Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы



Дата09.06.2016
өлшемі79.04 Kb.
#126134
Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық
Нұрланова Әсем Нұрланқызы
Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық мәселесінің басында екі алып та қалам тербеген «Еңлік-Кебек» сюжеті тұр.

Еңлік пен Кебек оқиғасы ұрпақтар жүрегінде аңыз болып сақталып қана қойған жоқ, екі ғасыр бойы қазақ әдебиетінің қарымды қайраткерлері қалам тартқан шығармалар легін тудырды. Әдебиетімізде Қозы мен Баян, Жібек пен Төлегендей мәңгілік махаббаттың нышаны болған Еңлік пен Кебектің сүйіспеншілігі туралы әр түрлі жанрдағы бес бірдей туынды бар екенін жоғарыда айттық. Мұның өзі оқиғаның ел арасына кең тарап, тарихтан салмақты орын алғанын байқатады.

Олардың екеуі прозалық үлгіде жазылған. Олардың екеуі прозалық үлгіде жазылған. Қанды оқиға өткен соң бір ғасырдан кейін, яғни 1892 жылы «Дала уалаяты газетінің» 29, 31, 32, 34 – 40 –сандарында екі тілде – «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» және «Незабытое прошлое и настоящее киргизов» деген атпен шықты. Соңынан «Ұмытылған» деп қол қойылыпты. Орыс тіліндегі нұсқаның тақырып соңында «Сибирский вестник» газетінің 60-санынан алынып басылғаны туралы мәлімет берілген. «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» – Еңлік пен Кебек жайлы ел аузында жүрген аңыздардың хатқа түскен тұңғыш нұсқасы. Оны ғалым Р. Нұрғали Еңлік пен Кебек жайлы шығармалардың бір нұсқасы ретінде талдап, әңгіме деп атайды. Ғалым Ү. Субханбердина газеттік нұсқаларды қазақтың тарихы мен этнографиясы, географиясы мен экономикасы, философиясы мен заңына қатысты мәліметтер беретін аңыз әңгімелер қатарына жатқызды.

«Еңлік-Кебектің» келесі нұсқалары қазақ әдебиетінде енді қанат қағып келе жатқан поэма жанрының шеңберінде көрінді. Еңлік пен Кебек турасындағы баян Мағауия мен Шәкәрімнің қаламына қатар қонғанмен, екі ақын екі бөлек нысананы көздеген, әрқайсысының өз ұстанымы, хикаяны баяндаудағы өзіндік мақсаты бар екі бөлек поэма жазып шықты.

Туған топырағының, Абай өскен ортаның тұнық тұмасын еміп өткен М.Әуезовтің «Еңлік – Кебегі» - шығармашылығының қайнар бастауында тұрған туындылардың бірі.

«...Суреткердің өмір жолын оның өз өмір тарихымен тығыз байланысты екенін ескерсек, Әуезовтің жарық дүниеге көзін ашқалы көргені, сезгені, білгені, түйгені революцияға дейінгі көне ауылдың көне тіршілігі, тағдыры, ақиқаты болса, мұның өзі жазушы творчествосындағы өзекті тақырып боп, 1917 жылы басталған «Еңлік – Кебек» трагедиясынан 1957 жылы аяқталған «Абай жолы» эпопеясына дейін қырық жыл бойы желісін үзбей созылып келуі - Әуезовтің әсемдік әлеміндегі заңдылық, творчестволық тұлғасындағы тұтастық»[1,9], - деп ғалым З. Қабдолов осынау тұтастық болмаса, Әуезовтің өнері туған топырағына терең тамыр тарта алмайтындығын тілге тиек етеді. Ендеше, Әуезовтің шығармашылық ғұмырына желі болып тартылған әсемдік әлемінің қайнар көзінде, бастау бұлағында тұрған «Еңлік – Кебектің» жазылуына кімдер себепкер, не түрткі болды деген ойлардың түбіне бойлауға тырысайық.

«Жазушы өз шығармасына арқау еткен өмір құбылыстарының тобын қайдан алды, қалай тапты, оларды қалай сұрыптады, олардың шығарма құрылымындағы қызметі не... – бұл мәселелерді анықтау қаламгердің творчестволық жұмысының ерекшеліктерін, лабораториясының қат – қабат қиын әрі қызық сырларын тануға жол ашады» [2,7].

Жалпы, жазушының санасында сараланған қай туындыны алсақ та, тамыры тарихи негізден тарау алған өмірлік ақиқатпен тұтастықта көмкерілгенін ұтқыр көркемдікті байқаймыз. Зерттеуші Ж. Дәдебаев М.Әуезов шығармаларының өмірлік негізін құрайтын материалдардың сипатын былай деп жүйелейді: тарихи материалдар, этнографиялық материалдар, халық ауыз әдебиетінің материалдары және әдеби материалдар[2,7].

«Еңлік – Кебек» пьесасын жазу барысында қаламгер осы қайнар көздердің барлығын кеңінен көсіліп қолдана алды десек, артық айтқандық болмас. Көз көрген көне көкіректерден оқиғаның мән – жайын бажайлай алса, тіпті жетпеген сағаларды «ел айтатын, жел айтатын, көл жеткізетін» аңыздан тапты. Ал әдеби материал болып туындыгердің алдында Мағауия мен Шәкәрімнің дастандары сайрап жатты. Осы жиған – тергенді өзі ортасында жүріп, бала кезінен белуардан кешкен ел мен жердің салт – сана, жөн – жоралғысымен байланыстыра алды, ыждағаттылықпен көрген-білген, естіген-түйгенімен бекітті. Мұны замандастарының естеліктері де дәлелдейді. «Еңлік – Кебектің» алғашқы қойылымы туралы айта келіп Ғ.Сармұрзин былай дейді: «Бір мезетте «билер» дауласып кетті. Сонда отырған бір бидің: «Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билік айтпаймын!» - деген ажарлы даусы саңқ ете қалғаны. Дәл осы сәтте бұдан бір жыл бұрын Баймырза мен Әуез ақсақал әңгімелесіп отырғанда Мұхаңның блокнотына жазып алған осы сөзі есіме түсе кетті. Сөйтсем, кейін аңғардым, Мұхаң сол кездің өзінде – ақ әңгіме тыңдағанда өзіне керектісін жазып ала отырады екен»[ 3,363-364].

Ол аз десеңіз, жазушы «Абайдың ең сүйікті баласының бірі және ұлы ұстаз ақынның әдебиеттегі дәстүрін берік ұстаған саналы, мәдениетті шәкірт», «ең соңғы мұрагері» [4,5] Тұрағұлмен аралас – құралас болған. Осы ойымызды мұхтартанушы ғалым Т. Жұртбайдың мына сөздері айғақтай түседі: «Мұхтардың шығармашылық қайнар көзінің бастауында Тұрағұл Абайұлы тұрды. Бұл адамның ақыл – кеңесі, рухани қолдауы және ел арасындағы беделі жас жігітке шешуші ықпал жасады. Жаңа жол тапты. Абай ауылының қолдауынсыз өнер сайысына, оның ішінде қала зиялыларының қатарына қосылу – қиын еді. Мұхтардың әр қадамын қатты қадағалап, қамқорлық көрсетті. «Еңлік – Кебек» пьесасы Тұрағұл болмаса жазылмас та, сахнаға қойылмас та еді. Билердің айтысын, әр кейіпкердің мінезі мен өмірін Мұхтарға өз үйінде отырып қағазға түсірткен де Тұрағұл» [5,81].

Жас Әуезов «Еңлік – Кебекті» жазарда Шәкәрім поэмасына, оның да ақыл – кеңестеріне да арқа сүйегені анық. Екі алыптың арасындағы шығармашылық тұтастықты Ахат Шәкәрімұлының мына естелігінен де көреміз: «Әкей жалпы жастарды, оның ішінде оқыған жастарды, жақсы көретін. Семинарияда оқыған – Білал Құнанбаев, Нұғыман Құнанбаев, Құтайба Ибрагимов сияқты жастар келгенде, бөлек отырғызып, олармен әңгімелесіп, олар үйде екі – үш күндеп жататын. Ол кезде мен жас болатынмын. Не жайында әңгімелесетінін аңғара қоятын кезім емес. Ал, өзім толық білетін кезде Мұхтар Әуезов, Даниял Ысқақов сияқты оқыған жастар келіп, бірнеше күн жатып, әкеймен әңгімелесетін... Мұхтар әкеймен жиі келіп әңгімелесетін. Қыста да Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жауап алып отыратын» [6,177-178]. Еңлік пен Кебек өмір сүрген заманның тарихи шежіресін жасап, олар туралы көркем шығарма жазған Шәкәрім ақынның М. Әуезовпен көп кеңестерінің бірі Еңлік – Кебек жайында да болар.

«Табиғи таланттар қашанда бірі біріне оң ықпал жасап, шығармашылық септігін тигізеді, - дейді зерттеуші А. Омаров. - Сондықтан алғашқы әңгімелерінің өзімен – ақ қазақ прозасын европалық деңгейге көтерген Мұхаңның көненің көзі әрі Құнанбай ұрпағы Шәкәрімнен көп нәрсеге қаныққаны талассыз, әсіресе, шығармашылық басты бағытын табуына ерекше септігі тиді» [7,559]. Жазушының шығармашылық лабораториясының білгірі Т. Жұртбай пьесаның жазылу тарихы туралы: «Каникулда жүргенде, Тұрағұлдың көмегімен Шәкәрімнің дастаны бойынша сахналанған» [5,81], - дейді. Ғалым Ш. Елеукеновтің мына пікірі де осы арнаға саяды: «Мұхтар Әуезов драма бұлағының көзін ашқанда Шәкәрім шығармасындағы трагедиялық коллизияны алғаны сөзсіз» [8,84].

Әдебиетші ғалым А. Еспенбетовтің пікірінше, Шәкәрім мен М. Әуезов рухани жағынан аға-іні болып қана қоймай, бір «Еңлік-Кебек» оқиғасының желісімен шығарма жазу арқылы творчестволық сайысқа түсіп, ой жарыстырған.

Еңлік – Кебек сюжеті ұлттық әдебиетіміздің есігін қаққан жаңа жанрлардың шымылдығын ашуы – дәстүрге айналғандай. М. Әуезов те қазақ топырағындағы дәстүрлі түрлердің бәрінен үзілді – кесілді бас тарып, өмір шындығын өнер шындығына соны пішінде көшірді. Жай «көшіріп» шыққан жоқ, өзіндік идея, тың табыс, жаңа соқпақпен келді. Академик ғалым Р. Нұрғалиевтің «Тобықты мен Найман арасында нақты болған оқиғаның драма материалы екенін ұғыну – жас қаламгердің жазушылық көрегендігін аңғартады» деуі тегін емес – ті[9, 29].

Жазушының тұсауы Абайдың қара шаңығарында осы пьесамен кесілді. Жиырма жасар хас дарын Мұхтар «Еңлік – Кебек» арқылы әдебиет тарихына енді. «Еңлік – Кебек» пьесасы – қазақ драматургиясының тұңғыш қарлығашы, классикалық шығармасы болса, сол сияқты М. Әуезов творчествосының да прологы.

Пьеса алғаш рет Абайдың немересі Ақылияның ұзатылу рәсімінде қойылады. Бұл туралы Т. Жұртбай мәліметтері былай дейді: «Ақын өмірден көшкен соң оның сөзін ұстап қалған Тұрағұл да ел таныған шешен бидің бірі болатын. Дәстүрлі, халық тарихын жақсы білетін. Сол кісінің әңгімесінен ұшқын алды ма, жоқ Мағауияның «Еңлік – Кебек» не Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» дастанын скрипкаға қосылып орындау туралы ұсынысынан әсерленді ме, белгісіз, әйтеуір жиырма жасар Мұхтар: «Осы айтқан мандолин, скрипка, сырнайларының барлығы қазір қыр қазағына, оның ішінде Абай ауылына таңсық емес. Одан өзгеше, бұрын сақрада болмаған, әкеміздің өзі (Абайды ауыл адамдарының бәрі солай атайтын – Т.Ж.) де армандап кеткен тосын сый жасайық. Оқиғалы ойын қояйық» - деп ұсыныс айтады» [5,80]. Сол отырыста М.Әуезов «Еңлік – Кебек» туралы пьеса жазуға уәде етеді.

Өз кезінде, шындықтың пердесін ашып берген Мағауия мен Шәкәрім дастандары жарыққа шыққанда оларға өкпе артып, өштескен адамдар болған. Бірақ олардың бетін Абайдың өзі қайтарып отырған. Пьеса кейіпкерлерінің көзі тірі ұрпақтары тұрғанда, әлі де болса мұндағы қанды шешімге біржақты пікір айтылмаған шақта әлі әдебиет сахнасына төрлете қоймаған, әрі ел арасындағы бет – беделі қалыптасып болмаған жас Мұхтарға мұндай шығарма жазу ауыр болғаны хақ. Қаламы қата қоймаған жазушы «..батылдана түсу үшін, шындықтан ауытқымауға тырысу үшін «Еңлік – Кебектің» қабірінің басына барып, іштей өзін - өзі қайраған» [5,81] да.

Алғашқы варианты 1917 жылы қағаз бетіне түсіп, сол жылы Ералы жазығындағы Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің отауында қойылды. «Біздің ауыл да Абай ауылдарына қанаттасып, «Ойқұдық» дейтін жазғы жайлауда отырған – ды. Әйгерімнің ауылында той боп жатқан, - деп жазады Ғ. Сармұрзин өз естелігінде. – Бұл Оразбайдың Медеуінің баласы Саниязға Тұраштың Ақыш деген қызын (қазір ол Алматыда тұрады – С.Ғ.) ұзатқалы жатқан тойы еді. Сол той үстінде: «Еңлік пен Кебек жайында Мұхтар жазған пьеса деген бір жаңа ойын ойналады екен» деген хабарды бір күн бұрын естігенбіз... Сөйтсек, ойынның көкесі «пьеса» екен. Екі киіз үйді тіркестіре тігіпті. ...Ойынға көп жұрт жиналыпты. Төр алдына жүк – жасау жиылған. Ойнаушылар бөтен киімдер киіп, өңдерін өзгертіп, бірнешеуі сақал – мұрт жасап, Жапал деген қойшысы (Тұрағұлдың Жебеші – С.Ғ.) бетін күйелеп те алыпты. Олардың кім екенін дауыстарынан ғана айырасың. Ұзын шаш тағынып, үстіне шағи көйлек, дүрия шапан, басына кәмшат бөрік киген Еңлігі - Әуездің Ахметі, Кебек боп ойнаған – Ақкенже, Матай шалы – Бәстәми, оның кемпірі – Жағыпар, Абызы – Ізкайіл, Көбейі – Құтайба, ал шымылдықты ашып – жауып тұрғаны – Сәлімғазы екен» [10,363].Сөйтіп, Еңлік – Кебектің жаңа нұсқасы тағы да Абай ауылында, Абай елінің сахналауымен дүниеге келді.

Сөйтіп, «Дала уалаятының газетінде» «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» және «Қазақ турасынан хикая» деген атпен жарияланған прозалық нұсқа, Мағауия мен Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмалары және М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы туған әдебиетіміздегі дәстүр мен жаңашылдық, тарихи шындық және көркемдік шешім, әдебиет пен дәуір тынысының бауырластығы сияқты мәселелердің мәнін ашуға септігін тигізеді.

Еңлік пен Кебектің жарқ етіп өткен өмірі мен өлімі жайлы шығармалар - халқымыздың өткен ғасырлардағы өмір сүру салтына, қаһарлы билері мен қайратты батырларына, сол батырларды қалтқысыз сүйе білген ару қыздарына соғылған мәңгілік ескерткіш.


Әдебиеттер:


  1. Қабдолов З. М. Әуезов және оның әсемдік әлемі. – Алматы: Білім, 1986. – 56 бет

  2. Дәдебаев Ж. Мұхтар Әуезов (Сенің сүйікті жазушың). – Алматы: Раритет, 1991. – 88 бет

  3. Сармұрзин Ғ. Ардагер аға // Біздің Мұхтар (М.О. Әуезов туралы естеліктер). – Алматы: Жазушы, 1976. – 432 бет

  4. Абайдың ақын шәкірттері. Бірінші кітап. Дайындаған. Қ.Мұхамедханұлы. – Алматы: РГЖИ Дәуір, 1993. – 224 бет

  5. Жұртбай Т. Бесігіңді түзе: Роман – эссе. – Алматы: Жазушы, 1997. – 560 бет

  6. Шәкәрімұлы А. Менің әкем, халық ұлы – Шәкерім // // Шәкәрімтану мәселелері: сериялық ғылыми жинақ. 1-т. – Алматы: Раритер, 2007. – 448 бет.- «Атамекен» сериясы

  7. Омаров А. Шәкәрім өмірбаяны // Шаһкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының үш томдық жинағы. – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008. – Т.3 Мақалалар, естеліктер, зерттеулер. – 664 бет

  8. Елеукенов Ш., Армысыз, ақын аға! //Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ.Т.2. – Алматы: Раритет, 2007. – 376 бет. –«Атамекен» сериясы

  9. Нұрғалиев Р. Трагедия табиғаты: Монография. – Алматы: Жазушы, 1968. –176 бет

  10. Сармұрзин Ғ. Ардагер аға // Біздің Мұхтар (М.О. Әуезов туралы естеліктер). – Алматы: Жазушы, 1976. – 432 бет


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет