Шығыс Қазақстан облысы
Катонқарағай ауданы Катон ауылы
«Ленин атындағы орта мектебі» КММ
Тарих пәнінің мұғалімдері
Мергазина Анар Ерлановна
Ауташева Гульнур Ауташкызы
Нұртазин Фархат Мұқтарханұлы
«Ұрпағының мәңгі есінде...»
(Көркем - әдеби композиция)
Мақсаты: 1.Оқушылардың желтоқсан оқиғасы туралы түсініктерін кеңейту, Желтоқсан оқиғасына деген өзіндік пікірлерін қалыптастыру.
2. Оқушылардың мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау.
3. Ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Желтоқсан оқиғасының қайраткерлерін мақтан тұтуға, тәуелсіздігімізді қадірлей білуге баулу.
Қатысушылар: 9- 11 сынып оқушылары
Түрі: көркем- әдеби композиция.
Көрнекіліктер: шараның тақырыбы, экран, презентация, шарлар, ленталармен көркемдеу.
1-жүргізуші: Армысыздар, қадірлі қонақтар, ұстаздар, оқушылар! «Ұрпағының мәңгі есінде...» атты көркем - әдеби композицияны назарларыңызға ұсынамыз!
«Желтоқсан жыры» (өлең).
1-жүргізуші: 1986 жылы 16-17 желтоқсан күндері болған Желтоқсан оқиғасының Қазақстан тарихында алатын орны ерекше.
2-жүргізуші: 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Пленумы болды. Сол Пленумда Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы міндетінен босатылып, орнына бұрынғы Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген Г.В.Колбиннің сайлануы қазақтың студент және жұмысшы жастарының наразылығын туғызып, олар бейбіт шеруге шыққан еді. Қазақ жастарының бұл қарсылығы – ұлтшылдық, ал қазақ жастары нашақорлар мен маскүнемдер деп көрсетілді. Солдаттар қарусыз жастарымызды күректермен, таяқтармен ұрғылап, қақаған аязда суық су шашып, қаракөз қыздарымыздың бұрымынан сүйреп, қорлағанын қазақ халқы ұмыта алар ма?
1-жүргізуші: Ұлтымыздың сүйегіне таңба түсіретін әділетсіз шешім қабылданып, дүлей күшке қаймықпай қарсы шыққан жастарымыздың ар – намысы, адам құқығы аяққа тапталған еді. Солардың ішіндегі жан тебірентер сәттегі Қазақ елінің еркіндігі мен бостандығы жолында күресіп, халқының тәуелсіздігін көре алмай қыршын кеткен Желтоқсан батырлары Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова, Ербол Сыпатаевтар бар еді.
2-жүргізуші: Батыр жастарымыздың рухына бас иіп, бір минут үнсіздікпен еске алайық.
1-жүргізуші: Дауылға желтоқсанның желі айналды,
Ашуға мінді Алатау кәрі айбарлы.
Күтпеген іс ақыры не болар деп,
Күллі әлем Алматыға қарайлады.
2-жүргізуші: Кез емес жауаптылық «аттан» атты,
Алланың шеруі емес салтанатты.
Қытымыр қыстың басы сол бір айды,
Желтоқсан желі әлемді жалт қаратты.
Әбдірахман Асылбековтың сөзіне жазылған «Желтоқсан желі» әні. Орындайтын музыка пәнінің мұғалімі Нұрлы
1-жүргізуші: Желтоқсан оқиғасын зерттеген комиссия қорытындысы бойынша партиядан 55, комсомолдан 787 адам шығарылды. Әкімшілік жолмен 707 адам жазаланып, 2404 адамға тәртіп қорғау органдары тарапынан қатаң шара қолданылды. 99 адам сотталды, 2-уі ату жазасына кесілді.
2-жүргізуші: Желтоқсан оқиғасының қаһарман батыры Қайрат Рысқұлбековтың түрмедегі көрінісін назарларыңызға ұсынамыз. Орындайтын 10 «Б» сынып оқушылары.
1-жүргізуші: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында былай деген: «Күрделі кезеңнің күйбеңімен жүріп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын толық дәрежеде бағалап үлгерген жоқпыз».
2-жүргізуші: Еліңнің сен намысы үшін,
Құрбан еттің жаныңды.
Мазақ етіп қорлай алмас,
Ешкім сенің арыңды, - бұл өлең жолдарын қыршық кеткен өрімдей қыз Ләззатқа құрбысы Базаркүл Бейсенқызы арнаған болатын.
1-жүргізуші: Ләззат Асанованы анасының жоқтауы. Орындайтын 10 «А» сынып оқушысы Мөлдір.
1-жүргізуші: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны, жерлесіміз Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылының тумасы, жазықсыз айыпталып, қыршын кеткен Сәбира Мұхаметжанова туралы монолог. Орындайтын Нұркасенова Ақбота.
2-жүргізуші: Қазақ КСР Жоғарғы Президиумының комиссиясы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға түпкілікті баға бере келіп, желтоқсанның 17-сін Демократиялық жаңару күні деп жариялаған еді. Бұл ұсыныс Жоғарғы Кеңес Президиумының, Қазақ КСР Президентінің және Жергілікті үкімет органдарының тарапынан қолдау тапты.
1-жүргізуші: Желтоқсанның 17-ші жұлдызы Демократиялық жаңару күні деп жарияланды. Сөйтіп арада төрт жыл өткен соң, 1990 жылы ондаған мың алматылықтар мен аза тұтуға жан – жақтан келкен азаматтар республика алаңында бас қосып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларын есте қалдыруға арналған ескерткіш тақта орнату рәсіміне қатысқан еді.
2-жүргізуші: Сол тақтаның ашылу салтанатында оқылған өлеңді қабыл алыңыздар!
Мұхтар Шаханов «Төрт жыл кешіккен шындық». Орындайтын 9 «А» сынып оқушысы Әділқызы Армангүл.
1-жүргізуші: 1986 жылғы Алматыда бастау алған қазақ жастарының Желтоқсан қозғалысы коммунистік жүйе тарапынан аяусыз басылып – жаншылып болғаннан кейін қазақ халқына неше түрлі жала жабу науқаны да басталып кетті. Қазақтар өз елінде, өз жерінде жүріп, жетімшілікке ұшырап, «бөтен» халықтың күнін кеше бастаған. Шынында да, қазақ халқы үшін ең бір ауыр, залы күндер болды. Елдің еңсесі түсіп, көкірегі қарс айырылып, аһлап – уһілеумен болды. Қазіргі ұрпақ осы бір оқиғаның мәнін терең түсініп, ұмытпай есіне түйсе екен!
2-жүргізуші: Өлең: «Ұмытпаймыз». Орындайтын Молдақанова Айзере.
1-жүргізуші: Ұлықбек Есдеулеттің авторлығымен жазылған өлең: «Алматы Желтоқсан». Орындайтын 9 «В» сынып оқушысы Бейсембинова Асем.
2-жүргізуші: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағының Коммунистік партиясы тарапынан біржақты, сыңар бағаланып, қазақ халқының орыстарға қарсылығы деп айыпталып, бүкіл қазақ халқына ұлтшылдық күйесі жағылды. Алғаш рет осы оқиға туралы шындықты 1989 жылы маусымда Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Халық депутаттарының бірінші съезінде Мұхтар Шаханов жоғары трибунадан айтты. Тек осдан кейін ғана қазақ халқы ақталып, оқиға өз әділ бағасын алды. 1986 жылғы Алматыдағы оқиға қазақ жастарының әміршіл - әкімшіл жүйеге қарсы демократиялық бас көтеруі еді. Бұл Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі.
1-жүргізуші: Жұбан Молдағалиевтің өлеңі «Мен қазақпын». Қабыл алыңыздар!
2-жүргізуші: Тәуелсіздік біздің тәу етер жалғыз киеміз! Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген, ата – бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған, қаншама батырларымыз жер жастанып алып берген тәуелсіздігіміздің мерейтойы қайырлы, құтты болсын! Жасай бер, жайнай бер, Қазақстан!
1-жүргізуші: Серіков Мерейдің орындауында ән «Менің елім».
2-жүргізуші: Осымен «Ұрпағының мәңгі есінде...» тақырыбына өткен көркем - әдеби композициямыз аяқталды. Назарларыңызға рахмет! Қош, сау болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |