«Салт - дәстүрім – халқымның»
Тақырыбы: «Салт - дәстүрім – халқымның».
Мақсаты: оқушыларға қазақ халқының салт - дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, оқушылар мен мұғалімдерге сөйлеу дағдыларын дамытуға, аудитория алдында қорқынышын жеңуге, инновациялық идеялармен бөлісуге, осылайша басқа да спикерлерге үлгі болуға мүмкіндік жасау.
Барысы:
Жүргізуші:
Қазақтың қасиетті ұстап салтын,
Жүретін әдеппен күліп жарқын.
Өзіңсің дәстүрімнің алтын кені,
Аман ба өнер суйер асыл халқым – деп, Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар мен оқушылар! «Шардара» мектеп-лицейіне хош келдіңіздер!
Ақырын күй ойналып тұрады.
Құрметті қонақтар, бүгінгі TedX жобасы негізгі мақсаты оқушылардың ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпын үйренуге және сыйлап құрметтеуге шақыру. Ұлтымызға жанашыр ұрпақ тәрбиелеу.
Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі, діні, тілі болатыны белгілі.
Сондықтан бүгінгі тақырыбымыз салт-дәстүр жайлы болады.
Өнерлі халық - өміршең халық, қазақтың әдет ғұрпына бағытталған TedX жобасы «Салт - дәстүрім – халқымның» ашық деп жариялаймыз.
№1 «Арнау» - Ділдабек Асылбек (презентация – мектеп парламентінің өткізген жұмыстары мен жетістіктері)
Жүргізуші:
Қазақ халқы – ежелден қонақ десе ішкен асын жерге қоятын халық. Үй иесі бұрын танысын, танымасын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған. Қонағына ең жақсы тамақтарын беріп, риза етуге тырысқан. Халықта «үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген сөз бар. Мұның бәрі қонаққа да, асқа да ерекше ықыласты көзқарастың белгісі. Дәмнен ауыз тиіңіздер!
(нан, құрт, бауырсақ, шұбат, жент)
Жүргізуші:
Біз егеменді еліміздің болашағын қалыптастыру үшін халқымыздың тарихын, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан мұрасын, мәдениетін, әдет - ғұрпын білуіміз керек. Ендеше, Конференция бағдарламасына сәйкес спикер, «Тәртіп фракция» мүшесі Қосбаева Жұлдыз тақырыбы «Қазіргі уақыттағы қолданыстағы салт-дәстүрлер».
Жүргізуші:
Күй – қазақтың жансерігі, мұңдасы, сырласы. Күйдің ғажаптығы сол, ол өзің бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын тыңдаушыға жан-жақты ұқтырады. Күй ойға жетелейді. Адам болып өмір сүруге, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді түсінген пенде жамандыққа, арамдыққа бара алмайды. Күй құдіреті деген осы. Ал ендеше, сахна төріне мектебіміздің күйшісі 9-сынып оқушысы Рахматулла Жарасты шақырамыз.
Жүргізуші:
Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Дегенмен, көпшілігі бүгінде сақталмайды.
Осы жөнінде сөз қозғайтын «Перизат қыздар төрайымы», спикер Нұралы Нұрайым тақырыбы «Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүр».
Жүргізуші:
Ұмыт болған салт-дәстүрге қосымша ұлттық ойындар да жатады. Тәрбиелік маңызы бар ұлттық ойындарды келешек ұрпаққа үйретуіміз қажет. Ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында ортада «Білім фракция» мүшесі Ділдабек Асылбек пен «Мәдениет фракциясы» Нұркенұлы Шапағат.
(Күй ойнатылып турады)
Жүргізуші:
Қазақ халқы бала тәрбиесіне мән беріп, оның ырым – тыйымдарын, салт-дәстүрін ерекше сақтаған. Ырым – жақсылықтан өнеге алып, оған жету үшін жасалатын әрекет. Ал тыйым рәсімдері жас ұрпақты табиғатты қорғауға, әдепті болуға, қарапайымдылыққа, инабаттылыққа баулиды. Олай болса, келесі спиикеріміз «Ырым-тыйым – әдептілік негізі» тақырыбымен «Қамқоршы фракциясы» Елкелді Нұрайды шақырамын.
Жүргізуші:
Ән – халық мұрасы. Сан ғасырлар қойнауынан жеткен қалық әндерінің шығу тарихы,мазмұнымен қатар көркемдік, құрылымдық, аймақтың ерекшеліктерін анықтаудың да маңызы зор.
Қазақ халқының ән мәдениеті аса бай, ауқымдық әрі қомақты. Оларды халық қазынасы десек, сол қымбат қазынасының қайнар көзі де халықта. «Шардара» мектеп-лицейінің «Өзін-өзі басқару ұйымы» мүшелерінің орындауында халық әні «Күміс құмған-ай».
«Еркін микрофон» әдісі – қорытындылау мақсатында оқушылардың TedX жобасына деген рефлексиясын тыңдау.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт - дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдімін.
Еліміздің жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда, құрметті оқушылар!
Достарыңызбен бөлісу: |