Үшінші тарау: «КӨтеріліп-басылған жанартау »


«Дінше бауырым! Денсаулығың жөнінде, қызметіңнің өскені турасында естідік. Әлі күнге сүр бойдақ жүргеніңді де білдік. Мейлі, әзілді қоялық. Іске келейік



бет9/9
Дата10.06.2016
өлшемі0.72 Mb.
#126906
1   2   3   4   5   6   7   8   9

«Дінше бауырым! Денсаулығың жөнінде, қызметіңнің өскені турасында естідік. Әлі күнге сүр бойдақ жүргеніңді де білдік. Мейлі, әзілді қоялық. Іске келейік.

Ғұмырыңда талай тарихты бастан кешірдің ғой сен. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Сенің сонау Қиыр Шығыс сапарыңнан бастап қазіргі өміріңе шейін терең танысқым келеді. Қандай мақсатпен коммунизм жолына түстің? Бұл жолдан неге ауытқыдың? Және өзің көрген уақиғалар хақында, сапарлас, қарым-қатынас жасап жүрген достарың туралы қысқаша ақпар бер. Жалқауланба. Уақытыңды бөл. Өмірдің алдында әйтеуір есеп беруіміз керек қой. Мен қазақ зиялыларының өмірі жөнінде роман жазуға отырдым.

Егер Түркістандағы ерліктерің туралы хатқа жаза алма-саң, онда ауызша айт. Бір жерде кездесейік. Қазақстанның дүмді деген қайраткерлеріне мінездеме бер. Осы өтінішімді аяқсыз қалдырма. Өзіңе сенемін.

Ниеттес тілеушің һәм досың Қошке. 16.ІІІ.1925 жыл».

Хаттың мазмұнына қарағанда, «Алтын сақина» пьесасын сақнаға қою үшін емес, М.Шолоховтың «Тынық донындағы» Григорий Мелеховтың тағдырына ұқсас «партизандық өмірінен» роман жазуға ниет еткендіктен қолына қалам алған. Жалпы, Діншені тағдырына сол тұстағы М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов сияқты жазушылар шығармашылық ықылас танытқан. Соның ішінде дерек ретінде расталып отырғаны осы Қошке Кемеңгеров қана. Әрине, бұл тілек – тек тілек күйінде қалған. Романның қандай дәрежеде орындалғаны, қолжазбасының тағдыры, бимәлім. Бұдан кейінгі екеуінің де өмірі аласапыранға араласып кеткендіктен де бұл тақырыпқа қайырылып соғуға мұршалары болмауы да мүмкін.

Қалай дегенмен де, араға бір салып барып, 1926 жылы 12 қаңтар күні қазақ драма театрының сақнасы Дінше Әділев директор боп тұрғанда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақинасымен» ашылған. Бұл екі адамның да аттары қашан тәуелсіздік алғанша жартылай жабық күйде болғандықтан да, алғашқы премьера Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегіне» тиесілі болып келді. Бар айтарымыз, жоғарыдағы хат екеуінің арасына бір нәзік байланыс орнатқаны анық.

Жалпы, Қошке Кемеңгеровтің табиғи болмысынан дәрігерлік пен жазушылық өнерді нәзік байланыстырып тұрған сезім сәулесі анық аңғарылады. Оны Алматының түрмесінде жатқанда елдегі жарына жазған:

Ашығып үш күн болды жаттым төзіп.

Жатырмын жас өмірден күдер үзіп.

Жан жарым, жандай көрген үш құлыным,

Қаласың әлде кімге көзің сүзіп, –.

деген ұшбу өлеңінен түйсінуге болады.

Бұл болмыс – осы текке қатысты тектік түзілім де сияқты. Өйткені сезімін көркем жеткізуге ұмтылу Қошкенің балаларының ғана емес, оның немересінің де, өзге емес, өз шәкіртіміз, ата мұрасын тинақтап жинап жүрген Қайырбек Кемеңгердің бойына да сол қасиеттің тумысынан біткенін сезіндік. Тағдырлы тектің отбасының кейінгі тағдыры туралы мағлұматты аты аталған Қайырбек өреннің «Омбыда оқыған қазақтар» атты жинағындағы «Жан жарым, жандай көрген үш құлыным» деген эссесінен алынған үзінді арқылы жеткіземіз.



Қ.Кемеңгер: «Жолдасы тұтқындалғаннан кейін Гүлсім үш баласын алып 1930 жылдың күзінде Омбыға оралады. Қайратты келіншек жол жөнекей талай азап шегіп, күйеуінің туып-өскен Қаржас аулына жетеді. Гүлсім бір уақытта Қошкенің әкесі Дүйсебай қажының қаржысына салынған Қаржас мектебіне балаларын қалдырады да, өзі қолындағы алтын жүзік, білезіктерін сатып Алматыға кетеді. Алматыға жеткен соң, абақтыда жатқан серігіне күнде тамақ тасып, оның көңілін сергітіп, жолдасымен тар күннің тауқыметін бірге тартады.

Алматы абақтысынан Қошке Кемеңгерұлы 1932 жылы Орталық Ресей жеріне, Валуйки деген қалаға жер аударылады. Туған жерден алысқа айдалып бара жатқан жан серігін Гүлсім бұл жолы да жалғыз қалдырған жоқ. Аяулы жар айдауға жолдасымен бірге кетеді. Алайда Қошке қасына отбасын толық алмайды. Ол өзімен бірге Гүлсім мен екі қызын ғана алып, Нарманбетті ауылындағы ағасына және бір Аллаға аманат қылып тапсырып кетеді. Айдаудағы ауыр тұрмыста күн не болады деген қауіптен болса керек, Қошке тағы бірнеше жыл ұлынан айырылуға мәжбүр болады.

Әке-шешесі еркелетіп Нартай деп кеткен Нарманбет Қаржаста 1935 жылға дейін Қошкенің ағасы Құлмағамбеттің қолында қалады. Айдаудағы кесілген мерзім аяқталып, ауылына оралған отбасын жасы сегізге жетіп қалған Нартай жатырқаған сезіммен қарсы алады. Бірнеше жыл көрмей, көңілі суып қалған жас бала туыстарын біраз уақытқа дейін танымайды. Әке-шешесі қанша бауырына тартса да, Нартайдың мұздап қалған жүрегі біразға дейін жібімейді. Валуйки жеріндегі өмір сол уақытта жасы есейіп қалған Қошкенің үлкен қызы Зайраның есінде жақсы сақталған.

Қошке отбасы баяғы Ташкенттен кейін енді ғана бір шаңырақтың астына жиналғандай болады. Аяулы ата-ананың аясында үш бала енді өздерін бақытты санады. Саналары кіріп қалған оларға алдағы екі жыл өмірлеріндегі ең бір тамаша кез болды. Қошкенің жары Гүлсім де: "Өткен өмір өтті, бәрі қайыр. Қорлық пен қиындық көрген бес жыл ішінде өлмей тірі қалдық, Аллаға шүкір. Ендігі өміріміз жарқын болса екен", – деп болашаққа ақ үмітпен қараған еді. Қошке айдаудан келген жылы Омбы облысының Шарбақкөл деген, елді мекенінің аудандық ауруханасына дәрігер болып жұмысқа тұрады.

Шарбақкөл өңірі – өзінің нағашы жұртының елі болғандықтан, Қошкеге жат жер емес еді. Аяулы азамат жергілікті халықты емдеп, көпшіліктің алғысына бөленіп жатты. Қолы босаған кезде баяғы ермегі – қолына қаламын алып, заман ағымы туралы, әдебиеттің бағыт-бағдары жайында мазалаған ойларын хатқа түсіріп жүрді. 1937 жылы қызы Зайраға: "Амандық болса, Алматыға барамыз. Мен роман жазып аяқтадым. Соны баспаға жеткізу керек", – деген екен. Өкінішке орай, Қошке тұтқындалғаннан кейін, оның барлық қол-жазбалары із-түзсіз НКВД кабинеттерінен қайтпады.

Болашақты кім болжай алған? Алдағы күн қандай сыбаға тартатынын жұмыр басты пенде қайдан білсін? Қошкенің Алматыға қолжазбаларымды апарамын деген арманы да сағымға айналды. Енді ғана есін жинай бастаған ұйыған отбасының шаңырағы бір-ақ күнде құлады. Қазақты қан жылатқан 19371 жылдың жетінші тамызында Қошке жұмысынан оралмайды.

"Сібір жерінде Кеңес үкіметіне қарсы жасырын ұйым құрушы, Жапония елінің шпионы" деген жалған жаламен Қошке Кемеңгерұлы тағы да қамауға алынады. Осы жолы жағдайдың ауыр екенін, енді қайтып оралмайтынын сезген

Қошке отыз үш-ақ жаста жесір қалып бара жатқан аяулы жары Гүлсімге: "Заманның беті жаман. Ертең тірі көрісу-көріспеу екіталай. Сондықтан балалар өз күнін өздері көрер. Қасында өзің, туыстары болса адам болып кетер. Ал сен болсаң әлі жассың. Мен сені қидым. Қош!" – деген екен. Қошке Кемеңгерұлы нақақтан атылған уақытта оннан асқан Зайралар әкелері туралы шындықты білмеді. Көп жыл бойы олар аяулы әкелері оралады деген сеніммен жүрді», – деп (аталған жинақ, Астана, 2007, 105-107 беттер) баяндайды.

1937 жылы ұсталып, сол жылы 21 қараша күні Омбы түрмесінде атылып кетті.

Бір жұбанышы, Қошкенің артында қалған ұрпағы Омбының орманын паналап, әкелерін ұмытпай өмір сүрді. Барлық «халық жауларының» әйелдеріне ортақ қасірет тауқыметін Гүлсім де басынан кешіп, бес жыл айдауда болды. Соның ішінде Қошкенің қызы Зайраның батылдығы мен сата –анасына деген терең махаббаты ерекше сүйінішке лайық. Құрбадары әке-шешесіне бас тартып жатқанда ол соларды аңсап, аңсарын өлеңмен дәптеріне түсірген.

Қ.Кемеңгер: «1947 жылы Зайра әкесіне арнап кезекті өлеңін жазды. Әкеге деген ыстық сезім мен қатты сағыныш көздің жасы мен қағаздағы жыр жолдарына айналады. Ұзақ өлеңде мына секілді жолдар бар:



Нұрлы жүз көлеңкең тұр көз алдымда,

Кетпейсің жатсам, тұрсам еш жадымнан.

Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп,

Бетіне қалықтайтын күнің бар ма?

Он жылға толар биыл Сіз шыққалы,

Өмірдің талқысынан жан бұққалы.

Күн мен түн, ай мен жылдар ауысады,

Сонда да көрінбейді еш нысаны.

Әкелік, мейірбандық жылы сөзің,

Ботам деп, құлыным деп тұрған кезің.

Ойымнан бір кетпейді, әкежаным,

Асыл зат, қойдан қоңыр әр мінезің.

Әкелік тәрбиеңді көргенім жоқ.

Ішімде он жыл болды тұтанды шоқ.

Алтындай дидарыңды көріп өлсем,

Сол күнде қам көңілім болмақшы тоқ», –

деп (сонда, 111-бет) жырлапты мұңлы қыз.

Түрме әфсанасының осы тарауын Қошкенің: «Мен сені қидым», қызы Зайраның: «Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп», – деген сөзімен аяқтағым келеді. Өйткені, бұл жолдарда адамның бойын ерітететін барлық шуақты сезімдер шынайы құйылып тұр. Ал шынайылықтан асқан қасиетті болмыс жоқ. Иә, қимасымызды – қимай, тұңғиық терең жарға түсіп кетпей, еркін өмір сүруге сіз бен біздің де толық қақымыз бар.

28.05.09.



).

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет