Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Асусай орта мектебінің математика пәні мұғалімі Сулейменова Макен Қанағатқызы



Дата30.06.2016
өлшемі34.72 Kb.
#167778

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Асусай орта мектебінің математика пәні мұғалімі

Сулейменова Макен Қанағатқызы
Оқытуда жаңа технологияны қолдану

Елбасының жеке тұлғаны қалыптастыруда білім мен тәрбиенің қайнар бұлағы мектепке зор сенім артуы ұстаз қауымына үлкен міндеттер жүктейді. Бұл істе ұстаздардың білімі мен біліктілігі ерекше орын алатыны айқын. Жаңаша ойлау мен жаңаша қоғамға лайық білім саласына дазаман талабына сай жаңа стандартпен жұмыс жүргізуді талап етеді. Бұл үшін білім беру жүйесінде оқыту мазмұнын жаңарту оқушының жан-жақты жетілуіне ықпал етеді. Педагогикалық технологияны тиімді пайдалану келешек ұрпақтың білім деңгейін ғана көтеріп қоймай ізденіс, көзқарасын, шығармашылық қабілетін,логикалық дәрежесін дамытады. Жаңа технологияның тиімділігі деңгейлеп оқытуда айқын көрінеді. Оқушы жеңілден қиынға, қарапайымнан күрделіге ауыса отырып, білім деңгейін көтереді. Өйткені сынып оқушыларының барлығы бір деңгейде болуы мүмкін емес. Сынып оқушыларының төмен, орташа, жоғары қабілетте болуы айқын үрдіс. Ендеше баланың іздену, шығармашылық қабілетін дамытуда деңгейлік тапсырмалар өте қажет. Тақырыпты жеке түсініп, терең меңгеру үшін әр деңгейдің тапсырмасы бір-біріне ұқсамауы пән мұғалімінің білімін ғана емес ізденгіштігін, шеберлігін, біліктілігін танытады.

Деңгейлеп оқыту әр оқушыға өз мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып білім алуға жағдай жасайды,әр түрлі деңгейдегі балаларға бірдей зейін аударып,олармен саралай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы дегеніміз оқушының туа біткен ақыл-ой қабілетінің жеке даму жан-жақтылығына негізделген білім беру жүйесі. Деңгейлеп оқыту технологиясына тапсырмаларды орындау, соған сәйкес оқушы білімін бағалау 4 деңгейге бөлінеді.

І деңгей –Міндетті деңгей. Бұл деңгейде оқушы мемлекеттік стандарттың минимум талаптарын орындайды.Бұл деңгейдегі тасырмаларды орындаған оқушылар 5 ұпай алып, дәстүрлі 5 балдық бағалау жүйесінің «қанағаттанарлық» деген бағасына сәйкес бағаланады.

ІІ деңгей. -Алгоритмдік деңгей. Бұл деңгейдің тапсырмасы міндетті деңгейдің тапсырмаларына қарағанда қиындап, тапсырманың мазмұны да, оның орындалу жолдары да күрделене түседі. Алгоритмдік деңгейдегі тапсырмалар оқушының ойлау қабілетін жетілдіру мақсатында беріледі.Бұл деңгейдің тапсырмаларын орындаған оқушы10 ұпай алып,дәстүрлі бес балдық бағалау жүйесінің «жақсы» деген бағасына сәйкес бағаланады.

ІІІ деңгей. -Эвристикалық деңгей. Бұл деңгейде оқушыға танымдық іздену түріндегі тапсырмалар беріледі. Эвристикалық деңгейдегі тапсырмаларды орындау барысында оқушы жаңа тақырып бойынша меңгерген білімдерін жетілдіріп, тереңдетіп, тағы да жаңа білімді меңгеруі тиіс. Бұл деңгейдегі оқушының білімі 15 ұпаймен есептеліп, 5 балдық жүйенің «өте жақсы» деген бағасына сәйкес бағаланады.

IV деңгей. Шығармашылық деңгей. Бұл деңгейде тапсырманың мақсаты тереңдетіліп,алған білімінің негізінде оқушының өзіндік ізденісіне жол ашылып, қиялы мен белсенді ой еңбегі жүзеге асырылады.Оқушының білімі балдық жүйеде емес, оқушының жеке ізденісі болғандықтан мақтау қағазымен марапатталады. Деңгейлік тапсырмаларды орындату арқылы оқушы білімін әділ әрі дұрыс бағалауға, оқушылардың оқу белсенділігі, білім алуға дегенынтасы, ойлау қабілеті арттырылады.

Мұғалім мектептегі басты тұлға, жас ұрпақтың тәрбиешісі. 30 жылдан бері математика пәнінен ұстаз болып қызмет атқарып келемін. Осы жылдар ішінде өз тәжрибемнен түйгенім көп. Жас ұрпаққа жүйелі, сапалы математикалық білім беру мұғалімнен көп ізденуді қажет етеді. Мен математика пәнін оқытуда оқушылардың қызығушылықтарын арттырып, білім сапсын жақсарту,өздігінен ойлай білуге дағдыландыру мақсатында профессор Ж.А.Қараевтың «Деңгейлеп –саралап оқыту технологиясын» жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде өз тәжрибемде үнемі пайдаланып келемін.Оқушылардың өз білімінің деңгейлеріне қарай деңгейлік тапсырмалар орындап,түрлі есептер шығарып,сұрақтарға жауап беру арқылы өз-өзіне деген сенімі артып,жауапкершілікті сезінетіндігіне көзіміз жетіп отыр. Бұл технологияның маңызы сол,ол оқушыны күштеп оқытпайды, әрбір бала өз қабілетіне қарай деңгейлік тапсырманы өз бетімен орындай алатындығында. Деңгейлеп оқытудың ерекшелігі-оқушылардың сабақ барысында бірнеше деңгейде жұмыс жасау кезінде бәсекелестік туып,жаппай бағаланатындығы.

Тиімді де орынды пайдаланған оқыту технологиясының бірі деңгейлеп-саралап оқыту сапалық білім негізі бола алады.

Бүгінгі мақсат - әрбір оқушыларға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау. Деңгейлік оқыту технологиясын тиімді қолдану оқушылардың математикалық білім негіздерін қалыптастырады.


Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Ж.А.Қараев. Білім беру процесіндегі танымдық әрекеттің белсенділігі.

  2. «Қазақстан мектебі»журналы №2, 2011 ж

  3. М.Валиева .Білім беру технологиялары және оларды оқу –тәрбие үрдісіне енгізу жолдары.

  4. «Математика және Физика » журналы №5, 2012 ж

  5. Ж..Е. Сманқұлова. Сабақ- шығармашылық үрдіс (әдістемелік құрал)


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет