Шу ауданы Жамбыл облысының құрамына қай жылы қосылды?



Дата09.06.2016
өлшемі107.69 Kb.
#124276
- Шу ауданы Жамбыл облысының құрамына қай жылы қосылды?

- 1939 жылғы 14 қазанда Жамбыл облысы өз алдына шаңырақ көтеріп, жаңа облыс болып бөлінді. Оның құрамына Алматы облысынан басқа аудандармен бірге Шу ауданы да енгізілді. Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына біздің шулықтардың қомақты үлес қосып келе жатқанына жетпіс бір жыл болғанын қуанышты сезіммен жеткізе білудің сәті бүгін түсті. Бұл – тарих үшін қас-қағым уақыт тәрізді. Бұл біздер үшін әрдайым есте болатын биік белестер саналады.



- Кейінгі жастарымыз ауданымыздың алғашқы тыныс-тіршілігін білгісі келеді?

- Қолдағы бар деректерге сүйенсек, 1930 жылдардың бас кезінде МТС қызмет көрсететін ауданда 22 колхоз болған. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Ал аудандағы мектептердің саны 17-ге жетіп, оларда 1533 оқушы оқыған. Оқушылардың 996-сы қазақ, 496-сы еуропалық, 41-і басқа ұлт өкілдері. Медициналық көмектің деңгейі аса жоғары болмаған. 1931 жылы ауданда балық өсіру кәсібі де қолға алынады. Бұл істе төрт колхоздан тұратын Буырыл-Байтал бірлестігі жетекші рөл атқарады. 1933 жылдан бастап аңшылық бригадалары құрылып, құс етін дайындаумен шұғылданды. Күн көрудің басқа да түрлері қолға алынған.



- Темір жол Шу өңіріне қашан төселді?

- Қазіргі Шу қаласының орны – Түркістан-Сібір темір жолы құрылысының қарқынды жүргізілуіне байланысты ел назарына түсті. Бұл - 1928-1930 жылдардың аралығы болатын. Бұған дейін осы аймақ аз ғана тұрғылықты тұрғындары бар жапан даланың бір пұшпағы еді. Бұрынғы Одақтың әр түкпірінен қоныс аударған құрылысшылар мен темір жол саласы мамандарының қатары ай сайын көбейіп отырды.

Осы бір алып құрылыстың алғашқы жобасы бойынша темір жол Бишкектен Алматыға қарай тікелей тартылуы тиіс-тұғын. Сол кездегі Ресей Федерациясы Халық Комиссарлары Комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов жергілікті жұрттың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында жобаның қайта жасалуына жанашырлық танытты. Ол темір жолдың Луговой станциясы арқылы тартылуын ұсынды, әрі байыпты бақылауға алды. Жаңа құрылыстың қанат жаюына кәсіби инженер, қазақтан шыққан алғашқы темір жол маманы Мұхамеджан Тынышбаев та зор үлес қосты.

- Талай тағдырларды тәлкекке салған соғыс жылдарындағы шулықтардың өшпес ерліктері мен ерен еңбектерін айтып өтсеңіз?

- Ұлы Отан соғысы жылдарында шулықтар да: «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» деген саяси ұранды баянды басшылыққа алды. Шу ауданынан тепсе темір үзетін бес мыңнан аса жауынгер азаматтар майданға аттанды. Олардың тең жартысынан астамы елге оралмады. Хабар-ошарсыз кеткендері қаншама?! Басқаны былай қойғанда, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында жекелеген майдангерлердің дерегі табылып, оның ұл-қыздары мен туған-туыстары бауырластар зиратына барып қайтты. Арада қаншама жылдар өтсе де жүрекке түскен жараның жазыла қоймағандығы сезіледі.

Соғыс өрті жалындап тұрған кезде Кавказды мекендеген әзірбайжандар мен түріктер, шешендер мен ингуштер, қарашайлар мен күрдтер, Волга өзенін жайлаған немістер және басқа да көптеген ұлт өкілдері біздің өңірге жер аударылып, көшіп келді. Олар орталықтың озбыр саясатымен ата жұртынан айырылып, қыстың көзі қырауда болғанына қарамастан жүк вагондарымен тасымалданды. Жол мен тағдыр тауқыметін тартқан ағайындарға қазақ халқы кең құшақ жая білді. «Бүтінді бөліп, жартыны жарып жеп» - дегендей, өзара шынайы сыйласты.

Біздер, шулықтар Кеңес Одағының Батырлары, жерлестеріміз Саттар Естемесовты, Сәду Шәкіровты, Даңқ ордендерінің толық иегері Михаил Перепеловты айрықша мақтан тұтамыз. Сондай-ақ, майдан даласында және одан кейінгі жылдары бақилық болған аға ұрпақ өкілдерін лайықты ардақтаймыз. Соның жарқын бір дәлелі, Шу қаласындағы Жеңіс саябағынан Саттар Естемесовтың ескерткішін жаңадан ашқалы отырмыз.

Тыл еңбеккерлерінің соғыс жылдарындағы жанқиярлық істерін де атап өткен жөн. Ауыл еңбеккерлері майданды азық-түлікпен, жылы киімдермен және тағы басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етуде ешбір аянбады. Хати Сауранбаев, Асанбек Жұрымбаев тағы басқа ел ағалары майданға ақшалай да көмек көрсетті. Сонымен бірге Шу локомотив депосының ұжымы да еңбек көрігін қыздыра түсіп, жұмыс сапасы мен тиімділігін арттырып отырды. Абыройлары артып, КСРО Жол қатынас және Қорғаныс министрліктерінің ауыспалы Қызыл Туына бірнеше рет ие болды. Тыл тарландарының тізімі осылайша жарқын істерімен жалғаса береді. Біз бүгін Шу локомотив депосының жұмыстарын жандандыруға ұйытқы болған Н.Кузнецов, А.Боченко, Л.Березняк, С.Бұрғынбаев, И.Әбдіреев және басқа да ардақты ардагерлердің есімдерін мақтанышпен еске аламыз.

- Бейбіт өмір белестері туралы ойыңызды да білгіміз келеді?

- Соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіруге көп күш жұмсалды. Аудан еңбеккерлері ауыл шаруашылығын өркендетуге, одан алынатын өнімдерді молайтуға таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз тер төкті. Осының нәтижесінде отыз төрт шулық ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Социалистік Еңбек Ері атанып, кеуделеріне Алтын Жұлдыз тақты. Олардың қатарында: аға шопан Әзімбай Шәлібеков, қызылшашы Бәтима Шимашева, қызылша бригадирі Черкес Мурадов, шаруашылық басшылары Хати Сауранбаев пен Ағаділ Ғалиақпаров, учаскелік агроном Галина Адаменко, механизаторлар Антон Соболевский мен Заманбек Досжанов және тағы басқалары бар. Сондай-ақ қырықтан аса ауыл еңбеккерлері Ленин орденімен марапатталды. Басқа да мемлекеттік награда түрлеріне ие болған шулықтар қаншама?! Бұлардан бөлек КСРО Жоғарғы Кеңесіне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат, СОКП және Қазақстан коммунистері съездеріне делегат болып сайланған жерлестерімізді қашан да құрмет тұтамыз.

1953 жылғы 27 қазанда Мойынты-Шу темір жолы іске қосылды. Алғашқы поездарды Мойынты стансасынан Ә.Әжмағанбетов, Шу стансасынан А.Неверов сынды майталман машинистер алып шығып, жаңа жолдың ел игілігіне қызмет етуіне өшпес із қалдырды. Еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін жалғастырып тұрған болат жолдың берекесі бүгінде арта түсуде.

1954 жылы ауданымызда тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында жаңадан екі совхоз құрылды. Олар: «Далақайнар» мен «Шоқпар». Бұл шаруашы-лықтардың диқандары егіншілік мәдениетін көтеруге барынша іс-әрекет танытып, елімізде астық молшылығын жасауға өзіндік үлес қосты. Әр шаруашылықтағы ақ егіс көлемі он бес, жиырма мың гектарға дейін ұлғайтылып, мемлекетке миллион пұттан астам астық тапсырған кездерді де ел естен шығарған емес.



- Кейінгі жастар Шу қаласында қуатты зауыттардың ел игілігіне қызмет еткендігін біле бермеуі мүмкін. Бұл жөнінде не айтасыз?

- 1960 жылдардың бас кезінде Шу жөндеу-механикалық зауыты іске қосылды. Зауыт жұмысшылары 1962 жылы небәрі 91 автокөлікті, 333 автодвигателді жөндеген болса, бұл көрсеткіш 1965 жылы тиісінше айтқанда 340 - 1058-ге дейін көбейтілген. Зауыт 1962 жылы барлығы 395 мың сомның өнімдерін шығарса, ал 1969 жылы бұл көрсеткіш 3 млн.609 мың сомға жоғарылаған. Осы зауыттың қуаттылығы мен өнімділігі жыл өткен сайын артып отырды. Соның арқасында мұнда дала алыбы саналатын К-700 маркалы тракторлар күрделі жөндеулерден өтіп жатты. Атағы кеңге жайылды.

1964 жылы Шу қант зауыты пайдалануға берілді. Кезінде бұл зауытта мыңнан аса жұмысшы еңбек етті. Мәселен, 1966 жылдың 1-қаңтарына 5 млн.110 мың сомның өнімі өндірілсе, 1969 жылдың 1-қаңтарына бұл көрсеткіш үш есеге артып, 15 млн. 270 мың сомға жеткен. Зауытқа шикізат дайындау үшін Шу және Қордай аудандары қант қызылшасын өсірумен тұрақты айналысты. Біздің ауданда қызылша көлемі бір кездері тоғыз мың гектарға жуықтады. Осыншама техникалық дақылды күтіп-баптауда қызылша өсірушілеріміз, ал тау-тау болып үйілген тәтті түбірді өңдеуде зауыт жұмысшылары аянып қалмады. Мұның бәрі кешегі күндердің тыныс-тіршілігін айқындағанымен аға ұрпақ өкілдерінің жадында сақталып қалды.

Бұл зауыттармен қатар Шу тігін фабрикасы, сүт пен темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыттары өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жекешелендіру саясатының салдарынан тоқтап қалды.

Қазір қалада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның бірнеше негізгі бөлімшелері бірқалыпты жұмыс істеуде. Әсіресе, Шу тепловоз жөндеу зауыты жөнінде айрықша айтуға болады. Зауыт өнімдері біздің елде де, шетелде де көп сұранысқа ие болуда. Алдағы уақытта қала тіршілігін жандандыра беру үшін жаңа өнеркәсіпорындарын ашу көзделуде.

- Табиғат-ананың өзі шулықтарға оң қабақ танытып, айрықша тарту тартқан іспетті. Олай дейтінім, өңіріміздің ортасынан Шу өзені ағып жатыр. Бұл бар тіршілігіміздің қайнар көзі емес пе?

- Әрине, оған талас жоқ. Халқымызда: «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» - деген қанатты сөз бар. Сондықтан, біздің шулықтар судан тарығып көрген емес. «Сулы жер - нулы» демекші, егіншілікті етене кәсіпке айналдырдық. Осының нәтижесінде Шу өңірінде барлық дақыл түрлері өсіріліп келеді.

Диқан қауымының нәсібін молайта түскен Шу өзенінің Қазақстан аумағындағы ұзындығы 800 шақырым. Оның суы Теріскей Алатауы мен Қырғыз Алатауындағы мұздақтардан басталатын Жуанарық, Қошқар өзендерінің қосылуынан қалыптасады. Өзеннің ірілі-уақты 80 саласы бар.

- Тасөткел су қоймасының тиімділігі зор емес пе?

- Бұл су қоймасы 1974 жылы пайдалануға берілді. Жобалық сыйымдылығы 620 млн.текше метр. Сыртынан қарасаңыз да, ауқымы кең айдын екендігі көрініп тұр. 1977 жылы ауданда «Шусовхозводстрой» тресі құрылып, мелиорация мәселесін қызу қолға алды. Тасөткел су қоймасынан Бала Жайсанды бөктерлеп өтетін ұзындығы 52,7 шақырым магистралды канал тартылды. Сондай-ақ 14 мың гектар ескі жер айналымға қосылып, 5 мың гектар жаңа жер пайдалануға берілді. Мұның бәрі Тасөткел су қоймасы тиімділігінің нәтижесі.



- Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап өткен қазақ елінің өз алдына тәуелсіздік алғанына келесі жылы жиырма жыл толады. Осы бір тарихи оқиғаға байланысты ой-тұжырымыңызды ортаға салсаңыз?

- Ел тәуелсіздігі – тәтті ұғым. Басымызға қонған бақ. Оны көзіміздің қарашығындай сақтай білуге бәріміз де жауаптымыз. Әрбір шулық азамат өз Отанын жанындай сүйіп, өз міндетін адамгершілікпен атқаратын болса, тәуелсіздігіміз одан әрі тұғырлы бола береді.

Ел еркіндігі жайлы әңгімеленгенде 1986 жылғы желтоқсан айындағы Алматы оқиғасы көз алдымызға келеді. Онда жерлесіміз, С.Шәкіров атындағы мектеп түлегі Қайрат Рысқұлбеков басқа да қазақ жастарымен бірге орталықтың озбыр саясатына қайтпас қарсылық білдірді. Халық қаһарманы атанып, жастар ұранына айналды.

Тәуелсіздіктің басты тірегі – халықтар достығы екендігін жоғары бағалап келеміз. Біздің ауданда отызға жуық әртүрлі ұлт өкілдері қоян-қолтықтасып, бейбіт өмір сүруде. Осының нәтижесінде бірнеше ұлттық-мәдени орталықтары бір-бірімен ынтымақтаса жүйелі жұмыс істеуде. Басты байлығымыз – тыныштық пен татулық екендігін айта отырып, оны одан әрі бекемдей беруге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.



- Елін сүйген, елі сүйген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ауданымызға жұмыс сапарымен бірнеше рет келген көрінеді?

- Біздің ауданда ұлт мақтанышы, ҚР-ның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үш рет іс сапармен болғанын аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. 1988 жылғы жазда Қазақ КСР Министрлер Советінің Төрағасы ретінде Шу темір жол бекетін, сол кездегі басқа да әлеуметтік-экономикалық маңызы бар объектілерді іске қосуға көп көмегін тигізді. 1995 жылғы 5 қаңтарда электровоздар желісінің тұсауын кесті. 2005 жылғы 27 сәуірде Шу стансасынан Жеңіс поезын аттандырды. Шулықтармен емен-жарқын жүздесіп, Қазақстанның баянды болашағы жайлы әңгімеледі.



- Шу өңірін дарындылар өлкесі деп танимыз. Мәдениет пен әдебиет саласында абыройы асып, атақтары алысқа тарағандардан кімдерді атайсыз?

- Қыдыр дарып, бақ қонған Шу топырағынан ел бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар ғана емес, сөз бастаған шешендер мен ақиық ақын-жазушылар да көптеп шыққаны өздеріңізге белгілі. Бұл ретте бәрін бірдей тізбектей бермей, кеңес дәуіріндегі Жақсыбай Жантөбетов, Смайыл Қалипанов, Құрманқүл Кішібаев, Аяз Бетбаев сынды талантты ақындарымызды айтсақ та жеткілікті.

Қара сөздің маржанын теріп, оның қаймағын шығарған Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Болат Бодаубаев, Әбіғұл Ибрагимов, Мұрат Сыздықов секілді жазушыларымыз жайлы әңгіме өз алдына бір төбе.

Ұлттық өнердің мақтанышына айналған Ұялбай Нүсіпов классикалық қазақ музыкасының негізін қалаушылардың бірі. Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев театр өнерінің саңлағы. Сондай-ақ Әбдімомын Желдібаев, Марат Ілиясов, Серік Әденов сынды сазгерлеріміз бен Майра Нүркенова, Күлімхан Оңтаева, Жібек Есқараева сынды әншілеріміз өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген. Қали Қораласбаев, Алтыбай Орманов секілді мүсіншілер де көпке мәлім.



- Елдің еңсесін саңлақ спортшыларымыз да көтеріп келеді. Олардың қатарынан кімдерді үлгі етесіз?

- Біз шулық спортшыларымызбен де мақтана аламыз. Мәселен, Қазақстанның бір топ былғары қолғап шеберлері олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында еліміздің көк байрағын көкке желбіретіп, егемен еліміздің абыройын асқақтатып келеді. Осындай жетістіктерге Қазақстанның бокс жөніндегі әр жылдарда бас бапкері бола білген Серік Төлейбаев, Юрий Цхай, Дамир Буданбеков сынды шулықтар үлкен үлес қосты. Талғат Исабаев еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, Әлихан Каранеев бильярдтан әлем чемпионы атанды. Жақында Мәскеуде күрес түрлерінен өткен әлем біріншілігінде тағы да бір жерлесіміз – Нұрмахан Тінәлиев зор абыройға бөленді. Айта берсек, басқа да жұлдызы жанған спортшыларымыз бар.



- Аудан орталығы Төле би есімімен қашаннан бері аталады?

- Аудан тарихы туралы сөз қозғағанда оның орталығы жайлы да айтпай кетуге болмайды. Аудан жұртшылығының тілегіне орай, 1992 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен бұрынғы Новотроицк селосы Төле би ауылы болып өзгертілді.

Ал, 1993 жылы мамыр айында Төле би Әлібекұлының туғанына 330 жыл толуына байланысты оның еңселі ескерткіші орнатылды және Керегетас жайлауында мерейтой шаралары өтті. Сол мезетте Оңтүстік Қазақстан облысында да Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің мерейтойы жасалып, оған Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларының Президенттері қатысты. Осы Елбасылары біздің Шу ауданының ақ дастарханынан дәм татты. Бастауын тарихтың терең қойнауынан алатын, кезінде адамзат қоғамының дамуында орасан зор рөл атқарған Ұлы Жібек жолының бір тармағында жатқан Шу елінің мерейі осылайша биік болуы заңды құбылыс іспетті.

- Ауданның жер көлемі мен халқының саны қанша екенін айтып берсеңіз?

- Біздің аудан облысымыздың оңтүстік-шығысына орналасқан. Жер аумағы 12,0 мың шаршы шақырым. Облысымыздың Мойынқұм, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарымен және Қырғызстан Республикасымен шектеседі. Халқының саны 96,7 мың адам (2009). Оның қазақ – 69,12, орыс – 12,64, түрік – 5,05, әзірбайжан – 3,17, күрд – 2,88, үйғыр – 1,02 пайызын құрайды. Бұлардан басқа да көптеген ұлт өкілдері бар.

Аудан аумағында 36 елді мекен бар. Бұлар 1 қалалық округке, 18 ауылдық, селолық округке біріктірілген.

Тұрғындары тығыз орналасқан елді мекендер: Шу қаласы бойынша 37400, ауылдардан: Төле биде – 20,3 мың, Қонаевта – 5,3 мың, Бірлікте – 2,9 мың, Көктөбеде – 2,6 мың, Белбасарда - 2,5 мың, Балуан Шолақта – 1,7 мың адам тұрады. Осылайша жалғаса береді.



- Құрметті Қожахан Көкірекбайұлы, мерейтой қарсаңында аудан мен қала басшыларын атап шықсаңыз, өскелең ұрпақ оларды танып, біле жүреді деп ойлаймын.

-Тарихты жасайтын да, қоғамды дамытатын да – адам. Сондықтан, сексеннің биігіне көтерілген Шу ауданы мен елудің белесіне шыққан Шу қаласын дамытуға әр сала да өзіндік үлес қосқан азаматтардың атын атап, ризалығымызды білдіру – біздің перзенттік парызымыз. Тәуелсіздік жылдары өңірімізді өркендетуге зор үлес қосқан азаматтарға «Шу ауданының Құрметті азаматы», «Шу қаласының Құрметті азаматы» атағын беріп, ел құрметін көрсету сынды игі дәстүр өмірге келді. Осындай алғашқы құрметті атақтар Шу өңірінің экономикасын, ауылшаруашылығын, әдебиеті мен мәдениетін, әлеуметтік салаларын дамытуға лайықты үлес қосқан Түйебеков Жапар, Хасенов Сары, Адаменко Галина, Әлиев Ибрагим, Әжмағанбетов Әбу, Корягин Иван, Еркінбаев Ердешбай және тағы басқа азаматтарға берілді.



Сонымен бірге Шу өңіріне әр жылдары басшылық етіп, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан бірінші басшыларды мақтан етеміз. Олар – Қарманов Қаржас, Еділбаев Ізмұхамед, Құрамысов Сақыпкерей, Бакенов Батырбек, Абдрахманов Мырзағали, Тәжібаев Дәулетбай, Әбдірахманов Оңланбек, Журавлев Георгий, Сейсенғалиев Мәлік, Түйебеков Жапар, Мұсахан Зәуірбеков, Жүнісәлиев Әнуарбек, Әспетов Ахметбек, Торғаев Нұрғали, Бейсеев Халил, Кәрентаев Аманкелді, Уәлиев Құрманғали, Рысмендиев Болат, Қарашолақов Бағлан, Осипов Владимир, Ахметов Рахым, Жаңабаев Жамбыл, Тынбаев Бексұлтан, Әбдікерімов Амангелді, Носонов Олег, Қойшыбеков Аманбек, Сапожников Анатолий, Кононенко Николай, Сәрсенбеков Асқар, Афанасьев Александр, Қақпанбаев Натан, Аманжолов Қайсар, Нұрмағанбетов Нұрсұлтан, Алтаев Ермек, Мамедов Низами, Нұркенов Бақытжан, Тұрғынбаев Бақытжан. Сондай-ақ олармен қоян-қолтық еңбек еткен Досымбаев Әбжапар, Педора Анатолий, Асатов Уәш, Оспанов Аяған, Өскенбеков Орал, Кононенко Валентина және басқалардың да еңбегі зор.

- Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбатты жүргізген Ахметжан Қосақов.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет