Шарықтап шыңға ұмтылған Қазақстан
М.Жұмабаев атындағы №39 гимназиясының
9 «Б» сынып оқушысы Аскерхан Нұрғұлан
Жиырма жыл!.. Байқап отырсаң, жиырма жыл деп айтуға оңай болғанмен, оның астарында қаншама ой жатыр?! «Егеменді ел болғанымызға жиырма жыл», «Ұлы көштің басталғанына жиырма жыл», «Егемендігімізбен төл ұрпақ жиырмаға толды», «Гүлденген Қазақстанға жиырма жыл», «Жасампаздық пен ерлікке толы жиырма жыл», « Бейбітшілік пен келісімнің жиырма жылы» т.б. Бұл жиырма жылдың бәрі де тек еліміздің тәуелсіздігінен кейін тарих бетіне түскен тың парақтың бір бөлігі.
Кеудені кере дем алып, еңсені көтере жүретін, төл тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды бойға сіңіретін жасампаз ұрпақтың бірі мен де тәуелсіздіктің жиырма жылының он жылын осы ұланғайыр атамекенде, ата бабамның кіндік қаны тамған, елі үшін күрескен өлкеде өткізудемін.
Сонау 1991 жылы еліміз Егемендігін алғаш дүниежүзіне жариялап, содан соң іле-шала Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев төрткүл дүниедегі қазақтардың басын қосуға шақырған кезде мен әлі дүние есігін де ашпаған екенмін. Ал 2001 жылы ата-анаммен бірге Қазақстан деген ұлы елдің топырағын алғаш басқанда, төрт жаста ғана едім.
Өткен он жылда мен де өсіп, ержеттім, елім де шарықтап шыңға ұмтылды. Байтақ ел – Қазақстан мен менің тағдырым бір-бірімен жіпсіз байланған, көрінбейтін күрмеумен күрмелген. Менің әр сәтті күнім, әр жақсы ісім Елімнің еңселі ел болып қалыптасуына қосқан үлесім деп ойлаймын. Біздің жасаған іс-әрекетіміз елдің қарыштап дамуына, өзгелермен терезесі тең болуына жағдай туғызады, сондықтан жақсы оқу, үлгілі тәртіп, саналы ой басты нысанымыз болуы тиіс.
Елімізде жастар, бізге барлық жағдайлар жасалған. Оқып білім алу, еңбегіңмен өзіңді көрсете білу, ғылым мен техника саласында түрлі жаңалықтар ашып, оны қолданысқа енгізу, басқалармен тең құқықта өмір сүру, басқа этнос өкілдеріне жағдай жасау – барлығы да Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында жүзеге асырылып жатқан игілікті істер.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар, қалан.
Абай атамыз қалай дәл тауып айтқан десеңші! Еліміздің экономикалық, әлеуметтік дамуы үшін аз да болса көмек болып, елдің «бір кірпіші болып қалану» әркімге де бақыт әкелері сөзсіз.
М.Жұмабаев атындағы №39 гимназиясының
9 «Б» сынып оқушысы Аскерхан Нұрғұлан туралы
ақпарат
Аскерхан Нұрғұлан 1997 жылы 14 ақпанда Монғолия, Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 2003 жылдан бері М.Жұмабаев атындағы №39 гимназиясында білім алады. Қазір 9-сыныпта оқиды.
Оқу екпіндісі, мәнерлеп оқу шебері, шешен сөйлеуді жақсы көреді. Математика, информатика, әдебиет, биология пәндерін сүйіп оқиды.
Мәнерлеп оқудан мектепішілік жүлдегер, қалалық «Абай оқуына», «Махамбет оқуына» қатысқан. Тәуелсіздіктің 19 жылдығына арналған «Мен Қазақпын!» атты жалпыоблыстық жастар байқауында «Ең үздік фотоколлаж» номинациясы» бойынша ІІІ орын иеленіп, дипломмен, бағалы сыйлықпен марапатталған. Қалалық «Мағжан оқуы» сайысы үшін алғыс хат, грамота, диплом, шақыруды өте сапалы жасап шығарды.
Үлкенді сыйлайды, достарының арасында беделді, кішілерге қамқорлық көрсете біледі.
Сүйікті ісі – кітап оқу, компьютерде жұмыс жасау.
Достарыңызбен бөлісу: |