Аралбаев Бегайдар Жантөреұлы (1896-1949) – Түркістан ұлттық әкімшілік элитасының көрнекті өкілі. 1896 ж. қарашаның ортасында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының қазіргі Сүттіқұдық ауылдық округіне қарасты жерде туған. 1905-1910 жж. Жаңақорған стансасындағы орыс-бұратана мектебінде, 1910-1914 жж. Перовск (Ақмешіт) қалалық училищесінде білім алған. 1917 ж. дейін болыстық, уездік мекемелерде түрлі қызметтер істеген. Осы жылдың наурызында Уақытша Үкіметтің Шиелі болысына милиция комиссары болып тағайындалып, осы қызметті 1918 ж. шілдесіне дейін атқарады. Қыркүйек 1918 – қаңтар 1920 жж. Жаңақорған болысында жер бөлімінің бастығы, Шиелі болысында халық соты болып қызмет істеді. 1920 ж. қаңтар-сәуір аралығында Перовск уездік атқару комитеті саяси бюросы меңгерушісінің орынбасары, 1920 ж. сәуірінен 1921 ж. қыркүйегіне дейін Сырдария облаткомының бөлім меңгерушісі, хатшысы болып қызмет істеп, қыркүйек айындағы кеңестердің облыстық съезінде облатком төрағалығына сайланады. Ал 1922 ж. қарашасынан 1924 ж. шілдесіне дейін ТАКСР Ішкі істер халкомы, Түркіатком Төралқасының мүшесі, 1923 ж. ақпан-сәуір аралығында Түркіатком төрағасының міндетін атқарды. 1924 ж. шілде-қыркүйек аралығында ТАКСР Жоғарғы Сотының төрағасы. Қараша 1924 – сәуір 1925 жж. аралығында Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы, сәуір айында Қызылорда қаласында өткен республика кеңестерінің V съезінде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы болып сайланады.
Кәмпеске науқаны барысында «шыққан тегін жасырды» деген желеумен мемлекеттік қызметен шеттетіліп, 1928-1932 жж. ҚАКСР Орталық банкасы басқарушысының орынбасары, 1932-1933 жж. Ақтөбе облыстық мемлекеттік банкасының басқарушысы қызметінде болды. Осы жылы 3 қарашада қамауға алынып, 1934 ж. 29 наурызында «Революцияға қарсы ұлтшылдық орталықтың» басшысы ретінде РКФСР ҚК 58-7, 58-10, 58-11 баптары бойынша Қ. Баймұхаметов, Алашорданың Батыс бөлімшесінің мүшесі Ғибат Нығметіллаев және Иса Тоқтыбаевпен бірге сотталып, Қарлагтің Бөзшакөл учаскесінде, Мордваның Темников лагерінде айдауда болды. Айыптау қорытындысында оған «1920 ж. алашордашыл ұлтшыл-буржуазиялық ұйымға тартылып, 1920-1933 жылдары оның қызметіне белсене араласты, осы ұйым басшыларының бірі болды, ұйым мүшелерін контрреволюциялық қызметтің жетекші учаскелеріне орналастыру үшін қызмет бабын пайдаланды» деген айыптар тағылды. С. Мұқанов «Мөлдір махаббат» романында оны алашордашыларға коммунистік партияның билетін таратушы етіп бейнелейді.
1946 ж. наурызында босатылып, Самарқанд қаласында Жібек маталар фабрикасының директоры, кейін Ташкент облысының Шыназ ауданында ферма басқарушысы, мұрап болып қызмет істеді. 1948 ж. 27 қаңтарында қайтадан қамауға алынып, жер аударылды. 1949 ж. 29 қарашасында Красноярск өлкесі Енисей ауданы Хохлово лагерінде қайтыс болды.47
«Бегайдар Аралбаев дәулетті адам болған. Кейін уезд, облыстан бастап Ішкі істер халкомы лауазымына дейін жауапты қызметтер атқарды. Жақында үйленді және әйелі үшін, «қалың мал» төледі (яғни, коммунист бола тұра әйелін сатып алды). Бүкілтүркістан Кеңестерінің ХІІ съезінде съездің басым бөлігі оған қарсы болды, оған негіз бар еді. Бірақ бәрібір оны жауапты лауазымда қалдырды» деген Т. Рысқұловтың И. Сталинге берген мәліметіндегі Б. Аралбаевтың «сатып алған әйелі» М. Шоқаймен достық, туыстық байланысы үшін қуғындалған Жорабек Есеновтың қызы Сайыпжамал болатын. Бұл қуғындаудың әсері Б. Аралбаевқа да тиеді.
Оның есімі 1933-1938 жж. ұлт қайраткерлерін ұлтшылдықпен айыптаған құжаттарда аталады.
Қазақ КСР Жоғары Сотының Қылмыстық істер коллегиясы 1957 ж. 17 тамыз және 10 қыркүйек күнгі мәжілісімен істі қысқартты. ҚКП ОК бюросы 30 мамыр 1990 ж. (Хаттама №112, 15 бап) оның 1919 ж. партия мүшелігін қалпына келтірді. Республика Бас прокуроры Б.Ж. Аралбаевқа қатысты №04693 істі қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартты. ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен (сәуір 1996 ж.) Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы №52 орта мектепке оның есімі берілді.
Қызылорда – ұлттық мемлекеттіліктің дәстүрлі атауы
Тарихи атау ретінде қалыптасқан Ақмешіт қаласының атын «Қызылорда» деп өзгерту кеңестік қоғамға тән асығыстықпен немесе жоғарыдан келген пәрменмен бір сәтте іске аса қойған жоқ. Ел астанасының аты мемлекеттің таптық сипаты мен қоғамдық өмірдегі өзгерістердің мазмұнын айқындайтын саяси мәнге ие болуы тиіс сындарлы сәтте алаштық үлгідегі саяси элита астана атауына ұлттық мазмұн беруге ұмтылды. «Қызылорда» атауы бір-біріне қарама-қарсы таптық және ұлттық құндылықтардың арасынан ең ұтымды деп таңдалған ымыралық шешім болды.
Социалистік революцияның, коммунистік қоғамының айнымас рәмізіне айналған қызыл түсті кеңестік идеология насихат құралы ретінде кеңінен пайдаланды. Жаңа қоғамның жетістігі, жеңісі жер-су, елді мекен, көшелер мен ұжымдардың атауына ауысып, дәстүрлі қоғамның құндылықтарына қарсы қойылды. Соған сәйкес қызыл түс кеңестік Қазақстанның картасын қаптап кетті. Әрине, ең басында елдің астанасы Қызылорда тұрды.
Тіпті, қызыл түс Кеңес Одағының ауқымынан шығып, шет елдің де мемлекеттік рәміздерінің қатарынан орын алды. 1924 ж. Моңғол Халық Республикасы құрылып, «Өргөө» - «Богдын Өргөө» (Богдыханның ордасы деген мағынада – Х.Т.) қаласын жаңа мемлекеттің астанасы етіп белгілегенде Боғданың ордасы болып келді, енді моңғол сияқты батыр халықтың астанасы болады» - деп Урганы Баторға ауыстыруды жөн көреді. Сонда Құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі, Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі Тұрар Рысқұлов «Моңғол халқының өмір тіршілігі астана қаласына байланысты. Сондықтан астананың атын өзгерту туралы пікір дұрыс. Астанаға заман ағымына байланысты Улаан баатар қаласы (город красного богатыря) деген ат берсек қайтеді? Дегенмен халық қалай қарайды. Батыр Шыңғыс дүниені жаулап алды. Улаан баатар езілген батыр халыққа бостандық әкеледі»48 деген ұсыныс жасайды. Моңғол Халық Республикасының тұңғыш Конституциясын жасап берген Т. Рысқұловтың Мәскеуге арқа сүйеген беделі бұл ұсынысты қабылдаттырады. Бұл әрине, сол кезең үшін қазақ ұлты өкілінің өзге мемлекеттің ұлттық рәмізіне жол салып бергендігі айта қаларлықтай қызмет.
Дегенмен, кеңестік биліктің ықпалынан арылып, тәуелсіз даму жолына түскен Моңғол Ұлттық Хуралының мәжілісінде билік басына келген демократиялық күштер 1990 ж. ел астанасы Улан Батордың атын «күштеп таңған атау» деп, оны өзгертуге ұсыныс жасайды, ол ұсыныс қызу саяси пікірталас туғызған. Бұл әрекет моңғол халқының санасында ұлттың ішкі ісіне қол сұққан коммунистік билікке қарсы дәлелдің біріне айналып, демократиялық қағидаларды орнықтырумен бірге ұлттық құндылықтарға да қайта оралудың қажеттілігін талап еткен қоғамдық-әлеуметтік ойдың сілкінісі деп бағаланады. Осындай әрекет Қызылорда атауына да қатысты жиі көтеріледі. Қала атын өзгертуді ұсынушылар большевиктік биліктің символына айналған «қызыл» ұғымына үрке қарайды. Олар «Қызыл империяның бодандығынан құтылдық. Енді оның қала атауындағы таңбасынан да арылайық» - деген дәлелді алға тартады. Құптарлық пікір. Әйтсе де осы атаудың тарихи мәніне де назар салып көргеніміз орынды болар.
Осы жерде ерекше атап айтар мәселе - Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгертуді Т. Рысқұловтың еңбегі еді деген түбірінен жаңсақ пікірлер айтылып қалады. Қандай мақсатпен айтқандарын өздері білер, бұл пікірді қаланың 190 жылдығы аталып өткен жиындардың бірінде академиктер Ә. Нысанбаев, С. Сартаевтар айтып қалды. Тарихшы ретінде бұндай дәйек тарихи ақиқатқа мүлдем жуыспайтындығына назар аударғым келеді. Т. Рысқұлов 1924 ж. наурыз-мамыр айларында жаңадан құрылатын Қазақ кеңестік автономиялық республикасының бірінші басшылығына қол жеткізу үшін қанша әрекеттенсе де Орталық оны Қазақстанға жібермеді. Тіпті оның алдындағы қазақ жерінің тұтастығына негіз қалаған ұлттық-территориялық межелеудің қым-қуыт саяси тартысына да араласа алмады. Шындығында, Түркістандағы батыл да бастамашыл әрекеттерінің Қазақстанда қайталануынан қауіп ойлаған сталиндік басшылық оны бұндай ұлт тағдыры шешілетін маңызды науқанға араластырмады, 1924 ж. жазында Монғолияға Коминтерннің өкілі етіп жіберді.
Ал тарихи деректер жаңа астанаға «Қызылорда» атауын беру алаштық үлгідегі ұлттық саяси элитаның ұжымдық ой-пікірінің жемісі екендігіне куәлік жасайды.
1924 ж. қарашаға дейін Қырғыз кеңестік автономиялық облысы Халком кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген С. Сейфуллин 1925 ж. сәуірдің соңында Қызылорда қаласында өткен Қырғыз Өлкелік V съезінен соң И. Сталинге қазақ партия-кеңес қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасы жайлы жазған құпия хатында өлкеде қалыптасқан таптық күрестің жайына талдау жасаған. Ол осы көлемді хатында большевиктік және алаштық лагерьге бөлінген ұлттық интеллигенцияның Ақмешіт атауын Қызылорда етіп өзгерту мәселесіне де тоқталады. Революцияның «қызыл қыраны» большевиктер көсеміне V съездің Алашорда Батыс бөлімшесінің құран аяттарымен көмкерілген жасыл туы астында өткендігін, «қырғыздар үшін қызыл, жасыл, ақ түстің» ешқандай мәні жоқ, ең бастысы Орда сөзі сақталып қалса болды»49 деп алашордашылар Ақмешітті Қызылорда атандырғандығын үлкен таптық қырағылықпен баяндайды.
С. Сейфуллин бұл жерде бүкіл қазақты ақ пен қызылға, бай мен кедейге бөлмей біртұтас бірлікте қарастырған алаштық зиялылар үшін «қызыл» атаудан «орда» ұғымының маңызды болғандығын тап басып тани алған. Солай дей отырып, «орда деп бай және ақсүйек адамдардың үйін, ал кедейлер мен кембағалдардың үйін баспана және лашық деп атаған» - деп «орда» ұғымын тұрмыстық деңгейде сипаттап, оған таптық мазмұн береді. Бұл, әрине жалаң түсінік екендігі белгілі. Әлде, ұлтын өзінше сүйген Сәкен ақын Ресей тарихында жағымсыз мазмұн алған Алтын Орда мен Ноғай Ордасын Сталиннің есіне салуды әдейі айналып өтті ме екен?!
Ұлттық-территориялық тұтастығы қалыптасқан қазақ мемлекетінің астанасын таңдау туралы С. Қожанов 1924 ж. 17 желтоқсанында «Ақ жол» газетінде жарияланған мақаласында мынадай тұжырым жасайды: «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жақын болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын».50
Осы дәйексөздегі «орда» сөзіне әдейі назар аударып отырмыз. С. Қожанов орда сөзін дәстүрлі мемлекеттің түрі ұғымында емес, жаңа қоғам орнатқан ұлттың астанасы мағынасында қолданып отыр. Осы идея V съезге дейінгі аралықтағы жаңа астана таңдау, оны қалай атау жөніндегі пікірталастың өзегіне айналды. Билік басындағы ұлттық элитаның дәстүрлі орда ұғымына таптық мазмұнды айшықтаған «қызыл» сөзін қосақтаудан құралған ұғымды ұсынуы партия билеушілерінің де, жұртшылықтың да көңілінен шыққан мәмілегерлік тарихи шешім болды.
Осы дәйекті деректік тұрғыда тарату үшін Дінше Әділовтың 1928 ж. ОГПУ тергеушісіне берген жауабына назар аударайық. Ол былай дейді: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақметшіт қалдасының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Қалай атау [жаңа астананы], жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш Қожықов ойлап тапты. Одан неге? деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс дегенде айтты. «Қызыл» - демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» - ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік... Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау, екіншісі Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».51
Дәстүрлі қазақ қоғамында «орда» ұғымы мемлекет құрылымының өмір сүру түрі ретінде кеңінен қолданылғаны әргі-бергі тарихтан белгілі. Ұлттық тарихымыздың мазмұнында Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ Ордасы сияқты мемлекеттік құрылымдар берік орын алған. Қазіргі қазақ мемлекеттілігінің тарихын осы аталған «ордалардың» тарихымен тығыз байланыстырамыз. Ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы тарихи үдерісте мемлекеттіліктің өмір сүру түрі ретінде «орда» ұғымы негізге алынған. Осы тарихи мемлекеттер тізбегін кеңестік билікпен таласа өмірге келіп, ұлттық тәуелсіздік идеясын ту етіп көтерген Алаш Орда үкіметі аяқтайды. Ал кеңестік билік тұсында орда ұғымы Қазақ елі мемлекеттігінің түрі емес, оның саяси орталығы, астанасының аты Қызылорда деген мазмұнға ие болды.
Мәселеге осы тұрғыда мән берер болсақ, дәстүрлі қоғамда барынша ауқымды мағынаға ие болған «Орда» атауын біршама тар мағынада – астананың атауы түрінде сақтап қалу – ғасырлар бойы елдің кәдесіне жарап келген ұлттық мемлекеттіктің ұлттық сипат пен ұлттық мазмұн атаулыны таптық, коммунистік өлшемдердің қауызына тықпалаған кеңестік билік тұсында жаңа мазмұнда жаңғыруы деп білеміз.
Жаңа астанаға «Ақмешіт» атауы саяси мән-маңызы бойынша мүлдем сай келмейтін еді. «Ақ» пен «қызылға» бөлінген саяси күрес жағдайында және жауынгер атеизмнің діни идеологияға қарсы бітіспес күресі басталған тұста қаланың атауы анохронизмге айналғандығын ұлт зиялылары жақсы түсінді. Оның үстіне Ақмешіт атауының жаңа мемлекеттің астанасына лайық саяси салмағы да жоқ екендігі белгілі.
Ресейдегі азамат соғысының рәмізіне айналған «ақ» пен «қызылға» бөліну кеселі қазақ зиялыларын да айналып өткен жоқ. Алашордашыларды, жалпы ұлттық құндылықтарды саяси бағдар етіп ұстанған зиялыларды «Ақтар» деп айыптау сол кезеңнің саяси терминологиясына айналып, тарихи әдебиеттерден берік орын алды.
Түркістан республикасында Жанша Досмұхамедов бастаған ұлтжанды тұлғалар қазақтар коммунизмді түсінбейді, соданда ақ та, қызыл да емес деп республикалық биліктің баспасөз органына «Ақ жол» деген атауды ұсынады. Бұл дәйек «қызыл» атауына жатырқай қараған алашордашыл қайраткердің көзқарасын танытады. И. Сталиннің Қазақ Өлкелік партия комитеті бюросының мүшелеріне жолдаған «Ақ жол» газеті туралы» хатында «Шоқаевтың ақ гвардияшыл баспасөздегі кейбір мақалаларына» деректік негіз болған «көлемді материал берді» деген айып тағылады. «Ақ жол» газеті және оның төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары туралы жоғарғы билікке жүгінген қазақ большевиктері басылымның атының өзінен ілік іздеген. Айталық, С. Сейфуллин 1937 ж. Л. Мирзоянға жазған хатында Н. Төреқұловтың Ташкентте «Ақ жол» газетін ұйымдастырғандығы, оның басшылығына М. Дулатовты шақырғандығы жөніндегі хабарына «газетіңнің аты да ақгвардияшыл, оның басшысы Дулатов та ақгвардияшыл» деп жауап қайтарғандығын жазады.52 Демек, билік басындағы большевиктік ұлттық интеллигенция қоғамдық-саяси әрекетінде «ақ» атаулыға қаншалықты үрке қараса, «қызыл» сөзіне соншалықты үйірсек болғандығын көреміз.
Қызылорда қаласының аты мемлекеттілік түрінің дәстүрлі мазмұны мен жаңа қоғамның саяси құндылықтарын бойына сіңірген тарихи атау болып қалыптасты. Қызыл империяның бодандығында болған қазақ мемлекеттілігінің Қазақ Кеңестің Социалистік республикасы деген қазіргі заманғы атауын дәстүрлі ұғымға көшірсек қазақтың Алтын Ордасы, Ақ Ордасы, Алаш Ордасының жалғасы болып шығар еді. Демек, Қызылорда атауы қанша бой тартсақ та ел тарихының тұтас кезеңін айғақтайтын тарихи-мәдени ескерткіш болып қала бермек.
Алаш қозғалысы Оңтүстік қанатының тарихи алғышарттары
Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының мазмұны мен сипатының ерекшелігін айқындау мақсатында танымдық шарттылықтарға сүйеніп, оның қызметі мен құрылымын «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» деп негіздеген орынды болатындай. Бұл жерде басын ашып айтатын мәселе, ғылыми танымда «Шығыс Алашорда», «Батыс Алашорда» деген орныққан тарихи тұжырымдарға балама құбылыс іздестіру емес, қайта ол құбылыстардың мазмұндық құрылымына жаңа кеңістік ашу басты мақсат екендігі. Бұндай тұжырым жасауға деректік және дәйектік негіздер жеткілікті. Алғаш рет бұл тұжырым Түркістандағы партия-кеңес органдарының ресми құжаттарында «Алаш Орданың» түркістандық бөлімі «Бірлік туы» газеті органымен аттас ұйым болды. «Бірлік туы» газеті 1917 ж. маусымынан Ташкентте шыға бастады. Аталған газетті ұйымдастырушылардың тұғырнамасы дәлме-дәл алашордашылардың тұғырнамасындай еді»53 деген сипатта негізделді. Түркістандағы Алаш қозғалысының тарихи дерегін қалыптастырғандығы және оның тарихнамасына негіз қалағандығы үшін отандық тарих ғылымы көрнекті қайраткер Т. Рысқұловқа қарыздар болып келеді. Өйткені, оның осы мәселеге қатысты тарих ғылымына жасаған бұл қызметі осы кезге дейін тарихшылар тарапынан лайықты бағасын алған жоқ. Оның Түркістандағы Алаш қозғалысының қызметі туралы ойлары мен тұжырымдары 1923 ж. маусымда «Советская степь», 1935 ж. 18 мамырда «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған және тб. еңбектерінде одан әрі өрбітілді.
Бұл деректер Түркістандағы ұлт-азаттық күрес тәжірибелерін талдау арқылы Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатын дербес тарихи таным нысаны ретінде қарастыруға негіз болады. Оңтүстік қанаттың нақты ұйымдық құрылымы болмағанымен оның қызметінің мазмұны қазақ жеріндегі тарихи құбылыстың құрамды бөлігі болып саналады. Сонымен бірге Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының құрамында өлкедегі жергілікті ұлт зиялыларымен тығыз бірлікте жұмыс жасағандықтан оның саяси қызметінің мазмұнында аймақтық, конфессиялық және идеялық сипаттағы ерекшеліктері болды. Түркістандағы жергілікті халықтардың арасында отарлыққа қарсы күрестегі мұсылмандық, түркілік бірлік идеялары Алаш қозғалысымен байланыста болған М. Тынышпаев, С. Лапин, М. Шоқай, Қ. Қожықов, С. Өтегенов және тб. қайраткерлердің саяси қызметінде жаңа қырынан танылып, қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың мазмұнын байытты. М. Тынышпаев, С. Лапин, М. Шоқайдың өлкедегі саяси қозғалыстың және Түркістан Мұхтарияты ұлттық мемлекетінің басшылығында болуы Алашорда үкіметімен тығыз байланыс жасауына мүмкіндік беріп, олар қазақ мемлекетінің тұтастығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн тәртібіне қойды. Алашордашыларға кешірім жасалғаннан соң Түркістанда билік басындағы ұлттық саяси элита өкілдері Н. Төреқұлов, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, С. Асфендияровтар алашшыл қазақ зиялыларын түрлі қызметтерге тартты. Өлкедегі қазақ облыстарында жер-су реформасын жүргізуде алаштық идея жалғасын тапты. Олардың басшылығымен Ташкент қаласына топтасқан қазақтың саяси, шығармашылық элитасы өкілдерінің қызметі мәдениет тарихындағы аса бір сәтті де шығармашылық тұрғыда жемісті кезең болды. А. Байтұрсынов, М. Дулатов. Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, С. Асфендияров, М. Әуезов, Ж. Аймауытов, Қ. Кемеңгеров т.б. қайраткерлердің 1924 ж. ұлттық-территориялық межелеуге дейінгі мәдени-ағартушылық қызметі кеңестік билік жағдайында Алаш қозғалысы көтерген ұлттық идеяларды батыл іске асыруымен ерекшеленді. Түркістандағы жартылай жария, жартылай жасырын жағдайдағы Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының қызметі арқылы Алаш қозғалысының географиялық ауқымы кеңейді және оның уақыттық шегі ұзара түсті.
Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы қазақ зиялыларының рөлі осы күнге дейін толық та жан-жақты бағасын ала қоймауы бұл тақырыпты игеруде кеңестік тарихнаманың әдіснамалық бағдарға алынып келуінен деп білеміз. Маркстік-лениндік тұжырымдар әдіснамалық басшылыққа алынғандықтан ол еңбектерде мәселе біржақты қарастырылды. Отандық тарихшылар К. Нұрпейіс, М. Қойгелдиев, О. Қоңыратбаев, С. Шілдебай, Х. Тұрсұн және т.б. ғалымдар, сол сияқты өзбекстандық С. Ағзамқожаев, Р. Абдуллаев, Д. Алимова, А. Голованов, С. Тілеуқұловтар ұлт зиялыларының Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы орны мен рөліне шынайы баға беруде батыл тұжырымдар жасай алды.
Г. Сафаров Түркістан Мұхтарияты үкіметін құруда қазақ зиялылары белсенді рөл атқарғандығын атап көрсеткен. 1917 ж. ақпан төңкерісіне дейін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қалың ортасында жүрген саяси дайындығы мол М. Тынышбаев, М. Шоқай, С. Лапин, Ә. Оразаев, С. Ақаев, Қ. Қожықов және тб. этноэлита өкілдері 1917-1918 жж. Түркістандағы тарихи оқиғалардың алдыңғы сапына шықты.
Қазақ зиялыларының саяси күрестің алдыңғы сапына шығуының терең тарихи алғышарттары болды. Осыған байланысты «Түркістанда 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін ұйымдасқан саяси кемелдікке қазақ зиялылары қалай қол жеткізді?» деген сауалға жауап іздеп көрейік.
Түркістандағы Алаш қозғалысының тарихи дерегін қалыптастырушылардың бірі Түркістанда және Қазақстанда бірқатар жауапты қызметтер атқарған Дүйсенбай Нысанбаев болатын. Оның деректері Түркістан өлкесінде 1917 ж. қоғамдық-саяси сілкіністерге дейін жұмыс жасаған қазақ зиялыларының «Кеңес» атты саяси үйірмесінің қызметіне ғылыми талдау жасауға мүмкіндік береді.
Ташкент қаласындағы қазақ зиялыларының басын біріктірген астыртын «Кеңес» ұйымы және оның қызметін айқындайтын деректік құжаттардың бірі Д. Нысанбаевтың 1925 ж. 31 қаңтарында РК(б)П Қырғыз облыстық Бақылау Комиссиясына С. Қожанов туралы жасаған мәлімдемесі.54 Құпия хат түрінде жазылған бұл құжаттың деректік құндылығы өте жоғары. Өйткені, өлкелік партиялық басшылыққа, ОГПУ органдарына жасалған мәлімдемемен бірге Түркістандағы алашордашылардың қызметіне қатысты айғақ ретінде түрлі хаттамлар, газет тігінділері сияқты қомақты деректер ұсынылған. «Кеңес» астыртын үйірмесінің қызметі туралы біршама мәліметтер баяндалған құжатта Д. Нысанбаев үйірменің төрағасы генерал Сейітжапар Асфендияров болғандығын атайды. Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесінде, елшілік қызметте болған генерал С. Асфендияровтың танымалдығы және биік билік лауазым иеленген, қазақ қоғамындағы дәстүрлі билеуші әулеттен шыққан харизмалық тұлғасы оны үйірменің басшылығына алып келген.
Төрағаның орынбасары ретінде аталатын М. Шоқай білім жолын Ташкент ерлер гимназиясынан бастап, Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде жалғастырған, оның Түркістан өлкесіндегі қызметі кеңінен таныла бастағаны осы кезең. Ресейдің ІV Мемлекеттік думасы мұсылмандар фракциясының хатшысының беделі өлкедегі 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің патша өкіметі әскерлері тарапынан аяусыз басып-жаншылуының салдарын тексеруге келген Мемлекттік дума комиссиясының жұмысына араласуы арқылы кең танымалдыққа ұласқан. Оның үстіне комиссия төрағасы, Мемлекеттік думадағы демократияшыл күштердің серкесі А.Ф. Керенскиймен жолдастығы өлкедегі билеуші элитаның арасында М. Шоқайдың «өз адамы» ретінде қабылдануына қолайлы жағдай еді.
Төрағаның екінші орынбасары Садық Өтегенов аталған құжатта «С. Қожановтың қоғамдық-саяси тұрғыда қалыптасуындағы ұстазы, ең жақын кеңесшісі» деп сипатталады. Ақпан төңкерісінен соң Түркістан қаласында, Сырдария облысында Уақытша үкіметтің уездік, облыстық комитеттерінде жауапты қызмет істеген С. Өтегенов өлкедегі Алаш қозғалысының белді өкілдерінің бірі ретінде Алаш съездеріне қатысқан, өлкелік деңгейде танылған ұлт зиялылары арасындағы беделді тұлға.
Деректе айтылғандай «Кеңес» астыртын үйірмесін басқаратын басшылық органды үйірменің бюросы атқарғандығына қарағанда үйірменің өлкеде кең таралған желісі және көпсанды мүшелері (тілектестері) болған. Бюро мүшелерінің әрқайсына жекелеген жұмыс салалары бөлінген. Дерек авторының да қолында үйірменің қызметіне қатысты нақты құжаттар болмағандықтан бюро мүшелерінің тікелей қандай жұмыстармен айналасқандығына талдау жасалмаған. Үйірме мәжілісінің хаттамалары, бағдарламалық құжаттарының ғылыми айналымға шықпауы оның қызметі туралы ғылыми болжамдар жасауға итермелейді.
Үйірменің бюро мүшесі Қоңырқожа Қожықов Түркістан мұғалімдер семинариясының түлегі, халық мұғалімі, мектеп, медреселерде дәріс берген. Оны өлкеге танымал еткен Романовтар әулиетінің билік басына келуінің 300 жылдығына арналған еңбекті қазақ тілінде жариялауы болды. Д. Нысанбаев Қ. Қожықовтың осы еңбегі үшін қомақты сыйақы алғандығын жазады.55 Қ. Қожықов та 1917 ж. ақпан төңкерісіне кейін қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, Түркістан мұхтарияты Уақытша үкіметінің құрамына енген. Бірнеше рет Түркатком мүшелігіне сайланып, жерге орналастыру басқармасының басшыларының бірі ретінде Жетісудағы жер-су реформасына басшылық жасаған.
Астыртын үйірменің келесі бюро мүшесі Санжар Асфендияровты Д. Нысанбаев «бюрократиялық өмір жағдайында тәрбиеленген», «оған пролетариат мүддесі барлық кезде де жат болған, оның үстіне ол өзін осы мәселеге қатысты революцияға дейінге кезенде ешқандай жағынан да көрсете алмады» деп көрсеткенімен оның Жоғарғы әскери-медициналық академияны бітіруі, Ташкенттегі атқарған қызметі өз төңірегіне ұлт зиялыларын топтастыра алатындай танымалдыққа негіз болады. Саяси күреспен Ресейдің орталығында танысқан, өлкедегі европалық демократиялық күштермен етене араласқан қайраткерді қоғамдық-саяси үдеріс жас ұлттық саяси күштердің алдыңғы легіне шығарады. Үйірмедегі қызметі С. Асфендияровтың саяси қайраткерлігінің ұлттық мүддеге сай қалыптасуына бастапқы негізі болды. Оның эсерлер партиясына мүше болуы, тылдың қара жұмысынан оралғандардың саяси қозғалысына басшылық жасауы кеңестік биліктің кезінде биік лауазымдар атқаруына кедергі бола қойған жоқ. Ал «Кеңес» үйірмесімен байланыстылығы большевиктік биліктің биік лауазымдарында жүргенде де таптық мүддеден ұлттық мүддені жоғары қойған ұлтжандылығынынан көрініс тапты.
Саяси үйірме бюро мүшелерінің бірі, Түркістан мұғалімдер семинариясының түлегі, өлкеде мұғалімдікпен айналысып, халық соты қызметінде істеген Серікбай Ақаев туралы «Бұл қызметі азамат Ақаевтың шалқып өмір сүруіне және дүниетанымы мен жалпы дамуына, үйірменің өзге мүшелерінің алдында артықшылықтарға ие болуына мүмкіндік берді, оның үстіне жергілікті қырғыз халқының арасында кеңінен танымал етті» 56 деген сипаттама беріледі. Ол Бүкілтүркістан мұсылмандарының 1917 ж. 26 қарашадағы ІV съезінде жарияланған Түркістан мұхтарияты Уақытша Халық кеңесінің мүшелігіне сайланған.
Кеңестік кезеңде алашордашылықтар жағында ақ офицер ретінде соғысып, Ақтөбе майданында қызыл әскердің тұтқынына түсіп, атылған Мұзарап Қасымов та бюро мүшелерінің бірі ретінде аталады. Бюро мүшелерінің бірі Әлимұхамед Көтібаров та Санкт-Петербургте әскери-медицина академиясын бітірген, өлкедегі жоғары білімді қазақ саяси элитасының бірі. Ол М. Шоқаймен тығыз байланысты болған. М. Шоқай 1914 жылы 27 маусымда Петербургтен Ташкенттегі округтік соттың аудармашысы Ә. Көтібаровқа 15-25 маусым аралығында өткен Бүкілресей мұсылмандарының съезі туралы хат жазып былай дейді: «Съезд постановил о желательности в Туркестанском крае отдельного муфтиата, ... в числе пожелании о предоставлении киргизам Туркестанского края и степных областей права представительства в Государственной думе. Конечно, это пожелания имеет лишь академический характер».57 Бұл дерек Ә. Көтібаровтың өлкедегі қоғамдық-саяси үрдісте елеулі салмағы болғандығын айғақтайды. Бюро мүшесі Алдабек Мангелдин, үйірменің хатшысы Зұлқарнайын Сейдалиндер де өлкедегі ұлт-азаттық қозғалысқа араласқан саяси тұлғалар еді.
1917 жылға дейін қызмет жасаған үйірме қызметінің өзегі ұлт-азаттық күресте саяси тәсілдерге сүйенуімен ерекшеленеді. Осы аталған үйірме мүшелерінің Мұстафа Шоқаймен идеялас болғандығы аңғарылды. Үйірменің қандай жағдайда қызметін тоқтатқандығы белгісіз болғанымен оның тәжірибесінен өткен қайраткерлер 1917 ж. қарбалас оқиғаларға қызу араласып, өлкедегі саяси күрестің алдыңғы легіне шықты. Үйірме басшыларының саяси қызметі қазақ облыстарына да танымал болды. 1917 ж. 15 наурызында майданның қара жұмысына алынған қазақ жастарының арасында жұмыс жүргізген Ә. Бөкейханов бастаған зиялылар Минск қаласынан «Қазақ» газеті арқылы елдегі игі жақсыларға жеделхат жолдаған.58 Жеделхат қазақ жеріндегі танымал қайраткерлермен бірге Түркістан өлкесіндегі тоғыз қайраткерге жолданған. Олардың арасында «Кеңес» үйірмесінің мүшелері Түркістан қаласындағы С. Өтегенов, Андижандағы Қ. Қожықов, Ташкенттегі Ә. Көтібаров, Қоқандағы С. Ақаевтар бар. Аласапыран кезеңде саяси күрестің бағыт-бағдарын айқындаған жеделхаттың осы қайраткерлерге жолдануы олардың өлкедегі саяси үдерістерге қызу араласқан белсенді әрекетін танытады.
Үйірменің мақсаты мен міндеттерін айқындайтын құжаттар қолға түспегендіктен оның саяси тұғырнамасы, ұстанған бағыты туралы мынадай қисындық болжам жасауға болады. Үйірме Ресейдің орталығындағы демократиялық күштердің қызметін ұйымдық тұрғыда үлгіге алған, үйірменің төрағасы, төрағаның орынбасарлары, бюро мүшелері болып қызмет бөлісуі осындай тұжырым жасауға жетелейді. Екіншіден, үйірменің жұмыс мазмұны оның отаршылыққа қарсы күреске бағытталған демократиялық құндылықтарға негізделгендігін танытады. Д. Нысанбаев үйірме басшыларының билеуші ортадан шыққан әлеуметтік негізіне баса назар аударуы олардың таптық құндылықтардан алыс тұрғандығына дәлел болады. Үшіншіден, үйірме жұмысының басты бағдары жергілікті халықтың өзін-өзі билеуіне қол жеткізу болған. Астыртын үйірменің осы сипатты белгілері оның қызметі «Шуро-и Ислам» ұйымына емес, Алаш партиясының ұстанған саяси бағытына етене жақын болғандығына көз жеткізеді.
Түркістандағы қазақ саяси элитасының бастамашылығымен құрылып, жұмыс жасаған «Кеңес» астыртын үйірмесінің қызметі ұлт зиялыларының саяси күрестегі алғашқы тәжірбиесі болды. Қысқа мерзім жұмыс істеп, қызмет ауқымын кең өрістете алмағанымен олардың әрекеті ізсіз кеткен жоқ. Оның басшылары 1917 ж. «Шуро-и Ислам» және Алаш партияларының ұйымдық тұрғыда қалыптасуына белсене араласып, өздерінің саяси күресін осы жылы мамырдан бастап жарық көре бастаған «Бірлік туы» газеті арқылы одан әрі жалғастырды. М. Шоқай, С. Қожанов, Қ. Болғанбаевтар редакторы болған «Бірлік туы» газеті Түркістан мұхтариятының қазақ тілді баспасөз органына айналды. Оның бетінде өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыстың тыныс-тіршілігі көрініс тауып жатты.
Большевиктік билік орныққанға дейін Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының өкілдері өлкедегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсене араласып, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамын жаңартуда ұлттық мүдде үшін күреске араласудың осындай үлкен дайындығынан өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |