Ұшы-қиырсыз Жібек жолының бойымен лықылдай соққан сары жел бір мезет демін ішіне тартқан. Күн арқан бойы көтеріліп, демде қызған көсеуге ұқсап жер құйқасын көңірсіте тусті. Күйген иіс көтерілді
Ұшы-қиырсыз Жібек жолының бойымен лықылдай соққан сары жел бір мезет демін ішіне тартқан. Күн арқан бойы көтеріліп, демде қызған көсеуге ұқсап жер құйқасын көңірсіте тусті. Күйген иіс көтерілді. Әлгінде көз ұшында бөксесі ағараңдап домалаған қаңбақтар дамыл алған. Өңірдің жусан түстес торғайы да, бұлдырап ұшып жоғалар бұлдырығы да ғайып болған. Кепкен тулақтай жабайы кеңісті тіршілік атаулы әлдеқашан талақ еткендей. Меңіреуді аса бір жат тыныштық баурады. Кенет қиырдан ақ бас жыландай ширатылып көтерілген құйын көрінді, үлкейе келе өзгерді, тірі нәрсеге ұқсады. Бара-бара соңына сұйық шуда шаң тастап шапқылаған аттылы айқындалды. Аттылы да болмай шықты.
Иесіз aт қана.
Сауыры мен алқымы боз қырау тузға бөккен ерттеулі шикіл сары сәйгүлік еді. Ерінің басына қоржын тәрізді етіп қос дабыл ілген. Атырабат даласында дабылды am бұрын-соңды ұшыраспайтын. Қазақ дабылды жаман жылдарда ғана ер басына ілетін.
Шикіл сары сәйгүлік оқыстан кідіріп қалды. Жанарын тер тұтты ма, я болмаса сүйегі қайда қалғаны беймәлім иесін жоқтады ма, әлде сирағы сырқырап талды ма, қаздиып турды да қатты оқыранды. Ішін тартып ышқына кісінеді. Жас толы жанарына мамырлы көл, сұңқылдай ұшқан қу, жағасында жайбарақат үйездеген үйірі елестеді білем, төбе құйқаны шымырлата шұрқырады. Үні қаңсыған кернейден өткен желдей үрейлі шықты, шаңытқан әуеге шың-шың сіңіп жоғалды. Бозбұйра дала дыбыс берер барша тіршіліктен мақрұм қалып, марғау жата берді. Сәйгүліктің келесі мәрте кісінеуге қалпы келмеді, бүйірін - соғып, мойның ұмсынып ауыздығын қаршылдата шайнады. Басын төмен сала алмады.
Тізгіні қаңтарулы күйде қалыпты.
Езуін тұтқан сарғыш көбік арасынан әредік күміс ауыздық жылт етіп күнге шағылысады. Қайыс өмілдірік, қас қағар, кекіл басар, сағалық, сосынғы тізгін бойы түгелімен қой құмалағындай жақұт тасымен көмкерілген. Ері үйрек бас — қыпшақтікі. Ер басындағы қос дабыл бүлінбеген, бетін көрген шикі сақтиян күнге қаңсып торлап кетіпті. Дабылдың үстіңгі дөңгелек кенересін күміспен күптеген. Ілгек бауын жібек жіптен өріпті, шашағы шашырап aт қолтығын қағады. Дабыл қаққыш таяқшалар салатын қорамсақ жібектен тоқылған, шағын бітеу қап көрінді. Бөктергіде салақтап бос жатыр. Таяқшалар түcin қалғанға ұқсайды. Құйысқаны қоңыр қайыс екен, аттың жаңбырлығына сіңіп, құйымшақты бүйректей бұлтитып жіберіпті. Арқасынан ер түспегелі біраз күн болған-ау, жал-құйрығы төгілген алпауыт әсем жылқы еді бұл.
Қапталына қан жұққан...
Селеу басы селбеледі, ыстық керімсал тағы ырқылдай соқты. Алпауыт жылқы еңсесін жинап алды, алдыңғы оң тұяғымен жер тарпыды. Атырабат дүзінің дәп осы мезеті көне Інжу үгіз өзенінің үйіріліп ағар мінезіне ұқсаған. Інжу үгіз де кейде ішін тартып тұнықтанып, кейде ақ саны жалтыраған жеңге толқының алдыңа салып айдап ағатын. Сайқал күлкінің соңынан сүмектей бүлкілдейтін. Ал құшағы кең жазылған жайпуат тұста, құданың құдіреті, судың жылжуы мүлде сезілмеуші еді. Бұл түс тұңғиық терең иірім болғаны. Иірім дәл үстінен түскенше байқалмай қазаншұқырлана қайнап, ортасы шүңейттеніп жатады. Үйірсек иірімге іліккен жаңқауық екені жаңқауық та шым батып жоғалады.
Дүрия даланың қазіргі қалпы Інжу үгіздің сол иіріміне ұқсады. Бетімен дүркіреген ыстық құшақ құйындар, ақ тақым ебелек, бұғағы бүлкілдеп қалқи жүзген сылаң сағым қосыла үйірілді. Әлсін-әлі дүрк көтеріліп шаужайына жармасқан шөп-шаламды жалмап жұтып, тереңге тартып әкете берді. Күннің сары ноқат сәулесіндей болып жерде сүлеленген әлгі алпауыт жылқыны да сөйтті. Иірімге ілестіріп әкетті.
Әп-сәтте ерінің басына дабыл ілген иесіз тұлпар, оның жан шошытар кескін-кейпі дүрілдеп жөңкілген ақшыл құйындар арасында көзден ғайып болды. Дешті-Қыпшақтың бетінде мезгіл ұйыған ұлан-ғайыр даласына қыбыр әкелген не? Сауырына қан жұққан тұлпардың иесі кім? Сұңқыл дауысты жаманшылық жаршысы қос дабыл ұрар күндер туып па еді?