С. Сейфуллиннің атындағы Қазату ақынның дүниеге келгеніне 117 жыл толуына орай мерекелік жиын өткізді



Дата23.02.2016
өлшемі20.3 Kb.
#5585
http://www.inform.kz/kaz/article/2412418
17.10.2011 / 18:56

С.Сейфуллиннің атындағы ҚазАТУ ақынның дүниеге келгеніне 117 жыл толуына орай мерекелік жиын өткізді

АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің алдындағы алаңда қазақтың көрнекті қаламгері, мемлекет әрі қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің дүниеге келгеніне 117 жыл толуына арналған мерекелік жиын өтті.

Тау тұлғаның есімін иемденген астаналық тұңғыш жоғары оқу орнының басшысы Айтбай Бұлашев университеттің оқытушылары мен студенттеріне, қызметкерлеріне, барша қазақ еліне осы датаға орай ізгі ниетін білдіре отырып, Сәкеннің өмірі мен өнеріне қатысты мағлұматтарға тоқталды.

«Сәкен Сейфуллин Қазақ елін Кеңестер одағы құрамына енгеннен бастап бүгінге дейін басқарған 22 үкімет басшысының арасындағы ең жасы, ең албырт, ұлт жолында жаны құрбан болған іскер басшы. С.Сейфуллиннің арқасында кезінде қырғыз атанып кеткен халқымызға «Қазақ» мәртебесі қайтарылды. Ол үкімет қызметінде жүріп, «Бұрын қазаққа білім бір мәрте керек болса, енді мың мәрте керек», деген ұстанымды ұстана отырып, талай саналы қазақ жастарының Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуларына ұйытқы болды. Сол жолда Сәкеннің шарапаты М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев сынды ғұламаларға да тиген-ді. Өзгенің оқуына себеп қана болмады, өзі де оқытты. Сол кездегі елордасы Қызылорда қаласындағы алғашқы қазақ жоғары мектептерінде білім берді. Қазақ ағарту институтында ректорлық қызметті де атқарды. Қоғамдағы белсенділігін публицистикада қалам тартуымен де арттырды, қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры болып еңбек етті, «Еңбекші Қазақ» газетін ұйымдастырды. Кезінде коммунистік саясаттың ел тарихына келтірген зияны мен зардабын қазақ ақын-жазушылары арасынан тұңғыш рет тайсалмай айтқан да, шығармасына арқау еткен де осы Сәкен болатын», - деп атап өтті ректор.

Қалыптасқан үрдіс бойынша, ақынның оқу орны алдында орналасқан ескерткішіне университет әкімшілігі атынан А.Бұлашев пен «Жас қалам» ақын студенттер шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, 4 курс студенті Ақтілек Ибраимов гүл шоқтарын қойды.

Жиын барысында студенттер ақынға арнауларын оқып, оның «Керім айдай» әнін орындады.

Көпшіліктің агротехникалық оқу ордасына неге әдебиет қайраткерінің есімі берілген деген сауалға осы айтылғандармен ұтымды әрі келісті жауап бергені анық.



Сәкен - қазақ әдебиетінің қарыштап дамуында үлкен рөл атқарған жаңашыл ақын. Оның поэзиясы - Абай мен С . Торайғыров шығармашылығының заңды жалғасы бола тұрса да, идеялық-шығармашылық принципі жағынан айрықша ерекшелігі бар соны дүние. Сәкен шығармаларының идеялық нысанасы жаңа дәуірдің, кеңестік заманның көкейтесті мәселелерімен тығыз ұштасып жатады. Мұның өзі - социалистік реализм әдебиетінің негізі, ең басты бағыты, айрықша қадір-қасиеті. Қазақ даласында осы әдебиеттің туын бірінші көтерген Сәкен туындылары - бүгінгі жаңа өмірдің жалынды жаршысы болған тарихи мәңгі құбылыс. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталғаны өз алдына бір төбе мәртебе.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет