ӨЛКЕТАНУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ МЕКТЕПТЕ ЖҮРГІЗІЛУДІҢ ОҚУШЫЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
СЕЙТХАНОВА Ж.К
Биология пәнінің мұғалімі
Қостанай облысы
Жангелдин ауданы
«Ш. Уәлиханов атындағы Торғай орта мектебі» КММ
Аңдатпа: Осы мақалада автор мектептегі өлкетану пәні білім беру мен тәрбиелеуді өмірмен байланыстыратын маңызды құрал екенін көрсетіп отыр. Өлкетану жұмыстар оқушыларды тәрбиелеудегі ерекшеліктері сипатталған.
Кілт сөздер: Рухани жаңғыру, топонимика, экспедиция
Елбасымыз 2017 жылы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын айтқан болатын.Тәуелсіз еліміздің оқушы және студент жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеудің сан алуан жолдары бар. Солардың бірі - тарихи өлкетану жұмыстарын пайдалану арқылы тәрбиелеу.
Қазақ елінің кез келген аймағынан ежелгі, ортағасырларға және жаңа заманға қатысты тарихи жәдігерлерді немесе деректерді көптеп кездестіруге болады. Мәселе соларды танып біліп, табылған мәліметтерді жүйелеп, зерделеп, оларды жастар тәрбиесінде тиімді пайдалана білуді үйренуде.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», - деп көрсетті Елбасымыз.
Сол бағдарламаға сәйкес берілген тапсырмаларды орындау мақсатында қазақ және орыс тілдерінде оқытатын орта білім беру ұйымдары директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих, география, биология, музыка, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының «Мектептегі өлкетану жұмысын ұйымдастыру және өткізу» білім беру бағдарламасы әзірленді.
Өлкетану – белгілі бір жердің, қаланың, елді мекеннің бір бөлігін оқып білу. Мұндай жұмыспен жергілікті тұрғындар айналысады, себебі бұл аймақ оқушылар мен мамандар үшін (тарихшылар, биологтар, геологтар, архитекторлар, этнографтар, экологтар) туған өлке болып саналады. Мектептегі өлкетану пәні білім беру мен тәрбиелеуді өмірмен байланыстыратын маңызды құрал болып табылады. Өз өлкесінің бұрынғы және қазіргі өмірін білу, өлкенің жаңаруына тікелей ат салысуымыз үшін қажет, өйткені туған өлке – шегі жоқ әлемнің бір бөлігі. Өлкетану отансүйгіштік сезімді – Отанға деген терең махаббатты тудырады. Мектептегі өлкетану, жалпы өлкетанудың бір бағыты болғандықтан, оқушының адамгершілік, интеллектуалдық, эстетикалық, еңбексүйгіштік, тұлғалық дамуының маңызды факторы болып табылады. Туған өлкенің өткенімен, қазіргі кезімен және жорамалды болашағымен, табиғи, экономикалық, тарихи, мәдени және басқа да ерекшеліктерімен танысу оқушының дүниетанымын қалыптастыруға жағдай жасайды. Бұл оқушының өзінің бір нақты ұлт өкілінің қатарына жататындығын түсінуіне және ол үшін мақтаныш сезімінің туындануына көмектеседі.
Нормативтік-құқықтық құжаттарға, вариативтілік ұстанымына сай, жалпы білім беретін мектепте білім беру мазмұнының аймақтық компонентін жетілдірудің мақсаты өз өлкесін, елді мекенін, қаласын не ауылын жақсы білетін және сүйетін, оның әдет-ғұрыптарын сыйлайтын, табиғи, тарихи, мәдени ескерткіштерін қорғайтын, көпұлтты Қазақстанның отаншыл азаматын тәрбиелеу.
Мектептегі өлкетану жұмысының өзіндік міндеттері бар. Бұл міндеттер оқушылардың өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Білімдік міндеттері:
– өз елді мекенінің, өлкесінің тарихымен және қазіргі кездегі өмірімен, экономикасымен таныстыру;
– туған өлкенің табиғи ортасының алуан түрлілігі жайлы көзқарас қалыптастыру;
– тірі табиғат нысандары мен құбылыстардың бір-біріне тәуелділігін, байланысын, табиғат заңдарын оқып-білу;
– биология, география, химия, физика сабақтарында алынған білімді өмірлік тәжірибеде қолдана білу;
– өз елді мекенінің, ауданы мен облысының қазіргі кездегі өмірі және экономикасымен таныстыру;
– туған өлкесінің дамуы проблемаларын оқып-білуге жетелеу:
– табиғатқа дұрыс қарау нормаларын меңгерту;
– алынған білімді қазіргі кездегі экологиялық проблемаларды шешу барысында қолдана білу;
– туған өлке табиғатының ерекшеліктерін оқу;
– қажетті ақпаратты іріктеу дағдысын меңгеру.
Тәрбиелік міндеттері:
– өзінің туған өлкесіне, туған елі Қазақстанға деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін тәрбиелеу;
– төзімділікті, өлкенің көпұлттылық және көпмәдениеттілік жағдайында төзімді мінез-құлық қалыптастыру;
– отбасылық қарым-қатынасты нығайту, пәннің мазмұнымен тек оқушыны ғана емес, оның ата-анасын да қызықтыру, отбасылық мұрағаттар, аталар мен әжелердің басқа да туыстардың әңгімелері арқылы өлкенің тарихы жайлы білімді тереңдету;
– отбасы мүшелерімен бірге өлке туралы әдебиеттер оқу, фильмдер, бейнефильмдер тамашалау;
– өлкенің табиғатын, тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру жұмыстарына оқушылармен қатар ата-аналарды да қатыстыру;
– жергілікті халықтың алдында тұрған проблемаларды шешуге атааналармен бірге оқушыларды да қатыстыру;
– экологиялық мәдениет қалыптастыру;
– патриоттық және эстетикалық, сонымен қатар табиғат алдында жауапкершілік сезімін тәрбиелеу;
– ұжымда бірігіп жұмыс істеу, бір-біріне көмектесу, қолпаштау сезімдерін тәрбиелеу;
– балалардың бойында жақсы көру, барлық тіршілік атаулыға аяушылықпен қарау сезімдерін тәрбиелеу.
Дамытушылық міндеттері:
– туған өлке туралы неғұрлым көп білуге деген ұмтылысты, танымдық қызығушылықты, интеллектуалдық және шығармашылық қабілетті дамыту;
– тақырыптық акцияларға және жобаларға, кітапханалардың, ұлттықмәдени орталықтардың іс-шараларына, сайыстарға, олимпиадаларға қатысу арқылы туған өлке жайлы білімді тереңдетуге деген ұмтылысқа ынталандыру;
– болашақта білімді жалғастыру, мамандық және жұмыс орнын таңдау сұрақтарын шешуге бағыттау;
– күнделікті өмірде өлкетанушылық білім мен біліктілікті қолдана алу, жергілікті жердегі туындайтын проблемаларды шешуде өзінің орнын білу дағдысын қалыптастыру;
– туған өлкесінің өмірін жетілдіруге үлес қосуға деген ұмтылысты дамыту .
Өлкетану жұмысында тағы бір міндетті қосуға болады, ол – зерттеушілік сипаттағы міндеттер:
– қоршаған ортаның ластану деңгейін анықтау және туған аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу;
– логикалық ойлау қабілетін дамыту арқылы, проблема қою және оны шешудің жолдарын іздеу;
– оқығанды, танығанды, түсініксіз жағдайларды, мәліметтерді өз шығармашылығында көрсете білу;
– ізденіс арқылы таныс емес, белгісіз, түсініксіз құбылыстарды тануға, білуге, түсінуге ұмтылу.
Мектеп пәндерінің мазмұнындағы өлкетануды сипаттайтын ерекшеліктер:
– тарихи және ұлттық-мәдени өлкетану (ата-бабалар тарихы, шығу тегі, тарихи ескерткіштер, ежелгі қоныс-мекендер, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өнеге, өмір сүру салтының ерекшеліктері және құндылықтары);
– табиғи-географиялық өлкетану (жергілікті жердің климаты, жер бедері, топырағы, өзен-көлдері, пайдалы қазбалары, экологиясы, экологиялық проблемалары);
– биологиялық өлкетану (өсімдік түрлері, жануарлар әлемі);
– әдеби өлкетану (жергілікті ұлттардың әдеби мұралары және ауыз әдебиеті, жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары);
– химиялық өлкетану (ауыз суының сапасы, ауаның ластануы, жергілікті жердегі тау-кен өнеркәсіптері т.б.);
– әлеуметтік-географиялық өлкетану (халықтың тығыздығы, елді мекендердің орналасу сипаты, ұлттық қолөнер түрлері, басқа елді мекендерден, аймақтардан алшақтығы, байланыс құралдары);
– әлеуметтік-демографиялық (ұлттық құрамы, жастық-жыныстық құрамы, көші-қон үдерісі, халықтың ұдайы өсуінің сипаты);
– әлеуметтік-экономикалық (халықтың өмір сүру деңгейі, еңбек ресурсы, кәсіби-мамандық құрамы, экономикалық даму келешегі);
– аймақтың экономикалық салаларының (ауылшаруашылық, құрылыс, таукен, химиялық т.б.), шығаратын өнімдері;
– әкімшілік-саяси (өлкенің шекарасы мен аумағы, инфрақұрылымының түрлері, басқару органдарының қызметі және жұмысты ұйымдастыруы);
– мәдени өлкетану (жергілікті ұлттардың ұлттық әндері мен билері, бейнелеу және сәулет өнері, қолөнері, жергілікті сазгерлердің музыкалық шығармалары, суретшілердің, мүсіншілердің, архитекторлардың туындылары т.б.);
– саяси (саяси факторлардың өлкенің өміріндегі рөлі, аймақтармен, елдермен қарым-қатынасы). Өлкетанудың түрлерін математикалық, физикалық, технологиялық деп жалғастыра беруге болады.
Аталған бөлімдерге сәйкес материалдарды іріктеп пән тақырыптарына кіріктіріп оқытудың мақсаты, мектептегі өлкетану жұмысын, оқушылардың өлкені білуге деген қызығушылығын арттыру болып табылады.
Өлкетану жұмыстарын оқушыларды тәрбиелеудегі ерекшеліктері:
– тарихи мәліметтермен тығыз байланыста болғандықтан, тарих ғылымдары және тарих оқу пәнінің негізгі ұстанымдары, әдістері, құралдарымен сипатталады;
– оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда өлкетану жұмыстары жетекші фактор болып табылады;
– өлкетану жұмыстары экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жаратылыстану пәндерімен, әсіресе географиямен, биологиямен және экологиямен тығыз байланыстылығымен сипатталады;
– өлкетану жұмыстарының ерекшелігі топонимика (гректің «топос» – орын, жер, «онома» – атау деген екі сөзінен тұрады, яғни жер-су атаулары деген сөз), ономастика (гректің onomastike – ат беру өнері, тіл білімінің жалқы есімдерді зерттейтін саласы) сияқты ғылымдардың, білімдердің өзгешеліктерімен анықталады.
Демек, топонимдер тарихи, географиялық және лингвистикалық мәннен хабар беріп тұрады деген сөз. Мұның өзі белгілі бір өңірдің топониміне қарап сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өрісі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді жәнеде сыныптан тыс уақытта танымжорық, оқу-танымдық соқпақ, саяхат, экспедициялар сияқты жұмыс түрлерін ұйымдастырылуымен байланысады.
Өлкетану материалдары арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу педагогикалық үдерістің: түсінік қалыптастыру – білім беру – біліктілік – практикалық ісәрекетке баулу атты тізбегін құрастыруды көздейді. Мұғалім алдымен оқушылардың бойында Отан адамның дүниеге келген жері ретінде, туған жердің табиғаты, ана тілі, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, тарих, туған өлке тұрғындарының өміріндегі ұлттық ерекшеліктер, отансүйгіштік сезім туған өлкеге деген көзқарас түсініктерін қалыптастырады. Оқушы саралау, түсініп оқу, ерінбей тірнектеп материал жинау, мұрағатта жұмыс істеу, экскурсияны жүргізуші дағдыларын үйрену арқылы біліктілігін арттырады. Өлкетану жұмысының түрлері саяхат, экскурсия, бақылау жүргізу, кеппешөп жинау, тәжірибелер жасау, мамандық иелерімен кездесулер тағы басқа практикалық іс-әрекеттерді оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, құндылық көзқарастарын қалыптастыруға, білуге деген қызығушылықтарын арттыруға бағытталады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Есназарова Ұ.Ә. Жалпы орта білім беретін мектептегі өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру. – Алматы: 2013
2.Майемер А.М. Қазақстан географиясы пәнін оқытуда аймақтық-өлкетану мәліметтерін пайдалану арқылы қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу. Жүсіп Баласағын Қырғыз ұлттық университетінің Жаршысы. Бішкек. 2013
3. «Өлкетану» курсын оқытудың әдістемелік негіздері. Әдістемелік құрал – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2013
Достарыңызбен бөлісу: |