Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2008 жылдың 2-ші тоқсанындағы атқарған жұмыстарының есебі
Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2007-2008 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарына сәйкес 2- тоқсан кезеңінде біршама жоспарлы және мақсатты жұмыстар атқарды.
Сәуір айында «Тілі бірдің тілегі бір» айдарымен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қ. Бітібаева шығармашылығының 40 жылдығына арналып, «Ұстаздың сөзі-ана тілдің көзі» тақырыбымен 9-11 сынып оқушыларының арасында шығарма конкурсы өткізілді. Конкурсқа облыс мектептерінен 70-тен үміткерлер қатысты.
Сәуір айында жоғары оқу орындары студенттерінің арасында мемлекеттік тілді білуден облыс әкімінің жүлдесі үшін дәстүрлі облыстық конкурс өткізілді, оған Семей және Өскемен қалаларында іріктеу сайысынан өткен 5 команда қатысты. Бірінші орынды Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің «Жігіттер» командасы, екінші орынды С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Ақ тамақ қарлығыштар», үшінші орынды Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Жігер» командасы иеленді.
Сәуір айының 22-де студенттер мен жастардың арасында «Мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігі» тақырыбымен телепікір сайыс өткізілді. Оған Семей және Өскемен қалаларының пікірсайыс клубтары қатысты. Пікірсайысқа қатысушылар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, мәртебесін көтеру жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.
Сәуір айының 15-де «Жексенбілік мектеп тыңдаушыларының мемлекеттік тілді меңгеруі: концептуалды жолдар және дидактикалық мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Отырыс барысында облыстағы жексенбілік мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу жайы талданып, жақсарту жолдары белгіленді.
Наурыз айының 22-нен сәуір айының 22-не дейін елді мекендердегі көрнекі ақпарат пен деректемелерді, маңдайша жазуларын, жарнамаларды Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабының талаптарына сәйкестендіру мақсатында облыс аумағында «Тілге құрмет-елге құрмет» айлығы өткізілді. Оның негізгі мақсаты-жұртшылықтың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпкерлердің назарын көрнекі ақпарат пен деректемелерді тәртіпке келтіруге аудару болып табылды. Айлық барысында 200-ден астам рейдтер ұйымдастырылып, мемлекеттік тілде қате ресімделген 123 жарнамалар алынып тасталды, 19 нысан иелеріне ескерту хаттары жіберілді.
16 мамыр күні жексенбілік мектептердің оқу жылын қорытындылаудың семинар-сабағы өткізіліп, жексенбілік мектептердің материалдық базасын нығайту мақсатында ұйымдастыру техникалары сатып әперілді. Ана тілдері мен мемлекеттік тілді үйренуде жетістіктерге жеткен 19 оқушыға «Аюлы» демалыс үйінде 20 маусымнан 2 шілде аралығында демалуға басқарманың тегін жолдамасы табыс етілді. Демалыс кезінде қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениеті, өнерімен танысу сабақтары жүргізілді.
16-18 мамыр күндері Славян жазбасы мен мәдениетінің күндері Славян қоғамдық бірлестігімен бірге дәстүрі «Беловодье» мерекесі шеңберінде өткізілді. Облыста жазушы Ивановтың 80 жасқа толу мерейтойына байланысты әртүрлі шаралар өткізілді.
21-22 мамыр күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жаһандану сыны жағжайындағы Абай және Шәкәрім мұралары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияға Ресейден, Қытай және Монғолиядан және Қазақстанның 16 ғалымдары қатысып, өз ойларын ортаға салды. Секциялық отырыстарда 76 баяндама жасалып, конференция ұсынымдары тиісті органдарға жіберілді.
2007-2008 оқу жылының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың оқу кабинеттерінің арасындағы «Қазақ тілінің үздік кабинеті» конкурсының қорытындысы шығарылды. Бірінші орынды Салық комитетінің, екінші орынды Қаржы басқармасының және үшінші орынды Статистика басқармасының кабинеттері иеленді. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді оқып-үйрену курсын аяқтаған 124 тыңдаушыға оқыту орталығының сертификаттары табыс етілді.
Маусым айының 5-6-да ұлы ойшыл, философтар Абай мен Шәкәрімнің туып, өскен жері Абай ауданында 18-30 жас аралығындағы басқа ұлт өкілдері жастарының арасында «Мақсұтым-тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты Абай оқулары өткізілді. Конкурсқа қатысушылар соңынан Жидебайдағы кешенмен танысып, Абай мұражайын қызықтады.
Маусым айының 13-де ұлттық мәдени орталықтардың отбасылары арасында «Мемлекеттік тіл және отбасы» конкурсы өткізілді.
Журналистер күні қарсаңында баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің арасында мемлекеттік тіл мәселелері бойынша өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шешуге ат салысқан журналистер мен баспа, электронды бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы конкурс қорытындысы шығарылды.
Маусым айының 20-да Зырян қаласындағы мемлекеттік тілді оқыту орталығының негізінде «Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы Жолдауы аясында ересектерге мемлекеттік тілді жеделдете оқытудағы ақпараттық технологияның рөлі» тақырыбымен көшпелі семинар-кеңес өткізілді. Оған оқыту орталықтарының директорлары, әдіскерлері мен мұғалімдері, аудан және қалалардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің меңгерушілері қатысып, ой бөлісті.
Есепті кезеңде облыстық ономастика комиссиясының және Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырыстары өткізіліп, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан 2-тоқсанның әр айы сайын облыстың аудандары мен қалалары әкімдіктері мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің, облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдарының құжат айналымына мониторинг жүргізіліп отырылды. Осының нәтижесінде аудандар мен қалалардағы мемлекеттік органдардың құжат айналымында шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 1- тоқсанда 89 % болса, 2-тоқсанда 91,3% болды. Ал облыстық бюджеттен қаржыландырылатын облыстық басқармаларда құжат айналымында шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 1- тоқсанда 70,5% болса, 2-тоқсанда 72,7 % жетті.
Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жыл басында бекітілген кестеге сәйкес 2-тоқсан кезінде Риддер қаласы әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімшелерінде, Шығыс Қазақстан облысының табиғи бәсекелестікті реттеу басқармасында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы мен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалуы бойынша тексерулер жүргізіп, практикалық және әдістемелік көмектер көрсетті.
Маусым айында Зырян ауданы әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімшелерінде және Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасында мемлекеттік тілде іс жүргізудің жағдайы жан-жақты тексеріліп, нәтижесі облыс әкімдігінің кезекті отырысында тыңдауға ұсынылды.
Облыс көлеміндегі баспа ақпарат құралдарында 1 жартыжылдық кезеңінде тіл мәселелері бойынша 116 мақала жарық көріп, 5 хабар эфирге шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |