С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау (138-бап)



бет6/29
Дата09.06.2016
өлшемі1.81 Mb.
#124402
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау (138-бап)
Қылмыстық құқықтағы бұл бап мүлдем жаңа құрам болып табылады.

Қылмыстың тікелей объектісі-балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық қатынастар. Қылмыстың жәбірленушісі-балалар. Қылмыс объективтік жағынан-қызметі бойынша өзіне балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген адамның не осы міндеттерді арнайы тапсырма бойынша орындаушының немесе мұндай міндеттерді ерікті түрде өзіне алған адамның тиісінше орындамауы арқылы көрініс береді. Яғни көрсетілген қылмыс әрекетсіздік арқылы істеледі. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдар өз міндеттерін тиісінше орындамайды. Мысалы, балабақша меңгерушісі жас балаларды қараусыз тастап, дүкен аралап кетеді, осы кезде баланың бірі көшеге шығып кетіп, көлікке қағылып, орташа ауырлықтағы дене жарақатын алады. Бұл жерде қызметі бойынша өзіне жүктелген міндетті балабақша меңгерушісі орындамау салдарынан баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Қылмыс құрамы материалдық және ол заңда көрсетілген зардап-баланың денсаулығына абайсызда ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп табылады. Қылмыстық әрекетсіздік пен орын алған зардаптың арасында байланыс болуы хақ. Субъективтік жағынан қылмыс абайсызда істеледі. Қылмыстың субъектісі-жасы 16-ға толған, өзіне осы міндеттер қызметі бойынша жүктелген адам; мұндай міндеттерді өзіне ерікті түрде алған адам.


Қамқоршы немесе қорғаншы құқықтарын

теріс пайдалану (139-бап)
Қылмыстың объектісі-қамқоршы немесе қорғаншы тағайындалған баланың денсаулығы, дұрыс тәрбиесі, сондай-ақ олардың материалдық мүдделері. Объективтік жағынан қылмыс қамқоршылықты немесе қорғаншылықты пайдакүнемдік немесе қамқоршылықтағы балаға зиян келтіру үшін өзге арам мақсаттарға пайдалану немесе қорғаншылықтағы баланы қасақана қадағалаусыз немесе қажетті көмексіз қалдыру қамқоршылықтағы баланың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі нұқсан келтіруге әкеп соғу әрекеттерін істеу арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, қамқоршылықты немесе қорғаншылықты пайда табу мақсатымен-яғни балаға тиісті меншікті талан-таражға салу үшін пайдалану немесе балаларға тиімсіз келісімдер жасау; балаларды көмексіз, қадағалаусыз қалдырып қаңғытып жіберу, оларды ұрып-соғу, қорлық көрсету, аш ұстау, оқытпау сияқты заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіру. Қылмыс материалдық құрамға жатады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың мақсаты-пайдакүнемдік немесе өзге арам пиғылдар. Қылмыстың субъектісі-заң бойынша белгіленген қамқоршы немесе қорғаншы.
Еңбекке жарамсыз жұбайын (зайыбын)

асыраудан әдейі жалтару (140-бап)
Қылмыстың объектісі-еңбекке жарамсыз жұбайдың материалдық мүддесі.

Еңбекке жарамсыз деп зейнеткерлік жасқа жеткен, аурулығы немесе басқадай зақым алуы бойынша еңбек қабілетін жоғалтқан жұбайды айтамыз. Объективтік жағынан қылмыс сот шешімі бойынша еңбекке жарамсыз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) асырауға қаражат төлеуден 3 айдан астам әдейі жалтару арқылы жүзеге асырылады. Жұбайының еңбекке жарамсыз және материалдық көмекке мұқтаж екенін сот шешеді. Осындай мұқтаждық бар, оны асырауға екінші жұбай (әйелі немесе ері) міндетті деп тапса, сот шешімі бойынша кінәлы адам оны некеде тұрғанына немесе некеде тұрмағанына қарамастан асырауға міндетті. Сот шешімін 3 ай бойы себепсіз төлеуден жалтарса, онда ол әдейі жалтарғандық деп табылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-еңбекке жарамсыз жұбайын сот шешімі бойынша асырауға міндетті екінші жұбай.


Төртінші тарау. Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстардың

түсінігі және түрлері
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің басты міндеттерінің бірі өз азаматтарының бостандықтары мен заңды құқықтарын барынша қорғау болып табылады. Қазақстан мемлекеті адам құқықтары жөніндегі халықаралық нормаларды толық қуаттай отырып, оны бұлжытпай жүзеге асыруға толық кепілдік береді. Оның айғағы азаматтардың саяси, еңбек, әлеуметтік және басқа да құқықтарының ҚР Конституциясында толық, жан-жақты көрініс табуы болып табылады. ҚР Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады делінген Конституцияның 1, 2-тармағында. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс (5-тармақ). Конституцияның 2-бөлімі адам және азамат, оның құқығы, бостандығы мен міндеттеріне тікелей арналған. Заңға сәйкес республиканың кез келген азаматының нәсіліне, ұлтына, тіліне, әлеуметтік тегіне, дінге көзқарасына тағы басқа да белгілеріне қарамастан құқықтар мен бостандықтар тендігіне кепілдік беріледі. Азаматтық құқық пен бостандыққа; саяси құқықтар мен бостандықтарға; экономикалық және әлеуметтік құқықтарға ҚР Конституциясында ерекше мән беріледі. Конституцияда жария етілген азаматтардың осындай құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қылмыстық заң өзінің басты міндеттерінің бірі деп санайды (1-бап) Айтылып отырған қылмыстың топтық объектісі болып азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары саналады. Қылмыстардың осы тобы қылмыстың тікелей объектісіне сәйкес және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мәніне қарай, мынандай негізгі топтарға бөлінеді:
Саяси құқықтар мен бостандықтарға қарсы қылмыстар.

Азаматтардың тең құқықтылығын бұзу (141-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі ҚР Конституциясының 14-бабының 1-тармағында көрсетілген тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды деген қағида болып табылады.

Қылмыстың қосымша тікелей объектісі адамдардың денсаулығы немесе бостандығы болуы мүмкін. Қылмыстың жәбірленушісі конституциялық тең құқықтылығы заңсыз бұзылған Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Конституцияда, Заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмессе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады (12-баптың 4-тармағы) Қылмыс объективтік жағынан адамның құқықтары мен бостандықтарын тегі, әлеуметтік, лауазымдық немесе мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, сенімі, тұрғылықты жері, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығы себептермен өзге кез келген жағдайлар бойынша тікелей немесе жанама шектеу арқылы жүзеге асырылады. Көрсетілген құқықтар мен бостандықтарды тікелей шектеу деп азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын ашық түрде оның белгілі бір ұлтқа, дінге, нәсілге жататындығына немесе басқадай белгілеріне байланысты бұзу (жұмысқа алуға кедергі қою, қоғамдық көлікті ұлтына, тіліне байланысты пайдалануға кедергі жасау, тұрғын үй беруден шектеу, белгілі бір аумақта көрсетілген белгілерге байланысты тұруға тыйым салу т.б. әрекеттер жатады). Көрсетілген белгілер бойынша жанама түрде шектеуге азаматтардың жалақысын кеміту, мамандығы немесе тиісті кәсібі бойынша еңбек етуіне жол бермеу, көрсетілген белгілер бойынша оларды үнемі мінеу, сынау, олардың өз ойларын, пікірлерін айтуына жол бермеу немесе басқадай түрдегі әр түрлі кемсітулер жатады. Қылмыс құрамы формальдық. Ол осы заңда белгіленген тең құқықтылықтар мен бостандықтарды тікелей немесе жанама шектеу орын алған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан алғанда аталған қылмыс тек тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет адамның құқығын ұлтына, тіліне, дініне немесе басқадай белгілеріне байланысты олардың конституциялық тең құқықтылығын бұзу болып табылады. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған кез келген адам.


Сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау (146-бап)
Азаматтардың ең маңызды саяси құқықтарының бірі олардың сайлау құқығын жүзеге асыру болып табылады. Сайлауға,сайлануға, республикалық референдумға тек қана сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар ғана қатыспайды. Сайлауға дауыс жасырын беріледі. Қылмыстың тікелей объектісі азаматтардың сайлау құқығын дұрыс жүзеге асыруын немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергісіз қатысуын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан алғанда сайлаушының өзінің сайлау құқығын немесе референдумға қатысу құқығын еркін жүзеге асырауына кедергі жасау, сондай-ақ сайлау комиссияларының немесе референдум жүргізу жөніндегі комиссияның жұмысына заңсыз араласу және дауыс беруге, кандидаттарды тіркеуге, дауыстарды санауға және сайлаудағы немесе референдумға дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерін атқаруына кедергі жасау арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, сайлаушыларды сайлауға, референдумға қатысуға жібермеу, сайлау өтетін орынды жасыру, тұрғындарға сайлау немесе референдум туралы ойдан шығарылған мәліметтер таратып, оларды өткізу жөніндегі комиссиялардың қызметіне түрлі кедергілер жасау, депутаттыққа кандидаттарды ұсынуға жол бермеу, дауыс беруге, оның нәтижелерін анықтауға әр түрлі кедергі келтіріп, ақпарат құралдарына ол жөнінде жазған мәліметтер беруге тырысу. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіру әрекеттерін жасаған уақыттан бастап, өзінің оларға қойған мақсатының жүзеге асқанына немесе аспағанына қарамастан аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет сан алуан болуы мүмкін, оның осы қылмысты саралауға әсері болмайды. Күш қолдану деп жәбірленушіге қол тигізіп, ұрып-соғып, денесіне жарақат салып, өз айтқанына еріксіз көндіріп сайлауға қатысудан бас тартқызу немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтірулерді айтамыз. Күш қолданамын деп қорқытуға, жәбірленушіні немесе оның жақынын өлтіремін, үйіне өрт қоямын, денесіне жарақат келтіремін, өзге де жамандық істеймін деп қорқытып сайлау құқығының еркін болуына немесе сайлау, референдум комиссиялары жұмысына кедергі жасауларды айтамыз. Сатып алу, алдау, күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту осы қылмысты жасаудың тәсілі болып табылады. Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-тармағындағы қылмыстың субъектісі жай адамдар немесе лауазымды адамдар болуы мүмкін.
Сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау

немесе дауыстарды қате есептеу (147-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-сайлау құқығы, референдумға қатысу құқығы. Қылмыстың заты-сайлау құжаттары, сайлаушылары тізімі, дауыс беру куәлігі, сайлау бюллетені және басқадай сайлау құжаттары. Объективтік жағынан қылмыс сайлау құжаттарын немесе референдум құжаттарын бұрмалау, бюллетеньде жалған жазбалар немесе қол қойылған парақтар енгізу, дауыстарды көпе-көрінеу қате есептеу, не сайлаудың нәтижелерін немесе референдум қорытындыларын көпе-көрінеу дұрыс айқындамау, не дауыс беру құпиясын бұзу, егер осы әрекеттерді ҚР Президентіне кандидаттың сенімді өкілі немесе депутаттыққа кандидаттың сенімді өкілі, сол сияқты бастамашы топтың немесе сайлау комиссиясының немесе референдум жүргізу жөніндегі комиссияның мүшесі жасауы арқылы жүзеге асырылады. Дауыс беру құпиялығын бұзуға: сайлаушының дауыс беру бюллетенін аранулы бөлмеде толтыруына кедергі жасау; сайлауды, референдумды арнаулы жабдықталмаған кабиналарда өткізу; дауыс берушіні анықтау үшін сайлау бюллетеніне белгі қою; тағы сол сияқты сайлауды өткізу заңына қайшы әрекеттер жатады. Қылмыс құрамы формальдық. Осы жоғарыда көрсетілген әрекеттердің біреуін істеу қылмыстың аяқталғанын білдіреді. Аталған қылмыс субъективтік жағынан алғанда тек тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісің арнаулы- Қазақстан Республикасы Президентіне кандидаттың сенімді өкілі немесе депутаттыққа кандидаттың сенімді өкілі, бастамашы топтың, сайлау комиссиясының немесе референдум өткізу комиссиясының жасы 16-ға толған мүшелері.
Журналистік заңды кәсіптік қызметіне кедергі келтіру (155-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-сөз бен шығармашылық еркіндігі, қосымша тікелей объект-журналистің заңды құқықтары мен мүдделері. Осы қылмыстың заты болып-ақпарат мәліметтері жатады. Қылмыстың жәбірленушісі заңды кәсіби қызмет атқаратын кез келген бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істейтін журналист. Объективтік жағынан қылмыс журналистің заңды кәсіптік қызметіне оны ақпарат таратуға не оны таратудан бас тартуға мәжбүрлеу арқылы кедергі жасау арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде қылмыстың мәжбүрлеу тәсілін қолдану арқылы іске асырылатындығы көрсетіліп отыр. Мәжбүрлеуге журналистке немесе оның жақындарына мүліктік зиян келтіремін, олар жөнінде қолайсыз мәліметтер таратамын деген бопсалау әрекеттері жатады. Кінәлы адам осындай мәжбүрлеу амалдарын қолдана отырып журналистің шындыққа сай ақпаратты тартуына кедергі келтіреді. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол осы мәжбүрлеу әрекеті істелген сәттен бастап, одан нәтиже болғанына немесе болмағанына қарамастан аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам журналисті ақпаратты таратуға немесе таратпауға мәжбүрлеп отырғанын сезеді және соны жүзеге асыруды тілейді. Мәжбүрлеу мақсаты- заңның өзінде ақпаратты таратуға немесе таратудан бас тартуға мәжбүрлеу деп көрсетілген. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған кез келген есі дұрыс адам.
Жиналыс, митинг, бой көрсету, шеру өткізуге, пикет жасауға немесе оларға қатысуға кедергі жасау (151-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-Қазақстан Республикасының Конституциясының 32-бабында көрсетілген азаматтардың бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұру құқығы. Қылмыстың факультативтік тікелей объектісі жәбірленушілердің өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті. Қылмыс объективтік жағынан жиналыс, митинг, бой көрсету, шеру өткізуге, пикет жасауға немесе оларға қатысуға заңсыз кедергі жасау не оларға қатысуға мәжбүрлеу, егер бұл әрекеттерді лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдаланып не күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқытумен жасауы арқылы сипатталады. Жиналыс, митинг, бой көрсету, шеру өткізуге, пикет жасауға немесе оларға қатысуға заңсыз кедергіні лауазымды адам өз қызмет бабын пайдалану арқылы жүзеге асырады. Мысалы, заңды рұқсат алынған митингіні, шеруді, пикетті өткізуге тыйым салу. Жиналыс, митинг, бой көрсету, шеру өткізуге, пикет жасауға немесе оларға қатысуға мәжбүрлеуге күш қолданып немесе күш қолданбақшы болып әр түрлі тәсілдерді пайдаланған әрекеттер жатады. Жеке адамдар тарапынан да осындай қорқытулар орын алуы мүмкін.

Қылмыс құрамы формальдық және ол баптың диспозициясында көрсетілген кез келген әрекеттердің біреуін істеген сәттен бастап аяқталған деп танылады. Жиналыс, митинг, бой көрсету, шеру өткізуге, пикет жасауға немесе оларға қатысуға заңсыз кедергі жасалса ғана қылмыс құрамы орын алады. Мұндай әрекеттерді заңсыз жүзеге асырғанда оларға кедергі келтіру заңға сыйымды, қоғамға пайдалы іс-әрекет деп саналады. Жиналыс, митинг, шеру өткізу, пикет жасаудың тәртібі арнаулы құқықтық-нормативтік актімен реттеледі. Қылмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың мақсаты-жиналыс, митинг, бой көрсету, шеру өткізуді, пикет жасауды заңсыз тоқтату, болдырмау немесе осындай әрекеттерге заңсыз қатысуға мәжбүрлеу болып табылады. Қылмыстың субъектісі қылмыстың істелу тәсіліне қарай-жай немесе лауазымды адам болады.


Ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға

мәжбүрлеу (153-бап)
Қылмыстық кодестегі бұл бап мүлдем жаңа норма болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі заңмен белгіленген азаматтардың ереуілге қатысу немесе қатысудан бас тарту құқығы. Қылмыстың қосымша тікелей объектісі азаматтардың өмірі, денсаулығы, адамгершілігі.Қылмыстың жәбірленушісі-ереуілге мәжбүрлеу арқылы қатысқан немесе соған қатысудан бас тартқан адам. Қылмыс объективтік жағынан адамның өз қызмет бабын пайдаланып не күш көрсету немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы ереуілге қатысуға немесе заңды ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуі арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстың істелу тәсілі-күш көрсету немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы ереуілге қатысуға немесе заңды ереуілге қатысудан бас тартқызуға мәжбүрлеу болып табылады. Мұндай мәжбүрлеу лауазым адамы немесе жай адамдардың тарапынан орын алуы мүмкін. Ереуіл өткізу арнаулы нормативтік-құқықтық актімен реттеледі. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңның диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың мақсаты-заңсыз ереуілге қатысуға немесе заңды ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған жай немесе арнаулы субъект (лауазымды адам).
Қоғамдық бірлестіктердің қызметіне кедергі жасау (150-бап)
Қазақстан Республикасында қоғамдық бірлестіктердің қызметі арнаулы заң-қоғамдық бірлестіктер туралы заңмен реттеледі. Қоғамдық бірлестіктердің қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар осы қылмыстың тікелей объектісі болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан алғанда қоғамдық бірлестіктердің заңды қызметіне лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдаланып кедергі жасауы, сондай-ақ осы бірлестіктердің заңды қызметіне олардың құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соғатын лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып араласуы арқылы жүзеге асырылады. Яғни көрсетілген қылмыс екі түрлі тәсілмен:

  1. лауазымды адамның өзінің қызмет бабы пайдаланып осы бірлестіктердің қызметіне кедергі жасауы (олардың жарғысын бекітпеу, заңды қызметіне шек қою, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңсыз тоқтатып қою);

  2. лауазымды адамның осы бірлестіктердің заңды қызметіне заңсыз араласуы (қоғамдық бірлестіктерге заңсыз нұқсаулар беру, олардың қызметін бақылауға алу т.б.) арқылы жүзеге асырылады. Қылмыс құрамы материалдық. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және әртүрлі ниеттермен (пайдакүнемдік, қара-ниеттік, кек алу, қызғаныш т.с.с.) істеледі.

Қылмыстың субъектісі арнаулы-мемлекеттік аппараттың лауазымды адамы.
Адамның және азаматтың әлеуметтік экономикалық құқықтары

мен бостандықтарына қарсы қылмыстар

Еңбек туралы заңдарды бұзу (148-бап)
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабына сәйкес Республика азаматының еңбек ету бостандығына, қызметпен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар, сол әрбір адамның дербес өндіруші ретінде немесе еңбек шарты бойынша өз қалауына, қабілетіне және арнаулы даярлығына сәйкес еркін еңбек етуге мүмкіндік алу құқығын қамтиды. Еңбек шартының еркіндігіне кепілдік беріледі. Қылмыстық кодексте қызметкерді жеке пиғылмен жұмыстан заңсыз босату, соттың жұмысты қайта қалпына келтіру туралы шешімін орындамау, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келуіне әкеп соққан еңбек туралы заңдарды өзге де бұзу үшін жауаптылық көзделген. Қылмыстың объектісі болып азаматтардың еңбек құқығын бұзу болып табылады. Объективтік жағынан алғанда еңбек жөніндегі заңды бұзу әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жасалады. Еңбек туралы заңдарды елеулі бұзудың мынандай үлгі тізбегі:

1. Қызметкерді жеке пиғылмен жұмыстан заңсыз босату. Заңда көрсетілген негіздерден тысқары жағдайда қызметкерді жұмыстан шығару заңсыз болып табылады. Егер лауазымды адам заңсыз, жұмыстан шығаруға негіз болмаса да өз жеке басының мүддесін көздеу ниетімен өзін сынағаны үшін кекшілдікпен, өзара ұрыс-керістің салдарынан, босанған жұмыс орнына өз танысын немесе туысын орналастыру мақсатын көздеп, адамды жұмыстан шығарса қылмысты жауаптылыққа тартылады.

2. Жұмысты қайта қалпына келтіру туралы соттың шешімін орындамауы. Яғни кіәлы адам қылмысты түрде әрекетсіздік жасап, соттың қайтадан жұмысқа алу туралы заңды күшіне енген шешімін орындамайды.

Бұл жерде қылмыс екі бірдей объектіге: еңбекқұқына және әділсоттылық мүддесіне қол сұғады.

3.Еңбек туралы заңды өзге де бұзу деп еңбекке дұрыс ақы төлемеуді, жұмыс уақытының ұзақтығын дұрыс сақтамау, демалыс беруден бас тарту, жұмысқа алудан негізсіз бас тарту, жекелеген қызметкерге заңды белгіленген жеңілдіктерді қолданудан бас тарту, тағы осы сияқты әрекеттер жатады.

Еңбек туралы заңдарды бұзу-қызметкерді жеке пиғылмен жұмыстан заңсыз босату; жұмысты қалпына келтіру туралы соттың шешімін орындамау; еңбек туралы заңды өзге де бұзу әрекеттері мен әрекетсіздігінен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілуі қажет. Елеулі зиян болғанда ғана іс-әрекет қылмыс қатарына жатады. Әдетте елеулі зиянға-адамның елеулі мөлшерде материалдық, моральдық зардап шегуі, ұзақ уақыт, негізсіз жұмыссыз қалуы, денсаулығына зиян келтірілуі т.с.с. жатады.

Қылмыс құрамы материалдық. Еңбек туралы заңдарды бұзу нәтижесінен заңда белгіленген зардап орын алғанда ғана қылмыс аяқталған деп табылады.

Субъективтік жағынан бұл қылмыс қасақаналықпен жасалады. Кінәлы адам өзінің әрекетімен еңбек жөніндегі заңды өрескел бұзғанын сезеді және осыны тілеп істейді. Бұл жерде қылмыстық ниет әр түрлі (мысалы, сынағаны үшін кектену, осы орынға өзіне қажетті адамды орналастыру т.б.) болуы мүмкін.

Қылмыстың субъектісі болып тек қана мемлекеттік немесе мемлекеттік емес аппаратқа жұмысқа алу немесе жұмыстан шығару құқы бар лауазымды адамдар танылады. Әйелді оның жүктілік себебі бойынша жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту немесе жұмыстан негізсіз босату немесе 3 жасқа дейінгі баласы бар әйелді нақ сол себеппен жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту немесе жұмыстан босату, сондай-ақ кәмелетке толмағанды оның кәмелетке толмағандығы себепті жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту немесе негізсіз жұмыстан босату-осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады. Объективтік жағынан қылмыс заңда көрсетілген адамдарды:

1) жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту;

2) немесе негізсіз жұмыстан босату арқылы көрініс табады. Қылмыс осы әрекеттердің біреуін жасаған сәттен бастап аяқталған деп танылады.

Қылмыс құрамы формальдық. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам екіқабат немесе 3 жасқа дейінгі баласы бар әйелді, кәмелетке толмағандарды негізсіз жұмысқа алудан бас тартады немесе осы адамдарды негізсіз жұмыстан босататынын сезеді және соны жүзеге асыруды тілейді.

Қылмыстық ниет-мұндай адамдарға заңда белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды бергісі келмеу т.б. жатады.

Қылмыстың субъектісі арнаулы- жұмысқа алу немесе одан босатуға құқығы бар лауазымды адамдар (меншік нысанына қарамастан).
Еңбекті қорғау ережелерін бұзу (152-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-еңбектің қауіпсіздік шарттарын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар, қосымша тікелей объектісі жәбірленушінің өмірі, денсаулығы. Объективтік жағынан алғанда сөз болып отырған қылмыс қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария ережелерін немесе еңбекті қорғаудың өзге де ережелерін, осы ережелерді сақтауды ұйымдастыру немесе қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген адамның бұзуы абайсызда денсаулыққа ауыр немесе орташа ауыртпалықтағы зиян келтіруге әкеп соғу арқылы көрініс табады. Көрсетілген қылмыс әрекет күйінде, яғни еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, өндірістік санитария ережелерін бұзу арқылы немесе әрекетсіздік күйде, яғни еңбекті қорғаудың өзге де ережелерінің талаптарын орындамау жағдайында жасалуы мүмкін.

Қылмыстың құрамы материалдық құрамдағы қылмыс болып табылады.

Қылмыстың зардабы-денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру.
Жеке құқықтар мен бостандықтарға қарсы қылмыстар.

Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу (142-бап)
Жеке өмірге қол сұғушылықты бұзу қылмыс болып табылады.

Қылмыстың тікелей объектісі жеке өмірге қол сұғылмаушылықты реттейтін қоғамдық қатынастар, қылмыстың жәбірленушісі-жеке өміріне қол сұғылған адамдар. Қылмыстың заты-жеке адамдар туралы немесе оның отбасы туралы әр түрлі мәліметтері (адамның денсаулығы, өмір сүру салты, дінге көзқарасы, жеке шығармашылық жоспары, басқа адамдармен қарым-қатынасы т.с.с.).

Қылмыс объективтік жағынан адамның жеке өмірі туралы, оның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау немесе тарату, егер осы әрекеттер жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделерінге зиян келтіру арқылы жүзеге асырылады. Адамның жеке өмірі, оның отбасы туралы құпиясын құрайтын мағлұматтарды жинауды заңсыз мәліметтер жинау деп айтамыз. Осы жиналған мәліметтерді үшінші жаққа хабарлауды оны тарату деп бағалаймыз. Мұндай хабарлау басқа жолдармен де жүзеге асырылуы мүмкін. Осы әрекеттерден жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілуі қажет. Келтірілген зиян мөлшері мүліктік немесе моральдық немесе басқа тұрғыда (отбасындағы келеңсіз жағдайлардың пайда болуы, жұмысқа орналаса алмау т.с.с.) болуы мүмкін. Зиян мөлшерін нақты жағдайға байланысты тергеу, сот, органдары анықтайды. Қылмыс заңда көрсетілген зардап-жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан бұл қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет-пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделік. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген есі дұрыс адам. Адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жеке өміріне байланысты құпияларды таратуы немесе пайдакүнемдікпен басқаға өткізуі мүмкін. Аталған мәліметтерді көпшілік алдында (жиналыстарды, жиындарда) сөйлеген сөздер, көпшілікке көрсетілетін шығармаларда (сурет, бейне фильм, жазба шығарма) немесе бұқаралық ақпарат құралдарында (газет, журнал, радио, теледидар т.б.) арқылы таратылса кінәлы адам 142-баптың осы тармағы бойынша жауапқа тартылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет