Сәйкестікті ерікті түрде растау – өтінім берушінің бастамасы бойынша жүргізілетін, ол арқылы өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің стандарттау жөніндегі құжаттарға және (немесе) өтінім берушінің талаптарына сәйкестігін растау жүзеге асырылатын рәсім.
Сәйкестікті ерікті түрде растаудың негізгі ережелері
1. Сәйкестікті ерікті түрде растау ерікті түрде сертификаттау нысанында жүргізіледі.
2. Ерікті түрде сертификаттау өтінім берушінің бастамасы мен талап етуі бойынша кез келген сәйкестікті бағалау объектілеріне қатысты – олардың стандарттау жөніндегі құжаттарға, ал олар болмаған кезде мәлімделген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан жүргізіледі.
3. Ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеу және қолданылу, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Ерікті түрде сертификаттау жүйесін заңды тұлға және (немесе) дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға немесе бірнеше заңды тұлғалар және (немесе) дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар құра алады.
Ерікті түрде сертификаттау жүйесін құрған тұлға немесе тұлғалар сертификаттауға жататын объектілердің тізбесін және сәйкестігіне ерікті түрде сертификаттау жүзеге асырылатын олардың сипаттамаларын белгілейді, осы ерікті түрде сертификаттау жүйесіне қатысушыларды айқындайды.
Ерікті түрде сертификаттау жүйесінде сәйкестік белгісін қолдану көзделуі мүмкін.
5. Сәйкестікті ерікті түрде растау, егер бұл техникалық регламентте немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленсе, өнімнің сәйкестігін міндетті растауды алмастырмайды.
6. Сәйкестікті ерікті түрде растауды сәйкестікті растау жөніндегі орган шарттық негізде жүргізеді.
7. Сәйкестікті ерікті түрде растау рәсімін жүргізу тәртібіне және сәйкестік белгілерін беруге қойылатын талаптар ұлттық стандарттарда белгіленеді.
8. Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар ұлттық стандарттарға сәйкестігін ерікті түрде растаудан өткен тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісін дамытуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды іске асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |