Семинар сабақтарында оқытудың актив әдістерін қолданудың маңызы



Дата09.06.2016
өлшемі85 Kb.
#124750
түріСеминар
СӨЗ МӘДЕНИЕТІ ПӘНІНЕН ӨТКІЗІЛЕТІН СЕМИНАР САБАҚТАРЫНДА ОҚЫТУДЫҢ АКТИВ ӘДІСТЕРІН ҚОЛДАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ
З.Бейсенбайқызы - педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Ж.А.Абилхаировапедагогика ғылымдарының кандидаты
Аннотация. В данной статье рассматриваются вопросы использование активных методов по дисциплине Культура речи.

Түйін сөздер: сөз мәдениеті, актив әдістер, студенттер, дәріс, семинар сабақтар.
Дәріс кезінде студент теориялық білімді дайын күйінде қабылдайды. Ол да қажет. Дегенмен, қазіргі білім беру парадигмасында білім алушының өзінің ізденіп алған біліміне үлкен маңыз беріліп отыр. Ондай мүмкіндік семинар сабақтарында, өздік жұмыстарды орындау барысында болады. Сондықтан студентте қалыптасатын (пән бойынша) дағды мен іскерлік оқу үрдісінің маңызды бір компоненті болып табылады.

Семинар – студенттердің оқытушының басшылығымен ұжым болып жұмыс жасайтын сабағы. Ол дәрісханада, сабақ кестесіне сай жүргізіледі. Оның басты мақсаты – негізінен лекция материалдарын толықтыру, студенттердің игенрген білімдерін кеңейту оны кез келген жағдаятта пайдалана алуға қалыптастыру. Сабақтың бұл түрі студенттерді шығармашылықпен жұмыс істеуге, білімін өз бетімен толықтыру дағдыларының қалыптасуынамүмкіндік жасайды. Олардың зерттеушілік жұмысқа қызығушылығын туғызады. Ғылыми ойлауға, ойдан тұжырымдар жасауға талаптандырады. Семинар олардың арасында субъект-субъектілік қарым-қатынас болғаны тиімді. Семинар сабақтарында проблемалық жағдаят туғызудың маңызы зор екенін тәжірибеміз дәлелдеп келеді. Белгілі ғалым А.А.Леонтьев проблемалық жағдаяттың екі типін атап көрсетеді: танымдық (когнитивтік) және қатысымдық жағдаят. Бірінші жағдаятқа сай мынадай тапсырмамен жұмыс істеуге болады: Тақырып: «Тіл мәдениеті және сөз мәдениеті терминдерінің сипаты». Осының қайсысын дұрыс деп ойлайсыздар? Семинардың типі – ұжымдық ойлау әрекеті. Өткізу әдістемесі: студенттер сұрақ бойынша ұжым болып ойланады, бірі өз ойын айтады, екіншісі оны жалғастырады. Оның негізінде диалогтік қарым-қатынас болады.Диалог үнемі ақыл-ой әрекетінің іске қосылуын талап етеді. Семинардың бұл түрі студенттің бірін-бірі зейін қойып тыңдауына,, аналитикалық қабілеттерінің қалыптасуына, фактілерді салыстыруға, негізгі мәселені бөліп көрсетуге(тіл мен сөздің айырмашылығын пайымдау), екінші адамның пікіріне сын көзімен қарауға, өз ойын дәлелдеуге қалыптастырады. Мұндағы негізгі мәселе студенттің бір-біріне байланысты болуы, бірінің ойынан екінші студенттің ойының өрбіп жатуы. Мәселені ұжым болып талқылау оларды кәсіби тілде сөйлеуге қалыптастырады, ауызша әдеби тілде сөйлеуге, бірінің айтқанын бірі түсінуге, дискуссия туғызуға үйретеді. Ұжымның әрекетін дұрыс ұйымдастыруға, бір-біріне талап қоя білуге қалыптастырады. Семинардың бұндай түрлері жеке тұлғаның кәсіби бейнесінің, әлеуметтік тұлғасының дұрыс қалыптасуына мүмкіндік жасайды. Студент ойланады, бұл мәселе туралы ғылымдардың пікірлерімен танысады, қажетті материалдармен ойларын толықтырады, нәтижесінде тіл мен сөздің айырмашылығынбілуге тырысады, соған орай пәннің басты нысаны не деген сұрақтың жауабын іздейді. Іздене келе студент пәннің атын сөз мәдениеті деп атауды дұрыс деп ұйғарады. Оны былайша дәлелдейді: пәннің негізгі қарастыратыны – сөз, сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы. Демек, мәселе сөз оның дұрыс қолданылуы болғандықтан, пәннің де аты соған сай болуы тиіс деп тұжырым жасайды. Ал қатысымдық жағдаят белгілі бір тақырып бойынша студенттің диалог құруы, шығармашылық жұмыс жасауы деп түсінеміз. Мысалы, екінші адаммен мамандық туралы пікірталас жасау, монолог құруда оған қойылатын талаптар ескеріліп отыруы тиіс. Атап айтқанда, айтайын деген ойдың түсініктілігі, толықтығы, дәлдігі, тілінің байлығы, мәнерлілігі т.т. Семинар сабақтарын «интеллектуалды футбол», «теңізшілердің соғысы», «жапырақ» типінде де ұйымдастыруға болады.Семинардың тақырыбы – «лексикалық нормаға жатпайтын элементтердің көркем әдебиет тілінде қолданылуы». Семинардың типі – интеллектуалды футбол. Өткізу әдістемесі: топ екі командаға бөлінеді. Әр топтың қақпақшысы, қорғаушысы, шабуылшысы болады. Шабуылшы сұрақ өояды, қорғаушы оған жауап береді. Қақпашы қорғаушы жауап бере алмаған жағдайда сұрақтың дұрыс жауабын айтады. Оқытушы төреші қызметін атқарады. Мысалы, тақырып бойынша мынадай сұрақ береді: сөз мәдениетінің негізі тілдік норма, әдеби тіл десек, жазушы шығармасында көркем болуы үшін. Жауап толық емес. Қақпашы: кейіпкердің бейнесін сомдау үшін. Оқытушы: жауап дұрыс. Семинарды «теңізшілердің соғысы» типінде өткізу де өте тиімді. Мұнда да топ екіге бөлінеді. Әр топқа соғысқа қажетті зат ретінде фишкалар беріледі. Онда тақырыпқа қатысты сұрақтар болады. Мысалы, орфоэпиялық ноормаға қатысты сұрақ беріледі. Кей мәтінде (не өлеңде) ондай өзгеріс болмауы мүмкін, студент ауызша айтқан не оқыған кездегі дыбыстардың үндесімі мен үйлесімінің болуын не болмау себебін түсіндіруі тиіс. Сонымен қатар «жапырақ» әдісін пайдаланудың да пайдасы мол болды. Әр жапырыққа сөз мәдениетіне қатысты терминдерді жазып, оның мәнін, түсіндірмесін айтқызу да өте маңызды болды. Студенттер қызыға талдады, білмегендерін қайталады, пән терминдерін, оның мәнін білуге мүмкіндік алды.

Оқытудың ең бір тиімді, белсенді әдісі – іскер ойындар. Іскер ойындар студентті белсенді ойлауға, келешек мамандығына сай дербес әрекет етуіне, оның зертханасына енуіне жағдай жасайды. Бұл әдіс әр студенттің ішкі мүмкіндігін, кәсіби әрекетіне бейімділігін байқатады. Сабақта іскер ойынды пайдалану үшін үлкен дайындық қажет. Атап айтқанда, 1) тақырыпты таңдау және оның нәтижесін айқындау; 2)ойынның мақсаты мен міндетін айқындау; 3) тақырып, мақсат, міндетке сай құрылымын анықтау; 4) ойынның қандай жаңдайда, қашан, қай уақытта ұйымдастырылатындығын нақтылау т.т. Әдәстемелік талаптар: іскер ойын нақты тақырыптың жалғасы не қорытындысы сипатында болуы; студенттің кәсіби әрекетіне жақын болуы; оқу-әдістемелік материалдардың дайындығы; ойынның міндеті, өтілу жағдайы нақты болуы т.т. Іскер ойын оқытудың танымдық, дамытушылық және тәрбиелік мақсаттарына жетуге мүмкіндік жасайды. Танымдық тиімділігі ойын үрдісінде іске асады. Студент көтерілген мәселенің теориялық, әдіснамалық негізімен танысады, білім деңгейі, лингвистикалық дүниетанымы кеңейеді, кәсіби мамандығының қызметін бағамдайды. Іскер ойынды өткізу үрдісінде студенттер ұжыммен бірге ойлауды, бір-біріне көмектесуді үйренеді. Мәселені ұжым болып талдауды үйренеді. Бір-біріне деген сенім, құрмет сезімдері қалыптасады. Ойын арқылы олардың логикалық ойлау қабілеті дамиды, сөз мәдениеті жетіледі, сөз әдебі қалыптасады.



Студенттердің білімін кеңейту, мәселеге жан-жақты баға беру мақсатында өтілген пәнаралық семинарының да маңызы зор болды. Оны мынадай тақырыпта өткіздік. Тақырып: «Морфологиялық норма, оның тілдік негізі». Ең алдымен, тілдің морфология саласы қандай мәселелерді қарастыратындығы қайталанды. Нәтижесінде студенттер морфология курсынан алған білімдерін жаңғыртты, естеріне түсірді. Негізгі көңіл аударатын мәселе-морфологиялық норма мен морфологияның қалыптасқан заңдылықтарының бір-біріне қатысы. Яғни норма – жүйе – дағды мәселесі нақтыланады. Мысалы, студенттерге мынадай проблемалы мысалдар беруге болады: -ла, -ле, -да, -де, -та, -те қосымшасы есім сөздерден етістік тудыратыны белгілі. Осыған орай аяқ-та, бас-та, су-ла, ау-ла, шөл-де деп қолдана береміз. Ал неге кірпіште, соғымды, кітапта деп қолданбаймыз? Оның себебін Н.Уәли бұлай деу жүйеге қайшы болмағанымен, дағдыда жоқ,-деп түсіндіреді. Демек, белгілі бір қолданысты норма деп тану үшін оның тілдік дағдыға айналуы тиіс екен. Осы сияқты мысалдарды студенттер көптеп келтіреді. Айталық, жүйе бойынша сан есімдерге қосымша –ыншы, -інші (-ншы, -нші) түрінде жалғанады: бірінші, бесінші, алтыншы т.т. Тілдік дағдыды жиырмасыншы деген қолданыс бар. Оның себебі неде? Оның себебі тілдік үйеден тілдік жүйенің басым болуы. Сабақ бойы студенттер тілдің жүйесі мен тілдік дағды, олардың бір-бірімен байланысы, нәтижесінде дағды тілдік жүйеден үнемі басым түсе бермейтіндігін, екі түрлі қолданыстың қатарласа жұмсалуы нәтижесінде біреуінің халықтық сипат алып, қоладаныста қалуы, екіншісінің тілдік қолданыстан ығыса бастайтынын түсінді. Морфология оқулығын пайдалана отырып, бірнеше туынды сөз жасап, олардың жүйеге, дағдыға, тілдік нормаға қатысын ғылыми түрде сөз етті, зерделеді. Мұндай сабақтар студенттің әр сөзге, оның қолданысына, мағыналық ерекшелігіне, жүйеге сайлығына тілдік талғаммен, ғылыми негізбен қарау дағдыларының қалыптасуына мүмкіндік береді. Яғни сөз мәдениеті мәселесін тілдің морфология саласымен кіріктіре талдау олардың пәнаралық мәдениетінің қалыптасуына жағдай жасайды екен.

Проблемалы семинардың да студент үшін маңызы зор болды. Семинардың бұл түрін қатаң норма мен босаң нормаға қатысты өткіздік. Алдымен проблемалы сұрақтар берілді. Атап айтқанда: 1.Қатаң норма дегеніміз қандай норма? 2.Босаң норма дегеніміз қандай норма? 3.Проблема: қатаң норманың босаң нормаға (немесе керісінше) ауысуы мүмкін бе? Әдеби тіл қай нормаға негізделуі тиіс? Осы сұрақтардың жауабын студенттер іздейді, берілген ғылыми еңбектерді қарайды, тілдік қолданыстан мысалдар келтіреді.

Тақырыптық семинар да өте тиімді. Бұл семинардың мақсаты-студенттердің назарын жекелеген мәселеге аудару. Сабақтың басында оқытушы студенттерге теориялық материалдарды беріп, соның ішінен сөз мәдениетіне нқһұқсан келтіретін, немесе, оны жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды мәселелерді табуды тапсырады. Мұндай жағдайда негізінен теориялық материалдар берілді. Мысалы, «Сөз мәдениетінің лингво-экологиялық аспектілері» деген тақырып бойынша дайындалған ғылыми материалды (Н.Уәлидің зерттеуі, Д.Әлкебаеваның мақаласы бойынша) студенттерге беріп, соның ішінен ең маңызды мәселеге назар аударуды, оған тақырып қоюды, маңызды болуының себебін түсіндіруді тапсыруға болады.

Танымдық семинар түрін де өткізуге болады. Оның мақсаты – пән мазмұнын құрайтын, тілдік қолданыста көп кездесе бермейтін терминдер мен ұғымдардың табиғатына тоқталу. Мысалы, қазіргі ғылыми-зерттеулерде жиі кездесіп жүрген: прагматикалық норма, тілдік нормадан прагматикалық мақсатта ауытқу, какоземия, дискурс, узус т.т. терминдеріне арнайы тоқталу студенттердің пәннен алатын білімін тереңдетеді, оның ғылыми негіздерін түсінуге, терминдерді дұрыс қолдануға мүмкіндік жасайды. Студенттер ғылыми жұмыстарды оқи отырып, пән мазмұнына қатысты терминдердің түсіндірме сөздігін жасайды.

Семинар сабақтарында қалыптасатын дағды мен іскерлік лингвистикалық талдаумен (сөз мәдениеті талабы тұрғысынан) де тығыз байланысты. Лингвистикалық талдау арқылы студент ойды берудің көркемдегіш тәсілдерін, оның фонетикалық, лексикалық, грамматикалық мүмкіншіліктерін сезінеді. Лингвистикалық талдау сөз мәдениеті пәнінің мақсаты мен маңызын түсінуге, нормадан ауытқудың табиғатын айқындауға, нормадан тыс қолданыстардың сырын білуге мүмкіндік жасайды. Сондықтан оқытушы талдаудың бұл түріне үлкен мән беруі оны кешенді түрде әрбір тілдік нормаға байланысты жүргізіп отыруы тиіс. Лингвистикалық талдауға мәтін берген тиімді. Өйткені мәтінде белгілі бір ой болады, сол ойды берудегі жеке сөздердің айтылуы, яғни орфоэпиялық норманың сақталынуы, айтудағы кідіріс, интонацияның рөлі, дауыс күші, дауыс қарқыны т.т; сөздің орфографиялық нормаға сай жазылуы, мағыналық ерекшелігі, басқа сөздермен жұрыс тіркесуі, ең соңында ойдың түсініктілігі, ол үшін сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, т.т. үлкен мән беріледі. Мұндай талдау арқылы студент тілдің салаларын да қайталап отырады. Мысалы, сөздің дұрыс жазылуына тоқталу үшін ғана емле ережісіне, мағыналық ерекшелігін айту үшін лексикологияның нысанына, дұрыс тіркесуін анықтау үшін синтаксистің нысанына соқпай өте алмайды. Яғни тілдің салалары теориялық тұрғыдан арнайы қайталанбаса да, практикалық тұрғыдан олардың байланысы, сол байланыстың негізі міндетті түрде қайталанып отырады. Демек, сөз мәдениетін игерту тілдің барлық салаларымен кіріктіріле жүргізіледі. Мұндай талдау келешек мұғалім үшін өте қажет. Біріншіден, мәтінді мәнерлеп оқу дағдысы қалыптасады, екіншіден, тілдің барлық салаларымен байланысады, яғни студент игерген білімдерін естеріне түсіріп отырады, үшіншіден, норма/норма емес деген мәселенің заңдылықтарын түсінеді. Мысалы, сабақтың тақырыбы: «Синтаксистік нормадан ауытқу, оның уәждері» деп аталады. Семинар сабағының мақсаты – көркем шығарма тіліндегі синтаксистік нормадан ауытқуларды тауып, оның себебін түсіндіру. Семинардың типі – пресс-конференция. Өткізу әдістемесі. Топ екіге бөлінеді. Бірінші топ - журналистер, екінші топ - ғалымдар. Журналистер тілдік қолданыстағы нормадан ауытқуларды тауып, дұрыс еместігін дәлелдейді, ғалымдар олардың дәлелдемелерінің ғылымилығына, ой-пікірлерінің негізділігін, немесе, мәтіннің мазмұнын дұрыс түсінбей, нормадан жөнімен ауытқулардың табиғатын дұрыс түсінбегендіктерін ғылыми түрде дәлелдейді. Ал оқытушы сырттай бақылаушы ретінде болады, соңынан өз тұжырымын айтып, сабақты қорытады, студенттердің дәлелдемелеріндегі ғылыми негіздерінің қандай екендігіне өз ойын білдіреді.

Қорыта келгенде семинар сабақтарының тиімділігі оны қалай өткізумен тығыз байланысты. Ал тиімділіктің негізі сабақта оқытудың актив әдістерін қолдана білуде.
Резюме

В данной статье рассматриваются пути применения активных методов обучения на семинарском занятии по культуре речи.


Summary

In given article ways of application of active methods of training on employment on a standard ot speech are considered.



Әдебиеттер:

1. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Докт.дисс. автореф. 2007.



2. Н.Уәлиев. Сөз мәдениеті. Алматы, 1994.

3. Н.А. Ипполитова и др. Русский язык и культура речи. М., 2006.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет