ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тұрманбет Камила Қайсарқызы
Kamila_2807@mail.ru
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
қаржы мамандығының 1-курс студенті, Астана, Қазақстан
Ғылыми жетекші – А.Қ. Ауелбекова
Шағын және орта кәсіпкерліктің нарықтық экономикада алатын орны ерекше. Өйткені, орта және шағын кәсіпкерлік - экономиканың ұтқыр әрі нәтижелі секторы және экономикалық өсу факторларының бірі болып табылады. Аса өзекті экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешу барысында шағын және орта бизнестің рөлі айтарлықтай басым. Мемлекет тарапынан елеулі шығындарды талап етпестен, шағын және орта бизнес «салауатты» бәсекелі ортаның қалыптасуына, нарықтық тепе-теңдіктің орнауына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, жағдайы орташа тұрғындар тобының қалыптасуына, тұрғындардың әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыруға жағдай жасайды, ал бұл – ақыр соңында, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етеді.
Орта және шағын бизнестің даму мәселелері біздің еліміздің басшылығы үшін әрдайым басымдықты мәселе болып табылады. Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында шағын және орта бизнестің дамуын – еліміздің экономикалық саясатының басымдықты бағыттарының біріне жатқызған. Шағын және орта бизнесті дамыту – Қазақстанның ХХI ғасырдағы индустриалдық және әлеуметтік жаңаруының басты құралы болып табылады. Біздің экономикамыздағы шағын және орта бизнестің үлесі қаншалықты көп болса – Қазақстанның дамуы да соншалықты тұрақты болады [1].
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытпай, нарықтық экономиканы қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені, бұл – нарықтық қатынастарды алға жетелеуші буын. Осы орайда Елбасымыз Қазақстан халқына жолдауында: «Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90%-дан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50%-дан астамын береді. Сондықтан да біздің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түзуіміз қажет» деп айтқан болатын [2]. Ал біздің елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-ді үлесі 20,2%-ды ғана құрайды. Қазақстан үшін шағын бизнестің қалыптасуы жоғары дамыған қоғамға, жоғары дамыған экономикаға өтетін көпір болуы қажет. Сондықтан, Елбасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту Қазақстанның аса маңызды мақсаттарының бірі деп белгіледі.
ҚР Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда соңғы 9 жылда шағын және орта бизнестің тіркелген кәсіпорындарының саны екі еседен артық мөлшерге өсіп, 2013 жылдың нәтижелері бойынша 1 542 мың бірлікті құраған [3]. Осылайша, шағын және орта бизнес экономикалық тұрғыда белсенді тұрғындардың арасындағы барынша кеңінен тараған қызметтің түріне айналып отыр. Бұл – мемлекетіміздің жоспарлы саясатының дұрыс таңдалғанын, сондай-ақ еліміздегі бизнес-климаттың қолайлы екенін куәландырады.
Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингісінің нәтижелері бойынша 2014 жылы Қазақстан 2013 жылмен салыстырғанда өз позициясын 3 тармаққа жақсарта отырып, 189 елдің арасында 50 орынды иемденген [4]. Бұл зерттеу жыл сайынғы негізде 189 елде өткізіліп отырады және ол бойынша бизнес-климат қолайлылығының 10 бағыты бойынша елдердің рейтингісі анықталады.
2013 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша елде белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өсуде, олардың шығаратын өнім ауқымы да артуда. Қазақстанда қазіргі кезде 755 302 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркеліпті. Оның ішінде 61 935-і - шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары, орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары 8 308, яғни фирма-компаниялар. Олар жалпы санның небары 1,1%-ын құрайды. Ең үлкен үлес (69,1%-ы) жеке кәсіпкерлерге тиесілі, бүгінде Қазақстанда 521 914 жеке кәсіпкер бар.Ал еліміздегі шаруа қожалықтарының саны қазіргі кезде - 163 145 (бұл - ШОК нысандарының 21,6%-ы). 2012 жылы белсенді ШОК нысандары Астана қаласында күрт артқан (биылғы І жартыжылдықта бірден 32,9%-ға). Ең көп кәсіпкерлер Алматы (103 146) және Оңтүстік Қазақстан облыстарында (109 361 ) тіркелген.
Елімізде шағын және орта бизнестің қанат жаюына жағдай жасап, табысты саланың өркендеуіне айрықша көңіл бөлуде. Аталған бизнес позициясының жақсаруы негізінен компаниялардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркелу уақытының қысқаруының есебінен, сондай-ақ меншікті тіркеудің жылдамдатылған рәсімінің енгізілуінің арқасында орын алып отыр. Кешенді институционалдық шараларды өткізу – «Doing Business» рейтингісінің келесі индикаторларының жақсаруына жағдай жасады: «Құрылысқа рұқсат алу» (145 орын, 4 позицияға жақсарған), «Меншікті тіркеу» (18 орын, 9 позицияға жақсарған), «Төлеу қабілетсіздігін шешу» (54 орын, 1 позицияға жақсарған). Сонымен қатар, «Салық салу» (18 орын) және «Халықаралық сауда жүргізу» (186 орын) секілді индикаторлар өзгеріссіз қалып отыр. «Кәсіпорынды тіркеу» (30 орын, 3 позицияға нашарлаған), «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосу» (87 орын, 2 позицияға нашарлаған), «Несиелендіру» (86 орын, 4 позицияға нашарлаған), «Инвесторларды қорғау» (22 орын, 1 поицияға нашарлаған) және «Контрактілердің орындалуын қамтамасыз ету» (27 орын, 1 позицияға нашарлаған) секілді индикаторларда нашарлау дерегі орын алған.
Шағын бизнестің кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санындағы үлесі бойынша Қазақстан дамыған елдермен теңесті, алайда шағын кәсіпкерліктің тиімділік көрсеткіштері бойынша әлі де болса кем тұстары бар. Яғни шағын және орта бизнесті дамытуды бұдан да жоғары деңгейге жеткізуіміз керек, кәсіпорындарда жаңашыл заман талаптарына сай дамытушы әдіс - тәсілдерді енгізу, оның ішінде маркетингтік қызметтерді алға қарай жылжытуды көздеуіміз керек. Бұл өз кезегінде тарихи, геосаяси, макроэкономикалық сипаттағы объективті себептерге, сонымен қатар заңнама, мемлекет саясаты, құқық қолдану практикасы, жергілікті басқару факторларына да негізделген.
Қазіргі таңда шағын бизнестің одан әрі дамуы үшін көптеген іс-шаралар жүргізілуде: шағын бизнес субьектілерін тіркеудің, оларды жабудың, лицензиялау мен патенттеудің тәртібі оңайлатылды; оңайлатылған есептілік құрылымы жасалды, оның өсуін көтермелеу мақсатында қолданылмайтын мемлекеттік мүліктің бөлігі шағын бизнеске берілді, мемлекеттік қолдау, соның ішінде қаражаттық қолдау жүйесі ұйымдастырылды.
Алайда мемлекеттік қолдаудың бүгінгі күнгі жүйесіз іс-әрекеті шағын бизнес нысандарының жабылуын жылдамдатты.
Шағын кәсіпорындардың өмір сүру мерзімінің қысқа болуына әсер етуші факторлар:
- қаржының жетіспеушілігі;
- ресурс қорының әлсіздігі;
- салық қысымдары;
- қылмыстық құрылымдардың қысымы;
- әкімшілік кедергілердің көптігі;
- заң құжаттарының жетілдірілмеуі, тұрақсыздығы және әрекет етпеуі;
- тауар өткізу нарығының таралуы;
- монополияның қысымы.
Шағын фирмалардың деңгейінің қаржылық нашарлауына халықтың басым көпшілігінің кедейшілік жағдайға жетіп, төлем қабілетінің құлдырауы тікелей әсер етуде. Осы орайда мемлекеттік қолдаудың бағыттары бойынша бірнеше нақты шараларды іске асыру қажет.
Бірінші шара – шағын кәсіпкерліктің мүдделерін қорғайтын салық реформасын жасау керек, атап айтқанда, біріншіден, экономиканың бұл секторына мемлекет тарапынан таза фискалдық көзқарасты өзгерту; екіншіден, тиімді инвестициялар тарту үшін салық жеңілдіктерін енгізу. Кәсіпкерлерді мемлекет қылмыстық құрылымдардан қорғауы тиіс. Сонымен қатар, кәсіпкерлер өздерінің қоғамдық ұйымдарын мемлекеттік, аймақтық, жергілікті деңгейлерде құрып, өз-өздерін кәсіби жүйе арқылы қорғай алатындай жағдай жасау керек. Мемлекет мұқтаж өнімдерді шығаруға шағын кәсіпкерлік нысандары үшін міндетті түрдегі кіші квота енгізу – тауар өткізу нарығындағы шағын кәсіпорындардың тұрақтылығын нығайта түседі. Сондай-ақ, импортқа квота енгізу де шағын фирмалардың «тынысын кеңейте түспек». Екінші шара – шағын кәсіпкерлікке қаржылық жәрдем беретін арнайы қаржылық қорларды құру. Бұл қорлардың шағын кәсіпорындардың қаржылық жағдайы мен «ірге тасына» қарай, тіпті, несие алуға кепілдік бере алатындығы анық. Үшінші шара – монополияға қарсы күрес, әділетті бәсекелестік орнату, тұтынушылар құқығын қорғау, осыларды іс-жүзінде жетілдіру үшін республика бойынша шағын кәсіпкерлікті қолдаудың жүйесін жасау.
Шағын кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау мен дамыту – Қазақстанның экономикалық саясатының стратегиялық міндеттерінің қатарынан саналады. Соңғы жылдардағы кәсіпкерлікті қолдау жөнінде қабылданған заңдар мен бағдарламалардың шоғыры орталық басқару органдарының бұл салаға шынайы назар аударғанын айғақтайды. Мемлекет басшысының «Қазақстан-2030» стратегиялық еңбегінде әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттары ретінде кәсіпкерлікті дамытуды қолдауды атап өткендігі жайдан-жай емес. Кәсіпкерлік пен бизнесті тиімді қолдау мен жеделдете дамыту міндетін орындау жекелеген тұлғаның, кәсіпорынның ғана емес, тұтас мемлекеттің экономикалық болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
-
Мейірбеков Б.К. Шағын кәсіпкерлік пен қолдау жолдары мен дамыту әдістері. – Алматы, 2004. –Б.24
-
Аязбеков Д. Президент шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайды //Ақиқат, №2, 1999, -Б.15-20
-
Хамитов А.Ш «Кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру», www.group-global.org сайты
-
Райхан Н. ҚР өңірлік даму министрлігінің 2013-2017 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы //Ақиқат, №2, 1999, - Б.15-19
Достарыңызбен бөлісу: |