Саясаттану ғылым ретінде



Дата27.10.2023
өлшемі20.88 Kb.
#481733
f604715aa5b7da0


Саясаттану ғылым ретінде.
Саясаттану ғылымына пән және ғылым ретінде түсінік беру, саясат ұғымы, мәні, обьектісі, заңдары, категориялары мәселелерін, әдіс-тәсілдерін қарастыру, саясаттың функцияларын айқындау.
міндеттері:Тақырып бойынша ақпараттарды толық меңгеру, саясаттанудың негізгі теорияларымен танысу
1. Саясаттану (политология) сөзі гректің «политика» (саясат) және «логос» (ілім) деген сөздерінен шыққан, саясат туралы ғылым деген мағынаны білдіреді. Ал саясат сөзінің өзі көне грек ұғымдарына негізделген politike – «мемлекетті басқару өнері немесе мемлекеттік істі жүргізу» деген сөзінен алынған. Алғашқы кезде саясат ұғымының дәлме-дәл аудармасы мемлекеттік істі жүргізу болған болса, қазіргі кезде саясат ұғымының ауқымы кең, күрделі зерттеу мәселесі бар ғылым саласы. Саясаттану қоғамдық ғылымдар жүйесінде өз орны мен ролі, өзіндік атқаратын қызметі бар ғылым болып табылады. Қазіргі таңда саясаттану ғылымы дүниежүзілік ғылыми сахнада академиялық пән ретінде қалыптасып, кең өріс алуда. Ежелгі Шығыс, антикалық дәуірдің ойшылдары мемлекеттің, саяси биліктің мәні неде және кімге қызмет етеді деген сұрақтарға жауап іздеген. Бірақ ол кездегі пайымдаулар негізінен діни-мифологиялық сарында болатын. Кейінірек адамзаттың іс-тәжірибесінің, ақыл-ойының, мәдениетінің дамуына байланысты саясаттың ұғымдары, түсініктері, тұжырымдамалары пайда бола бастады және саяси құрылымы мен қатынастарының одан әрі күрделіленуі, материалдық өндірістің, халық санының өсуі оның өміріне мемлекеттің тікелей араласуына әкеліп соқтырады. Мұндай жағдайда ұлы ойшылдар саясатты ғылыми тұрғыдан түсініп, оны орынды пайдаланудың, мемлекетті тиімді басқарудың жолдарын іздестіре бастады. Бұдан келіп саяси теориялар туды. Б.з.б. бірінші мыңжылдықтың ортасында саясатты діни-мифологиялық танудың орнына философиялық – этикалық түсіну түрі келді. Мұнда аса зор еңбек еткендер – Конфуций, Платон, Аристотель сияқты ойшылдар. Бұл ойшылдар саясатты теориялық тұрғыдан зерттеп, оны этикамен тығыз байланыста қарады. Саясаттанудың негізін қалаушы деп данышпан ғалым Аристотельді айтады. Орта ғасырда саясатты түсінудің діни-этикалық түрі қалыптасқан. Оның негізін салушы Ф. Аквинский, А. Августин болды. Саясатты қазіргідей түсінуге мол үлес қосқан Италияның ХVІ ғасырда өмір сүрген ойшылы Н.Макиовелли еді. Ол саясатты теологиялық түсінуден арылтып, саяси ойды қоғамдағы табиғи өмірден туған мәселелерді шешуге бейімдеді. Феодализнің ыдырап, капиталистік қатынастардың қалыптасуы қоғамды демократияландырып, жалпыға бірдей сайлау құқығын енгізуге, көпшілік саяси партиялар мен қазыналардың кеңінен қанат жаюына, ақпарат құралдарының өрістеуіне мүмкіндік берді. Бұл ретте Дж. Локк, Ш.Л.Монтеське, Ж.Ж.Руссо, Т. Джеферсон, Т. Пейн, И.Кант, Гегель сынды көрнекті ғалымдар көп еңбек сіңірді. Саяси ойдың дамуында К.Маркс пен В.И.Ленин де маңызды орын алады. Сонымен бірге, саясаттанудың қазіргі кездегі зерттелуіне М.Вебердің, К.Луйистің, Р.Риплидің, В.Пареттонын, Г.Монтескьенің, Ч.Мерриамның, А.Финифтердің және т.б. көзқарастар жүйесі елеулі ыкпал жасады. Казіргі кезде дүниежүзінде саясаттануды, оның объектісі мен ғылым ретінде зерттеу ісінде оның түрлі тәсілдері мен әдістерін, жолдары мен түрлерін іздеу белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Саясаттанудың қалыптасу эволюциясы саяси – ғылыми әдебиеттерде 3 кезеңге бөлінген: философиялық кезең, эмпирикалық көзқарастарды сынау кезеңі және қазіргі түсініктегі саясаттанудың дербес ғылым ретіндегі қалыптасу кезеңі.
- Философиялық кезең шамамен Аристотель заманынан бастап, Америкадағы азамат соғысына дейінгі кезең ( 1861-1865).
- Сол азамат соғысынан бастап екінші дүниежүзілік соғысы аралығын қамтиды.
- Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақыттан бүгінге дейінгі мерзім.
Бүгінгі күні саясаттану – қазіргі заманғы қоғамның саяси мәселелерін зерттейтін, болашақтағы саяси оқиғалардың үлгісін әзірлейтін және қоғамның саяси жүйесінің жұмысына объективті сараптамалық баға беретін ғылыми пән. Саясаттану пәні қоғамның саяси саласын, оның даму заңдылықтарын, қазіргі саяси өмірді ұйымдастыруды, басқаруды, оның құрылысы мен жұмыс істеуін зерттейді. Ол адамзаттың демократиялық қоғамдағы құқығы, еркіндігі мен міндеттері, жеке адамның саяси-құқықтық жағдайы, оның саяси өмірге қатынасу тәсілдері, саяси өзгерістердің түрлері, саяси мәдениетті қалыптастырудың мазмұны мен жолдары, қазіргі замандағы сан түрлі саяси идеялық қөзқарастар, жаңаша саяси ойлаудың мәні, қазіргі дүниежүзілік дамудың қозғаушы қүштері туралы түсінік береді. Ол бұрынғы және қазіргі саяси жүйелерді, адамның санасындағы, көзқарасындағы, мақсат мүддесіндегі және мінез-құлық, іс-әрекетіндегі саяси өзгерістерді қарастырады. Ол, бір жағынан, жиналған деректерді қорытады, екінші жағынан, құбылыстардың өзара ұқсастығы бойынша болашаққа болжам жасайды.
2.Саясаттанудың заңдарын мынадай шартты түрдегі топтарға бөлуге болады.
1) Саяси – экономикалық заңдылықтар;
2) саяси -әлеуметтік заңдылықтар;
3) Саяси – рухани заңдылықтар
Саясаттану өзінің таныдық процесінде мынандай принциптерге сүйенеді. 1) Саясаттану қоғамның саяси өмірінің үнемі қозғалыста болатын процесс ретінде қарастырады.2) Саяси өмірдің үнемі қайшылықты болатын процесс ретінде тану принципіне негізделеді. 3) Саясаттану саяси құбылыстардың жалпы саясаттың ішкі біртұтастығын мойындау принципіне негізделеді. Бұл принциптер қоғамдық процесті бірбүтін қозғалыс ретінде тануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ғылыми саясаттану ғылыми танымның мынандай жалпы философиялық принциптеріне де сүйенеді: тарихи – логикалық сабақтастық принциптері, абстракциядан деректілікке өту жалпының ерекшенің және жекешенің диалектикалық бірлігі принципі.
Ғылымның басқа салаларындағы сияқты саясаттанудың да өзіндік ұғымдары (категориялары) бар. Оған саяси құбылыстар мен процестердің мәнін білдіретін ғылыми терминдер, сөз тіркестері жатады. Мысалы: "саясат", "саяси билік", "саяси жүйе", "саяси тәртіп", "саяси партия", "саяси мәдениет", "сая­си әлеуметтену", "саяси өмір", "саяси қатынастар", "қоғамдық ұйымдар", "мемлекет", "демократия", "егемендік", "құқықтық мемлекет", "азаматтық қоғам", "ішкі саясат", "сыртқы саясат" және т. б. Қоғамды бұдан басқа да ғылымдар зерттейтін болғандықтан, жоғарыда көрсетілген ұғымдарды басқа қоғамтану пәндері де (тарих, әлеуметтану, фәлсафа, құқықтану) пайдалануы мүмкін. Бірақ олар бұл категорияларды өз пәніне сәйкес қолданады.
3.Саясаттану саяси құбылыстар мен өзгерістердің мән мағынасын түсініп білу үшін бірталай әдістерді пайдаланады. Әдіс деп зерттеу жүргізуді ұйымдастыру тәсілін айтады. Оларға салыстырмалы, жүйелеу, социологиялық, тарихи, бихевиористік, нормативтік және т. б. әдістер жатады. Салыстырмалы әдіс әр түрлі елдердегі саяси құбылыстарды салыстырып, олардың жалпы жақтарын және жеке ерекшеліктерін ажыратуға мүмкіндік береді. Жүйелеу әдісі саяси құбылыстарды басқа қүрделі құрылымның бір бөлігі ретінде қарап, оны құрайтын элементтердің әлеуметтік өмірдегі орнын, қызметін айналадағы ортамен, басқа құбылыстармен байланысты зерттейді. Социологиялық әдіс саясатты қоғам өмірінің экономикалық, әлеуметтік құрылым, мәдениет және т.б. жағдайына байланысты анықтайды. Тарихи тәсіл саяси құбылыстарды мерзімі жағынан дәйекті, заманына қарай, бұрынғы, қазіргі және болашақтың байланысын айқындай отырып қарастырады. Бихевиористік әдіс жеке адамдар мен топтардың іс әрекетін, белгілі бір саяси жағдайларда адамдардың өздерін өздері қалай ұстауын талдауға негізделеді. Нормативтік әдіс қоғамдық игілікті ең мол қамтамасыз ететін немесе адамға әуел бастан тән ажыратылмас табиғи құқықты іске асыруға барлық мүмкіндікті жасайтын саяси құрылыстың түрін іздейді. Ал бұрынғы Кеңес Одағы қезінде ең дұрыс және мызғымас тәсіл болып есептелген диалектикалық-материалистік әдіс болатын. Ол табиғаттағы, қоғамдағы және санадағы құбылыстар мен процестерді бірімен-бірі тығыз байланыста және үздіксіз даму жағдайында болады деп санайды. Жоғарыда аттары аталған әдістермен қатар басқа да әдіс-тәсілдер бар. ХХ ғасырдың ортасынан бастап саяси зерттеулердегі негізгі әдістер болып дәстүрлі әдіс саналады. Дәстүрлі әдіске тарихи, заңдық, институционалдық әдістерді кіргізеді. Тарихи әдісте саяси оқиғаларды сипаттауға, өткен саясатты бағалауға, заңдық әдісте конституциялық прициптер мен құқықтық кодекстерді зерттеуге баса көңіл бөлінеді. Институционалдық әдістің олардан айырмашылығы – ол саяси институттардың қызметіне талдау жасауға баса зейін салатын нормативтік-құқықтық тәсілдің басым болуымен сипатталады. Эмприкалық әдісті саясат ғылымына американдық зерттеушілер енгізді, олар өздерінің назарын нақты эмпирикалық деректерді: индевитер мен әлеуметтік топтардың мінез-құлқын нақты талдауға аударады. Бихевиоризмге (ағылшын. Behavior- мінез-құлық) ерекше тоқтау әр түрлі әдістерді қолдануға әсерін тигізеді, бұлар: статистикалық, сандық құжаттарды талдау, бақылау, сұрау жүргізу, эксперимент жасау.
Саясаттануда ғылыми талдаудың: салыстырмалы, жүйелі, құрылымдық-функционалдық әдістері де кеңінен қолданады. Соңғы кезде саясаттануда герменевтика маңызды роль атқарады. Мұнда саяси символиканың тілін зерттеуге, ұғымдық аппарат қолдануға негізделген, нақты тіл шегінде жүзеге асырылатын, субъектінің саяси құбылыстарды қабылдау шегі мен саласын сипаттайтын саяси тұжырымдамалар қалыптастыруға баса назар аударылады.
Саясаттанулық зеттеулер методологияларына сонымен қатар анализ және синтез, абстракциялау, жалпылау, индукция және дедукция, аналогия, модельдеу және социологиялық әдістер және нақты процедуралар жиынтығы тәрізді әдістер кіргізіледі.
Бұлардың бәрі де саяси процестер мен олардың дамуы жөнінде шынайы мағлұматтар алуға тырысады. Сондықтан қазіргі демократиялық мемлекеттерде саясатқа байланыс­ты жағдайларды зерттегенде сан түрлі әдістемелерді пайдала­нады. Саясаттанудың міндеттері мен қызметтері де бар. Оған ең алдымен танымдық (гносеологиялық) қызметтер жатады. Олай дейтініміз саяси білім қоғамдағы оқиғаларды танып-білуге, олардың саяси мәнін түсінуге және болашақты болжауға мүмкіндік береді. Саясаттану бағалау ( аксеологиялык) қызметін атқарады. Ол саяси құрылысқа, институттарға, іс-әрекеттерге және оқиғаларға саяси баға береді. Демократиялық мемлекеттерде саясаттану саяси әлеуметтену міндетін атқарады. Ол азаматтықты, халықтың демократиялық саяси мәдениеттілігін қалыптастырады.Саясаттану реттеушілік, басқару қызметтерін атқарады. Саясаттану саяси өмірді жетілдіру міндетін де атқарады. Бұл ғылым саяси институттар мен қатынастарда, басқаруда реформалар жасап, оларды қайта қарауда теориялық негіз болады. Ең соңында саясаттанудың болжау қызметін атаған жөн. Саяси зерттеулердің құндылығы саяси процестердің үрдісін айнытпай бейнелеумен ғана тынбайды. Ол белгілі бір саяси жағдайларда алдыңғы қатарлы, озық саяси өзгерістер жасауға бағытталған ғылыми негізделген болжаумен аяқталуы тиіс. Саяси ғылымның түпкілікті мақсаты да сонда.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет