Құрастырушылар: Байтенова Қ.Қ., Қажығалиева Ж.Б.
«Тәрбие негізі – құндылық» бастауыш сынып мұғаліміне арналған
әдістемелік көмекші құрал: Байтенова К.К., - Астана, 2023.- 80 бет
Әдістемелік көмекші құрал
бастауыш сынып мұғалімдеріне,
педагогикалық колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне
арналған. Бұл еңбек бала жанының бағбаны болып, оның жүрегінен
орын аламын деген әрбір мұғалімге арналады.
Әдістемелік құрал құндылыққа негізделген оқу-тәрбие үдерісін
ұйымдастыру әдіс-тәсілдерімен таныстырып,
оқушының адамгершілік
қасиеттерін дамытуға, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіруге
және қоршаған ортаға құрметпен қарауға, қоғамға қызмет етуге баулуға
бағытталған тәрбие жұмысын ұйымдастыруға ықпал етеді.
© «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ
© «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалы, 2023
3
Алғы сөз
Ар-ождан алдындағы адалдық – өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-
әрекетіңе байланысты.
Әл-Фараби
Ересек адамнан: «Мектепте өзіңізге сабақ берген сүйікті
ұстазыңыздың есімін атай аласыз ба?» – деп сұрап көріңіз. Сұрағыңызға
жауап ретінде екі мұғалімнің атын атаса, соның біреуі және ең бастысы
бастауыш сыныптағы ең алғашқы ұстазы
болары анық.
Себебі әр адамның өмірінде алғаш қолына қалам ұстатып, оқу мен
жазуды, есеп шығаруды үйреткен бастауыш
сынып мұғалімінің орны
ерекше. Оқушылар өз мұғалімінің орнына басқа мұғалім уақытша сабақ
өткізетін болса, қабылдай қоюы екіталай. Тек қана өз мұғалімінің
айтқаны дұрыс, тапсырмасы – заң. Ата-аналар, әсіресе, балалары 1-2-
сыныпта оқып жүргенде үй
жұмысына көмек бергісі келіп, есепті
шешудің екінші бір тәсілін ұсынып көрсінші. «Жоқ, олай емес. Апай
былай айтқан. Мұғалімім біледі. Сіздікі қате», – деп шығады. Бұл
жағдайды талайыңыз бастан өткерген боларсыз. Сондықтан бастауыш
сынып оқушысы үшін өз мұғалімі – АВТОРИТЕТ.
Әдетте мектепте бірнеше қатар (параллель) сыныптар болады.
Мысалы, биылғы оқу жылы 4-сыныпты
бес мұғалім аяқтатып жатыр
делік. Сол бес мұғалімнің сыныбының оқушыларын қиындықсыз
ажыратуға болады. Негізгі мектептің 5-сыныбына оқушыларды
қабылдаған пән мұғалімдері бұл
сыныптың бастауыштағы сынып
жетекшісі кім екенін бірден жаңылмай тауып тұрады. Бастауыш
сыныптың оқушылары мұғалімінің әрбір әрекетін, қимыл-қозғалысы мен
сөйлеу мәнерін де кейде айнытпай қайталап жатады. Мұғалімнің оқушы
алдында өнеге көрсетіп, жақсылықтың үлгісі бола білуі оны ИДЕАЛ тұлға
ретінде қабылдауына түрткі болады. Өмірде жиі орын алатын бұл жағдай
әр мұғалімге үлкен жауапкершілік артады. Оқушылары бастауыш сынып
мұғалімінің талабына бейімделіп алып,
оның еңбегінің айнасы болып
табылады.