Білім беру саласында білікті ұстаз, өз мамандығының нағыз шебері, Арал қаласындағы №220 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сейлханова Ляззат Октябрқызы туралы сөз қозғамақпын.Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында ерекше еңбегімен дараланған ұлағатты ұстаз
Сейлханова Ляззат 1968 жылы Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. Ол 1975 жылы Арал қаласындағы №14 орта мектепке барып,аталмыш мектепті 1985 жылы бітірген.Мектеп бітірген соң, Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының «Филология» факультетін тәмамдап, орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша диплом алады.Кейін қаладағы №220 орта мектебіне орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасып,осы уақытқа дейін мұғалім болып қызмет атқарып келеді.
Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру - үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол - жаңадан жаңаны табатын өнер»- дегендей,апайдың мақсаты-оқушыны сауатты сөйлеуге үйрету.Әкесі Октябрь Сейлханов, кезінде №13 мектептің ұлағатты ұстазы болған. Барлық саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз. Өз өмірінде: «Е-е балам, жүк ауырлығын нар көтереді. Шыдамды бол. Жұрттың алдына шығуды мақсат тұтпа. «Жауапкершілік» деген төреші бар. Осыған жүгінсең, қателеспейсің» - деген сөз әке сөзі әлі күнге дейін апайдың құлағында. Осы өсиетті сөзді қағида тұтқан апай қазіргі таңда 32 жыл еңбек жолына үлгі етіп,оқушыларды тәрбиелеп келеді.
Сейлханова Ляззат апай - ұлағатты ұстаз ғана емес, мол тәжірибесін әріптестерімен бөлісе білген тағылымды жан. Өз ісінің білгірі ретінде өзгеден көмегін еш аяған емес. Әсіресе, жас мамандарға жақсы жетекші бола білетіндігі өз алдына. Бүгінде жұбайы Асылбекпен бірге бағып-қағып өсірген ұл-қыздары да ата - анасының мақтаныштары.
Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусын
датып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірті болмақ. Апай - Досқай Берікқали, Райсова Майра, Рысқалиев Нұрсұлтан, Нұрбек Жаннұр, Қуаныш Аршат, Қуанқанов Алишер сынды дарынды балалардың өнері мен білімдерін шыңдап,оларды аудандық, облыстық,
тіпті республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда жеңіске жетуіне түрткі болған білікті маман.Үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін оның білім мен біліктілігінің негізінде еңбегі бағаланып, аудан, облыс, республикалық грамоталармен марапатталды.
Ұлы Абай :"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға”деп айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.Әр мұғалімге мектепте ұстаздық қызметімен қатар сынып жетекшілік міндетті қатар алып жүру оңай жұмыс емес.Сынып жетекші ретінде апай «Мен оқушыларыммен жасарамын» деп үнемі мақтаныш сезіммен айтып отырады.Өйткені апай оқушыларын еңбекке баулу арқылы еңбек дәстүрлерінің лайықты ізбасарларын тәрбиелеп, қоғамның дамуына үлес қосып келеді.Бүгінде ол кісінің қолынан ұшқан қаншама шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде әр мамандықтың саласын игеріп, еліне қызмет атқаруда.
Ұстаздың еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтағаныңыз жөн.
«Адал еңбектің нәтижесі адамды қуанышқа бөлейді.Адам өз мақсатына ерінбей еңбек еткенде ғана қол жеткізе алады»- дей келе, қазіргі таңда Сейлханова Ляззат Октябрқызы - осы күнге дейін атқарған қызметінің жемісін көріп отырған жан.
Достарыңызбен бөлісу: |