Сабақ : «Абайды білмек парыз ойлы жасқа»



Дата25.02.2016
өлшемі66.5 Kb.
#19074
түріСабақ
Панорамалық сабақ : «Абайды білмек парыз ойлы жасқа»

Сабақтың мақсаты:

білімділік : қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын оқып білу. Сын тұрғысынан ойлау арқылы шығармашылық жұмысқа баулу.Мәтіндерді оқу, өлеңдерін айту, әндету. Қазақ тілінде анық сөйлеу машықтарын қадағалау.

дамытушылық : Абайдың өскен ортасы мен жастық кезеңін өз сөздерімен айта алу. Оқушылардың ой еркіндігін , эстетикалық сезімін ояту, өлеңді талдау, сөйлеу мәдениетін дамыту.

тәрбиелік : оқушыларға Абайдың ұлылығын , оның поэзиясының тереңдігін түсінуіне ықпал ету. Отанын сүю, өскен ортаны бағалау, құрметтеу сезімдерін оятып , нығайту. Еңбекқорлыққа , талаптылыққа , білімқұмарлыққа , ізденімпаздыққа тәрбиелеу.Сөз өнерінің құдіретін сезіндіру. Абай мұрасына қызығушылығын арттыру.

Сабақтың түрі: дәстүрлі емес, шығармашылық ізденіс, ауызша журнал.

Сабақтың әдіс - тәсілдері: «топтастыру» стратегиясы, «ассоциациялық аймақ» кестесі, «сандар сыр шертеді» кестесі, хронологиялық кесте, «еркін жауап » стратегиясы, «жұлдызды сағат» ойыны, «автор орындығы» стратегиясы, сұрақ – жауап, ой бөлісу, мәнерлеп оқу, жатқа айту, шығармаларын талдау, әндету, қосымша білім көздерін насихаттау арқылы өздігінен білім алуға баулу.

Оқыту түрі: бірлескен ұжымдық іс – әрекет.

Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайдтар, Абай шығармашылығы жайында жазылған кітаптар мен журналдар көрмесі, буклеттер, ақын жайлы жазылған құнды пікірлер.

Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, саз өнері, орыс әдебиеті, тарих.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру сәті

Қызығушылықты ояту. Мұғалімнің сөзі (Абай әндерінің баяу сазымен):

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес.

Ол бірақ қайтіп келіп ойнап – күлмес.

Мені мен, менікінің айырылғанын,

“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Абай туған халқының , болашақ ұрпақтың өнегелі тәрбиешісі, ана тілінің , қазақ поэзиясының өсіп гүлденуіне зор үлес қосқан қамқоршысы.



Сабақтың мақсатын қою

Жаңа сабақ

Бүгінгі біздің сабағымыз қазақ халқының ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналады. Сабағымыз ауызша журнал ретінде өтеді.

Олай болса, Абай өмір сүрген кезеңге көз жіберейік.

«Ой қозғау» стратегиясы:

«Абай кім? Абай туралы не білеміз?» деген сұрақтарға жауап жазады.

Журналымыздың бірінші беті: Абайдың өмірбаяны, балалық шағы (интерактивті тақтадан слайд көрсетіліп, слайд бойынша оқушылар әңгімелейді).

Абайдың шын аты Ибраһим болған. Абай деп әжесі Зере еркелетіп қойған. Бала кезінде екі ананың арасында тел өскен Абайды жеңгелері Телғара деп еркелетіпті. Тіпті М.Әуезовтың өзі Абай туралы жазбақ болған романын ең алғаш “Телғара” деп атаған екен. Сол Телғараның дана Абайға айналып, ұлы ақын болу жолына көрелік.

Абайдың бар өмірі өзі туып өскен Шыңғыс болысы, қазіргі Абай ауданы, бұрынғы Семей облысында өтті. Ұлы ақын 1845 жылы әйгілі Қасқабұлақ басында, киіз үйде дүниеге келді. Әкесі Құнанбай бүкіл Тобықты елінің қаһарлы әміршісі, қатыгез, ал шешесі Ұлжан керісінше ағайын-туысқа қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған.Міне, сәби шағынан-ақ Абай от пен судай екі ұдай, кереғар мінезді адамдар ортасында өмір кешті. Аяулы әжесі Зере мен анасы Ұлжанның жас бала қиялы мен санасының, мінез-құлқының қалыптасуына әсері мол болды. Ол екеуі айтқан ертегі, аңыз-әңгіме, күлдіргі, мысқыл, ел басынан өткен тарихи оқиғалар зерделі бала-Абайдың санасына біртіндеп сіңе берді. Осылайша, бала Абай өз халқының рухани ой қазынасына қанығып өсті.

Абай ауылда ескіше сауат ашып, Семейдегі Ахмет Ризаның медресесіне оқуға түседі. Алайда, әкесі Абайды билік ісіне араластырып, баулу үшін оқуын аяқтатпай, 14 жасында қайтарып алады. Абайдың медереседегі оқуы осымен аяқталады.

Абай Шығыстың классик ақындары Фирдоуси, Низами, Науаи, Әл-Фараби және т.б. Шығармаларын қызыға оқыды. Оның шығыс классиктеріне деген ынтасының зор болғаны сонша, өлең жазуға деген алғашқы талпынысы соларға сиынудан басталды.

(Оқулықпен жұмыс, сөздікпен танысу)



«Ассоциациялық аймақ» кестесі. Оқушылар тақтадағы кестеге ақын туралы білетіндерін жазады, әңгімелейді.

Бірінші беттің қорытындысы.

Абай балалық кезінде ақылды, көп оқыған, ізденімпаз бала болған. Мен сендерге Абайдың осындай қасиеттерін тілеймін.

Журналымыздың екінші беті: Абай - лирик ақын (интерактивті тақтадан слайд көрсетіліп,слайд бойынша оқушылар әңгімелейді).

Абай он екі жасынан бастап өлең жазған. Абайдың табиғат лирикасы, әсіресе, жылдың төрт мезгілін суреттейтін өлеңдері күшті ақындық шеберлікпен, зор мәдениеттілікпен жазылған жырлар.

Балалық шағымыздан-ақ «Күз», «Жаз», «Жазғытұры», «Қыс» өлеңдерін жаттап өстік.

Абай лирикасын түсініп оқу арқылы табиғат құдіретіне ғашық болмай өсу, сүйсінбеу мүмкін емес.

Сондай-ақ, ғашықтар арасындағы сүйіспеншілік лирикасы да жастарды кіршіксіз таза сезімге, шынайы махаббат иесі болуға баулиды.

Махаббатсыз – дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар- деп, махаббатты тірліктен жоғары қойса, келесі өлеңінде; Ғашықтың тілі – тіл, Көзбен көр де ішпен біл, - деп, махаббатты таза, кіршіксіз, әдептен озбайтын, ішкі таза нәзік сезім, сыпайы сыйластық болған жерде ғашықтық, сүйіспеншілік болатынын айшықтап тұрады.

Оқушылар білетін өлеңдерін естеріне түсіріп, жатқа айтады.

Журналымыздың үшінші беті: Абай – білім жаршысы

Журналымыздың бұл санында кемеңгер ақын жас қауымды білім-ғылым іздеуге өзінің ғибратты өлеңдерімен ұран етіп, ерінбей оқып, білуге шақырады. (интерактивті тақтадан слайд көрсетіліп,слайд бойынша оқушылар әңгімелейді).

Абай ақын сияқты өлең шығаруға сендер де талпыныңдар.

Журналдың төртінші беті: Абай-сазгер

Абай ақын ғана емес, сонымен бірге, сазгер – қазақтың халық музыкасын терең білген адам.

Абайдың табиғатты суреттейтін өлеңдерінің ішінде «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінің орны ерекше. Өлеңде айлы түн мен жайлаудағы елдің түнгі тіршілігінің сұлу да сырлы көріністері табиғи қалпында суреттелген. Өлең 1888 жылы жазылған.

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй .

(Абайдың әнін тыңдату).

Төртінші беттің қорытындысы.

«Ән-күйсіз адам өмірін елестету қиын» деп Абай атамыз айтқандай, сендер де ән мен күйді сүйіп, айтып үйренуге тырысыңдар.

Журналымыздың бесінші беті: Абай-аудармашы (слайд көрсету).

Абай Құнанбаев 1886 жылдан бастап Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Абай 1892 жылы «Қараңғы түнде таң қалғып» өлеңін М.Ю.Лермонтовтың «Из Гёте» өлеңінен аударған.

Бесінші беттің қорытындысы.

Абай Құнанбайұлы қазақ және орыс мәдениетін жақындастырған аудармашы. Сендер де Абай атамыздай орыс тілінен қазақ тіліне, ағылшын, т.б. тілдерге еркін аударма жасап, мемлекеттік тілімізді жақсы меңгеруге талпыныңдар.

Журналдың алтыншы беті: Абай-философ (слайд көрсету).

Абайдың қарасөздері 1890-1898 жылдары жазылған. Абайдың қарасөздерінің саны – 45. Абай – философ, оған дәлел – оның жазған 45 қарасөздері.

Алтыншы беттің қорытындысы.

Ибраһим мырза – данышпан философ кісі болған.

Абайдың мақсаты: наданды өнерлі, ақылсызды ақылды, жалқауды еңбекқор, епсізді епті, берекесізді берекелі ету еді. Сондықтан да Абай атамыздың асқақ арманын жүзеге асыруымыз керек. Абай – бізбен мәңгі бірге, ол – өлмек емес! «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп бекерге айтылмаған.



«Топтастыру» стратегиясы

Ұлы жазушы туралы алған білімдерін кластер бойынша толтырады.



«Сандар сыр шертеді» кестесі. Оқушылар Абай Құнанбайұлының өмірі мен қызметіне шолу жасайды. Бүгінгі сабақта алған білімдерін бекітеді.

Хронологиялық кесте

1845 жыл

Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген.

1857 жыл

12 жасынан бастап өлең жаза бастаған.

1886 жыл

Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларын аударуды бастаған.

1888 жыл

«Желсіз түнде жарық ай» өлеңін жазған.

1890-1898 жылдар

Қарасөздерін жазған. Саны : 45

1904 жыл

Қазақ халқының ұлы ақыны дүние салған. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Жидебай қонысында жерленген.

«Еркін жауап» стратегиясы. Оқушылар Абай Құнанбайұлының асыл сөздерінің

жалғасын табады.

1.Ғылым таппай мақтанба,

( ... ... ... ... ... .)

2.Талап, еңбек, терең ой,

(… … … … .)

3.Досы көппен сырлас

(… … … … .)

4.Өсек, өтірік, мақтаншақ,

(… … … … .)

5.Сен де бір кірпіш дүниеге

(... ... ... ... .)



Сабақты бекіту

«Жұлдызды сағат» ойыны.

1.Абай Құнанбаев кім?

2.Ол қай жылдары өмір сүрді?

3.Абайдың неше қарасөзі бар?

4.Абайдың шын аты кім?

5.Жеңгелері қалай атаған?

6.Ұлы ақынның руы кім?

7.Абай неше жасынан бастап өлең шығарды?



Оқушыларды бағалау

Үйге тапсырма

Ұлы ақын туралы мәнжазба жазу, тұсаукесер дайындау.



Сабақты қорыту

«Автор орындығы» стратегиясы. Ортада Абай. Болашаққа өсиет айтып тұрған кейіпте. (музыка естіліп тұрады). Жақсылық пен жамандықты, әділдік пен қиянат туралы білгің келсе, Абайды оқыңыз. Адамгершілік пен арлылық, махаббат пен зұлымдық туралы білгіңіз келсе, Абайды оқыңыз. Өлім мен өмір, адам жанының қалтарыстары мен сырлары туралы білгіңіз келсе, Абайды оқыңыз. Тіршіліктің мәңгі сауалдарына жауап ізлеп, он сегіз мың ғаламның құпиясын білгіңіз келсе, Абайды оқыңыз.

№3 Мәртөк орта мектебі



Аудандық семинар

Панорамалық сабақ

Тақырыбы:

«Абайды білмек парыз ойлы жасқа»

8 «Б» класс



Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Ботанова Г.О.

2013-2014 оқу жылы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет