Сақ Қайрат Өмірбайұлы



Дата25.02.2016
өлшемі69.5 Kb.
#24201
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

АЛАШ КӨСЕМСӨЗІ – ТӘУЕЛСІЗ САНА ЖЕМІСІ
Алаш публицистері ұлт азаттығы, қазақ елінің бостандығы жолында қаламды қару етіп, ұлы күрестің көрігін қыздырды. Өздерінің от жалынды шығармалары арқылы ұлт рухын тірілтті, қалың ұйқыдағы ұлттық сананы сілкіп оятты, жас ұрпақты білім, ғылым, өнер жолына бастап, рухани өрлеу даңғылын айқындап берді.

Қазақ даласында Абай мектебін қалыптастырған–Алаш публицистикасы. Сол мектептің үздік шәкірті М. Әуезовтің шығармашылық ізденісіне негіз болған, ұлы суреткерлік жолға жетелеген – Алаш мектебі. Бұл жай айтыла салған сөз емес, жүйелі негізі бар, ғылыми қағида. Ендеше кеңес дәуірі кезінде саяси, идеологиялық мақсатпен әдейі жабылған Алаш мектебінің есігін айқара ашып, бай қазынасын ел мұратына жарату көкейкестілігі ешқандай талас тудырмауы керек. Әсіресе, бүгінгідей ұлттың бәсекеге қабілеттігін арттыру идеясы өзекжарды болып тұрған уақытта сол идеяның қайнар көзі есебінде де зәрулігі айшықтала түседі.

Қазақ халқы тарихының ХХ ғасыр басындағы кезеңін саралап, сараптауда Алаш публицистерінің жарияланымдары жетекші орында тұрғанына талас жоқ. Тұтастай ұлттың бір ғасырлық өнер-білім, әдебиет-мәдениет эволюциясын сол Алаш қаламгерлерінің туындыларынсыз елестету мүмкін емес.

Тарихсыз ел болмайды. Сондықтан болар, «бүгінгі күн – ертеңгі тарих» дейтініміз. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы» атты баяндамасында: «...жинақталған тәжірибені ескере отырып, тұғырдан тайса да санадан әлі сырыла қоймаған тоталитаризм идеологиясын әшкерелеуді жалғастыра түсуіміз керек» - деді [1].

Елбасымыз тілге тиек еткен тоталитаризм құрбандары – ХХ ғасыр бас кезінде ұлт қамын ойлап, ел азаттығы жолында саяси күреске белсене араласқан Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқай, т.б. ұлтымыздың зиялылары еді. Патшалы Ресей тарапынан қазақ елін басқару өте шиеленіскен қиын жағдайда жүргізілді. Мәселен, 1868 жылғы далалық облыстарды басқару жағдайының жобасын талқылаған Министрлер кабинеті қазақтарға қатысты барлық заңдардың бұрмаланып отырғанын атап көрсеткен. Бұл орайда Н. Ядринцевтің «Заселение киргизских степей» [2] атты мақаласындағы: «Жер мәселесі барлық жүгенсіздіктер мен кедейшіліктің басталуы болды» деген жолдарынан, патшаның оспадар саясатының нәтижесінде бір ұлттың құрып кету қаупі болғанын аңғарамыз. Әріптестерінің бұл ойын қостаған Л.К. Чермек: «Исчезновение киргизов» деген мақаласында: «Қырғыздардың барлық тағдыры тек жеке басының қамын күйттеген орталықтардағы бишігештердің қолында болды» [3] - деп, қазақ жеріндегі отарлау саясаты халықты құрту мен қанауға құрылғанын ашық айыптайды. Ал бұл саяси оқиғалар демократиялық бағыттағы ұлт зиялыларын қатты ойлантқан.

1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының бастамасымен дүниеге келген «Қазақ» газеті беттерінде жарияланған материалдар ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары аңсаған ілім-білімге үндеу ХХ ғасырдың бас кезінде біршама нәтиже бергендігін айта келіп, алдыңғы қатардағы оқыған азаматтарды елді ояту, азаттыққа ұмтылу мақсатына насихаттады.

Ресей империясының отарлау озбырлықтары өз ұлтының қамын ойлаған зиялылар үшін бейтарап құбылыс болмағаны аян. 1905-1907 жылдардағы Ресей патшалығындағы саяси оқиғалар ортасында болып, саяси күрес қазанында қайнап жетілген ұлт зиялылары қалың бұқараны күрестің ұйымдық деңгейіне дейін көтеру үшін халықтың санасын ояту бағытында еңбектенді. Бұған Міржақып Дулатұлының 1909 жылы жарық көрген «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы дәлел бола алады. Күнделікті қарапайым тұрмыс-тіршіліктің тұтқыны болып қалған қазақ халқын дүр сілкіндіре ояту үшін осындай үлкен тірлік жасау сол кездің бұлтартпас қажеттілігінен туған-ды. Міржақыптың «Оян, қазағының » маңызы бүгінгі таңда да аса зор.

ХІХ ғасырдың аяғы мен қоғамдық өмір табалдырығын аттаған ХХ ғасырдың бас кезі – Ресей патшалығының қазақ даласын отарлау саясаты «жемісін» бере бастаған кез болатын. Патша әкімшілігі қазақ жеріне үңги кіріп, қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектерге зорлықпен тартып әперіп, өздерінің әкімшілік-басқару жүйелерін енгізгені тарихтан белгілі. Халық өмірінде әлеуметтік-экономикалық ауыр сілкіністер туғызып, бодан болған елдің болашағын тығырыққа тіреген отарлық саясат озбырлығына шыдай алмаған жас Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!»-ты дүниеге әкелді.

Шығармада қазақ халқының өткен тарихы, қазақ қауымының ғасыр басындағы әлеуметтік хал-ахуалы, елдің болашағына байланысты мәселелер сөз болады. Шындыққа құрылғандықтан да жинаққа енген шығармаларды публицистикалық сарында жазылған құнды туындылар деп бағалаған лазым. Ақын тілімен жазылған шығарма бірден халық арасына кең тарап, ал патшалық әкімшілік тарапынан қуғындауға түсуінің себебі де сол.

«Оян, қазақтың» қазақ халқының сана-сезімінің оянуына әсер етіп қоймай, ұлт-азаттық қозғалыс кезінде де маңызы арта түсті. Егемендігімізді алып, елдігіміз артып отырған бүгінгі таңда да «Оян, қазақтың» маңызы артпаса, кеміген жоқ. Бұл жинақтың әлі де көптеген мақсаттарымызға игі әсерін тигізері сөзсіз.

ХХ ғасыр басындағы саяси жағдайлар, яғни қазақ халқының құнарлы жерлерден зорлықпен ығыстырылып, ол жерлерге қарашекпенділердің қоныстануы; қазақ жерін орыс мемлекетінің өз меншігіне айналдыруы; қазақ шаруашылығының тоқырауға ұшырауы; ұлттың мәдени өркендеуіне қарсы түрлі кедергілер – Ресей империясы басқару жүйесінің қазақ жерінде жүргізген озбырлығы болатын. Қазақ халқына ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнді. Осындай ел басына қатер төнген қиын кезде Алаш зиялылары қолдарындағы жалғыз қаруы–қаламды серік етіп, ұлттық санасын ояту арқылы қазақ халқын азаттық күресіне алып шықты. Айталық, Міржақып Дулатұлының 1907 жылы Петербургте шыққан «Серке» газетінде жарияланған «Жастарға» деген өлеңінен осы сарынды байқауға болады. Қалың ұйқыда жатқан қазақты найзамен түртіп оятып, қараңғыдан жетектеп алып шығатын – жастар, сондықтан да, алдына мұрат-мақсат қоя білер жастардан үміт етемін - деп, жастарға қозғау салады.

«Серке» газетінің тұтқындалған екінші санында Міржақып Дулатұлының «Біздің мақсатымыз» атты бас мақаласы басылған. Мақала: «Қазағым менің, елім менің! Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық. Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады» - деп басталады да, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағынан жан-жақты тәркіге түскен сахара халқының ең соңғы қамалы – рухани-этникалық белгілерінің жойылуға шақ қалғанын айыптайды. Осы бір қоғам өміріне төніп келе жатқан жойқын апатқа қарсы төтеп беріп, елдік қасиетті сақтап қалу үшін не істеу керектігін айтып, исі қазақтың сана-сезіміне әсер етуге әрекет жасайды. Айтылмыш мақаланың сол кездегі қазақ қауымында қалыптасып келе жатқан қоғамдық ой-пікірдің қазақ даласында анық бой көрсеткен әлеуметтік қозғалысының көрінісі екендігінен зәресі ұшқан патшалық әкімшілік «Серке» газетінің екінші санын жауып тынады. Міржақып Дулатұлы патшалық отаршылдық саясатқа қарсы осылайша қаламын қару ете білген ержүрек қайраткер болатын.

Кең байтақ қазақ жерінде еркін жүрген қазақ халқы үшін, оның ішінде, сол халықты еркіндікке, бостандыққа бастап барушы көшбасшылардың саяси көзқарастарында да еркіндік пен тәуелсіздік идеялары басым болатын..

Сайын далада көшіп-қонып, шашырай қоныстанған елдің жүрек түкпіріне нұр сәулесін түсіріп, оларды рухани жағынан шыңдап, ынтымақ-бірлігін сақтай отырып, олардың саяси белсенділігін арттыру – ат төбеліндей аз ғана ұлт зиялыларына оңай болған жоқ. Сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалды жан-жақты зерттей білген Алаш азаматтары жанары саяси қырағы еді. Екі ғасыр бойы қазақ халқын терідей илеп, сана-сезімін жаншып келген патшалық империяның заманында жанартаудай бұрқ ете қалған Олар өз туған елінің рухани оянуына қалам күшімен серпіліс туғызды. Сондықтан да, осындай санаткерлеріміздің лайықты бағаланып, өз биігінде есімі аталуын – ғылыми-этикалық, саяси-рухани, адамгершілік тұрғысынан киелі іс деп ойлаймыз.

ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында патшалы Ресейдің әкімшілігі қазақ халқының санасынан тәуелсіз мемлекет құру туралы идеяны өшіру мақсатымен жазалау шараларынан бастап, қазақтардың құқығын шектейтін заңдар қабылдап, ұлттық көріністің кез-келген түрін жойып отырды. Қазақтар ұлт ретінде өзін-өзі сақтап қалу үшін азаттық жолындағы күреске тартылып, оған белсене араласа отырып, күресті өршітті де. Олар «жергілікті басқару» ісіне, болыс сайлау, партияға кіру, Думаға сайлану сияқты істерге белсене араласты. Бұрын беймәлім болып келген партия құру, кандидат ұсыну, дауыс жинау сияқты саяси әрекеттер қазақ жеріне біртіндеп сіңе бастады.

Қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстың алдындағы саяси талаптар: дін, тіл тазалығын қорғау, оқу-ағарту, ұлттық салт-дәстүрді қолдау, жер дауы - ел дауы болды. Азаттық қозғалысы алға қойған мақсаттары қиын болса да, оның жас қайраткерлері туған халқын саяси күреске тарту үшін бастарын бәйгеге де тікті. Отаршыл шенеуніктердің қудалауына түсіп, жазаға жиі тартылды.

Ә. Бөкейханұлы, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы және тағы басқа да алаш азаматтары қиын кездерде (Мәселен, 1916 жылғы көтеріліс, Азамат соғысы, Кеңес өкіметінің күшпен орнатылуы) қазақ халқын қантөгістерден аман алып шығып, ұлттық сана-сезімді шыңдап отырды. Қазақ зиялыларының орыс декабристерінен айырмашылығы – қалың бұқара арасынан шыққандығы және олармен тығыз байланыста болғандығы. Сондықтан да олар ел арасындағы саяси ахуалды дөп басып көре білді, соның арқасында діттеген мақсаттарына жетті.

ХХ ғасыр басындағы күрделі кезеңде қазақ оқыған азаматтары Қарқаралы петициясы сияқты ұйымдастыру шараларын, құқықтық сауат ашу ісін (жәбірленушінің атынан арыз-шағым жазу), баспасөз бетінде үгіт-насихат жұмысын жүргізу («Айқап», «Абай» журналдары мен «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінің шығуы), мемлекеттік Думаға депутат сайлау, бүкілқазақтық съездер өткізу, конституциялық сипаттағы Алаш бағдарламасының жобасын жасау, мемлекеттік тәуелсіздік идеясын жариялап, Алаш автономиясын құру сияқты саяси күрестің күрделі сатыларынан өтті.

«Айқап» журналы қазақ даласында азаттық қоңырауын қақты. Баспасөз бетінде жарияланған А. Байтұрсынұлының, Ә. Бөкейханның, М. Дулатұлының т.б. көсемсөздері қыр қазағына жақын, ұғынықты тілде жазылуымен өнегелі болды. Бұл дәстүрді «Қазақ» газеті әрі қарай қарқынды өрістетті.

Қарапайым арыз-шағым жазып, наразылық білдірумен басталған қазақ даласындағы ұлт-азаттық күрес небір қиын жолдардан өтті. Осы күресте алаш азаматтары халықты оята жүріп, өздері де пісіп-жетіліп, ширады. Қазақстандағы ұлт-азаттық күрес тарихындағы қазақ зиялыларының әр кезеңдегі қызметін былайша саралауға болады:

а) Қазақ даласын шарпыған азаттық үшін күрес Қазақстанның әр түкпірінен оқыған зиялы азаматтардың дербес әрекет жасай алатын саяси күштерін қалыптастырды. Ресей империясының озбыр саясатына қарсы көтерілістер пайда болып, оның жетекшілері саяси талаптарын жетілдіре түсіп, ол біртіндеп ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты. Алаш қозғалысы да осы көтерілістен бастау алды;

ә) Отаршылдыққа қарсы саяси идеялар біртіндеп бүкіл қазақ қоғамына тарады. Бұны патша үкіметінің жергілікті шенеуніктері қалт жібермей бақылап отырса да, оны тоқтата алмады;

б) Ресей патшалығының отаршылдық саясатының күшеюі қазақ халқының наразылығын өршітіп, өшпенділікке ұластырып, тіпті билікке ашық қарсы шығып, оны құлатуға дейін барды. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда Алаш көсемсөзінің маңызы орасан зор болғаны тарихи шындық. Ол дәлелдеуді тілемейді.

1905 жылы Оралда Қазақстанның бес облысының өкілдері: Ә. Бөкейхан, Ж. Сейдалин, М. Дулатұлы, Б. Қаратаев, Б. Сыртановтар қатысқан съезд болды. Бұнда «қазақтың конституциялық демократиялық» [5] партиясын құру мәселесі қаралды.

Қазақ зиялылары өздерінің саяси мақсаттарын жүзеге асыру үшін мұсылман қайраткерлер арасынан өздеріне жақтастар іздеп, оларға өз идеяларын таратуды көздеді. Осындай мақсатпен 1914 жылғы «Қазақ» газетінде басылған «Мұсылман съезі» атты мақалада мұсылман қауымы бас қосқан жерде іс қағаздары татарша жүргізілсін деген пікірге Ә. Бөкейхан: «Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып, қалың отырған іргелі ел жоқ. ...Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта... Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» [6] - деп ашына жазады.

Алаш қайраткерлері А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, С. Кәдірбаев, Е. Ғұмыров, Н. Бегімбетовтер қол қойған «Шорай ислам» атты «Қазақ» газетінде жарияланған мақалада: «Май басында Мәскеуде жалпы мұсылман съезі болып өтті. Бұл съезде де, мұнан басқа да жұрт жұмысын қарайтын орындарда да өкілдер әр ұлттан, әр таптан санына қарай болуға тиіс. Бірақ Мәскеу съезінде қазақ халқының саны барлық Ресей мұсылмандарының төрттен үші бола тұрып, қазақ өкілдері 20-30-дан артпағаны мағлұм болды. ...Қазақ өкілдері 200-ден артық болуға тиіс еді» -деген үндеулерінде Ресей мұсылман қауымы арасында қазақтың беделін жоғары ұстау, оның өзіне тиесілі үлесін ешкімге жегізбеу керектігін айтқанын ұғамыз. Және мұсылман съезін Қазақстан проблемаларын өзге ұлыстарға жеткізетін трибуна ретінде пайдаланып, оларды саяси күресте өзіне одақтас етуді көздеді.

«Қазақ» газетінде 1917 жылы жарық көрген « Жалпы қазақ съезінің қаулысы» атты мақалада: «... Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд Шорай исламға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды» - делінген. Съезде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мен Ақылбек Сейітовтер хатшылық еткен. Съезде айтылған «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасын А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейханұлы, М. Дулатұлы, Е. Ғұмыров, Е. Тұрмұхаметов, Ғ. Жүндібаев, Ғ. Бірімжановтар әзірлеген. Бағдарлама жобасы Кеңес кезінде бұрмаланып аударылды. Ал, жалпы «Алаш» партиясының негізін қалаушылар демократтар болған еді.

«Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы кеңестік дәуірде-ақ бұрмаланып жарияланды. Жобаны бұрмалаушылар бағдарламаны халықпен санаспаған, халықпен есептеспеген ат төбеліндей аз ғана топ жасады дейді. Бұл бұрмалаушылық Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстың негізін салушылардың экономикалық, саяси және әлеуметтік көзқарастарының демократиялық сипатын түсінуге кедергі жасады.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін басталған қазақ қауымына тән қоғамдық-саяси белсенділіктің жарқын айғағының бірі 1917 жылғы көктемде қалыптаса бастаған облыстық және уездік дәрежедегі ұлттық немесе қазақ комитеттері жүйесі болды. Олар 1917 жылы сәуір-мамыр айларында өткен облыстық және уездік қазақ съездері. Мұндай съездер Орынборда, Оралда, Семейде, Омбыда болды.

Бұл съезде Ақпан төңкерісінен кейінгі Қазақстанда қалыптасқан жағдайға баға беру және қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени мәселелердің ауқымын анықтауға талпыныс айқын көрінді. Мәселен, Міржақып Дулатұлының басшылығымен Омбыда өткен қазақ ұйымдарының облыстық съезінде оқу-ағарту, қаражат, дін, әйелдер теңдігі мен земство кызметі жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланды.

Бірінші жалпы қазақ съезі 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өтті. Халел Досмұхамедұлының төрағалығымен, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы және А. Сейітовтың хатшылығымен өткен бұл съезд ұлттық автономия, жер, Құрылтай съезіне дайындық және қазақтың саяси партиясын құру проблемаларына баса назар аударды. Съезде А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» идеясын ұсынды. Съезд Құрылтай съезіне депутаттыққа кандидаттардың тізімін бекітті. Оның ішінде М. Дулатұлы да бар.

Бірінші жалпықазақ съезі өзінің күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі – қазақ саяси партиясын құру мәселесін талқылау барысында іс жүзінде осы партияны ұйымдастыруға арналған Құрылтай жиналысына айналды.

Саяси партиялардың пайда болуы мен дамуы қоғамның таптарға, әлеуметтік топтарға бөлінуіне байланысты. Саяси партия таптың немесе оның белгілі бір бөлігінің мақсат-мүддесін білдіреді және өз қатарына солардың белсенді өкілдерін тартады. Партия саяси ұйым ретінде өзінің әлеуметтік негізін құрайтын белгілі бір таптың немесе оның белгілі бір бөлігінің мақсат-мүдделерін жүзеге асыру үшін күреседі. Әр саяси партияның таяудағы және болашақтағы мақсаттарын анықтайтын Бағдарламасы және ұйымдық құрылымы мен нақтылы іс-қимылын белгілейтін Жарғысы болады.

Капитализм орнап нығая бастаған жағдайда қоғамдық таптар мен әлеуметтік топтар өкімет үшін күресті өздерінің саяси партиялары арқылы жүргізді. Қазақ өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси хал-ахуал таптық, аграрлық және ұлттық мәселелердің шиеленісуімен ерекшеленеді. Сондықтан Қазақстанда орын алған аграрлық және ұлт-азаттық қозғалыс отаршылдық пен феодалдық езгіге қарсы бағытталды.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамдық қозғалысы буржуазиялық-демократиялық мәндегі мақсат-міндеттерді: ұлттық тең құқық, халық мәдениетін көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, әйел теңдігін қамтамасыз ету, көшпелілерді отырықшыландыру, т.с.с. мәселелерді қойды. Бұл істің басы-қасында ат төбеліндей ғана қазақ зиялылары жүрді.

1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен Бірінші жалпы қазақ съезінде «Алаш» партиясының құрылуы – қазақ халқы өміріндегі елеулі оқиға болды. Өйткені ол тұңғыш ұлттық-саяси ұйым еді. «Алаш» партиясы халықтың келешегін анықтауға тікелей қатысты жалпыұлттық мәселелерді саяси күрестің күн тәртібіне қойып, олар ең алдымен партия бағдарламасының жобасын дайындады; қазақ ұлттық мемлекетін құруға белсене кірісті; қазақ қауымынан Құрылтай жиналысына депутаттар ұсынып, оларды сайлауға атсалысты. Осылайша «Алаш» партиясы саяси күреске белсене араласа бастады. Бұл күрестің түпкі мақсаты – сан ғасырлар бойы Ресей империясының отары боп келген Қазақстанды дербес ел етуге ұмтылу. «Алаштың» идеологиясы отарлыққа қарсы бағытталған жалпыұлттық идеядан туындады. «Алаш» құрамы ұлттық интеллигенция өкілдерінен тұратын отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлттық-демократиялық саяси ұйым.

Жаңа құрылған партия «Алаш» деген атқа ие болды. Бұл партияның құрамына ғылыми-техникалық, педагогтік және шығармашылық зиялыларының белгілі өкілдері – Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышпайұлы, Ж. Досмұхамедұлы, Ә. Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ш. Құдайбердіұлы, М. Жұмабайұлы, Ғ. Қараш, С. Торайғырұлы, Х. Ғаббасұлы және тағы басқалар кірді.

«Алаш» партиясы социалистік идеологияны, таптық принциптерге негізделген күрес бағдарламасын қабылдамады. Өйткені сол кездегі қазақ қоғамы бұған дайын емес еді. Сондықтан олар өз күресін «қазақ халқын отарлық езгіден құтқару үшін» деген ұранмен жүргізуге бағыт алды. Бұл бағытты жүргізетін тек «Алаш» партиясы болу керек деп түсінді.




ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Назарбаев, Н.Ә. Тарихсыз ел болмайды // Егемен Қазақстан . − 1998. − 16 қаңтар.

  2. Назарбаев, Н.Ә. Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы // Егемен Қазақстан. − 1998. − 16 қаңтар.

  3. Ядринцев, Н. Зеселение киргизских степей // Восточное оброзрение . − 1882. − № 19.

  4. Чермек, Л. К. Исчезновения киргизов // Қазақстан. − 1911. − 11 қараша.

  5. Нұрпейісов, К. Алаш һәм Алашорда. − Алматы, 1995. − 35б.

  6. Бөкейхан, Ә. Мұсылман съезі // «Қазақ» газеті. − Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. − 118-119бб.

  7. Сейфуллин, С. Тар жол, тайғақ кешу. – Алматы: Қазғұрт, 2004. – 195 б.

  8. Құл-Мұхаммед, М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарасының эволюциясы. − Алматы: Атамұра, 1998. − 181 б.

  9. Бөкейхан, Ә. Таңдамалы. – Алматы, 1995. – 414 б.

  10. Байтұрсынов, А. Орынбор. 2 ақпан // «Қазақ» газеті. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 10-12 бб.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет