11.11.2015 ж. Қазақстан Республикасының
жарияланды Премьер-Министрі
К.Қ.Мәсімовке
Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қамжымқанұлы!
Сізге депутаттық сауал жолдауға - «Қазақстан» телерадио корпорациясы басшылығының Семей қаласындағы «Қазақстан-Семей» телеарнасын жабу туралы шешімі себеп болып отыр.
«Қазақстан-Семей» телеарнасы 1965 жылдан бері эфирге шығып, бүгінгі таңда 340 мыңнан астам тұрғыны бар Семей қаласы мен оған қарасты 40-қа жуық елді-мекендерге екі тілде ақпарат таратып отырған мемлекеттік арна. Онда 70 адам еңбек етеді, алатын еңбекақылары 40-100 мың теңге мөлшерінде. Телеарнаның өз қызметіне қажетті материалдық базасы бар. Ұжым мүшелері өз ісін жетік меңгерген кәсіби мамандар мен журналистер. Бұл телеарна 14 аймақтық телеарналардың арасында әлеуметтік жүйе арқылы ақпараттандырудан алғашқы үштікте, жылдық шығысы ең төмен телеарна.
«Қазақстан-Семей» телеарнасын жабу туралы шешім қабылдауға бір жылда оның қызметіне жұмсалатын – 90 млн. теңге бюджет қаражатын қысқарту себеп болған шығар. Бірақ республикалық бюджетте «Қазақстан» корпорациясын қаржыландыруға 2015 жылы 17 млрд. 239 млн. теңге бөлінсе, ал 2016 жылғы жобада 17 млрд. 518 млн. теңге қарастырылып отыр, яғни бюджеттен оны қаржыландыру қысқарған жоқ.
Еліміздің рухани-мәдени орталығы – киелі Семей қаласының тыныс-тіршілігінен хабар беретін, Шығыс Қазақстан облысының шалғайдағы аудан-ауылдарының жағдайын білетін, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын ақпараттық насихаттауды қамтамасыз етіп отырған «Қазақстан-Семей» телеарнасын қаражатты қысқарту керек деп жауып тастау дұрыс емес.
Семей қаласы аумағы бойынша Қазақстандағы қалалардың арасында 1 орында тұр. Ал қала тұрғындарының саны еліміздегі 9 облыс орталықтары тұрғындарының әр қайсысының санынан көп. Бұл өңірдің халқы мен жері қырық жыл бойы ядролық жарылыстардан зардап шеккен.
Осы айтылғандарды және Семей қаласының көптеген тұрғындары мен мекемелерінен келген хаттарды ескере отырып, Сізден «Қазақстан-Семей» телеарнасын жаппауды сұраймыз.
Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймыз.
Қосымша: парақта.
Құрметпен,
депутаттар, «Нұр Отан» партиясы
фракциясының мүшелері Н. Сабильянов
Г.Сейтмағанбетова
А.Смайыл
Б.Смағұл
Достарыңызбен бөлісу: |