Сонымен, 1951 жыл.Жиырма үшінші ақпан. Жазушылар жиналысы. Бұл жолы сөздің кезегі бірінші болып өмірінде бірінші рет Сәбит Мұқановтан бұрын Мұхтар Әуезовке берілді.
М.Әуезов жолдас (стенограмма бойынша аударылды): «Правда» газетінің осы жылғы 30-ақпандағы «Сынау орнына мадақтағандық» атты мақаласы Қазақстанның жазушылар қауымының талқылауына ұсынылып отыр, ал бұған оның бар жағынан алғанда да өмірлік, заңдық, саяси-идеялық негізі бар. Осы мақаладағы пайымдаулардың басты обьектісі ретінде, әрине, бұл талқылаудан мен де тыс қала алмаймын.
Сонымен қатар, жалпы мақала туралы өзімнің көзқарасымды анықтай отырып, ең алдымен мынаны мәлімдеймін: менің түсінігімше «Правданың» мақаласы – партияның, кеңес халқының бізге бағытталған үні. Және ескерту берген, обьективті сынаған, әділетті дауыс. Аталған мақаланы көп рет қайтара оқығандағы менің алған әсерім осындай.
«Правданың» бұл сөзін онда көтерілген мәселелердің, менің шығармашылығыма қаратыла айтылған сыни ескертпелердің шеңберінде ғана түсінуге тырысқамын жоқ, керісінше, кең ауқымда терең түсінуге ұмтылдым, өйткені осы мақала арқылы біздің қоғамдық пікірімізді қалыптастыратын мұндай беделді мінбенің бүкілодақтық көлемді деңгейде менің қайраткерлігіме назар аударғанына құрмет көрсетіп, лайықты бағалауға мен міндеттімін.
Мен шын асылды қадірлей білуге тиіспін және онда жанашыр-жақындықпен, батыл, негізді айтылған сөздердің ішінен өзімнің алдағы іс-әрекетіме пайдалы пікірлерді барынша іріктеп алуға міндеттімін, бұл сөздер – жетістіктерді сызып тастап, жазушының жеке басына үкім шығару үшін айтылмаған, қайта сол жазушының еңбегін барынша құнды, барынша пайдалы ету жолында кедергі келтіретін қателіктерден арылту үшін айтылған.
Мұның барлығы тұтастай алғанда қазақ кеңес әдебиетіне, оның идеялық тазалығына деген асқан қамқорлықты көрсетеді, соның ішінде маған – кеңес суреткеріне деген, кеңес жұртшылығының маған деген үлкен сенімін ақтасын деген қамқорлықты сезініп отырмын. Мұның барлығы: Ленин-Сталин партиясының маған, кеңес қазақ жазушысы ретіндегі тағы бір нақты қамқорлығы екенін түсінбесем, онда мен кеңес жазушысы деген атқа лайық болмаған болар едім.
Осындай алғышарттарды алғай отырып З.Кедринаның мен туралы кітабына мақалада көрсетілген мен туралы көзқарас тұрғысынан қараймын. Бұл кітап – менің де, қазақ кеңес әдебиетіне де пайдасын тигізу үшін жазылмаған, бұл – жазушыға және оның шығармашылығына кеңестік принципшіл бұқаралық сынның қазіргі талабы тұрғысынан жауап беретін кітап емес. Кітап жалаң мадақтауға құрылған, ол «Правданың» мақаласындағы: «М.Әуезов, өзге де кеңес жазушылары сияқты, оның жетістіктері мен кемшіліктерін көрсететін принципті әділ сынға зәру», – деп әділ айтқан негізгі талабына жауап бермейді.
Көзі тірі жазушы туралы газет, журналдағы кез-келген мақала, кез-келген оқулықтағы, жинақтағы, арнайы монографиялардағы, қыл аяғы диссертациялардағы пікірлерді оның жеке басы мен жеке шығармашылығының жылнамасына айналдыруға қақы жоқ, тірі авторға ескерткіш қоюға тырысуға да құқы жоқ. Зерттеп отырған авторын өмір сүріп жатқан замандастарынын, жазушылардың ортасынан бөліп алып, жеке тұғырға шығаруға ұмтылған Кедринаның ұмтылысы әбестік. Оның үстіне отбасылық, тамыр-таныстық, топтық пиғылдың мүддесін көздеп бір авторды екінші автордан жоғары қою – орынсыз дәріптеу, ұятты және зиянды талпыныс болып табылады.
З.Кедринаның кітабына байланысты менің кінәм – одан менің шығармашылығымды талдау барысында обьективті бағыт ұстанып, сыни тұрғыдан талдап, пайымды тұжырымдама жасауды қатаң талап етіп, ескерту жасамағандығым.
Бұл қолжазбаны 1950 жылдың басында оқып шыққаннан соң, мен оған: менің 1932 жылға дейінгі шығармашылығымды зерттеудің қажеті жоқ, егер қажет бола қалса, өткенімді сыни тұрғыдан қарастыр,– деген болатынмын.
Осы әңгімеден кейін қалғандарының барлығын Кедринаның өзіне сеніп тапсырдым. З.Кедрина – маған жауапты, байсалды сыншы боп көрінгендіктен де, оған сеніп қалуым да менің қателігім болып табылады, оның үстіне З.Кедринаның кітабін Москвадағы Кеңестік жазушылар одағының президиумының қолдауымен «Советский писатель» баспасының өзі жоспарға енгізген еді. Ол кітап Сталиндік сыйлықтың лауреаттары туралы басылымдардың қатарында 1949 жылы, яғни, мен сыйлық алған жылы жариялануға тиісті еді. Бұл сериямен шыққан кейбір кітаптар, мысалы Е.Мозольковтың «Якуб Коластың шығармашылығы», Брайнинаның «К.Фединнің шығармашылығы» туралы кітаптар бүгінде Сталиндік сыйлыққа ие болып отыр.
Маған белгілісі, З.Кедринаның кітабі қазақ әдебиетінің Москвадағы онкүндігінен кейін іле жазылып, соңғы уақытқа дейін ұсталып тұрғаны. Бұл кітаптың өзінің жеке редакторы бар, ал Москвадағы баспалармен менің ешқандай да байланысым, өзара ықпалым болған емес.
Мұнымен қоса, белгілі сыншы ретінде З.Кедрина туысқан республикалардың көптеген жазушыларының шығармашылығы жөнінде орталық баспасөзде пікір білдірді және қазір де ол аса кең таралған және беделді басылым «Литеретурная газетаның» туысқан республикалар әдебиеті бөлімін басқарады. Ол тек қана Әуезовтің шығармашылығы туралы емес, сонымен қатар Мұқановтың, Мұстафиннің, Мүсіреповтің, т.б. шығармашылығы жөнінде журналдық, газеттік мақалалар жазды. Менің шығармашылығым жөнінде, соның ішінде менің «Абай», «Абай жолы» романдарым туралы 1949 жылы осы «Правда» және 1951 жылы «Известия» газеттерінің беттерінде мақала жариялады.
Мұның барлығын айтып отырған себебім, жеткілікті дәрежеде дербес пікірі бар қуатты сыншы, сондықтан да өзінің мақалалары мен кітаптарына өзі жауап бере алады, бұған қоса айтарым, менің шығармашылығым туралы бұл зерттеуін декада кезінде мен жөнінде жазылған, жарияланған материалдардың, тыңдаған баяндамалары мен пікірлерінің, менімен ғана емес, Қазақстанның өзге де жазушыларымен жүргізген сұхбаттарындағы пікірлердің негізінде жазды.
Шындықты қалпына келтіру мақсатында келтіріп отырған бұл мағлұматтардың өзі бұл кітапты Кедрина менің қолпаштауыммен, арбауыммен, қитұрқылығыммен және менің топшылдық ұмтылысыммен жазбағанын анық көрсетеді, З.Кедринаның өзім туралы кітабын сынай отырып, оны жақтамай, керісінше, міней сөйлеуімнің себебі де, міне, сондықтан.
Мақалада көрсетілген менің шығармашылығым жөніндегі нақты ескертпелерге келетін болсақ, мен ең алдымен Абай туралы романдарға тоқталамын.
Мақаладағы: романда Абайдың және бұқара жұртшылықтың Кенесары Қасымовтың халыққа қарсы рекациялық қозғалысына көзқарасы екіұшты емес, нақты және анық көрсетілуі тиіс – деген пікір өте орынды. «Ақын аға» кітабында Кенесары мен Көкбайдың дастанын бағалауда кеткен идеялық-саяси қателіктерімді айтқанда, бұл мәселе жөніндегі өзімнің әдеби шығармашылығым мен зерттеулерімде ұзақ уақыт адасқанымды ескере келіп, оған жадағай мәлімдеме арқылы емес, шығармашылығыммен, нақтырақ айтсам, «Абай жолы» атты кітабымда, Абайдың Кенесарының өзін де және оның қанды жорықтарын жырлаған феодалдық реакционер ақын Көкбайды да қатты сынаған көзқарасы арқылы жауап беруге ұмтылдым. Абайдың Кенесарының монархиялық-реакциялық қозғалысына көзқарасын «Правданың» мақаласында көрсетілген талаптар тұрғысынан білдірдім және мұны Абайдың бала кезіндегі өткен оқиғаларының қатарында емес, кейінгі, ойшыл, қайраткер Абайдың ауызымен жеткіздім, онда тек Кенесары мен Наурызбайды сынап қана қоймайды, сонымен қатар орыс халқымен арадағы достықты терең толғаныспен, айнымас сеніммен айтады.
Романның осы тұсынының әділ сыналғанын мойындай отырып, мен бұл мәселе жөніндегі өз қайшылықтарымды «Абай жолы» романының соңғы кітабында ескеретін боламын.
«Правданың» мақаласында көрсетілген романдағы тағы бір кемшілікті ескерсек, ол – өткенді дәріптейтін тұстарға қатысты. Осы мәселе жөнінде романның бірінші кітабына айтылған сыншылардың дауысына құлақ түре келіп, кезінде «Абай» романының екінші кітабіна – ауылдағы таптық тартысты күшейте көрсететін бірнеше көріністер қостым. Оны кезінде біздің сыншылар да, Шаяхметов жолдас та өзінің сөзінде атап өтті.
Дәл қазір, ХІХ ғасырда өмір сүрген біраз ақындардың шығармашылығының халыққа қарсы, реакциялық мәні ашылған соң, «Абай» романының бірінші кітабінің соңғы басылымы тұсында өзіміздің «Мемлекеттік көркем әдебиет» баспасының басшыларымен ақылдаса отырып, бұрын өзім дәріптеген Дулат, Шортанбай сияқты халық ақындарына байланысты түбірлі өзгерістер енгіздім.
«Абай жолының» соңғы өңделген нұсқасында Абай Кенесарының қарақшылық қозғалысының маңызына мүлдем жағымсыз баға беретінін жоғарыда айтып өттім. Алайда тек мұнымен ғана, сегіз баспа табақ көлеміндегі өңдеумен шектеліп қалғамын жоқ, сонымен қатар жұртшылықтың абайтану жөніндегі талқыда айтылған сындары мен пікірлеріне орай да өзгерістер енгізілді.
Абай мектебі жөніндегі өзімнің қателіктеріммен қоса біздің оқулықтарда жіберілген қателіктерді сезіне отырып, романда бейнеленген Абайдың айналасындағы образдарды суреттеулеріме қатаң шығармашылық сын көзімен қайта қарадым; Абайдың ықпалы үшін күрескен, мақсаттары қарама-қарсы, өзара идеялық түрғыдан жау екі топтың: біріншісі – өткеннің дәріптеушілері Шұбар, Көкбай сияқты панисламшыл-реакционерлер тобының, екінішісі – Абай арқылы Россиямен жақындасуды барынша жақтайтын Әбіш, Дәрмен, тағы да басқа жастар тобының тартысын суреттедім.
Әр тілде жарияланып, жылы қабылданып, соншалықты жоғары бағаға ие болған «Абай» туралы романымнан біздің әділ, сыншыл, принципшіл жанашыр оқырмандарымыз бұдан да басқа менің қателіктерімді табуы мүмкін екенін мен өте жақсы білемін. Міне, «Абай» романының бірінші кітабінің жарық көргеніне де он жыл өтті. Біздің өміріміздің кейбір құбылыстарына қаншама жаңалық енді, біздің көркем шығармашылық өнімдерімізге байланысты халықтың идеологиялық саяси, мәдени-тарихи талаптарына орай қаншама маңызды, құндылықтарды өмірлік тарихи тұрғыдан қайта бағалайтын өзгерістер жасалды десеңші? Сондықтан да біздің жұртшылығымыз өзінің сыни ескертпелерін, пікірлері мен тілектерін әлі де айта бермек. Осы принципті әділ сындардың ішінен менің романдарыма байланысты құнды да, сенімді де шынайы ойларды іріктеп ала отырып мен өзімнің кітаптарымның келесі басылымын өңдеу кезінде пайдаланамын. Сонымен қатар бұл тілектер мен талапты орындауды өзіме міндет ретінде ала отырып, оны социалистік реализм өнерінің міндеттерін лениндік, сталиндік ұстанымға сай қоғамдық көріністерді ең сенімді даму қозғалысын суреттейтін жаңа кітаптарыма жаңа ой ретінде енгіземін.
Мен сонымен қатар қатал да әділ, принципті, жолдастық сотқа тек қана сөзбен және уәдемен емес, іспен жауап беретінімді ашық мәлімдеймін, мен мұны осы уақытқа дейін шама-шарқымша теориялық тұрғыдан жүзеге асырып та келдім.
Мен өз шығармаларымның көзі тірі авторы ретінде өмірдің, заманның, тарихтың тірі дауысына құлақ аспау мүмкін емес, ол дауыс маған көмек ретінде үн қататынын білемін және сенемін. Маған қаратылған сыни ескертпелерде жақсыны жақсы деп танитынын, ал кемшілігімді көрсеткенде менің бойымдағы сол жақсылықты мейірімге айналдырып, бұрынғыдан да құнды кеңес беретін кеңес халқы бұған өзінің адамгершілік жетістігі ретінде қарайтынын білемін және соған сенемін. Егер де мен өмірдің дауысын, барлық жазушыларға ұлы шабыт беруші Сталин жолдас басқарған партияның дауысын тыңдамасам, онда мен ең сорлы өзімшіл топас, дарынсыз көбік, қыңыр, қазақ кеңес әдебиетінің күншіл күйігі, ең соңында тынысы біткен бақытсыз жазушының өзі болған болар едім.
Иә, мен тек қана өткенді суреттейтін романдарымда ғана емес, сонымен қатар бүгінгі тақырыпқа қатысты маған қойылып отырған талаптарға творчестволық тұрғыдан жауап беруге ұмтыламын.
Бұл орайдан алғанда партияның ХІХ съезінің шешімдерінен туындайтын және Қазақстан КП орталық комитетінің театр репертуары туралы желтоқсандағы шешіміне жауап ретінде мен қазір «Алуа» атты – кеңестік қазақ әйелі, райкомның хатшысы, социалстік еңбек ері, ғылым кандидаты, тарих ғылымындағы буржуазиялық ұлтшылдықты әшкерелеген кеңестік қазақ әйелі туралы пьесамды жазып бітірдім. Мен бұл тақырыппен бір жарым жыл бойы жұмыс істедім, бұл пьесаны бітіргеннен кейін де өзімнің алдыма қойған басты мақсатым – партия жетекшісінің образын сомдау. Өткен жылдардағы менің жіберген қателіктерімді көрсеткен сынға жауап ретіндегі менің бұл мақсатымның жүзеге асуына көпшіліктің көмегіне зәрумін. Менің аса үлкен идеялық ойымның абыроймен жүзеге асуына көмектесулеріңізді өтінемін. Біздің қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күнгі тақырыпты игерудегі жетістікке жету жолындағы күрделі мәселені жүзеге асыруға септесулеріңізді тілеймін.
Менің қазақ және орыс тілінде жарияланған мақалаларым мен зерттеулерімдегі буржуазиялық ұлтшылдықты дәріптеген қателерім «Правданың» мақаласында орынды аталып өткен. Олардың саны мақалада көрсетілгеннен де көп. Олардың біразына 1951 жылғы Кенесары Қасымовтың қозғалысына байланысты «Правданың» мақаласын талқылау тұсында тоқталып, өзімнің өткендегі және кейінгі жылдардағы қателіктерімді мойындаған болатынмын. Қазақ ССР ғылым академиясы коллективінің мәжілісінде, жазушылар одағы мен Тіл және әдебиет институтының жиналысында, сонымен қатар, Алматы қаласы интеллигенттерінің жалпы қалалық жиналысында сөйлеген сөздерімде өзімнің әдебиеттану саласындағы өрескел қателерімді мойындаған болатынмын. Осы жиналыстардағы және біздің республикалық баспасөздердегі әділ сындарды ести отырып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің VІІІ пленумындағы Шаяхметов жолдастың баяндамасында және республика партия ұйымының V және VІ съезінде менің өрескел идеялық саяси қателерімнің көрсетілгені есімде және оны білемін.
Ғылыми зерттеу саласындағы қателерімді қайта қарау барысында мен қазір Абай туралы монография жазу үстіндемін. Мен онда өзімнің және басқа да зерттеушілердің абайтанудағы жіберген идеялық саяси қателерін түзеуге тырыстым. Қазақ ертегілері туралы зерттеуімді кеңес фольклористикасының талаптарына сай маркстік-лениндік түсініктің негізінде қайта жазып шықтым.
Қазақ эпостары, лиро-эпостары, тарихи жырлар туралы өзімнің бұрынғы және кейінгі кездегі қателіктерімді де білемін және есімде. Осы аталған еңбектердің әрқайсысындағы жіберілген қателіктерге дәл қазір тиянақты түрде талдауға мүмкіндігім болмағандықтан да, сол кемшіліктердің барлығына ортақ және ең бастысына ғана тоқталамын. Оның басты себебі, мен әдебиеттануға нағыз ғылыми тұрғыдан үлкен біліммен емес, әсіресе, әдебиеттану саласында маркстік-лениндік тұрғыдан дайындықсыз келдім. Отыз жылдан бергі өмірімнің әр тұсында әрқандай мақалалар, сөздер, зерттеулер жаздым. Дәл қазір анық түсінгенім – 1938 жылға дейінгі буржуазиялық ұлтшыл идеялық ұстанымым мен кейінгі мұндай өрескел көзқарастан идеялық, творчестволық тұрғыдан жырақтап кеткен кезімде де, бәрі бір мен ұзақ уақыт бойы марксизм-ленинизм философиясына сүйенген шынайы ең сенімді әдебиеттану ілімін бойыма сіңіре алмадым. Сондықтан да біздің кеңестік вуздардың оқулықтары мен ғылыми зерттеу мекемелеріндегі бағдарламаларын идеялық-методологиялық қате тұжырымын кеңестік ғылымының жетістігі ретінде бағалап келдім. 1932 жылдан кейінгі өзімнің кейбір қателіктерімді бұрынғы және қазіргі қазақ әдебиеттанушыларының барлығына ортақ қате деп есептеймін. Бұл орайдан алғанда мен кейбір әдебиеттанушылардың, «Правда» газетінде жалған ғалым деп дұрыс баға берген, өзінің және оның достарының қателіктері кездейсоқ қате деп сендірген (ол қателіктері бір емес, екі емес, жиырма рет қайталанса да), ал сол мәселе жөнінде, сондай мазмұнда тура өздерінің пікірі сияқты Әуезовтің қателігі – қасақана қателік, яғни Алаш Орданың идеясы дегісі келген Жұмалиев сияқтылардың пікірлерін мойындамаймын және жоққа шығарамын.
Мен бұл өзін өзі ақтауға ұмтылған жалған ғалымдардың – топшылдардың, өздерінің қателіктерін өзінен өзі түсінікті мәселе деп жортақтатып, біреудің қатесін ауырлатып, бір мәселе жөнінде айтылған біртектес пікірлердің иесінің бір тобын ақтап, екіншісін қаралайтын мұндай топшылдарды бұрын да әшкерелеп келгенмін, қазірде әшкерелеймін. Олардың ойынша қарапайым адамдар үшін бір бөлек, таңдаулылар үшін бір бөлек қате бар сияқты. Партияның сын және өзара сын туралы міндеттері мен жалпыға ортақ идеясына осы қылық та сай келе ме? Бұл топшылдардың осындай сорақы өзгертімдері партияның ұранын мазақтау емес пе? Иә, бұл жекелеген сорлы, өзімшіл адамдардың өз кемшілігін жасыруға ұмтылғандығы, жекелеген жазушылардың өрескел қателігі. Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Шаяхметов жолдастың ауызымен Жұмалиев пен Мұқановтың және менің де буржуазиялық ұлтшыл қателігімді көрсеткен партияға рахмет.
Менің қателіктеріме қоса және менімен бірге Мұқановтың қателіктерін күн тәртібінде талқылауға себеп болған – «Правдаға» рахмет. Сондай-ақ, Жаймурзин жолдастың баяндамасынан бастап Әбішев жолдастың және де басқа да жолдастардың біздің қателіктерімізді тең дәрежеде көрсетуіне мүмкіндік берген осы мәжіліске де рахмет.
Жалпы алғанда өзімнің ғылыми зерттеу жұмыстарым туралы айта келіп, таяу жылдардағы творчестволық міндеттерімді іріктеп, саралай келіп, мынандай шешім жасағанымды айтып өткім келеді: бір мезгілде аса ауқымды көркем шығармашылық жұмыспен қатар ауыр еңбекті қажет ететін әдебиеттану саласындағы ғылыми жұмысты қатар алып жүру өте қиын, мүмкін де емес және осы уақытқа дейін оларды қатар алып жүруге тырысқаным құр әурешілдік сияқты.
Ғылым бәйбіше-тоқалдықты көтермейтін кірпияз сала десек, көркем әдебиет одан да өткен қызғаншақ кәсіп.
Мен қазір жиырма бес, отыз жаста емеспін. Қызмет істей алатын он-он бес жыл ғана уақыт бар, ендеше өзім үшін ең қолайлы, ең сенімді (әрине, ғылым саласындағы педагогикалық қызметімді сақтай отырып), тек кәсіптік тұрғыдан барынша дайындығым күшті, күнделікті шығармашылық тәжірибем қалыптасқан көркем шығармашылықпен айналыссам деймін.
Сонымен қатар ғылым мен әдебиеттанудағы менің сыншыларымның да көп екенін ұмытпауларыңызды өтінемін. Өйткені, әдебиет тарихы ғылымының кейбір мәселелері, өткенге қатысты кейбір тақырыптарды мен өзімнің ұзақ жылдар айналысқан жазушылық қызметімнен кейінгі, көркем шығармаларымнан кейінгі екінші, кейде үшінші мәселе ретінде қарастырдым. Менің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қобыланды» пьесаларыммен және «Правда» осы мақаласында жоғары бағалап, объективті түрде баға берген он екі жыл бойы жазып келе жатқан «Абай жолы» романын еске алыңыздаршы. Фольклорлық тарихи тақырыптарға жазған барлық шығармаларымда идеялық көркемдік тұрғыдан дұрыс баяндауда ғалым-зерттеуші ретінде емес, жазушы ретінде табыстарға жеттім. Тақырыпты көркем тұрғыдан игеру барысында мен маркстік диалектиканы творчестволық тұрғыдан терең меңгере алдым.
Ең бастысы мен қазір бүгінгі күнгі біздің өміріміздің өткір шындығын бейнелейтін пайымды да, көлемді көркем шығарманы дүниеге әкелемін деген сеніммен үмітті өмір сүріп келемін. Өзіме-өзім: алып та жығатын, шалып та жығатын шабытты өмірімнің ең жасампаз кезеңіне қадам басқандай сезінемін.
Сондықтан да мен сіздерге: менің алға басқан қадамымыды өткен дәуірде жазған «Абай» романымен өлшемеңіздер, мені сол романдарда жеткен жетістігім мен шыққан биігіммен ғана өлшемеңіздер. Біздің әділ де, талапшыл принципті сынымыз сол кітаптардағы кемшілігімді жоюға көмектессін, маған және біздің мұқым қазақ әдебиетіне көмектесе отырып, менің алдағы уақыттағы ең басты мақсатыма – біздің кеңестік адамдар туралы – коммунизм құрылысшылары туралы біздің кеңестік бұқараның өміріне сай, партияның талабына сай жақсы жазуыма, шын мәніндегі үлкен полотно тудыруыма қол үшін берсін.
Сөзімнің осы бөлімін аяқтай келе, Одақтың төралқасынан менің осы мәлімдемемді республикалық баспасөзде жариялауға көмектесуін өтінемін.
Жолдастар, жазушылар одағындағы жікшілдік және оған менің қатысым туралы мәселе де талқыға ұсынылып отыр. Өткен жолғы үзіліп қалған жиналыста Жароков жолдас менің тобым-мыс делінетіндердің қатарында қазір саяси қылмыстары әшкереленіп отырған Сүлейменов пен Мұхамедханов бар-мыс деп дәлелдеуге тырысты. Бәрінен бұрын айтарым, біріншіден, мен дәлелсымақтың шындығы мен қисынына тоқталайын. Мен Жазушылар одағының ішіндегі жазушылардан топ құрғаным шын болса, онда өз тобыма мүше етіп жазушыларды емес, неге сырт адамдарды тартамын? Сүлейменовтің де, Мұхамедхановтың да жазушы емес екені бәріңізге белгілі емес пе. Ендеше жазушылық шығармашылыққа қатысы жоқ, жазушылардың ортасымен байланысы жоқ адамдардан құралған жазушылар одағындағы қайдағы топ? Алайда бұл адамдарды менің тобымның, немесе мені олардың қылмыстық, дұшпандық тобының мүшелерінің қатарына қосып жүр. Әр нәрсені атымен атасақ, онда кейбір адамдар жер бетіндегі барлық күнәні маған үйіп-төгіп, мені тура осылай көрсетуге дайын тұр!
Мен мұндай ауыр айыптаудан түбегейлі бас тартамын, бас тартып қана қоймаймын, мені бұлай тұздықтауын ызамен айыптаймын.
Сүлейменовтен бастайын. Осы жерде отырғандардың көпшілігі оны кезінде көзіміз көріп, құлағымыз естіген әрекеті арқылы қандай деңгейде білсе, мен де оны сондай дәрежеде ғана білемін. Оның ішкі пиғылы қандай еді, халық жауының элементі ретінде не ойлап, не бүлдірді? Оның бұл жағы сіздерге қандай белгісіз болса, маған да сондай көмескі. Әрине, ол қашан тұтқындалғанша мен оның жаулығын аңғарғамын жоқ. Онымен қосылып ешқандай жұмыс жасағамын жоқ, ешқандай шығармашылық ой бөліскемін жоқ, сондай-ақ менің шәкіртім де емес, мен – филологпын, ол – тарихшы.
Сондай-ақ Мұхамедханов туралы да айта кетейін. Абайтану жөніндегі талқылаудың нәтижесінде анықталған, менің баяғыдан бергі қалыптасқан Абай мектебі туралы қате көзқарасымды негізге алған оның жұмысын қолдағаным рас, бұл менің қателігім. Оның сол кезде Абайдың отанынан жинақталған, маған бұрын белгісіз жаңа материалдардың негізінде жүргізген зерттеу жұмысын тұтастай алғанда қолдау арқылы тағы да бір жас кеңес ғалымының өсуіне көмектестім деп ойладым. Ал Исмаиыловтың диссертациясының қорғалуына менің ешқандай да қатысым жоқ. Алайда анықтама, бұл тұрғыдан алғанда ерекше анықтама бере кетейін, профессор – филолог дәрежесі бар адам болғандықтан да, ондай мамандардың тапшылығына байланысты, мен көптеген диссертациялардың қорғалуына қатыстым, егер ол адамдардың барлығын менің шәкіртімнің немесе жақтасымның қатарына қосса, онда докторлық немесе кандидаттық дәреже алғандардың өзі 24-25 адамға жетеді, солардың ішінде әшкереленген, жау адамдардың саны екеу, оның біреуі – қырғыз Саманчин, екіншісі – қазақ Мұхамедханов. Әрине, бұл екеуінің де болмағаны дұрыс еді. Олардың кім екенін алдын-ала білсем, оларды көпшіліктен көрі көбірек білсем, олардың ортасында көбірек болған болсам, онда біздің қоғамға жаулықпен қарайтын, қылмысты адамдарға сөзсіз қолдау көрсетпеген болар едім.
Осы себепке байланысты, Сүлейменов пен Мұхамедхановқа қатысты, менің олармен әшкерелік байланысым жөнінде сөзімді қорытындылай келе, айтарым мынау: анық көрініп тұрған нәрсеге көзді жұмып қарау – анықты танық деу болса, менің атымды мұндай оңбаған қылмыстық типтермен байланыстырып, мені де ағаш атқа теріс мінгізу де сондай ақылсыздыққа жатады.
Намыс пен абырой туралы, менің жеке басымның абырой-намысы туралы болмаса да, жеке тұлғаның, тым құрығанда еңбекші қазақ халқының социалистік кеңестік мәдениетінің қандай да бір жетістікке жетуіне септігі тиген жауапты қазақ кеңес жазушысының абырой-намысы туралы да ойлаған дұрыс.
(Иә, бұл оның ең соңғы жан айқайы еді)
Топшылдық мәселесі жөнінде тағы да мынаны айта кетейін: маған Қазақстан жазушыларынан басқа жақын орта, олардан жақын адам, олардан артық тығыз араласқан дос менде жоқ. Олардың арасында менен жасы үлкендер де, 20 жылдан астам уақыт бойы таныс жазушылар да бар, мысалы, Қалмақан, Жақан, Сапарғали, Асқар, Ғали, Әбділдә, Тайыр, мен сендерден сұрап тұрмын, айтыңдаршы, Мұқанов жолдасқа қарсы топ құру үшін мен сендерді қандай бір кезде болмасын, үгіттедім бе, жолдарыңнан тайдырдым ба? Біздің қатарымызда жас жағынан алғанда кіші: Жұмағали, Әлжаппар, Әбу, Дихан, Дмитрии Снегин, Леонид Макеев, Хамит, Мұқан, Сейтжан, Жұбан және көп, көп жазушылар да бар, қане сендер де айтыңдаршы, Мүқановқа қарсы күресуге сендерді қайрап салдым ба, тіпті, бір ауыз сөзбен емеуірін таныттым ба? Жоқ! Ондай оқиға болған емес! Соған қарамастан жікшілдік болды, бұл жөнінде бүгін осында сөйлеген жолдастар дұрыс айтты. Біздің осы қырғи қабақ қарым-қатынасымыз, жікшілдігіміз біздің оқырман қауымының да «тілін емізіп» жүр. Егерде бұл туралы «Правданың» өзі жазып отырса, онда шынымен де асқынып кеткен екен.
Ал топқа бөліну үнемі шығармаларды талқылау барысында басталады, ондай топшылдық менің де, Мұқановтың да басында бар. Өзінің шығармашылығын қызғыштай қоритын мұндай табиғи ұмтылыстың соңы дертке айналды. Өзіңнің ішіңдегі пиғылдан азат болмай, таза сана, нәзік сезім, жарқын ойлы шығарма тудыра алмайсың. Ал бұл пиғыл сөзсіз сені өзімшілдікке, қызғанышқа, тағы да басқа ішмерездікке алып келеді.
Алайда, осындай көріністермен қатар, біздің арамызда өзімізге аса қажетті обективті, талапшыл, нақты, шынайы жазушылық сынның да бар екенін айта кету керек. Соңғы пікірге орай менің айтарым мынау, әрине, тырнақшаның ішінде, иә, мен топ құрып келдім, тобымды көбейте беремін, алдағы уақытта да ол топты нығайта беремін, менің бұл тобым – нашар шығармаларды аяусыз сынайтын болады, өкінішке орай, Мұқановтың ішінара шығармалары сондай болып шығатыны бар.
Менің ойымша, біздің бұл арадағы кезекті әдеби күлдібадамдар туралы пікірлеріміз, бағалауларымыз бір жерден шықты ғой деп ойлаймын.
Әрине, мұндай жағдайда мен өзімнің пікірімді барлық жазушыларға бірдей ашық білдіре бермеймін, ең алдымен өзім жақсы араласатын, өмірдегі дос адамдармен көзбе көз отырып пікір бөлісемін. Ал мұның барлығын мен сынап отырған автор: өзіне деген менің дұшпандық ұстанымым деп, сол авторға деген, тіпті кеңес құрылымына деген жаулығым деп, ол аздай алашордашылдың дұшпандық қастандығы деп баяндайды.
Ал осы авторды біреу сынай қалса, егерде оның өзіне жақын дос-жар адамы болмаса, онда бұл адамдарды мен әдейі қайрап салды, оны қасақана ұйымдастырған мен деп тон пішеді, көп жылдан бері орын алып келе жатқан, тым асқынып кеткен мұндай әшкерелі шеңберден, тұңғиық тұйықтан қалай шығарымды білмедім.
Бұл мәселені талқылап, шешіп берулеріңізді өтінемін, бұл дертті – қауымдық негізі әрі тәуелсіз, әрі таза, әрі қуатты, әрі намысты нық екенін сеніммен айта алатын біздің ұйымымыз бірлесіп емдесін.
Ал жолдас Мұқановқа қарата мынадай ұсыныс жасаймын: біздің жалпы жұртшылығымыз жаппай әділетті сынап отырған мына масқара қылықты екеуміз де доғарайық, мен сізді біздің ұлы Отанымздың игілігі үшін шабытты шығармашылықтың жарқын жолындағы творчестволық еркін жарысқа шақырамын!» (сонда, № 78 – іс, 32-45 беттер).
Бұдан артық ащынғаннан шыққан ыстық жас бола қоймас, сірә! Түсінік берудің өзі артық. Бұған Сәбит Мұқанов былай деп жауап берді:
«Нұртазиннің кітабі жарық көрген соң жауапты бір қызметкер менен: «Нұртазин Сіздің туысыңыз емес пе?, – деп сұрады. Оның менімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ екенін ашық мәлімдеймін. Неге екенін білмеймін, соңғы жылдары Мұстафин екеуміздің арамыз ашылып кетті. Оған дейін ол менің ең жақын досым болды. Мен оған өте көп көмектестім. Оның романында көптеген кемшіліктер бар. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» – деген. Мен Мұстафин жолдасты, сол арқылы мұқым Жазушылар одағын қатты соққыдан құтқарып қалдым деп есептеймін.
Себебі ол, алашордашылар мен олардың пікірлеріне кең жол ашып қойды. Мен оны ұлтшылдықты дәріптейді деп айтып отырғамын жоқ. Мысалы ол: «Өнеркәсіп ауыл шаруашылығын жұтып қояды» – дейді. Мұстафинді партиялас жолдасым және қаламдас досым деп есептеймін. Ұзақ жылдар дос болдым, жазушы ретінде өсуіне көмектестім. Сондықтан да оның романында бұғып жатқан қателікті арылттым. Ал қазір онымен Әуезов жолдас жәмпейлесіп жүр. Романның жақсылығын айта отырып, оның кемшіліктерін де көрсетейік. Шындығында да, осының барлығын қойып, ол жазушы маған дос па, жоқ, дұшпан ба, оған қарамастан оның жақсылығын ашық, кемшілігін бетіне айтайық (Әуезов: Дұрыс!).
Әрі қарай. Ұзақ уақыт бойы Тәжібаев жолдас өзінің «Біз қазақпыз» дастаны үшін өте қатты сыналып жүрді. Тура сол кезде Әуезов жолдастың «Литературная газетада» мақаласы жарияланып, онда осы пьесаны мақтады.
Мен Сіздің ұсынысыңызды қабылдаймын және бізді сыйлайтын осы аудиторияның алдында: топшылдықты доғарып, өзімнің шығармашылығымды дұрыс жолға қоямын, – деп мәлімдеймін.
Президиумның осы мәжілісінің алдында бұл мәселе жабық партия жиналысында талқыланды. Онда бұдан да қатаң және әділетті пікірлер айтылды, менің шығармаларымдағы жекелеген кемшіліктер қатты сыналды. Жекелеген адамдар мұны пайдаланып Мұқановтан есе қайырғысы келіп жүр. Мен – кеңес адамымын, мен партиядағы адаммын, сондықтан да «Правданың» мақаласына жауап бертін шығарма жазатын күш-қуатты бойымнан табамын – деп ойлаймын».
МЕНІҢ ҚАТЕЛЕРІМ ЖАЙЫНДА
Биылғы февральдің 23-індегі Алматыдағы жазушылардың жиналысында, «Правданың» 30-ыншы январьдағы «Сынау орнына мадақтау» деген мақаласын талқылағанда менің ауызша айтқан мәлімдемем барды. Қазір сондағы сөзімді толықтыра, дамыта отырып, өзімнің жазушылық, зерттеушілік жұмыстарым да болатын кейбір идеялық-саясаттық қателерімді баспа жүзінде батыл сынамақпын.
«Правданың» мақаласын, барлық жазушы жұртшылығымен бірге, мен де партия мен совет халқының обьективтік сыншылдықты, әділ талапты танытқан үні деп білемін. Ол мақала Қазақ совет әдебиетінің идея жағынан таза боп, сапалы боп өсуін ойлаған Ленин-Сталин партиясының қамқорлығын көрсетті. Қазақтың жас совет әдебиетін лениндік-сталиндік ғылымға жат салт-санадан, бағыттардан сақтауға тырысады.
Осымен қатар сол мақаланы менің өзіме де көмек етуді мақсат еткен, мендей қазақ, совет жазушысына да қамқорлық ойлаған деп бағалаймын. Мен сияқты совет қайраткері, халықпен, Ленин-Сталин партиясының сенімі мен құрметін, өз еңбегімен және әлеуметтік мінезімен дұрыстап ақтай білсін дегенді аңғартады.
Негізді, салмақты сөзбен менің қателерімді өзіме танытқысы келген партиялық әділ сыннан еңбектерімде мен сабақ ала білуге міндеттімін. Ол сын, менің еңбегімді халық үшін пайдалырақ, бағалырақ ету талабымен айтылған, идеялық-саясаттық әралуан олқылық пен қателіқтен сол еңбектің сау болуын ойлаған сын деп түсінемін.
Біздің тіршіліктің бар саласына және бар майдандағы адамдарға бет-ажарына қарамай айтылатын сын мен өзара сын бар. Оны халқымыздың, Отанымыздың ұлы оқытушысы және тәрбиешісі Ленин – Сталин партиясы қайратты даналықпен қолданады. Менің өзіме бұдан бұрын да пайдалы, бағалы әсері болған сондайлық сынды мен аса зор бағалаймын. Өзімнің жазушы болып қалыптануымда, совет қайраткері болуымда Коммунистік партия мен Советтік Отанның тәрбиелік әсерін жақсы ықпалын көре отырып өскенмін. Сол үшін өзімді оларға моральдық, өмірлік қарыздармын деп санаймын.
Осы жайларды қабылдаумен қатар «Правданың» мақаласында көрсетілген менің шығармамдағы сыналған нақтылы фактыларды ұғыну жөнімде, сол мақалада көрсетілген жайларға қосымша фактыларды да айтпақпын. Жұртшылықтың әділ талабы менен күткеніне орай өзімді салт-сана майданының жауапты қайраткері деп біле отырып жауап бермекпін. Бұл жайды совет жазушысы есебіндегі қарызым деп білемін. Әсіресе жазушылардың сөзіне, бұрын ешбір тарихтарда болмаған қалыпта, партия мен халықтың берген салмағы мен мәнін, беделі мен қуатын, бейілі мен құрметін есте тұтамын.
Кейбір шірік, орасан, зиянды жайларды сынап серпіп тастаумен қатар менің атыммен байланысты кейбір әдебиет фактыларын оқушыларға айрықша ескерте атаймын. Бұлар – идеялық қателігі бар шығармалар болғандықтан ең нашар шығарма, көркемдігі жоқ шығарма деп санаймын. Ал ғылымдық еңбектерімнің сондайларын идеялық құнсыз, залалды, шығармалар деймін.
Өткендегі осындайлық қателерімді мансұқ етуім арқылы оқушылар алдындағы өз жауаптылығымды ендігі еңбектерімде тереңдеп түсінбекпін. Соииалистік қоғамның көмегі мен керегіне жарап келген бұрынғы еңбектеріме қосымша жаңа шығармалар туғызуға барлық ой қуатымды, өнерім мен қайратымды түгел жұмсауға талпынамын. Сонымен Отан алдындағы совет жазушысы деген атқа сай зор қарызымды ақтамақпын.
Осы аталған жайлардан соң З.Кедринаның «Правда» мақаласында сыналған менің жайымдағы кітабына оралайын. Бұл еңбекті мен өзімнің де, қазақ совет әдебиетінің де пайдамызға арналып жазылған кітап деп танымаймын. Жазушы мен оның шығармасына және негізгі қоғамдық сынға, біздің заман қойып отырған талаптарға бірде-бір жауап бере алатын кітап бұл емес.
Кітап толған мадақтау мен әсірелей мақтаулар. «Правданың» мақаласы өте әділ түрде атап отырған сол кітаптың ең негізгі міндеті болған жайға да жауаптар жоқ. «Правда» мақаласында: «М.Әуезов өзге басқа барлық совет жазушылары тәрізді мадақтау мен қошеметті күтпейді, ол өзінің табысы мен жетіспегендігін айтатын негізгі әділ сынды тосады» делінген.
З.Кедринаның өзі зертттеген жазушыны оның замандастарынан өзге жазушылар тобынан даралап бөліп, аспандатуы сорақылық. Әсіресе бір жазушыны өзге жазушылардан асыра мақтау жолында көңілдестік, семьяшылдықты қолдану, әсіресе татымсыз айыпты, залалды мінез.
З.Кедрина кітабы жөніндегі менің айыбым өзімнің творчеством жөніндегі оның сөздеріне, қорытындыларына, тенденцияларына әділ сыншылық, қатал талап ретінен қарай алмадым.
«Правданың» мақаласында менің Абай жөніндегі романдарымның да кемшіліктері аталғандықтан сол кітаптарға әсер еткен өзімнің тарихтық түсініктерімдегі бір қателік комплексті арнап атап өтпекпін. Бұл жай бірінші Кенесары Қасымов қозғалысына байланысты мәселеде. Екінші Абай мектебі дейтін мәселеде және үшінші осы аталағандарға жалғас патриархалдық-феодалдық салт-сананың кейбір адамдарын дәріптеу мәселесінде айқын байқалған еді. Осы бір топ мәселелердің ішінде өзі көбірек таратылып жазылған тақырып болғандықтан «Абай мектебі» деген мәселенің романға өткен ауыртпалық дертті әсері әсіресе көбірек болды.
Абайдың ақындық мектебі бар деген өзімнің көптен келе жатқан кейін анықталған аса теріс бір түсініктерім бойынша мен «Абай» романына жалғастыра «Ақын аға» деген кітап жаздым. Осы кітапта романның жағымды адамының бірі етіп Абайдың жақын досы етіп, оның озғын ойларын тұтынушы етіп, Көкбай деген реакцияшыл кертарпа ақынды бейнеледім. Ал Көкбай қазақтың еңбекші халқының қасдұспаны болған Кенесары Қасымов жайында мадақтап поэма жазған ақын еді.
1951 жылы «Правданың» «Қазақстан тарихы мәселелерін марксшілдік-лениншілдік тұрғыдан сынау» деген мақаласы Кенесары қозғалысының қазақ еңбекші халқына жау мазмұнын әшкереледі. Оны мадақтаушы буржуазиялық-ұлтшыл тарихшыларды таңбалады. Осының артынан Қазақстан Ғылым академиясы мен Жазушылар Одағы бірігіп «Абайды тану» жөнінде дискуссия ұйымдастырды да, сол дискуссияға қортынды жасады. Осы саналған жайлардың барлығы «Ақын аға» романындағы менің қателік, залалды түсініктерімді түгелімен қайта қарап түзеуіме себеп боллы.
«Абай мектебі» жөніидегі өз қателерімді тереңдеп ұғыну нәтижесінде ғана мен романымды қайтадан көп өзгертіп жаздым. 1951 жыллы «Знамя» журналында «Абай жолы» деп жаңадан ат қойып, жаңадан түзеп жазып шыққан сол романыма сегіз баспа табақтай түзетулер кіргіздім. Осы соңғы кітапта Абайдың Кенесары қозғалысына да және ол жайында поэма жазушы Көкбайға да қатты сынын айтқыздым. Абай Көкбай мен Кенесарыны Жирене сынаған уақытында әсіресе олардың Россияға жаулығын әшкерелейді. Өзінің қараңғылық қорлықта жүрген елінің бар үміті, бақытты болашағы тек Россиямен достық арқасында ғана туатынын ойлап отырып жаңағыларды айыптайды.
«Ақын аға» романында жаңағы аталғандай өрескел қателіктер болғандықтан мен сол кітабымды ұлы ақынның қасиетіне сай шығарма деп танымаймын. Ол кітапты солайша мансұқ етіп, оның орнына оқушы жұртшылыққа Абайды тану жөнінде жіберген қателерім турасындағы партиялық сынды ескеріп отырып жазған «Абай жолы» атты романды ұсынамын. Осы айтылғанға байланысты сол «Абай мектебі» дейтұғын мәселенің жөніндегі өз қателерімнің тамырын ашу қажет деп білемін. Бұл мәселе 1933 жылдан бері қарай Абайды тану жөнінде менің сыңаржақ сипаттап келе жатқан бір қателігім боп келді.
Абайдың өмірбаяны мен бұрын жарияланбаған шығармаларын Абай өлгеннен кейін көптен соң жыйнауға кірісіп жүргенімде мен талай Көкбай сияқты кісілердің ауызша әңгімелері мен естегілерін сынамай қабылдай беріппін. Өз уақытында олар айтқан жайларды қатал сынап, өздігіммен дұрыс байлау жасай алмаппын. Көкбайдың өзін Абайдың шәкіртімін деп айтқанына сенумен бірге, сол Көкбаймен және соған ұқсаған Абай замандастарының шығармаларындағы, салт-санасындағы халыққа қарсы реакциялық, жат жайларды түгел аңдамаппын.
Сол Көкбай алуандас кейбір адамдар жөніндегі менің теріс түсінігім 1939 жылы мен жариялаған Абайдың өмірбаянына да араласты. Және «Правданың» 30 январьдағы мақаласында дұрыс көрсетілгендей осы жай Абай шығармаларын орысшаға аударып бастыруда орын алып және кейбір жалған «шәкірттерді» менің орынсыз бағалауыма әкеп соқты. Осы жай және де сондай тақырыптарға жазылған кейбір жұмыстарға менің берген баға-рецензияларымда да орын алды.
Абайдың өмірі мен еңбегін сипаттаған менің романдарымның ішінде Қазақстандағы әдебиет тану ғылымында кең орын алған сорақы теория бірыңғай ағымның да әсер еткені болды. Сондың салдарынан «Абай» романының алғашқы тарауында кертартпа ақын Бұхар, Шортанбайлар орынсыз аталады. Бұл жөндегі менің қатем әсіресе кертартпа ақын Дулатты мадақтау жөнінде аса тереңдей түсті. Ешкімнің өмірбаянына сүйенбей менің өз жанымнан жазылған халықтық санасы бар жағымды ақын бейнесін жасап едім, сол өз, хиялыммен жасаған жағымды бейнеге мен Дулаттың атын бердім. Бұл тұста оқу құралдарында, жеке баспаларда орынсыз мадақталып жүрген жалған халық ақыны делінген Дулаттың атына мен орынсыз құрмет көрсетіппін.
Соның салдарынан әдебиет зерттеушісі есебінде мен қабылдаған буржуазиялық объективтік бірыңғай ағым жүйесі осы тұста «Абай» романының да бір тарауына теріс әсер етті.
Ал Абай жайындағы менің романдарым он екі жыл бойында менің ой-санамның бар күшін салып тудырған белгілі дәуірде өмірлік тақырыбым есепті шығармалар еді. «Правданың» мақаласында бұл жайдан ескертілгеніндей ол романдарда мен өзімнің бұрынғы көзқарастарымның бәрін де өте терең салмақты түрде қайта сынап жазып ем. Қазақ халқының тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан түсінуге өзімнің жаңа идеялық-саясаттық ең қадірлі, барынша асыл ойларымды танытуда осы еңбектерге ерекше зер салған едім.
Осылайша ұғылған советтік оқушылар, осылайша бағалаған «Абай» романы өзінің бар мүддесі мен барлық негізгі идеясы және күрделі сюжеттік тартысымен түгел дүниесімен жаңалықтың ескілікпен алысуына арналған-ды.
Және сол алыс, тартыс жиырма-отыз жыл бойына созыла отырғанда тарихтың жағынан дәлелденуде, баяндалуда диалектикалық процесті сталиндік түсінік бойынша көрсеткен деп түсінемін. Нақтылап айтқанда бұл жай жаңалықты біртіндеп өсіп, күшейіп бара жатқан Абай бейнесін де көрсетсе, ескілікті әуелде тұғырында мықты отырғанмен тозуға, жоғалуға, жойылуға үкімі шығарылған Құнанбай бейнесінде, Абайдың әкесі бейнесінде суреттелген. Осындай тарихтық елеулі екі адамды біріне бірін қарсы қойып алу кездейсоқ еместі. Бұл «Абай» романы мен кейінгі романдардың да идеялық көркемдік мазмұнындағы ең соқталы арқаудың, бар үлкен арқалықтың өзі болатын.
Осы аталған өзімнің негізгі еңбектерімде Құнанбайдың және оның салт-сана жөніндегі туыстары болған арғы-бергі дәуірдің құнанбайшықтарын әшкереледім. Сонымен тек патриархалдық-фиодалдық салт-санаға өкім шығармай панисламизм, пантуркизм және сол шақта туып келе жатқан реакцияшыл буржуазиялық-ұлтшылдыққа да әшкерелеп үкім айтуға тырыстым. Ал «Абай» романында Абай бейнесінде, «Абай жолы» романында оның жас серіктері – Әбіш, Дәрмендер бейнесінде қазақ пен орыс халқының достық идеясын танытуға тырыстым. Еңбекші қазақ халқына жарық дүние тек қана орыс мәдениетіне қол арту арқылы ғана болатынын айттым. Ескілікті дәріптеуші консервативтік реакцияшыл санашылдардың барлық топтарын айыптап көрсетуге тырыстым.
Осы аталған еңбектерімде және өзімнің де ұлтшылдық қалыптағы қателерім мен кемшіліктерімді айыптадым да сол өткен заманды дәріптеген өзімнің бұрынғы бірнеше пьесаларым, әңгімелерім, повестерімді де сынап өттім. Осы себепті әсіресе ең салмақты және менің идеялық-саясаттық дұрыс көзқарасымды ең толық, ең айқын көрсететін шығармаларыма әдебиетшілдік-зерттеушілік қателерімнің әсер еткен («Ақын аға» романы сияқты және «Абай» романының кейбір беттері сияқты) ерекше күйінемін.
Өзімнің Абай жөніндегі еңбектеріммен байланысты бір топ мәселелерді сынап өту нәтижесінде өзімнің ендігі қарызым деп білетінім Абай жайындағы шығармаларымды ерекше зер салып, негізгі түрде қадағалап қайта қарап өтуім керек және қажет тұстарымда қайта түзеп жазуым шарт. Бұл жөндегі міндеттерімді романдардың қайта басылу қарсаңында орындамақпын. Және де Абай жөніндегі романдарымның соңғы кітабы «Абай жолы» романының екінші кітабын идеялық көркемдік жағынан мінсіз толық етіп аяқтауым шарт.
Бұл жөнде сын ретінде Кенесары мен Абайдан бұрынғы дәуір ақындарын көрсетудегі талаптардан басқа абайдың өзінің төңірегінде болған Көкбай, Шұбар тағы басқалар сияқты адамдардың бейнесін сипаттауды да қатты зер салып, қайта қарап өтпекпін. Бұрынғыдан да әшкерелей түсіп, олар жайынан қатал үкім шығарып, Абайдың жасырын жаулары етіп суреттеуім шарт. Абайдың тірісінде оған жасырын жау боп, ал ол өлген соң ұлы ақын жолының жауы боп және еңбекші қазақ халқының жауы боп шыққан феодалшыл-байшыл, буржуазиялық-ұлтшылдардың жаулық әрекеттерін аша көрсетуім шарт.
«Правданың» мақаласында менің қазақша, орысша жазған мақала, зерттеулерімде буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателіктер барлығы айтылған. Бұлардың саны ол мақалалада көрсетілгеннен гөрі көбірек. Солардың кейбіреулері туралы «Правданың», «Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан зерттеу үшін» деген мақаласын 1951 жылы талкылау тұсында мен өзімнің ілгергі, соңғы қателерім деп атап өткемді. Әдебиет танудағы өз қателерімді мойындап, Қазақстан Ғылым академиясының жиналысында жазушылар Одағының жиналысында, Тіл Әдебиет Институтында және де Алматының интеллигенциясының қалалық жалпы жиналысында сөйлегемін. Сол жиналыстарда және республикалық баспасөз жүзінде менің қателеріме арналған әділ сындар айтылғаны есімде. Және Қазақстан партия Орталық Комитетінің ҮІІІ пленумында, онан соң Ү-ҮІ партия сьезінде жасалған Шаяхметов жолдастың баяндамаларында менің идеялық-саясаттық өрескел қателерім туралы әділ сын айтылғаны және де есімде.
Бұл жолғы сөзде жеке зерттеулерімдегі қателіктерді нақтылап теріп айтуға мүмкіншілік болмағандықтан, сол бір топ жұмыстарымда түгел байқалатын бір жалпы негізгі жайлы айрықша атап өтпекпін. Ол айтпағым: әдебиет тану ғылымына мен маркстік-лениндік методология жағынан толық құралданбай келіп араластым. Шамасы отыз жылдан артық уақыт бойында өте көп мақала, пікірлер, зерттеулерді өз өмірімнің әркезінде жаза жүргемін. Кейбір жайлардан бұрын баспа жүзінде бірінші рет ең алғаш мәселе көтеріп жазғандарым да бар. Қазір айқын байқағаным бойынша 1932 жылға дейін менде болған буржуаздық-ұлтшылдық идеялардан кейін мен творчеством идеям жөнінде кіналап бастартсам да бірақ бертінде де көп уақытқа шейін совет ғылымының сара жолын айқын меңгере алмадым. Совет ғылымының табысы екен деп 1948-1950 жылларға дейін советтік жоғары оқу орындарының әдебиеттік бөлімдерінде оқу программасы, оқу кітабы, оқу құралы боп келген, өздерінің қателігі, идеялық-методологиялық терістігі мол шығармаларды санап жүрдім. Осылардың ішінде жалған ғылымдық, космополиттік Веселовский жүйесі, Н.Я.Маррдың жалған ғылымы және буржуаздық-абъективтік бірыңғай ағым жүйесі де болды. Осы соңғы жүйе 1938 жылға дейін Қазақстанда ерекше орын алған реакциялық-буржуаздық бір жүйенің орнына 1939 жылы келді. Жаңағы аталған 1938 жылға шейін дәуірлеген теріс жүйе бойынша қазақтағы барлық ауызша әдебиет ескерткіштері «билер дәуірінің әдебиеті» деп аталды.
Осы жүйеге қарсы 1939 жылдан бастап, барлық ауызша әдебиет үлгілерін түгелімен халықтікі дейтін жүйе орын тепті. «Батырлар» атты жинақ 1939 жылы осындай бағытпен шықты. Осы тұрғыдан орта мектептердің оқу құралдары және ағарту орындарының әдебиет програмдары методикалық хаттары жазылып, басылып тарап жатты. 1940 жылы «Дала жырлары» деген қазақ антологиясына эпос бөліміне арнаған кіріспе сөзді мен де осы тұрғыдан жаздым.
Осы алуандас 1930-1940 жылдардағы өзім жазған мақала, кіріс сөз, рецензияларды еске алу ретінде қазақ әдебиет тарихының бірінші томы деген еңбек жөнінде өз жауаптылығымды айрықша сынға аламын. 1948 жылы Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің 1947 жылы «Қазақстан академиясының Тіл Әдебиет Институты жұмысындағы өрескел саяси қателер жөнінде» деген қаулысынан соң осы кітап шыққан еді. Бірақ өзінің соңғы қалпында да бұл көп кісі бірігіп жазған еңбектің бірнеше тараулары бөлімдері өрескел қателігі бар құнсыз боп шықты. Сол томның авторының бірі және редакторы болғандықтан маған бұрынғы көп қателіктерді қайта қарап, толығынан түзеп жазуға мүмкіншілік берілген еді. Бірақ мен өзімнің бұрынғы мақалаларымдағы және өзге көп авторлардың оқу құралдарында жоғары оқу орындарының программаларында, зерттеулерінде кіріспе сөздерінде жеке очерктермен монографияларында болған қателіктерді маркстік-лениндік методология жолымен зерттеп шығу жағын қамтамасыз ете алмадым. Томның зерттемек материалдары арасынан сол кездегі оқу құралдарында, жинақтарда көп тарап жүрген «Орақ, Мамай, Шора» сияқтыларды кіргізбей шығарып тастағаным болса да бар жайды барарына барғыза алмадым. Өзімнің зерттеуімде бірыңғай ағым жүйесін бұзып, «Қозы Көрпештің» кей вариантын және «Қыз Жібекті» онан соң бір топ ертегілер түрін тыңнан сынап тексергеніммен бұл істегендерім жеткіліксіз болды. Және «Қорқыт» жайын тексеруде оны дұрыс бағалап, терістік жасадым. Ал бұл ескерткіш кейін 1951 жылы реакцияшыл шығарма боп сыналды. Қатал сынап талдау әдісін және реакцияшыл феодалдық мазмұндарды әшкерелеп ашу негізін «Қарасай, Қази, Алпамыс» сияқты эпостарға және «Қобыландының» Марабай жырлаған феодалдық вариантына қолдана алмадым. Сол әдісті әсіресе өрескел залалды феодалдық-монорхиялық тарихтық жырларға, нақтылап айтқанда қазақ еңбекші халқының қас дұспаны Кенесары мен Наурызбайға солар жайындағы жырларға таратып сынау болмады.
Осылардың орнына бірінші томда бұрынғы оқу құралдарында, жоғары мектеп програмдарында, монографияларда жүрген хан феодал фольклорына берілген жағымды бағалалар молайтылып, бұрынғы қалпынша айтылып отырды.
Қазақ әдебиет тану ғылымындағы салт-саналық қателіктерді сынау маркстік-лениндік тұрғыдан дәлелдеп сынау 1951 жылы «Правдадағы», «Қазақстан тарихының мәселелерін марксшілдік-лениншілдік тұрғыдан зерттеу үшін» деген мақала шыққан соң әсіресе мол өріс алды. Біздің фольклор жөніндегі XIX ғасыр әдебиеті мен Абайды тану жөніндегі қателерімізді анықтау жыл санап, менің де ғылымдық түсініктермен міндеттерімді дұрыстап ұғынуыма себеп болды. Бірақ сол бағыттағы түзетулерді өз лекцияларыма кіргізе жүргенмен, партияның қаулыларына орай боларлық кесек ғылымдық еңбек жазып үлгіре алмадым.
Өзімнің фольклор мен тарихтық тақырыпқа жазушы есебінде және ғылым қызметкері есебінде баруларымды салыстыра келсем қателіктің көбі ғылымдықзерттеу жұмыстарында болғанда, идеялық-тарихтық жағынан дұрысырақ мазмұндарды ашып таныту жазушылық көркемдік шығармаларымда толығырақ, дұрысырақ шыққанын аңғарамын. Бұның себебі салыстыра қарағанда жазушылық еңбекте марксистік диалектиканы дұрысырақ меңгеріп, бұл алуандас еңбекке көбірек маманданғаным, көбірек әзірлігім, дайындығым болғанын себеп қой деп білемін. Осы айтылғанға мысал ретінде өзім жазған «Айман-Шолпан», «Қобланды», «Бекет», «Түнгі сарын», «Еңлік-Кебектің» соңғы варианты және Абай жөніндегі романдарды атауға болады. 1930 жылдарға шейін мен жазған «Хан Кене» сияқты өзім айыптаған пьесаларға жаңағы аталған 1930-1940 жылдар ішінде жазылған шығармалар ұқсамайды. Бұларда феодальдық санаға қарсы халықтық сана немесе таптық, тарихтық озғын ойлар өткен заман оқиғаларын көрсетудегі негізгі бағыт, мақсат болып отырады.
Осы сөзімнін соңғы кезінде тағы бір қажет деп тоқтай кететін мәселем – «Правда» мақаласында көрсетілген негізсіз жікшілдік, семьяшылдық жөнінде, бұндайлық анық татымсыз жиренішті фактының ең ауыр ашшы жағы осындай құнсыз, болымсыз әлекке түсу біздің өзімізге жазушыларға бәрінен залалды. Жікшілдік кей кездерде нашар қулықтар туғызады. Соның жетегімен әділетсіздік қиянат, қызғаныш және талай өзге былғаныш аралас келеді. Анығында кісі өз еңбегін қуанышты жарқын жақсы көңілмен істей алмай, іштей ойымен, сөзімен де нашар пиғылдан сау болу шарт.
Сол залалды мінездер әсіресе біздің әдебиеттің өсуіне бөгет болады. Бұндай дертті жағдайда көп нәрселер өзінің лайықты бағасын ала алмайды. Және бәрінен бетері көп сорақы, жат, жаулық жайлар терең тамырына шейін ашылмай жүреді. Семьялық, жалған достық қарым-қатынастарды бүркене отырып, сондай жаманшылықтар жазушылардың сау ортасына шірік қылықтар таратуға тырысып көп жабысып келді.
Бұл мәселедеде өзімнің жауаптылығымды терең сезіну нәтижесінде мен жазушыларды осындай масқаралық күйлерден арылуға бекінгеніме сендіремін. Жұртшылықтың бізді сынаған әділ талабына ден қойып, ендігі еңбекті ұлы Отанымыздың игілігіне арнап, шабытты жарқын жолда творчестволық еркін жарыс жасауға арнайық деймін.
МҰХТАР ӘУЕЗОВ
Февраль, 1953
Достарыңызбен бөлісу: |