Тақырыбы: Қызым-қызғалдағым, ұлым-ізгі арманым.
Мақсаты: Оқушыларды қазақ қызы мен ер баланың бойына тән өнерлік тәлімдік қасиеттермен таныстыру, мұны ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптармен байланыстыра білу. Ұл бала мен қыз баланы бір-бірін шынайы құрметтеп, қастерлей білуге баулу, өзара сыйласымдылықты, достық қарым-қатынасты қалыптастыру; Оқушылардың бойында әдептілік қасиеттерді дамыту; Талғаммен киінуге, әсемдікке, сұлулыққа құштарлығын арттыру, яғни эстетикаға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Пікірталас.
Көрнекілігі: Слайд-шоу.
-
«Қыз өссе-елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі».
-
«Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю».
Сабақтың барысы:
Мұғалім сөзі:
Құрметті ата-аналар, ұстаздар және оқушылар! «Қызым – қызғалдағым, ұлым – ізгі арманым» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.
Қыз бен ер баланы тәрбиелеуге халқымыз ерте заманнан бері ерекше мән беріп келеді. Қыз бен ер баланы құрметтеп, олардың алдында дөрекі сөйлемей ізетті болуды, ер тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына, мінгізуді, киімнің сәндісін, алтынды бұйымдардың жақсысын қыздарына тарту етуді дәстүрге айналдырды. Жиын тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Жаңа түскен келіндер қайынсіңілілерін, қайындарың атымен атамай, еркелетіп «Еркежан», «Шырайлым», «Төре жігіт» деген сияқты аттар қойған. Жалғыз келе жатқан қызды көрсе оған қорған болып, баратын жеріне шығарып салу әрбір ер адамның парызы болып келген. «Қыз өссе-елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» дей отырып, осы қызғалдақтай болып өсіп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасаған.
Міне, біздің ата – бабаларымыз осындай тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрыптарды атадан балаға мұра етіп қалдырып келді. Қыз бен ер баланың тәрбиесіне бүкіл ел болып, сонымен бірге ата-анасы да үлкен мән берді. Олар қыздарын тұрмыстық мүліктерді даярлауға үйретіп, жүн түту, жіп иіру, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу т.б өнерді олар бөгде босағаға бармай тұрып- ақ үйреткен.
Қыз емес, қыздың аты қызыл алтын-
Көрінер толған айдай жүзі жарқын
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес.
Халқының сақтай білген ізгі салтын, - деген өлеңдегідей қыздарымыз апаларының өнегелі істерін өз бойларына дарытып өссе екен дейміз.
Бұрын оқымаған, тіптен хат та танымайтын қыздарымыз асыл қасиетті, жан дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандықтан, ешқандай байлыққа, асыл мүлік жиһаздарға қызықпағандығын жыр дастандардан көреміз. Қазақ қыздары мен ер балалар махаббат атты асыл сезімді аса бір қастерлеген, аялаған.
Әсіресе қыздар мен ер балалар өз ұлтын, ана тілін сүйіп қастерлегенде ғана атадан балаға әлім – сақтан бері мирас болып келе жатқан ізгі қасиеттерді ата – анасы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық, ізеттілік басқа да әдет-ғұрыптар қалыптасары сөзсіз.
Ата –бабамыз қыз бен ер бала тәрбиесіне көңіл бөліп, оның үй ішінде өзін ұстауына зор көңіл бөлген.
Қыз бен ер бала ізетті, инабатты, асыл жан етіп, ісіне көркі сай шебер етіп тәрбиелеу, қыз сыйлау халқымыздың қанына сіңген қасиет, оларды айналадағы адамдармен қарым-қатынас жасай білуіне көңіл бөле отырып, оларға нәзіктік пен сүйкімділік қасиеттерін арта білген.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді, ана тілінде сөйлейді. Сондықтан бүгінгі қыздарыңызды және ұлдарыңызды тәрбиелеу ананың және әкенің міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни, қыз бала мен ер бала тәрбиесіне тек қана анасы, әкесі жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отыр.
Адам табиғатында өзіне түсініксіз көптеген сұрақтар бар. Ол сұрақтарды кімнен сұрарын білмейді де, көптеген қателіктерге ұрынады.
Мектеп жасындағы қыз бала мен ер бала тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады.
а) Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты-тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақтылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру.
ә) 5-8 сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста жас ерекшелігіне қарай қыз бала мен ер бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің бәрін анасына, әкесіне айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру – басты борыш.
б) 9-11 сыныптарда әр бір қыз балаға және ер балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйреткен, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жақсы көретін мейірімді ана , әке шығары сөзсіз.
Ал, қазір жасыратын не бар, бұрын дәстүрімізде болмаған сүреңсіз жағдайлар бой көрсетуде. Соңғы кезде бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала мен ер бала тәрбиесіне қоғам кінәлі деген сөз жиі айтылады.
Ал осы қоғам сіз бен бізден, ата-аналар мен ұстаздардан, тәрбиешілерден құралмай ма? Қазіргі кезде тәрбиеге не әсер етуі мүмкін? Ал қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана, әке емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, дискотекалар жан-жақтан әсер етуде. Бұл тәрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да толып жатыр. Ата-аналары күнұзақ жұмыста, бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады.
Қазақ отбасында қыз баланы қалай тәрбиелеген екен, соған тоқталайық.
«Қыздар-ай» әні орындалады.
-
Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,
Көрінер туған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын кесіп сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын-дегендей, біздің халқымызда қыз деген сөздің өзі әдеміліктің, әідептіліктің, жан-жақты сұлулықтың символы ретінде қолданылады.
«Қыздың жиған жүгіндей», «Қыздың тіккен кестесіндей» деген сияқты теңеулер қыз баланың ұқыптылығын , шеберлігін көрсетеді. «Қыз- елдің көркі, гүл – жердің көркі » деген де мақал бар. Осының бәрі де қыз баланың сүйкімділігінен , жанының нәзіктігінен , әрі іске талапты да алғырлығынан , өнер- білімге бейім тұратын сергектігінен шыққан сөздер болса керек. Халқымыз қыз баланы ардақтап ұстайды, оған қатты сөз айтпай, мәпелеп өсіреді.
2- оқушы:
Қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесінде ұл бала тәрбиесіне қарағанда , біраз ерекшеліктердің бар екенін білеміз. Себебі, бүгін отбасында еркелетіп ұстап отырған қыз балаларымыздың күні ертең бойжетіп өскен соң, өзге шаңырақтың түтінін түтетіп, ошағының отын жағатын әйел, ана болатынын айтсақ та жеткілікті.
3- оқушы:
Қазақ халқы «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, әдептіліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған.
Халқымыздың халық ауыз әдебиетінде көптеген ақындарымыз қызға деген керемет суреттемелер берген.
Сондай-ақ қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін, сүйікімділігін, жанының нәзіктігін, өнер, білімге бейім тұратынын жоғары бағалап, оның ол қасиеттері бейнелі сөздер арқылы ерекше көрсеткен.
4-оқушы:
Қыздарымызға тән нәзіктік, сұлулық, ұяңдық, ибалық, сыпайылық, әдемілік, ұялшақтық, мығымдық, өнерпаздық, іскерлік, шеберлік, рухани байлық, ақ ниет, сүйіспеншілік, махаббат мұратына жетуден талабы, намысы, қайрат-жігері, бәрінен де ар тазалығы тән. Осындай қасиеттерімен де қазақ қыздары зор тағылым иесі!
5-оқушы:
Қыз бала тәрбиесінде ананың орны ерекше. Ана қыз бала тәрбиесінде әкеге қарағанда ерекше қызмет етеді. Қыз бала анаға бір табан жақын ғой. Басқа ұлтқа қарағанда біздің қазақ қыз-келіншектердің бойында ізеттілік, ар-ұят, ұялшақтық, үлкенге қызмет көрсету, үлкен алдын кесе-көлденең кесіп өтпеу, жан ашу қасиеттері басымырақ сияқты. Осындай қыз балаға тән қасиеттерді қызының бойына сіңіретін ең бірінші- ол анасы. Қыз баланы жастайынан үй сыпыруды, яғни үйді таза ұстауға, төсек жинауға, ас пісіру, шәй құю, кесте тігу, тағы басқа жанұяның үй жұмысына үйретуде анасы мен әжесі өз міндеттеріне алған.
6- оқушы:
Ия, біздің халқымыз ер баланы ертеңгі мұрагер санағанымен, қыз баланы олардан әсте кем көрмеген. Көп жағдайда қыз бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген, ата-аналар, тіпті ұлдарынан гөрі қыздарын ерекше жақсы көріп, еркелетіп, еркін өсірген. Қазақ отбасында, мысалы ұлды жазалау, шектен шығып бара жатқан әкесінің, яки ағасының ондай тентекке қамшы жұмсап, қайырып алған кездері жиі кездессе, ал қызды жазалау кездеспейтін құбылыс десек те болады. Керісінше, әкесі мен ағалар қыздарды ерекелетіп «Өрісіңді кеңейтеді» деп әлпештеп өсірген.
7-оқушы:
Бабаларым қыздарды қадірлеген,
Қыз баладан басталар өмір-терең.
Ауыл көркі қыз болып, ән айтылып,
Күн болмаған сазды күй төгілмеген.
Әрине, кемшілік те сыналады,
Қыздарым өкпелемей ұғар оны.
Ұлдарға да тағатын мініміз бар,
Көңілге ап жүрмесінші ұлдар оны.
8-оқушы:
Біз қыз бойынан нені көргіміз келеді: нәзіктік пен сұлулықты, ұяңдық пен инабаттылықты, сыпайлықты, әдемілік пен ұялшақтықты, өнерлік пен іскерлікті, шеберлік пен ақ ниеттілікті, ақкөңіл қасиеттерді.
Қызды қандай жақсы қасиеттерге теңеген (сызба көрсетіледі).
9-оқушы:
Қазақ елі қызды сұлулық, әдептілік және нәзіктік белгісі деп білген. Қызды көктемнің күлімдеген күніне теңеген. Қызды сән мен әсемдіктің нышаны тұтқан. Қыздар пәк махаббаттың иесі деп білген, оған дәлел кешегі өткен Қыз Жібек, Еңлік, Баян сұлулардың сүйіктілеріне деген махаббаты. Қызды құлпырған әдемі гүлдерге теңеген.
Гүл қай заманда да екі ғашықтың арасында емеурін білдіретін , тұспал жасайтын , жүректің сөзін сөйлейтін теңдессіз қызмет атқаратын әдемілік ретінде сұлулықтың символы. Құпия сезім түсініктің құралы кім оны білмейді.Құшағы гүлге толы ару қандай әдемі!
Әр гүлдің атыны байланысты өзіне тән мазмұны бар.
Астра- бүкпе ой
Сарғалдақ(анемон)-жалғыздық
Валериан- жеңілдік
Жасмин- құрмет
Камелия- тектілік
Қоңырау бас-дөрекілік
Ландыш- бақыттың оралуы
Қызғалдақ – түсінісу
10- оқушы:
Қыздар деген қызыл гүл ғой,
Өсіп тұрған бақтағы.
Қыздар деген жігіттердің ,
Асыл арман, ақ таңы.
Қыздар деген әсем ән ғой,
Қыздар деген бақыт құсы-
Қолға оңай қонбаған- деп ақын ағамыз жырлағандай , біздің де қыздарға арналған мына әдемі гүлімізді тапсыруға рұқсат етіңіздер.
Ұлдар қыздар гүлдерін сыйлады.
Халық арасында бойжеткен қыз ажарына қарай алтыға бөлінген.
-
Әдемі қыз – баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы- жаманның жөнін біліп тұратын.
-
Көрікті қыз – істі үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, бірден көзге түсе қоймайтын.
-
Әсем қыз – жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік.
-
Ажарлы қыз – деген бітімі жинақты, тығыршық, сөзі салмақты, ісі тиянақты.
-
Шырайлы қыз – көз жанары өткір, бет – әлпеті бал-бұл жанған тәні шымыр.
-
Ару қыз – бет пішіні, дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы.
Қазақтың жігіттері қандай болу керек?
«Жігіттер» әні орындалады
Нағыз жігіт – қорған болар халқына,
Нағыз жігіт - берік болар антына.
Нағыз жігіт – жалғастырып дәстүрді,
Адал болар ата-баба салтына – дей келе біз де ұлдар жайлы өз ой –толғаныстарымызды ортаға салсақ деп едік.
11 – оқушы:
Иә, бүгін мектеп партасында отырған ұл бала- ертеңгі жігіт, ер азамат. Ал, азаматтың жүгі ауыр. Себебі, «Мен қазақпын» дейтін азамат өзінің шықан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата жұртын қастерлеп, жеті атасын жадында тұтуы шарт. «Жеті атасын білген ұл, жеті рулы елді біледі» -деп атамыз қазақ тегін айтпаған.
12-оқушы:
Өткенімізді қарап отырсақ, ел бастаған көсем де, ділмар шешен де, ақиық ақын да, ел қорғаны батыр да, осы жігіттерден шықан.
13-оқушы:
Иә, алысты жақын тұтқан, жақынды бауыр тұтқан, туыстық желіні үзбеген, береке -бірлікті бұзбаған, «қыздың жолы жіңішке» деп, қарындасын хан көтеріп сыйлай білген де қазақтың қара домалақ ұлдары.
14-оқушы:
Қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқырдай өжет, қабыландай сұсты, нардай төзімді, құландай сүйікті, жылқы мінезді жігіт болу керек.
15-оқушы:
Әзілімізді ұға алатын, қиындықта, сыналатын,
Қыздарды сыйлай білетін,
Жөн сөзді тыңдай білетін:
Қырандай алғыр,
Сұңқардай өр,
Достыққа адал ұлдарымызға арналған бір аз ғана сыйымыз бар, соны тапсыруға рұқсат етініздер.
Қыздар, ұлдарға сыйлықтарын тапсырады.
Жігітке қатысты сөздер
Көсем жігіт- ел басқаратын жігіт.
Шешен жігіт – дау шешетін тұлға.
Батыр жігіт – еліне қамқор жауына алаберген жігіт.
Өнерлі жігіт – мың құбылтып ән салып, күмбірлеген күй тартатын.
Сері жігіт – аттың жүйрігін мінеді.
Ер қаруы – бес қаруды сайлады.
Қыздар мен ұлдар бір – біріне өз тілек сөздерін айтып өтеді.
Қорытынды:
Мұғалім: Құрметті ұстаздар және оқушылар. Бүгінгі тәрибе сағатынан соң кейбір оқушылар өз бойындағы кемшіліктен арыла білуі керек, бүл әрбір адам болам, азамат болам деп құлшынған жанның қолынан келер нәрсе. Бүгінгі бозбала –ертеңгі қамқор әке, баланың панасы, әулеттің тірегі, бүгінгі бойжеткен -ертеңгі аяулы ана, ақылшы әже, әулеттің ұйтқысы. Қыздарымыз қызғалдақтай құлпыра берсін, ұлдарымыз ізгі армандарымызды орындай берсін деген тілекпен бүгінгі тәрбие сағатын тәмәмдаймыз. Келген қадамдарыңызға гүл бітсін!!!
Хор
Достарыңызбен бөлісу: |