Рухани кемелділік дәстүрін байыта береміз



Дата24.02.2016
өлшемі76.54 Kb.
#13548
Рухани кемелділік дәстүрін байыта береміз
Бұл күнде өзінің дербестігін бүкіл әлемге әйгілеп, аяғын нық басқан жас Тәуелсіз мемлекетіміздің ерекше рухани өрлеу үстінде тұрғанын әр адам анық біледі.

Осынау жетістіктерімізге Қарағанды облысының мәдениет пен өнер қызметкерлері де өз үлестерін қосуда, өйткені – «Біз бір командамыз!»

Біздің өңіріміздің тарихы – Елбасымыз Нұрсылтан Назарбаев өмірбаянының елеулі бір бөлігі болып табылатыны қарағандылықтар үшін ерекше мақтаныш. Өткен жыл Қазақстан Магниткасының 50 жылдығымен байланысты болды, осыған орай Мемлекет Басшысының қатысуымен бірқатар мерекелік шаралар өтті. Әсіресе Ұлы Жеңістің 65 жылдығына, ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған айтулы шаралар ерекше жарқындығымен есте қалды.

Елбасымыз Нұрсылтан Әбішұлы Назарбаев қолға алып, бастаған дағдарысқа қарсы бағдарлама, соның ішіндегі Жол картасы – бүкіл әлем бетпе – бет келіп отырған дағдарыс құбылыстарын жеңудің бірден бір дұрыс жолы екені тарихи шындыққа айналды. Жол картасы жобаларын іске асыру барысында 2010 жылы жөндеуді қажет етіп тұрған 350 нысанның 225 – і жөнделді, сөйтіп қажеттілік 64 пайызға орындалды. Облыстағы 17 мұражайдың 14 – і жөнделіп, 4 театрда, циркте, «Шалқыма» концерт залында жөндеу жұмыстары аяқталды.

Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде кітапханаларымыз, театрларымыз, мұражайларымыз, мәдениет сарайларымыз өзгеше сәнді түрге енді. Мұның өзі жұмыстың жаңаша инновациялық жобаларын, технологияларын, тың формалары мен әдістерін іздестіріп, тәжірибеге енгізуге ынталандыратын қозғаушы күш болды.

Өлкеміздегі аса бай мәдени мұра шығармашылық әлеуеттің негізіне айналып отыр. Көне Сарыарқа жерінде ерте уақыттан бері Евразия құрлығының, Шығыс пен Батыс халықтары мәдениетінің өзара байланысы қалыптасқан. Бұл өңірде палеолит пен неолит дәуірлерінің мыңдаған археологиялық ескерткіштері сол байырғы күйінде сақталған. Қарағанды облысының аумағынан 2700 тарих пен мәдениет ескерткіштері табылды, солардың 1538 – і мемлекет қарамағында, 22 – сінің республикалық дәрежесі бар.

2010 жылы Шешеңқара, Тегісжол, Талды қорымдарына, Кент тауларының археологиялық ескерткіштеріне, ерте дүние металлургтерінің нысандарына, Ұлытау өңіріндегі Бетпақ даланың Солтүстік бөлігіндегі ескерткіштерге, Балқаш көліндегі Тасарал аралына, ерте темір ғасыры және ерте дүние түріктері мен қыпшақтар дәуірлеріне археологиялық зерттеулер жүргізілді. Соның барысында өңір мен тұтастай республика тарихын зерттеуде зор маңызы бар деректер табылды.

Қарқаралы ауданында табылған ерекше ескерткіш нағыз жыл сенсациясына айналды. Талды – 2 қорымынан сақ дәуірінде жасалған 130 – дан астам алтын бұйымдар, садақтың қола ұштары, тас моншақтар табылды.

Облыс мәдениетінің түп тамыры – ауыз әдебиеті мен фольклор. 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізілген зерттеу жұмыстарының бір бағыты осы өңірді мекендеген ұлттардың этникалық тарихы мен этнографиясын зерттеу болып табылады. Осы бағытта Сарыарқаның қолданбалы өнері зерттеліп, халықтың ауыз әдебиетін жинастыру мен зерттеу жөніндегі ғылыми – фольклорлық экспедиция ұйымдастырылды, облыстың ХVІІІ – ХХ ғғ. этнографиялық картасы жасалынды. Соңғы жылдарда облысымыздың мәдениетін дамытудағы сабақтастықты қалпына келтіретін бірқатар оқиғаларды, ескерткіштерді, тұлғаларды қалпына келтіру жүзеге асырылды.

Республиканың материалдық және рухани мәдениетін айғақтайтын көптеген заттар мен деректер облысымыздың 17 мұражайларының қорында сақтаулы. Мұражай қызметкерлері жұмыстың жаңа формаларын үнемі іздестіреді. Соның нәтижесінде экскурсия – спектакльдер, экскурсия – концерттер, экскурсия – ойындар, әдебиетшілер, ақындар, артистер қатысқан сан түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта өңірде 339 кітапхана жұмыс істейді, солардың 89 – ы модельді кітапханалар. Есепті жыл ішінде Шет ауданының Ақой ауылында, Бұқар жырау ауданының Мұстафин атындағы кентінде және орталық кітапханалар жүйесінде көпшілік, балалар кітапханасы ашылды. Компьютерлер саны 24 – ке өсіп, жыл аяғында 764 – ке жетті, 23 телефон қойылды. Кітапхана қорында есепті жыл аяғында 6881357 дана құжат болды, с.і қазақ тіліндегі құжаттар 1771965 дана. Кітапханалар қорын жасақтауға 87 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Ауыл кітапханаларына 38702 дана жаңа кітаптар берілді, соның қазақ тіліндегісі – 28938 дана.

Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана сөздің тура мағынасындағы әдістемелік орталық болып табылады, бұл – кітапханашыларға кәсіби білім беретін, облыс кітапханаларын жаңартуға бағытталған түрлі инновациялық жобалар жасаудың орталығы.

Есепті кезеңде ІV Жазғы Интернет – университет өткізілді, кәсіби дамыту Мектебі шеңберіде облыстық семинарлар, көшпелі семинар – практикумдар, шығармашылық зертханалар ұйымдастырылды. Гоголь атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «ҚР Мәдениет министрлігі жүйесіндегі кітапханалар қызметінің қазіргі жағдайы: мәселелер және олардың шешілуі» тақырыбында өткізген республикалық семинар жұмысына қатысты. Республика әдіскерлері үшін біздің қызметкерлер «Болжау мен жоспарлау – менеджменттің негізі» тәжірибелік сабақ өткізді.

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы халықаралық бейнеинтернет конференцияларын ұйымдастыру мен өткізу, мультимедиялық әдістемелік құралдар жасау жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізеді. Кітапхана жанында құрылып, ойдағыдай жұмыс істейтін «БОТА» (Білімпаздар, Ойшылдар, Тапқырлар, Алғырлар ) жастардың интеллектуалдық орталығы оқырмандар арасында зор беделге ие болды.

Облысымыздағы бес театр халықтың ерекше мақтанышына айналған. Солардың екеуі: С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры мен К.Станиславский атындағы орыс драма театры өздерінің 80 жылдығын тойлайды.

2010 жылы С.Сейфуллин атындағы театр ұжымы Каирдегі халықаралық театр фестиваліне қатысты. Бұл шығармашылық форумға 34 елдің өнер ұжымдары келген болатын. Біздің театр халықаралық қазылар алқасынан жоғары баға алып, бүкіл Мысыр еліне гастрольге шығу құрметіне ие болды.

Станиславский театры үшін 2010 жылы театр ғимаратының күрделі жөндеуден өткізіліп, ғимарат алаңына театр өнерінің реформаторы Константин Сергеевич Станиславскиге ескерткіш қойылу есте қаларлық елеулі оқиға болды. Осы оқиғаға байланысты өткен салтанатқа ҚР Премьер - Министрі Кәрім Мәсімов пен республикадағы Ресей Елшісі, сондай – ақ республикамыз бен Ресейдің театрлар өкілдері қатысты. Өздерінің 80 – і театр маусымын ұжым А.П.Чеховтың «Милые мои сестры», Р.Кунидің «Смешные деньги» спектакльдерінің премьераларымен және Жеңістің 65 жылдығына арналған А.Дударевтің «Не покидай меня...» қойылымымен ашты. 2010 жылы бұл театр 7 жаңа спектакль қойды, сонымен бірге Жеңістің 65 жылдығына, Б.Момышұлының 100 жылдығына арналып Тараз қаласында өткен ХVІІІ Республикалық театрлар фестиваліне қатысып, «Надежда» номинациясы бойынша дипломмен аталып өтілді.

Республикадағы жалғыз академиялық музыкалық комедия театры қарағандылықтардың ерекше ықыласына бөленген, ал бұл ұжымның гастрольдері әдетте көрермендердің көптеп қатысуымен өтеді. Есепті жылда театр елдің оңтүстік өңірінде – Алматы мен Шымкент қалаларында гастрольде болып, Қазан қаласындағы түркі халықтарының халықаралық театр – танымдық форумына қатысты. Осы театр жанындағы «Буратино» қуыршақ театрында алып қуыршақтар студиасы жұмыс істейді, ол өткен жылы 12 жаңа қойылымды сахналады.

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы – драма театры өз көрермендерін қызықты жаңа қойылымдармен қуантып келеді. Өткен жылы театр ұжымы «Жол картасы» шеңберінде жүргізілген күрделі жөндеуден өткен сахнада өнер көрсетті. Ұжым театр мұражайын құру жөніндегі жоспарларын жүзеге асырды, бұл мұражайда Қазақ КСР халық әртісі, Социолистік Еңбек Ері Серке Қожамқұлов туралы материалдар, ұжымның қалыптасу кезеңдерін көрсететін деректер және басқа да құжаттар бар.

Теміртаудағы балалар мен жасөспірімдер театры ең жас ұжымның бірі. Ол түрлі фестивальдерде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр, гастрольдерге де жиі шығады. 2010 жылы Павлодар қаласында гасторльде болып, 7 күн ішінде 22 спектакль қойды. Залға лық толған көрермендер театр қойылымдарына жақсы баға берді, жергілікті баспасөзде мақалалар жарияланып, әртістерді ынталандырған, жігерлендірген пікірлер айтылды.

Тұтастай алғанда облыстың мәдени өмірі жарқын оқиғаларға, классикалық музыка мен ән өнері жұлдыздарының концерттік бағдарламаларына, жастарға арналған шоу бағдарламаларға толы болды. Міне, бұл Қали Байжанов атындағы Концерттік бірлестік қызметінің бір көрсеткіші. Ол – республикадағы аса ірі, әрі беделді шығармашылық ұйымның бірі. Ән мен күй өнерін жоғары бағалайтындар арасында қазақ халық аспаптары оркестрі, симфония және джаз оркестрлері ерекше танымал.

Бұрындарғы дәстүрді одан әрі дамытып, жалғастыруда «Мерей» және «Әуен» ансамбілдері, «Аққу» би ансамблі, «Шыңдауыл» соқпалы аспаптар ансамблі мен «Арқа сазы» фольклорлық ұжымы жемісті еңбек етуде. Содан да концерттік бірлестік әншілерінің есімдері халықаралық конкурстарда жиі аталады.

Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының өмір тарихы 30 жылдан асады. Мұнда талантты, танымал өнерпаздар өте көп және олар өздерінің шеберлік деңгейлерін үнемі арттыру арқасында тындармандарын жаңа бағдарламалармен қауыштырып отырады.

Есепті жыл ішінде бұрындардан жалғасып келе жатқан шығармашылық жобалар одан әрі жетілдірілді. Әр қайсысына 10 жылдан астам уақыт болған «Әуенді Сарыарқа», «Театр – балалар көзімен», «Ардагерлер ән салады», «Жан шуағы», ұлттық мәдениеттер фестивальдері, сондай – ақ өздерінің шығармашылық жолын енді ғана бастаған эстрадалық әндерді орындаушылардың «Жұлдыз» конкурсы, және ең жаңа жоба – авторлар музыкасының «Әлем Музыкасы» фестивалі үзіліссіз өткізілуде.

Тыңдаушылырды ғана емес, сонымен бірге қатысушылыр қатарын да жылдан жылға кеңейте түскен халық әндерін орындаушылардың Ж.Елебеков атындағы және халық аспаптарында ойнайтын күйшілердің Тәттімбет атындағы Республикалық беделді конкурстарына қоса, Мәди атындағы әншілер конкурсы да жас өнерпаздарды көптеп танытуда.

Облыста көркемөнерпаздықты қолдау мен дамытуға ереше көңіл аударылады. Халық шығармашылығы – бұл шет – шегі жоқ ұланғайыр байлық, біздің кәсіби өнеріміз содан бастау алады.

Қасиетті Ұлытау жерінде құрылған «Ұлытау» фольклорлық – этнографиялық ансамблінің, «Жезді жұлдыздары» ән – би халық ансамблінің бағдарламаларындағы әндер мен күйлер таудың мөлдір бұлағындай сылдыраған үнімен халықтың құрметіне бөленген. Бұл ұжымдардың өнеріне мәскеулік көрермендер де ықыласпен қол соққан. Жаңаарқадағы «Наз қоңыр» фольклорлық этнографиялық ансамблі аудан жұртшылығының мақтанышы, Мәруаш Еленбаева басқаратын халық театры да жылдан – жылға шеберліктерін шыңдап келеді.

Абай ауданындағы «Дидар», Жаңаарқа ауданындағы «Балдәурен» Жезқазғандағы «Мақпал», «Вдохновение», «Арабески» үлгілі би ансабльдері, Теміртаудағы спорттық үлгілі бал биі «Ронд» клубы, орыс әндерінің «Берегиня» халықтық ансамблі, ҚЭУ – нің, «Аяла», «Жайна», Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ – дің «Жарқын» ансамбльдері, «Шолпан», «Искорка», «Волшебная страна» үлгілі ансамбльдері және басқалар халықаралық фестивальдер мен конкурстарда жоғары орындаушылық шеберлік деңгейінен көрініп, жақсы баға алып жүр.

Шығармашылық кәсіби ұжымдар ауылдар мен халық сирек тұратын елді мекендер тұрғындарына мәдени қызмет көрсету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізеді. Осы мақсатта театр – концерттік ұйымдар, «Ауылым- алтын бесігім» мәдени – ақпараттық керуен ауылдарға шығып өнер көрсетеді, дәрістер оқиды, жылжымалы мұражайлар көрмелерін ұйымдастырады. Осынау дәстүр алдағы жылдарда да өз жалғасын таппақ.

Үстіміздегі 2011 жыл бір қатар маңызды мерейтойлық шараларға толы екенін ескере келіп мәдениет қызметкерлері Елбасымыз алға қойып отырған асқаралы міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізу үшін шығармашылық күш - жігерін сарқа пайдаланады.


Қарағанды облыстық

мәдениет басқармасы

бастығының міндетін атқарушы Л.Шабдарова







Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет