының иесі «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5,1 миллион теңгенің шағын несиесін алып, өз кәсіптерін ары қарай дамытуда.

Аз қамтылған 25 отбасына 18 млн. 90 мың теңгенің шағын несиесі берілді. Былтырғы жылы ауылшаруашылық құрылымдарына өсімдік шаруашылығының шығын-


дылығы мен сапасын арттыруға 22 млн. 176 мың теңгенің, элиталық тұқым сатып алған үшін 386 мың теңгенің, минералды тыңайтқыш сатып алғаны үшін 1 млн. 582 мың теңгенің субсидиясы төленді. Асыл тұқымды мал сатып алғандарға, мал бордақылап, ет қымыз өндіргендерге ірі сабақты мал азығының құнын арзандатуға, аналық мал басына 41,1 млн. теңгенің субсидиясы берілді. Республикалық бюджет есебінен аудандағы 7 мың гектар егістік алқапқа жемір шегірткеге 3,660 мың гектер жерге карантиндік арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Ұлттық норма бойынша аудан халқын негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, бидай – 109 пайыз, ет – 165 пайыз, сүт – 166 пайыз, картоп – 5,5, көкөніс – 2,3 есе, өсімдік майы – 243 пайызды құрап отыр.

Аудандағы ауылшаруашылығы техникаларының 81 пайызы әбден ескірген, жаңалауды қажет етеді. Алайда жаңа техника алуға аудандағы шаруа қожалықтарының ауылшаруашылық құрылымдарының барлығында мүмкіндік жоқ. Соңғы екі жылдың ішінде лизинг арқылы үш «Белорусь-952», бес «МТЗ-82» екі «СК-5» Нива комбайндары жаңадан сатып алынды. Биылғы қаңтар айында аудандық ауылшаруашылық бөліміне шаруа қожалықтарынан лизингіге 6 «МТЗ-82» тракторын, 1 «Камаз» автомашинасын сатып алуға тапсырыс берілді. 2 шаруашылық 130 тонна минералды тыңайтқыш алуды жоспарлап отыр.

Ал егіншілік саласындағы маңызды міндеттің бірі – бұршақты, майлы және азықтық дақылдар егістігін ұлғайту. Бүгінгі күні алда тұрған жауапты міндеттің бірі – көктемгі егіс жұмыстарына жан-жақты дайындалып, оны ойдағыдай ұйымдастыру.

2012 жылы егістік көлемін былтырғыдан көбейту жоспарланып отыр.

Кендірлік суландыру жүйесіндегі жұмыстарды атқаруға 74,8 млн. теңге қаражат қарастырылса, Үйдене суландыру жүйесін жөндеуге Үйдене платинасына 42 млн. 950 мың теңге, Р-3 сол жақ магистралды каналына 27,5 млн. теңге, Жеменей плотинасына 30 млн. теңге республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Ал жобалық-сметалық құжаттары дайын Р-1, Р-2 магистралды каналдарын жөндеуге алдағы жылға 1 млрд. 200 млн. теңге қаражат қарастырылған.


Денсаулық саласы
Өткен жыл 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты – Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуының алғашқы жылы болды. Ел басының биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызы медициналық қызмет түрлерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, саламатты өмір салтын әрі қарай насихаттау туралы тапсырмалар жүктелді. Бүгінгі күні 35 елдімекенде орналасқан аудан тұрғындарына 35 емдеу, сауықтыру орындары қызмет көрсетеді. Аудандық орталық аурухана 150 төсектік, бастапқы медициналық-санитарлық орталық, 8 дәрігерлік амбулатория, 1 фельшерлік акушерлік, 24 пункттер бар. Аудандағы денсаулық сақтау саласында 81 жоғары білімді, 254 орта буынды медицина мамандары қызмет істейді. Дәрігерлердің 71 пайызының орта буынды медицина қызметкерлерінің әр деңгейдегі санаттары бар. 2011 жыл Сарытерек дәрігерлік амбулаториясы заманауи талғаммен күрделі жөндеуден өткен ауылдық мәдениет үйінің 2 қабатына қоныстанды. Тасбастау елдімекенінде медпункт ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп пайдалануға берілді. Қайнар ауылында тар 1 бөлмеде орналасқан медпункт жаңа 3 бөлмелі ғимаратқа көшірілді. Осы денсаулық сақтау орындарына 3 млн. теңгенің дәрігерлік құрал-жабдықтары алынып, берілді. Аудандық орталық аурухананың перзентхана бөліміне 41 млн. теңгенің ана мен бала денсаулығын бақылайтын медициналық аспаптары сатып алынса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының биылғы жылғы 19 қаңтардағы №39 бұйрығына сәйкес аудандық перзентхана бөлімі 2 деңгейдегі перзентхана сатысына көтеріліп, Күршім, Тарбағатай, Көкпөкті аудандарының тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсету жауапкершілігіне ие болды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша денсаулық сақтау жүйесін оңтайластыру жоспары бойынша Зайсан аудандық орталық ауруханасы ендігі уақытта «Ауданаралық аурухана» дәрежесіне көтеріліп, 150 төсектің саны 200-ге көтерілуі жоспарлануда. Былтығы күз айында аудандық аурухананың жедел жәрдем бөліміне құны 12 млн. теңге тұратын жан сақтау автокөлігі сатып алынып, пайдалануға берілді.

Ауданымыз облыс орталығынан өте шалғай орналасқандығы ескеріліп, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Зайсан аудандық медицина бірлестігінің жанынан кіші диагностикалық орталық ұйымдастырылуда. Онда жүрек қантамырларын тексеретін ультрадыбыстық қондырғы, жүрек ырғағын қан қысымын тәулік бойы қадағалайтын «АСТРОКАРТ» қондырғысы, жүрек талмасын тексеретін «ТРЕДМИЛ» қондырғысы жалпы құны 38 млн. теңге тұратын құрал-жабдықтар сатып алынып, халыққа қызмет көрсетуде. Кіші диагностикалық орталық алдағы наурыз айында толық жұмысқа кіріседі.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің былтырғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында «Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейтесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз» деген еді. Соның нәтижесін біздің ауданның тұрғындары да көретін болды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында құны 85 млн. 500 мың теңге тұратын жылжымалы медициналық кешен халыққа қызмет көрсетуін бастайды. Жылжымалы медицина кешенінде 7 жоғары білікті маман дәрігер жұмыс істейтін болады. Өткен жылы аудандық медицина бірлестігінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 185 млн. теңгенің медициналық құрал-жабдықтары сатып алынып, пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 22 млн. теңгені құраған, яғни 8,5 есеге артқан.

Ауданда 1 жасқа дейінгі бала өлімінің деңгейі былтыр 53,3 пайызға төмендеді. Ана өлімі тіркелген жоқ. Туберкулезбен алғашқы ауырғандар саны 2010 жылғы көрсеткіштен 74,5 пайызды құрап, 55-тен 41-ге төмендеді. Науқастарға әлеуметтік көмек түрлерін көрсету назардағы істің бірі. Аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы есепке алынған туберкулез ауруларына материалдық жағынан көмек көрсету іс-шаралары жоспарланып, бұл мақсатқа бюджеттен қаражат қарастырылып отыр. Ауданда әйелдер мен балалардың профилактикалық тексеру иммунопрофилактикасы жүргізілуде.


Білім саласы
Елдің ертеңі білімді ұрпақ. Аудан мектептеріндегі 6200 оқушы өткен жылды 50,5 пайыз сапамен аяқтады. Орта мектепті 625 түлек бітірді. Соның 595-і ұлттық біріңғай тестілеуге қатысса, аудан бойынша орташа балл 97. Мектеп бітірушілердің 325-і мемлекеттік гранттың, 20-ы облыс әкімінің грантын иеленді. Бұл 58 пайызды құрайды.

Ауданда мектеп жасына дейінгі 1673 сәбидің 92,2 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Өткен жылы мектептер жанындағы сауықтыру алаңдарына бюджеттен 7,0 млн. теңге бөлініп 2031 бала сауықтыру алаңдарында демалыспен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артты. Жаңатұрмыс мектебі талапқа сай жөндеуден өткізіліп жаз айларында 300 бала осында демалыс уақыттарын өткізді. Республикалық «Бөбек» сауықтыру орталығында 7, «Балдәурен» лагерінде 1 бала дем алып қайтты. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың «Туған жер алтын бесігім» акциясы аясындағы Астанаға саяхат үшінші жыл өз жалғасын тауып келеді. 70 баланың екі кезеңмен саяхаттап қайтуына аудан кәсіпкерлері өз демеушіліктерін көрсетті.

Аудандағы бастауыш сынып оқушылары бір уақыт ыстық тамақпен толық қамтылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 18,8 млн. теңге бөлінсе соның 9,1 млн. теңгесі міндетті білім беру қорынан бөлінген.

Былтырғы жылы аудан бюджетінен мектептердің ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 104,3 млн. теңге қарастырылса, Ломоносов атындағы мектепке 64 млн. Әуезов атындағы мектепке 16 млн. Жаңатұрмыс мектебіне 8,5 млн. Жарсу мектебіне 3 млн. Саржыра мектебіне 2 млн. Амангелді атындағы мектепке 10,9 млн. теңге бөлініп жоспарлы жұмыстар атқарылды. Абай, Әуезов, Шекарашы, Сарытерек, Қаратал, Гагарин, Мұстафина мектептеріне жылу қазандықтарын сатып алуға 5,2 млн. теңге бөлініп, 1,8 млн. теңгеге қазандық орнатылса, 3 млн. теңгеге қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Былтырғы жылы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен 32,4 млн. теңге қаржы қарастырылды. Айнабұлақ, Кеңсай мектептеріне биология, Көгедай, Гагарин мектептеріне мультимедия кабинеттері, Ломоносов мектебіне, №1, №3 балабақшаларға қажетті жиһаздар, Қарасай, Қазақстан, Абай, Жаңатұрмыс мектептерінің асханаларына жабдықтар алынса, Жаңатұрмыс мектебі радиотелефонмен қамтамасыз етілді.

Биылғы жылы да аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын заман талғамына сай нығайтуға жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. Мүкәрама мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 17 млн. теңге қаражат қарастырылды. Қаратал мектебін күрделі жөндеуден өткізуге 79,709 млн. теңге. Мұстафин мектебін жөндеуге 21,360 млн. Көгедай мектебіне 0,742 млн. Октябрь мектебіне 4,139 млн. Орманбетов мектебіне 1,001 млн. теңге қаражат бөлінді. Сол секілді Шілікті мектебіне автокөлік сатып алуға 2,4 млн. теңге, мектеп-интернатқа жаңа автобус сатып алуға 4,5 млн. Саз мектебіне «Газель» автокөлігін сатып беруге 2,7 млн. теңге, жылу жүйесін жөндеуге 1,08 млн. теңге аудандық бюджеттен қаражат қарастырылды.
Мәдениет
Ауданның абыройын асырып, атағын шығаратын саланың бірі мәдениет пен спорт. Аудандық мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын жақсартып, ауылдарда мәдениет ошақтарының талапқа сай болуына барлық мүмкіндіктер ойластырылып келеді. Осы уақытқа дейін дағдарыс кезеңдерінде жұмысын тоқтатқан ауылдық округтердегі мәдениет ғимараттарының тіршілік тынысы кеңейді. Шілікті, Кеңсай, Қарабұлақ ауылдарындағы мәдениет ғимараттары қалпына келтіріліп, ел игілігіне берілсе, былтырғы жылы облыс әкімінің қамқорлығымен Сарытерек ауылындағы типтік жобадағы мәдениет үйі ғимараты 15 жылдан кейін қайтадан өз жұмысын бастады. Оның жөндеу жұмыстарына 64,6 млн. теңге бөлініп игерілсе, Көкжыра ауылындағы клуб үйін қалпына келтіруге 4,3 млн. теңге жұсалды. «Мұрагер» ұлт аспаптар оркестрі мен «Айнакөл» ән-би ансамблінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға қаражат бөлініп қажетті ұлттық аспаптар мен киім-кешектермен қамтылды. Сартеректегі мәдениет үйіне жаңа орындықтар алынып, 250 мың теңгеге дыбыс күшейту аппаратурасы берілді. Көкжыра клуб үйіне 350 мың теңгеге орындық сатып берілді. «Жас дәуір» фольклорлық ансамблі, «Нұр Зайсан» тапқырлар клуб мүшелері де киім-кешекпен қамтамасыз етілді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ауылым – Атамекенім, Отаным – Қазақстаным», «Тәуелсіздік – тұғырым, туған жер – Зайсаным» атты көркемөнерпаздар байқауы жоғары деңгейде өткізілді. «Жалында» балалар би ансамблі республикалық «Айгөлек» бағдарламасына қатысып «Үміт» номинациясының жеңімпазы атанды. Былтырғы сәуір айында жас жеткіншектерден құрылған би-ансамблі Түркия мемлекетінде өткізілген «Посланники мира» атты халықаралық фестивальға қатысты. «Еңлік» балабақшасының би тобы да «Айгөлек» бағдарламасында өз өнерлерін ортаға салды. Өткен жылғы қараша айында Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне орай өткізілген «20 жұлдызды күн» «Атамекен» бағдарламасы аясында көршілес Қытай Халық Республикасынан арнайы делегация ауданымызда болды. Көршілес елдің өнерпаздары аудандық мәдениет үйінде біздің өнерпаздармен бірлесіп галаконцертін өткізді. Бұл мәдени шараға облыс әкімі жоғары баға берді.

«Бастау – Зайсан жастары» қоғамдық ұйымының жанынан құрылған көңілді тапқырлар тобы Астанада сайысқа қатысып бірінші орынды иеленіп қайтты.

Мәдениет саласын нығайтып дамытуға биылғы жылы да қомақты қаражат қарастырылды.

Аудандық бюджеттен Қарабұлақ ауылындағы мәдениет үйінің маңайын қоршауға, төбесін жөндеуге, көрермен орындықтарын сатып алуға 7,0 млн. теңге, аудандық мәдениет үйіне автобус сатып алуға 4,5 млн. теңге бөлінді. Зайсан қаласындағы Түрік офисі аудандық мәдениет үйінің балансына берілді. Оның ғимаратын жөндеп, заманауи талғаммен ел игілігіне жаратуға жергілікті бюджеттен 24,075 млн. теңге қаражат қарастырылды.
Спорт
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында спорт саласының инфрақұрылымдарының қолжетімділігін кеңейту туралы мәселені шешу тапсырылды. Ауданымызда соңғы бір жылдың ішінде денешынықтыру және спорт саласын дамытуға қомақты қаржы бөлінді. 2011 жылы 26,0 млн. теңге бөлініп, 2010 жылмен салыстырғанда 3 есеге дейін өсті. Зайсан ауданының командасы алғашқы бестіктің қатарынан көрінді.

Биылғы 2012 жылы аудандық бюджеттен спортқа 30,874 млн. теңге қаражат беріліп отыр. Ауданда ат спортын дамыту кенже қалған. Ауыл жастарының бос уақыттарында спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндіктер бар. Мектептердің спорт залдары ауыл жастарының жиі бас қосатын орнына айналуға тиіс. Өкінішке орай кейбір елдімекендерде мектептердің спорт залдары пайдаланусыз бос тұратын күндері көп.


Қылмыс
Қоғамдағы келеңсіз оқиғаның бірі қылмыс десек, ауданда былтырғы жылы тіркелген қылмыстың саны 31,9 пайызға өскен. Өңірде елді алаңдатқан қылмыстық әрекеттің бірі – мал ұрлығы. Өткен жылы меншігіндегі малынан айырылып, бармағын тістеп қалған тұрғындар әр елдімекенде кезікті. Мал ұрлығы туралы қылмыс дерегі 2010 жылы 15 болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 72-ге жеткен. Әсіресе жылқы малын ұрлау фактілері көп тіркелді. Өкінішке орай тіркелген қылмыстардың ашылу пайызы алдыңғы жылғымен салыстырғанда 92,4-тен 72,4-ке дейін төмендеп кеткен.
Қорытынды
Ауданда атқарылып жатқан игілікті істерге осындағы елдімекендегі халықтың қосқан үлесі зор. Сан-сала бойынша сараптасақ жүзеге асырылған шаруалар тізбегі соның айқын айғағы. Жетістіктер мен қатар әлі де қолға алатын көптеген шешімін күткен мәселелер бар. Бұл бағытта жүйелі жұмыстарды іске асыруға мүмкіндіктер жеткілікті.
Құрметті жерлестер!

Баршаңыздың шаңырақтарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жақсылық тілеймін.



Назарларыңызға рахмет!





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет