ӘОЖ 18:: 37.1
А.З.ӘЛІПБЕК, педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы
ОҚМПИ, Шымкент қ., Қазақстан
САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ТІРЕГІ
Аңдатпа
Зерттеуіміздің мақсаты – екі құнды бағытты ашу болып табылады. Біріншісі – салауатты өмір салты туралы Көшпенділер өркениетіндегі және қазақ халқында қалыптасқан озық тәжірибелер мен салт-дәстүрлер. Екіншісі – жалпы адамзат даму эволюциясындағы құнды идеялар. Мұндай логикалық құрылым – салауатты өмір салтын бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесінің тірегі болатындай мәселе және бұл идеяны іске асыратын негіздемелерді айқындау қажет екенін көрсетеді.
Бүгінгі күні Қазақстанда ұлттық тәрбиенің тиімді жолдарын анықтау барысында салауатты өмір салтын тәрбиенің негізі ретінде қабылдау қажет. Өйткені, осы бағытта жүргізілген зерттеуімізден салауатты өмір салты ұлттық тәрбиенің тірегі ретінде біріншіден, көшпенділер өркениетінде дамыған салт-дәстүрлер мен наным-сенімдер; екіншіден, қазақ хандығы тұсында жарық көрген ресми құжаттар: «Қасым ханның Қасқа жолы», «Есім ханның Ескі жолы», «Жеті жарғы»; үшіншіден, қазақ халқы ойшылдарының мұрасы: Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны», Құртқа Сұлтанқожаұлының мұрасы т.б. екендігін айқындадық.
Көшпенділер өркениетіндегі және қазақ халқында қалыптасқан озық тәжірибелер мен салт-дәстүрлер күнделікті өмір тіршілігінде, кәсібінде, мәдениетінде, отбасылық тәрбиесінде орын алғандығы айқын. Ғылыми талдау көрсеткендей, ғұламалардың, жыршы-жыраулардың, тарихи тұлғалардың тәлім-тәрбиелік идеялары, салауатты өмір салтын насихаттайтын ресми құжаттар қазіргі заман талабымен ұштасып, жас ұрпақтарға ұлттық тәрбие беруде мәнді негіздеме болып отыр.
Кілтті сөздер
Ұлттық тәрбие, өркениет, салауаттылық, эстетика.
Ключевые слова: национальное воспитание, цивилизация, эстетика, здоровый образ жизни.
Key words: national education, civilization, esthetics, healthy lifestyle.
Қазақстан Республикасы әлеуметтік-мәдени дамуының тұжырымдама-сында: «Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-мәдени даму жолы дегеніміз – ең алдымен, адамзат дамуының қазыналарына баса назар аудару қажет» - деп атап көрсетілген [1]. Бұл идеяны басшылыққа ала отырып, зерттеу барысында біз екі құнды бағытты ашуды қажет еттік. Біріншіден, салауатты өмір салты туралы Көшпенділер өркениетіндегі және қазақ халқында қалыптасқан озық тәжірибелер мен салт-дәстүрлер. Екіншіден, жалпы адамзат даму эволюциясындағы құнды идеялар. Өйткені, әр қоғамның тарихи дамуы әлемдегі мәдениеттермен байланысты болып келеді. Мұндай логикалық құрылымы салауатты өмір салтын бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесінің тірегі болатындай мәселе екенін көрсетеді және бұл идеяны іске асыратын негіздемелерін айқындайды.
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында: «Өркениет (латынның civilis –азаматтық) қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы» - деп түсініктеме берілген [2]. Соңғы кездері өркениет ұғымына – бір аймақта тұратын халықтардың тарихи тағдырластығы, олардың арасындағы ұзақ, әрі тығыз мәдени байланыс нәтижесінде әлеуметтік ұйымдасу мен реттелудің этносаралық жергілікті қауымдастығы» - деген анықтама берілді.
Бүгінгі күні Қазақстанда ұлттық тәрбиенің тиімді жолдарын іздестіру кезінде салауатты өмір салтын тәрбиенің негізі ретінде қабылдау қажет. Өйткені, осы бағытта жүргізілген зерттеуімізден салауатты өмір салты ұлттық тәрбиенің тірегі болатындай мынадай негіздемелерді атауға болады:
1. Көшпенділер өркениетінде дамыған салт-дәстүрлер мен наным-сенімдер;
2. Қазақ хандығы тұсында жарық көрген ресми құжаттар: «Қасым ханның Қасқа жолы», «Есім ханның Ескі жолы», «Жеті жарғы»;
3. Қазақ халқы ойшылдарының мұрасы: Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны», Құртқа Сұлтанқожаұлының мұрасы т.б.
Осы тұжырымдамалы ойымызды сызба түрінде көрсетуге болады (1-сурет).
Cурет 2 – Салауатты өмір салты мен эстетикалық құндылықтарды қалыптастыратын негіздемелер
Сонымен, аталған үш негіздеме логикалық бірізділікте болып, зерттеуіміздің мазмұнын ары қарай ашуға мүмкіндік береді. Осы логикаға сәйкес, ең алдымен, Көшпенділер өркениетіндегі салауатты өмір салты туралы озық идеялар мен тәжірибелерді сиппаттаған қажет.
Қазіргі таңда ғаламдық жаһандану үрдісінде көптеген ғалымдар Көшпенділер мәдениетін зерттеуге аса мән беруде. Мұндай қызығушылыққа себеп – көшпенді халықтардың ерекше мәдениеті, табиғатқа деген көзқарасы, бала тәрбиелеудегі өнерімен салт-дәстүрлері. Ежелгі Көшпенділер өркениеті өзінің тарихи дамуын сонау сақ-ғұн дәуірінен бастау алатыны белгілі. Осыған орай, біз сақ-ғұн дәуіріндегі салауаттылық пен эстетикалық құндылықтарды қарастыруды жөн көрдік.
Қазіргі отандық мәдениеттану ғылымында қазақ өркениеті ұғымы қалыптасты. Ол ежелгі көшпелі өркениеттерден бастау алып (сақ, үйсін, қаңлы, ғұн, ортағасырлық түркілік дала империялары, Алтын Орда, Ақ Орда, т.б.), кейін Қазақ хандығы тұсында қалыптасқан, түркі-соғды, түркі-араб синтездері нәтижесінде исламдық суперөркениеттің құрамына енетін этномәдени бірлестікті сипаттау үшін қолданылады. Қазақстанмен жапсарлас жатқан Иран, Ауғаныстан, Пакистан, Үндістан сияқты елдердің өмірінен сақтардың мәдени-рухани ықпалының ізін күні бүгінге дейін аңғаруға болады. Сақ дәулетінің (мемлекеті (іргесін қалаушы – Алып Ер Тұнға (Афрасияб) Діні-Тәңірлік дін. Яғни көк тәңіріне табынып, табиғатпен тіл табысуды өмір сүрудің кепілі, табиғилықты өмір сүрудің мұраты деп білген. Жазуы қазіргі ғылым тілінде айтылып жүрген рун жазуы немесе түркі жазуы болған [3].
Бұл пікірлерден шығатын қорытынды, ежелгі Сақ мемлекетінің аса құдіретті империя дәрежесіндегі азулы да айбынды өзіндік жазуы, мәдениеті мен тәлім-тәрбие дәстүрі, сондай-ақ табиғатпен етене байланысқан әсемдікті сезініп, салауатты өмір салтын ұстануға іңкәрлігі зор көрнекті ел болғаны. Сонымен қатар, ұлан байтақ қазақ жерінде күркелерді мекендейтіндер және көшпенділер, мал бағумен және сүт ішумен, ірімшік және ең бастысы қымыздан ірімшік жасаумен айналысатындар да болған; олар тек затты – затқа айырбастаудан басқа қор жинауды және сауда жасауды білмейтін. Бұдан да біз ежелгі қазақ жерін мекендеген тайпалардың салауатты өмір салтын ұстанғанын, пайдаланған ас-тағам түрлерінен аңғарамыз.
Сақ елінде тәлім-тәрбиенің, соның ішінде салауатты өмір салтын қалыптастырудың ерекше дамуына қоршаған орта, айналадағы табиғат та әсер еткенін ескеру қажет. Бұл бағыттағы зерттеулерге сүйенсек, скиф жерінде кенеп деген зығырға ұқсас өсімдік денсаулыққа өте пайдалы болған. Зығырдан ірі артық және жуан кенеп өсімдіктің пайдалану технологиясын скифтер жақсы меңгерген. Скиф әйелдері бұлдыр тастың үстіне сауырағаш, самырсын және қара майдан тастап, су құйып, алынған қоспамен бүкіл денесі мен бетін сылайтын. Бұдан дене хош иістенеді, келесі күні жуып тастағанда денесі тазарып, жарқырап шығатын. Тазалық – иманның жартысы деген қанатты сөз бар. Сол ұстанымды көздеген тұлғалар өздерінің ішкі және сыртқы дүниесінің тазалығы арқылы салауатты өмір салтын насихаттап отырғаны анық. Ендеше ежелгі сақтар жан тазалығымен бірге тән тазалығына да, жеке бастың гигиенасына да зор мән берген. Ұрпақтарының дені сау, таза, иманды да қайратты болып өсуіне ықпал етіп үлгі өнеге көрсеткен.
Көшпенділер тұрмысында салауатты өмір салтының қалыптасуына эстетикамен байланысты факторларда кездеседі. Мысалы, сақтардың бейнелеу өнерінде аң, жануарларды және құстарды фантастикалық, шартты түрде көрсететін қолөнер түрлері кездеседі. Сақтардың стилизацияланған ою-өрнектері «төртқұлақ», «үтір», «орам», «қосалқа», лотос гүлі өсімдік типтес және жапырақ. Осындай атаудағы ою-өрнектер әдемілік жағымен көңіл аударады, еңбектенген адам эстетикалық ләззат алып отырады. Зерттеуші-ғалымдардың пайымдауынша, скифтік «аң стилі» - әлемдік мәдениеттегі қызықты құбылыс. Көрші халықтардың мәдениетінің дамуына зор ықпал етіп, батыс елдеріне тараған, еуропалық өнерде, фольклорда, әдебиетте көрініс тапқан. Аңыздардың барлығы да сақ даласындағы қиял-ғажайыпқа толы әңгімелер желісінен алынған, қиялы жүйрік дана халқымыздың ауыз әдебиеті шығармашылығының жемісі [4].
Көшпенді халықтардың тіккен тұлыптары, тері шалбарлар, бас киімдер мен аяқ киімдер, белбеулер суықтан сақтайтын, ал киіз үйге дайындаған туырлықтары, сәнді киіздері, дулыға, қаптаған қалқандары, сүйектер мен мүйіздерден ат әбзелдерін аң стилінде безендіру нағыз сұлулықтың, әдеміліктің көрінісі болған. Сонымен, қазақ жерінде мекендеген тайпалардың эстетикалық құндылықтар мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған кәсіп түрлері тәлім-тәрбие үрдісінің дамуына көп ықпалын тигізді. Негізгі кәсіп түрлері төменгі суретте көрсетілген (1-сурет).
Cурет 1 – Эстетикалық құндылықтар мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға әсерін тигізетін кәсіп түрлері
Жоғарыда аталған кәсіптердің тәрбиелік мәні ерекше. Қыз балаға киім және үйге қажетті бұйымдарды тігуге, тоқуға үйрету әже мен аналардың міндеті болған. Тоқыма өнерінің негізгі құрылысы белгісіз. Тоқыма материалы болып қой жүндерін пайдаланды. Киіз бен текеметті төсекке және үй қабырғаларына ілген. Сонымен, қыз бала тәрбиесінің мақсаты – болашақ отбасын құруға дайындау, танымдық қабілетін қалыптастыру, әдемілікке баулу.
Жоғарыда қарастырылған өнер түрлері жастардың эстетикалық талғамын қамтамасыз етеді. Салауаттты өмір салтын қалыптастыруда көптеген салт-дәстүрлер мен наным-сенімдер үлкен рөл атқарған. Қазақ халқында көне дәуірден келе жатқан келесі салт-дәстүрлерді атап айтуға болады:
1. Денсаулық пен тектілікті сақтауды мақсат тұтқан ата-мұра қазынасы – рулы ел ұрпақтарының жеті атадан асқанша қыз алысып, қыз беріспеу дәстүрі.
2. Жаңа туған нәрестені бесікке салу – тазалық пен дене бітімінің дұрыс өсуіне жағдай жасау.
3. Тұсау кесер дәстүрі – баланың өмірге өз бетінше алғашқы қадамының белгісі.
4. Баланы сүндетке отырғызу дәстүрі – денсаулыққа, тазалыққа қосар үлесі мол және ата-ананың борышы т.б.
Салауатты өмір салтын насихатттайтын наным-сенімдер:
1. Дін – жастарды салауаттылыққа, халық рухының, оның мәдениетінің ажырамас бөлігі, ұлттық этикалық сана-сезімді қалыптастырудың маңызды факторы.
2. Тыйым-сөздер мен ырымдар – халқымыздың баладан бастап, үлкенге дейін ұлағаттылыққа тәрбиелеудегі бай тәжірибесін түйіндеген қағидасы. Мысалы, аяқ-қолыңды жіппен байлама; бейуақытта жылама; таяққа сүйенбе, аяққа сүйен; бүйіріңді таянба; қолыңды төбеңе қойма; бейуақытта ұйықтама; суға түкірме; жаман жерге отырма; жаман жерді баспа; күлді баспа және т.б.
3. Денсаулыққа байланысты тыйымдар: қолыңды аузыңа салма; тырнағыңды тістеме, себебі қолда тырнақ астында кір болады, сондықтан, ауызға салуға тыйым салынады; мұрныңды шұқыма; жатарда көп тамақ ішпе; жатарда көп тамақ ішпе; жатып ас ішпе; ыстық тамақты қомағайланып жеме; мас қылатын ішімдік ішпе; шылым шекпе.
Сонымен, келтірілген салт-дәстүрлер мен наным-сенімдер көшпенділер халқымыздың бала тәрбиесіне деген ерекше көзқарасын білдіреді. Дана халық салауаттты өмір салты мәселесін бала дүниеге келгеннен ойластырған. Сондықтан бесікке салу, тұсау кесер, атқа мінгізу т.б салт-дәстүрлер тазалыққа, дененің ширақтығына бағыттаған. Сонымен бірге бұл дәстүрлердің эстетикалық жақтары да басым байқалады. Өйткені, жастардың дене бітімінің әдемілігі, әдепті қылықтары, сөйлеген сөздері, талғамдары эстетикалық тәрбиенің тірегі болып келеді. Бүгінгі күні көшпенділер заманынан дамып келе жатқан салт-дәстүрлер қазақ халқының мәдени-әлеуметтік өмірінде үлкен орын алып, ұрпақ тәрбиесінің негізін салып отыр.
Зерттеудің логикасы бойынша, эстетикалық құндылықтар негізінде салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды элементі – ресми құжатттар болып табылады. Осы орайда, Қазақ хандығы тұсында жарық көрген жарғылар өте құнды болып келеді. Солардың бірі жоғарыда аталған «Қасым ханның Қасқа жолы» (XV ғ.), «Есім ханның Ескі жолы» (XV ғ.), «Жеті жарғы» (XVII ғ.) құжатттары. Бұл бағыттағы зерттеу жұмысының нәтижесі көрсеткендей, салауаттты өмір салтын насихаттайтын негізгі идеяның бастамасы «Қасым ханның Қасқа жолында» орын алған. Бес тараудан тұратын бұл құжатта жеті атаға дейін қыз алыспау ұстанымы алғаш рет ресми түрінде жарияланған. Қазақ ұлтының қамын, денсаулығын, генетикалық тазалығын көздеген бұл жарғы әділдіктің кепілі болып келеді. Бұл жерде мүлік заңы, қоғамда тәртіп сақтау ережелері, әскери заңы, елшілік дәстүрі, жұртшылық заңы рәсімделген. Ереже заңдары өзгерісссіз XVII ғасырға жетіп, Есімнің кезінде (1598-1645) «Есім салған ескі жол» деп аталады. Тәуке ханның тұсында (1680-1718) бұл заң ежелгі билер жасаған қалпын жақсы сақтайды. Қазақтың саңлақ ойлы билері –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би – Жарғының ежелгі бес тарауына қосып, «Жеті жарғы» деп өз алдына заң етіп шығарған. Жарғылардың үзінділері халық аузында қысқа мәтел-сөздерде сақталған.
Тарихи деректер бойынша, жеті атаға дейін қыз алыспау ұстанымын алғаш рет насихаттап, ғылыми тұрғыда негіздеген қазақ ойшылы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, «Шипагерлік баян» шығармасының авторы. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Ұрпақтар өсе келе ата-анасын асырамақ» - деген дана сөзінен «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-анасы баласын кішкентай күнінен бастап, қандай тәлім-тәрбие берсе, болашақтағы оның бойында адами қасиеттерінің қалыптасуына игі әсер ететіні сөзсіз екендігін көрсетеді. Дана ойшыл жас ұрпақтың салауатты өмір сүруі үшін отбасының берік ынтымақтастығы аса маңызды рөл атқаратындығы жайында айта келіп, «Босағаның беріктігі» деген ережесінде:
- Ер мен әйел неке оқытып, жұпты болып, бір төсекте бас қосқаннан кейін ғана ұрпақ әкелу;
- Жат жүріс арқылы некесіз баланы дүниеге әкелмеу;
- Баланы тіл-көз бен аурулардан сақтау;
- Орынсыз жыныстық қатынастар арқылы ауру жұқтырмау деген құндылықтары баланы салауаттылыққа тәрбиелеуде физиологиялық, психологиялық, медициналық тұрғыдан айтылған ғылыми негіздер – деп айтуымызға болады [5]. Кейінгі ғасырларда Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының идеялары қазақ халқының дана ғұламасы Құртқа Сұлтанқожаұлының тәжірибесінде жалғасын табады.
Салауатты өмір салты мәселесі Қазақ хандығы тұсында ресми құжаттарда ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының ақындары мен ойшылдарының еңбектерінде басқа тәрбие түрлерімен байланыста қарастырылған. XVIII ғасырларда өмір сүрген Ақтамберді жырау өзінің толғауларында жастарды ерлікке, батылдыққа, парасаттылыққа шақырады, қазақ халқының өмір салты мен мінез байлығын көркем бейнелейді:
Білімді туған жақсылар
Аз да болса көппен тең,
Жақсысы кеткен ауылдың
Артынан жақсы шықпаса,
Өртеніп кеткен жермен тең – деп білімділікті уағыздаса,
Жаман туған жігітке
Рахатты күн бар ма.
Өз мінін білген жігіттің
Тәліміңде мін бар ма? –деп, тәлім-тәрбиенің жас ұрпақ өмір салтында маңызы зор екендігін көрсетеді [6].
Сонымен, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде адамзат дамуындағы салауаттылық пен әсемдіктің рухани бай мұраларын, ғұламалардың, жыршы-жыраулардың, тарихи тұлғалардың тәлім-тәрбиелік идеяларын насихаттайтын ресми құжаттарды қазіргі заман талабымен ұштастыратын болсақ, оқу-тәрбие үдерісінде салауатты өмір салты ұлттық тәрбиенің тірегі болатындай негіздемелердің мәні мен мазмұнын жетілдіруге және саламатты қазақстанның болашағын қалыптастыруға өз үлесімізді қосарымыз анық.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-мәдени этникалық дамуының тұжырымдамасы. - Алматы: Қазақстан, 1993. - 30 б.
2. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. / Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2004. - 6.т. – Б.124-125.
3. Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау: оқу құралы. − Алматы: Санат,1997. - Б.26-64.
4. Жанайдаров О. Мифы Древнего Казахстана. Детская Энциклопедия Казахстана. - Алматы: Аруна,2006. - 252 с.
5. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Шипагерлік Баян. - Алматы: Жалын, 1996.
6. Келімбетов Н // Ежелгі дәуір әдебиеті. - 1998. – 179 б.
Түйін
Бұл мақалада автор салауатты өмір салтын Қазақстандағы ұлттық тәрбиенің тірегі ретінде қарастырған. Көшпенділер өркениетінде дамыған салт-дәстүрлер мен наным-сенімдерде және қазақ хандығы тұсында жарық көрген ресми құжаттардағы салауаттылық пен әсемдіктің тәрбиелік маңызы жайында талдаулар жасаған.
Резюме
Автор в этой статье расматривает здоровый образ жизни как основу национального воспитания в Казахстане. Сделан анализ значения эстетического воспитания и здорового образа жизни в опубликованных официальных документах во время казахского ханства и развитых традиции цивилизации кочевников.
Summary
The author in this article considers a healthy lifestyle as a basis of national education in Kazakhstan. The analysis of value of esthetic education and healthy lifestyle in the published official documents is made during Kazakh the khanate and developed traditions of a civilization of nomads.
А.З.АЛИПБЕК, старший преподаватель, кандидат педагогических наук
ЮКГПИ, г. Шымкент, Казахстан
ЗДОРОВЫЙ ОБРАЗ ЖИЗНИ – ОСНОВЫ НАЦИОНАЛЬНОГО ВОСПИТАНИЯ В КАЗАХСТАНЕ
A.Z.Alipbek, Ph.D., Senior Lecturer
SKSPI, c. Shymkent, Каzakhstan
HEALTHY LIFESTYLE – BASES OF NATIONAL EDUCATION IN KAZAKHSTAN
АВТОР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ
Фамилиясы Әліпбек
Аты Ардақ
Тегі Зәуірбекқызы
Кафедрасы Психология
Жұмыс орны ОҚМПИ
Қызметі аға оқытушы
Ғылыми дәрежесі п.ғ.к.
Жұмыс орнының
мекен-жайы Шымкент қ., Байтұрсынов көшесі 13
Байланыс
сымтетіктері 87773201080, 8 7012641980
Е-mail alipbek_ardak@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |