ҮШІНШІ ТАРАУ: «КӨТЕРІЛІП-БАСЫЛҒАН ЖАНАРТАУ...»
(Әлімхан Ермеков)
1.
Алаш идеясын инсандық нысанадан нақты тәуелсіз тұлғаға айналдырып, оның рухани, саяси, территориялық, экономикалық, құрылымдық жүйесін анықтап, мемлекет ретінде тиянақтап берген және мұндай күрделі мәселелермен «Алаш» партиясының, «Алашорда» халықтық кеңесінің, «Алашорда» үкіметінің атынан сол тұстағы Ресей империясында жарыса өмір сүрген үш үкіметпен – Уақыша құрылтай кеңесімен, Сібір уақытша үкіметімен, кеңес өкіметімен келісім жүргізген, осы үш үкімет те оның өкілеттігін таныған қайраткер – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков. Мұрағат құжаттары мен тергеу ісіндегі және ресми қызмет орындары берген мінездемелеріне, саяси әріптестері мен қарсыластарының бағасына, замандастары мен көзі көргендердің естеліктеріне жүгініп, ондағы сипаттамаларды қорыта тұжырымдасақ, Әлімхан Ермеков – ұлттық-мемлекеттік ойлау қабілеті алымды, мақсатқа жету жолындағы басқан қадамы нық әрі қарымды, мүддесін дәлелдеуге келгенде өжет, қорғауға келгенде азулы, күрделі шиеленістер тұсында мысын бастырмайтын бетті, саяси ұтысы мен ұтылысын ұмтылысына бағыттай білетін аңғарлы, мемлекеттік саясат пен ұлттық мүддені тоғыстыра білетін мәмілегер, логикалық қисынға шебер оқымысты, мәдени ұстанымы жоғары, саясат тілін жетік меңгерген, ойын жеткізуге келгенде қара тілдің шешені, сөйлегенде «жанартаудай көтеріліп-басылып, лапылдап» отыратын» (Ә.Бөкейхан) аса зейінді тұлға. Сондықтан да, «ұстазы» (өз сөзі) Әлихан оның жастығына қарамастан ең күрделі, маңызды, шағымды, намысты ұлттық, мемлекеттік саяси мәселелерді шешуге Әлімханды үнемі алғы шепке жұмсап отырған және өзінің «ту ұстары» ретінде тарих талқысына салып, ысылдырған.
Ал жоғарыдағы мінездемелерге Әлімханның қайраткерлік жолы толық жауап береді және ол қатысқан шағымды шаралардағы қабылданған қарарлар мен қаулылар да сипаттамаларға сай келеді. Сондықтан да, Алаш тарихындағы мұндай шешуші тұлғалардың тергеуге тартылмай, түрмеге қамалмай, еркіндікте жүруі мүмкін емес еді. Әлімхан Ермековтің қайраткерлігінің үш үкіметпен бірдей тамырласып кеткені сондай, оның «дұшпандық әрекеттерін» кеңес өкіметінің атқарылған шараларынан ажыратып алудың өзі тергеушілерге өте қиынға соққан. Алаш қайраткерлерінің алғашқы легінде тұтқындалмауының да бір себебі осында жатқан сияқты. Әйтпесе, «Алашорданың» іскерлік тұтқасы тұтқындалмаса, қиямет есігінің айқара ашылуы да мүмкін емес екенін олар түсінген. Бұған қоса Әлихан Бөкейхановты қақпанға түсіре алмауы, Ә.Ермековтің Халық комиссарлар кеңесінің мүшесі болуы да сақтана қимылдауға мәжбүр еткен.
Алдын-ала ескерте кетететінімз, Ә.Ермековтің өзі І томның 427-443 беттері қарындашпен, ал 444-448 беттері машинкаға басылған жаубында:
«15/ХІ-1930 жыл. Мен өзімнің көрсетінділерімде ертеректе өтіп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың реті мен кейбір көріністердің орыны ауысып кетуі мүмкін екенін ескертемін», – деп көрсеткеніндей, шындығында да елеулі оқиғалардың реті шашыраңқы баяндалыпты.
Оқиғаның ретін сақтау үшін және тарихи жағдайларды түсінікті әрі бір ізге түсіріп талдау үшін шежірелік жүйені таңдадық.Сондай-ақ Ә.Ермековтің тұтқынға алынған күні де әр деректе әр қалай. Іске тігілген түбіртек бойынша тергеу орындарының қаулысы 1930 жылы 22 қыркүйек күні шыққан. Ал көрсетінділерде 6 және 10 қазан күндері «жауапқа тартылуыма байланысты» деп көрсетілген. Біз қаулыға жүгіндік және тұтқындалу мен сұрақ алудың арасында алшақтықтықтың болуы да заңды. Біздің ойымызша, Ә.Ермековпен бетпе-келген тергеуші оған жалған айып тағу үшін ілгішек іздеген сияқты. Ол «ілгішек» табылды және жақыннан, дастарханның шетінен, дәм үстіндегі тілбасардан табылды.
Ақ дастарханды аттаған, Әлімхан Ермековті «халық жауы» ретінде әшкерелеген тері-терсек маманы, құдайы көршісі, «алаш дертінен ада» Фазыл-Ағзам Әлиханов болып шықты. Тергеушілер де алыстан арбаламай, «домалақ арызды» жақыннан дорбалаған.Оның көрсетіндісі тергеу ісінің ІІ томның 284- бетінен басталады.
Ф.-А. Әлиханов: «3 қазан, 1930 жыл. Жауап алған Волохов. Ермековті мен 1924-жылдан білемін. Сол жылы ол Қарқаралыдан Семейдегі Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне қызметке ауысып келісімен өзінің ұлтшылдық бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Губерниялық мекемелердің сеніміне кіріп, бедел жинаған соң, ол ең алдымен қазақ мәдени орталығы дегенді жоспарлап, құрылыс сала бастады. Бұл құрылыстар оның өзі туып-өскен Қарқаралыда салынатын болып шықты. Губерния қызметкерлеріне, оның ішінде Досовқа беделінің өтетінін біліп аппараттағы қазақтарға үнемі биік деңгейде болыңдар деп ұран тастайтын. Ол биыл бірнеше қазақты Семейге шақырып, Ұранқаев, Спанов, Әбішев басқаратын ірі шаруашылықтарға орналастырды. Кеңес немесе шаруашылық мекемелеріндегі қызметкерлердің, тіпті партиялық мәселелер жөнінде де өзара келіспей қалған істері Ермековтің алдында шешілетін, «бітістіру», «орналастыру» соның мойнында еді».
Бұл мәліметке Ә.Ермеков сол күні жауап берген. Алайда 6 және 10 қазан күні тағы да жауапқа тартылады. Үш көрсетіндінің де мазмұны қарайлас. Сондықтан да ойын жинақтап берген соңғы көрсетіндідегі жауапты келтіруді жөн көрдік.
Ә.Ермеков: «Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлерінің арасындағы топшылдық маған бұрыннан белгілі болатын. Әлихановтың көрсетіндісіндегі түсініспеушілікті ОГПУ-дің коллегиясына 1930 жылдың 3 қазан күні жолдаған мәлімдемемде көрсетіп, Әлихановты беттесуге шақырғанмын. Өкінішке орай ол өтінішім қанағаттандырылмады. Әлихановтың куәлігі осынша сенімге ие болғандықтан да Шомбалов пен Барлыбаевты куәлікке тартуды сұраймын.
Осы бір кездейсоқ тіршіліктің соңы осыншама ушығып кеткенінің өзі Әлихановтың көрсетіндісінің абсурд екендігіне дәлел. Әлиханов «Ет өткізу одағының» инструкторы, жоспарлау және үкімет мекемелеріне сөзі өтетіндей оның аппараттағы орыны қандай. Әлиханов жеңілтек адам. Санасыздың сандырағын осы күнге дейін түсінбеймін. Таныстардың барлығы маған оның тақыс, өзінше қулығы бар, өз кінәсін өзгеге көтертіп күн көретін адам екенін айтқан. Егерде менің көрсетіндім күдік тудырса, онда ОГПУ тергеушілері бұл инцидентті анықтап тергесін. Мен Барлыбаев пен оған қай уақытта, қандай нұсқау бердім, оны қалай жүзеге асырды, соны дәлелдесін».
Жауапқа қарағанда Ә.Ермеков, шындығында да, өзінің тұтқындалуына уақытша түсініспестік ретінде қарағаны аңғарылады. Мұндай «ұсақ-түйек түйткіл» үшін тұзаққа түскеніне сенімсіздік танытады. Сес көрсету де байқалады. Бірақ бұл шырғалаңның басы еді.
Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «1925-жылдың басында ғой деймін, Ермеков Мемлекеттік жоспарлау мекемесіндегі Тоқтабаевтің шақыруымен Қызылордаға кетті, ол сонда төрағаның орынбасарлығына тағайындалды. 1926 жылы Қызылордаға барғанда Ермековте болдым. Онда маған Ермеков: «Бөкейхановты Жер жөніндегі Халық комиссариятына жұмысқа шақыру жоспары жүзеге асуға жақын. Қалыптасқан саяси жағдай қиын, сондықтан да тәжірибелі мамандардың барлығы Түркістанға кетті. Семейдегі Ғаббасовты Қызылордаға шақыру керек», – деді. Профессор Швецов Ермековтің үйінде тұрды ғой деймін. Аз уақыттан соң Ермеков Семейдегі Ғаббасовты шұғыл түрде тәжірибелі маман есебінде Мемелекеттік жоспарлау бөліміне қызметке келуге шақырған хат жолдады. Ал Ермековтің өзі барлық қаражат жүйелері тоғысқан Қазақ ауыл шаруашылығы банкісіне ауысып, Қазақстанның банкі жүйесіне әсер етпек болды. Ермеков дегеніне жетіп, банкке белсенді ықпал жасады. Оны Ақмоланың ауыл шаруашылығы банкісіне Қозыбағаровты тағайындап, Петропавловскіге бару үшін жол ақысына 500 сом бөлдіруінен байқау қиын емес. Бұған Ақмола партия ұйымы қарсылық білдіріп, ойлары жүзеге аспай қалды».
Ә.Ермековтің өзі көрсеткеніндей, Әлиханов шынында да барлық айғақпен Ермековті жазғыруға ұмтылған. Ф.Әлихановтың көрсетіндісіндегі әр адамға берілген мінездемесіне, олардың жүрген-тұрған жерін, іс-әрекетін, кіммен кімнің не деп сөйлескенін мәлімдеуіне және тұтқыннан өзгелерден бұрын босатылып жіберілуіне қарағанда, сондай бір кілтипанның бар екенін болжауға болады.
Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «2). Қозыбағаров қаржыға байланысты істі жүргізді. Семейден Ақмоладағы Ауыл шаруашылығы банкісіне Жанғазинді ауыстырды. Жанғазин бай тұқымынан болса да, оған барынша қолдау көрсетті. Біраз уақыттан соң Ермеков Ташкентке жоғары оқу орнына оқытушылыққа ауысты. 27-жылдың шілдесінде Ермековті мен таба алмадым. Қызылордаға келген Ғаббасов Ермековтің Ташкентке көшкенін жеткізді. Қызылордаға келгенде маған: қазақ жастарының сауатын ашу үшін түпкілікті орналасуға бекінгенін – айтты. Ермеков Семейден келген байлардың балаларын тартты. 28-жылы ол Алматыға – ҚазГУ-ге ауысты. Мен 1929 жылдың шілде айында мен де Алматыға ауыстым. Оны 29-жылдың қазан айында қызым баспамен ауырып жатқанда көрдім. Қызымның ауырып жатқанын біліп, көңілін сұрауға келіпті. Содан кейін мен оны қаңтар, ақпан айларында көрдім. Қарқаралы округінен шақыру келіпті: онда тәргілу басталыпты: «Бұл бейбастық. Тәргілеуге ұшыраған туыстарыма көмектесемін. Тәргілеу – ауылдағы қараңғы қазақтарды уәдемен тойдырудан басқа ештеңе емес, бұған келісуге болмайды. Қаншама адам зардап шегеді», – дегенді айтты. Содан кейін өлкелік сьезде … профессор …ковичтің (аты нақты танылмады) жасаған баяндамасын өте салмақсыз деп сынады…”.
Ә.Ермеков (жалғасы): «УОО ПП ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруіне қарағанда, маған айып ретінде тағылған 57 бап пен 58 баптың 7 тармағы бойынша мен кеңес өкіметіне қарсы әрекетім үшін емес, Фазыл Әлихановтың көрсетуімен кеңес саясатын теріс түсіндіруге тырысқандығым үшін жауапқа тартылған екенмін. Мен бұл жөнінде ОГПУ-дің өкіліне берген бірінші жауабымда айтқанмын (Бұл – ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі көрсетіндісі болуы мүмкін – Т.Ж.). Енді келіп соның көрсетіндісінің үзіндісін алға тарта отырып, айыптау баптарын өзгертпек.
Онда: Халық комиссарлар комиссариятының әлеуметтік мәдение бөлімінің кеңесшісі Барлыбаевқа ет дайындау жоспарын кеміту туралы кеңес беріппін. Барлыбаевпен мен Шомбалов Мәжиттің үйінде кездейсоқ кездестім. Өкінішке орай Әлиханов пен Барлыбаевтің үй-ішімен дастархандас болдым. Мен оларды сал боп ауырып жатқан Шомбаловтың семьясымен бірге қонаққа шақырдым. Әлихановтар жауап ретінде бізді шақырды. Адамға тән осалдық жасап біраз ішімдік іштік. Тек Шомбалов қана сырқатын сылтауратып бас тартты. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде қонақтарымның көңілін табу үшін қоғамдық сипаттағы сөздерді де айтсам керек. Әлихановтың мал шаруашылығына сіңірген ерен еңбегін асыра мақтап, ет жоспарын орындап қана қоймай, мал басын сақтау да керек дегенді айттым. Сол бір мылжың сөздердің саяси астар алғанына таңмын.
Барлыбаевтің бұл сөзінде не мән-мағына бар?. Бұл жөнінде мынаны айтқым келеді. Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе? Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр – деп соңын қалжыңға айналдырды. Оның Барлыбаевқа қарсы айтылған бұл әзілінің астарына мән бермеппін».
Жауаптың ыңғайына қарағанда Ф.-А.Әлиханов түрмеге қамалған соң Ә.Ермековтпен бір камерада отырған. Тергеушілердің төселген әккі тәсілі бойынша Ф.-А.Әлиханов Ә.Ермековтен «сыр тартқан». Сондай-ақ Ә.Ермековтің: «Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе. Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр – деп соңын қалжыңға айналдырды», – деуіне қарағанда, бұл адам түрмеге белгілі бір тапсырманы орындау үшін кіргізілуі мүмкін. Оған мұның жалтақ та жеңілтек мінезі, сатушылық кәсібі ықпал еткен сияқты. Әдетте, құпия мекеме сондайларды шырғаға түсіруге епті келеді.
Ф.Әлиханов (жалғасы): «Мұратбековті бұрыннан білемін. Ол Өскеменнің найманы болатын. 1922 жылы ГПУ-інің рұқсатымен Семейге келді, соңынан қайтадан Қытайға қашып кетті. Омарбеков туралы Мамырбаевтің қасында, не басқа бір жерде айтқан болуым керек. Маусым айының ортасында бейтаныс адам қой шаруашылығы мекемесін сұрады. Пролетар көшесіндегі кеңсені көрсеттім. Ол Жұманов пен Әлібековке жолығамын деді. Шумаков – дәріхана басқармасында, Әлібеков – Мәскеуде екенін айттым. Ол: қытайдағы Мұратбеков хат жазып, шақырып жатыр. Соған ГПУ-ден рұқсат алуға көмектесуге іздедім – деді. Мен бұл туралы Мамырбаев Төлеген мен Марсековке айттым. Мамырбаев мұны білетін сияқты көрінді. Мамырбаевтің қандайда бір хат немесе хабар алғанын білмеймін. Мұратбековтің ұлы Жиһанша Қызылордада тұрады. Оның әкесімен кездескісі келетін болуы мүмкін. Ермеков: Мұратбековтің Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қозғалысынан жақсы мағлұмдар екенін білемін, кеңес беруге дайынмын. Бірақ қытайға хат жаза алмайсың. Ол Еуропа емес. Исаев Голощекиннің оң қолы. Мал шаруашылығының нашарлауы соның мойнында. Исаевтің ең оңды ісі – Қазакстанда азық-түліктің сатылуын қамтамасыз етті – деген сияқты пікір білдірді.
Алматыда нағашысы Наурызбаев Әшім деген болды. Ол Смағұловтың үйіне тоқтайтын. Менімен кездескенде Күдері тәтесінің тәргіленгенін айтты. Хакімжан Мамырбаевты Алматыға көшіп келіп, өз қарауында қызмет істеуге шақырды. Ермековтің ҚазГУ-дегі ағарту саласындағы әрекетіне келетін болсақ, ол шәкірттердің алдына бедел жинауға барын салатын, сөзге өте ықтиятты дайындалып, өзінің ойын нәзік әрі емеуірінмен сөйлейтін.
Бұл мәліметтер аталған адамдарға зиянын тигізді ме, жоқ па, бұл дүдәмал күйінде қалған жай. Анығы, көрсетіндіде көрсетілген Ә.Ермековтен басқалары бұл жолғы «қамақ науқанына» ілінбепті.
Ф.Әлиханов (жалғасы): Ермеков орыс интнлигенциясымен бәсекелес болатын. ҚазГУ-де ол өзінің қызметкерлерін қорғаштаумен болды. Ол өзінің әйеліне: сендерді қалай жақтырмаймын десеңші – деп айтып отыратын. Ермековтің өзінің айтуынша, ол ректор Аспендияровпен өте жақсы болатын. Мен өзім ешқашанда қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымына қатысқан емеспін. Өзім Ермековтің ықпалына түскен емеспін. Ұйым мүшелері маған белгілі емес…”.
Иә, өзінің әйеліне: «Сендерді қалай жақтырмаймын десеңші!», – дегеннен артық ұлтшылдық бар ма?! Ол кезде бұл, әдептен асқандық емес, әшкерелеудің нағыз өзі болатын. Өзіңін әйелің мен балаңды өзіңе тыңшы етіп қою – таптық қырағылықтың қатарына саналатын. Оған Ғазиз Мурзин мен Елдес Омаровтың жамағатының жаманаты дәлел. Ал Әлімхан Ермековтің соңынан ондай сыбыс ермеді. Тергеудің ұлттық сыпат алып бара жатқанын аңғарған Ә.Ермеков өзінің жауабының жалғасын пролетариат көсеміне деген құрметін баса көрсетумен аяқтайды. Мұндағы мақсаты, Ә.Бөкейхановтың тәсілін қолданып, Ленинді алдыға салып, сес көрсетіп қалу, мысын басу болса керек. Мұның ешқандай айып-шамы жоқ, еркіндікке бастайтын қандай да бір тәуекел мен амал өзін-өзі толық ақтайтыны анық.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Мен қазір революцияның ұлы авторымен (көсемі – Т.Ж.) жүздескен тірі куәнің бірімін. Сондықтан да революццияның асқақ атын жамылған осындай адамдарды жек көремін. Мені: теоретик ретінде Ленинді оппортунист деп айтты – деген әлдекімнің көрсетуі жалпы қисынға келетінін мойындаймын. Әлемдік пролетариат пен езілген халықтардың ұлы көсемін көріп, тілдесу бақытына ие болған адаммын. Ол өзінің: патриархарлық, рулық даму сатысында кенжелеп қалған ұлттардың капитализмге соқпай социализмге бірден өту мүмкіндігі туралы формуласын жариялаған 20-жылғы Коминтерннің екінші құрылтайының салтанатты ашылуына мейман ретінде мен де қатыстым. Оның делегаттарға солшылдық дерті туралы айтқан атақты сөзін ерекше құрметпен еске аламын. 20-жылы оның өзі төрағалық еткен мәжілісте жасаған баяндамасында: казак тұрғындары арасындағы жалдамалы батырақтардан ауыл шаруашылық коммунасын құрып, жерінен айырылмаған шаруаларды ауыл шаруашылық машиналарымен қамтамасыз ету туралы айтып тұрып, маған көзі түсіп кеткенде қолын мен жаққа сермеп тұрып: қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте – дегенінде қатты шамырқанып кеттім, алдыңғы ұсынысымның жайшылық екенін түсіндім. Артта қалған халықтардың өкіліне қалай көңіл бөліп, қандай жауапкершілікпен қарайтынына сонда көзім жетті».
Ленин дәл тауып айтқанындай, «қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте» еді. Ал Сталин мен Қужаққа – Голщекинге, қазақтар коллективтендіруден кеш қалған сияқты көрінді. Алдағы қойылатын жер, мойынсерік, территория туралы сұрақтардың аңысын аңғардай осы көрсетіндісінде Ә.Ермеков жалпы саяси оқиғаларға да баға бере кетеді және ретін тауып кеңес өкіметінің саясатына іштартатынын да кіріктіріп отырған.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Әлі есімде, Астарахань облысындағы қазақтар көп тұратын жағалауды Қазақстанның құрамына беру туралы үлкен даулы мәселе қызу талқыланды. Патша үкіметі қазақтарды теңізге жібермеу үшін олардан бұл жерді тартып алып, он верстка сияқты түрлі экономикалық шектеу қойып, казактарды қоныстандырған болатын. Міне, осыған байланысты Астрахан губерниясының НКВД-ның өкілі, Азық-түлік халық комиссариятының қамтамасыз ету орталығы, владимирліктер мені жан-жақтан қыспаққа алып, бүкілодақтық маңызы бар деп әр нәрсені сылтауратып, сан-саққа жүгіртіп, табандап тұрып алды. В.И.Ленин ықыласпен тыңдап отырды да маған: Астрахан губерниясы сияқты Қазақстан да одақтың бір бөлігі. Қазақтар басым тұратын жердегі шаруашылыққа көмектесуді де, азық-түлікпен қамдауды да одақ мойнына алады – деді. Реплика жасаған кезімде Закурский мені жағамнан алып, қабырғаға тірей итергенде Владимир Ильич маған араша түсті. Астрахан губерниялық атқару комитетінің төрағасы мен НКВД өкілі губерниядағы тұрғындардың ара қатынасын көрсететін нақты статистикалық есептің жоқтығын айтты. Бұған: халықтың арақатынасын білу үшін онда барудың да, статистикалық есептің де керегі жоқ. Москваны мысалға алыңыз. Мұнда қай халықтың қанша өкілі бар екенін ешкімде білмейді. Бірақ бәрі де қамтамасыз етіледі – деді. \
Маған қол ала жүгіргендерді бүгін еске алу күлкілі, болмашыны сөз еткендей көрінгенімен де, В.Лениннің бейнесі мен өзім көрген осы бір өмірлік шындық маған ұмытпас әсер қалдырды. Ленин туралы жоғарыда мен айтты деген адамның қияли сөзіне ойланғансып, солай дедім бе, жоқ па деп еске түсіруге тырысудың, жауап берудің өзі күлкі тудырады. Тек айтарым, бүгінгі оппозициядағылардың көзқарасын ешқашанда бөліскен емеспін».
Тергеушіге көрсетілген бұл «сестің» қуаты бір айға жетті. Жоғарыда көрсетілгеніндей, басы қарындашпен, ал аяққы беттері машинкаға басылған:
«15/ХІ-1930 жыл. Мен өзімнің көрсетінділерімде ертеректе өтіп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың реті мен кейбір көріністердің орыны ауысып кетуі мүмкін екенін ескертемін», – деп басталатын көрсетіндісін жазуға мәжбүр етті.
Ол «орыны ауысып кеткен» сөздерді өткенін ұмытқандықтан емес, «Алашорда» мен Колчак, Уақытша құрылтай үкіметіне қатысты кезеңдерді еске салмаудың амалын көздеп, жорта қағыс қалдырған. Сөйтіп ол өзінің өмірбаянын кеңес өкімет орнаған тұстан бастап :
«1919 жылы ақпан төңкерісінен кейін мен Семей губерниясының земство басқармасының мүшесі болып қызмет істедім. Тікелей жер бөлімін басқардым, бұдан басқа маған оқу-ағарту саласына жетекшілік ету жүктелді», – деп, жорта із тастаған.
Алайда, түрме тергеуі барған сайын көні кебетін Бальзактың шегірен былғарысы сияқты, күн өткен сайын алқымнан алып қыса беретін. Ол дұзақтан құтылудың жолы – қандай қылмыс тағылса да мойындап тыну ғана болатын. Алдыңғы жауаптардың негізінде Ә.Ермековке 1930 жылы 7-желтоқсан күні ресми түрде айып тағылады. Ол бұл өкімді мойындамайтыны туралы қарсылық білдіріп Қазақ АССР атқару комитетінің төралқасына жолдаған шағым жолдады. І томның 479-бетіне тіркелген, 15 қараша күнгі жауабын сөзбе сөзге жуық қайталаған бұл шағымның бірнеше көшірмесі тігілген. Ол шағым:
«КССР Орталық атқару комитетінің мүшесі Ермеков Әлімханнан Өтініш
ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі өкімі бойынша мен түрмеге қамалдым. Тек 7-желтоқсан күні ғана нақты айғақтар келтірілместен маған ҚК-нің 57 – 7, 58 – 11, 59 – 3 баптарына сәйкестендірілген, шамамен:а) кеңес өкіметінің шараларын кеңес және партия жұмыстарында бұрмалап қолданғаны үшін; в) басмашылармен байланысы үшін; с) контрреволюциялық ұйым құруға талпынғаны үшін – деген мағынадағы айып тағылғаны хабарланды.
Бұл айтылғандардағы нақты деректер мені қызықтырмайды, өйткені ондай оқиға өмірде болған емес. Бастапқыда мен тұтқындалуымның себебін түсініспестік болған шығар, әлдебір саяси науқанға қатысты шығар деп ойлағамын. Міне, тұтқындалғаннан бері төрт айдан асып барады, әлгі «түсініспестігім» мені денсаулық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да кеміріп жеп барады. Сондықтан да мен: маған тағылған ешқандай нақты дерексіз айыптауларға түсінік беретін өмірбаяндық сипаттағы кейбір мәліметтерді, саяси және тәжірибелік істерімді Казаткомның Президиумына баяндап беруге мәжбүр болып отырмын», – деп басталады.
2.
Бұл өтініші Қазақ атқару комитетінің алқасына жетті ме, жоқ па, ол жағы беймағлұм. Жеткен күннің өзінде Ораз Исаев сияқты дәбірлер ештеңе істей алмайтын. Сондықтан да бұл арыз тергеушінің, ары кетсе орталық комитеттің бақылау бөлімінің тартпасынан орын тапқан сияқты. Бұдан кейін жауаптың аңысы өзгеріп, өмірбаяндық сыпат алады.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Революцияға дейін оқу оқыдым, оқығанда да орта және жоғары оқу орнына төленетін қаржыны өзімнің маңдай теріммен таптым. Төңкерістен бергі менің қызмет баспалдағым мынадай: Облыстық қоғамдық мекемелердің атқару комитетінің президиум мүшесі, Қазақ облыстық комитетінің мүшесі, жұмысшы, солдат және шаруа кеңесі облыстық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің орталық кеңесінің мүшесі, губерниялық земство басқармасының меңгерушісі, Корниловтың тұсында губерниялық революциялық комитеттің мүшесі, Колчак талқандалғаннан соң губерниялық революциялық комитеттің мүшесі және Кирреввоенкомның ВЦИК-тің жанындағы өкілдігі төрағасының міндетін атқарушы, губкомның және мемлекеттік жоспарлау мекемесінің төраға орынбасары міндеттерін педагогикалық жұмыспен ұштастырып келдім. Ауыл шаруашылығы банкісінің басқарма мүшесі болдым, соңғы төрт жылда тек қана жоғары оқу орындарында істеп келемін. Тұтқындалған кезде Қазақ мемлекеттік университетінің математика кафедрасының доценті боп істедім. КССР кеңесінің соңғы екі құрылтайында КССР аткомының мүшесі болып сайландым», – деп мағлұмат берген.
Бұл қызметтердің барлығы 1918-1920 жылдардың арасындағы қысқа мерзімді қамтығандықтан да, анкеталық анықтама ретінде: Әлімхан Ермеков – 1891 жылы Семей облысы Қарқаралы уезінде туған. 1898 жылы Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебіне, 1905 Семейджегі мұғлімдер гимназиясына, 1912 Томскі технология институтының матеметика факультетіне түскен (оны 1922 жылы тәмәмдаған) – деген деректі қосымша ұсына кетеміз. Оның бұдан кейінгі мағлұматтары алдыңғы көрсетінділерде баяндалған жайларды қайталайды. Сондықтан да жылнамалық тәртіпті сақтау үшін қарашадағы жауапты назарға алдық.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Алашорданың» жүргізген ісіне тоқталып жатпай-ақ, оның бір мүшесі ретінде менің кейінгі іс-әрекетімнің бағытын өзгерткен тарихи тәжірибеме тоқталсам да жеткілікті».
Бұл «тарихи тәжірибе» 1917 жылы 21-26 шілде күндері өткен І Бүкілқазақ құрылтайына Семей облысынан өкіл боп сайлануынан басталды. Ал оның дербес саяси жанталасқан күресі Ә.Бөкейханов екеуі өкіл боп сайланған Сібір облыстық құрылтайындағы 1917 жылғы 9 қазан күнгі:
«Сібір халықтарының арасында өзара ынтымақтастық болған жоқ, әр ұлт өзінше өмір сүрді, ортақ мүдделері анықталмады. Енді біз өз өмірімізді өзіміз игеруге мүмкіндік туғанда, бүкіл Сібір жұрты өзінің мұқтаждықтары туралы бар дауыспен арындай айтуы үшін барлық ұлттардың тұтастығы аса қажет», – деген (Д.Аманжолва,. На изломе. А. 2009. 181-бет) деген ұранмен басталды.
Сібір құрылтайында қазақ ұлтының дербес мемлекеттігі мен ұлттық автономиясы, «жер автономиясы», «мәдени автономия», экономикалық автономиялық құрылым туралы тұңғыш рет саяси мінбеде Ә.Бөкейхановтың баяндамасы арқылы талқыға ұсынды. Екеуінің үзеңгілестігі осыдан кейін ажыраған жоқ. Алаш автономисына қатысты барлық саяси талқыда бірге тезге түсті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Бүкілқазақ құрылтайында үкімет мүшелігіне сайланды. Сөйтіп: «Мемлекеттіктің негізі: 1. Жеке территория үшін. 2. Онда тұратын ұлттың. 3. Елді билейтін үкіметтің» атынан саяси сақнаға шықты.
Жалаң идеядан басқа қаруы жоқ алаш үкіметінің жалтаңкөз болмасқа шарасы да жоқ еді. Күнде болмаса да ай сайын аударылып-төңкеріліп тұрған үкіметтердің аранын арбап ұлтты қырғыннан аман алып қалу мақсатында, аятолла Хомейни айтқандай, «шайтанның да тілін тауып, дос болуға» тура келді. Алаш автономиясын мойындауға ықылас білдіріп:
Достарыңызбен бөлісу: |