Тақырыбы: Қайырымдылық- адамгершілік белгісі.
-
Тәрбие сағатының мақсаты:
-
а) Кішіпейілділік, тазалық, әдептілік, көмек беру, достық, жақсылық, ар-ұят, қызмет ету, имандылық, инабаттылық, елін, жерін сүю – адамгершіліктің басты ұстанымдары екенін ұғындыра отырып, оқушылардың бойына адамгершілікті сіңіру.
-
ә) Жасөспірімдердің ой-санасын оята отырып, өзін-өзі тануға және бағалауға, адамгершілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу.
-
б) Әдептілікке, сыпайылыққа тәрбиелеу;
-
Сабақтың барысы:
-
І.Ұйымдастыру бөлімі
-
ІІ.Ақын жазушылардың сыпайылыққа, әдептілік туралы ойлары
-
ІІІ.Әдептілікке, адамгершілік – сыпайылыққа байланысты мақал –мәтелдер.
Жүргізуші: Мен өзімнің сөзімді қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген даналық сөзін бүгінгі кешіміздің эпиграфы ретінде басталғалы тұрмын.
«Қайырымдылық - адамгершілік белгісі» атты мерекелік кешіміздің негізгі мақсаты қамқорсызға қамқор болу, тағдырдың жазғаныменен жаралы болғандарға жәрдем беру, жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді бойына дарыту болса,
Қазақстан Республикасының 2007жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңын іске асыру мақсатында әлеуметтік жағынан қорғалмаған және күнкөрісі төмен отбасыларынан шыққан оқушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетуді қолға алып отыр.
Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу - өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осыған орай аудандық білім беру бөлімі 2014 жылдың 11 қаңтары мен 11 ақпан аралығында аудан аумағындағы барлық мектепте жалпыға бірдей білім беруайлығын өткізді.
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма -
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма -
Өскеніңді өшіресің.
Жанашыры жоқ жарлыға
Жәрдемші бол асыға,
Қиын қыстау күндерде
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба
Қазыбек бидің халқымның кеңдігі, жомарттығы туралы айтқан осы бір өсиеті бүгінгі күнде де өміршеңдігін жойған емес.
Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту осы отырған барлық азаматтың борышы. Ендеше болашағымыз бақытты болсын десек, бір бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямалық ағайын!
Адамгершіліктің негізгі қағидалары қандай?
1-оқушы.Адам тумысынан жамандыққа үйір емес. Ол жылдар өте келе өніп шығады. Жақсылық өнімнің шыққаны немесе оны жамандықтың арам шөптері басып кеткені сонда ғана белгілі болады. Ізеттілік пен сыпайылық сияқты адамгершілік түрлері отбасынан басталады.
2-оқушы.Отбасындағы тәрбиені адам өз өмірінің «Алтын бесігі» мектеп қабырғасында жалғастырып, өмір заңдылықтарын үйренеді. Мектепте халқымыздың әдептілік, әдемілік, имандылық, қайырымдылық, яғни рухани адамгершілік тағылымдарын – еліміздің дәстүрін ата-ана мен ұстаз тағылымдарын өз білімдерімізбен жалғастырамыз.
3-оқушы.Адамгершілік қасиет ең бірінші әр оқушының отбасын сыйлаудан басталады. Әке-шешеге ешқашан дауыс көтеруге, сөз қайтаруға болмайды. Ата-анасын сыйламаған адам басқа біреуді сыйлап жетістірмейді. Ата-ананы ренжітпеу – әр баланың өмір бойғы міндеті. Адам қандай жоғары лауазымда қызметте жүрсе де ізеттілікті жоғалтпауы тиіс. Үлкен адамдарға қоғамдық көліктерде орын беру, сұрақтарына дұрыс жауап беру қажет.
4-оқушы.Кешірімді болу, кек сақтамау, сөйлесе білу, әділ болу, ізеттілік.
Рұқсат сұрау, кешікпеу, амандасу, өсек айтпау, уәдеде тұру, имандылық, мейірімділік, сабырлылық, қайырымдылық, т.б.
5-оқушы.Ізеттілік – айналасындағыларды құрметтеу, кішілік мінез таныту. Амандасу – бейбіт пейілдің, достық ықыластың белгісі, мінез-құлықтың нормасы.
6-оқушы.Әділ болу – адамшылықтың асыл белгісі. Әділетті қоғам адамдар имандылық қағидаларын қатаң сақтағанда ғана құрылады. Әдет-ғұрып дәртүрлеріне қалыптасқан қағидаларға, құқықтық нормаларға, заңға сүйенгенде ғана әділдік жеңеді.
7-оқушы.Рұқсат сұрау – адамдар қарым-қатынасындағы ішкі мәдениетті айғақтайтын этикалық қағидалардың бірі. Адамның меншік құқығын құрметтеу және оған қол сұқпау. Әр адам бір-бірінің құқығын құрметтей білуді үйренгендері жөн.
Имандылық – әр адам ұлтына, нәсіліне, жынысына, дініне қарамастан иманды болып туады. Иманды бала дөрекілікке бармайды, ата-анасын ардақтайды, кісіге қиянат жасамайды. Имандылық бар жерде рухани тазалық бар, сенім бар.
8-оқушы.Кешікпеу – бұл дағдыны адам өзіне бала жастан дарытқаны жөн. Кешігу адамдарды сыйламау. Жұмысқа немесе туған күнге, кештерге кешігіп бару барып тұрған мәдениетсіздік. Уәделі жерге ерте бару керек, кешіккен жағдайда кешірім сұрау керек. Сабырлылық – адам бойына екі жолмен дариды, бірі туа біткені де, екіншісі адам өзін-өзі тәрбиелеу жолымен келеді. Сабырлылық адамның өз мінез-құлқына ие бола алатынын көрсетеді.
Қайырымдылық – айналадағы адамдарға ізгілікті іс жасау. Қайырымдылық бар жерде қатыгездікке жол жоқ. Өзгелер үшін жасалған ізгілік адам жанын нұрландырады, адамдық мәртебесін көтереді. Қайырымды бала қашанда ата-анасының мақтанышы.
Мұғалім.Адамгершіліктің басты қағидаларын орындай адам құқықтарын қастерлеу шарттарының бірі. Оның баптары қандай?
9-оқушы.Барлық адамдар тең құқықты, ерікті, қадірлі. Азаматтар нәсіліне, жынысына, тіліне, тегіне, дініне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарай заң алдында бірдей. Өмір сүру құқығы, адамның бас бостандығы мен жеке өмір сүру еркі қасиетті болып табылады.
Қорытындылау.Адамгершілік қағидалары туралы бірталай мағлұмат алдық. Егер сен бала күніңнен әдепті болып өссең, есейе келе ата-ананың, өз Отаныңның мақтанышы боласың. Алған мағлұматтарды қорытындылай келе, «Адамгершілік – асыл қасиет» пікір-сайысына кезек береміз.
Адамгершілікке тәрбиелеу құралы — еңбек пен ата-ана үлгісі
Ыбырай Алтынсарин. Ал, адамгершілік дегеніміз не? Мұның жауабы, әрине, адам бойындағы асыл қасиеттерді айтамыз. Демек, асыл қасиетіміз – еңбек сүйгіштік, достық, әдептілік, көмек беру, қоғамға қызмет ету, инабаттылық, имандылық, елін, жерін сүю, кішіпейілділік. Яғни, адам бойында осы қасиеттер жоғары тұрса, ол адамның адамгершілігі жоғары болмақ. Сондықтан, біз осы қасиеттерді кішкентай кезімізден бойымызға сіңіруіміз қажет. Ал, керісінше, сөзі дөрекі, мінезі шайпау, менмен мақтаншақ, керенау кесір мінезден аулақ болуымыз керек.
Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі.
Тақырыбы: Қайырымдылық –адамгершілік белгісі.
(тәрбие сағаты)
Өткізген: Нурмолдина М.
Астана -2015
Достарыңызбен бөлісу: |