Мырзанова Анар Ибадуллақызы,
А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебіның физика пәні мұғалімі
ОҚО, Ордабасы ауданы
Сабақтың тақырыбы: Жылдамдық. Жылдамдық бірліктері
Сабақтың мақсаты:
Білімділік- оқушылардың өткен тақырып бойынша алған білімдерін тексеру. Жылдамдықтың жол мен уақытқа тәуелді екенін түсіндіру, өлшем бірліктерімен таныстыру.
Дамытушылық- оқушылардың ойын дамыта отырып, есте сақтау, ойлау, танымдық қабілеттерін, пәнге қызығушылығын арттыру.
Тәрбиелік - тапқырлыққа, ізденімпаздыққа, өз бетімен еңбектенуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдісі: баяндау, сұрақ-жауап, деңгейлеп оқыту әдісінің бөлшектерін пайдалану.
Сабақтың көрнекілігі: суреттер, бүктеме, эл. оқулық, графопроектор, деңгейлік тапсырмалар жазылған үлестірме қағаздар.
Пәнаралық байланыс: Биология, сурет, әдебиет, тарих, спорт.
Сабақты дамыту: Өткен сабақпен байланыстыру
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі:
а) Оқушылармен сәлемдесу
ә) Кезекші міндетін тексеру
б) Оқу құралдарын қадағалау
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
« Еске түсіру» стратегиясы
А) Сұрақ- жауап алмасу
1. Қандай қозғалыс бірқалыпты қозғалыс деп аталады? Мысал келтір
2. Қандай қозғалыс бірқалыпты емес қозғалыс деп аталады? Мысал келтір
3. Механикалық қозғалыс дегеніміз не?
4. Механикалық қозғалыстың салыстырмалылығы туралы
5. Санақ денесі дегеніміз не? Мысал келтір
6. Дененің қозғалыс траекториясы дегеніміз не?
7. Жол дегеніміз не? Оның бірлігі
8. Орын ауыстыру дегеніміз не?
Ә) Тәжірибе көрсету
Құрал-жабдықтар: арба, тамызғыш, қағаз, жүктер.
Б) Суреттермен жұмыс
Тақтада берілген суреттерден бірқалыпты және бірқалыпты емес қозғалысты ажыратады.
В) Сөйлемдермен жұмыс
Тақтада берілген сөйлемдерді оқып, қозғалыстағы денені табу. Оның қозғалысын сипаттау.
-
Бәйге аттары мәреге жетуге таяп қалды.
-
Көлік терезесінен қарағанда телеграфтық бағандар тұсымыздан өтіп, артта қалып жатты.
-
Нөсерден соң тамған жаңбыр тамшыларының тырсылы әлі де естіліп тұр.
-
Сахнада биші мың бұралып билеп жатыр.
-
Дәрігер баланың жүрек соғысын тыңдады.
Г) Үй тапсырмасын бекіту
Төмендегі өлең жолдарын оқи отырып, берілген сұрақтарға жауап алу
Үйден қашты ол қорқып,
Ну орманды көп жортып
Бірер аңнан құтылды
Алдап өлеңдер оқып.
Өзін-өзі бағалап,
Мәз- мейрам боп күледі,
Сай-саланы аралап
Ұзақ жолды жүреді.
Бірақ та ол бір қуға
Жем боларын білмеді.
Сұрақтар: 1. Бұл өлең жолдары қай ертегіні еске түсіреді?
2. Қозғалыстағы дене қайсы?
3. Оның қозғалыс траекториясы қандай?
4. Осы жағдайда денені материялық нүкте деп есептеуге бола ма?
5. Дененің қозғалысын сипаттаңдар.
ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру
«Ойлануға шақыру» стратегиясы
Тас жолмен бірқалыпты қозғалған автомобиль бірқалыпты жаяу жүріп келе жатқан адамды қуып жетіп, одан озып кетеді. Себебі, ол жаяудан гөрі шапшаң қозғалады. Қозғалыстағы алуан түрлі денелердің бірдей уақыт ішіндегі орын ауыстырулары түрліше болуы мүмкін.
Әртүрлі қозғалыстар арасындағы айырмашылықты сипаттау үшін қозғалыс жылдамдығы деп аталатын жаңа физикалық шама енгізіледі. Жоғарыда келтірілген мысалдағы денелердің қозғалысындағы айырмашылық - олардың жылдамдықтарында.
Бұдан біз қандай да бір уақыт аралығында бірқалыпты қозғалған дененің жолын сол уақыт аралығына бөлсек, бізде жылдамдық деген физикалық шама шығады. Жылдамдықты табу үшін жүрілген жолды уақытқа бөлеміз. Жылдамдықты ϑ әрпімен белгілейміз.
Жол S
Жылдамдық ═ ------------ ϑ ═ --------
Уақыт t
Бірліктердің халықаралық жүйесінде жылдамдықтың бірлігіне секундына метр (м/с) алынады. Бұл жылдамдық бірқалыпты түзу сызықты қозғалатын нүктенің 1с ішінде 1 метрге орын ауыстыратынын білдіреді.
Дененің жылдамдығы оң немесе теріс болуы мүмкін. Жылдамдық сан мәнімен қатар бағыты бойынша да сипатталады.
Тақырыпты графопроектор арқылы қысқаша түсіндіру.
Интербелсенді тақтадан есеп шығару мысалын түсіндіру.
ІV. Сергіту сәті
Тақтадан «ең жылдам» деп басталатын сұрақтар мен жасырылған жауап суреттерін шығару.
-
Ең жылдам қозғалатын көлік.
(Шаттл ғарыш кемесі-24000 км/сағ)
-
Ең жылдам ойналатын командалық ойын.
( Хоккей-160 км/сағ)
-
Ең жылдам ұшатын жәндік.
( Инелік-9 км/сағ)
-
Ең жылдам жүгіретін аң.
(Қабылан-100 км/сағ)
-
Ең жылдам өсетін өсімдік.
(Бамбук-120 см/тәулік)
-
Ең жылдам қозғалатын планета.
( Меркурий-172 мың км/сағ)
-
Ең жылдам қозғалатын құс.
( Ителгі-200 км/сағ)
V. Сабақты бекіту
«Миға шабуыл» стратегиясы
Есептер шығару
І- деңгей
36 км/сағ; 108 км/сағ; 45 м/минутты м/с-қа түрлендіру керек.
ІІ-деңгей (ауызша)
-
Қоянның жылдамдығы 15 м/с, ал дельфиннің жылдамдығы 72 км/сағ. Олардың қайсысының жылдамдығы үлкен?
-
Сүтқоректі жануарлар ішіндегі ең шапшаң жүгіретіні - гепард. Оның жылдамдығы 112 км/сағ. Гепардтың жылдамдығын автомобильдің 30 м/с жылдамдығымен салыстыр.
-
Шабандоздың жылдамдығы 30 м/с болса, онда ол жылдамдығы 72 км/ сағ қасқырды қуып жете ала ма?
ІІІ- деңгей
№1. Інжугүл-биіктігі 15-20 см улы өсімдік. Ол үш сағат
аралығында 1 см өседі. Оның өсу жылдамдығын тап.
2. Кеңес Одағының чемпионы Железовский 1987 жылы 1500 метрге жүгіруден сол аралықты 1 минут 52,5 секундта өтіп дүниежүзілік рекорд жасады. Оның жүгірген кездегі орташа жылдамдығын есептеңдер.
№3. –Балалар, суретте Бразилия құрамасы мен испаниялық «Реал Мадрид» клубының қорғаушысы Роберто Карлос да Силва. Оның футбол ойынында жеткен жетістіктері орасан зор. Бірақ қазір сендерге, оның өмірі туралы емес, бүгінгі тақырыпқа қатысты оның соққыларының жылдамдығы туралы баяндамақпын. Роберто жылдамдықты жақсы көреді. Не істесе де, көзі ілеспес қимылмен бітіріп тастап, біржола рахаттанып демалуды жаны қалайтын. Оның «Интерде» жүргендегі соққысының жылдамдығы 150 км/сағ болатын. Испания көремендері де ойын сайын осы футболшының соққыларын күтетін. «Бетиске» қарсы ойнаған бір матчта Карлостың алыстан бағытталған «оғының» жылдамдығы 140 км/сағ болған. Қақпаның торын тесе жаздаған осындай голдарын көрген көреремендердің айызы қанатын.
«Реалдың» дәрігері оның физикалық мүмкіндіктерін тексеріп қайран қалған. 100 метрді 11 секундқа толтырмай жүгірген. Ол қашанда шаршамайды. Тоқсан минут бойы алаңдағы әріптестері Роберто жүрген түстарға түк алаңдамайтын. Себебі, желдей есетін жүйрік сенімді толығымен ақтайтын.
Осы мәтінде берілген мәліметтерді пайдаланып, есептер құрастыру және оны шығару керек. Яғни Робертоның соққысының жылдамдығын м/с-қа айналдыру және оның ойын барысындағы жылдамдығын есептеу керек.
VІ. Сабақты қорытындылау
«Ой толғаныс» стратегиясы
-
Жылдамдық дегеніміз не?
-
Жылдамдықты табудың формуласын жаз.
-
Жылдамдықтың өлшем бірліктерін ата.
-
Спидометр автомобильдерге не үшін орнатылған?
-
Жол бойындағы 40 белгісі нені білдіреді?
VІІ. Үйге тапсырма: §18. Өзіңнің жылдамдығыңды анықта.
-Балалар, бүгінгі сабағымызды мен Ыбырай Алтынсарин атамыздың бір шумақ өлеңімен аяқтағым келіп отыр.
«Өнер, білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды,
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді,
Отсыз тамақ пісірді
Сусыздан сусын ішірді...
-Иә, балалар осы өлең жолдарынан байқағанымыздай Ыбырай атамыз өз заманында қазіргі кезде жылдам хабарласуға болатын интернет, ұялы телефон, теледидар секілді және жылдам қозғалатын құрылғылардың болатынын болжап кеткен секілді. Яғни табиғатта өте үлкен жылдамдықпен қозғалатын материя түрі бар екен. Осындай жылдамдыққа қатысты мәліметтермен біз жоғары сыныпта танысатын боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |