Сөз тіркесінің түрлері. Есімді тіркес
Сөз тіркесі деп толық мағыналы екі я бірнеше сөздің бір-біріне тұлғалық әрі мағыналық жағынан бағына байланысуын атаймыз.
Сөз тіркесі құрамына қарай екіге жіктеледі: 1) жай сөз тіркесі; 2) күрделі сөз тіркесі.
Жай сөз тіркесінің құрамы екі сөзден ғана құралады. Мысалы, орманды өлке, әдепті оқушы, асыққан жолаушы, екеуі кездесті, түсі қара, таулы өңір, тастақ жер, көпірден өту, әңгімелескен адам, т.б.
Күрделі сөз тіркесі үш немесе одан да көп сөзден құралады. Мысалы, әдепті оқушының мінезі, орманды өлкені аралау, асыққан жолаушыға жол көрсету, кездейсоқ кездескен екі достың әңгімесі, қара түсті ат мінген жолаушы, гүлге оранған өлке, тасыр-тұсыр шапқан ат, т.б.
Тұрақты сөз тіркесі – екі немесе одан да көп сөздің бастапқы мағынасы ескерілмей, бір ұғым ретінде қолданылып, бір сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы.
М. Балақаев сөз тіркестерін есімді, етістікті етіп екіге бөліп, оның әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін олардың басыңқы компоненті мен бағыныңқы компонентінің қандай сөз таптарынан болатындығын және ондай кездегі тіркесу қабілетін дұрыс қорытындылайды.
Сол сияқты автор еңбегінде сөз тіркестерінің байланысу формалары мен амалдарын және олардың синтаксистік қатынастарын сөз етеді. Сөз тіркестерін байланысу формаларына қарай қабысу, қиысу, меңгеру және матасу деп төртке бөліп қарастырады.
Осы күнге дейінгі және осы кездегі көптеген түркі тіліндегі еңбектерде байланысу формаларын дәл орыс тіл біліміндегідей үшке бөліп берушілік басым болып келеді. Әрине, мұндай жағдайда әрбір тілдің өзіндік ерекшелігіне қарау керектігі айқын. Осы тұрғыдан алғанда профессор М. Балақаев басқа тілдерге қарағанда қазақ тілінде төрт түріне матасу деген байланысу формаларын енгізеді. Мұндай бөлудің өзіндік белгілері мен ерекшеліктеріне сай дұрыс алынуы практикада айқын байқалып жүр. Сөз тіркестерін сөйлемнен ажырату – жалпы тіл білімінде негізгі мәселелердің бірі. Алдымен сөз тіркесі дегеніміздің өзін ашып, оның не екенін түсінуіміз керек. Бұл жердегі негізгі мәселе мынада:
Сөз тіркесіне синтаксистік топ құрайтын барлық сөздердің тіркесін жатқызамыз ба, әлде предикативті қатынасты да жатқызамыз ба?
Осы негізде кейбір ғалымдар, мысалы: Фортунатов, Пешковский т.б. толық мағынасы бар грамматикалық тіркестердің барлық түрін сөз тіркесіне жатқызамыз дейді. Фортунатовтың пікірі бойынша, сөйлем, дегеніміз сөз тіркесінің бір түрі (разновидность), көрінісі. Бұлардың пікірінше, сөйлем мен сөз тіркесінің ешбір айырмашылығы болмайды.
Керісінше, кейбір ғалымдар Буслаев, Потебня, Шахматов т.б. сөз тіркесін жоққа шығарады. Олардың пікірі бойынша, негізгі етіліп сөйлемнің теориясы және сөйлемнің мүшелері алынады. Сөйтіп сөз тіркесі туралы мәселе тек түркі тілдерінде ғана емес, басқа тілдерде де түрліше қаралды.
Достарыңызбен бөлісу: |