Салықтардың экономикалық мәні мен қажеттілігі Салықтардың экономикалық мазмұны мен функциялары



Дата16.06.2016
өлшемі222 Kb.
#138998
Салықтардың экономикалық мәні мен қажеттілігі


    1. Салықтардың экономикалық мазмұны мен функциялары

    2. Салық салудың құрылу негіздері немесе салық элементтері

    3. Салық салу механизмі және қағидалары


1.1 Салықтардың экономикалық мазмұны

Салықтар тауарлы өндіріспен бірге, қоғамның топқа бөлінуінің және мемлекеттің пайда болуымен, оған әскер, сот, қызметкерлер ұстауға қаражаттың қажет болуынан пайда болды.

Салықтар барлық елдерде олардың қоғамдық – экономикалық құрылысы мен саяси іс бағытына қарамастан ұлттық мемлекет кірістерінің негізгі көзі, ұлттық табысты қайта бөлудің басты қаржылық тетігі, мемлекеттің кірістерін және бюджеттің кірістерін қалыптастырудың шешуші көзі болып табылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабында: заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады, - жазылған.

Салықтар мемлекеттің өмір сүруінің негізі болып саналады. Мемлекетті ұстау үшін, халықтың ақшалай немесе натуралдық формада тұрақты түрде төлейтін жарналары қажет болады. Адамзаттың даму тарихында салықтың нысандары мен әдістері мемлекеттің сұранымдары мен ажеттеріне қарай бейімделіп, өзгерістерге ұшырап отырады.

Салықтар мемлекеттің құрылуымен бірге пайда болады және мемлекеттің өмір сүріп, дамуының негізі болып табылады. Мемлекет құрылымының өзгеруі, өркендеуі қашан да болса, оның салық жүйесінің қайта құрылуымен, жаңаруымен бірге қалыптасады.

Салықтар тауар-ақша қатынастарынан тыс қолданылады. Натуралды салықтардың мөлшері мен түрі нақты жергілікті жағдайларға бағынған. Мысалы: бір адамнан 1 құндыз терісі немесе 10 пұт тұз және т.б. алынған. Тауар-ақша тауарларының нығаюмен натуралды салықтың рөлі айтарлықтай азайды. Дегенмен, олар соңғы уақытқа дейін пайдаланылды (1953 жылға дейін жүн, жұмыртқа, сүт, май өткізілген).

Егер екі мемлекет бір-бірімен соғыс жүргізсе, жеңген мемлекет жеңілген мемлекеттің барлық байлығын тонап алады, болмаса белгілі бір мөлшерде салық салып отырған.

Еліміздегі салық салу жалпыға бірдей және міндетті болып табылады. Жеке сипаттағы салық жеңілдіктерін беруге тиым салынады. Салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілер ресми басылымдарда міндетті түрде жариялануға жатады.

Мемлекетке түсетін салық түсімдерінің сипатты ерекшелігі олардың сан алуан қоғамдық қажеттерге кейін иесіз пайдаланылуы болып табылады. Осынысымен салықтардың мемлекет, сондай-ақ басқа жергілікті органдар белгілейтін түрлі міндетті мақсатты жарналардан, төлем аударымдарынан айырмашылығы болады.

Салық – мемлекет бір жақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде қайтарымсыз және өтеусіз, тұрақты сипатта бюджетке төленетін төлемдер.

Салықтар – қайтарымсыз, баламасыз және тұрақты сипаттағы құқықтық формадағы мемлекет арқылы белгіленген міндетті төлемдер.

Салықты басқа да төлемдерден ажырата білуіміз керек. Себебі салық белгілі бір обьектілерден (табыс, мүлік, тауар, жер, көлік, мұра) төленеді. Сонымен қатар салықты төлеудің өзіндік бір мерзімі болады (салық кезеңі – бір күндік, он күндік, айлық, тоқсандық, жылдық) және белгілі бір көлемде немесе мөлшерде (салық ставкасы) алынады.

Салық материалдық тұрғыдан алғанда, бұл белгілі бір уақытта, белгіленген тәртіппен белгілі мөлшерде салық төлеушінің мемлекетке төлейтін ақшалай сомасы, ал экономикалық мағынада – белгілі уақытта белгіленген тәртіппен белгілі бір мөлшердегі құнының мемлекет пен төлеуші арасындағы бір жақты қозғалысын байланыстарын ақша қатынастары, заңдық не құқықтық мағынада – бұл тұлғаның мемлекетке белгілі бір мөлшердегі ақшалай беретін міндеттемені тудыратын мемлекеттік қарар.

Салықтардың экономикалық мәні салықтарды мемлекеттің өзінің функциялары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін жұмылдырылатын шаруашылық жүргізуші субъектіден, азаматтардан ұлттық табыстың белгілі бір үлесін алу жөніндегі өндірістік қатынастардың бөлігі болып табылатындығында және мемлекеттің заңды және жеке тұлғалармен қалыптасатын ақша қарым–қатынастарымен сипатталады, сондықтан салықтар экономикалық категория ретінде қаралады. Салықтардан мемлекеттің экономикалық мазмұны нақты түрде көрінеді, ал салықтардың әлеуметтік–экономикалық мәні, олардың түрлері мен ролі қоғамның экономикалық құрылысымен, мемлекеттің табиғатымен және функцияларымен айқындалады.

Белгілі философ Френсис Бэкон салықтарды төлеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы деген еді.

Әрбір мемлекетке өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүргізу үшін белгілі бір мөлшерде қаржы көздері қажет. Салықтар – мемлекеттің тұрақты қаржы көзі.

Салықты бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден ерекшелендіретін айрықша белгілері бар, атап айтсақ:



  • Салық – мемлекетке тиесілі қоғамдық жиынтық өнімді бөледі;

  • Салық – ақшалай нысанда төленеді;

  • Салық – қайтарылмайтын төлем болып табылады;

  • Салық – баламасыз сипатта болады;

  • Салық – салықты төлеген кезде меншік нысандары айқындалады;

  • Салық – тұрақты экономикалық қатынас туғызады;

Ал, енді осы белгілердің мазмұнын тереңірек қарастырайық.

1.Салық – мемлекетке тиесілі қоғамдық жиынтық өнімді бөледі.

Мемлекеттік апппарат мемлекетке тиесілі ақша сомасын өндірмейді. Сондықтан мемлекет заңды және жеке тұлғаларға салық салу арқылы қажетті соманы өндіріп алып отырады. Мұның экономикалық сипаттамасы мемлекет салықты белгілеу және өндіріп алу арқылы өндірілген қоғамдық жиынтық өнімнің бір бөлігін өзіне тиесілі сома ретінде айналдырып алады. Бұл жерде салық қатынасы бөлуші сипатта болады.

2. Салық – ақшалай нысанда төленеді.

Натуралдық нысанда төленуі де мүмкін. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында жиналған өнімнің бір бөлігі салық ретінде төленеді.

Салық кодексінде салық ақшалай нысанда төленуі тиіс деп атап көрсетілген.

3. Салық қайтарылмайтын төлем болып табылады.

Салықты төлеген кезде ақша тек бір бағытта ғана қозғалады, яғни салық төлеушіден мемлекетке бағытталады.

Мұның қайтарымды төлемдерден (мысалы, мемлекеттік қарыз) айырмашылығы:


  • Біріншіден, ақша салық төлеушілерден мемлекетке қарай қозғалады;

  • Екіншіден, кері қайтады, яғни мемлекеттен салық төлеушілерге бағытталады.

Ал, қайтарымсыздық дегеніміз – ақшаны мерзімсіз алудыбілдіреді, яғни ол соманы қашан қайтатыны белгісіз.

4. Салық – баламасыз сипатта болады.

Салық құнның ақшалай нысанда бірбағытта қозғалысын айқындайды, төлеген салыққа қарсы тауар түрінде болса да қозғалыс жоқ. Толығырақ айтқанда, салық қандай да бір тауарға, немесе мемлекеттік қызметке төлем болып есептелмейді, яғни ақшаның өтеусіз алынуын көрсетеді.

Сондықтан салық – баламасыз төлем болып табылады.

5. Салықты төлеген кезде меншік нысандары айқындалады.

Салықты төлеген кезде меншік нысандары ақша қаражаттарына, немесе материалдық құндылықтарда жеке меншіктен мемлекеттік меншікке өтеді. Анығын айтқанда, салық салу мемлекетке тиесілі меншіктерді иеліктен шығарады, ал меншік иелері арасындағы туындайтын салық қатынастарында мемлекет жеке меншіктен мемлекеттік меншікке салық төлемдерінде меншік құқықтарын өзгерте алады.

6.Салық – тұрақты экономикалық қатынас тудырады.

Салықты белгілеуде тұрақты салық қатынастары пайда болады. тұрақтылықты мынадан байқауға болады, яғни салық жеке түрде емес, нормативті құқықтық актілермен белгіленеді. Мәселен, бір тұлғаның нақты салық салу объектісі бар болса, ол салық міндеттемелерін орындаушы болып табылады.

Салық қатыастарының тұрақтылығы салық төлеу арқылы жүйелі төлемдерге бармауы тиіс. Кейбір салықтарда салық төлеушілер үшін салық төлеу жеке төлемдік сипатта болады (мысалы, мүлік салығын жеке азаматтар жылына бір рет төлейді) немесе кейде кенеттен салық төлеу сипаты пайда болады (мәселен, ойламаған жерден жасаған жұмысына жалақы алады).

Азаматтардың мүлік салығын төлеген кезде, оның салық қатынастары қысқартылмайды, қайта салық төлеушілердің ағымдағы кезеңдегі төлеген салықтарымен қоса, келесі салық кезеңдерінде де салық төлеуге міндетті болады. бұл процесс салық төлеушілердің меншік иесі ретінде құқынан айрылғанға дейін жалғасын таба береді.

Сонымен қатар салықтың құқықтық бірнеше белгілері бар, атап айтқанда:



    • салықты – мемлекет немесе уәкілдік берілген мемлекеттік орган белгілейлі;

    • салық – құқықтық нысанда жүзеге асады;

    • салық – мемлекеттің бір жақты белгіленімі болып табылады;

    • салықты белгілеу арқылы салық міндеттемесі туындайды;

    • салық – мәжбүрлеме сипатта болады;

    • салық төлеу арқылы ақшаны алу құқықтық сипатта жүзеге асырылады;

Мемлекет салықтарды экономиканы дамыту, тұрақтандыру барысында қуатты экономикалық тетік ретінде пайдаланады.

Салықтардың мәнін толық түсіну үшін олардың экономикалық маңызын түсіну қажет. Ал салықтардың маңызы олардың атқаратын қызметіне тікелей қатысты.

Салықтардың мынадай негізгі қызметтері (функциялары) бар:



  • реттеушілік;

  • фискалдық;

  • қайта бөлу.

Фискалдық функция – барлық мемлекеттерге тән негізгі қызмет. Оның көмегімен бюджеттік қор қалыптасады, мұның өзі салықтардың қоғамдық міндеттерін арттыра түседі. Өйткені салықтар мемлекеттік бюджеттің кірісін толтыра отырып, экономикада әлеуметтік-мәдени шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Салықтардың реттеушілік функциясы мемлекеттің экономикалық қызметінің ұлғаюымен байланысты пайда болады. Ол ұлттық шаруашылықтың дамуына қабылданатын бағдарламаға сәйкес ықпал етеді. Бұл орайда салықтардың нысандарын таңдау, олардың ставкаларының, алу әдістерінің өзгеруі, жеңілдіктер мен шегерімдер пайдаланылады. Бұл реттеуіштер қоғамдық ұдайы өндірістің құрылымы мен үйлесіміне, қорлану мен тұтыну көлеміне ықпал етеді.



Қайта бөлу функциясы арқылы түрлі субъектілер табысының бір бөлігі мемлекеттің қарамағына өтеді. Бұл функцияның іс-әрекетінің ауқымы жалпы ұлттық өнімде салықтардың алатын үлесі арқылы анықталады; ол ұлттық табыстың мемлекеттендірілу дәрежесін көрсетеді: бұл үлес 1997 жылы – 19,7%, 1998 жылы – 16,6%, 1999 жылы – 17,4%, 2000 жылы – 22,6%, 2001 жылы – 22,2% болды.

Бұл негізгі функциялармен қатар салықтардың ынталандыру, бақылау функцияларын да атауға болады.



    1. . Салықтардың құрылу негіздері, салық элементтері

Қазақстан Республикасының қазіргі салық жүйесі салықтарды құру мен алудың нақты әдістерін анықтайды, салықтың тиісті элементтері арқылы салық салудың тәртібін белгілейді.

Салық элементтері - -бұл мемлекеттің заң ак актілерімен анықталатын салықтың құрылу принциптері мен салық салуды ұйымдастыру.

Негізгі салық элементтеріне мыналар жатады:



  • салық субъектісі;

  • салық салынушы;

  • салық объектісі;

  • салық базасы;

  • салық салу бірлігі;

  • салық ставкасы;

  • салық жеңілдіктері;

  • салық төлеу мерзімі мен тәртібі;

  • салық төлеушілер мен салық органдарының міндеттері мен құқықтары;

  • салық төлеуді бақылау;

  • салық заңдарын бұзғаны үшін санкциялар және т.б.

Салық субъектісі немесе салық төлеуші. Ол - заң бойынша салық төлеу міндеттілігі жүктелген тұлға, алайда нарық механизмі арқылы салық ауыртпалығы басқа тұлғаға – салық салынушыға аударылуы мүмкін.

Салық салынушылар – нақты салық ауыртпалығы (салық жүктемесі) түсетін жеке тұлғалар, түпкілікті салық төлеушілер (салықтың ең соңғы, нақты төлеушісі), яғни мемлекет азаматтары.

Салық объектісі. Салық төлеушіге салық төлеу міндеттілігін жүктейтін құқықтық фактілер жиынтығы (дерек, іс-қимыл, жағдай, оқиға). Мүлік пен іс-әрекеттер салық объектілері және салық салуға байланысты объектілер болып табылады, олардың болуына байланысты салық төлеушінің салықтық міндеттемесі туындайды.

Салық базасы. Салық базасы – салық салу объектісі мен салық салуға байланысты объектінің құндық, заттай немесе өзге де сипаттамалары, олардың негізінде бюджетке төленуге тиіс салықтар және басқа да міндетті төлемдердің сомасы анықталады.

Салықтың негізгі базасы мыналар болып табылады:

- табысқа салынатын салық. Бұған корпорациялық және жеке табыс салығы жатады;

- тауарларға салынатын салықтар. Олар қосылған құнға салынатын салықтарды, кеден баждарын біріктіреді;

- капиталға салынатын салық. Оған жер салығы, мүлікке салынатын салық және басқалары жатады.

Салық салу өлшем бірлігі – салық базасын сандық тұрғыдан көрсетуге пайдаланылатын салық салу ауқымының өлшем бірлігі. Мысалы, автокөлік двигателінің қуаты көлік құралдарына салынатын салық ауқымы болып табылады, ал қуат ат күші, киловатт өлшемінде көрсетілуі мүмкін; алаң жер салығының ауқымы болып табылады, бұл ір елде түрлі өлшемде: гектар, акр, шаршы метр өлшемдерінде көрсетіледі; бензинге акцизді есептеу кезінде литр, баррель, галлон қолданылады.

Салық ставкасы – салық базасының өлшем бірлігіне абсолютті сомада немесе процентпен белгіленетін салықтық есептеу мөлшері.

Салық салу практикасында ставкалар тұрақты және процентті болып бөлінеді.



Тұрақты ставкалар – табыс көзіне қарамастан салық салу бірлігіне абсолюттік сомада белгіленеді (мысалы, мұнайдың 1 тоннасына, газдың 1 текше метріне).

Проценттік ставкалар – салық базасына қарай алынатын табыстың мөлшеріне байланысты салық өлшем бірлігіне салынады.

Проценттік ставканың 3 түрі бар:



  • үйлесімді;

  • прогрессивті;

  • регрессивті.

Үйлесімді салық ставкалары – салық объектісіне (оның мөлшерін саралауды есепке алмай) бірдей проценттік қатынаста іс-әрекет етеді.

Прогрессивті ставкалар – салық салынатын табыстың артуына сәйкес өсіп отыратын салық ставкалары. Нәтижесінде салық төлеуші салықтың үлкен абсолюттік сомасын ғана емес, сонымен бірге оның үлесін де төлейді. Мұндай ставкалар ең алдымен табысы көп тұлғаларға ауыртпалық түсіреді.

Регрессивті ставкалар – табыстың өсуіне қарай төмендейді және табысы көп тұлғаларға тиімді болып келеді, ал табысы аз адамдардың иығына ауыртпалық түсіреді.

Салық жеңілдіктері – заңға сәйкес төлеушілерді салықтан толық немесе ішінара босату. Салық жеңілдіктеріне мыналар жатады:

салық салынбайтын минимум – салық салудан толық босатылатын салық объектісінің ең аз бөлігі;

табыстың есептелген сомасынан шегерілетін шегерімдер (асырауындағы жандарға, мүгедектерге жеке табыс салығы бойынша; күрделі қаржыларға, әлеуметтік объектілерді ұстауға, табиғат қорғау шараларына жұмсалатын шығындардың сомасынан-корпорациялық табыс салығы бойынша және т.б.);

салық салынатын табыстың құрамына енбейтін сома (мысалы, босату кезіндегі ұйғарымды жәрдемақы, жеке табыс салығы бойынша өтемақы төлемдерінің сомасы);

салық салудың жекесубъектілері мен төлеушілердің санаттары үшін салық ставкасын төмендету.

Салық жеңілдіктеріне сонымен бірге төлеу мерзімін ұзарту және салық бойынша бересіні есептен шығару да жатады.

Жеңілдік кезеңі – салықтар бойынша заңмен белгіленген жеңілдіктердің іс-әрекет ететін уақыты.

Салық төлеу мерзімі мен тәртібі – заңмен белгіленген әдістер мен салықты бюджетке аудару шаралары. Салық төлеу тәртібі салықты бюджетке түсіру шараларын тәртіпке келтіру үшін белгіленеді.

Салық төлеушілер мен салық органдарының құқықтары мен міндеттері - Салық кодексінің жалпы бөлімінде берілген.

Салықтық бақылау – салық қызметі органдарының салық заңының орындалуын, жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарының толық және уақытылы аударылуын бақылауы.

Салық заңын бұзған салық төлеушілерге олардың жасырған сомасын, төмендеткен табыстарын төлеттіріп алу, салық заңын бұзу ауыртпалығына қарай үлестік не еселенген көлемде айыппұлдар, бюджетке төленетін төлемдер мерзімін өткізіп алғаны үшін өсімдер түрінде санкциялар қолданылады.



Салық салу әдістері

Салық салу объектілерін есепке алу және оларды бағалау тәсілдеріне қарай салық алудың мынадай төрт әдісі қолданылады:

- кадастрлық;

- салық төлеушінің декларациясы бойынша;

- табысты алу көзінен ұстап қалу;

- патенттік негізде.

Бірінші жағдайда салықты есептеу мен оны алу, салық салу объектілерінің нақты табыстылығын есепке алмай табыстылық (жер салығы, мүлік салығы) нормасын көрсете отырып, олардың тізімдемесі негізінде жүзеге асырылады.

Декларацияда салық төлеушілер табыстың көлемі, қажетті жеңілдіктерді, шегерімдерді көрсетеді және салық сомасын есептеп, төлейді. Олар салықтардың түрлері бойынша салық декларациясын есепті салық кезеңіне сәйкес тапсырып отырады. Мысалы, корпорациялық табыс салығын, жеке табыс салығын, көлік құралдарына салынатын салықты және жер салығын төлеушілер (арнаулы салық режімін қолданатын заңды тұлғаларды қоспағанда) салық органына олар бойынша декларацияны есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31-наурызынан кешіктірмей өткізеді.

Жеке табыс салығы бойынша декларациясын мынадай салық төлеушілер:

- төлем көзінен салық салынбайтын табыстары барлар;

- тұрғын үй салу мен осындай құрылыс материалдарын сатып алуды жүзеге асырғандар;

- ҚР шегінен тыс жерлерден табыстар алатын жеке тұлғалар;

- ҚР шегінен тыс жерлердегі шетел банктеріндегі шоттарда ақшасы бар жеке тұлғалар;

- ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң актілеріне сәйкес декларация беру жөнінде міндеттеме жүктелген адамдар;

- ҚР Парламентінің депутаттары, судьялар табыс етеді.

Әскери қызметкерлер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері жеке табыс салығы бойыншадекларацияны уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен ұсынады.

Салық төлеушіден салық декларациясын табыс етудің белгіленген мерзіміне дейін жазбаша өтініш алған жағдайда уәкілетті мемлекеттік орган салық декларациясын табыс ету мерзімін екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы. Бірақ салық деларациясын тапсыру мерзімін өзгертпейді.



Үшінші әдіс бойынша салық төлеуші жұмыс істейтін ұйымның, мекеменің бухгалтериясы одан салықты табыс алынған жерде есептеп, ұстайды.

Төртінші әдіспен салық кәсіпкерлік қызметтің сан алуан түрлеріне берілетін патент негізінде төленеді. Патент – арнаулы салық режімін қолдану құқығын куәландыратын және салық сомасының бюджетке төленгендігін растайтын құжат.

Салықтық есептің екі әдісі қолданылады:

- кассалық;

- есептеу.



Кассалық әдіске сәйкес табыстар мен шегерімдер жұмысты орындау, қызмет көрсету, мүлікті жөнелту мен кірістеу және ол бойынша жасалынған ақы төлеу мезетінен бастап есепке алынады.

Есептеу әдісі бойынша табыстар мен шегерімдер ақы төлеудің уақытына қарамастан жұмысты орындау, қызмет көрсету, тауарларды өткізу және кіріске алу мақсатымен тиеп жіберу мезетінен бастап есепке алынады. Бұл әдіс салық органдары үшін қолайлырақ және оны Қазақстанның барлық төлеушілері қолдануға қабылданған. Төлеушілер үшін оның кемшілігі – салық төлемдері жеткізілім тіпті уақытында төленбеген жағдайда да аударылуы тиіс, бұл айналым қаражаттарын оқшауландыруға ұрындырады.
1.3. Салық салу механизмі және қағидалары

Салық механизмі - салықтың ұйымдық—құқықтық нормалары мен басқару әдістерінің жиынтығы, бұған әр түрлі салықтық реттеу құралдары да (салық ставкасы, салық жеңілдіктері, салық салу әдістері және т.б.) енеді. Мемлекет өзінің салық механизміне салық заңдылықтары арқылы құқықтық нысан беріп, оны реттеп отырады. Салық механизмі практикалық салық іс-қимылдарының жиынтығы, яғни салық заңдары ережелерін практикада жүзеге асырудың шарттары мен тәртіптерінің жиынтығы. Объективті негізгі бағытталмаған кез-келген салықтық іс-қимыл ұдайы өндіріс процесіне субъективтік қол сұғу ретінде қарастырылады және олардың нысанының өзгеруіне әкеледі. Салық механизмі салық салуды басқарудың негізі болып табылатын салықтық құқыққа сүйеніп, салық қатынастарын реттеуге мүмкіндік береді.

Салық механизмі – бұл ұйымдық-экономикалық категория ретінде осы ұғымды түсіндіретін салық теориясының аясы, сәйкесінше, ұлттық табыстың бөлігінде өндірісте жасалынған бөлігін қоғамдастыру кезінде қалыптасатын қайта бөлу қатынасы кезіндегі объективті қажетті басқару процесі. Салық салу механизмі салықтарды белгілеудің принциптерінен, нысандары мен әдістерінен, оларды өзгерту мен күшін жоюдан, оларды төлеуді қамтамасыз ету бойынша шаралардан тұрады.

Бұл процесте қалыптасатын қатынастың барлық саласын үш қосалқы жүйемен шектеуге болады: салықтық жоспарлау, салықтық реттеу және салықтық бақылау.

Салық жүйесі және оның қызмет ету механизмі белгілі бір принциптерге сәйкес қызмет етуі керек. Сонда ғана салық жүйесі өз қызметін жан-жақты және тиімді түрде жүзеге асырады.

Салық принциптерінің, жалпы салық салу теориясының негізін қалаушы болып шотландық экономист, әрі философ Адам Смит табылады. А.Смиттің классикалық принциптері төмендегідей:



  1. салық салық төлеушінің әрқайсысының табысына сәйкес алынуы тиіс (әділеттілік принципі);

  2. салықтың мөлшері мен оны төлеу мерзімі алдын ала және дәл анықталуы керек (анықтылық принципі);

  3. әрбір салық салық төлеуші үшін неғұрлым қолайлы уақытта және әдіспен алынуы тиіс. (қолайлылық принципі);

  4. салықтан жиналған түсімнен оны жинауға кеткен шығын аз болуға тиіс (үнем принципі);

Бұл принциптерді пайдалану салық салуда зорлық-зомбылықты азайтты, бұл процеске реттемелеуді енгізді. Салық салудың кейінгі даму барысында принциптердің тұжырымдамалары дәлелденді, толықтырылды.

Салық салудың қазіргі халықаралық принциптері мыналар:



  1. Қарапайымдылық принципі. Салық механизмі салық төлеушіге түсінікті болуы тиіс, ол айқын әрі жеңіл болуы керек. Ол үшін мына шарттар орындалуы қажет:

  • салық түрлері өте көп болмай, нақты да дәлелді болуы керек;

  • бір салық түріне бірыңғай салық ставкасын белгілеу қажет;

  • салық салуобъектісін, салық салынатын табысты немесе айналымды анықтау әдісі барынша жеңіл, қарапайым, қолдануға ыңғайлы және түсінікті болғаны дұрыс;

  • салық жеңілдіктері не үшін беріледі, оған қандай негіздер бар екенін дәлелді болуы керек. Салық жеңілдіктерінің мейлінше аз болғаны дұрыс;

  • салық төлеуде, салықты табыс көзінен, яғни төлем жүргізілген көзден төлеген ыңғайлы.

2. Әділеттілік принципі. Салық жүйесінде әділеттілік принципі тікелей және көлденең екі бағытта сақталуы тиіс.

Тікелей әділеттілік принципі – салық төлеушілердің табыстарына тең жағдайда біркелкі салық салынады;

Көлденең әділеттілік принципі – тиісті жағдайда бірыңғай салық төлеушіге бірдей талап, бірдей шарт қойылуы керек. Салық төлеушілер белгілі бір табыс не қызмет түрінен, мүлкінен бірдей ставкамен салық төлеуі тиіс.

3. Салыстыру принципі. Бұл принцип бойынша салық ставкаларын бекіткен кезде, олардың мөлшері басқа елдерде қолданылып жүрген салық ставкаларымен салыстырылып отырылуы қажет.

4. Салықтардың анықтылығы – алдын ала белгіленген шарттар мен талаптардың мызғымас теңдігі елдің барлық аумағында және барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін түсіндіру мен қолданудың біркелкілігі.

5. Жеңілдіктердің ең аз саны. Жеңілдіктер құндық үйлесімдерді бұрмалайды және салық салу субъектілерін тең емес жағдайларға әдейі қояды.

6. Салық салудың экономикалық бейтараптығы. Салықтар экономиканың жұмыс істеуін жақсартуға және инвестициялардың өсуіне кедергі жасамауы тиіс.

Қазақстанның салық заңнамасында сонымен бірге салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеудің міндеттілігі, салық салудың айқындылығы, әділдігі, салық жүйесінің біртұтастығы және салық заңдарының жариялылығы принциптері негізделеді.

Салық төлеуші салық заңына сәйкес салықтық міндеттемелерін толық көлемде және белгіленген мерзімдерде орындауға міндетті.

Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер айқын болуға тиіс. Салық салудың айқындылығы салық төлеушінің салықтық міндеттемелерінің туындауының, орындалуының және тоқтатылуының барлық негіздері мен тәртібін салық заңында белгілеу мүмкіндігін білдіреді.

Еліміздің салық салу жалпыға бірдей және міндетті болып табылады. Жеке сипаттағы салық жеңілдіктерін беруге тиым салынады.

Қазақстанның салық жүйесі оның бүкіл аумағында барлық салық төлеушілерге қатысты бірыңғай болып табылады.

Салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілер ресми басылымдарда міндетті түрде жариялануға жатады.
ТҮЙІН

Салықтар – тауарлы өндіріспен бірге, қоғамның топқа бөлінуінің және мемлекеттің пайда болуымен, оған әскер, сот, қызметкерлер ұстауға қаражаттың қажет болуынан пайда болды.

Салықтар барлық елдерде олардың қоғамдық – экономикалық құрылысы мен саяси іс бағытына қарамастан ұлттық мемлекет кірістерінің негізгі көзі, ұлттық табысты қайта бөлудің басты қаржылық тетігі, мемлекеттің кірістерін және бюджеттің кірістерін қалыптастырудың шешуші көзі болып табылады.



Салық – мемлекет бір жақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде қайтарымсыз және өтеусіз, тұрақты сипатта бюджетке төленетін төлемдер.

Мемлекет салықтарды экономиканы дамыту, тұрақтандыру барысында қуатты экономикалық тетік ретінде пайдаланады.

Салықтардың мәнін толық түсіну үшін олардың экономикалық маңызын түсіну қажет. Ал салықтардың маңызы олардың атқаратын қызметіне тікелей қатысты.

Салықтардың мынадай негізгі қызметтері (функциялары) бар:



  • реттеушілік;

  • фискалдық;

  • қайта бөлу.

Қазақстан Республикасының қазіргі салық жүйесі салықтарды құру мен алудың нақты әдістерін анықтайды, салықтың тиісті элементтері арқылы салық салудың тәртібін белгілейді.

Салық элементтері - -бұл мемлекеттің заң ак актілерімен анықталатын салықтың құрылу принциптері мен салық салуды ұйымдастыру.

Негізгі салық элементтеріне мыналар жатады:



  • салық субъектісі;

  • салық салынушы;

  • салық объектісі;

  • салық базасы;

  • салық салу бірлігі;

  • салық ставкасы;

  • салық жеңілдіктері;

  • салық төлеу мерзімі мен тәртібі;

  • салық төлеушілер мен салық органдарының міндеттері мен құқықтары;

  • салық төлеуді бақылау;

  • салық заңдарын бұзғаны үшін санкциялар және т.б.

Салық салу объектілерін есепке алу және оларды бағалау тәсілдеріне қарай салық алудың мынадай төрт әдісі қолданылады:

- кадастрлық;

- салық төлеушінің декларациясы бойынша;

- табысты алу көзінен ұстап қалу;

- патенттік негізде.

Салықтық есептің екі әдісі қолданылады:

- кассалық;

- есептеу.



Салық механизмі – бұл ұйымдық-экономикалық категория ретінде осы ұғымды түсіндіретін салық теориясының аясы, сәйкесінше, ұлттық табыстың бөлігінде өндірісте жасалынған бөлігін қоғамдастыру кезінде қалыптасатын қайта бөлу қатынасы кезіндегі объективті қажетті басқару процесі. Салық салу механизмі салықтарды белгілеудің принциптерінен, нысандары мен әдістерінен, оларды өзгерту мен күшін жоюдан, оларды төлеуді қамтамасыз ету бойынша шаралардан тұрады.

Салық жүйесі және оның қызмет ету механизмі белгілі бір принциптерге сәйкес қызмет етуі керек. Сонда ғана салық жүйесі өз қызметін жан-жақты және тиімді түрде жүзеге асырады.

Қазақстанның салық заңнамасында салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеудің міндеттілігі, салық салудың айқындылығы, әділдігі, салық жүйесінің біртұтастығы және салық заңдарының жариялылығы принциптері негізделеді.

Өзіндік жұмыс үшін сұрақтар мен тапсырмалар

Тест сұрақтары
1. Салықтар қай кезде пайда болды?

а) сауданың дамуымен;

б) мемлекеттің пайда болуымен;

с) өндірістің дамуымен;

д) тауар-ақша қатынастарының дамуымен;

е) бюджет жүйесінің дамуымен.



2. Салық дегеніміз не?

а) мемлекетбір жақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, заңды және жеке тұлғалардан белгілі бір мөлшерде қайтарымсыз және өтеусіз сипатта бюджетке төленетін міндетті төлемдер;

б) мемлекеттік органдар көрсеткен қызметтер үшін төленетін және оны төлеушіге белгілі бір құқық не рұқсат беретін қайтарымды, баламалы міндетті төлем;

с) заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік мүліктерді пайдаланғаны үшін төлейтін алымы;

д) заңды және жеке тұлғалардың арнайы қорларға төлейтін төлемдері;

е) мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғаларға көрсеткен қызметінің белгілі бір түрлері үшін алынатын ақшалай алымы;



3. Салық – бұл:

а) экономикалық категория;

б) заңды тұлғаның табысы;

с) қаржылық ресурстар;

д) жиынтық табыс;

е) әлеуметтік қатегория.



4. Салықтардың экономикадағы ролі қандай?

а) жоспарлы;

б) реттеушілік;

с) бағалық;

д) шаруашылық есеп;

е) ұдайы өндірістік.



5. Салықтар қандай қызмет атқарады?

а) реттеушілік, фискалдық, ынталандыру;

б) фискалдық, қайта бөлу, реттеушілік;

с) бақылау, жоспарлау, ұйымдастыру;

д) бағалау, басқару, бөлу;

е) бақылау, тексеру, фискалдық.



6. Салықтар қай кезден бастап дами бастады?

а) мемлекетпен бірге;

б) тауар-ақша қатынастары кезінде;

с) нарықтық қатынастар кезінде;

д) алғашқы қауымдық қоғам кезінде;

е) қаржы-бюджет жүйесімен бірге.



7. Түрлі субъектілер табысының бір бөлігі мемлекет пайдасына өтеді. Бұл салықтардың қай қызметі?

а) бақылау;

б) реттеу;

с) қайта бөлу;

д) ынталандыру;

е) қазыналық.



8. Салықтардың экономикалық мәні мынада:

а) олар салық төлеушілер мен мемлекет арасындағы қарым қатынасты анықтайды;

б) олар мемлекет өз функцияларын жүзеге асыру үшін шаруашылық субъектілер мен азаматтардағы жалпы ішкі өнімнің бір бөлігін орталықтандыру жөніндегі экономикалық қатынастардың белгілі бір бөлігі болып табылады;

с) олар салық төлеушілердің ақшалай табыстарын қайта бөлу жөніндегі экономикалық қатынастардың белгілі бір бөлігі болып табылады;

д) олар ұлғаймалы ұдайы өндіріс мүмкіндіктерін шектейді;

е) олар өндірістің бір бөлігі ретінде экономикалық категория болып табылады.



9. Салықтардың фискалды функциясы:

а) мемлекеттік бюджетке жұмылдырылған мемлекеттің ақшалай табыстарының қалыптасуымен тікелей байланысты;

б) бұл функция біртіндеп тартылатын функция болып табылады;

с) бұл ақшалай табыстарды қайта бөлумен байланысты;

д) салық төлеушілердің қаржы –шаруашылық қызметін бақылаумен байланысты;

е) әлеуметтік мақсатты көздейді.



10. Салықтың реттеушілік функциясы мемлекеттің экономикалық функциясының кеңеюімен бірге пайда болды және ол:

а) қабылданған бағдарламаға сәйкес шаруашылықтың дамуына тікелей әсер етеді;

б) амортизациялық саясатқа, инвестициялық жеңілдік, салық ставкаларын төмендету саясатына сүйене отырып, капиталдың жедел жинақталуына мүмкіндік береді;

с) төлем сұранысы құрылымын және оның көлемін өзгертеді;

д) салық төлеушілдерден орталықтандырылған мемлекеттің қаржы қорына қаражаттар алу;

е) азаматтардың түрлі категориясы арасындағы қоғамдық табыстарды бөлу.



11. Қ.Р-да салық салу жалпыға бірдей және міндетті болуы салық салудың қай приципі?

а) салық салудың әділдігі:

б) салық заңдарының жариялылығы;

с) салық салудың жариялылығы;

д) салық жүйесінің біртұтастығы;

е) салық салудың міндеттілігі.



12. Заң бойынша салық төлеу міндеті жүктелген тұлға – бұл

а) субъект;

б) объект;

с) салық ставкасы;

д) салық квотасы;

е) салық оклады.



13. Салық объектісі:

А) салық есептелетін база;

В) салықтың материалдық өрнектелуі

С) салық сипаттамасы;

D) заңмен бекітілген салық бұйымынын өлшеу параметірі

Е) салықтық базаны өлшеу бірлігіне шаққандағы салықтық есептеу-


лер шамасы.

14. Салық ставкасы дегеніміз не?

а) төленген салық сомасы;

б) салық салу өлшем бірлігіне есептелген салық мөлшері;

с) барлық салық салу объектісіне салынған салық мөлшері;

д) объект пен салық сомасының ара қатынасы;

е) бір салық салу объектісіне төленген салық.



15. Салық ставкасының қандай түрлері бар?

A) Тіркелген, проценттік (пропорционалды, прогрессивті, регрессивті);

B) пропорционалды, прогрессивті;

C) пропорционалды, регрессивті;

D) пропорционалды, прогрессивті, регрессивті;

E) прогрессивті, біркелкі болып келеді.



16. Салықтан босатылатын объектінің ең төменгі бөлігі:

A) салықтық ауыртпалық;

B) салықтық оклад;

C) салық салынатын салық квотасы;

D) салық салынбайтын минимум;

E) салық салынатын минимум.



17. Бул ставкалар мемлекеттің өндіріс немесе басқа да саласына реттеуші әсерін тигізеді:

A) жоғартылған ставка;


B) жалпы ставка.

C) тең ставка;

D) тұрлаулы ставка

E) пайызды ставка;



18. Салық жеңілдіктері кандай жағдайда беріледі?

A) салықты экономикалық реттеу әдісі ретінде қолданғанда;

B) салықтық төлем бұйымын мемлекет мәжбүрлі турде алғанда;

C) салық төлеуші объектісі барлығын туралы арнайы хабарлағанда;



D) 6ip жолғы талон алғанда немесе патент алғанда;

E) төлем көзінен салықты ұстап қалғанда.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет