«КЕНЕСАРЫНЫҢ БАС СҮЙЕГІ – ҚАЗАҚТЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ БАС СҮЙЕГІ»
– Сіздің шығармаларыңыздың бәрінде дерлік рухты іздеу, рухани азаттықты аңсау бар. Кенесарының басын іздеу де сол мақсаттан туды ма?
– Басында айтып кеттім, мұның бәрі жас кездегі аңсардан туған. Әлмисақтан бастап осы күні кешеге дейінгі аралықтағы қазақтың басынан кешкен тағдырын тарихи дерек негізінде жазып шыққым келді. Мысалы, «Дулығадағы» уақыт аясы біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы ҮІІІ ғасыр мен ХІІІ ғасырдың арасын қамтиды. Бейбарыстың өлімімен аяқталады. Одан кейін «Алтын Орда» мен қазақтың хандығы тұсындағы жеке тұлғалар Кенесарыға ұласып, 1916, 1932, 1937, 1951 жылғы арқылы қазақтың бүкіл рухани ұлттық санасының булығуы мен буырқанысын қамтуды ойластырғанмын. Жазылып та кетуі мүмкін еді. Бірақ... «Дулығадан» кейін қалам суығандай болды. Әуезов, Абай туралы өмірбаяндық шығармалар 1979 жылы жазылып қойған. Ал олар 1997 жылы ғана жарық көрді. Жиырма жылдай уақыт өткеннен кейін.
– Неге?
– Ондағы ұлт-азаттық, яғни, Алаш идеясы кедергі болды. 1916 жылғы қасіретті баяндайтын «Бейуақ» кітабі 1982 жылы жазылды. Жазалаушылардың: «қазақтарды жүздеп, мыңдап қылышпен қидалап келдім» – деп берген рапорттары қызыл империяның тірі кезінде қалайша кітап болып шығады? 1987 жылы М.Әуезов туралы әфсанадағы «Қарагөзге» байланысты қолданылған «Алаштың ала туы» деген сөз үшін «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулыда аталып өтуге тиісті «ұлтшылдықты қалыптастыруға негіз қалаған» І.Есенберлин, С.Сматаев, С.Санбаев, Б.Нұржекеевпен қатар «жас алашшыл Тұрсын Жұртбаев» боп тізімге жетінші боп іліндім. Олжастың жанталасып жүріп Кәмәлиденовті Орталық комитеттен кетіруіне байланысты, әйтеуір, сол қаулы қабылданбай қалды. Ал менің көркем шығармадан бас тартып, деретер арқылы ұлттық ойды оятуға тырысқаным шындық болатын.
Ал енді нақты сұрағыңа келсем, Кенесары туралы 300-ден артық деректерді үш рет – 1987 – 1989, 1991 – 1993, 1997 – 2001 жылдары столымы жайып қойып, жазуға отырдым. Жазылмады. Жаза алмадым. Былтыр ғана ойымды жүйеледім. Бірақ... неге екенін білмеймін, Кенесарыға келсем қаламым жүрмейді. Ал 2000 жылы Қайрат Сатыбалды құрған Кенесарының бас сүйегін ғылыми-іздестіру тобына жетекші ретіндеқатыстым. Ресей мұражайлары мен лабораторияларында 38 500-дей адамның бас сүйегі бар. Мен 33 мың бас сүйектің құжатымен таныстым. Алпыс төрт мекемені араладым. Нәтижеге жете алмадық. Ал қазіргі жағдай тіпті қиын. Өйткені, барлық құжаттар Путин келгеннен кейін құпия қорға қайтадан өткізілді. Тіпті бұрыннан орыс-казак тарихын зерттеп жүрген Л.Бекмаханованың өзі бұрын көшіріп алған деректерді қайта салыстыруға рұқсат ала алмады. Сондықтан да Ресейдегі бір кездегі ашық қорлар қазір жабылып қалды.
– «Кенесарының бас сүйегі Қазақстан территориясынан шықса, мен таң қалмаймын» депсіз бір сұхбатыңызда...
– Иә, Қазақстанның территориясынан немесе Қазақстанмен шекаралас Ресей облыстарының бірінен Кенесарының бас сүйегі табылса, мен таң қалмаймын. Өйткені, ол бас сүйектер 42-ші, 61-ші, 79-шы жылдары Кунсткамерадан жан-жаққа таратылған. Мысалы, Кейкінің басы Балтық жағалауындағы қоймада жатыр. Оны кім іздеп барып алып келеді? Түркіменбашының екі қызы мен ұлының және бәйбішесі мен тоқалының басы Ленинградтан, ал өзінің басы Ашхабаттағы музейден шыққан. Соғыс жылдары Самарқанға апарылған бассүйекті қаншыл түркімендер ғылыми зерттеу жүргіземіз деп алып кеткен. Сондықтан, Кенесарының басы да Алматыдан не Қостанайдан шықса, мен таң қалмаймын. Ондай жаңғырық, саңлаулы деректер бар.
– Сонымен... Кенесарының бас сүйегін іздеудегі негізгі мұратыңыз не?
– Ханның бас сүйегіне тек қана Кенесарының бас сүйегі деп қарайтын болсақ, онда оны іздестіріп те қажеті жоқ. Кенесарының бас сүйегі – қазақтың тәуелсіздігінің бас сүйегі. Империялар үшін жауының бас сүйегін кесіп алып, босағасына іліп қою сонау ертеден келе жатқан дәстүрлі қорлаудың бір түрі. Кенесарының бас сүйегінің әкетілуінде де сондай астарлы мағына бар. Тоқсаныншы жылдардың басында моллдовандар – Кантемирдің, грузиндер – князьдарының, түркімендер – түркіменбашының бассүйегін қайтарып алды. Тек Қажымұрат пен Кенесарының басы ғана қайтпай отыр. Біз барғанда Ресейдегі бір лобараторияның меңгерушісі: «Мынау қарақшылар мен көтерілісшілердің бас сүйектері» – деді астарлы күліп. Бассүйектердің біреуі бальзамдалған, екіншісі балауызға салынған, үшіншісі қураған бассүйек. Бірақ олардың құжаттарын көруге біздің хұқымыз жетпеді. Өйткені, оған Қауіпсіздік комитетінің барлау бөлімі, Ішкі істер министрлігінің барлау бөлімі және арнайы бөлімдердің өзара келісімдері мен хаттары керек болды. Ондай ілеспе құжаттар бізде болмады. Оны бізге ешкім бере де қоймайтын.
– Айтпақшы, өткен айда Сенат депутаты Өмірбек Байгелді депутаттық сауал жолдап, Кенесарының басын қайтарып алу мәселе көтерген еді. Естіген шығарсыз. Мұны биліктің, Парламенттің Кенесарының басын қайтарып алуға қамдана бастауы деп түсінуге бола ма?
– Мен өткен айда он бес күндей Түркияда ғылыми іссапарда болдым, сондықтан да одан хабарсызбын. Бірақ Өмірбек ағамыздың өзі Парламенттің Жоғарғы палатасының төрағасының орынбасары болып тұрған тұста сенаторлар мен депутаттар арқылы істі оңтайлы шешудің жолдары бар болды. Оны мен сол кездегі мәдениет министрі марқұм Алтынбек Сәрсенбаевқа қарата жазған 24 беттік мәліметімде атап көрсеткемін. Ал дәл қазір рұқсат алудың бір-ақ жолы бар. Ол – Путиннің рұқсаты. Онсыз құпия архивке жол ашылады деп мен ойламаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |