Ұйымдастыру кезеңі. Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу,назарларын сабаққа аудару
-- Балалар, біз өткен сабақта Абай атамыздың қандай өлеңімен таныстық? -- Өлеңнің тақырыбы не?
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» өлеңі «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» – Абайдың 1886 жылы жазған өлеңі. Көлемі 50 жол. Ақын өз дәуіріндегі қазақ қоғамының әлеуметтік топтарын дәл ажыратып, айқын саралап, әрқайсысының мін-мерезін ащы тілмен күйдіре өртейді. Еңбексіздік, терін сатпай, телміріп көзін сатқан теп-тегіс алармандықты айыптайды. Абай таңбалайтын өкілдер мыналар: бай,би,болыс,елубасы,жау,жарлы,дос,сұм-сұрқия, аларман, орыс, паң. Бәрі де әрекетімен, өз қылығымен көрінген. Осылардың әрқайсысының адал еңбек етпей, арамдықпен дүние табар амалдарын зерек суреткер дәл басып, мінез, психология ерекшеліктерін, қулық-сұмдық табиғатын, айла-шарғы тәсілдерін улы сатира найзасына қалай тастайды, не деп бопсалайды, қалай қорқытады, қалай торға түсіреді – осы сауалдардың жауабы бар, әр кейіптің сыры жария болады. Жанды бейнелер жасалады. Табан ақы, маңдай теріне сүйенбей, айла-шарғыға аяқ артқан, біреуді-біреу жеген қоғамдық ортаның азуын ақын қайғысы суретке айналдырады. Айналып келгенде, бір шаңырақ астынан да береке-ырыс кеткен, Ата мен бала, аға мен іні арасына от түскен. Бәрі де арын сатып, өтірік ант ішіп, алдау-арбаумен мал табуға бет бұрған. Жұз құбылған, қысқа күнде қырық жерге қойма қойған, қулық ойлаған сойқандар түгел мансұқ етіледі. Аруақты ақынның алдамшылық, жәдігөйлік, айлакерлікке қарғыс айтқан қаһарлы байламы бар. Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасы үлгісімен жазылған. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды.